Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор


ШӘКІРТТЕРДІҢ ЖАС ЖӘНЕ ДАРАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет5/17
Дата23.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#8369
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

4. ШӘКІРТТЕРДІҢ ЖАС ЖӘНЕ ДАРАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
4.1. Жастық кезеңдер реті
Тән-дене, сондай-ақ ақыл дамуы адамның жастық кезеңдерімен тығыз байланыста екендігі ежелгі дәуірден белгілі болған. Бұл өзінен-өзі айқын шындық, дәлелді қажет етпейді: неғұрылым адам ұзақ өмір сүрсе – бойы өседі, денесі қатаяды, жастың келуімен даналық қонады, тәжірибе топталады, білім қоры ұлғаяды. Әр жас кезеңінің өзіне тән - дене, психикалық және әлеуметтік даму деңгейі сәйкес келеді. Әлбетте, бұл сәйкестік жалпы және тұтастай жас кезеңдеріне тура келеді, ал нақты адамның дамуы қандай да ауытқулармен қабаттаса жүруі мүмкін. Даму үдерісін дұрыс басқару үшін педагогтар ертеден – ақ адам өмірінің кезеңдерін белгілі уақыт топтарына жіктеуге тырысқан. Бұл іспен өз замандарында ғалым-педагогтар: Коменский, Штрац, Бюллер, Горлок, Левитов, Эльконин, Пршигода, Ванек, Шванцара және т.б. айналасып, жастық кезеңдерге бөлістірудің бірнеше ондаған сұлбасын ұсынған. Солардың ішінде педагогтардың көпшілігінің қолдауын тапқан бір жүйеге назар аударайық.

Кезеңге бөлу жас ерекшеліктеріне негізделеді. Жастық ерекшеліктер деп нақты өмір дәуіріне тән анатомиялық, физиологиялық және психологиялық сапаларды атаймыз. Жастық ерекшеліктер мәні адамның тән-дене дамуынан айқын көрінеді. Бойдың өсуі, салмақ қосылуы, алғашқы тістердің пайда болуы, кейін олардың түсіп, ауысуы, жыныстық жетілу және басқа да биологиялық үдерістер елеусіз ауытқуларымен әртүрлі жас кезеңдерінде жүріп жатады. Адамның биологиялық және рухани дамуы өзара тығыз байланыста болғандықтан, психикалық аймақтағы өзгерістер де белгілі жас кезеңдеріне сәйкес келеді. Биологиялық өзгерістер сияқты қатаң белгілі бір жас кезеңіне сәйкес болмаса да, әлеуметтік пісіп жетілу көрініс береді, тұлғаның рухани даму желісінде өз кезегімен орындалып жатады. Осылардың бәрі адам дамуы мен оның жастық кезеңдерін белгілі сатыларға бөлуде табиғи негіз қызметін атқарады.

Дамудың толық кезеңдестігі (периодизациясы) адамның бүкіл өмірін белгілі дәуірлерімен қоса қамтиды. Ал ішінара (частичные) сатыларға бөлу нақты ғылым саласын қызықтырған өмірдің бір бөлігін өз ішіне алады. Мектеп педагогикасын баланың мектепке дейінгі кіші мектеп, орта және жоғары жасындағы өмір және даму кезеңдері қызықтырады. Бұл баланың туылғаннан он сегіз жасқа дейінгі өмір аралығы. Психология аймағында да балалардың психикалық даму кезеңдерін айырады, бірақ психологиялық кезеңдерге бөлу педагогикалық жас кезеңдерімен бірдей сәйкес бола бермейді, себебі психика дамуы ананың жатырында басталады, ал бала тәрбиесі оның дүниеге келген мезетінен басталады. Баланың даму ерекшеліктерін әр жас кезеңіне байланыстыра түсіну қажет :

Педагогикалық кезеңдерге бөлудің негізін, бір жағынан, дене және психикалық даму сатылары құраса, екінші жағынан, бұл тәрбие жүріп жатқан жағдайларға байланысты келеді.

