Мухангалиева Ж. К. Тарихи өлкетану


§2.3 Қазақстанды зерттеп-танудағы Ә.А.Диваевтың қызмет-



Pdf көрінісі
бет62/94
Дата19.03.2024
өлшемі1.82 Mb.
#496006
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   94
Myhangalieva J.K. Tarihi olketany. 2018

 
§2.3 Қазақстанды зерттеп-танудағы Ә.А.Диваевтың қызмет-
қайраткерлігі. 
Қазақстанның белгілі ғалым-этнографтарының саңылақтары қатарында 
бүкіл ғұмырын Қазақстан тарихы бойынша бай этнографиялық жадығаттарды 
жинауға, зерттеу мен жүйелеуге арнаған Әбубәкір Диваевтың орны ерекше.
Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевтың ұлты башқұрт. 1973 жылы Алматы 
қаласында жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясында оның туған жылы 
Орынбор қаласында (қазіргі Чкалов қаласы) 1856 жылы 19 желтоқсанда деп 
көрсетілген. Орынбор кадет корпусының Азия бөліміне түсіп, қазақ 
балаларымен бірге оқып, бірге тәрбие алады. Кадет корпусында оқып жүріп 
қазақ тілін үйреніп, Орта Азияның қазақ, қырғыз және өзге де халықтарының 
тарихы мен фольклорына аса қызығады, олардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына 
қатысты құнды жадығаттар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен шұғылданады.
1876 жылы корпусты бітірген соң шығыс тілдерінің маманы деген атақ 
алып, Түркістан генерал-губернаторының қарамағына қызметке келді. 
Алғашында Әулиеата уезінде, кейін төтенше жұмыстарды орындаушы болып 
Сырдария әскери губернаторының қарамағында істеді. Сырдария генерал-
губернаторы Н.И. Гродеков 1884 жылы қазақ, өзбек, қырғыз халқы ауыз 


141 
әдебиетiн жинауды қолға алып, бұл жұмысты жергiлiктi халықтың тiлiн, салт-
дәстүрiн жетiк бiлетiн Орынбор кадет корпусiнiң түлегi Ә. Диваевқа тапсырды. 
Ол араб, парсы тiлдерiмен қоса қазақ, өзбек, тәжiк тiлдерiн де жетiк бiлетiн едi.
Ә.Диваев белгiлi түркiтанушы В.Н. Наливкинмен, тарихшы, этнограф, 
филолог А.Н. Вышнеглярскиймен жүздесiп, ақыл-кеңес ала отырып, зерттеу 
жұмысының жоспарын жасады. Өзi жинаған жадығаттардың бiр тобын Ресей 
география қоғамының Қазандағы бөлiмшесiне жiберiп отырды. Сондай-ақ, 1886 
жылы Ташкентте шыға бастаған «Түркiстан уалаяты» газетiнде жариялады. 
1896 жылы Қазан университетi жанындағы археология, тарих және этнография 
қоғамы Ә.Диваевқа хат жолдап, аталған қоғамға мүшелiкке алғанын 
хабарлайды.
Бұл қоғамның белсендi мүшелерi; В.В. Радлов, В. Алекторов, Г.Н. 
Потанин, В.П. Наливкин, Н.П. Остраумовтар да түркi халықтарының 
мұраларын жинау, зерттеу iсiмен айналысатын. Этнограф-ғалым осы қоғамға 
өзi ел аузынан жинаған бай жадығаттарды және өзiнiң олар туралы жазған 
зерттеу мақалаларын жiберiп тұрды. Қазан университетiнiң ғалымы П.Н. 
Ахметов (Сахит Герей Ахметов) Диваев жiберген қолжазба жадығаттардың 
маңыздылығын жоғары бағалады.
1896 жылы 22 қаңтарда Ә.Диваев ТКЛА (Ташкентский кружок любителей 
археологии), яғни Ташкенттік археологияға қызығушылар үйірмесіне мүше 
болып қабылданып, 1917 жылға дейiн сол үйiрмеден қол үзбей қызмет етедi. 
Диваев кейiн Москва университетiнiң табиғаттану, антропология, этнография 
қоғамына мүшелiкке өтiп, оларға да көптеген жадығаттар жiберiп тұрды.
1918 жылы Түркiстан Халық Университетi ашылып, Диваевты осы 
университетке оқытушылық қызметке шақырады. Ташкент университетi 
кеңестiк Орта Азияның шығыстану орталығына айналды. Кейiннен одан 
шығыстану институты бөлiнiп шығып, онда көрнектi шығыстанушы ғалым-
академиктер қызмет еттi. Олардың iшiнде: В.В. Бартольд, С.Е. Малов, И.И. 
