Оқу сауаттылығы
Нұсқаулық: Мәтінді мұқият оқып, берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз.
ГМО қайдан келді?
Ғалымдардың болжауынша, жер шары небәрі 12 млрд адамды асырауға есептелген. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі халықтың саны 8 миллиардқа жетіп отыр. Әлемде жыл сайын 1 миллион адам аштықтан қырылады екен. Демек, алдағы уақытта күллі адамзат азық-түлік тапшылығын тартады деген сөз. Осы түйткілді мәселені алдын ала болжап білген ғалымдар генетикалық құрамы өзгертілген өнімдерді жасап шығарды.
Оның түп-тамыры 1952 жылы ДНҚ-ның молекулалық құрылымын ашқан америкалық биологтар Джеймс Уотсон мен Фрэнсис Криктің ғылыми жаңалығынан бастау алады. Олар генетикалық материалдың ұрпақтан- ұрпаққа берілуіне, сақталуына, дамуы мен қызметіне ДНҚ жауапты екенін анықтағаннан кейін 1972 жылы тағы бір америкалық биохимик Т.Берг екі түрлі организмнің ДНҚ молекулаларын бір-біріне қосып, бұрын-соңды болмаған басқа бір түрін құрастырып шықты. Осылайша, ол жануарлар, өсімдіктер және басқа да организмдерді будандастыру арқылы қолдан көбейтуге, өсіруге болатынын ашты. Гендік инженерия саласында ашылған бұл тәсіл алғашында өсімдіктерді үсіп кетуден сақтау үшін пайдаланылды. Кейін астықты бірнеше есеге көбейтуге, тағамды молайтуға қолданыла бастады. Осы әдісті іліп әкеткен Қытай 1992 жылы пестицидтер қосылған темекі өндіріп шығарды. Содан кейін камбала балығының генін қосып, суыққа төзімді қызанақтар өндірді. Осылайша, ГМО дәуірі басталды. 1993 жылы ГМО қосылған жасанды тағамдар жаппай сатылымға түсе бастады. Қазақстанға да трансгендік өнімдер осы кезде таралды.
Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдар пайда болғаннан бері әлемде трансгендік өнімдер туралы неше түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ ешқайсысына қатысты нақты ғылыми тұжырымдалған дәлел жоқ. Қазір көптеген елдерде гендік өзгеріске ұшыраған жаңа өнімдер шығарылуда. Бұл өнімдер жылдан-жылға көбеймесе, азаймайды. Қайсыбіреулер гендік модификацияланған азық-түлік ісік ауруларын туғызады, ағзаны зақымдайды, генді бұзады, иммунитетті төмендетеді деп айтады. Дегенмен адамның гені тамаққа бола бұзыла салатындай оңай нәрсе емес. Оның бірнеше қабаттан тұратын қорғаныс күші бар. Ағзаның генетикалық кодын бұзу үшін радиация мен химиялық жойқын күш керек. Қайта құрылымы, пішіні өзгерген тамақтың құрамы әртүрлі дәрумендермен байытылып, нәрлілігі арта түседі.
Кезінде жануарлардың асыл тұқымын, өсімдіктердің ерекше сортын, пайдалы микроорганизмдердің штампын жаңартып шығаратын селекция әдісі пайда болған кезде әлем дүрлігіп, оған қарсы тұрды. Бүгінде оның
пайдасы күмән келтірмейтін болды. Сондықтан тағамды молайтуға мүмкіндік жасап отырған технологияның шыққанына қуану керек шығар.
Достарыңызбен бөлісу: |