Жүйке-жүйесін және дене мүшелерін біріктірген ағзаның биологиялық пісіп жетілуі және онымен бірге жүретін танымдық қабілеттердің даму сатылары өз бетінше жасайтын үдеріс, табиғи құбылыс болса, ал саналы құрылған тәрбие жас кезеңдері ерекшеліктеріне икемдесуі және оларға негізделуі қажет. Педагогикада дамудың жастық сатыларын мойындамау әрекеттері де болған. Тіпті, орайлас әдістеме табылса, қалаған 3-4 жастағы баланы жоғары математикаға, басқа да дерексіз (абстракт) түсініктерге үйретіп, кез-келген әлеуметтік тәжірибені, білімдерді, қызметтік ептіліктер мен дағдыларды игертуге болады деген теориялар да пайда болған. Бірақ бұл мүмкін емес. Бәлкім, бала өте күрделі сөздерді де дұрыс айтуға үйренер, бірақ оның мағынасын ұғуға оған әлі ерте. Жас кезеңдері шектеулерін осы күнгі балалардың шапшаң дамуы мен олардың сөздік және түсінік қорының кеңдігімен шатастыруға болмайды. Бұл құбылыс әлеуметтік дамудың жеделдеуімен, әрқилы ақпараттық дерекке кең жол ашылуымен, балалардың көп нәрседен хабардар болуымен түсіндіріледі. Даму үдерісінің жеделдету мүмкіндіктері кеңеюде, бірақ шексіз емес. Жас кезеңі дамуды мезгілінен тыс жаздырып жібермей, оған өз билігін таңады. Бұл саладағы ықпал жасаушы заңдылықтар даму мүмікндіктерінің шама-шарқын белгіліеп береді. Оқу-үйретім, тәрбие жұмысында балалардың жас ерекшеліктерін ескеруді өз заманында Я.А.Коменский талап еткен. Әр нәрсенің табиғатта өз мезетінде болатынындай, тәрбие де өз кезегімен – уақытында және ретімен алып барылуы тиіс. Сол жағдайда ғана адамға ізгілік сапалар табиғи жұғысты келіп, ақыл-есінің жетілуіне байланысты ол болмыс шындығын толық, мән-мағнасымен түсінеді. «Игерілуі қажет болғандардың бәрі жас сатыларына сәйкес бөлініп, әр жас кезеңіне түсініктілері ғана оқып – үйрену үшін ұсынылуы шарт» - деп жазған Я.А.Коменский.

Жас ерекшеліктерін ескеру іргелі педагогикалық принциптердің бірі. Оны арқау ете отырып, мұғалімдер оқу-үйретім жүктемесін ретке келтіреді, әрқилы еңбек түрлерінің көлеміне негіздеме береді, даму үшін қолайлы күн тәртібін, еңбекпен айналысу және демалу уақыттарын белгілейді. Жас ерекшеліктері оқу-үйретім пәндерінің және әр пәндегі материалдардың іріктелуі мен оқу-үйретім бағдарламасында жайғасуына орай мәселелерді дұрыс шешуге міндеттейді. Оқу-үйретім, тәрбие қызметінің формалары мен әдістерін таңдау да осы принципке тәуелді.


4.2. Акселерация
Қазіргі дәуірде жас топтары арасындағы шектерді қайта қарастыруға себепші болатын және бір құбылыс педагогтарды толғандыруда. Бұл акселерация (лат. сөзі – жеделдеу), - яғни балалық және жас өспірімдік шақта тән-дене, кей жағдайда психикалық дамудың ерекше жедел алуы.

Акселерацияны биологтар ағзаның физиологиялық жетілуімен, психологтар – психикалық қызметтердің іске қосылуымен байланыстырады, ал педагогтар тұлғаның рухани дамуы мен әлеуметтенуінен деп түсіндіреді. Педагогтардың пікірінше, акселерация физикалық дамудың салдары емес, ол ағзада жүріп жатқан физиологиялық жетілу үдерістері мен тұлғаның әлеуметтенуі арасындағы қайшылықтардан.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін балалар мен жасөспірімдердің тән-дене және рухани даму тапе-теңдігі бар қалыпта болды. Ал бұдан кейінгі дәуірде пайда болған акселерация нәтижесінде ағзаның физиологиялық жетілуі ақыл-ес, психикалық, әлеуметтік дамудан әлдеқайда қарқынды болды. Даму сәйкессіздігі қылаң берді. Адамның ақыл, әлеуметтік, ізгілік сапаларының негізі болған психикалық қызметтерден гөрі тән-дене, сүйек құрылымдарының өсуі жылдамдады. Осыдан, баланы артық психологиялық жүктемеге түсіретін жағдайлар пайда болды, яғни бала өзінің ақыл-есі жетпейтін істерге асылатынды шығарды. Акселерация үдерісі балалардың өздеріне ғана әр түрлі қиындықтар тудырып қоймастан, мұғалімдер мен ата-аналардың тәрбиеге байланысты материалдық және рухани мәселелерін туындатты.

Акселерацияның негізгі себептері - өмірдің қарқынды дамуы, материалдық жағдайлардың, тамақ және медициналық қызмет сапаларының көтерілуі, ерте жастан балалар күтімінің оң сипат алуы, көптеген бала сырқаттарының жойылуы. Бұл құбылыстың және де бір себептері бар: адамның тіршілік ету ортасының радиоактив ластануы алғашқы да бойды өсіріп, ал уақыт өтумен, тәжірибелер көрсеткендей, адамзаттың, жалпы тіршіліктің тектік қорын (генофонд) әлсіретеді, атмосферадағы оттегі көлемін азайтады, ал бұның ізімен адамның көкірек клеткасы шектен тыс кеңейіп, осыған сәйкес бүкіл ағза ұлғаяды. Дегенмен, шынына жүгінсек, акселерация көптеген жағдаяттардың тоғысынан келіп шығатын табиғи құбылыс.