Зарубин, М.С. Андреев, М.Ф. Гаврилов, А.А. Семенов, В.М. Кун т.б. сияқты 
көрнектi ғалымдар болды.
1924 жылы Ташкентте қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерiнен құрастырған 
«Тарту» атты жинақ, ал 1926 жылы Қызылордада «Балаларға Тарту» жинағы 
шықты. 
Ә.Диваевтың жарияланған еңбектерінің көпшілігі төңкеріске дейінгі 
кезеңге жатады. Ол қазақ этнографиясына, ауыз әдебиеті нұсқаларына аса көңіл 
бөлді. Е.Бекмаханов белгілі этнограф, фольклортанушының 100-жылдық 
мерейтойына арнаған мақаласында, Диваев 1896 жылы: «Вся беда в том, что у 
кочевников нет ничего писанного, не говоря уже о печатном; до сего времени у 
них все передавалось из поколения в поколение устно… 
Вообще, если поинтересоваться кочевым киргизским бытом, можно 
добыть много ценного и интересного материала по этнографии, не бывшего 
еще никогда в печати», - деген ойын алға тарта отырып, ғылыми айналымға әлі 
түспеген этнографиялық, фольклорлық туындылардың құндылығын атап өткен.


142 
Бізге жеткен Әбубәкір Диваевтың Қазақстанның этнографиясы бойынша 
еңбектері әр түрлі жадығаттардан – шаруашылық тақырыптарына арналған 
мақалалар, қазақтың ұлттық ойындарынан және ауызша халық туындыларының 
жарқын үлгілері болып табылатын аңыздар, батырлар жыры, нақыл сөздер, 
мақалдар мен ертегілерден, т.б. тұрады. Бұл жадығаттардың құндылығы сонда, 
біріншіден, жадығаттарды кімдерден қандай жағдайда алғанын үнемі дерлік 
көрсетіп отырды; екіншіден, халықтың ұғымын, ауызекі сөйлеу тілі ерекшелігін 
сақтап, қағазға түсірген; үшіншіден, белгілі бір аңыздың тарихилығын, 
шындығын дәлелдерлік деректер қоса келтірді. Cолардың бірі, қазақ халқының 
еңбегі, шаруашылық өмірі жөніндегі «Мал шаруашылығы саласы» атты 
мақаласы ғылыми-танымдылығы жағынан өте құнды. 
«Мал шаруашылығы саласы» атты мақаласында Сырдария облысы, 
Перовск уезі, Жаңақорған болысының қазағы Абдулла Ниязов жөнінде: «Ол 
қазақтар істес болатын малдың әрбір түрін егжей-тегжейлі қарастырады; ол 
малдардың туғаннан өлгенге дейінгі тіршілігін, оларды бағып күту, ақыр 
аяғында, малдың белгілі бір тұқымынан әкелетін қазақтардың пайдасын 
сипаттайды», - деп оның еңбекқорлығына аса қызықса, - оны: «аса қадірлі, өте 
кемел, өз ғұмырында халқының тіршілігінің көптеген жақтарын көрген адам», - 
деп сипаттады. Одан әрі мақаласында: «Көшпелі қазақтардағы бар малды 
Ниязов бес топқа, атап айтқанда, түйе, жылқы, сиыр, қой мен ешкі деп бөледі», 
- деп көрсетіп, осы мал түліктерінің түрлеріне, олардың азықтары мен күтіп 
бағу тәртібін Ниязовтың баяндауы бойынша жазып, қазақтардың дәстүрлі 
шаруашылығы жөнінде құнды мәліметтерді қағазға түсірген. 
Қазақ ойындары мен ойыншықтарының жасалу шеберлігі, барысы да 
этнографты таң қалдырған. Сондықтан олардың мән-мағынасын егжей-
тегжейлі талдау жасаған. «Қазақ балаларының ойыны» мақаласында ер балалар 
мен қыздардың саз балшықтан жануарлардың түрлі мүсіндерін жасау, 
қуыршақтардың киім тігу қабілеттері көрсетіліп, «Соқыр теке», «Түйе-түйе», 
«Көк сиыр», «Үйшік-үйшік», «Бөрік жасырмақ», «Орда», «Домалақ ағаш», 
«Тақия теппек», «Шелек» ойындарының мазмұнын ашады. Сондай-ақ, «Қазақ 
жастарының ежелгі ойындары» мақаласында, тойда, айттарда ауыл 
жастарының ат жарыстарында ойналатын «Қыз қуу», «Көкпар», «Аударыспақ» 
т.б. ойындары жайында кеңінен мағлұматтар берген.
«Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде ойынның бала 
тәрбиесіндегі рөлін айта келіп, жас өспірімдерді негізінен үш топқа бөледі: бір 
жастан жетіге дейін – нәресте; жеті жастан он бес жасқа дейін – бозбала; ал он 
бестен отызға дейін – жігіт. Осыған орай ойындарды да сәбилер ойыны, 
бозбалалар ойыны және жігіттер ойыны деп үш топқа бөлген. Диваевтың 
ойынды үш топқа бөлгендегі тағы бір ескергені, біріншісі ежелгі қазақ 
ойындары, екіншісі қозғалмалы ойындар, үшіншісі спорт ойындары деп 
топтауы. Сондай-ақ, Ә.Диваев мына мәселеге ерекше көңіл бөлген: «бұл жерде 
менің айтарым, егер қыз баланың қолдан жасайтын қуыршақтары мен ер 
балалардың өздерінің балшықтан жасап алатын жылқы мен түйе сияқты 
жануарлар мүсіні болмаса, қазақтың балалар ойыншығы мүлде жоқ...».


143 
Бірақ: «... Дала тұрғындары балаларының ойыншықтары мүлде мұндай 
емес. Мұнда қазақтың қара баласы өз-өзіне түйе немесе ат түрінде ойыншықты 
балшықтан жасап алады, сондықтан да бұлар оның, балақайдың бүтіндей өнімі, 
шығармашылық қарекеті болып табылады». Шындығында балалардың өмір 
сүрген ортасына байланысты алған әсерлері олардың шығармашылық шабытын 
оятумен қатар өзін қоршаған дүниенің танып білуіне мүмкіндіктің бәрі ойын 
арқылы іске асатыны күмән тудырмаса керек. 
Диваев Шу мен Талас өңіріндегі мәдени мұраларды зерттеуге зор үлес 
қосты. Ол «Мавзолей Кок-Кесене» атты еңбегінде баяндалған аңызда Ақ кесене 
мен Көк кесене өңірін бұдан 300 жылдай бұрын Ұса мен Зеринг бастаған 
қалмақтар билеп-төстегені, ал Ақ Кесене мен Көк кесене ескерткіштері 
қалмақтардың билігінен де бұрын болғаны, оның әскери қарауылшылар тұрақ-
жай ретінде пайдаланғаны жайында аңыз-әңгімелер барлығы жайында жазады. 
Сондай-ақ, Саңырық батыр жайында да мәліметтер келтірді.
Ал «Көк Кесене» атауының маңызы туралы» атты мақаласында этнограф-
ғалым: «Ақ Кесене» және «Көк Кесене» терминінің шығу тегін айқындағым 
келгендіктен мен Перовск уезінің қазақтары Жүсіпбек Басығарин мен сұлтан 
Ерәлі Қасымовқа хат жаздым», - дей келе, олардың жауаптарын: «Бұл термин 
(Кесене) Басығариннің айтуынша, парсы (Кошан) сөзінен шыққан, демек 
«ғимарат» деген ұғым береді. Қазақтар болса, өздерінің қатқыл тілімен бұл 
сөзді «Кесене» деп атайды. «Көк» қосымшасы ғимаратқа ол көк түске 
боялғаннан қосылған болуы керек», - деп жазды. «Көк Кесене» атауының 
мағынасын анықтаумен қатар, бұл мақаласында «Көк Кесене» жөнінде бар 
анықтаған мәліметтерін көрсетті және Сунақ Ата киелі құрылысы туралы 
қызықты мәлімет келтірді: « ... бұдан әрі Қасымов мырза былай деп 
хабарлайды: киелі Көк Кесененің шығу тарихын ешкім айқын білмейді, сондай-
ақ бұл ғимараттың қай кезде салынғаны да белгісіз; тек Көк Кесене Сунақ 
Атамен бірге өмір сүріп келеді, бұл киелі құрылыс киелі Көк Кесенеден онша 
алыс емес жерде, керуен жолының бойында, Шиелі және Жаңақорған 
селоларының арасындағы қираған қала маңында жатыр». 
