Бұдан шығатын қорытынды: түбір морфема – сөздердің қандай да лексика-граммтикалық топқа (қай сөз табына) жататындығына қарамастан, олардың бәріне бірдей тән, күллісіне ортақ, баршасына бірдей негізгі ұйытқы болатын элемент те, негіз – белгілі бір лексика-граммтикалық топқа (сөз табына) қатысты бір сөздің әр түрлі формаларының бәріне бірдей ортақ ұйытқы.
Түбір морфема сөздердің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін және негізгі лексикалық мағынаны білдіретін түп бөлшегі болса, негіз, әдетте түбір мен жұрнақтың қосындысынан жасалады. Мысалы:күйші, малшы, достық, таулы, өрле, бағала.
Қырғыз тіл маманы Б.М.Юнусалиев «Қырғыз лексикологиясы» атты еңбегінде жақ, жан деген етістіктердің түбірі – жа, ал –қ – сабақты етістікті тудыратын жұрнақ та, жан деген етістіктің құрамындағы –н салт етістікті тудыратын жұрнақ деп қарайды. Бұған қарағанда жа морфемасының қазіргі тілде өз алдына дербестігі жоқ алғашқы (көне) түбір екендігі көрінеді. Қазіргі тіл тұрғысынан алғанда жақ пен жан деген етістіктер құрамы ажыратылмайтын, яғни ары қарай бөлшектеуге келмейтін біртұтас морфемалар ретінде танылады. Ал бұлардың құрамындағы -қ және –н аффикстері алғашқы түбірге әбден сіңісіп кеткен де, бұл күнде олар аталған сөздердің құрамында аффикстер ретінде қаралмайды.Осылар тәріздес түбірлер мен аффикстердің бір-біріне кірігіп кетіп, біртұтас морфемаға айналу құбылысын кезінде профессор В.А.Богородицкий сіңісу(опрощение) құбылысы деп атауға болатынын айтқан.А.А.Реформатский «Тіл біліміне кіріспе» атты оқулығында алғашқы көне түбір мен аффикстің бір-біріне кірігуінен жасалып, бұл күнде бөлшектеуге келмейтін біртұтас морфеманы сіңіскен түбір (опрощенный корень) деп атаса, ағылшын тілін зерттеуші И.В.Арнольд оны сіңіскен негіз (опрощенная основа) деп атайды. Мәселен қазіргі қазақ тіліндегі бүлін, бүлік, жарық, жалын, моншақ, қайт, оят, оян, мөлдір, мөлтең, құтыл, құтқар, семір, семіз сөздері сіңіскен түбірлерге жатады.
Сөздің түбірін я оның морфологиялық құрылымын айқындау үшін, анықталатын морфема тілдегі басқа сөздерде ұшырайтыны я ұшырамайтыны ескерілуі қажет; егер бір морфема (түбір ме, қосымша ма – бәрібір) талданатын сөзден басқа тағы, ең кем болғанда, бір я бірнеше сөздің құрамында сол мағынада, сол қызметте жұмсалатын болса, онда олардың төркіні бір болғаны (үлкен және үлкейген, өксі және өкір, жой және жоқ, той және тоқ). Сонымен бірге, сөздің морфологиялық құрамы мен этимологиялық құрамы үнемі аумай, дәлме-дәл шыға бермейді. Өйткені морфемалардың аралығындағы мағыналық және грамматикалық қатынастар мен байланыстар біржолата жойылатындықтан, ол сөз өзінің бастапқы төркінінен біржола қол үзіп кетуі мүмкін (тын және тыныс, тыным; бол және болыс).
Өз алдына дербестігі жоқ, тек сөз құрамында түбір морфемаға жалғанып қолданғанда ғана, белгілі бір мағынаға ие болатын көмекші морфемалар аффикстік морфемалар немесе аффикстер деп аталатынын К.Аханов атап өтеді.
Аффикстер мағынасы мен қызметі жағынан түрлі-түрлі болып келеді. Олардың ішінде түбір морфемаға жалғанып, оның мағынасын нақтылай түсетін аффикстер бар (көлшік). Аффикстердің кейбірі дербестігі жоқ түбір морфемадан сөз тудырады немесе дербестігі бар түбір сөзден туынды сөз тудырады. Мысалы: орыс тілінде өз алдына дербес қолдана аламайтын оч – деген түбір морфема -ник деген аффикстің жалғануы арқылы толық лексикалық мағынасы бар сөзге (очник) айналған. Мұнымен бірге, осы аффикстің ( -ник) дербес сөз ретінде қолданыла алатын түбір морфемаға жалғануы арқылы туынды сөз жасалады (мысалы: ударник). Қазақ тілінде бүлік деген сөз бұл күнде өз алдына дербестігі жоқ бүл – деген түбірге (бүлін, бүлдір) –ік деген аффикстің жалғануынан жасалса, осы аффикстің өз алдына дербес сөз ретінде қолданыла алатын тіл деген түбір морфемаға (түбір етістікке) жалғануынан тілік деген туынды сөз жасалған. Дербестігі жоқ түбірден немесе дербестігі сақталған түбір морфемадан сөз жасайтын мұндай аффикстерді сөз тудырушы аффикстер дейміз. Сөз тудырушы аффикстердің мағынасы деривациялық мағына деп аталады.
Аффикстердің кейбіреулері сөз бен сөзді байланыстырып, олардың өзара қарым-қатынасын білдіреді. Мысалы: көлдің жағасы дегендегі –дің және –і аффикстері сөз тудырып тұрған жоқ, көл және жаға деген сөздерді байланыстырып тұр. Сөз бен сөзді байланыстырып, олардың бір-біріне қатысын білдіретін аффикстер сөз түрлендіруші аффикстер, ал олардың (сөз түрлендіруші аффикстердің) грамматикалық мағыналары реляциялық мағына деп аталады. «Жұрнақ түбір морфемадан сөз немесе сөз формасын тудырып, деривациялық мағынаны білдірсе, жалғау сөз бен сөзді байланыстырып, реляциялық мағынаны білдіреді»(48 бет.К.Аханов).
Орыс тілінде көмекші морфемалар немесе аффикстердің префикс, суффикс, флексия (немесе окончание) деп аталатын түрлері бар. Орыс тіліндегі суффикс қазақ тілінде жұрнақ деп аталады және түбірден соң жалғанады. Орыс тілінде суффикстермен барабар қызмет атқаратын көмекші морфема – преффикс. Суффикстер түбірден соң жалғанса, преффикстер түбірдің алдында тұрады. Түркі тілдерінде орыс тіліндегі тәрізді префикстер жоқ. Түркі тілдерінің бірі – қазақ тілінде беймаза, беймезгіл, бейтаныс, бейтарап, бейуақ, бейхабар, бейшара тәрізді сөздердің құрамында иран тілдерінен енген бей префиксі ұшырасады, бірақ ол қазақ тілінде префикс ретінде қызмет атқара алмайды, аталған сөздердің құрамында ғана қолданылып, бұл сөздер бөлшектенбейтін біртұтас сөздер ретінде ұғынылады.
Көмекші немесе аффикстік морфемалардың бірі – инфикс. Инфикс – сөз тудыруда немесе сөз түрлендіруде түбірдің ішіне қойылатын морфема. Инфикс латын тілінде, тогаль тілінде (индонезия тілдерінің тобына енетін тіл) ұшырасады.
Аффикстік морфемалардың ішінде ең жиі ұшырайтындары – жұрнақтар мен жалғаулар.
Жұрнақтар өз ішінде екі топқа бөлінеді: оның бірі – сөз тудырушы жұрнақтар (словообразующие суффиксы),екіншісі – форма тудырушы жұрнақтар (формообразующие суффиксы). Сөз тудырушы жұрнақ жалғанған сөзіне жаңа мағына үстеп, туынды сөз жасайды. Сөз тудырушы жұрнақтың жалғануы арқылы жасалған туынды сөздердің әрқайсысы дербес лексикалық единицаға айналып, сөздіктерде өз алдына бөлек(дербес) реестр сөз ретінде қаралады.
Форма тудырушы жұрнақтардың сөз тудырушы жұрнақтардан табиғаты басқаша, форма тудырушы жұрнақ өзі жалғанған сөзіне сәл ғана қосымша мағына үстейді, ол өзі жалғанған сөзінің мағынасын бұзбайды, өзгертпейді, түбірден лексикалық мағынасы басқа, жаңа лексикалық единица (жаңа сөз) тудыра алмайды(келген, келіп, келгелі).
Жұрнақтармен салыстырғанда, жалғаулардың қолданылу өрісі мен шеңбері анағұрлым кең. Жалғаулар белгілі бір сөз табына енетін сөздерді талғамай, олардың күллісіне бірдей жалғана береді. Мысалы, ұазақ тілінде зат есімдер тобына енетін сөздердің бәріне бірдей септік жалғаулары да, көптік жалғаулары да, тәуелдік жалғаулары да жалғана береді. Етістіктер жіктеледі. Жұрнақтар белгілі бір сөз табына енетін сөздердің күллісіне бірдей еркін қосыла бермейді де, олардың ішінде арнаулы бір тобына ғана жалғанады яғни жұрнақтар сөз таңдайды. Ал жалғаулардың сөздерге жалғану мүмкіндігі мен қолдану өрісі әлдеқайда кең.
Бір түбірден кемінде екі сөз тудыратын, дыбысталуы бірдей, мағынасы мен қызметі басқа-басқа аффикстер омонимдес аффикстер деп аталады:-ыт,-іт(құмарт, іркіт)-ын,-ін (киін,егін)-кі,-қы(күлкі,түнгі),-ғыш,-гіш(сыпырғыш,жазғыш)-ды,-ді(ақылды, барды, барады).
Аффикстер білдіретін мағыналары жағынан алғанда дара мағыналы және көп мағыналы аффикстер болып бөлінеді. Мысалы: қалаға дегендегі -ға жалғауы тек бағыттық мағынаны білдіреді. Ал досымыз деген сөздегі -ымыз аффиксі әрі тәуелділік мағынаны, әрі жақтық мағынаны білдіреді.
Сөз құрамында келіп, бірден бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін аффикс көп мағыналы аффикс деп аталады.
Мағынасы мен қызметі бір-біріне ұқсас, өзара мәндес аффикстер синонимдес аффикстер деп аталады. Мысалы: -шақ,-шек,-қақ,-ғақ,-қыш,-ғыш, -қыр,-ғыр жұрнақтары қызметі жағынан ұқсастық, мағынасы жағынан өзара жақындық бар екенін көруге болады.Мысалы: ұрысқақ және ұрысқыш, тырысқақ және тырысқыш, білгіш және білгір, жұмыскер, жұмысшы.
Мағыналары бір-біріне қарама-қарсы аффикстер антонимдес аффикстер деп аталады. Антонимдес жұрнақтардың қатарына –лы,-лі, -ды,-ді,-сыз, -сіз жұрнақтары жатады (таулы–таусыз, сулы–сусыз).
«Сіңіскен аффикс деп морфологиялық сіңісу процесінде әр басқа аффикстердің ажырамастай болып, бір-біріне әбден кірігіп, бұл күнде біртұтас морфема ретінде ұғынылатын көмекші морфеманы айтамыз».
Достарыңызбен бөлісу: |