Дәріс жоспары:
1.Шылау, оған тән белгілер.
2.Жалғаулық, септеулік, демеуліктер.
3.Шылаулардың қызметі.
Дәріс мақсаты: Студенттердің шылау жайлы теориялық білімін толықтыру.
Тілімізде толық лексикалық мағынасы жоқ, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, немесе белгілі бір сөздердің жетегінде қолданылып, оған әр түрлі грамматикалық мағына үстеу үшін қолданылатын сөздер бар. Мұндай көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Болар ма сондай қызық шақ (Абай). Естелік әуезіңді бір түн біз де (Жамбыл). Өз ауылына баруға байлаған соң...(Әуезов). Ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда (Абай). Ақырында Нілді мен Қарағандыны Боздақ пен Байжандікі деп тапты. Берілген сөйлемдердегі ма, де, соң, менен, мен – шылау сөздер. Бұлар жеке тұрғанда толық мағынасы жоқ, өзі қатысты сөзге әр түрлі мағыналық рең үстейді, және салаласа, сабақтаса байланысатын сөздер мен сөйлемдерді байланыстырады. Шылау сөздердің толық мағынасы болмағанмен, атқаратын қызметіне тән грамматикалық мағынасы болады. Осымен байланысты шылаудың өзіндік мынадай ерекшеліктері бар:
1. Шылау сөздердің толық лексикалық мағынасы болмайды;
2. Контексте толық мағыналы сөздердің жетегінде қолданылып, оған қосымша әр түрлі грамматикалық мағына, рең үстейді;
3. Шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді сабақтастыра не салаластыра байланыстырады;
4. Сөйлем ішінде синтаксистік қызметіне қарай жеке сөйлем мүшесі бола алмайды; 5. Шылау сөздер түрленбейді, басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Олар – лексикалық мағынасынан айрылу негізінде қалыптасқан көмекші сөздер.
Шылаудың түрлері
Шылау сөздер білдіретін әртүрлі грамматикалық мағыналары мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.
Жалғаулықтар:
Қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықтар лексикалық мағынасы жоқ, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді әр түрлі ыңғайда (мағыналық қатынаста) салаластыра байланыстыратын сөздер. Мысалы: Наданның түсінгені көп пен дүрмек (Абай). Қадірдің киімі жұқа, әрі денсаулығы да мықты емес (Мұқанов). Әй,ол жеңер сені, себебі келешек онікі ғой (Сонда). Берілген мысалдардағы пен, мен жалғаулықтары сөзді сөз бен сөзді ыңғайластық және байланыстырып тұр, әрі, себебі жалғаулықтары сөйлем мен сөйлемді ыңғайластық және себеп – салдарлық мәнде салаластыра байланыстырып тұр. Жалғаулықтар сөйлемнің сыңарларын әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстырады. Осындай мағыналық қатынастармен байланысты олар бірнеше топтарға бөлінеді: 1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі.
2. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен. 3.Талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки,кейде. 4.Себептік жалғаулықтар: себебі, өйткен, неге десең. 5. Себеп – салдарлық жалғаулықтар:сондықтан, сол себепті, себебі, өйткені.
6. Шарттық жалғаулықтар: егер, егерде, онда.
Ыңғайластық жалғаулықтар
Жалғаулықтың бұл тобына мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі шылаулары жатады. Ыңғайластық жалғаулықтар біріңғай салаласа байланысатын сөйлем мен тең дәрежедегі сөздер, сөз тіркестерін байланыстырып, ыңғайластық қатынасты білдіреді. а) Мен, бен, пен, менен, бенен, пенен жалғаулықтары әр түрлі сөз таптарынан жасалған сөйлемнің біріңғай мүшелерін байланыстырады.