80-жылдардың ортасынан бүкіл әлемде акселерация біршама кеміп, физиологиялық даму қарқыны айтарлықтай төмендеді.

Акселерациямен бірқатарда көрінетін құбылыс – ретрация, яғни баладағы тән-дене және ақыл-ес дамуының кешеуілдеуі. Мұндай кешеуілдеуге себепші - нәсілдіктен болған генетикалық тетікдердің бұзылысы, даму үдерісіне кері ықпал жасаушы экологиялық орта, бір жағынан, радиациялық жағдай, екінші жағынан. Ретрация әсіресе балалардың психикалық дамуында елеулі келеңсіз көрініс береді. Мұндайға ұшыраған балалар тәлім, тәрбие үдерісіне икемдесіп, қатарларымен бірге жасай алмайды.

Сонымен, әрбір жас кезеңіне сәйкес баланың тән-дене, психикалық және әлеуметтік өз дамуы болады. Педагогтар үшін балалар мүмкіндіктерін, оларды жас кезеңдерімен сәйкестендіруді жеңілдету үшін жастық кезеңдестіру сұлбасы жасалған. Ол сұлба жас ерекшеліктерін ажырата білуге негізделген. Жас ерекшеліктері – бұл нақты өмір жасына тән анатомиялық – физиологиялық және психикалық сапа-қасиеттер. Саналы ұйымдастырылған тәрбие балалардың жас ерекшеліктеріне икемдестіріліп, оларға негізделуі тиіс.


4.3. Балалардың даму теңсіздігі
Бала дамуы саласындағы зерттеулер оқу-үйретім, тәрбие қызметін тиімді жобалау мен ұйымдастыру үшін аса қажетті болған бірнеше маңызды заңдылықтарды ашты. Мектеп мұғалімдері ең алдымен тән-дене дамуы заңдылықтарына арқа сүйегені жөн:

Жас уақытта баланың тән-дене дамуы жылдам әрі жедел; ал баланың жасы ұлғаюымен дамуы желісі бәсеңдейді.

Баланың тән-дене дамуы бір кезеңде – жылдам, ал екінші бір дәуірде –жәй.

Адам денесінің әрбір ағзасы өз желісімен дамиды, ал бүтіндей дене бөліктерінің дамуы тең емес әрі олардың арасында даму сәйкессіздігі байқалды.

Биологиялық дамумен тығыз байланыста рухани даму жүріп жатады. Ал бұл дамудың өзінде айтарлықтай ауытқулар көрінеді, олардың себебі жүйке жүйесінің жетілуі мен психикалық қызметтердің даму заңдылықтарында. Зерттеулер көрсеткендей, балалар арасындағы мәнді айырмашылықтар ең алдымен олардың ақыл-ес, зиятты әрекеттері деңгейінде, сана құрылымында, қажеттерінде, қызығуларында, сеп-түркілерінде, ізгілік қылықтарында, әлеуметтік даму деңгейінде байқалады. Рухани даму бірнеше жалпы заңдылықтарға бағынады:

1. Баланың жасы мен рухани даму желісінің арасында кері қатынасты тәуелділік бар: жас неғұрылым кіші болса, рухани даму соғұрылым тез; жастың ұлғаюымен рухани даму бәсеңдейді.

Адам дамуының сырлары жөнінде ой толғастыра отырып, Л.Н.Толстой жазған екен: «5 жасар баладан маған дейін – бір ғана қадам. Ал жаңа туған сәбиден 5 жасар балаға дейін – шексіз ұзақтық. Жатырдағы ұрықтан дүниеге жаңа келген балаға дейін – тұңғиық. Ал жоқтан ұрыққа дейінгі аралықты айыратын тұңғиық та емес, оны тіпті санамен сараптауға болмайды». Ұлы адамтанушы ғұламаның жеке басы сезгендерін кейін ғалымдар нақты ғылыми әдістермен дәлелдеді.

2. Балалардың рухани дамуында тепе-теңдік болмайды. Психикалық қызметтер мен рухани сапалардың негізінде болатын тұлға қасиеттері бірдей даму деңгейінде жүрмейді. Өмірдің кейбір кезеңдерінде нақты сапалардың дамуына сай ұнамды жағдайлар болып қалады. Бір сапалар тез, ал екінші біреулері – жайымен қалыптасып жатады.

3. Кейбір психикалық әрекеттердің дамуы мен қалыптасуы үшін тиімді (оптималь) мерзімдер болады. Қандай да сапалардың қалыптасуы үшін аса қолайлы болған жас кезеңдері психологияда сензитивтік кезеңдер деп аталады (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, В.А.Крутецкий). Сензитивтік себептері – ми мен жүйке жүйесінің пісіп жетілуіндегі теңсіздіктер және тұлғаның кейбір қасиеттерінің бұрыннан қалыптасқан сапалар негізінде орнығуынан. Әлеуметтену үдерісінде қабылданған өмірлік тәжірибе де үлкен маңызға ие.