Жоғарыда тоқталған мақалалармен қатар қасиеті, киесі бар тұлғалар мен 
оларға арнап тұрғызылған кесенелер туралы зерттеулері «Бекет батыр», «Әулие 
Қорқыт атаның бейіті жөнінде бірер сөз», «Тағы да әулие Қорқыт атаның бейіті 
туралы» атты ғылыми-танымдық мақалаларында сипатталады. Соңғыларында 
Қорқыт Ата бейітінің су үңгіп, жоғалып кету алдында тұрғанын айтып, 
жергілікті әкімшіліктен адамзат мәдениеті тарихындағы қымбат ескерткішті 
қорғауға алуды сұрады.
Келесі мақаласында халықтық емдеу әдісі – бақсылықты зерттеп, өз 
талдауын берген. «Слово «баксы» происходит от джагатайского «бахши», что 
означает: лекарь, шаман, ворожея, колдун и т.д...» - дей келе, бақсылардың кім 
екендігін, қызметін жан-жақты ашады. Жалпы, оның бұл мақаласы бақсылық 
өнерінің жазбалық негізін қалаған зерттеулердің бірі болды.
Зерттеушінің жарияланған еңбектерінің ішінде Қазақстанның түрлі 
аудандарында қағазға түсірілген халық ертегілерінің көптеген үлгілері бар. 


144 
Олардың ішінде ескі салт-санаға байланысты «О Джалмавыз-кампыр», «О 
семиглавой джалмавыз-кампыр», байларды алдап, арбап, жарлыларды 
жарылқайтын Алдар көсе жөнінде «Алдар көсе мен Алаша хан», «Алдардың 
шық бермес Шығайбайға қонақ болуы» атты ертегілері де бар.
«О Джалмавыз-кампыр» ертегісінде қорқыныш дегенді білмейтін, батыл 
жамандықпен, қара күшпен күрескен еңбекқор бала бейнеленсе, ертегінің 
екінші нұсқасында Жанәділ деген адамның ерлігі, «О семиглавой джалмавыз-
кампыр» атты ертегінің үшінші нұсқасында үш мүгедек пен сұлу қыздың жеті 
басты алып, көзі дәу жалмауыз кемпірмен күресі сөз болады. Ертегінің үш 
нұсқасын да Диваев Шымкент уезіндегі молда Әли Махдибевтың айтуымен 
жазып алған. Бұл ертегінің бірнеше нұсқаларын қағазға түсіруге «қазақтар 
арасында бір-біріне сен өте сараңсың, жалмауыз кемпір секілді жан-
жағыңдағыларды жұтып жатырсың» деген сөздердің мағынасын түсінгісі 
келген ойы түрткі болған.
«Алдар көсе мен Алаша хан» ертегісінде Алдардың Алаша ханды алтынды 
егіп шығарамын деп алдап, айласын асырып ханның уәзірі болғаны баяндалса, 
«Алдардың шық бермес Шығайбайға қонақ болуы» атты ертегісінен Шығайбай 
деген байдың бойындағы жағымсыз қасиеттерінен сол замандағы тойымсыз, 
сараң адамдардың бейнесін көрсек, Алдар көсенің бейнесінен өте ақылды, 
Шығайбай секілді байлардың талайын алдаған сұм адам бейнеленген. Жалпы, 
Ә.Диваев жариялаған бұл ертегілерден халықтың әлеуметтік бейнесін, салт-
санасын көруге болады. Мазмұны жағынан олардың Орта Азияның өзге де 
түркі тілдес халықтарының ертегілерімен ұқсастығы байқалады. 
Ә.Диваевтың бай этнографиялық және фольклорлық жадығаттары 
қатарынан қазақтардың батырлар жыры жөніндегі жазбалары маңызды орын 
алады. Ол жинаған қазақтың батырлар жыры 1922-23 жылдары Ташкентте 
тұңғыш 9 том болып басылды. Бұл жадығаттар зерттеушілер үшін күні бүгінге 
дейін маңызды. Өйткені қандай ма болмасын батырлар жыры нақты тарихи 
оқиғалар желісінде пайда болған объективті дүниелер. Зерттеуші Т.Сдықов: 
«Батырлар жырында да, тарихи жырларда да ел қорғау тақырыбы басты орын 
алады. Оларда басқыншы жауларға қарсы күрес, Отанды қорғаудағы ерлік істер 
суреттеледі», - деп, сол шынайлықтың негізін көрсетеді. 
Батырлығы мен ел қоғаудағы ерлігі баян етілген «Алпамыс», «Қамбар 
батыр» жырларының бірнеше нұсқаларын, олардың ішіндегі ең толығын және 
ең көркем дегендерін фольклортанушы-ғалым баспа арқылы шығарып отырған. 