Сөйлемнің біріңғай мүшелері есім сөздер, қимыл атаулары, заттанған сөздер болып келе береді. Балаға тең көрінер бай мен кедей (Торайғыров). Байлық қанағат пен еңбекте (Алтынсарин) деген сөйлемдердегі мен, пен жалғаулығы біріңғай зат есімдерді (бай мен кедей, қанағат пен еңбек) ыңғайластыра байланысып тұр. Сөздер, сөз тіркесі мен шылауы арқылы байланысқанда, жалғау соңғы сыңарына жалғанады. Сезімі мен сұлуын, жорғасы мен жортқасын ноқталап...(Әуезов) деген сөйлемдегі мен шылауы байланыстырып тұрған сезімі, сұлуын табыс септігінде тұрғанымен, жалғауды соңғы сыңар қабылдаған. ә) Және жалғаулық шылауы бір тұлғада есім сөздер мен етістіктерді ыңғайластыра байланыстырады. Сені ойда орыс, қырда қазақ түгел біледі және сыйлайды (Әуезов). Бұл жиында Ызғұтты, Жақып сияқты үлкендер және баладан Құдайберді, Абай бар (Сонда) деген мысалдардағы және жалғаулығы біріңғай сөздерді даралап, атап байланыстырған. Және жалғаулығы салаласа байланысатын құрмалас сөйлемдердің сыңарларын бір-бірімен ыңғайластыра байланыстырады. Қонақ аз және өздерінің құрбылары ғой (Мүсірепов). Сіздің қолыңыз босай қоймас және босағанмен бұл жұмыс сізге ауыр тиер (Әбішев). Және жалғаулығы жай сөйлемдерді құрмаластыруда өте сирек қолданылады, ал құрмалас сөйлемдердің құрамының сыңарларының мағыналық қатынастары жағынан өзара бір – біріне жақын болып келеді және ондағы айтылған ойды толықтыра, айқындай түседі. Бұл биенің құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және бұл бие ерте құлындайды. (Әуезов). б) әрі жалғаулығы зат, құбылыс, қимылдың әр түрлі қасиеттерін сапасын білдіретін сөздерді ыңғайластыра байланыстырады, әрі оған даралау ерекшелік мағынасын береді. Қазақ тілі әрі бай, әрі көркем тіл (Әуезов) деген мысалдағы әрі жалғаулығы есім сөздердің ыңғайластыра байланыстырып және оларға ерекшелік, даралық мағына үстеп тұр. Әрі жалғаулығы баяндауыш қызметінде жұмсалған сөздерді байланыстырғанда, қимылдың бір затқа тән екендігін білдіреді. Жатақтың бала-шағалары мен кәрі-құртаңдары әдемі ат мінген жігітке әрі таңданып, әрі жатсырап қарайды (Мүсірепов). Мұнда әрі шылауы байланыстырып тұрған таңдану, жатсырап қарау қимыл іс – әрекеттері бала-шағаға, кәрі-құртаңдарға тән екендігін білдірген. Әрі жалғауы біріңғай сөздердің алдында қайталанып, қолданылып отырса, онда сол затқа, сапа, қимылға ерекше мән беріп, ыңғайластыра байланыстырады. М: «Сата ма, сатпай ма, оны өзі біледі» дегенге Боздақ би тағы да түсіне алмай, әрі көтеріліп, әрі күрмеліп қалып еді. (Мүсірепов).
Әрі шылауы салаласа байланысқан құрмалас сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстырады. Жас көңіл тың жер тәрізді, не ексең, сол шығады, әрі мол шығады (Мұстафин). Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі Семейдің үркек қорқақ чиновниктерін сескендіру де бар (Әуезов).
Әрі жалғаулығы құрмалас сөйлемдерді байланыстырғанда, және шылауынан да сирек қолданылады.
в) да, (де, та, те) жалғаулықтарының қызметі, мағынасы – сөз бен сөзді, сөз тіркестерін салыстыра байланыстырып, сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстыру. Бұл жалғаулық біріңғай мүшелерді байланыстырғанда, қайталанып қолданылады: Өзі де баласы да үндемейді. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген жан. Жаза да алады, сөйлей де алады. Сонымен бірге кейде бұл жалғаулық біріңғай мүшелердің арасында қайталанбай да қолданылады. Жойқын жұрт ерінбейді де жалықпайды(Мүсірепов). Дауысы ащы да қатал, зілді де кекті шығады. (Сонда) деген мысалдардағы да жалғаулығы біріңғай мүшелер ерінбейді, жалықпайды, ащы, қатал, зілді сөздерін бір – бірімен ыңғайластыра байланыстыру қызметін атқарып тұр.
да, (де, та, те) жалғаулықтары салалас құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстыру қызметінде қайталанып та, қайталанбай да қолданыла береді. Арбаға урядник пен Елизавета қатар отырыпты да, Быков көшірдің қасына орналасты (Мүсірепов). Ұлпан Есенейді аяп та кетті (Мүсірепов)деген мысалдардың бірінші сөйлемінде да жалғаулығы қайталанбай келсе, екінші сөйлемде екі компонентте да қайталанған. Қайталанып қолданылған да жалғаулығы құрмалас сөйлемнің екінші сыңарын ыңғайластыра байланыстырып қана қоймай, өзі тіркескен сөздерге де ой екпінін түсіріп, оны күшейте ерекше айту үшін де қолданылады. Одан арғыны Игілік айтқан да жоқ, қасындағылары сұрай алған да жоқ (Мүсірепов).
да, (де, та, те) шылаулары сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарында келіп, қарсылықты мағынаны білдіріп, сөйлемнің екі компонентін сабақтастыра байланыстырады. Степан қанша түсіндірсе де, шанаға ешқайсысы мінген жоқ (Мүсірепов). Қайшылығы бола тұрса да, ол тамаша адам еді. (Сәрсенбаев).
Қарсылық мәнді жалғаулықтар
Қарсылық мәнді жалғаулықтарға бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары жатады.
