Нидерланды корольдігі үкіметінің сыртқы саясаты



Дата09.06.2016
өлшемі110.5 Kb.
#123767
ӘОЖ 327 (574+492)

Байғараев Ж.А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,


НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІ ҮКІМЕТІНІҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

Аннотация

Бұл мақалада, мемлекеттік суверенитеттің маңызды элементі болып есептелетін, Нидерланды Корольдігі үкіметінің қазіргі заманғы сыртқы саясаты қарастырылған. БҰҰ, Европалық Одақ және НАТО сияқты халықаралық ұйымдарға мүше Нидерланды Корольдігінің сыртқы саясатының халықаралық аренадағы маңыздылығы көрсетілген.



Тірек сөздер: Нидерланды Корольдігі, конурбация, урбанизация, «Ұлттар лигасы», «БҰҰ», «Маршал жоспары», интеграция, инвестиция, «Мыңжылдықтың Декларациясы».

НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІ ҮКІМЕТІНІҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ
Нидерланды Корольдігі Европа территориясының Солтүстік теңіз жағасында орналасқан шағын мемлекет, ол тек европалық қана емес, әлемдік тарих, саясат, экономика мен мәдениетте маңызды роль атқарып келе жатқан ел.

Нидерланды Корольдігі – Европаның ғажап елдерінің бірі, оның тарихы қайшылыққа толы, ол кезінде Испанияның отары болған, ал отарлықтан азат болғаннан соң, яғни 1648 жылы Испания Нидерландының тәуелсіздігін мойындағаннан кейін, Нидерланды «Құрама провинциялар Республикасы» деген ресми атауға ие болып, өзі отарлаушы елге айналды. Нидерландының отарлық басып алулары Ост-Индия компаниясы арқылы жүзеге асты, оның көмегімен голландықтар Үндістанға, Цейлонға, Қытайға, Жапонияға және Оңтүстік Африкаға енді. Кейіннен Нидерланды өзі үлкен отарлық империяға айналып, әлемге Австралия, Жаңа Зеландия, Индонезия, Оңтүстік Африка мен Америкаға баратын солтүстік теңіз жолын ашып берді.

Әдебиеттерде «Голландия»_мен_«Нидерланды»'>«Голландия» мен «Нидерланды» атауларын тең құқықта пайдаланады. «Голландия» атауы елдің Батысында орналасқан мемлекеттің қалыптасуына негіз болған және маңызды әлеуметтік-экономикалық, мәдени мәнді сақтап отырған, Солтүстік және Оңтүстік провинцияларға қатысты да айтылады. «Голландия» атауы орыс тілінен аударғанда «толқыны қатты теңіз жағасындағы ел» немесе «бос жер» деген, ал «Нидерланды» сөзбе-сөз аударғанда «ойпаң жер» деген мағына береді. «Голландия» атауы орыс тілінде, әсіресе 1697 жылы жас патша І Петр мен оның нөкерлері Нидерланды еліне сапарынан кейін кең тарады, ол Заандам қаласына кеме жасау шеберлігін үйрену үшін келген.

Мемлекеттік құжаттар, халықаралық келісім-шарттар мен дипломатияда мемлекеттің толық атауы – «Нидерланды Корольдігі» қолданылады.

Нидерланды Корольдігінің территориясы 41,5 мың кв. км құрайды. Халқының тығыздығы жағынан Европада 1 орында, әлемде 2 орында тұр (1 кв.км 449 адамнан). Халқының саны, 2013 жылдың мәліметтеріне қарағанда 16 миллион 803 мың адамды құрады. Нидерланды Корольдігі ұлттық құрамы жағынан біртекті, халықтың 83 % нидерландықтар құрайды, негізінде олар елдің солтүстік, шығыс және орталық облыстарында өмір сүреді. Оңтүстік провинциялар – Солтүстік Брабант пен Лимбургты фламандықтар мекен еткен. Елдің солтүстігінде Фрисландия, Гронинген мен Батыс-Фриз аралдарында фриздер тұрады. Голландықтар, фламандықтар мен фриздерден басқа Нидерланды Корольдігінде еврей, неміс, индонезия және басқа да халықтардың азғана топтары өмір сүреді.