Мәселен, «Алпамыс» жырын 1896 жылы баспа бетінде жарияласа, «Қамбар 
батыр» нұсқасын Ә.Диваев алғаш рет 1922 жылы Ташкент қаласында жеке 
кітапша етіп шығарған. Атақты фольклоршы жырдың ел арасындағы түрлі 
нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған. Ол бұл 
жырдың бір нұсқасын Сырдария облысы, Амудария бөлімі, Төрткөл болысында 
тұратын қарқалпақ бахшысы (жыршысы – Ж.М.) Жиемұрат Бекмұхамедовтан, 
тағы бір нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е.Ақылбековтің қолжазбасынан 
алған. Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі – Жиделі байсын, нақтылы 
тайпасының аты – қоңырат. Жиделі - өзен аты. Байсын – тау аты. Ел-жұртының 


145 
көбі қазақ. Жалпы, түркі жұрты мекен еткен берекелі қоныс болған. Жыр: 
«Бұрынғы өткен заманда Жиделібайсын деген елде атақты Байбөрі, Байсары 
деген екі бай бар екен...» - деп басталса, жырдың келесі жолдарындағы 
қалмақтың елшісінің Байсары байға айтқандарында: 
«Сізде қыз бар, бізде ұл, 
Қызыңа келген жаушымын. 
Жалын бедеудің өресің,
Қоңыраттан шыққан төресің», - деген жолдардың кездесуі жоғарыда 
айтылған ойды дәлелдей түседі.
Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән 
мейлінше етене жәйттер. Байбөрі мен Байсарының бір-бірімен уәде байласып 
құдандалы болуы, қадым замандағы нағыз қазақтың шындығы. Құдалардың 
көкпар үстінде бір-бірімен өкпелесіп, Байсарының жат елге көшіп кетуі, барған 
жерінде зәбір көруі, ақырында Гүлбаршын сұлуды Алпамыс батырдың іздеп 
тауып, көп қиыншылық, азапты оқиғалардан соң алып қайтуы, ұзақ жылдарға 
созылған жаугершілік заманның елестері. Әлбетте Алпамыс та, Гүлбаршын да 
мейлінше әсіреленген. Идея, мұрат дәрежесіне көтерілген бейнелер. Батырға 
тән ерекше қасиеттер: жаудан сескеніп қорықпайтындық, қалың дұшпанға 
қарсы шабатын, намыс пен арды жоғары қоя білетіндік, еліне қамқорлық 
Алпамыстың басынан табылса, әйел атаулының ең ұнамды сипаттары болып 
табылатын ақылдылық, мінезділік, опалылық сынды белгілер Гүлбаршынға тән 
болып көрінеді. Бұндай бейнелер халықтың ең ізгі адамдар туралы ұғымына, 
арманына сәйкес келеді. Алпамыстың отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, 
қылыш кеспейтін болып көрінуі халықтың ешқашан жойылмайтын, 
жақсылықтан үмітін үзбейтін дәл осындай ел перзенті болса дейтін аңсарынан 
туған. Жалпы, жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-
қабат қорытылып, түрік қағандығы дәуіріндегі (V-VII ғғ.) азаттық үшін 
күрестің 
сарындарынан 
бастап, 
XVII-XVIII 
ғасырлардағы 
қалмақ 
шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстар бейнеленген.
«Қамбар батыр» нұсқасының да басты тақырыбы – жер мен ел намысын 
қорғау. Оқиға Әзімбайдың байлығы мен сұлу қызы – Назымды суреттеуден, 18 
жасқа толған Назымның жар іздеген назынан басталады. Назымның ағалары – 
Қораз, Дораз, Қарымсақ, Қабыршақ – дара мінез иелері. Бұл кезде Қамбар да ер 
жетіп, елін асырап отырған батыр тұлғасында көрінеді. Мәселен, жырда 
мынайдай жолдар бар:
«Бір атқа қайтып сияды?
Алпыс үйлі арғынның, 
Тоқсан үйлі тобырдың, 
Ашыққанын тойғызды. 
Батыр туған Қамбардың...».
Жырда қазақ халқының тарихи жауы – қалмақ, кейінгі этникалық бірлестік 
– ноғайлы атауларымен бірге қазақ этнонимі де жиі кездеседі. Қамбардың 
шыққан тегі – уақ. Жыр сюжетінің алғаш нұсқалары аңыз түрінде туып, бері 
келе эпостық үлгіге ауысқаны аңғарылады.


146 
Диваевтың 1920 жылы Жетісу, Сырдария бойына ұйымдастырған 
экспедициясы орасан мол жадығат әкелген. Олардың ішінде аңыз да, жұмбақ та 
тақпақ та, мақал-мәтелдер де, айтыс-өлеңдер де бар.
Ғалым жинақтап, жүйелеген «Манат қыз бен молда Мұса», «Күрдері Қожа 
мен Ұлбикенің айтысы», «Аю ақын мен Соқыр ақынның айтысқаны», 
«Жүсіпбек қожа мен Шөкей қыз» атты айтыстарында өткір әлеуметтік, 
қоғамдық мәселелер көтеріледі, өмірдегі келеңсіз құбылыстар, жетістік-
кемшіліктер ашық айтылады. Мәселен, «қалың мал», «енші», «зекет», «підия» 
секілді дәстүрлер, «қалмақ» этнонимі, «қожа» субэтникалық тобы, қазақтардың 
арасында таралған «Қабыл-Абыл» жөнінде аңыз сөз етілген. Ал айтыстардың 
кейіпкерлеріне келер болсақ, Көшекұлы Күдері қазіргі Қызылорда облысының 
Сырдария ауданының жерінде туған деседі. Ол сол дәуірдегі ірі айтыс ақыны 
болған, Ұлбике – Ұлы жүзден шыққан әйгілі ақын қыз. Ол ХІХ ғасырдағы 
белгілі ақындар – Жанкел, Мәделі қожамен де айтысып, жеңген. Жүсіпбек қожа 
– Жүсіпбек Шайхысламов (1857-1936) Жетісуда туған, мұсылман медресесінен 
оқып білім алған. Араб, парсы, түркі тілдерін жетік білген. Шығыс әдебиетін 
көп білген Жүсіпбек өзі де бірнеше қисса, дастандар жазған, қазақ елін ерінбей 
аралап, халық аузынан әдебиет үлгілерін, ақындар шығармаларын жинап, 
игілікті қызмет атқарған. Жүсіпбектің 1890 жылдан бастап Қазан, Уфа, 
Петербург баспаларынан шығарған кітаптары: «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», 
«Алпамыс», «Біржан мен Сараның айтысы» т.б. Өзі жазған дастан, 
қиссаларынан: «Сал-сал», «Зарқұм», «Жүсіп пен Зылиха», «Шәкір-Шәкірат», 
«Мұңлық-Зарлық», «Дариға қыз», «Кербаланның шөлінде», «Рүстем-Дастан» 
т.б. Бұл шығармалардың барлығы да қазақ қауымына кең тараған.
Диваев қазақтың тыю сөздері мен 70-ке тарта ырымдарын талдай келіп
олардың шығу тегіне, тәлімдік мәніне тоқталады. Мәселен, ол жазып алған 50, 
51-ші ырымдарында қазақтардың өлімнен қорқу, оны шаңырақтан аулақтатуға 
байланысты ырымдарға талдау жасалған: «Үйге кіргізілген отынның ауысқаны 
шығарылып тасталмайды, өйткені бұл үйден өлік шығады, - деп қорқады», 
«Әулеттен біреу-міреу өледі – деген қауіппен түнде сандықты ашпайды; егер 
өте қажет жағдайда ашатын болса, бұл жағдайда: «оған жылан кіріп кетті», - 
деп ашады». Қыз баланы сыйлау, оны төрге отырғызу қазақтардың бақытты, 
бай-қуатты болу ұғымынан туындағанын ол жинаған келесі ырымынан көруге 
болады: «Қонақ қыз бала босағаға отырмайды, яғни алдыңғы бұрышқа, әдетте 
«ақсүйек», сұлтан тегінен шыққан адамдар мен ақсақалдар отыратын құрметті 
орынға отырады, әйтпесе үй қожасы бақытсыздыққа ұшырайды», - десе, келесі 
ырымдарда жүкті әйелдерге қатысты ырымдарды жан-жақты сипаттаған: 
«Екіқабат әйел түйе етін жемеуі керек, әйтпесе, ол баланы жатырында 12 ай 
көтереді. Егер ол 12 айда да тумайтын болса, бура түйенің мойнына ақ мата 
салып, оның мойнынан аттап өтуі керек, осыдан барып, туатын болады», 
«Босанар кезде әйелге тиісті барлық сандықтар босануға жеңіл болу үшін ашып 
қойылады». Жалпы, қазақ халқы өте ырымшыл халық. Бұл ырымдарды қазақ 
халқы қазір де мықтап ұстанады және оларға сенеді. Бұл ырымдар атадан 


147 
балаға сөзбен және іспен беріліп отырды, ал Диваев оларды бізге мұра қылып 
жазып қалдырды. 
«Бесік жыры», «Бата», «Бәдік», «Көңіл айту», «Өлікті жоқтау», «Жылау» 
секілді салт өлеңдері белгілі фольклортанушының жинағында кездеседі.
Бесік жыры – іңгәләп жарық дүниеге есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат 
қойып, шілдеханада айтылатын өлең-жырлардың бірі. Ол сәбиге ананың ақ 
сүтін татумен, аялы алақанымен айналып-толғануын сезінумен бірдей қымбат. 
«Бесік жырын» ана, немере-шөбересін аймалаған әже, баланы алға алып 
отырғанда, жуып, сылау үстінде, бесікке бөлегенде бөлеп емізу, тербету кезінде 
айтады. 
«Бесік жырында» ана өзінің бауыр еті баласына деген шексіз махаббатын 
арнаған, оның болашағы мен өмірі жайындағы «батыр, ұста, шешен, балуан 
болар ма екенсің?» деген секілді арман-қиялы жырланған. 
«Бата» – арабша «фатиха», халықпен бірге жасап келе жатқан салттың бірі. 
Ертеде-ақ түрік-моңғол халықтарында кең орын алып, қазақ және өзге де түркі 
халықтарында өлмес, өнегелі әрі ұлттың сипаты бар дәстүр ретінде сақталған. 
Әрбір сәтті іс, қуаныш, той жақсы талап, оқиға оған себеп болады әрі олардың 
ретіне қарай берілер баталардың түрлері де мол. Баталарда адамгершілік, 
имандылық, аман-есендік, бақыт-қуаныш, құт-береке уағыздалғандықтан, бар 
жақсыны алдан күтуге иландыратындықтан халық оны ақ, оң бата деп қасиет 
тұтады. 
Мысалы, Диваев жазып алған батаның нұсқасында кез-келген қазаққа 
бақыт, байлық, кең пейіл, ұзақ ғұмыр және басқа да игі тілектер тілеген. Тағы 
бір маңызды мәлімет қазақтардың төрт түлік малды қатты қастерлегенін осы 
батадан көреміз. Онда қой, жылқы, түйе, сиыр малының иесі, пірлері – Шопан 
ата, Жылқышы ата, Ойсыл қара, Зеңгібабадан қазақтың малын аман сақтап, 
көбейтуін тілеген тілектері айғақтайды. 
Бәдік – мал туралы жыр. Бұл жөнінде зерттеуші: «Бұл бәдік деген сөз қазақ 
болғаннан бері қарай келе жатқан бір әдет. Біреу «Көш бәдік» деп аузына не 
түссе, соны айта салады. Сол адамды Көш бәдік дейді. Бұрынғы атам заманда 
біреудің бір малы құтырса, яки аты делбе болса, яки бір малына жылан, қара 
құрт тисе бәдік айтады екен», - деп, бәдіктің мәнін ашып, мысал келтірген.
Көңіл айту – Марқұмның жыл уақыты өткенше оның артында қалғандарға 
көңіл айту, мәйітке арнап құран оқыту аяқталмайды. Ал, өлікті жоқтау - өлген 
адамның ел-жұрт, ағайын-туысқа тигізген пайдасы, қамқорлығы, ерлігі, кісілігі 
туралы айтылады. Мысалы, «Өлікті жоқтау» өлеңінде мынадай жолдар 
кездеседі:
«Жүзін көрсе дұшпаны, жығылып мойнын ұсынған. 
Ел шетіне жау келсе, ерлігін жаннан асырған. 
Көрмесе бекер дер еді, кім жалған табар осымнан.
Жетім қылып жасында, қайратымен ел алған. 
Кәпірменен сөйлессе, дін мұсылман бел алған. 
Ақылын жаннан асырып, патшадан үлкен шен алған». 


148 
Бұл деректер қазақтар арасында осындай салт-жоралғылардың 
болғандығына дәлел және олардың мазмұнын ашып, мәнін түсінуде құнды.
Жұртшылық жадында сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-
қатынасында пайдаланатын ауызша халық туындыларының келесі бір нұсқасы 
мақал-мәтелдерді жинақтауға Диваев ерекше көңіл бөлген.
Қазақтың мақал-мәтелдері ауызекі таралып келгені болмаса, ХІХ ғасырдың 
аяғына дейін қағаз бетіне түсіп, бөлек кітап болып жарық көрмеген. 1899 жылы 
«Сборник 
киргизских 
пословиц» 
атты 
жинақты 
жариялаған 
В.В. 
Катаринскийден кейін, 1900 жылы Әбубәкір Ахметжанұлы жариялатқан 
мақалдарының жинағы жүйелі, алғашқы жинақтардың бірі болды деп айта 
аламыз. Бұған дейін де мақалаларды жинақтаумен шұғылданған болатын. 
Мәселен, «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области» атты 
жинақтың 1891, 1892, 1893 жылдардағы сандарында бірнеше мақал-мәтелдерді 
жариялаған. Кейін 1905 жылы «Туркестанские ведомостиге де» бастырады.
Ол қазақ мақал-мәтелдерін елуге бөледі. Бұлардан қазақ халқының 
тұрмыстық, ғұмырлық көп жайлардан хабардар боласың, халық даналығын 
көресің: «Ақымаққа іс тапсырған, жіптің ұшын жоғалтқанмен бір», «Ақыл 
бастан шығады, асыл тастан шығады», «Бүгінгі істі ертеңге қалдырма», «Жақсы 
сөз – жарым ырыс», «Аңқау елге – арамза молда» және басқалары. 
Фольклоршының қолжазбаларынан қазақтың салт-дәстүрлерін де 
кездестіреміз. Шымкент уезі, Ноғайкүре болысының қазағы Еркімбек 
Ақынбековтың айтуы бойынша жазылған «Сырдария облысы қазақтарының 
үйлену рәсімі туралы бірнеше сөз» атты мақаласында қалыңмал, құйрық-бауыр 
асату, ұрын бару, ентікпе, ұзатар тойы және өзге де қазақ салттары мен 
дәстүрлерін сипаттаған, түсіндірме берген. Қолжазба қазіргі қазақстандық үшін 
үйлену рәсімі мен оның барысында орындалатын дәстүрлердің мәні мен шығу 
төркінін, өткізу барысын білуде маңызды. Өйткені біздің күрделі және сан қилы 
заманымызда Қазақстан тұрғындары дәл осындай және өзге де «халық салт-
дәстүрлерінен» рухани тірек тауып, өзінің тарихқа, негізгі қайнар көздерге 
қатысты екендігін сезіп отыр. 
Сонымен, түркі тілдерін жақсы білген Ә.Диваев Қазақстанның тарихы мен 
этнографиясы бойынша мол мұра жинақтады, қазақ халқының фольклорын 
алғаш зерттеуші болды. Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің 
қызметіне белсене араласып, төңкеріске дейін-ақ өзінің зерттеулерінің 
нәтижелерін 130 мақалаларында жариялады. Бұл игі істерін кеңес дәуірінде де 
жалғастырды. Негізгі еңбектері мыналар: «Этнографиялық жадығаттар. 1910-
1915 жж.», «Казахские пословицы» (Ташкент, 1927), «Материалы по 
казаховедению» («Казахская народная поэзия» жинағында, Алматы, 1964), т.б.
Халық мұрасын қолма-қол жинау арқасында, әрі халықтың өмірі мен әдет-
ғұрпын ұзақ жыл бақылаудың нәтижесінде Диваев өзінің зерттеу жұмыстарына 
негіз етіп халықтан алынған дәйекті жадығатқа сүйенді және оларды қазақ 
халқының ежелгі тарихының өзекті мәселелерін зерттеуде құнды дерек көздері 
деген дұрыс қорытынды жасады. Халық эпостарының, аңыздарының, мақал-
мәтелдерінің түпнұсқаларын жариялай отырып, оларға ғылыми талдау жасаған, 


149 
қазақ терминдеріне түсініктеме берген. Сондықтан, қазақ ауыз әдебиетi 
үлгiлерiн келешек ұрпақ үшiн, тарих үшiн қажеттi дүние деп қараған, жиналған 
жадығаттарды орыс тiлiне аударып, бастыру арқылы қазақтың көне мәдени 
мұрасымен орыс, батыс халық өкiлдерiне таныстыруды көздеген. Міне, 
осындай қазақ халқы үшін зор ғылыми қызмет атқарған тұлға жинақтаған бай 
мұраларға деректанулық талдау жасау, оларды этнография және фольклор 
ғылымдары үшін құнды дерек көздері деген ой-түйінге әкелді. Өйткені оның 
еңбектері 
қазіргі 
фольклортанушылар 
мен 
этнографтарға 
маңызды 
қорытындылар жасауға толық мүмкіндік береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   94




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет