161. Түйе мен бота Ойнаушы балалардың санына шек қойылмайды. Бұл ойын «мысық-тышқан» ойынына ұқсас. Оның басқарушының нұсқауымен бір бала түйе болады, екіншісі түйенің ботасы болып сайланады. Басқа ойыншылар өзара қолдарынан ұстап, шеңбер құрып тұрады. Түйе шеңбердің сыртында, ал ботасы ішінде қалады.
Түйе шеңбердің сыртында жүріп ботасына үйге жүр дейді. Бота жоқ, үйге бармаймын дейді. Түйе ботасын үйіне әкетпек болып қуа бастайды. Бота шеңбер ішімен де сыртымен де жүріп те айнала қаша алады, бота шеңбердің ішіне кіріп-шығып, еркін қозғалып жүре алады. Ал түйені аса еркіне жібермей шеңбердің ішіне еркін кіріп-шығуына әртүрлі кедергілер жасалады, яғни шеңбер бойындағы ойыншылар түйе шеңбер ішіне кіріп-шығуы кезінде қолдарын түсіріп, аяқтарын тосып т.б. кедергілер жасап тосқауыл қояды. Ақырында түйе алдап жүріп ботасын колға түсіргенде, бота жібер дейді, түйе жібермеймін дейді. Осы сәтте шеңбер бойында тұрған ойыншылар түйені қоршап, ұстап алып: – «шөк, шөк» деп түйені шөгеруге тырысады. Түйе оған көнгісі келмегенімен көпшілік болып шөгереді, яғни жүресінен отырғызады.
Содан кейін ойыншылар сапқа тұрып, кезектесіп ботадан бастап шөккен түйенің үстінен бір-бірлеп секіре бастайды. Ойын шарты бойынша түйе жүресінен екі қолын жерге тіреп отырады да, үстінен секіргендерді орнынан қозғалмай, тұрмай отырған қалыпта қолында ғана ұстап қалуға тырысады. Түйе үстінен секірген ойыншылардың қайсысы ұсталып қалса, сол түйенің ролін ойнайды. Осылайша ойын қайта жалғастырыла береді.
162. Асау үйрету Асау үйрету көбіне жылдың жылы уақыты кезінде іске асырылады. Бұл уақытқа дейін құлындар жетіліп, ширайды. Жігіттер жүйрік атқа мініп, жылқыларды үйіріп қайырып тұрады. Қолына құрық ұстаған қарулы жаяу жігіттер құлындарды бұғалықтап ұстайды. Асау құлындардың басына ноқта кигізеді де, желіге байлайды. Барлық құлын байланып болғаннан соң әжелер бастаған қыз-келіншектер желі басына дастарқан жаяды. Әжелер ырымдап, ақ мол болсын деген ақниетпен желі қазығының басына айран құйып, жаманшылықтан аман болуы үшін құлындардың маңдайларына ақ жағады. Қариялар бата бергеннен соң асау тай мен құнандарды үйрету ісіне кіріседі. Үйір ішіндегі асауларды құрық салып ұстайды да, мықты жігіттердің көмегімен шұралап тұрып ерттейді. Өзіне сенімді адамдар асауға мінеді. Үстіне мінген адамды аударып тастау үшін асаулар тулап, аспанға шапшып, мөңкіп шабады. Асауға мінген жігіт аттан құлап қалмаудың амалын жасайды. Асау үйретушінің айла-тәсілін үлкен-кіші тамашалайды. Асау үйрету жігітті сынайтын өнер түрі болып саналады.
163. Тай жарыс Қазақтарда тай жарысы бұрыннан келе жатқан дәстүр. Тай дегеніміз – бір жастан асқан жылқы төлі. Тай жарысына 1,5 жасқа дейінгі тайлар қатысады, жарыс қашықтығы мөлшермен 3-5 шақырым аралығында болады. Тайға салмақтары жеңіл жас балалар шабады, көбіне тайдың иесі шабады. Тай жарысына тек тай жасындағы аттар қатыстырылады, басқа жасы үлкен аттар қосылмайды.