Неліктен бала Маугли ересектердің қалыпты тілін игере алмады? Жауап анық – бұл сапаның қалыптасуы үшін сай болған сензитивтік кезең өтіп кеткен. Егер бала белгілі уақыт аралығында (1,5 – 2,5 жас аралығында) тілге үйренбесе, кейінгі кезеңдерде оны қалыпқа келтіру бірте-бірте қиындаса береді. Басқа да сапалардың: тән-дене, психикалық, әлеуметтік, инабаттық – қалыптасуы жөнінде де осыны айтуға болады. Бұлардың арасындағы күрделілері орнына келмейді. Мысалы, тура, тік жүруге үйренбегеннен қозғалыс және дене теңдігі (вестибуляр) аппараттары дамымайды. Дамудың сензитивтік кезеңдері жақсы зерттелген. Педагогтар ақыл-ес, инабаттық, әлеуметтік сапалардың қалыптасу кезеңдерін (кіші және орта мектеп жасы) үздіксіз бақылауға алуы шарт. Жақын уақыттарда американ психологтары мәселе, міндеттер шешу дағдыларының дамуына байланысты сензитивтік кезең 6-12 жастар аралығы екенін анықтаған. Осы кезең еленбей қалса, адамның жоғары деңгейдегі шығармашыл ойлау тәсілдерін игеруі өте қиындасады.

4. Адамның психикалық дамуының арқасында оның рухани сапалары орнықты, тұрақты, сонымен бірге өзгеріске икемді сипат ала бастайды. Тәрбие ықпалының өзі жүйке жүйесінің икемділігіне негізделген. Осы икемділіктен кейбір адам кемшіліктері толығып жатады, яғни адамның күшті ағзасы кемшіндеу болған мүшенің орнына қызмет жасайды. Мысалы, әлсіз ес орнына жоғары ұйымдастырылған танымдық әркеттер (ойлау, сөйлеу, қиялдау т.б.) қолданылуы мүмкін. Даму теңсіздігі – көп сырлы құпия құбылыс, кейде бұған біздің таңдануымыздың шегі болмайды, тіпті қиялымызға сыймайды. Мысалы, жасына сай болмаған кей сапалардың жылдам дамуы: Моцарт 4 жасынан музыкалық аспапты игеріп, 5 жасында шығарма жазған, 8 жасында алғашқы сонатасы мен симфония жазған, ал 11 жасында әлемге опера берді. Әйгілі музыкант және композитор Глинка 7-8 жасында бөлмесінде металл ыдыс-аяқтарды іліп қойып, «оркестр» жасаған. 2 жасқа енді жеткен Римский – Корсаков музыкалық есту елеңі және жадымен таңдандырған. 3 жасар Репин қағаздан әртүрлі әрекеттегі сұлу ат бейнелерін қиып үйренсе, ал 6 жаста бояулармен сурет сала бастаған. Пушкин алғашқы өлеңдерін жаза бастағанда 7-8 жасар бала екен.

Қандай да салада аса дарындылық көрсете алған балаларға вундеркинд (немісше «вундер» - ғажайып, «кинд» - бала) атауы берілген. Мұндай аса дарын иелері – жас балалар жөнінде қазіргі заман ғылымы не дейді? Олардың белгілі саладағы қабілеттерінің ерте оянғаны болмаса, басқа балалардан аса айырмашылығы жоқ. Дарынды балалар өзінің алдына қойған міндеттерін аз уақыт және күш жұмсап шешуге бейім. Бұдан олар шаршамайды, жеткен табысымен қанаттана түседі. Арнайы сынақтарда дарынды балалар нақты әрі тар салада жоғары қабілет көрсетуге бейім.

Сонымен, балалардың рухани және тән-дене дамуы тең жүріп жатпайды: бір кезеңдерде – жылдам, екінші бірде – шабан. Мұндайда мұғалімдер көптеген маңызды заңдылықтарды пайдалануы шарт. Әсіресе, қандай да тән-дене және рухани сапалардың дамуына қолайлы сензитивтік кезеңдердің болатынын есте ұстауы қажет.
4.4. Әрқилы жас шағындағы балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері
Кіші мектеп жасы (6-10 жас). Алты жаста баланы өміріндегі үлкен өзгерістер күтіп алады. Мектеп жасындағы оқу-үйретім оның іс-әрекетіндегі, басқа адамдармен араласып, қатынас жасауындағы ірі ауысымдармен байланысты. Бұл кезеңдегі оның жетекші іс-әрекеті – оқу-үйренім. Осыған орай баланың тіршілік қалпы өзгереді, жаңа міндеттер пайда болады, төңірегіндегі адамдармен қатынасы да жаңа сипат ала бастайды.

Биологиялық тұрғыдан кіші жастағы балалар екінші толығу кезеңіне енеді: бой өсуі бәсеңсеп, салмағы едәуір арта түседі, тән сүйектенуі байқалады, дегенмен, бұл үдеріс осымен тоқтамайды. Бұлшық еттер жүйесі жедел дамуда болады. Қол білезігінің нәзік бұлшық еттерінің дамуымен майда қимылдар жасау қабілеттері көтеріліп, бала шапшаң жазу дағдыларын меңгере бастайды. Бұлшық ет күш-қуаты артады. Бала ағзасының барша ұлпалары даму қалпына түседі.

Кіші оқу-үйренім жасында жүйке жүйесі жетіліп, бас миы үлкен жарым шарларының қызметі жедел дамиды, ми қабығының талдау және біріктіру қызметтері күшейе түседі. Бұл жаста бала миының салмағы ересектер миының салмағына жетіп, орташа 1400 г дейін ауырлайды. Бала психикасы да жылдам дамуға кезігеді. Қозу және тежелу үдерістерінің ара қатынасы күшейе түседі, бірақ бұған дейінгідей қозу үдерісі басымдау келіп, кіші мектеп жасындағы бала өз қызбалығына тоқтау бере алмай қалады. Сезім мүшелерінің қызмет дәлдігі көтеріледі. Мектепке дейінгі жаспен салыстырғанда бұл жаста түр-түс байқау 45 ұлғаяды, буын-бұлшық ет сезімдері 50 жақсарады, көру 80 асады (А.Н. Леонтьев).

Кіші шәкірттің танымдық іс-әрекеті оқу-үйренім үдерісінде өтіп жатады. Қарым-қатынас, сөйлесу аймағының кеңеюі де аса жоғары маңызға ие. Шәкірттердің жеделдескен дамуы мен қалыптасуы не дамуы қажет сан қилы, әрі сан жетпес жаңа сапалардың көптігі педагогтардан бүкіл оқу-үйретім, тәрбие іс-әрекеттерінің қарқынын, бағдарын мақсатқа тәуелді түзуді талап етеді.

Кіші жастағы балалардың қабылдауы тұрақсыздығы және шашыраңқылығымен ерекшеленеді, дегенмен, солай бола тұра, бұл қасиет өте өткір де сезімтал, жас балғынның “бақылау құмарлығы” басым. Мектеп есігін енді ашқан бала 9 бен 6, жұмсақ “ь” және жуан “ъ” белгілерді “р” әрібімен шатастырады, алайда өзі үшін жаңалық болған төңірегіндегі өмірге қызықсына назар аударып, онда болып жатқан құбылыстарды жай сезімімен қабылдау дәрежесіне жетеді. Талдау, қабылдау барысындағы жүктеме қабілетінің әлсіздігінен болатын олқылықтар жарқын көріністі көңіл-күй қабылдауымен толықтығын табады. Сезіммен қабылдауды арқау ете отырып, тәжірибелі мұғалімдер өз шәкірттерін біртіндеп мақсатты таңдауға және көруге үйретеді, бақылағыштығын дамытады. Мектептің алғашқы сатысын бала мақсат бағдарлы ерекше іс-әрекет болған қабылдауды күрделендіре әрі тереңдете меңгеріп, оның талдау, жіктеу дәрежесін көтереді. Бала қабылдауы ұйымдасқан сипат алады.

Кіші жастағы балалардың зейіні ырықсыз, тұрақтылығы кем, көлемі шектелген. Осыдан бастауыш мектеп баласының оқу-үйретімі, тәрбиесі зейін мәдениетін баулуға бағытталады. Мектеп өмірі баладан ырықты зейінге үздіксіз жаттығып, оны мақсатқа орай шоғырландыру үшін ерік күшін қоса білуге үйренуді талап етеді. Ырықты зейін көптеген басқа қызметтермен, әсіресе, оқу-үйренім сеп-түрткілермен, ынта-ықыласымен, оқу-үйренімнің іс-әрекетінің табысына деген жауапкершілік сезімімен бірге дамиды. Бастауыш мектеп шәкірттерінің ойлау қабілеттері көңіл-күй бейнелі қалыптан дерексіз-қисынды (абстракт-логикалы) қалыпқа бағыттала дамиды. К.Д.Ушинский педагогтар назарын баланың ойлау қабілеттерінің ерекшеліктеріне аудару мақсатымен: “сәби формамен, түр-түспен, дыбыстармен, жалпы түйсіну арқылы ойлайды”,- деп ескертеді. Алғашқы саты мектебінің міндеті- баланың ойлау әрекетін жаңа сапалық деңгейге жеткізу, зердесін себеп-салдарлы байланыстарды түсіну дәрежесіне көтеру. Мектеп жасына бала тәуір дамыған қабылдау және еске қарағанда салыстырмалы әлсіз дамыған ойлау қабілетімен енеді. Ал бұл қабілеттің дамып, жоғары зерделікке көтерілуі тікелей мектеп тәрбиесіне байланысты. Отбасы не қоршаған орта тәрбиесінің зерделік дамуды толықтай қамтамасыз етуге әлі жетпейді. Бұл орайда мектеп мұғалімінің ықпалы орасан мәнді. Зерттеулер көрсеткендей, оқу-үйретім, тәрбие үдерісінің әрқилы ұйымдасуынан, оның мазмұны мен әдістемесін, танымдық іс-әрекеттерді ұйымдастырудан кіші мектеп жасындағы баланың ойлау мүмкіндіктері сан түрлі сипат алады.

Балалардың ойлауы олардың сөйлеуімен өзара байланыста дамиды. Бүгінгі төртінші сынып шәкіртінің сөздік қоры шамамен 3500-4000 сөзді қамтиды. Мектеп ықпалы баланың сөздік қорын байытудан ғана көрінбей, оның аса маңызды келген ауызша және жазба ой өрнектеу ептіліктерін меңгеруінен байқалады.

Адамның танымдық іс-әрекетінің дамуында естің (жадтың) маңызы үлкен. Бастауыш мектеп тәрбиеленушісінің табиғи мүмкіндіктері өте ауқымды: оның миы есіткенін сөзбе-сөз есте қалдыруға қабілетті, егер мектеп жасына дейінгі бала 15 сөйлемнің 3-5-ін ғана жадында сақтай алса, кіші мектеп жасындағы 6-8 сөйлемді қиналмай есінде қалдыра алады. Оның жады көбіне көрнекі, қызықты, нақты да жарқын материалды қалтқысыз жадта сақтайды. Алайда, бұл жастағы шәкірттер өз жадын орынды пайдалана алмайды, оны тәлім міндеттеріне бағындыруға қиналады. Осыдан мұғалімдер жадта қалдыруға қажет өзіндік бақылау ептіліктерін, өзіндік тексеру дағдыларын, оқу-үйренім еңбегін саналы ұйымдастыруға үйретуде біршама қиыншылықтарға кезігеді.

Кішкентай шәкірттің тұлғалық кемелі ересектермен (мұғалімдермен) қатар-құрбыларымен (сыныптастарымен) түзілетін жаңа қатынастар, жаңа іс-әрекет пен пікір алысу, толып жатқан ұжымдық жүйелерге (жалпы мектептік, сыныптық) ену аясында қалыптасады. Онда әлеуметтік сезім бірліктері дамып, қоғамдық әрекет-қылық, мінез-құлық дағдылары (ұжымшылдық, өз қылықтарына жауапкершілік, жолдастық, достық, өзара жәрдем т.с.с.) қалыптасады. Кіші мектеп жасы адамгершілік-инабаттық сапалардың, тұлғалық ұнамды бітістердің қалыптасуына қолайлы мүмкіндіктерге ие. Баланың бұл жастағы икемшілдігі мен иланғыштығы, сенгіштігі, еліктегіштігі, мұғалімге тән үлкен бедел мен абырой болашақ тұлғаның жоғары іззеттігі мен инабаттығының орнығуына аса тиімді алғы шарттар жасайды. Адамгершілікті әрекет-қылықтың негіздері дәл осы кіші мектеп жасында қаланып, тұлғаның әлеуметтену үдерісіне зор ықпалын тигізеді.

Бастауыш мектеп өз тәрбиеленушілерін ақылмен ұйымдастырылған, олардың әлі жететін, тұлғаның әлеуметтік сапаларының қалыптасуында маңызы өте жоғары өндірістік еңбекке араластыруы әбден қажет. Балалардың орындайтын жұмыстары өзіндік қызмет, ересектер мен жоғары сыныптағы аға, әпкелеріне жәрдем сипатында өтеді. Балалардың өз ынталылығы, өзіндік қызмет қабілеті мен бәсекелестігінің жарқын көрінісін беретін ойын мен еңбек ұштастығы жақсы нәтижелерге жетелейді. Кіші мектеп шәкіртінің жарқын да тосын құбылыстарға ұмтылысы, сиқыр мен қатерге толы ғажайып дүниені тануға деген ниеті, шегінен тасыған әрекет тынымсыздығы - осының бәрі де еңбеккерлікке, қозғалысты мәдениетке, ұжымдық қызмет дағдылары мен жан-жақты белсенділік дамытушы, пайда мен рахатқа бөлеуші саналы ойында қанағат табуы тиіс.