Қарсылықты жалғаулықтар салаласа байланысатын сөйлемдер арасындағы қарсылық мәнді білдіру үшін қолданылады. Әрине, көп үй мәселесі оңай шешілген жоқ, бірақ оңай шешілмеуінің өзінде үлкен дұрыстық бар еді (Мұстафин). Беті, түсі анық белгілі емес, бірақ бір үлкен мол батпан құйрық оралып келе жатқан сияқты (Әуезов). Бірақ шылауы арқылы байланысқан сөйлемдердің мағынасы бір-біріне қарама-қарсы болып келеді.
Бірақ жалғаулығы жай сөйлем басында да жиі кездеседі.
Бірақ осы соңғының саны көп емес, хабары да анық, толық дәл де емес (Әуезов).
Осымен қатар бірақ шылауы сөйлемде анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыштарды да байланыстырады. Аласа, тақыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады (Әуезов) деген сөйлемдерде алдыңғысында біріңғай анықтауыштарды, соңғысында біріңғай баяндауыштарды байланыстырған. Қарсылықты мағынаны білдіретін бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары тілде бірақ шылауынан сирегірек кездеседі. Бұлар тек құрмалас сөйлем құрамында ғана қолданылады, олардың да өзіндік стильдік ерекшеліктері бар.
Талғау мәнді жалғаулықтар
Жалғаулықтың талғау мәнді білдіретін түрлеріне мына шылаулар жатады: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я,яки,кейде, мейлі, бір. Біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсе қызарлық қылып, көз алартпақ лайық па? (Абай). Әлде көштен қалғандықтан ба, әлде Жабайға жаны ауыра ма, әйтеуір жүзінде едәуір қуаңдық бар. (Мүсірепов). Кейде бұзақылыққа , кейде дұрыстыққа еріп кететіндігі бар (Сонда). Бұл сөйлемдердегі я, әлде жалғаулықтары салалас сөйлемнің екі сыңарын байланыстырса, кейде шылауы бірыңғай сөздерді де байланыстырып, бірінің ғана талғанатынын білдіру үшін қолданылған. Талғаулықты жалғаулықтардың әрбіреуінің өзіндік мағыналық қолданылу ерекшеліктері бар.
Талғау мәнді я, яки, не, мейлі, әлде шылаулары жай сөйлем сайын, басында қайталанып келе береді. Не билікті, не ауылнайлықты бермей отыр (Шәріпов). Біресе, бір жалғаулықтары іс – әрекеттің кезекпен бірінен соң бірі қайталанып отыратынын білдіру үшін қолданылады. Біресе Ақжелкеге, біресе тілмашқа кезек – кезек, жалтақ – жалтақ қарайды (Әуезов).
Бір шылауы етістіктердің тікелей алдында келіп қолданылады. Қосқа бір кірдім, бір шықтым (Мұқанов).
Себеп мәнде жалғаулықтар
Себептік қатынасты білдіретін жалғаулықтарға өйткені, себебі шылаулары жатады. Бұл шылаулар салалас құрмаластың жай сөйлемдерін байланыстырып, соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдегі іс – әрекеттің себебін білдіреді. Ешкім үндемейді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де қарт әйелдің дауысын білетін (Нұрпейісов). Әй, ол жеңер сені, себебі келешек оныкі ғой. (Мұқанов). Бұл мысалдардағы себебі, өйткені шылаулары алдыңғы сөйлемде болған іс – әрекет, жай – күйдің болу себебін көрсету үшін қолданылып тұр.
Салдар мәнді жалғаулықтар
Салдар мәнді шылауларға сондықтан, сол себепті жалғаулықтары жатады. Олар құрмаластың жай сөйлемдердің арасында қолданылып, соңғы сөйлем құрамына енеді. Бұлар болған іс – әрекеттің нәтижесін, салдарын білдіру үшін қолданылады. Оңай алдаймын дейтін, сондықтан оңай алданатын анайы мінездері жоқ емес (Мүсірепов). Ал мынау өз бетімен тәрбиеленген, сондықтан ол қисық болып өскен (Алтынсарин) деген құрмаластардағы екінші жай сөйлемдердегі салдарлық мағынаны білдіруге қатысып тұрған жалғаулық – сондықтан.
Шарт мәнді жалғаулықтар
Сөйлемдер арасында шарттық қатынасты білдіруге егер, онда шылаулары қызмет етеді. Шарттық жалғаулық егер құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының басында қолданылады да, онда басыңқы сыңардың бас позициясында тұрады. Сонау бақша ішінен табылармын, Егер мені іздесең көңіліңе алып (Абай). Сонымен бірге егер, онда шылаулары болмаса да, баяндауышы –са\-са шартты рай жұрнағы арқылы жасалған сөйлемде шарттық қатынасы бұзылмайды. Қолдан келген жәрдемі, Тұрлығұлдан бір түйе әперуге жараса, сенен аямас едім (Торайғыров)
Достарыңызбен бөлісу: |