Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет9/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18

Жарапазан
Жарапазан (діни салт). Жарапазан «рамазан»—деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазан айтатын екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушысы болады» Мысалы:

Айтушы:


Жарапазан айтушының сауалы бар,

Отыз күн оразаға жауабы бар.

Берсеңіз, бермесеңіз не қамым бар,

Берсеңіз, бермесеңіз не қамым бар,

Боз шұбар астымдағы, шу жануар!

Мұхаммед үмбетіне жарапазан!

Қостаушы:

Жарапазан,. жарапазан!

Алла, құдай би рамазан! (А. Байтұрсынов).
Жұмалық
Жұмалық (дәстүр). «Оқымаймын молдадан, Екі иығын қомдаған, бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан» (Жамбыл). Бұрынғы кездерде дәріс алып жүрген балалар молдаға арнап жұма күндері оған арнаулы сыбаға (ет, қымыз, май, кұрт., т. б.) әкелетін болған. Мұны «жұмалық» дейді. Жамбыл айтқандай молдалардың жұма күні «жұмалық» дәметіп отыратындары да болған.
Зікір салу
Зікір салу. (діни салт). «Міне бүгінгі кеш зікір сала бастамақшы». (С. Торайғыров). Бақсылар адам емдегенде қобызын тартып, жынын шақырып, ауруды айнала ойнақтай жүгіреді, яғни зікір салады. Бұл бақсының өзіндік ерекшелік белгісі. Сөйтіп, ол осындай ерекше кұбылыс, қимылдары арқылы ауруды қуып шықтым деп елді сендірген. Бақсылардың қобызбен жын шақыру, зікір салу кезінде өзіндік сарындары болған.
Зекет
Зекет (діни ғұрып). «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, ғибадат етушілермен бірге бас иіңдер» («Құран кәрім»). Исламның төртінші шарты — зекет беру. Бұл малына алған өнімінен құдай, дін жолына, жетім-жесірлерге берілетін үлес. Зекет алтын, күміс қорынан да, ақшалай табысынан да беріледі. Малдан алынатын зекет мөлшері мынадай: 40 қойдан бір қой, бес түйеден біреу, отыз сиырдан біреу тағы сол сияқты. Әр жыл сайын зекет беру — әр адамның адамгершілік және мұсылмандық борышы.
Естірту
Естірту (салт). «Хабаршылар Ғалидің үйіне, Жамалдың үйіне кісі салып естіртті» (М. Дулатов). Ата-анасы, баласы немесе жақын-жуығы қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді «естірту» дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. Қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Халқымызда естіртудің үлкен философиялық, классикалық үлгілері бар. Мысалы «Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту», «Шыңғысқа Шоқан өлімін естірту», «Абылайға Бөгембай батырдың өлімін естірту» сияқты. Естірту қазаға байланысты жерде ғана қолданылады.

Ұлы өлмеген руда жоқ,

Қызы өлмеген Қырымда жоқ,

Қатыны өлмеген халықта жоқ,

Ағасы өлмеген аймақта жоқ

Інісі өлмеген елде жоқ

Әкесі өлмеген әлемде жоқ,

Шешесі өлмеген пенде жоқ,

Аққу ұшып көлге кетті

Дуадақ ұшып шөлге кетті,

Кұдай сізге бір гауһар тас беріп еді,

Оны иесі өзі әкетті.

Шоқан деген балаңыз

Бәріміз баратын жерге кетті...

Жандос ұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа осылай естіртіпті.
Көңіл сұрау
Көңіл сұрау (дәстүр). «Соңғы кездерде Базаралы науқас дегенді естіп, көңілін сұрай барысты (М. Әуезов). Ауырып жатқан адамның көңілін сұрау — адамгершіліктің белгісі. «Аурудың емі — саудың сәлемі» дегендей аталы сөз бар. Қөңіл сұрай барған адамның науқасты жұбатып, «ауырып тұрдың — аунап тұрдың», «ауру батпандап кіріп мысқалдап шығады», «дертіңізге шипа берсін» деген сөздермен оның жазылуға деген сенімін арттыра түсуге тиіс. Бұл да адамға деген құрметтің бір түрі.
Құдайы
Құдайы (діни ғұрып). «Құдайыға боз дөненді лайықтап еді» (Қ. Сәрсекеев). Қездейсоқ апаттан аман қалғанда, азамат қиын сапардан оралғанда, немесе амандық жолына берілетін діни ғұрыптық дәстүр. «Құдайыға» мал сойып, көпшіліктің батасын алады.
Құран ұстау
Құран ұстау (діни ғұрып) «...Ахметті ат-шапанымен аяғына жығып, енді ондай мінез шығармасқа құран ұстатып, нан жегізіп, баяғы екі жүз теңгені кештіріп, ат-шапанға разы қылды» (С. Торайғыров). Орынсыз жала жабылғанда өзінің ақтығын, адалдығын дәлелдеу үшін, немесе қылмысын қайталамау үшін, адам қолына мұсылманның қасиетті кітабы құран ұстап «егер осы істе мен кінәлі болсам құран ұрсын»! деп ант беріп, нан жейді. Бұл оның кінәсіздігінің, немесе сертте тұратындығының толық дәлелі. Қарсы жақ адамдары оған сенеді. Кейде одан кешірім де сұрайды. Қазақтың «құран, нан» деп қарғануы осыдан шыққан.
Ораза ұстау
Ораза ұстау (діни). «Ораза ұстап, намаз оқитын болыңдар!— деді» (Ғ. Мүсрепов). Мұсылманның бес парызының бірі. Мұны ораза ұстау немесе «ауыз бекіту» дейді. Оразаның шарты бойынша ауыз бекіткен адам отыз күн күндіз тамақ ішпейді, әдепсіз сөз сөйлемейді, қиянат етпейді. Таңертең күн шықпастан бұрын сәресі (таңертеңгілік) күн батқан соң ауыз ашады. Ауыл адамдары ораза ұстаған адамдарға құрмет көрсетіп, жақсы тағамдар дайындап «ауыз ашарға» шақырады.

Ораза ұстаудың бірнеше жолдары бар. Кейбіреулер оразаның басында, ортасында, аяғында үш күннен ораза ұстауына болады. Шариғат (дін заңы) бойынша денсаулығы жоқ, бала емізген әйелдер, жолаушылар, балалар, есі дұрыс еместер оразадан босатылады. Оразаның алты түрі бар: 1. Парыз. 2. Уәжіп. 3. Сүннәт. 4. Мәңдүп. 5. Нафила. 6. Мәкруһ» («Мұхтасар» 137-бет). Кәмелетке толған әр мұсылман ораза ұстауға міндетті.


Пітір беру
Пітір беру (діни ғұрып). Жыл сайын ораза, айт кезінде мешітке арнайы апарып, әр адам ата-бабаларына т. б. әруақтарға бағыштап құран оқытып берілетін садақасының бір түрі. Пітір беру діншілдік емес, ол тірілердің әруақтарға деген құрметі.
Садақа беру
Садақа беру (діни салт). «Садақаны сауда бер» (мақал). Жетім-жесірге, қаріп-қасірлерге, немесе дін жолына ақшалай, заттай берілетін құдайы. Садақа беруші адам өзінің, үй-ішінің амандығына қол жайып бата тілейді және «батаңыз қабыл болсын» деп бет сипайды. Мүсәпірлерге қайыр садаққа беру әр мұсылман баласы үшін міндетті болып саналады. «Садақа берсеңдер — құдайға құлшылық етіп, ешқайда шықпайтын, алыстап ешқайда бара алмайтын жоқ-жітікке беріңдер». («Кұран кәрім»). «Садақа бергеннен пенденің малы кемімейді». (Мұхамбет пайғамбар).
Талақ
Талақ (дін жолы, ғұрып). Әйтеуір ол маған қатын болмайды. Талақ болсын! Талақ! Талақ! (М. Жұмабаев). Әдет бойынша әйелінен айрылысқан ері оны «талақ» етеді. Мұндай жағдай көбінесе әйелі ерінің «көзіне шөп салса» (жеңіл жүріс жасаса) тағы басқа жат істер болғанда қолданылады. Қүйеуі «талақ» деген сөзді үш рет қайталаса, неке бұзылған, яғни айрылысқан деп есептеледі. Бірақ, талақ болған әйелдің белгілі бір уақытқа дейін күтуге хақы бар. «Әйел талақ етілді, олардың күтетін мерзімі де орындалды, егер осыдан кейін ерлі-зайыптылар ойланып, шарт бойынша бірге өмір сүруге келісіп, жарасып жатса, онда оның қайта қосылуына кедергі жасамаңдар» (Құран кәрім). Шариғат заңы осындай. Егер талақтан кейін екеуі кешірім жасап қайта қосылатын болса, онда олардың некесі қайта қиылады. «Ері әйелін үшінші рет талақ етсе, онда әйел басқа біреуге тиіп шықпайынша, (қайта қосылуға) рұхсат етілмейді». («Құран кәрім»).
Тасборан
Тасборан (заң жолы, ғұрып). «Тәңірге тіл тигізген адам егер мұны жеті куә растаса, тас лақтырылып өлтіріледі» (Әз Тәуке ханның «Жеті жарғы»— заңынан). Бір адам ел-жұртына сатқындық жасаса немесе әйелі еріне опасыздық жасаса, немесе ел-жұрт естімеген, көрмеген қылмыс жасаса, айуандықпен жазықсыз адам өлтірсе т. б. өте ауыр қылмыстары үшін ол «тасборан» арқылы өлім жазасына кесіледі. Яғни өлімге бұйырылушының аяқ-қолын байлап жұрт алдына әкеліп, оған қатысқан барлық адам қолына бір-бір тас алып, қылмыскерді сол таспен ұрып өлтіреді. Мысалы Құнанбай Қодар мен Қамқаны өлтіргенде осы «тасборан» заңын қолданған.
Тасаттық
Сенім - адамдардың көз сүзген мұраты мен көкейге түйген мақсатын жүзеге асыруының тірегі. Тіпті өзі орындай алмайтын сыры терең, ой жетпейтін құпия тұңғиық, ғайыптағы тылсым дүниелерге үңілгенде де адамды қолдайтын құдіретке жан-жүрегімен сенеді, үмітін жебейтін наным-тоқтамын Тәңір деп жалбарынады. Соған мұң-зарын шағып, құрбаңдық шалады, тілеу тілейді. Осындай сенімнен туған ырымдар қазақ арасыңда тіпті көп. Бәрі жақсылық тілеуден туған ақ ниет. Қыс өтіп, көктем келген соң, алғаш күн күркірегенде бақырды даңғырлатып дыбыс шығарып, үйді айналу - үйдің амандығын көк тәңірінен тілеуі. Тасаттық беру жосыны да көне заманнан қалыптасқан сеніммен өзектес. Казірге дейін санадан орын алып, тіршілік арнасынан ауытқымай өрбіген рәсім.

Күн шығыстағы Орхон өзені бойынан күн батыстағы Қара теңіз жағалауларына, солтүстіктегі мұзды алқаппен Орал тауларының түкпірдегі жоталарына, оңтүстіктегі Гималай мен Үндікүш асқарларына дейін іркес-тіркес созылған өркеш-өркеш ұлы таулар қойнаулары мен байтақ далалар төсін мекен еткен ежелгі түрік халықтары есте жоқ ерте заманда-ақ өздері құдірет деп таныған заттар мен құбылыстарға сенген. Соған орай тотемдік және шамаңдық сенім қағидаларын нысана тұтқан.

Бұл сенімдер бойынша әрбір заттың, құбылыстың, тау мен судың, от пен жарықтың әрқайсысы бір-бір киенің иесі саналған. Казақтар киелі құс деп, үкіге зиян-зақым келтірмейді. Адамнан азған деп, аюды албаты өлтірмейді. Бұлар тотемдік сенімнің жосығы сияқты. Осындай аялы сенімнен обал және сауап деген ұғым шыққан. Обал мен сауаптың қағидасы қазақ өміріңде елеулі орын алады. Бұл аң мен құсты, ағаш пен өсімдікті сақтап, қорғауға ерекше қызмет ететін қағида. Кажетке жараса - кескен ағаштыңда, орған шөптіңде сауабы бар. Ал оларды бос қасыңдырып, жұлу - обал. Осы сенімнің негізі жер қыртысын, жайылымды, егістікті, орман-тоғайды, өсімдікті сақтап, қорғаудын нанымдық жолы. Соңғы жылдары табиғаттың азып, тозғындауы адамдардың осындай сенімнен айырылуының салдары. Сенімнен айырылу—азғыңдыққа душар етеді.

Сол алғашқы діңдерден өрбіген сенім жосыңдары түрлі кезеңде өмір сүрген түрлі түрік халықтарының тұрмысында елес болып қалған. Өшіп кетпей, әдет-ғұрыптарына сіңіп, заман өте келе салтқа ауысқан. Тек қана жақсылық тілеудің ырғағына айналған. Көнеден келе жатқан мұңдай киелі нысанның белгілері қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр ұлттарының тұрмыс-салтынан көп байқалады. Бірақ діңдік сенімнен гөрі салттық мәні басым.

Тасаттық — сол тамыры терең сеніммен түбірлес салт. Өзегі үзілмеген жалғасының бір түрі. Негізінен шаман діні сеніміңдегі құдірет иелері саналатын аспан тәңіріне, бұлт тәңіріне бас иіп, жалбарынудан қалған көне дағдының салтқа айналған көрінісі тәрізді. Жаңбыр жаумаған, құрғақшылық зардабын шеккен шақта жұрт осы сенім жосығымен құрбандық шалып, жақсылық тілейді. Алайда кейін келсе де өркен жайған ислам діні қағидаларының ықпалы салдарынан бұл көне сенім санадан өшкенімен, тұрмыстағы қалдығы қайырымдылық күткен тілеудің ғибратты нысанына ауысқан түрі бар. Ырым жосынымен сақталған. Бұл да ырымдық игі ниетке ғана арналады.

Тасаттық - құрғақшылық жылдары көктен жаңбыр жаууын тілеп, ұлы тәңірге, аспан киесіне шын ықыласпен ақ ниет таныттатын жосын. Ежелгі сенім бойынша көк аспан да, найзағайлы бұлт та -Тәңір. Көне сенімдерді жаңа наным ережесімен алмастырған Христиан дінінің пайғамбары Иса ғалайһиссалам да мәңгілік көкте жүр. Адамдар сол секілді қасиеті киелерден жақсылық күтеді. Ислам діні кең қанат жайған соң адамдар сеніміндегі көне ұғымның орнын Алла тағаланың кұдіретіне бас иген сенім басты. Соңдықтан тасаттық беру - сауық емес, құдыретке сыйыну, адамдардың ұлы киелерге бас иіп, жалбарынуы, мейірі мол Алла тағаладан шапағат тілеп, ықыласын өздеріне аударуы. Сол үшін садақаларын аямайды. Алладан өзінің шапағатымен жердің бетін жайнатып, шөп пен егін өсіруін, дүниені қаталатпай, су беруін өтінеді. Сол үшін алла тағаланың жолына арнап құрбан шалады.

Тасаттыққа ауыл-аймақ, үлкен-кіші, кәрі-құртаң, аш пен тоқ, бай мен кедей жиналып, ниеттерін тоғыстырады. Бір дастарқанның басыңда отырып тілеу тілейді. Бір қазаңда піскен асты ықыласпен бөлісіп жейді. Малды қоңды, жердің бетін отты, адамдарды тоқ етуін сұрап, Алла тағалаға жалбарынады. Сұрайтыңдары — жаңбыр. Ылғал болмаса астығы, шабатын шөбі қурайды да, тіршілік күйреуге ұшырайды. Ұлы тәңірден көптің көз жасын көруді, елдің ырысын суалдырмай, тынысын кеңейтуді, сол үшін жаңбыр жаудыруды өтініп, алақаңдарын көкке жаяды.

Тасаттық берген ауылдағы адамдар құдай жолына арнаған садақаларын ортаға салады. Тасаттық асын беру үшін белгіленген жерге қазан-ошақ орнатылып, ішіп-жем мол әзірленеді. Ауылдың ақ ниет қариялары тілеу тілеп, дұға оқиды. Аспанға қолдарын жайып, құдай жолына арнаған құрбаңдық малға бата жасайды:

О тәңірім, талқыға салма,

Сая бол өзің талыққан жанға!

Көгіңнен тамдыр тамшыңды,

Үмітті үзбей, арасын жалға!

Жерге қаулап шөп енсін,

Егін солмай, көп өнсін!

Бере гөр, тәңір, тілеуді,

Мейіріңді төгерсің!

Тілеуді қабыл ете гөр,

Күнәлі болсақ, кеше гөр!..

Тасаттық ауылдан шалғайлау таза жерде өтеді. Оңда ақ тілеулер үздіксіз айтылып, дастарқан кең жайылады. Жиналғандар түгел жайғасып отырып, кұдайы тамақтарын түгесе ішіп-жеп тарайды. Бұл да қазақ өміріне сіңген ежелгі дағды. Ақ ниет пен шын тілеудің нысаны.
Топырақ салу
Топырақ салу (ғұрып). «Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш, Бір-уыс бұйырмады топырағың («Зәуреш»). Қайтыс болған адамды жерлеу кезінде топырақ салу мән-мағынасы зор ғұрып. Егер жақын адамдары қайтыс болғанда топырақ сала алмаса, ол үлкен арманда деп өкінетін болған. Дер кезінде келіп марқұмға топырақ салуы, салушы адамның көңілінің жақындығын, әруаққа ризалығын, қоштасуының белгісі деп бағаланады. Үлкен кісілер «бала-шағаларынан, жақындарынан, туған жерімнен топырақ бұйырса» деп тілек тілеп отырады. Топырақ салушылар марқұмға «топырағың торқа болсын» дейді. «Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды» (М. Әуезов).
Көңіл айту
Қөңіл айту (ғұрып). «Төңіректегі халық естіген беттерінде көңіл айтуға топырлап келіп жатыр» (Т. Әбдіков). Жақын адамы қайтыс болғанда оның жақын-жуығы мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні-мұнды адамды жұбату, сергіту, «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп уайымға берілмеу жөнінде жанашырлық ақыл-кеңестерін айтып қайрат береді. Қайғыға берілген адамды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрсып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:

«Уа, Ерден!

Басыңды көтер жерден,

Осы балаң өлмегенде

Кетіп едің керден

Өзі беріп, езі алды

Нең бар еді құдайға берген?!

Балаң түгілі

әкең Сандыбай да өлген.

Оны Шоқай көрген.

Жақсының басына іс түссе

Бойлай береді

Жаманның басына іс түссе

Ойлай береді

Көкті бу көтереді,

Жүйрікті ду көтереді,

Жүкті нар көтереді

Өлімді ер көтереді.


Жаназа
Жаназа (діни ғұрып). «Әбіштің жаназасына Алматы халқы көп жиналды» (М. Әуезов). «Жаназа» - араб сөзі. Тілдік мағынасы: мәйіт, табыттағы мәйіт. Қайтыс болған кісіні соңғы сапарға шығарып салу рәсімі. Жаназада өлген кісіге дәуір айналдырып, садақа беріп, құран шығарылады. Жиналған көпшіліктен «бұл кісі жақсы адам ба? деп сұрайды. Оған «жақсы адам» деген жауап беріледі. Сол сияқты «марқұмнан ешкімнің алашағы, берешегі жоқ па?» деп тағы да сұрайды. Алашағы бар адам сұрауға да, алуға да, кешіруге де хақысы бар. Оның ешқандай айып, ерсілігі жоқ. Шариғат заңында осылай қаралған. Жаназа адамға жасалатын соңғы құрметтердің бірі.

Адам дүние салған соң оның ағайындарына бес нәрсе міндеттеледі. Олар:

Мәйітті шомылдыру;

Оны кебіндеу;

Жаназасын оқу;

Жерлеу;


Мәйіттің артында қалған қарызын өтеу.

Бұл ағайындардың мәйітке қатысты негізгі бес міндеті. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жаназаны асықтырындар. Мәйіт жақсы адам болса, оны жақсылыққа жақындатқан боласындар. Егер жаман адам болса, мойнындағы жамандықтан құтыласындар», - және: «Жаназа намазын оқитын болсандар, оны шын ықыластарыңмен оқындар» Имам әбу Дауд риуаят етті), - дегеніне сай.


Підия
Підия (салт). Қайтыс болған адамның өтей алмай кеткен борышы, бере алмай қалған қарызы немесе кінәсі болса оны өтеуге берілетін төлем ақыны – «підия» дейді. Ислам шариғаты бойынша ол жоқ-жітік, жетім-жесір, кемтар немесе мүсәпір адамдарға беріледі.

Дұға (құран) оқу
Дұға (құран) оқу (діни ғұрып). «Там тұсынан өте бере атын аяңдатып, дұға оқып, бетін сипағаны сол еді...» (А. Нұрманов), Марқұм болған өз ата-бабаларының, туған-туыстарының басына барып дұға оқып, еске түсіру зор адамгершілік парыз. Әр адамның ерте ме, кеш пе сол әруақтардың қатарына қосылатыны анық. Олай болса марқұмдарға құрметпен қарау адамгершіліктің белгісі. Сонымен бірге әр адам сапар үстінде келе жатқанда жол үстінде жатқан қорымдарға тоқтап, дұға оқып, бет сипап өтуі шарт. Егер адам асығыс болса ат үстінде бір үзеңгісін босатып, машинада болса жүрісін баяулатып құран оқуы керек. Бұл адамгершілік, тірі адамның әруақтарға құрметі.
Шек беру
Шек беру (дәстүр). «Қазаққа ислам діні арқылы кірген мейрамның бірі – шек беру» (А. Жүнісұлы). Ораза және құрбан айттары алдында мал сойып аруақтарға бағышталатын дұға. Шек беретін үй бұған жақын-жуық, жасы жеткен қарт адамдарды шақырады. Мұнда олар ата-аналарын, өздері білетін аруақтарды еске алады, олардың есімдері аталып, құран оқып, қол жаяды. Бұл дәстүр әлі де сақталып келеді. Бірақ қазіргі кезде кейбір аймақтарда шектікті құрбан айттын алдында бір күн бұрын беріп, артынан айттыққа құрбан шалмайтындары да бар.
Иман айту
Иман айту — немесе иман үйіру деп те айтылады. Науқастанып жан тәсілім алдында жатқан адам өз иманын өзі айтып, тілін кәлимаға келтіреді. Егер ол өзі айтуға шамасы келмесе күзетте отырған адам да айтуға болады. Дәстүрімізде ауыр науқасты күзететін ғұрып бар. Күзету — деп беті бері қарамайтын науқастың жанында жанашыр адамы, туысы, молда отырып, оның ақырғы сәтін күтуді айтады. Ауру өте әлсіреген кезде молда дем салып отырады. Мұндай сәтте науқас жақындарымен арыздасып, кешу сұрап, өсиетін айтады. Иманын айта алмай немесе айтылмай өлгендерді халық „арам өліпті" немесе „имансыз өліпті" дейді. Адамның жан тәсілім өтер шағын соңғы демін „ант-мезгіл" дейді.
Қаза және көңіл айту
Қаза - тірі жүрген адамның науқастан не басқа бір себеп салдарынан жарық дүниемен мәңгі айырылысуы, бақи дүниеге сапар шегуі, тірліктің біржола тоқталуы. Бұл - адам жанын қан жылатып, жүрегін қайғы бұлты шалатын, ой-санасын мұң мен зар тұманы шарпитын өте ауыр қасірет. Әкенің баладан, баланың әкеден, ерлі-зайыптылардың бір-бірінен мәңгі бөлінуі. Қазақ: "Кебін киген келмейді" деп, өлімге толық сенеді, күйзеле қайғырады. Тірідей ажырап, хабарсыз кеткен адамды "кебенек киген келеді" деп, үміт үзбей күтеді.

Ал мәңгі айырылысуға душар болғандардың қайғысы жанашырларын ғана емес, бүкіл елді қамықтырады, мұңға шомдырады. Бірақ қолдан келер шара да жоқ. Тағдырдың жазмышына еріксіз көнеді. Мұңды сейілтудің қолдан келетін сезімді үйіріп, қайғылыларды жұбатады. Алғы күндерге сенімін жетелейді. Сабыр тілеу арқылы әр істі ақылмен атқаруға үндейді. Бұл қазақ ойының философиялық желісі және сенімінің түйіні секілді.

Қазақ салтыңда көңіл айтудың өзі адамдықтан, кісіліктің белгісі, ақ тілеудің нышаны. Бұл ұлттық мінез-құлықтың өзіңдік келбетін, сипатын, мәнін, тіпті, әр адамның кісілігін де танытатын рәсім. Мұндай кезде айтылған ойларда бүкіл тіршілік желісі, қоғамдық құбылыс, өмірдің мәні мен қызығы, адамның борышы, дүниенің ақыры немен бітетіні толық қамтылады. Азаланған, қайғы қармаған жүректерді осылай демеп, емдейді. Жанды жебейтін кеңес естіген адам өзін-өзі тоқтатып, тіршілігінің қамы үшін бекінуге бел буады. Көңіл айту адамды ойға бастайды.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қияғы бүтін сұңқар жоқ. Аспан таза тұрмайды, Ағаш та жылап шулайды. Өнбейтұғын түбіт жоқ, Өшпейтұғын үміт жоқ. Өтпейтұғын өмір жоқ, Сынбайтұғын темір жоқ. Өзгермейтін заман жоқ, Мың жасайтын адам жоқ.

Көңіл айтушы адам тіршілігі бітімінің алды-артын шолып, сенімді ойлармен кесіп-пішіп алады да, бұл құбылыстың болмай қоймайтынын, басталуы мен аяқталуы сөзсіз орындалып тұратынын нанымды болжаулармен илаңдырады. Осы ойдан туған наным арқылы қайғылы адам қазаның қайғысын жеңеді. Философиялық түйіңдер жанды жебеп, сезімді сергітеді. Адам өмірінің заңдылығына, бұлжымас ережесіне бас игізеді. Мұнын өзі адамның өмірге құштарлығын бұрынғыдан да асыра түсетін желі сияқты. Соны үзбей жалғастыру — тірі кісінің парызы екені дәлелденеді. Ол — ұрпақтың өрбуі.

Қартаймайтын жас болмас,

Ағармайтын бас болмас.

Ерімейтін тас болмас,

Тас шайнаған аш болмас.

Қаза - қасірет қайнаған,

Мұң боп жанды жайлаған.

Сабыр түбі сары алтын,

Адамға ақыл сайлаған.

Қайғы — төнген қара бұлт,

Мойынға түсер ала жіп.

Оны да түбі жеңеді,

Ақыр-соңын ойлаған.

Мұратына жетеді,

Өмірге терең бойлаған.

Көніл айту — адамды жебеу, қайғышының ойын демеу. Өмір ағысының алды-артына шолу жасалады. Бір сәттік қана емес, алдағы күндердің тізгінін ұстай білудің бағыты нұсқалады. Адам қайғымен өмір сүрмейді, үмітпен өрге басады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам өмірлік парызын өтеуге тиіс. Бұған аруақ та разы. Сол үшін қаза мен аза үстіңде аруақты ардақтап, алдағы өмірдің ырғағын желілеу мұраты көлденең тартады.

Әке мың жасамайды, Ұрпағы мың жасайды, Ұрпақсыз өмір - қу бұтақ, Қалғандай жазда бір жұтап. Өмір қолдан жасалмайды, Өмір адамды жасайды. Сол өмірдің иесі - ұрпақ, Табылар бәрі сабыр қылсақ. Келер күнінді ойла, Ата тілегін жерге қойма!..

Айтылған өсиет, өтелуге тиіс парыз жүйесінің үзілмеуі -тіршілік желісінің алтын жібі. Сөйтіп, әр адамның өз өміріне өзінің қожалығы дәріптеледі. Осы сезім мен сенім арқылы адам өзінің келешегіне ой жүгірте алады. Өлімнің болмай қоймайтын табиғи құбылыс екені тірілер жүрегіне сенім де, жігер де ұялатады. Әр адам тіршілігіңде адамша өмір сүруге тиіс. Мұның да орныққан қалпы бар.

Әке өліп, бала қалса - мұрат қалар.

Бала өліп, әке қалса - қуат талар.

Осының бәрі соңғыға сынақ болар.

Көндіккен пенде әр ісін құрап қылар,

Көңлінде не тындырдым деген сұрақ тұрар.

Адам оймен ғана өмір сүреді. Осы қағида көңіл айту кезінде өз құдіретін танытады. Адамның көңілі ақылды сөздер арқылы қалыпты арнаға түседі. Келер күндердің іс-әрекеттері де мәнді, мағыналы бейнесімен жігерді ширатады, сенімді орнықтырады, Сөйтіп қайғыны жеңілдетеді.

Жапырақ ұшып - желге кетті,

Аққу ұшып – көлге кетті.

Мұның бәрі ешқайда кеткен жоқ,

Артыңда ізі өшкен жоқ,

Ғайып кұсындай дүниеден өтті.

Өмір біткен кезде,

Бәріміз баратын жерге кетті...

Көңіл айтудағы ой түйіңдері көкейге қонса, ақиқатымен илаңдырады. Жанды езіп, көңілді басқан қайғы бұлтын ыдыратады. Тірлігінде әрекет етуге тиіс екенінді мойындатады. Асқақ ақын Әсет өлер алдындағы ақырғы сөзінде тіршіліктің осы қасиетіне ерекше назар аударады:

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,

Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.

Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,

Қаптағы дән секілді себілмеген.

Тірліктің қызуына қызып жүріп,

Айқайға кайран даусым ерінбеген.

Абайдай арт жағына сөз қалдырып,

Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген.

Зымырап бәйге атындай өте шықтым,

Жабығып көріп еді көңіл неден?

Ертең жазып, бүрсігүн бітірем деп,

Баянсыз тіршілікке сенуменен.

Бұл ақынның жеке қайғысы ғана емес, артына қалдырған өсиеті де. Бойында қайрат-қауқарың барында қолыңнан келетін жұмысынды тындыруға талпын, кейін өкініп қалма деген өнеге сөзі. Одан әрі ақын бұл ойын терендете түседі:

Гүлдерім қайта өнер ме өрімдеген,

Жібегім қалды-ау талай өрілмеген.

Өнердің өрге басқан жолын қумай,

Өттім-ау бос үмітке еруменен.

Қатын-бала асырау амалында,

Кетіппін соған көңіл бөлуменен.

Менен сорлы ақын да өтті ме екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген?!

Осымен өмір бітті, дәм таусылды,

Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.

Тіршілікте әрекет етпеген соң,

Сүйектен не шығады кебіндеген?..

Қазақ философиясы өмір мен өлімнің табиғилығына сендіреді де, оның заңдылығын тіршіліктегі әрекеттермен бекемдейді. Сондықтан ажал жеткенше арындап өт дегенді ашық айтады. Мақсат-мұратынды жүзеге асыр, халқың үшін пайдалы іс қыл. Осы наным санаға сіңген.

Көніл айту өзгермей келе жатқан дәстүр. Көңілді жебер сөздер ел есінде сақталған, салт болып қалыптасқан. Адамның төзімі, жан сезімі ерекше ескеріледі. Көңіл айтудың қуатты қасиеті жайында аңыздар да көп. Оның тәлімі де зор...

Ел-жұртына сыйлы бір кісінің қартайған шағында үміт артып отырған жалғыз баласы өліпті. Жаны күйреп, дүниеден күдер үзген қарт бауырын жерге төсеп жатып қалады. Осы қайғының хабарын естіген Жаңғабыл деген шешен қарттың көңілін жұбататын сөз айту үшін әдейілеп ат арытып, ұзақ жол басып барады. Аттан түскен соң, босағаға тақап, үйдің ішіне көз жүгіртеді. Қарт қыбыр-сыбырды елең қылмайды. Сонда босағада тұрып Жаңғабыл көңіл айтады:

- О құдіретті ата,

Бермейсіз бе бата?

Қанаты қайырылған қыран

Көкке ұшпайды.

Тұяғы кетілген тұлпар

Тоғай қыстайды.

Біреу атты, біреу тақты,

Соңда бәрінің қасіреті ұқсайды.

Тағынан патша айырылса,

Қастығын жанға білдірмес.

Өткірдің жүзі майырылса,

Жырымды түзу тілдірмес.

Сұңқардың қанаты қайырылса,

Төсін жерге тигізбес.

Патша құлап - селге кетті,

Алмас қылыш белде кетті.

Жанды жебеп, кезді тартқан

Сұңқар ұшып шөлге кетті.

Сонша неге қайғырасыз,

Қасіретіңіз елге етті?

Ал балаңыз болса - бір күні

Бәріміз баратын жерге кетті.

Осы қисынды, қымбат сөздерді естігенде бүк түсіп жатқан қарт басын жастықтан көтеріп алып:

-Бері кел, шырағым, қай баласың?.. - деп жөн сұрайды. Жаңғабыл шешен жай-жапсарын айтады:

— Еліңізге қадіріңіз артық еді, ата! Бұл қайғы жалғыз сізді ғана күйреткен жоқ, бізді де мұжыды. Тұманды жел сейілтеді, қайғыны ел сейілтеді. Жатқаннан не табасыз, еліңіз бар емес пе, соған арқа сүйеңіз. Жақсы құлда жаттық жоқ демей ме, біз балаңыз секілді құлыңыз едік. Ақылыңызды үйретіп, жол көрсетсеңіз, тапсырғаныңызды орындаймыз. Қайғыңызды бөлісейін деп келген бір балаңыз едім.

Сонда әлгі қарт:

- Қой асығы демегін, қолыңа жақса - сақа қой деген екен бұрынғылар. Ақылың толық бала көрінесің, сөзіңе қатқан көңілім жібіді, іштегі мұзым еріді. Сүйенерім сендер бар екенсіндер ғой, есіме түсірдің!..

— деп, орнынан түрегелген екен.

Қазаға көніл айтуға уақыттың шегі шектелмейді. Өйткені біреу ерте, біреу кеш естиді. Қандай жағдайда ұшырасқан кезде де қазалы кісіге көңіл айтып, тілек білдіруге жол беріледі. Бұл да салттан тыс емес. Қазақ әрқашан адамның көңілін ардақтайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет