ерті, Теңрі йір булғақын үчүн йағ болды. Бір йылқа біш йолы сүңүшдіміз. Ең ілк
Тоғу балықда сүңүшдіміз (КТү., 45) // Тоғыз оғыз халқы өз халқым еді, Тәңрі оғыз
халқы өз халқым еді, Тәңрі жер былғанымен жау болды. Бір жылда бес жол
соғыстық, ең ілкі Тоғуз қаласында соғыстық.
Үзіндіде түркілердің бауырлас тоғыз оғыз халқына қарсы ең ілкі Тоғыз
қаласында болған соғысы жайлы айтылған. Мұнда ілкі сөзінің өзі уақыт жағынан
байырғы, көне, ерте заманғы деген «шақ», «уақыт» ұғымдарын білдіреді. Уақыт,
шақ кезеңдері аталып қана қойған жоқ, ол «уақыт мөлшері» ұғымы аясында
сипатталып тұр. Яғни ілкі сөзі Тоғуз қаласының ерте кезеңде салынған қала
екенін «уақыт мөлшері» арқылы аңғартады. Ал ең ілкі тіркесіндегі ең күшейткіш
үстеуі ілкі сөзіндегі «уақыт мөлшері» ұғымын одан сайын асырмалап, өзге ескі
қалалардың бәрінен де ерте бой көтергенін білдіреді. Сол сияқты кечүрү (өте),
қатығды (қатты), нең (ең) сөздері де өзі тіркескен сөздердегі мөлшерлік
ұғымдарды одан сайын асырмалап көрсетеді.
Ескерткіштерде мөлшер семантикасы мөлшер үстеулердің белгілі шаманың
орнына ауысып келуі арқылы да беріледі: анча // осынша (КТк., 2; КТү., 21), анча
// сонша (КТк., 5; КТү., 27, 51; ЫБ, 1, 20, 22, 24, 29, 36, 47, 50; Тон., 2, 12, 14, 20,
37; ХТ, 9/2), бунча // көптеген (Тар., 14), бунча // мұнша (КТү., 14, 53; БҚ, 2, ХІ;
МЧ, 39), бунча // сонша (КТк., 4; КТү., 10, 30; БҚ, ХА/12), бунча // соншама (КТү.,
4), ынча // сонша (ХТ, 10/4) т.б.
Мөлшер үстеу деп танылып жүрген мұнша, сонша, осынша сияқты бір топ
сөздердің үстеулік қызметінен гөрі, есімдік қызметінің басым екені туралы
мақала көлемінде арнайы сөз еткенбіз [182]. Біз бұл сөздер тобын есімдіктердің
жаңа түрі – мөлшер есімдіктер деп тану керектігін ұсынғанбыз. Әлі де осы
тұжырымымызды табанды қуаттаймыз. Бұл туралы түркі тіліндегі үстеу
сөздердің даму тарихын арнайы қарастырған Е.Саурықов былай дейді: «Жалпы
сөздің қалыптасу формасына келетін болсақ, есімдіктен, оның ішінде сілтеу
есімдіктері мен -ча, -че (-ша, -ше) бір түбір сөз ретінде көнеленіп, семантикалық
мағынасын өзгерткен. ...Сөздің түпкі бөлшегі бунча сөзі бу+н+ча, ал анча сөзінің
құрамы ан+ча болып қалыптасқан» [183, 150 б.]. Демек, сөздің түбірі сілтеу
есімдігі екені анық. Ал -ча, че аффиксі сілтеген шамаға екінші бір шаманы ұқсату
қызметінде жұмсалған. Мөлшер үстеулердің түпнегізі есімдік екенін ғұлама
ғалым А.Байтұрсынұлы да «Тіл-құрал» кітабында айтады: «Сонша әдемі, мұнша
кешікті, онша шапшаң емес дейміз. Сонша, мұнша, онша деген сөздер қанша?
деп сұрағанға жауап болады (қанша әдемі? – сонша әдемі, кешікті қанша? –
мұнша, шапшаң емес қанша?– онша). Бұлар – үстеу орнындағы есімдіктер» [138,
119 б.]. «Есімдік орнындағы үстеу» деген жоқ, «үстеу орнындағы есімдік» деп
береді. Ғалымның осы сөйлемінің мағынасына тереңірек зер салсақ, «үстеу
семантикасы бар немесе мәтін ішінде, кейде, үстеулік қызметте жұмсалатын,
бірақ үстеу болып кетпеген есімдік сөз» дегенді түсінер едік. Бұл үстеу
табындағы аталған сөздер тобын мөлшер есімдік деп тануға негіз барлығын
түсіндіреді.
Десе де бұл – өз алдына бөлек тақырып. Біз жұмыста қалыптасқан үрдісті
сақтай отырып, бұл сөздерді мөлшер үстеу деп береміз. Мөлшер үстеулер
ескерткіштерде көптеп кездеседі. Бұл сөздердің барлығы да тыңдаушы (адресат)
мен сөйлеушіге (адресант) ойша түсінікті белгілі шаманың орнына тілдік
61
жеңілдік үшін ауысып қолданылады да, «мөлшер» ұғымын білдіреді. Мысалы:
Ілін / йана біртіміз, ілгерү Қадырқан йышығ аша, будунығ анча қонтурдымыз,
анча ітдіміз. Қурығару Кенү тарманқа тегі түрк будунғ анча қонтурдымыз,
анча ітдіміз (КТү., 21) // Елін қайта бердік, ілгері Қадырқан қойнауынан аса
халықты осынша қондырдық, осынша еттік. Кері Кенү тарманға дейін түркі
халқын осынша қондырдық, осынша еттік.
Үзіндідегі Қадырхан қойнауы мен Кенү тармағына қондырылған түркі
халықтарының көптігі және олардың сонда тіптен өсіп-өніп, көбейгені
айтылады. Мұнда халықтың нақты саны айтылмайды, тек белгісіз мәні, көп
болып өсіп-өнгені ұғынылады. Бірақ қандай да бір нақты сандық мәні бар екені
даусыз. Осы мөлшерлік шама орнына күрделі синтаксистік тұтастықтың соңғы
компоненттерінде анча сөзі ауысып қолданылып тұр. Жоғарыда келтірілген
анча сөзінің дивергендік варианттарының бәрі де осы мағынада жұмсалады.
Ғ.Айдаров ескерткіштердегі мөлшер үстеулерді аударма жасағанда, бір
нұсқаның өзін қазіргі қазақ тілінде бірнеше нұсқада береді (аударады). Айталық:
анча // мұнша, осынша, сонша; бунча // көптеген, мұнша, сонша, соншама; ынча
// сонша. Бұлардың аудармасында кейде дәлдіктің жетіспегені байқалса, кейде
контекске қарай олардың орын талғайтынын ғалым аңғара білгені аңғарылады.
Алайда бұл мөлшер үстеулердің семантикалық қызметін, мәнмәтіндік орнын
ескерткіштегі тілдік материалдар негізінде нақты ажырату қиынға түседі. Десе
де олардың қолданысында нақты айырмашылығы, синтагмалық ерекшелігі бар
екені сөзсіз. Ал қазақ тілінде түрлі дыбыстық нұсқалар (варианттар) арқылы
берілетін бұл мөлшер үстеулердің мәнмәтіндік семантикасы «Мөлшер
есімдіктер» атты мақаламызда нақты анықталған [182].
Кейде мөлшер үстеулер мен есім, етіс сөздері тіркесіп келу арқылы да
белгілі іс-әрекет пен қимылдың, заттық шаманың мөлшері беріледі.
Ескерткіштерде мынадай тіркестер кездеседі: анча өглеміс (Тон., 20) // сонша
кеңесті; анча етүнтүм (Тон., 12) // сонша өтіндім;анча қазғанып (КТү., 27) //
сонша үлкейтіп; анча тірмен (Тон., 37) // сонша дедім; бунча ағыр (БҚ, 2) //
мұнша мықты; бунча будун (БҚ, ХА/12; КТү., 4) // сонша халық; буңсыз анча
(КТк., 5) // сонша шексіз т.б. Бұл тіркестердегі анча, бунча сөздері бірде қимыл-
әрекеттің күшейтпелі мөлшер мағынасын білдірсе, енді бірде зат есімдердің
сандық, сындық мағыналарына мөлшерлік мән үстейді.
Тіркес құрамында келген мөлшер үстеулердің семантикалық қызметінде
күшейткіштік мән басымдау келеді. Яғни зат пен іс-әрекеттің қандай да бір
мөлшерінің орнына ауысып жұмсалумен қатар, өзі тіркескен сөзге белгілі
дәрежеде мән үстейді. Нәтижесінде нақты мөлшерлік мағына абстракциялана,
жалпылана бастайды. Мұндай абстрактілі мағына өте, тым, көп, ауыр деген
күшейтпелі мағынаға сәйкес келеді. Тіркестегі анча, бунча сөздерінде сілтеу,
нұсқау мағынасы бар. Ол контексте нақты немесе абстрактілі мөлшерлік шаманы
нұсқау қызметін атқарады. Мысалы:
1) Бунча будун сачын, қулқақын, йаңақын бычды (БҚ, ХА/12) // /өлімге
келген/ сонша халық шашын, құлағын кесіп, бетін тілкіледі / кесті/;
2) Ол сабығ есідіп түн удысықым келмеді күнтүз олурсықым келмеді. Анта
отрү қағаныма этүнтүм анча етүнтүм табғач оғуа қытан бу үчегү қабысыр
қалтачы біз өз ічі-тасын тутмыс тег біз (Тон., 12) // Ол сөзді естіп түн ұйқым
келмеді күндіз отырғым келмеді. Содан соң қағаныма өтіндім, сонша өтіндім
62
табғаш, оғыз, қытан бұл үшеуі біріге қалса, біз өз іші-сыртымызды ұстап қана
қаламыз.
Бірінші мысалдағы бунча сөзі зат есім сөздерімен (халық) тіркесе келіп,
бірнеше мағына білдіреді: біріншісі – «көп» деген «сындық мөлшер» ұғымы,
яғни халық санының көптігі; екіншісі – сандық мөлшердің күшейтпелі мағынаға
ауысуы, яғни бунча сөзінің негізінде қандай да бір нақты сандық мән
жатқанымен, ол контексте абстракцияланып, күшейтпелі семаға ауысқан;
үшіншісі – қандай да бір шамаға сілтеу мағынасы. Ол бун (бұл) түбірі арқылы
беріліп тұр. Екінші мысалдағы мөлшерлік семантика қимыл-әрекеттің орындалу,
жүзеге асуына қатысты. Мұнда да анча сөзі бірнеше мағына білдіреді: біріншісі
– «көп рет» деген ұғымды білдіріп, бірінші жақтағы қимыл-әрекеттің көп рет
қайталанғанын білдіреді; екінші – «тым, бек» деген күшейтпелі мағынада
жұмсалып, өтінгенде де жай емес, шын көңілімен, ерекше ықыласпен өтінуін
білдіретін қимыл-әрекеттің абстрактілі мөлшері; ал үшіншісі – өткен шақтағы
орындалған әрекеттің қандай да бір мөлшеріне нұсқау.
Бұл мөлшер үстеулердің бұдан басқа да контекстік мөлшер мағыналары
болуы ықтимал. Алайда ескерткіш мәтіндері негізіндегі бізге мәлім мағыналары
жоғарыдағыдай.
Достарыңызбен бөлісу: |