Орта мектеп жасы (10-11 ден 15 жасқа дейін) - балалықтан бозбалалыққа өту шағы. Бұл жас шағы екінші саты мектепте (5-9 сыныптар) оқу-үйретім кезеңімен сәйкес келіп, жалпы тіршілік мүмкіндіктерінің көтерілуі мен барша ағзаның тереңдей қайта түзілуімен сипатталады. Баланың жан дүниесі жартылай сәби, жартылай ересек психологиясымен ерекшеленеді: өз дамуында ол балалықтан “ажыраған”, бірақ ересектерге “қосыла” алмаған күйге түседі. Бұл кезең жасөспірімнің өзіне де, оның төңірегіндегілерге де көп қиыншылық туындатады.

Бұл жаста баланың барша ағзасы толастап өседі де дамиды. Бойы тез өседі (ер балалар жылына 6-10 см, ал қыз балалар 6-8 см қосады). Дене қаңқасы сүйектенеді, сүйектері шымырланып, қатаяды. Бұлшық еттерінің қуаты арта түседі. Ағзаның ішкі мүшелерінің дамуында теңсіздік байқалады: қан тамырларының өсуі жүрек өсімінен кешеуілдеп, жүрек әрекетінің ырғағы бұзылыс тауып, жиі соғады. Бозбаланың өкпе дамуы бәсеңсиді, дегенмен, оның тіршілік күші (ауа сиымдылығы) 3400 куб сантиметрге көтеріледі. Балалардың тән-дене дамуындағы теңсіздік олардың әрекет қылығына ықпал жасайды: қажетсіз көп дене қимылдарына әуес, қозғалысы ұйтқымалы, үйлесімі кем.

Жасөспірімдік шаққа тән ерекшелік - ағзаның жыныстық пісіп жетілуі. Қыздарда ол 11 жаста, балаларда - кейінірек, 12-13 жаста басталады. Жыныстық жетілуден ағза тіршілігіне ескерерліктей өзгерістер енеді, ішкі тепе-теңдік бұзылыс тауып, жаңа күйзелістерге душар етеді.

Жасөспірімдік шақта жүйке жүйесі дамуын жалғастырады. Бұл жастағы бала миының салмағы мен көлемінің ересектер миынан айырмашылығы жоқтың қасы. Сана маңызы артады, бас миы қабығының инстинкттері мен сезімдерді бақылау күші жақсарады. Алайда, қозу үдерістерінің қызметі тежелу үдерістерінен басымдау, осыдан жасөспірімге қызбалық тән келеді.

Бозбала қабылдауы кіші шәкірт қабылдауымен салыстырғанда біршама бағытты, жоспарлы әрі ұйымдасқан. Кейде бұл қасиет нәзіктігі және тереңдігімен байқалса, ал енді бір мезетте үстірттігімен сезіледі. Баланың бақылау нысанына деген қатынасы өз алдына ерекше. Қоршаған ортадан байқағанын оқу-үйретім материалымен байланыстыра алмау - орта мектеп жасындағы шәкіртке тән елеулі құбылыс.

Орта мектеп жасындағының зейініне байланысты бітіс - оның күшті таңдамалылығы, қызықты сабақтар мен көңілге қонымды істер бозбаланы өте еліктіреді, осыдан ол қандай да материал не құбылыспен ұзақ уақыт шұғылдануы мүмкін. Бірақ жеңіл қызбалығы, тосын жарқын затқа зейін аударғыштығы назарын бір заттан екінші затқа ырықсыз ауыстыра беруіне себепші болады. Жас өспірімнің бұл қасиетін сабақ уақытында шаршаған шақта пайдалана, оқу-үйретім үдерісін ұйымдастырған тиімді келеді.

Бозбалалық жаста ой іс-әрекетінде елеулі өзгерістер көрініс береді. Ойлау қызметі жүйелілік, бірізділік, кемелді сипат алады. Дерексіз ой толғастыру қабілеті жақсарады. Нақты-бейнелі ойлау мен абстракт ойлау арасындағы қатынас өзгеріп, кейінгі қасиет дами түседі. Бала ойының сынау бітісі күшейіп, енді ол мұғалім не оқулық беделіне көзсіз бағына бермейді, өз пікірін алға тартып, пікір таластырумен қарсылық білдіруге бейім тұрады. Бұл шақ жасөспірімнің шығармашыл ойының дамуына өте қолайлы. Осы икемшіл (сензитив) кезең мүмкіндіктерін жіберіп алмау үшін шәкірттерге проблемді міндеттерді шешуге, салыстыруға маңызды болғанды бөліп алуға, ұқсастық пен айырмашылықты ажырата табуға, себеп-салдарлы тәуелділіктерді тануға арналған тапсырмаларды беру қажет.

Ой-өріс дамуы бозбаланың сөйлеу қабілетімен тығыз байланыста өтеді. Енді ол өз айтарын дұрыс анықтамаларға келтіріп, қисынды негізге келіп, дәлелді тұжырымдармен өрнектеуге тырысады. Сөйлемдері күрделеніп, сөз саптауы көркем әрі құлаққа жағымды сипат алады.

Жасөспірімдік кезеңде тұлғаның адамгершілік және әлеуметтік қалыптасуы жеделдеседі. Алайда баланың өз әрекет қылығында ұстанымға алған инабаттық мұраттары, құндылық танып бағалау жүйесі, іззеттілік принциптері әлі жеткілікті дәрежеде бекімеген, жолдастарының ықпалы не өмір қайшылықтары оларды жеңіп, ауыстырып жіберуі тіпті мүмкін.

Бозбаланың іззеттілік және әлеуметтік қылықтарының орнығуында сезімдер маңызы ерекше. Олар ырықты ойластырылған әрі қуатты келеді (кіші жастағылардың сезімі бейберекетті (импульсив). Өз сезімдерін бұл жастағы балалар бұрқасынды танытып, кейде өз сезіміне иелік ете алмай да қалады, әсіресе, ашуға булыққанда. Педагогтар мен психологтардың көбі бозбалалық шақты ауыр дағдарыс кезеңі ретінде бағалайды. Осыдан бала қыңыр, менмен, бар білгені ішінде, тұйық күйге түседі. Бұл жасты зерттеушілер тіпті “апаттар шағы” деп те атайды. Сондықтанда жасөспірімдердің рухани дүниесіне, сезім көріністеріне аса мұқияттылық пен әдептілік сақтай қатынас жасаған орынды. Жасөспірім жан дүниесіне байланысты аса күрделі мәселе - баланың наным-сенімдері, адамгершілік ниеттері мен ұғымдарының оның әрекеттері, қылықтары және мінез бітістеріне сәйкес болмай қалуы: ниеті түзу бола тұрып, істеген ісі адам шошынарлық.

Бозбаланың адамгершілік мұраттары мен наным-сенімдері әрқилы жағдаяттар ықпалында қалыптасып, көп түрлілігімен көрінеді. Ұнамды бағыттағы сапалармен бірқатар көптеген қателікті, жетілмеген, тіпті тұлға бойына жат қасиеттер орын алуы мүмкін. Ер балалар күшті де батыл, ержүрек адамдарға еліктеп, соларға табынады. Кейде батырлық-батылдық шек өлшемдерін айыра алмай, ержүректігі жауыздыққа, тәуелсіздігі-сатқындыққа, өзіне деген құрмет - өзгеге озбырлыққа өткенін байқамай қалады. Қыз балалардың да жалған мұраттар шырмауына түсіп жататыны бар. Дәстүрлі,қыз балаға тән ұнамды құндылықтар қоғамға жат, әлеуметтік сиымсыз сапалармен алмастырылады. Осыдан жасөспірім қыз жөзекшелікті, жалғандылықты, жатып ішерлікті кінәламай, тіпті қылмыстылармен таныстығын дәріптейтіндері де кездеседі.

Бозбалалық кезең соңына таман шәкірттер алдында кәсіп таңдау мәселесі пайда болады. Жасөспірімдердің көбі адал, ақ ниетті еңбек мәнін дұрыс түсініп, болашаққа жасаған қадамын жауапкершілікпен бастауға ынталы. Дегенмен, соңғы жылдардағы зерттеулер айғақтағандай, үстіміздегі нарықтық заман, онымен бірге кейінгі уақыттарда мектеп беделінің түсуі балалар дамуындағы дағдарысты (инфантилизмді), немқұрайлылық пен әлеуметтік болымсыздықты өршітіп жіберді. Болашақ өмірін заттасқан өнім саласындағы еңбекпен ұштастырушылар ғана емес, тіпті жалпы еңбектенуге құлықсыздар көбейіп бара жатыр. Адал еңбеккер бұл күнде мұратты үлгі болудан қалды.

Орта жас шәкірттерімен тәрбие жұмыстарын алып бару- өте маңызды да, күрделі де міндеттердің біріне айналып барады. Педагогтар қазіргі таңдағы жасөспірімдердің дамуы мен әрекет-қылығы ерекшеліктеріне аса мән беріп, нақты өмірдің күрделенген әрі қайшылығы мол жағдайларына өзін бала орнына қойып, оларды тереңдей түсінгені жөн. Бұл қазірде күннен-күнге үдеп жатқан бозбалалардың мұғалімнен алшақтауын, мектеп пен қоғамнан безуін азда болса, кемітудің бірден бір дұрыс жолы. Орта мектеп шәкірті дәләл-дәйекке құлақ асады, ақылмен келтірілген негіздемелерді мойындайды. Мектеп өмірін демократияландыру, қалаулы шұғылдану, ұжымның еркін таңдаулы істері: қызығу пәндерін үйрену, игеру - осының бәрі жасөспірімнің өз бойы мен ойын тіктеп көрсетуіне, өзі қалаған пікірлерді қорғауға, қатар құрбылары және ересектермен тіл табысып, өзара түсінісуге қолайлы шарттар түзеді, түптеп келгенде, адамгершілік және әлеуметтік сапалардың қалыптасуына ұнамды тұғыр қалайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет