атқаруы
1. Қорғаншылар заң жүзiнде қамқоршылыққа алынғандардың өкiлдерi болып табылады және барлық қажеттi мәмiлелердi олардың атынан және олардың мүдделерiн көздеп жасайды.
2. Қамқоршылар өздерiнiң қамқоршылығындағы адамдардың өз бетiнше жасауға құқығы жоқ мәмiлелердi жасауға келiсiм бередi, қамқоршылығындағылардың өз құқықтарын жүзеге асыруына және мiндеттерiн атқаруына жәрдем көрсетедi, сондай-ақ оларды үшiншi бiр тұлғалардың тарапынан ықтимал қиянаттардан қорғайды.
3. Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, қорғаншылық және қамқоршылық жөнiндегi мiндеттер тегiн атқарылады.
Қорғаншы (қамқоршы) қамқоршылығына алынғандарды өз есебiнен асырап бағуға мiндеттi емес. Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағу қамқоршылыққа алынушының алатын жалақысы, алиментi, зейнетақысы және басқа да әлеуметтiк төлемдерi есебiнен, сондай-ақ оған тиесiлi мүлiктер есебiнен жүзеге асырылады.
Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға жеткiлiктi қаражат болмаған кезде, қорғаншы және қамқоршы органдар оны асырап-бағуға жәрдемақы тағайындайды.
4. Қорғаншылар мен қамқоршылар өздерiнiң қамқорлығына алынғандарды асырап-бағуға, оларды бағып-күту мен емдеудi қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қамқорлық жасауға мiндеттi. Аталған мiндеттер сот әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп таныған кәмелетке толған адамдардың қамқоршылығына жүктелмейдi.
5. Спирттi iшiмдiктерге немесе есiрткi заттарға салынуы салдарынан әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған адам жөнiндегi негiздер жойылса, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану туралы және одан қорғаншылық пен қамқоршылықты алып тастау туралы сотқа өтiнiш беруге мiндеттi.
112-бап. Баланың қорғаншысының (қамқоршысының) құқықтары
мен мiндеттерi
1. Баланың қорғаншысы (қамқоршысы) қорғаншылығындағы (қамқоршылығындағы) баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене, психикалық, адамгершiлiк және рухани дамуына қамқорлық жасауға құқылы және мiндеттi.
Қорғаншы (қамқоршы) баланың пiкiрi мен қорғаншы және қамқоршы органның ұсыныстарын ескере отырып, сондай-ақ осы Заңның 64-бабында көзделген талаптар сақталған жағдайда қорғаншылығындағы (қамқоршылығындағы) баланы тәрбиелеудiң әдiстерiн дербес белгiлеуге құқылы.
Қорғаншы (қамқоршы) баланың пiкiрiн ескере отырып, ол орта бiлiм алғанға дейiн балаға бiлiм беру мекемесi мен оқытудың нысанын таңдауға құқылы және баланың орта бiлiм алуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Қорғаншы (қамқоршы) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) баланы өздерiнде заңды негiздерсiз ұстап отырған кез келген адамнан, соның iшiнде баланың жақын туыстарынан қайтарып берудi сот арқылы талап етуге құқылы.
3. Баланың өз ата-аналарымен және басқа жақын туыстарымен қарым- қатынас жасауына, мұндай қарым-қатынас баланың мүдделерiне сай келмеген жағдайларды қоспағанда, бөгет болуға қорғаншының (қамқоршының) құқығы жоқ.
4. Қамқорлыққа алынушылар, балалар немесе емдеу мекемелерiнде тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары мен қамқоршылары өздерi қамқорлыққа алғандармен бiрге тұруға мiндеттi. Қамқоршының он алты жасқа толған қамқоршылыққа алынушыдан бөлек тұруына, бұл қамқоршылыққа алынушының тәрбиесiне және оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қолайсыздық туғызбайтын жағдайда, қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен жол берiледi.
Қорғаншылар мен қамқоршылар тұрғылықты жерiнiң өзгеруi туралы қорғаншы және қамқоршы органдарға хабарлап отыруға мiндеттi.
5. Қорғаншы кемiнде жылына бiр рет қорғаншы және қамқоршы органға қамқоршылыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөнiндегi, сондай-ақ оның мүлкiн басқару жөнiндегi жұмыс туралы есеп берiп отыруға мiндеттi.
113-бап. Әрекетке қабiлеттi азаматтарды қамқоршылыққа алу
1. Денсаулық жағдайы бойынша өз құқығын жүзеге асырып, қорғай алмайтын және мiндеттерiн орындай алмайтын кәмелетке толған әрекетке қабiлеттi адамның өтiнiшi бойынша оған қамқоршылық белгiленуi мүмкiн.
2. Кәмелетке толған әрекетке қабiлеттi адамның қамқоршысын қорғаншы және қамқоршы орган сол адамның келiсiмi бойынша ғана тағайындауы мүмкiн.
3. Кәмелетке толған әрекетке қабiлеттi қамқоршылыққа алынушыға тиесiлi мүлiкке билiк етудi қамқоршылыққа алынушымен жасалған тапсыру шарты немесе мүлiктi сенiмдi басқару негiзiнде қамқоршы жүзеге асырады.
Қамқоршылыққа алынушыны асырап-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмiлелердi жасауды қамқорлыққа алынушының келiсiмiмен қамқоршы жүзеге асырады.
4. Кәмелетке толған әрекетке қабiлеттi адамды қамқорлыққа алу осы адамның талабы бойынша тоқтатылуы мүмкiн.
Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Заңның 115-бабында көзделген жағдайларда өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан босатылады.
114-бап. Қамқоршылыққа алынушының мүлкiне билiк ету
1. Қамқоршылыққа алынушы адамның кiрiстерiн, соның iшiнде оның мүлкiн басқарудан түсетiн кiрiстерiн, қамқоршылыққа алынушының өзi дербес билiк етуге құқығы бар кiрiстерiн қоспағанда, тек қана қамқоршылыққа алынушының мүдделерiне сай және қорғаншы мен қамқоршы органның алдын ала рұқсатымен қорғаншы немесе қамқоршы жұмсайды.
Қорғаншы және қамқоршы органның алдын ала берген рұқсатынсыз, қамқоршылыққа алынушының оның кiрiсi ретiндегi тиесiлi сомасы есебiнен қорғаншы мен қамқоршы қамқоршылыққа алынушыны асырау үшiн қажеттi азын-аулақ шығыстар жасауға құқылы.
2. Қорғаншы және қамқоршы органның алдын ала берген рұқсатынсыз қорғаншының иелiктен алу жөнiндегi мәмiлелер жасауға, ал қамқоршының мәмiле жасауға келiсiм беруге, соның iшiнде қамқоршылыққа алынушының мүлкiн айырбастауға немесе сыйға тартуға немесе оның атынан кепiл болу шартын жасасуға, оны жалға (жалдауға), тегiн пайдалануға немесе кепiлге беруге, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлiкпен тиесiлi құқықтарынан бас тартқызуға әкеп соғатын мәмiлелер жасауға, оның мүлкiн бөлуге немесе одан үлес бөлуге, сондай-ақ қамқоршылыққа алынушының мүлкiн азайтуға әкеп соғатын басқа да кез келген мәмiлелер жасауға құқығы жоқ. Аталған мәмiлелер нәтижесiнде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиiс екенiн қорғаншы және қамқоршы орган белгiлейдi.
Қамқоршылыққа алынушының мүлкiн басқару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Мүлiктi қамқоршылығына алушыға сый ретiнде немесе тегiн түрде пайдалануға берудi қоспағанда, қорғаншының (қамқоршының), олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқоршылыққа алынушымен мәмiлелер жасауға, сондай-ақ мәмiлелер жасау кезiнде немесе қамқоршылыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында жүргiзiлген сот iсiнде қамқоршылыққа алынушының атынан өкiлдiк бiлдiруге құқығы жоқ.
Қорғаншы (қамқоршы) болып тағайындалмастан бұрын туындаған қамқоршылыққа алынушының қорғаншысына (қамқоршысына), оның жұбайына немесе туыстарына қарыздары қорғаншы және қамқоршы органның рұқсатымен төленедi.
115-бап. Қорғаншылар мен қамқоршыларды олардың өз
мiндеттерiн атқарудан босату және шеттету
1. Қорғаншы және қамқоршы орган кәмелетке толмаған қамқоршылыққа алынушы өз ата-анасына қайтып оралған немесе ол асырап алушыға қайтарылған жағдайларда, қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
Қамқоршылыққа алынушыны тәрбие, емдеу мекемесiне, халықты әлеуметтiк қорғау мекемесiне немесе басқа да мекемеге орналастыру кезiнде, егер бұл қамқоршылыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, қорғаншы және қамқоршы орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны олардың өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
2. Дәлелдi себептер болған кезде (сырқаттану, мүлiктiк жағдайдың өзгеруi, қамқорлыққа алынушымен өзара түсiнiспеушiлiк және т.с.с) қорғаншы немесе қамқоршы оның өтiнiшi бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылуы мүмкiн.
3. Қорғаншы немесе қамқоршы өзiнiң тиiстi мiндеттерiн тиiсiнше атқармаған жағдайда, соның iшiнде өзiнiң қорғаншылығын немесе қамқоршылығын жеке басының пайдасы мақсатында пайдаланған кезде немесе қамқоршылыққа алынушыны қадағалаусыз және қажеттi көмексiз қалдырған жағдайда, қорғаншы және қамқоршы орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы мiндеттердi атқарудан шеттеуi және кiнәлi адамды заңмен белгiленген жауапқа тарту үшiн қажеттi шаралар қолдануы мүмкiн.
116-бап. Қорғаншылықты және қамқоршылықты тоқтату
1. Қамқоршылыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану немесе қорғаншының, қамқоршының немесе қорғаншы және қамқоршы органның арызы бойынша оның әрекет қабiлеттiлiгi шектеулiлiгiнiң күшiн жою туралы сот шешiм шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық және қамқоршылық тоқтатылады.
2. Жасөспiрiм қамқоршылыққа алынушы он төрт жасқа жеткен соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық мiндетiн жүзеге асыратын адам бұл туралы қосымша шешiмсiз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық он сегiз жасқа жеткен кезде арнайы рұқсатсыз, сондай-ақ ол некеге отырған кезде және кәмелетке толғанға дейiн ол әрекетке толық қабiлеттi болған басқа да жағдайларда қамқоршылық тоқтатылады.
117-бап. Қорғаншылардың және қамқоршылардың әрекеттерiне
шағым жасау
Қорғаншылардың және қамқоршылардың әрекетiне кез келген адам қамқоршылыққа алынушының мүдделерiне сай қорғаншы және қамқоршы органға не оның тұрғылықты жерi бойынша сотқа шағым жасай алады.
118-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдардың шешiмдерiне
шағым жасау
Қорғаншы және қамқоршы органдардың барлық мәселелер жөнiндегi шешiмдерiне мүдделi адамдар сот тәртiбiмен шағым жасай алады.
16-тарау. Патронат
119-бап. Патронат
1. Қорғаншылық және қамқоршылық нысанындағы патронат ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрiздi басқа да мекемелердегi кәмелетке толмаған балаларға белгiленедi.
2. Баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрушi адам (патронат тәрбиешi) мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындау негiзi болып табылады.
3. Патронат туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
120-бап. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт
1. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және бiлiм беру жағдайларын, патронат тәрбиешiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, патронат тәрбиешiге қатысты қорғаншы және қамқоршы органдардың мiндеттерiн, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негiздерi мен салдарларын көздеуi тиiс.
Бала патронат тәрбиешiге аталған шартпен белгiленген мерзiмге тәрбиелеуге берiледi.
2. Патронат тәрбиешiлердiң еңбегiне ақы төлеу және тәрбиелеуге алынған балалар санына қарай берiлетiн жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) дәлелдi себептерi (сырқаттану, отбасылық немесе материалдық жағдайдың өзгеруi, баламен өзара түсiнiстiктiң болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешiлердiң бастамасы бойынша;
2) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және бiлiм беруде қолайсыз жағдайлар туған кезде қорғаншы және қамқоршы органның бастамасы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарып берiлген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
121-бап. Патронат тәрбиешiлер
1. Патронат тәрбиешiлер тәрбиеге алынған балаға (балаларға) қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтар мен мiндеттерге ие болады. Оларға осы заңның 108-бабында көзделген талаптар қойылады.
2. Патронат тәрбиешiлердi iрiктеп алуды қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады.
122-бап. Патронат белгiленетiн бала (балалар)
1. Шарт бойынша оны патронат тәрбиешiлерге беру үшiн баланы (балаларды) алдын ала таңдауды қорғаншы және қамқоршы органмен келiсiм бойынша баланы (балаларды) отбасына қабылдауға тiлек бiлдiрген адамдар жүзеге асырады.
Ағалы-iнiлердi, апалы-сiңлiлердi (қарындастарын) ажыратуға жол берiлмейдi, бұған олардың мүдделерiне сай келетiн жағдайлар қосылмайды.
2. Баланы (балаларды) патронат тәрбиешiлерге беру оның пiкiрi ескерiле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала (балалар) оның келiсiмiмен ғана берiлуi мүмкiн.
3. Патронат тәрбиешiлерге берiлген бала (балалар) өзiне тиесiлi алименттерге, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтiк төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған кезде, тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берiлуiне құқығы бар.
Патронат тәрбиешiлерге берiлген бала (балалар) осы Заңның 52-54, 59-баптарында көзделген құқықтарға да ие болады.
123-бап. Патронат тәрбиешiлерге берiлген баланы
(балаларды) асырап-бағу
1. Әрбiр баланы асырап-бағуға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленедi.
2. Қорғаншы және қамқоршы орган патронат тәрбиешiлерге қажеттi көмек көрсетуге, баланың (балалардың) өмiрi мен тәрбиесiне қалыпты жағдай туғызуға жәрдемдесуге мiндеттi, сондай-ақ патронат тәрбиешiлерге жүктелген баланы (балаларды) асырап-бағу, тәрбиелеу және оған бiлiм беру мiндеттерiн орындауға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
5-бөлiм. Отбасы мүшелерiнiң алименттiк қатынастары
17-тарау. Ата-аналармен балалардың алименттiк
мiндеттемелерi
124-бап. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды
асырап-бағу жөнiндегi мiндеттерi
1. Ата-аналар өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға мiндеттi. Кәмелетке толмаған балаларды асыраудың тәртiбi мен нысанын ата- аналар дербес айқындайды.
Ата-аналар осы Заңның 20-тарауына сәйкес өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағу туралы келiсiм (алимент төлеу туралы келiсiм) жасауға құқылы.
2. Егер ата-аналар өздерiнiң кәмелетке толмаған балаларын асырап- бағуына алмаса, кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға арналған қаражат (алимент) ата-аналардан сот тәртiбiмен өндiрiп алынады.
3. Ата-аналардың алимент төлеу туралы келiсiмi болмағанда, кәмелетке толмаған балалар асырап-бағуға алынбағанда және сотқа талап-арыз берiлмегенде қорғаншы және қамқоршы орган кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-анасынан (олардың бiреуiнен) алимент өндiрiп алу туралы талап қоюға құқылы.
125-бап. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға сот
тәртiбiмен өндiрiп алынатын алименттiң мөлшерi
1. Алимент төлеу туралы келiсiм болмаған жағдайда сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алименттi ай сайын мынадай мөлшерде: бiр балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кiрiсiнiң - төрттен бiрiн; екi балаға - үштен бiрiн; үш және одан да көп балаға - тең жартысын өндiрiп алады.
2. Бұл үлестердiң мөлшерiн сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып кемiтуi немесе көбейтуi мүмкiн.
126-бап. Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұсталатын
табыстың және (немесе) өзге де кiрiстiң түрлерi
Ата-аналардың ұлттық және (немесе) шетел валютасымен алатын және осы заңның 125-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алимент ұсталып қалатын табысының және (немесе) өзге де кiрiсiнiң түрлерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .
127-бап. Кәмелетке толмаған балаларға тұрақты ақша сомасы
түрiнде алимент өндiрiп алу
1. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келiсiмi болмаған жағдайда және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кiрiсiне үлестiк қатынаста алимент өндiрiп алу мүмкiн болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бiрiнiң мүдделерiн айтарлықтай бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе сонымен бiрге үлесте/осы Заңның 125-бабына сәйкес/және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндiрiп алынатын алимент мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
Мұндай жағдайларға үнемi алынбайтын, өзгермелi табысы және (немесе) өзге де кiрiстерi бар ата-аналардан не табысын және (немесе) өзге де кiрiстерiн толығымен немесе iшiнара заттай алатын ата-анадан алимент өндiрiп алу жатады.
2. Тұрақты ақша сомасының мөлшерiн сот баланың бұрынғы қамтамасыз етiлу деңгейiн мүмкiндiгiнше барынша сақтауды негiзге алып, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән- жайларды ескере отырып белгiлейдi.
3. Егер ата-аналардың әрқайсысының қолында балалар қалатын болса, алимент мөлшерiн аз қамтамасыз етiлген ата-ананың бiреуiнен екiншiсiнiң пайдасына осы баптың 2-тармағына сәйкес ай сайын өндiрiп алынатын және сот белгiлейтiн тұрақты ақша сомасы белгiленедi.
128-бап. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға
алименттi өндiрiп алу және пайдалану
1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент осы Заңның 125-127-баптарына сәйкес өндiрiп алынады және балалардың қорғаншысына (қамқоршысына) немесе олардың патронат тәрбиешiсiне төленедi.
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және тәрбиелеу, емдеу мекемелерi мен өзге де мекемелердегi балаларға ата-аналарынан өндiрiп алынатын алимент сол мекемелердiң шотына аударылады, онда әр балаға бөлек есептеледi.
Аталған мекемелер бұл соманы банкiлерге салуға құқылы. Келiп түскен алимент сомасының айналысынан түскен кiрiстiң елу процентi аталған мекемелердегi балаларды асырап-бағуға пайдаланылады. Бала мұндай мекемеден кеткен кезде оған төленген алимент сомасы және оның айналасынан түскен кiрiстiң елу процентi уәкiлеттi банкте баланың атына ашылған шотқа аударылады.
129-бап. Еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың
алимент алуға құқығы
1. Ата-аналар өздерiнiң көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын асырап-бағуға мiндеттi.
2. Алимент төлеу туралы келiсiм болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларға алимент төлеу мөлшерiн сот алимент төленетiн кезде қолданылып жүрген айлық есептiк көрсеткiшке еселенген қатынасында, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен назар аударарлық басқа да мүдделерiн негiзге ала отырып белгiлейдi.
130-бап. Ата-аналардың балаларды асырап-бағуға арналған
қосымша шығындарға қатысуы
1. Алимент төлеу туралы келiсiм болмағанда және ерекше мән-жайлар болғанда (кәмелетке толмаған балалардың немесе еңбекке жарамсыз кәмелетке толған көмекке мұқтаж балалардың ауыр науқастануы, мертiгуi, оларға бөгде адамның бағып-күтуiне ақы төлеу қажеттiгi және басқа да мән-жайлар) сот осы мән-жайлар туғызған қосымша шығындарды көтеруге әрбiр ата-ананы қатысуға тарту мүмкiн.
2. Ата-аналардың қосымша шығындарды көтеруге қатыстырылу тәртiбi мен бұл шығындардың мөлшерiн сот ата-аналар мен балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерiн негiзге ала отырып ай сайын төленуге тиiстi алимент төленетiн кездегi айлық есептiк көрсеткiшке еселенген қатынасында белгiлейдi.
3. Сот ата-аналарды нақты шеккен қосымша шығындарды өтеуге де, балаларды асырап-бағуға болашақта жасалуға тиiс қосымша шығыстарды өтеуге де қатысуға мiндеттеуге құқылы.
131-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын
асырап-бағу жөнiндегi мiндеттерi
1. Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерiнiң еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға мiндеттi.
2. Алимент төлеу туралы келiсiм болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртiбiмен өндiрiп алынады.
3. Әрбiр баладан өндiрiп алынатын алимент мөлшерiн сот ата-аналары мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерiн негiзге ала отырып, алимент төлеу кезiндегi айлық есептiк көрсеткiшке еселенген қатынастарында белгiлейдi.
4. Алимент мөлшерiн айқындау кезiнде сот, балаларының бәрiне, олардың бiреуiне немесе олардың бiрнешеуiне талап қойылғанына қарамастан, осы ата- ананың еңбекке жарамды, кәмелетке толған балаларының бәрiн ескеруге құқылы.
5. Егер сот ата-аналардың ата-ана мiндеттерiн орындаудан жалтарғанын анықтаса, балаларының өздерiнiң еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағу жөнiндегi мiндеттерiнен босатылуы мүмкiн.
Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
132-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарына
жасалған қосымша шығындарға қатысуы
1. Кәмелетке толған балалар ата-аналарына қамқорлық жасамағанда және ерекше мән-жайлар болғанда (ата-анасы ауыр науқастану, мертiгу, оны бөгде адамның бағып-күткенi үшiн ақы төлеу, оны халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң интернат үйiне орналастыру қажет болғанда және т.с.с) кәмелетке толған балаларын сот осы мән-жайлар туғызған қосымша шығындарды көтеруге қатыстыруы мүмкiн.
2. Кәмелетке толған балалардың әрқайсысының қосымша шығындарды көтеру тәртiбi мен осы шығындардың мөлшерiн сот осы Заңның 131-бабының 3,4, 5-тармақтарының ережелерi сақталған жағдайда ата-аналар мен балаларының материалдық және отбасы жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерiн ескере отырып белгiлейдi.
3. Қосымша шығындарды көтеру тәртiбi мен бұл шығындардың мөлшерi тараптардың келiсуiмен белгiленуi мүмкiн.
18-тарау. Ерлi-зайыптылардың және бұрынғы
ерлi-зайыптылардың алименттiк мiндеттемелерi
133-бап. Ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiн асырап-бағу
жөнiндегi мiндеттерi
1. Ерлi-зайыптылар бiр-бiрiн материалдық жағынан қолдауға мiндеттi.
2. Мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлi-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келiсiм болмаған жағдайда алимент төлеуге қажеттi қаражаты бар жұбайдан:
1) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайының
2) жүктi кезiнде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы әйелiнiң
3) ортақ мүгедек баланы бағып отырған мұқтаж жұбайының бала он сегiз жасқа толғанға дейiн;
4) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейiн бағып-күтiп отырған, сондай-ақ 16 жасқа толғаннан соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектiк белгiленген жағдайда мұқтаж жұбайының алимент төлеудi сот тәртiбiмен талап етуге құқығы бар.
134-бап. Бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейiн алимент
алуға құқығы
1. Алимент төлеуге қажеттi қаражаты бар бұрынғы жұбайынан алимент төлеудi сот тәртiбiмен талап етуге:
1) жүктi кезiнде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы бұрынғы әйелiнiң
2) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейiн бағып-күтiп отырған, сондай-ақ 16 жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектiк белгiленген жағдайда көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының
3) неке бұзылғанға дейiн еңбекке жарамсыз болып қалған еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының құқығы бар.
2. Алименттiң мөлшерi мен оны неке бұзылғаннан кейiн бұрынғы жұбайына берудiң тәртiбi бұрынғы ерлi-зайыптылардың арасындағы келiсiм бойынша белгiленуi мүмкiн.
135-бап. Ерлi-зайыптылардан және бұрынғы ерлi-зайыптылардан
Достарыңызбен бөлісу: |