Нидерланды Корольдігі мен Бельгия Корольдігінде нидерланды тілі мемлекеттік болып табылады. Европада 22 миллионнан астам адам осы тілде сөйлейді. Францияның солтүстік-батысында шамамен 60 мыңнан астам адам нидерландық диалектіде сөйлейді. Әлем бойынша 250 университет нидерланды тілін оқытады.

Амстердам қаласы 1814 жылдан бері корольдіктің астанасы. Бұл қала – әлемдегі ең ірі қаржы және сауда орталықтарының бірі. Қалада 42 музей, 6850 тарихи ғимарат пен 282 мәдениет ескерткіштері бар. Алайда, Корольдік сарай, Парламент, үкімет пен дипломатиялық корпус Гаага қаласында орналасқан. Сондай-ақ, бұл қалада ірі халықаралық құқықтық органдар: БҰҰ-ның халықаралық соты, Халықаралық қылмыстық сот пен Халықаралық төрелік сот орналасқан. Сонымен қатар, елдегі және әлемдегі ірі порттардың бірі орналасқан – Роттердам, елдің теміржол жүйесінің орталығы – Утрехт, электроника мен жоғарғы технологиялардың орталығы - Эйндховен сияқты қалалары да бар.

Мемлекеттік құрылымы жағынан Нидерланды Корольдігінде конституциялық монархия. Нидерланды Корольдігінің негізгі заңы жаңа Конституциясы 1983 жылы 17 ақпан күні қабылданды. Ауқымды қайта қарастырудан кейін, негізгі заңға әлеуметтік құқықтар, өлім жазасына, кемсітушілікке тыйым салу, жалпы сөз бен жиналыс еркіндігі, сонымен қатар жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы енгізілді.

Нидерланды Корольдігін патша Виллем-Александр басқарады, ол таққа 2013 жылдың 30 сәуір күні отырған. 1890 жылдан 2013 жылға дейін тақта тек қана әйелдер болған. Патша өкілеттілігіне:


  • Парламент басшысын тағайындау;

  • Нидерланды Корольдігінің алдағы жылдардағы саяси өмірінің даму векторларын анықтайтын, таққа отырғанда сөйлейтін сөзін ресми түрде жариялау;

  • Заң жобаларын бекіту;

  • Экономикалық және мәдени мәселелер бойынша премьер-министр және басқа да жоғары қызметтегілермен консультация;

  • Әлемдік аренада өкілдік міндеттер, -жатады.

Мемлекеттің атқарушы билігін үкімет, ал заң шығарушы билікті жоғарғы заң шығарушы орган Парламент – Бас Штат жүзеге асырады. Бас Штат 2 палатадан тұрады, бірінде, яғни Сенатта провинция штаттарымен 6 жылға сайланатын 75 мүше болса, екіншісінде, яғни Өкілдер палатасында 4 жылға тікелей дауыс беру арқылы сайланатын 150 адам. Нидерланды Корольдігінің премьер-министрі 2010 жылдың 14 қазанынан бері, Еркіндік пен демократия үшін Халықтық партиясының жетекшісі Марк Рютте. Премьер-министр үкімет жұмысын үйлестіреді, елдің қорғаныс қабілеті үшін жауапты және өкілдік міндеттерді атқарады.

Нидерланды Корольдігінде 12 провинция (Дренте, Флеволанд, Фрисландия, Гелдерланд, Гронинген, Лимбург, Солтүстік Брабант, Солтүстік Голландия, Овер-Эйссел, Утрехт, Зеландия және Оңтүстік Голландия) бар, провинциялдық Штат басында корольдік комиссар тұрады. Нидерланды Корольдігінің провинциялары қауымдарға бөлінеді, 2010 жылы 13 наурызда берілген мәліметтерге қарағанда 430 қауым болған.

Нидерланды өзінің сыртқы саясатына ерекше мән береді. Дүниежүзілік соғыстар арасындағы кезеңдерде Нидерланды Ұлттар Лигасының жұмысына белсенді араласты, ол 1919 жылдан бері Ұлттар Лигасының тұрақты мүшесі. Ұлттар Лигасын құру жөнінде шешім 1919 жылы 18 қаңтарда басталған Париж конференциясында қабылданды, оның жұмысына 27 елдің өкілдері қатысты. Париж конференциясының жұмыс тәртібін ұлы державалар өкілдері – Францияның премьер-министрі Жорж Клемансо, Анлияның премьер-министрі Дэвид Ллойд-Джордж, АҚШ президенті Вудро Вильсон анықтады. В. Вильсонның басшылығымен қысқа мерзімде Жарғының негізі 1919 жылы 14 ақпанда дайын болды. Ұлттар Лигасының басты мақсаты – халықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Біріккен ұлттар ұйымының құрылуына байланысты, 1946 жылы 18 сәуір күні халықаралық ұйым – Ұлттар Лигасы өмір сүруін тоқтатты.

1939 жылы 1 қыркүйек күні Германияның Польшаға шабуылынан кейін, 4 қыркүйек күні Нидерланды өзінің бейтараптығы туралы мәлімдеді. Нидерландының қатаң бейтарап саясат ұстанғандығына қарамастан, 1940 жылдың 10 мамырында Нацистік Германияның шабуылына ұшырады. Нидерланды армиясы еш бір қарсылық көрсете алмады. 1940 жылдың 14 мамырында неміс авиациясы Нидерландыны мәжбүрлеп тізе бүктіруге ұмтылып Роттердам қаласына соққы жасады. Бомбалау салдарынан 800 адам қаза тауып, 78000 мың қала тұрғыны баспанасыз қалды. Сөйтіп, алдағы шығындарды болдырмас үшін Нидерланды 1940 жылдың 15 мамырында тізе бүкті. Нидерланды 5 жыл оккупацияда болды, тек 1944 жылдың күзінде ғана Нидерландыға одақтастардың әскері кіріп, 1945 жылдың 5 мамырында Нидерланды Вагенинген қаласында неміс әскерлері толығымен жеңілгендігін мойындады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Нидерланды, Индонезия мен басқа да жерлерде әскери әрекет пен шабуыл салдарынан шамамен 240 мың нидерландық қаза тапты, 500000 нидерландықты немістер мәжбүрлі жұмысқа айдап әкеткен. Нидерландының еврей халқы қатал құғындауға ұшырады. Соғыс басталғанға дейін Нидерландыда 140000 еврей болған, ал соғыс аяқталған соң, тек 40000 еврей ғана тірі қалды [6, 363 б.]. 1945 жылы Нидерландының Әділет министрлігі «Қара тюльпан» атты операциясын ұйымдастырып, 1946-1948 жылдар аралығында шамамен 4000 немісті елден шығарды.

Cоғыс Нидерландыға 20 млрд. доллар шығын келтірді, мемлекеттің қарызы 5,5 млрд. доллардан (1930) 19,5 млрд. долларға (1945) өсті. Көптеген өнеркәсіптік және транспорттық кәсіпорындар қиратылып, олардың жабдықтары демонтаждалып, Германияға тасып әкетілді [6, 364 б.].

Соғыстан кейінгі кезеңде Нидерланды үкіметі экономиканы қайта қалпына келтіруге, елді қайта дамытуға және Батыс Европа елдерімен экономикалық байланыстарды нығайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Әрдайым өз қалаларымен атағы шығып жүрген Нидерланды, енді Европада урбанизацияның аса маңызды орталықтарының бірі болып қалды. Нидерландының бүкіл территориясы Дордрехт пен Роттердамнан, Делфт, Гаага, Лейден мен Харлем арқылы, Амстердамға дейін Рандстад атты үлкен конурбацияны құрды.

Нидерланды ірі отарлық империя болған, алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін отар елдер өз азаттығын алды: Сукарно басқарған отарлаушылыққа қарсы майдан Индонезияның тәуелсіздігін жариялады, Индонезиядағы отар иеліктерін қайтару мақсатында АҚШ пен Англияның қолдауымен жүргізген соғыстары сәтсіз аяқталып және 1948 жылы қаңтар айындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша Нидерланды мен Индонезия әскери әрекеттерді тоқтату туралы «Ренвилл келісіміне» қол қоюы салдарынан Нидерланды 1949 жылдың 27 желтоқсан күні Индонезияның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. 1954 жылы Нидерландыда Корольдіктің жаңа жарғысы қабылданды, жарғыға сәйкес Нидерланды Корольдігі «үш тең әріптестің» Корольдігі деп жарияланды да, Кариб бассейнінде орналасқан Суринам мен Нидерландық Антиль аралдары Нидерландының тең құқылы әріптестеріне айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Нидерланды Корольдігі Европаның интеграциясы үшін қозғалыстың белсенді қатысушысына айналды. 1945 жылы Нидерланды Корольдігі халықаралық ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуына қатысты. Нидерланды Корольдігінің үкіметі әлемде бейбітшілікті сақтаумен алдын алатын дипломатияда басты рольде Біріккен Ұлттар Ұйымы болуы керек деген көзқараста болды. «Біріккен Ұлттар» атауын АҚШ президенті Ф.Д. Рузвельт ұсынды. Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына 1945 жылы 26 маусымында Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды. Жарғы 1945 жылы 24 қазанында күшіне енді. Жарғыға сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымы өз қызметінде 4 негізгі мақсатты көздеді:



  • Бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;

  • Ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту;

  • Халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;

  • Осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу [3. 218 – 219 б.].

1947 жылы Нидерланды Корольдігі Европалық елдерге инвестициялық көмек бағдарламасы «Маршал жоспарына» (1948-1952 жылдарға арналған) қосылды. Бағдарламаны АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж. Маршал Гарвард университетінде 1947 жылы 5 маусым күні: «...Европаны қайта қалпына келтіруге қажетті жағдайларды қарастыру барысында қанша адам тапқаны, қалалар, заводтар, шахталар мен теміржолдар қирағаны туралы нақты мәліметтер жинақталды, алайда соңғы айларда осы қирау мен бүліншіліктен европалық экономикалық құрылымның бұзылуы әлдеқайда ауыр екені байқалып отыр.» - деп баяндады [ 3. 223-225 б.]. 12 маусым күні Париж қаласында 16 елдің өкілдері жиналып, нақты көмектің мөлшерін талқылады. 1948 жылы 4 сәуір күні АҚШ конгрессі «Экономикалық ынтымақтастық туралы» заңды қабылдағаннан кейін, бағдарлама жүзеге аса бастады. 1948 жылдың 4 сәуірінен - 1952 жылдың желтоқсан айына дейін қарастырылған «Маршал жоспары» бойынша, 13 млрд., доллардан Нидерланды Корольдігі 1 млрд., доллар алған. АҚШ-тан алған қаржыны Нидерланды Корольдігінің үкіметі қаржы жүйесін тұрақтандыруға, инфляцияны тоқтатуға және жаппай тұрғын үй құрылысына жұмсады [6, 365-366 б.].

1948 жылы 1 қаңтарда үкіметаралық ұйым Бенилюкс кедендік одағы құрылды, оған Нидерланды, Бельгия мен Люксембург кірді. Бенилюкс елдері арасындағы сауда барлық баж салықтарынан босатылды. Осы жылы наурыз айында Англия және Франция елдерімен бірге олар, Батыс Одағын құру туралы Брюссель пактісіне, әскери, экономикалық, саяси және мәдени салада ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды (1954 жылдан Батысевропалық одақ). Осы іс-шараны Солтүстікатлантикалық альянстың бастауы деп есептесе болады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Нидерландының сыртқы саяси бағыты түбегейлі өзгерді. 250 жылдай ұстанған дәстүрлі бейтарап саясаттан бас тартқан Нидерланды Батыстың әскери топтасуларына кіріп, ол жерде айтарлықтай маңызды роль ойнады. Нидерланды Атлантикалық әскери-саяси блок НАТО-ға мүше болды, ұйым 1949 жылы 4 сәуір күні құрылды. 12 мемлекеттің арасында (Бельгия, Англия, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланды, Норвегия, Португалия, АҚШ, Франция) жасалған келісім бойынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылды. НАТО Европаны Кеңестік ықпалдан қорғау үшін құрылған ұйым. Қазіргі уақытта НАТО құрамында 28 мемлекет бар. 2010 жылғы НАТО-ның стратегиялық концепциясы бойынша, оның 3 негізгі мақсаты бар, олар: ұжымдық қорғаныс, дағдарыстық реттеу және ынтымақтастық негіздегі қауіпсіздік.

Нидерланды Корольдігі 1952 жылдың 25 шілдесінен күшіне енген, Францияның сыртқы істер министрі Р. Шуманның ұсынысы бойынша құрылған Европалық көмір мен болат бірлестігіне қосылды.

Нидерланды Корольдігінің Оңтүстігінде орналасқан Маастрихт қаласында 1992 жылы 7 ақпанда Маастрихт келісімінің жасалуы Европалық экономикалық қауымдастықтың Европалық Одаққа өзгеруіне себепкер және европалық интеграция тарихындағы ірі оқиға болды. Маастрихт келісіміне экономикалық ынтымақтастық бөлімдерінен басқа сыртқы саясат пен әділ сот бөлімдері енгізілді. Экономикалық және валюталық одақ, жалпы сыртқы саясат пен қауіпсіздік саясаты, мүше-мемлекеттердің ішкі істер мен әділ сот саласында ынтымақтастығы – Европалық Одақтың 3 негізгі тірегін білдіреді. Маастрихт келісімі ратификацияланғаннан кейін, 1993 жылы 1 қараша күні күшіне енді. Маастрихт келісімі бойынша Европалық Одақ елдері бірыңғай ақша бірлігіне көшу мақсатында бірлесе әрекет етуді міндетіне алды. 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап Нидерланды Корольдігінде қолма қол айналысқа евроны енгізу басталды, ал ортағасырдан бері қолданыста болған ұлттық валюта – гульден айналымнан алынды.

Европалық Одақ қазіргі таңда 28 Европалық мемлекеттердің экономикалық және саяси бірлестігіне айналды. Европалық Одақтың құрылуынан Нидерланды Корольдігінің экономикасы үлкен тиімділік көрді, оның ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өнімі өзінің әріптестеріне қолайлы жол тапты. Сондықтан, Европалық Одақ Нидерланды Корольдігінің транзитті ел ретіндегі позициясын нығайтты. Солтүстік теңіз жағындағы оңай мүмкіндік Роттердам сағасы ауданын Европа қақпасына айналдырды. Өзіне қолайлы жағдайлар туғызып отырған ұйымның Кеңесінде Нидерланды Корольдігі 1960 жылдан 2004 жылға дейін 11 рет төрағалық еткен, ал 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12 рет төрағалық ету мандатын алып отыр. Алдағы жарты жылға белгіленген басымдықтар арасында, Нидерланды Корольдігі миграция мен халықаралық қауіпсіздікті анықтады. Сонымен қатар, Нидерланды Корольдігі өз мандатының маңызды мәселесі деп экономикалық өсу мен жұмыс орындарын құруға бағытталған Европалық Одақтың инновациялық дамуын анықтады. Нидерланды Корольдігінен кейін, Европалық Одақтың Кеңесінде төрағалықты Словакия алады.

1990 жылдардың басына бастап Нидерланды Корольдігінің үкіметі Орталық және Шығыс Европа елдеріне көмек саясатын жүзеге асырып келеді, мақсаты осы аймақ елдерін плюралистік конституциялық мемлекетке және нарықтық экономикаға өту кезеңінде қолдау. Орталық және Шығыс Европа елдеріне көмек көрсетуге жұмсалатын қаржы құралдары, 3 компонеттен тұратын бір қорға біріктірілген:


  1. Әлеуметтік өзгеріс бағдарламасы (МАТRА), оны Нидерланды Корольдігінің сыртқы істер министрі жүзеге асырады. Бағдарлама Польша, Венгрия, Чех Республикасы, Словакия, Эстония, Латвия, Литва, Словения, Хорватия, Румыния, Болгария, Россия Федерациясы, Украйна мен Белорусияны қамтиды;

  2. Коммерциялық қатынастарды дамытуға арналған Шығысевропалық ынтымақтастық бағдарламасы. Бұл бағдарлама МАТRА-дағы елдерді қамтиды.

  3. Европаның қайта құру және дамыту банкіне жылдағы жарна жасау,оған Қаржы министрлігі жауапты.

Сонымен қатар, Нидерланды Корольдігі үкіметінің сыртқы саясатының құрамдас бөлігі, ол даму саясаты. 2000 жылы қыркүйек айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Мыңжылдықтың Саммиті болып өтті. 8 қыркүйек күні БҰҰ-на мүше 193 мемлекет пен 23 халықаралық ұйым «Мыңжылдықтың Декларациясын» қабылдады, ол 2015 жылға қарай бүкіл адамзат баласының өмір сүруі үшін үйлесімді жағдай жасау стратегиясын анықтады. «Мыңжылдықтың Декларациясында» халықаралық дамудың 8 негізгі мақсаты тұжырымдалған, олар:

  1. Кедейшілік пен аштықты жою;

  2. Жалпыға бірдей бастауыш біліммен қамтамасыз ету;

  3. Ер мен әйел адамдардың теңдігін көтермелеу және әйел адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту;

  4. Бала өлімін қысқарту;

  5. Ананы қорғауды жақсарту;

  6. ВИЧ/СПИД, малярия және басқа да аурулармен күрес;

  7. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету;

  8. Даму мақсатында ғаламдық әріптестікті қалыптастыру [3. 244 – 246 б.].

2005 жылы әлем көшбасшылары АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ-ның Орталық мекемелерінде бас қосып, олар ұлттық деңгейде «Мыңжылдықтың Декларациясын» дамытуда қол жеткізген мақсаттар барысы туралы есеп берді. Қазіргі таңда, тек 5 мемлекет: Дания, Люксембург, Нидерланды, Норвегия және Швеция ғана, өзінің Жалпы ішкі өнімінің (ВНП) 0,7% даму саласында кедей елдерге көмек ретінде бөліп отыр.

Қазіргі уақытта, Нидерланды Корольдігі әлемдігі динамикалық дамушы елдірдің бірі. Бүкіләлемдік экономикалық форумның (WTF – Word Trade Forum) рейтингісі бойынша Нидерланды Корольдігі 2013 жылы сыртқы сауда айналымы бойынша 5 орында, ал ғаламдық бәсекеге қабілеттілік 2014-2015 бойынша, Швецария бастаған рейтингтің 8 орнында Нидерланды Корольдігі тұр. «Сауда дамуының динамикалық индексі» бойынша Нидерланды Корольдігі 5,3 ETI (enabling trade index) индексімен әлемде Сингапур (5,7) мен Гонконгтан (5,5) кейін 3 орында тұр. Бюджеттік дефицит, инфляция мен жұмыссыздық деңгейі Нидерланды Корольдігінде ең төменгі деңгейде.

Нидерланды Корольдігінің әлемде 110 елшілігі, 27 Бас консульствасы және БҰҰ, Европалық Одақ және Атлантикалық әскери-саяси блок НАТО сияқты халықаралық ұйымдарда 15 тұрақты өкілдігі бар.
Әдебиеттер


  1. Бусыгин А.В. Нидерланды. М.: «Мысль», 1986.

  2. Ибрашев Ж., Енсебаева Э. Европейский Союз во внешней политике Казахстанa. Алматы, 2001.

  3. Көкебаева Г.К. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1918 - 2013). Алматы, «Қазақ университеті», 2014. – 258.

  4. Мәшімбаев С.М. Еуропа және Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945 - 2000). Алматы, «Қазақ университеті», 2007. – 284.

  5. Новейшая история стран Европы и Америки. ХХ век. В 3 частях. под ред., А.М. Родригеса и М.В. Пономарева. Москва, «ВЛАДОС», 2004. Ч. 3. – 256.

  6. Шатохина-Мордвинцева Г.А. История Нидерландов: учебное пособие для вузов. М.: «Дрофа», 2007. – 510.

Интернет рессурстары:

  1. Euro - pulse. ru /news/ niderladyi-vstupili-v-prava-predsedatelya-soveta-es.

  2. www.un.org/ru/documents/decl_conv/declaranions/summitdecl.shtml.

  3. gtmarket.ru/news/2014/09/03/6873

  4. https://ru.wikipedia.org/wiki/Нидерланды.

  5. http://megabook.ru/article/Нидерланды (государство)

References

  1. Вysygin A.V. Niderlandy. M.: «Mysl», 1986.

  2. Ibrashev G., Ensebaeva E. Evropeiski Soyz vo vnechenei politike Kazahstana. Almaty, 2001.

  3. Kokebaeva G.K. Evropa shane Amerika elderinin kazirgi zaman tarihy (1918 - 2013). Almaty, «Kazah universiteti», 2014. – 258.

  4. Machimbaev S.M. Evropa shane Amerika elderinin kazirgi zaman tarihy (1945 - 2000). Almaty, «Kazah universiteti», 2007. – 284.

  5. Noveichay istoria stran Evropy i Ameriki. XX vek. V 3 chastax. pod red., A.M. Rodrigesa i M.V. Ponomareva. Moskva, «VLADOS», 2004. Ch. 3. – 256.

  6. Shatoxina-Mordvinseva G.A. Istoriya Niderlandov: ychebnoe posobie dlya vyzov. M.: «Drofa» 2007. – 510.

Internet ressurstar:

  1. Euro - pulse. ru /news/ niderladyi-vstupili-v-prava-predsedatelya-soveta-es.

  2. www.un.org/ru/documents/decl_conv/declaranions/summitdecl.shtml.

  3. gtmarket.ru/news/2014/09/03/6873

  4. https://ru.wikipedia.org/wiki/Niderlanyi.

  5. http://megabook.ru/article/ Niderlanyi (gosudarstvo)


Байгараев Ж.А.

ВНЕШНЯЯ ПОЛИТИКА КОРОЛЕВСТВА НИДЕРЛАНДОВ

Аннотация

В данной статье рассмотрена современная внешняя политика Королевства Нидерландов, которая является одним из важных элементов государственного суверенитета. Отмечена важность внешней политики Королевства Нидерландов на международной арене, которая является членом международых организации, как ООН, Европейский Союз и НАТО.



Ключевые слова: Королевство Нидерландов, конурбация, урбанизация, «Лига Наций», «ООН», «План Маршала», интеграция, инвестиция, «Декларация Тысячелетия».
Baigaraev Zh.A.

FOREIGN POLICY OF NETHERLANDS

Summary

This article considers the contemporary foreign policy of the Netherlands, which is one of the important elements of state sovereignty. The importance of foreign policy of the Netherlands in international arena, which is a member of international organizations such as the UN, European Union and NATO.



Key words: Netherlands, conurbation, «The League of Nations», «UN», «Тhe plan of Marshall», integration, investment, «Millennium Declaration».

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет