Монография оқытушы-ұстаздарға, студенттер, магистранттар, докторанттар мен ғылыми зерттеушілерге, тәрбиешілерге, спорт жаттықтырушыларына және жалпы ұлттық халық ойындары мен спорты туралы білгісі келетін көпшілікке арналған


Қазақтың ұлттық халық ойындарын топтау, жүйелеу және атаулар беру



бет16/151
Дата21.02.2022
өлшемі481.78 Kb.
#455585
түріМонография
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   151
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ойындары

6. Қазақтың ұлттық халық ойындарын топтау, жүйелеу және атаулар беру
Әр халықтың ұлттық ойындары мазмұнында белгілі бір мақсаттары мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Барлық халықтардың ұлттық ойындары ғылыми тұрғыдан зерттеу объектісі болып табылады.
Дене тәрбиесі және спорт саласында ойындарды топтау, жүйелеу оларға атау беруде зерттеулер мен талдауларды қажет етеді. Ойындарды топтау, жүйелеу, оларға атау беру, маман кадрлар даярлау, саланы басқару жұмыстарында, спорттық жарыстар өткізу кезінде, заңдар мен шешімдер қабылдауда, спорттық арбитраж жұмыстарында бірізділікті қамтамасыз етіп, мамандар арасында ортақ түсіністік қалыптастырады. Ойындарды жүйелеу, топтау сөздіктер мен анықтамаларда, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, экономикалық, қаражат жоспарлауда көптеп қолданылады. Ойындарды топтау, жүйелеу ойындарды тәжірибеде ұтымды пайдалану, тиімді таңдауды іске асырады.
Ойындарды топтау, жүйелеу, оларға атау беру отандық ортақ түсінік, ортақ термин қалыптастыруға, оқыту, зерттеу, үйрету жұмыстарында бірізділіктің болуын қамтамасыз етеді. Ойындарды топтау, жүйелеу, атау беруде ортақ түсінік пен бірізділіктің болмауы салдарынан мемлекеттік құжаттарда, ақпарат құралдарында, оқулықтарда, сөйлеу тілімізде бір ұғымды әртүрлі қолдану, әртүрлі атау беру жиі орын алуда.
Ұлттық ойындардың ел арасында кең тарауына байланысты бір ойынның әр жерде әртүрлі тәртіппен ойналуы және атауларының әртүрлі болып келуі жиі кездеседі. Осы жағдайды ескере келіп, ойындарды бір жүйеге келтіру, топтау және атау беру мәселесі шығады. Топталып, жүйеленбеген ойындарды тәжірибелік тұрғыдан қолдануда, ережесін айқындауда көп кедергілер пайда болады.
Ойындарды жүйелеу арқылы оларды қолдану кезінде ойнаушыларды жынысына, жасына қарай бөлу, олардың дене-күш даму ерекшелігін, мінез-құлқын ескеру арқылы ойнаушыларды топқа бөлу, оқу-жаттығу кезінде берілетін жүктемелер мен демалу ұзақтығын анықтау, жыл мезгіліне бөлу сияқты қажетті шараларды іске асыруға мүмкіндік туады.
Ойындарды жүйелеу, топтау, барлық ақпаратты бір жерге жинақтауға және осы ақпаратты ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан пайдалануға мүмкіндік береді.
Қарапайым түрде топтауға мысал ретінде балаларды жастарына қарай бөлуді алуға болады. Мысалы: ойынға 5 жастағы балаларды жұмылдыруды алайық. Топқа осылай бөлу балалардың жас мөлшерлерін ескергенімен оларды жыныстарына қарап бөлуді ескермейді. Топтар арасындағы ұқсастық бір-біріне өте жақын болуымен ерекшеленеді.
Ойындарды жүйелеу, балаларды топқа бөлу ойынды үйрету әдістемесін жетілдіруге көмектеседі. Ойын топтары арасында айырмашылықтар неғұрлым көп болса, ойынды меңгеру әртүрлі деңгейде өтіп, қиындықтар туындайды.
Ойындарды топтау белгілі бір барлығына ортақ белгілеріне қарай топтауды іске асырады, мысалы жүгіру ойындары, секіру ойындары, ұлдар немесе қыздарды жеке топтау сияқты ортақ ұқсастықты қамтамасыз етеді. Топтау ойнаушыларды жас ерекшеліктеріне қарай бөлу, олардың дене-күш ерекшеліктерін, мінез-құлықтарын ескеру, сабақ барысында оқу-жаттығу кезінде берілетін жүктемелер мен демалу ұзақтығын анықтау сияқты қажетті шараларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Ел арасында бір ойынның әртүрлі атауы болуы және әртүрлі нұсқамен ойналуы жиі кездеседі. Мысалы: “Қарагие” – “Найза лақтыру”, “Аң аулау” – “Құспен аулау”, “Қақпа тас” – “Бес тас”, “Садақ ату” – “Жамбы ату” – «Жебе тарту», Алтын сақа – Алшы – Құмарлық – Хан ату – Асық деп аталуы кездеседі.
Қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясына зор үлес қосқан зерттеуші А. Диваев ұлттық ойындарды жинаумен қатар, ойындарды ойнаушы адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай бөліп көрсетеді. Мысалы ол ойындарды жеті жасқа дейінгі балалар ойыны, жеті жастан он бес жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған ойындар, он бестен отызға дейінгі ересектер ойыны деп бөліп, қазақ ойындарын топтауда бірінші теориялық ұсыныс жасайды.
Осыны негізге ала отырып қазақтың ұлт ойындарын үш топқа бөлген. Бірінші топқа, сәбилер ойыны деп ат қойып, баланың дүниеге көзқарасын қалыптастыратын ойындарды жатқызады. Екінші топтағы ойындарды бозбалалар ойыны, үшінші топтағы ойындарды жігіттер ойыны деп атайды да, осы топқа жататын ойындардың өзін үш топқа бөліп:
– қоғамдық өмірге байланысты;
– жедел қимылды ойындары;
– спорттық маңызы бар ойындар деп атайды [47, Б. 67-68].
А. Диваевтың бұл еңбегін ұлттық ойындарды тұңғыш рет классификациялық бөлініс жасалған еңбек деп тануға болады.
Академик Ә. Марғұлан «қазақтар құс атаулыны бір-біріне қарама-қарсы екі үлкен топқа – желбесін құстар және тұяқты құстар деп бөледі.
– Етін жеп, мамық жүнін кәдеге жарататын қазақтар «желбесін құстар» деп атаған құстарға су құстары мен суға жүзе алмайтын қыр құстарын жатқызады.
– Тұяқты құстар тобындағыларға қазіргі ұғыммен қыран құстарды жатқызады. Оларды қолға көндіріп аң алатын «қыран заттылар» немесе аушы құстар және «керексіз заттылар» деген екі топқа бөледі. Құсбегілікте қолданылатын құстарды үлкен аушы құстар және кішірек қыран құстар деп екі түрге бөледі» деп көрсетеді [26].
Ұлттық спорт саласында садақ тарту өнері ерекше орын алады. Садақтарды жасалу түрлеріне және орнына қарай – «Сақ садағы», «Гұн садағы», «Түркі садағы», «Монғол садағы», «Қазақ садағы», «Саржа садақ» т.б. деп бөледі.
Жебе түрлерін зерттеуші Ерлан Карин «Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары» деген еңбегінде, «Біздің анықтағанымыздай садақ жебесінің 100-ге жуық түрлері белгілі, ал осы жүз түрлі жебенің 40-қа тарта ғана атауларының жиырмаға жетер-жетпес түрлері сәйкестендірілді» дей келіп, көшпелі әскери өнер мен дәстүрдің қазақ даласында қаншама күрделі даму кезеңдерінен өткендігін көрсетеді [53].
Қазақтың қару-жарағын зерттеуші Қалиолла Ахметжан садақ оқтары, оқ ұшының формасы және жасалу материалдарына байланысты топқа, жебе басының пішініне байланысты типке, қимасына байланысты нұсқаға бөледі.
Жебелерді түр-түстеріне қарай жебелерді – сырлы жебе, сұр жебе, сары жебе, ақ жебе, көк жебе, қызыл жебе т.б. деп атайды.
Жебелердің сабының түрлеріне және жасалған материалдарына қарай: «қу жебе», «қайың оқ», «тобылғы сапты», «қамыс оқ», «ағаш оқ», «ши оқ», «темір оқ», кейінгі кезде жаңа материалдарды қолдануға байланысты жаңа атаулары кездеседі.
Жебенің басындағы оқтар жасалған темірлеріне немесе заттарына қарай – темір оқ, болат оқ, ағаш оқ, сүйек оқ, тас оқ деп бөледі.
Жебеге қадалған қауырсын түрлеріне қарай – «екі қанатты», «төрт қанатты», «сары жүн оқ», «қауырсын жебе», «үкілі оқ», «қарға жүнді», «күшіген жүнді» т.б. Оқтың қауырсын байлаған жағын «масақ» деп те атайды [20].
Жебе дұрыс және дәл ұшуы үшін оның масағына құстардың қауырсынын таққан. Оны «қанаты» деп атайды. Оқтар екі, үш, төрт қанатты болуы мүмкін. «Оқтың қанатына бүркіттің, қыранның, күшігеннің, тазқараның құйрық, қанат қауырсындарын қолданған» деп көрсетеді.
Жебе ұштарындағы оқтардың жасалу түрлеріне қарай – «екі қырлы», «төрт қырлы», «алты қырлы», «доғал оқ», «қозы жауырын», «томар оқ», «істік оқ», «әндіген», «тіз оқ», «қадау оқ», «аңғау оқ», «айыр оқ», «ақмаңдай оқ» деген аттары бар.
Оқты қолдану міндеттеріне, қызыметіне қарай – «сауыт бұзар», «көбе бұзар», «ақ берен», «сарнама», «ысқырғыш», «жез айыр», «аңғаусын» т.б. деп бөледі. Жебенің сабының ұзындығына қарай – «сай кез оқ», «кез оқ», «он екі тұтам оқ» деп бөледі. Садақты ату, қолдану жағдайларына қарай – түрегеліп тұрып ату, тізерлеп ату, жатып ату, арқасында жатып ату, ат үстінде ату т.б. түрлерлеріне бөлінеді.
Қазақ ойындары мен спортын зерттеуші Е. Алимханов балуандар күресін ел арасында қазақ күресі, күресу, белдесу, шалыс, алысу, жекпе-жек, арысқа шығу, күш сынасу, сайысу деп атайтындығын көрсетеді. Балуандарды дәрежесіне қарай: Бас балуан, Түйе балуан, Атан балуан, Нар балуан, Өгіз балуан, Кеуде балуан, Сұңқар балуан, Тархан, Толағай балуан, Арыстан балуан, Барыс балуан, Сұңқар балуан т.б. Балуан адамдарға қаратып айтылатын сөздерге: дәу, мықты, шоң, тегі жай емес, жауырыны жерге тимеген, тізесі бүгілмеген, басынан адам аттатпаған, бітімі бөлек, өр тұлға, батыр, білегі күшті, арыстың алыбы, көк құрыш, күш иесі, дүлей күш, алапай күш, қара күш, сұрапыл қайрат, жойқын күш, шым болат, шымыр, көк құрыш, сүйегіне біткен мол қайрат иесі т.б. сөздер қолданылатынын көрсетеді [5, Б.18-23].
Е. Сағындықов «Қазақтың дидактикалық ойындарын сабаққа пайдаланудың кейбір жолдары» атты еңбегінде ұлттық ойындарды үш топқа бөледі:
– ойын сауық ойындары;
– оймен келетін ойындар;

  • дене шынықтыру мен спорт ойындары деп топтайды [128].

М. Гуннер қазақтың ұлттық ойындарын:


– жалпы ойындар;
– қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар;
– ашық алаңқайдағы ойындар;
– қыс мезгіліндегі ойындар;
– демалыс ойындары;
– ат үстіндегі ойындар;
– аттракциондық-көрініс ойындар деп бөледі [44].

Дене тәрбиесі мен спорт саласының ғалымы педагогика ғылымдарының докторы, профессор М. Таникеев ұлттық спорттың дамуын Кеңес Одағы кезінде зерттеп, осы саланың Қазақстанда және шет елдерде танылуына үлкен үлес қосқан ғалым болды. М. Таникеев ұлттық ойындарды төмендегідей топтарға бөледі:


– қазақтың халық ойындары;
– спорттық ойын түрлері;

  • ат үстінде ойналатын ойын түрлері [145,Б. 32-35].

Ұлттық ойындарды көп зерттеген ғалым Б. Төтенаев ұлттық ойындарды төмендегідей топтарға бөліп көрсетеді:
1. Салт-дәстүрлер негізіндегі ұлттық ойындар, оларға:

  • мерекелік ойындар;

  • дәстүрлі халық ойындары;

  • халықтың тұрғылықты жеріне байланысты әдет-ғұрып дәстүрмен ұштасқан ұлттық ойындары.

2. Жастар және қозғалмалы ойындар, оларға:

  • бір-үш жасқа дейінгі бала ойыны, бесік жыры негізінде;

  • табиғат аясында ойналатын ұлттық ойындар;

  • жан-жануарға еліктеп ойнайтын ұлттық ойындар;

  • затпен, ойын құралы арқылы ойналатын ұлттық ойындар;

  • ойын құралынсыз ойналатын ойындар деп бөледі.

Б. Төтенаевтың осы топтауларынан біз ұлттық ойындардың көптеген салаларға бөлінетіндігін көре отырып «Салт-дәстүр негізіндегі ұлттық ойындар» мен «Жастар және қозғалмалы» ойындар арасында бір-бірімен ауысудың көп екендігін байқауға болады [149, Б.24-29].
Ғалым Ә. Бүркітбаев ұлттық ойындардың тәрбиелік мәніне баса көңіл бөле отырып ойындарды «Өзін-өзі және өзінің қабілетін бөлу ойындары» деп екіге топтайды [39, Б.80-87].
Ұлттық ойындарды зерттеуші п.ғ.к. Ж.М. Төлегенов төмендегідей топтарға бөледі:
– қимыл жылдамдылығын, ептілікпен үйлесімділікті дамытуға бағытталған ұлттық ойындар;
– күшті, төзімділікті дамытатын ұлттық ойындар;
– зейін мен қимыл тездігін тәрбиелейтін ойындар;
– лақтыру қимылын дамытатын ойындар;
– негізгі қимылдық сапаларды дамытуға байланысты ойындар.
Біз бұл топтаулардан көретініміз Ж. Төлегенов ойындарды адамның қозғалыс және дене күш қабілеттері түрлеріне қарай топтайды [152, Б.18-19 ].
Ғалымдар А. Құралбекұлы мен С. Әкімбайұлы қазақтың ұлттық ойындарын тұлғалық-салауаттық деп бөліп, оларды төмендегідей топтарға таратады:

  • еңбек тұрмыс ойындары;

  • дене шынықтыру спорт ойындары, оларды:

- жедел дене шынықтыру спорт ойындары;
- баяу қимылды дене шынықтыру спорт ойындары;

  • ойлау арқылы орындалатын ойындар [92].

Зерттеуші Б. Мендалиев ұлттық ойындарды:

  • мазмұнды сюжетті ойындар;

  • сюжетсіз ойындар;

  • қызықтырғыш ойындар деп бөледі.

Б. Мендалиевтің топтауы мектеп жасына дейінгі балалар ойындарына қолайлы екендігін көруге болады [109, Б. 47-49].
Сейдахметов Е.Е., Қуатбеков Ш.Н. «Жанұядағы дене тәрбиесі мен ұлттық ойындардың маңызы» атты еңбектерінде ойындарды тақырыптарға бөліп, жеке-жеке ат қойып, топтастырады. Атап айтқанда, көпшілік ойындар мақал-мәтелдер, қазақтың нақыл сөздері, халық жұмбақтары, ойлап көріңізші, жаңылтпаштар, ауызша есеп деген тақырыптармен береді [133,-Б.3-16].
Зерттеуші Т.Ж. Бекпатчаев ұлттық ойындарды 10 топқа бөліп көрсетеді:
– ойыншықтармен ойналатын ойындар;
– лақтыру, жүгіру және секіру элементтері қатынасатын ойындар;
– күрес және қарсыласу элементі кездесетін ойындар;
– көзді байлап ойналатын ойындар (бағдарлай білуді дамыту);
– алаңда ойналатын ойындар (кешке, түнде өткізіледі);
– суда ойналатын ойындар;
– әскери-өнерлік ойындар;
– столда ойналатын ойындар;
– ат-спорты ойындары;
– аттракциондар ойыны деп бөліп, ойнаушыларды жас ерекшеліктеріне орай балалар ойыны, үлкендер ойыны деп бөледі [37, Б.25-26].
Зерттеуші Н.К. Ахметов ойындарды табиғи және жасанды ойындар деп бөледі. Табиғи ойындарды спорттық және құмарлық ойындар деп бөліп, жасанды ойындарды академиялық (оқытушылық) ойындар деп атап, оны тағы екіге бөліп көрсетеді:
– иммитациялық ойындарды – рөлдік ойындар, жобалау ойындары, іскерлік ойындары деп үшке бөледі;
– иммитациялық емес (оқытушылық) ойындарды – символдық және крассвордтар, ребустар деп бөледі [20, Б.11-12].
Шакимшарип Ыбыраев өзінің «Соқыр теке» кітбында ойындарды қолданатын материалдарына, атқаратын қызметіне, айтылу формасына қарай: ойын жырлары, айтыс ойындар және ойындар деп бөліп қазақ халқының ойын фольклорының пайда болуы, дамуы, таралу жолдары, ойындардың халық психологиясы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпына әсерін зерттеу маңызды жұмыстар екендігін атап көрсетеді [158, Б.3-15].
Аюбай Құралұлы "Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығы" атты сөздікте ұлттық ойын түрлерін аңға байланысты ойындар, малға байланысты ойындар, түрлі заттармен ойналатын ойындар, зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар және соңғы кезде қалыптасқан ойындарға топтайды [97].
Профессор Е. Алимханов қазақтың ұлттық ойындары мен спортын жүйелеу, топтаудың өзіндік үлгісін ұсынады. Бұл жүйелеудің басты ерекшелігі ойын түрлерін:

  • қазақтың дәстүрлі еңбек-тұрмыс, салт, ойын-сауық ойындары;

  • ережесі қалыптасқан, бекітілген спорттық ойын түрлері;

  • жаңадан қалыптасқан ойындар;

  • ермек ойындарды жеке;

– ойын аттары белгілі, бірақ ойын мазмұны ұмытылған түрлеріне бөліп, оларды бөлек қарастырып, жеке топтап, ғылыми айналысқа енгізеді.
Бұлай жүйелеу мен топтаудың басты мақсаты, қазақтың дәстүрлі еңбек-тұрмыс, салт, ойын-сауық ойындарын біріктіре отырып, болашақта спорт түріне айналған ойын түрлерін, дерек көздерден және ел арасынан табылған ойындарды және жаңадан қалыптасқан ойындарды топтарға қосып отыруға жол ашу болып табылады.
Профессор Е. Алимханов бойынша қазақтың ұлттық ойындары және спортын жүйелеудің бөлінуі:

  1. Қазақтың дәстүрлі еңбек-тұрмыс, салт, ойын-сауық ойындары;

  2. Мал, жан-жануарларды қолданып немесе соларға еліктеу ойындары;

  3. Ережесі қалыптасқан, бекітілген спорттық ойын түрлері;

  4. Жаңадан қалыптасқан ойындар;

  5. Ермек ойындар;

  6. Дереккөздерде және халық арасында аттары бар, бірақ мазмұны әзірге белгісіз ойындар.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет