31. Көтеріспек (Атбақыл)
Екі ойыншы қатысады. Олардың қолында сақа асықтары болуы керек. Ойыншылардың өзара келісуімен біреуі сақасын алысырақ иіреді, екіншісі сол сақа иірілген орыннан тұрып иірілген сақаны атады. Атқанда қарсыласының сақасына тигізсе, онда қарсыласы сол атқан жерден оны сақасының жатқан жеріне дейін арқалап апарады да, сол жерден сақасын қайта иіреді. Ал қарсыласының сақасына тигізе алмаса, қарсыласы өз сақасын алып, сол орыннан бірінші ойыншының сақасын атады, егер тигізсе, ол да соны істейді, тигізе алмаса қарсыласы атады. Сөйтіп, бірінің сақасын бірі атып, ілгері жылжи береді. Ойынды қанша уақытқа созса да өз еріктері.
32. Асықтың алты атауы
Мен асықпын, асықпын!
Балаларға асықтым.
Бабаларға ілесіп,
Мынау байтақ даланы
Мен де бірге басыппын.
Даналармен тойлаппын,
Балалармен ойнаппын.
Бірге болып, жұп жазбай,
Қозы бақтым, қой бақтым.
Алшы түссе асығы
Гүл-гүл болып жайнаттым.
Олжа түссе көлденең
Ата, әженің қалтасын.
Тентекпін ғой, майлаппын...
Мен Алшымын!
Алты сапты қамшымын,
Асықтардың ұранымын,
Беташары-құралымын.
Бәрі де түсінеді
Менен кейін тұратынын.
«Асығы алшысынан түсіпті» деп,
Құрышын қандырып жүр құлағының.
Мен Тәйкемін,
Мақтанып көп қайтемін...
Тағанақтау болсам да,
Алшыменен тату доспыз, әйтеуір...
Мен Бүкпін!
Күрессем, жықтым.
Белін бүктім.
Кезегімді күттім
Мен де бар мықтың...!
Мен Шікпін!
Мінезден тікпін
Шалқалап жатып
Көп нәрсе ұқтым.
Ақылмен ұттым,
Жұлдыз санап шықтым.
Мен Омпамын!
Тоңқайғаннан қорқамын.
Мен Ашамын!
Алшаң-алшаң басамын.
Бесеуіңнің сырыңды
Бір өзім-ақ ашамын.
Өйткені, мен Жолайрық жасадым.
Менен қайда қашасың?!
Әр асықта болады,
Оңқай менен солақай.
Ажырату оп-оңай!
Сақаны ұстап, үйіріп, шүйіргенде,
Кеңейді ату үшін иілгенде.
Оңқай жағы ыңғайлы қолға тегіс,
Кеңейді быт-шыт етер шүйілгенде,
Омпасына оңқай деп аталыпты ол басыңда.
Солақайдың Омпаға жетер жерде
Шұқыршағы болады ортасында.
Достарыңызбен бөлісу: |