Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.) Мазмұны кіріспе


Н.Ә. НАЗАРБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІГІ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕК КӨЗІ



бет6/10
Дата16.06.2016
өлшемі1 Mb.
#138837
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

3 Н.Ә. НАЗАРБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІГІ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕК КӨЗІ
3.1 Н.Ә. Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қалыптасырудың алғышарттары мен маңызы, теориялық негіздері мен жолдары, кезеңдері мен ерекшеліктері туралы

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығындағы әлем тарихының басты оқиғасы ретінде тарихқа енген КСРО сияқты алып империяның күйреуі нәтижесінде пайда болған елдердің бірі – Қазақстан Республикасы халқының, бірінші кезекте қазақ халқының алдында жаңа мемлекет қалыптастыру міндеті тұрды. Мұндай аса күрделі істің басында, ел тағдыры шешілер сәтте атқарылар ауқымды жұмыстардың қайнар көзінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрғандығы белгілі. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, яғни жаңа мемлекеттіктің іргесін қалаушы ретінде, оның еңбектеріне деректанулық талдау жасау, Н. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта қалыптасырудың алғышарттары мен маңызын анықтап, теориялық негіздерін жасағандығын және жолдары мен кезеңдерін айқындап, ерекшеліктерін көрсеткендігін дәлелдейді.

Жаңа мемлекет құру ісінің өте қымбатқа түсетін, аса күрделі іс екендігін Н. Назарбаев КСРО-ның кезінде-ақ жете түсінген және оны ашық айтқан. Мысалы, ол өзінің 1991 жылдың наурыз-сәуір айларында, демек КСРО-ның күйреу қарсаңында дайындаған “Әділеттің ақ жолы”-атты кітабында одақтас республикалар арасында сол кезде ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстарды үзудің бәрі үшін де қатерлі екендігін айта келе: “Оның үстіне бір-біріне мүлде тәуелсіз, жаңа мемлекеттерді құру дегеніңіз де өте қымбатқа түсетін іс екенін дәлелдеп жатудың сірә, керегі бола қоймас”-деуі соның дәлелі [114, 257 б.].Дегенмен, көп ұзамай-ақ тағдыр оны дәл сол “өте қымбатқа түсетін”, жаңа мемлекет құру ісімен айналысуға мәжбүр етті.

Н. Назарбаевтың қандай жағдайда жаңа мемлекет құру ісімен айналысуына тура келгендігін түсіну үшін, КСРО ыдырағаннан кейінгі Қазақстанда қалыптасқан жалпы жағдайды объективті суреттеп берген “Азия асқарларынан” үзінді келтірейік. Онда: “Кеңестен кейінгі елдердің басым бөлігі сияқты, Қазақстан да қайырым білмес жүйелік дағдарыстың жылымына батып жүре берді. Алып империяның күйреуімен бірге бәрі де: үйреншікті байланыстар, өмір салты және адамдық құндылықтар қирап түсті. Бұрынғы Одақтан мұраға қалған дерттерге енді ортақ идеологиямен, экономикамен және инфрақұрылыммен бекемделген біртұтас ағзаның қирауына байланысты шыққан жаңа дерттер қосылды. Соның өзінде де Қазақстан басқалармен салыстырғанда аса бір қиын жағдайда қалған болып шықты.

Оның өзіндік себептері де бар. Елді меңдеп алған дағдарыс кеңестік жоспарлы экономиканың қойнауларында баяғыдан сыздауықтай пісіп келе жатқан ауқымды дағдарыстың тікелей жалғасы және салдары еді. Қазақстанға дәл осындай мұра қалды: жантәсілім ете бастаған эканомиканың жарқыншағы, тозығы жеткен инфрақұрылым, әлемдік стандарттарға маңайламайтын кәсіпорындар мен құрал-жабдықтар, экстенсивті ауыл шаруашылығы және азып-тозған ауыл, ақыр аяғында, білікті мамандар мен тәжірибелі басқарушылардың тапшылығы”- дей келе, мемлекеттік басқару жүйесіндегі ауыр ахуал мен оның салдары туралы: “Кеңестік кезеңнен қалған мемлекет басқару жүйесінің быт-шыты шықты. Экономиканың белі бүгіліп кетті. Оның көлемі 55 пайызға кеміді. Қазақстанның қаржысы да, өнім өткізетін рыногы да жоқ еді, сондықтан кәсіпорындардың бәрі дерлік тоқтады. Дүкендерден азық-түлік пен ең зәру заттар табылмайтын. Адамдар жалақы мен зейнетақыны айлар бойы алудан қалды. Елді жаппай жұмыссыздық жайлады. Жойдасыз инфляция әбден шегіне жетіп, жұртшылықтың тапқан-таянғанын жалмап жатты. Қылмыс өсіп кетті.

Ел қауіпсіздігінің мәселелері де оңай емес-ті. Шекаралардың аты бар да заты жоқтығы, қуатты ядролық арсеналдың қолда тұруы, көмірсутектерінің мол қоры және жағдайы тұрақсыз өңірдің дәл ортасындағы геосаяси орналасу ұлттық қауіпсіздікке әдәуір қатер болатын. Егер бұған аса ауқымды аумаққа шашырай орналасқан халықтың этностық құрамы бойынша ала-құлалығын, әскердің әлсіздігін қоссаңыз, қалыптасқан жағдайдың қаншалықты күрделі екендігі көрінеді”- деп баяндалған [102, 21 б.].

Міне, осындай, қазіргі қазақстандықтардың басым бөлігі әлі ұмыта қоймаған ауыр жағдайда, Елбасына жаңа мемлекет қалыптасыру сияқты аса күрделі істің басында тұруына тура келді. Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның бұл мәселеге ел тағдыры үшін шешуші маңызы бар мәселе ретінде қарап, оған ерекше көңіл бөлгендігін, оның бар маңызын жете түсініп, үлкен жауапкершілікпен және жан-жақты ізденістер негізінде, терең теориялық дайындықпен келгендігін көрсетеді.

Егер, кез-келген ғылыми-танымдық зерттеу жұмысын, сол зерттеу объектісіне тән ұғымдар мен терминдерді анықтаудан бастау қажеттігін ескерсек, онда мемлекттану ғылымының таным объектісі ретінде алғанда «Қазақстан мемлекттігі дегеніміз – мемлекеттік егемендік Декларациясының ресми-саяси тұрғыда жариялануы (25 қазан 1990 ж.) мен КСРО-ның тарау кезеңіндегі және тарағаннан кейін қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы (16 желтоқсан 1991 ж.) конституциялық заңның жәй ғана заңды нәтижесі емес, Қазақстанда адам бостандығынан бастап, жеке меншік – құқық – мемлекеттік және соңғы саты – Қазақстан Республикасы мемлекеті сияқты сатылардан тұратын қазақ жеріндегі әлеуметтік-генетикалық буынның бүкіл қалыптасу жолы болып табылады» [149, 5 б.]. Ал өз кезегінде «Қазақстан Республикасы мемлекеті де әлеуметтік дамудың белгілі бір сатысы бола отырып, мемлекеттің нығайуы мен дамуына, әсіресе, Қазақстан қоғамында және мемлекеттер мен халықтардың дүниежүзілік қатнасында өзінің әлеуметтік қызметін іске асыру бағытында шешуші орын алатын» таным объектісі. [149, 5 б.].

Демек, диссертациялық жұмыста Н. Ә. Назарбаев еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының деректік негіздерінің бірі ретінде, біздегі мемлекеттік-құқықтық шындықтың, яғни Қазақстан Республикасы деп аталатын нақты мемлекеттің, көрсетілген уақыт аралығында қалыптасқан нышандарын ғана емес, сонымен қатар олардың пайда болуының объективті алғышарттары мен қалыптасуының субъективті факторларын, теориялық негіздері мен жолдарын, нақты тарихи жағдайдағы даму процестері мен кезеңдерін көрсететін дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасалынады.

Әрине, ХХ ғасыр соңында іргесі қалана бастаған Қазақстан мемлекеттігіне де жалпы заңдылақтар мен ортық қағидалар тән. Мысалы, жалпы мемлекеттіктің болмысы туралы мемлекеттанушы ғалымдар Е. Қ. Нұрпейісов, А. К. Котов: “Мемлекеттіктің болмысы өкіметтің саяси ұйымдасуы элементтерінің толық емес түрдегі жиынтығы бола отырып, адамдар қаблеттерінің табиғи теңсіздігі мен олардың жеке бастың бостандығына билік пен меншікке деген бірдей ұмтылысымен негізделеді. Осыған байланысты қоғам мұшелерін тең дәрежеде топтастыру үшін қоғамдық билікті орталықтандыру қажеттігі туады. Сондықтан мемлекеттік болмыс тарихта заңды түрде егемендіктің қалыптасуы немесе осы мемлекеттің қирауы, қайта құрылуы және оның басқа егемен мемлекеттің құрамында жұтылып кетуі түрінде көрінеді. Нақты бір форма мен мазмұнға ие егемендік болмыс бостандықтың мемлекет болып қалыптасу процесінің нәтижесі болумен қатар, бір мезгілде бостандықтың халықаралық құқық тәртібіндегі құқықтық мемлекет түріндегі құқық ретінде қалыптасуы болып табылады”-дейді[149, 6 б.]. Мұның бәрі де бізде көрініс тапты.

Одан әрі ғалымдар тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің негіздері туралы: “Қазіргі таңдағы біздің мемлекеттігімізді Қазақстан Республикасының кеңес дәуірінен кейінгі саяси дамуындағы ең ақарғы өлшем деп қарауға болмайды. Ол қазақ жеріндегі тұрғылықты халықтың сан ғасырлық этнополитогенездік дамуының, демографиялық және басқа да мемлекетті құраушы тарихи процестердің нәтижесі болып табылады”- дейді[149, 6 б.].

Дегенмен, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің өзіндік ерекшеліктері мен жалқылықтары бар күрделі қоғамдық құбылыс екендігі де рас. Н. Назарбаев еңбектеріне, тарихилық принципіне сай, жарық көрген уақыттарынан шыға отырып талдау жасау, оның жаңа Қазақстан мемлекетігін құру туралы теориялық ойлары мен іс-әрекеттерінің даму динамиксын байқауға мүмкіндік береді. Мысалы, ол өзінің тәуелсіздік таңы жаңа атқан 1992 жылы, дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінде: “Қазір біздің ұлтымыздың алдында тұрған ең басты міндет, ең қиын міндет – Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыт-бағдарын дәл айқындап, сол мақсатқа неғұрлым тезірек жетудің жолында аянбай еңбек ету.” десе [129, 32 б.], сол жылы жариялаған “Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы” атты еңбегінде: “Ұлт мемлекеттіліксіз өмір сүре алмайды, құрып кетеді. Өз кезегінде ұлттың жойылуы оның мемлекетінің өмір сүруін мәнсіз етеді. Мәселенің қатаң диалектикасы осындай. Сондықтан қай ұлтқа жататынына қарамастан барлығы үшін мүмкіндіктер теңдігі мен барлығының заң алдында тең принципін жүзеге асырушы біздің мемлекетте тұрғылықты ұлт – қазақтардың – мүддесі жекелеген жағдайда бірқатар мемлекеттерде орын алып отырғандай, ерекше бөліп айтылатыны да әбден орынды”- деп [124, 5 б.] ұлттық мемлекет қалыптастырудың ұлт тағдыры үшін қаншалықты маңызды екендігін, бұл істегі қазақ ұлтының алар орнының ерекше екендігін атап көрсткен.

Егер, мемлекеттің – адамдардың ұйымдасуы мен өмір сүруінің нысаны болып табылатын қоғамның негізінде пайда болатындығын, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінің нәтижесі екендігін ескерсек, онда нақты қоғамның бей-несі,жалпы сипаты мен әлеуметтік табиғаты қандай болса, нақты мемлекеттің де бейнесі, жалпы сипаты мен әлеуметтік табиғатының да сондай болатындығы белгілі. Өйткені қоғам дегеніміз – мемлекеттің объективті негізі, соның базисі. Демек, бізде бүгінгі күні негізінен қалыптасып, дами бастаған мемлекетіміз қазақ қоғамының, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы Қазақстанның реальды дамуының объективті жемісі, соның бейнесі және көрінісі. Н. Назарбаев аталған еңбегінде: “ Бұрынғы Кеңес Одағының бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен оқиғалар тарих еншісіне айналды. Бүгінде өз тағдырын өзі айқындаған қазақ ұлтының жас егеменді мемлекеті, Қазақстанның бүкіл халқы мен экономикасы өзінің жаңа жай-күйінің жолында тұр.

Қоғамдық организм, онда орын алған саяси және экономикалық қатнастар өзгеру үстінде. Қоғам мен экономика барған сайын ашық сипатқа ие болуда. Демократияның дамуы, меншіктік қатнастарды реформалау және толыққанды жүйелі нарықа қадам жасау экономиканы дағдарыстан шығарудың баламасыз құралы ретінде танылды, ұлттық мемлекеттің қалыптасуы үшін қолайлы жағдай жасалуда”-деп [124, 5 б.], ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанда орын алған түбегейлі қоғамдық-экономикалық өзгерістер салдарында елде ұлттық мемлекетті қалыптастырудың объективті алғышарттарының пісіп жетілгендігін айтты.

Одан әрі Н. Назарбаев: “Қазақстанды біз үшін басқа ешкім де өзгертпейтінін, дүние жүзі қауымдастығында оған лайықты орын алып бермейтінін, біздің өміріміздің стандартын жоғары көтермейтінін түсіну маңызды” деп [124, 5 б.], Қазақстанның өзгеруі де, әлем қауымдастығы арасындағы өз орнын таба білуі де,тек қазақстандықтардың өзіне ғана байланысты екендігін айта келе: “Барлық қазақстандықтар ілгерілеудің концептуальдық бағытын көрмейінше, алыстағы мақсатты түсінбейінше, олардың стратегиялық байланысындағы нақты бағдарламалық қадамдарсыз ол бос сөз болып қала беретініне сенімдімін”- деп [124, 5 б.] айқын бағыт- бағдарды, түпкі мақсатты дәл таба білудің маңызын көрсеткен.

Осылай, Н. Назарбаев аталған еңбегінде ұлттық мемлекетті қалыптастырудың ел алдында тұрған стратегиялық мақсат екендігін дәлелдесе, 1993 жылы жарық көрген “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде”- атты кітабында: “Біз үшін алдағы жұмысымыздағы басты саяси аспектілердің бірі мемлекетті нығайту болып табылады. Жалпы алғанда, бұл әлемдік өркениет тәжерибесінің заңды тұжырымы: терең дағдарыстар мен сілкіністер дәуірінде мемлекеттің реттеуші ықпалын күшейтудің объективті қажеттілігі пайда болады. Ал бұл, бірінші кезекте, дағдарыстан шығуды қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру үшін қажет”-деп [125, 14 б.], Қазақстан тәуелсіздігін баянды етуде мемлекеттің ролі мен оның нақты міндеттерін көрсетсе, одан әрі осы еңбегінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының тәжерибесінен шыға отырып: “Көріп отырғанымыздай, Қазақстан мемлекеттілігін құру процесі – күрделі, көп еңбекті қажет ететін, сан қырлы міндет. Бұл тұста ойланбаған асығыстық пен орынсыз жайбасарлық болмауға тиіс. Биліктің барлық тармақтарының өзара түсіністігін, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету маңызды”-деп, қорытынды жасайды [125, 15 б.].

Н. Ә. Назарбаев еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның жаңа мемлекет қалыптастыру сияқты аса күрделі істе нақты тұжырымдама жасап, оның теориялық негіздері мен жолдарын айқындау қажеттігіне ерекше көңіл бөлгендігін көрсетеді. Мысалы, ол өзінің Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясына арналған еңбегінде: “Кеңес адамдары өздерінің өз өмірлерінің, өз меншігінің, өз елінің шынайы қожайындары ретінде ешқашанда шынайы сезінбей, тек партиялық-мемлекеттік мәшиненің тілсіз бұрандасы ғана болып келді.

Тұлғаның жалпы бұқара арасынан ерекшеленбеуі, жалпыға бірдей теңгермешілік – қоғамдық құрылыстың көнелігінің ғана көрсеткіші емес, сондай-ақ адамды өзінің ең басты құқығының бірі – талдау құқығынан айыратын зор әлеуметтік қасірет екеніне сенімдімін”-деп, коммунистер қолдан жасаған “кеңес халқының” басты ерекшелігі мен негізгі қасіретін көрсете келе, үйреншікті бағытынан бір күнде айырылып, абдырап қалған отандастарына, яғни бұрынғы кеңес адамдарына: “Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз асқақ армансыз өмір сүретін адамдарды ұсақ, тоғышарлық мүдде, бір сәттік жеке бастың материялдық пайдасын ойлау стихиясы сөзсіз арбап алады. Сөйтіп соның салдарынан қоғамдық азғындау басталады. Бүгінде әркімге біздің қозғалысымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты тұжырымдамасы, міне сондықтан да қажет”-деп, жаңа бағыт-бағдардың, айқын мақсаттың керектігін айтумен қатар, “Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты тұжырымдамасының” қажеттігін де дәлелдеген[124, 4 б.].

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, басқа да дамудағы құбылыстар сияқты, үздіксіз процесс. Ол өзінің қалыптасу және даму процесінің барысында бірнеше кезеңдерден өтері заңдылық. Жалпы кезеңдеу проблемасының аса күрделі методологиялық проблемалар қатарына жататындығын ескерсек, онда Н. Ә. Назарбаевтың өз еңбектерінде Қазақстан мемлекеттігінің қалыптасу және дамуының негізгі кезеңдерін теориялық жағынан негіздеп, ғылыми дәлелденген болжамдар жасай білуі, оны еліміздің даму стратегиясы ретінде көпшілік назарына ұсынып, мемлекеттік бағдарлама ретінде қабылдатуы және сол болжамдардың іске асуына басшылық жасауы үлкен ғылыми да, адами да ерлік ретінде бағалануға лайық деп ойлаймыз.

Ол өзінің 1992 жылы дайындаған даму старатегиясына арналған алғашқы еңбегінде-ақ, жедел экономикалық өсу стратегиясы ойдағыдай жүзеге асырылған ГФР, Жапония, Оңтүстүк Корея, Сингафур, Тайвань, Гонконг сияқты дүниежүзінің бірқатар елдерінің тәжерибесіне талдау жасай келе: “Қазақстанның жаңа жағдайға өтуі мерзімін 15 – 20 жылға дейін қысқыртуға болады”-деген болжам жасады және ол жылдарды бірнеше кезеңге бөліп, сол кезеңдерге сай атқарылуға тиісті нақты істер мен міндеттерді де көрсете білді[124,15-17бб.].

Н. Ә. Назарбаевтың болжамына сай “Бірінші кезең. 1992 – 1995 жылдарды қамтиды және макроэкономикалық тұрақтандырудың екі негізгі процесімен сипатталуға тиіс: олар меншікті мемлекет иелігінен белсенді түрде алу, оны жекешелендіру және тұтыну рыногын тауарлармен толтыру...

Екінші кезеңде, (1996 – 2005 жылдар) экономиканаң шикізаттық бағытын біртіндеп жою жалғасады, бірақ оның басты мазмұны көлік жүйесі мен телекоммуникацияны жедел дамыту, сондай-ақ дамыған тауар және валюта нарығын, басқа нарықтар – капитал, жұмысшы күші, бағалы қағаздар, интеллектілік меншік нарығын құру болмақ”-деп, бастапқы кезеңдердегі атқарылыр нақты міндеттерді көрсетумен қатар, екінші кезең ішінде экономиканың интенцивті дамуының қозғаушы күштері мен стимулдарын да көрсеткен. Олар:

-толыққанды нарықтық механизмдер;

-барлық тауар өндірушілердің шынайы еркіндігі;

-табиғатты ұтымды пайдалану;

-шапшаңдығын үдете түскен жоғары технологияларды игеру процесі мен дүние жүзі экономикасында шептерді жеңіп алу;

-отандық және халықаралық бизнес саласында білікті кадр корпусы пісіп-жетілуге тиіс.

Үшінші кезең 5 – 7 жыл мерзімге дейін созылып, ашық үлгідегі экономиканың шапшаң қарқын алып дамуымен сипатталады, соның негізінде өтпелі кезеңнің стратегиялық мақсатына жетумен, Қазақстанның әлемдік саудадағы айқындамасының нығайуымен және дүние жүзіндегі жаңа индустриалды елдер қатарына кіруімен сипатталатын болады»-деп жазды [124,15-17бб.].

Әрине, болжаның аты болжам. Оның барлық уақытта өмір шындығымен жүз пайыз сәйкес келуі мүмкін емес. Олай болмайды да. Егер, Н. Назарбаевтың еңбегінде көрсетілген екінші кезеңнің аяқталуына орай, болжам мен бүгінгі қоғам өмірінің шындығын салыстырып қарасақ, олардың арасында кейбір алшақтықтың барлығын байқауға болады. Оларды тек болжамда айтылған кейбір ойлардың әзірге іс жүзіне аспауынан ғана емес, сонымен қатар, болжамда айтылмаған кейбір істердің де өмір шындығына айналуынан көруге болады. Мысалы, еңбекте Астана сияқты жаңа қала салу туралы болжам жоқ. Ал, өмірде Астана бүгін біздің ұлттық мақтанышымызға айналып отыр. Жалпы алғанда, кез келген қоғам дамуы туралы теорияның өміршеңдігінің, сол қоғам дамуының реальды шындығымен өлшенетіндігін ескерсек, онда болжамда көрсетілген міндеттердің негізінен бүгінгі күннің өмір шындығына айналғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің ең бастапқы кезінде Қазақстан қоғамының дамуына қатысты өзінің ұсынған тоериялық болжамдарын ғылыми негізде жасағандығының айқын дәлелі.

Елдің экономикалық даму стратегиясының негізгі кезеңдері мен міндеттерін көрсетумен қатар, Н. Ә. Назарбаев өз еңбегінде әлеуметтік даму стратегиясына да жан-жақты талдау жасап, негізгі бағыттарын көрсетті. Қоғамның әлеуметтік құрылымы мен оның бағыт-бағдары мен даму жолдарын дұрыс анықтау мәселесінің де, қоғамтану ғылымындағы өзіндік ерекшеліктері бар күрделі мәселе екендігі белгілі. Дәл осы мәселенің өз кезінде дұрыс шешімін таппауының КСРО сияқты алып империяның күйреу себептерінің бірін құрағандығын және посткеңестік республикалардың біразында әлеуметтік қақтығыстарға, тіптен азамат соғысына алып келгендігін есекрсек те жетіп жатыр. Демек, Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы айларында-ақ елдің әлеуметтік даму стратегиясын дұрыс анықтай білгендігі, яғни қоғамтану ғылымының теориялық мәселелерінің бірін дұрыс шеше білгендігі даусыз.

Н. Ә. Назарбаев экономика саласындағы міндеттерді жүзеге асырудың әлеуметтік даму мәселелерімен тығыз байланысты екендігін айтумен қатар: “Әлеуметтік стратегияны іске асыру мерзімі экономикалық даму стратегиясын жүзеге асыру мерзімімен сай келмейді, өйткені әлеуметтік стратегия қоғамның әлеуметтік құрамындағы құрылымдық өзгерістермен ғана емес, сондай-ақ қоғамдық сана-сезімді қазыналық тұрғыдан қайта бағдарлаумен де байланысты, ал ол экономикалық және әлеуметтік жағынан неғұрлым белсенді жаңа ұрпақ өмірге келмейінше мүмкін емес”-деп, әлеуметтік мәселелер мен экономикалық мәселелердің өзіндік ерекшеліктерін көрсете келе: “Жалпы алғанда әлеуметтік өзгерістер үш сатыдан өтеді 1) қоғамның әлеуметтік жікке бөлінуі; 2) жаңа әлеуметтік құрылымдардың нарық жағдайына бейімделуі; 3) олардың өзара қосылуы және ұтымды өзара іс-әрекеттері”-деп, әлеуметтік өзгерістердің негізгі сатылары туралы да айтқан. Бұлардың да бүгінгі қоғам өмірінде негізінен көрініс таба бастағандығы анық. Мысалы, бізде аса байлардың да, орташалардың да, кедейлердің де пайда болғандығы, яғни қоғамның әлеуметтік жікке бөлінгендігі де, қолынан сауда жасау келмейді деп жүрген қазақтардың саудаға үйренгендігі де рас. Демек, бүгінгі күні Қазақстан қоғамы Елбасы еңбегінде көрсетілген әлеуметтік даму стратегиясының екінші сатысынан үшінші сатысына өту үстінде деп айтуымызға болады.

Өзінің 1992-ші, яғни тәуелсіздік таңы жаңа ғана ата бастаған жылы айтқан ойлары мен жасаған болжамдарын Н. Ә. Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі болған өзгерістерге сай, кейінгі еңбектерінде одан әрі дамытып және жетілдіріп отырған. Мысалы, оның өз сөзімен айтсақ: “Қоғамымыздың болашағы мен мемлекетіміздің мұраты хақындағы өз пайымдауларын” 1998 жылғы, тарихқа “Қазақстан – 2030” деген атпен енген, Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында елдің тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолына сараптама жасай отырып, жеті басымдықтан тұратын “Ұзақ мерзімді басым мақсаттар мен оларды іске асыру стратегиялары” туралы айтса [127, 33-34 бб./, 2005 жылғы Жолдауында алғашқы жылдардың маңызы мен ерекшеліктері жән сол жылдары анықталған стратегиялық даму бағыттары туралы: “Сана мен сезімнің шиеленісі мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл біздің мемлекетіміздің алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешімдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бір ғана бұрыс шешім еліміздің жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулі өзгеріске ұшыратуы әбден ықтимал еді” - деп, шешімдердің дұрыстығын нақты фактілермен дәлелдей келе: “Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі” туралы өз ойларын айтқан. Бұл Елбасының тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін үздіксіз дамыту процесіне ерекше көңіл бөліп отырғандығын дәлелдейді.[136 26-41 бб.].

Дегенмен, Н. Назарбаев өзінің жаңа мемлекет құрудың теориялық негіздері туралы ойларын 1996 жылдың басында жариялаған “Ғасырлар тоғысында” және 1999 жылы жариялаған “Тарих толқынында” атты еңбектерінде кеңінен баяндаған. Алғашқысында КСРО-ның күйреу себептері мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жүріп өткен жолды пайымдай отырып Н. Назарбаев: “Нағыз саясатшыға ең кемі үш қасиет керек: теориялық дайындық, экономикалық қызмет тәжерибиесі, қабылданған шешімнің орындалуына жауапкершілік” - дейді [126, 127 б.]. Өмір Н. Назарбаевтың саясаткерлерге қажет осы және т.б. қасиеттердің бәрін де өз бойына сіңіре білгендігін көрсетіп отыр.Солардың бірі – Елбасының жан-жақты теориялық дайындығы.

“Қазақстанның болашақ мемлекеттілігінің негізгі сипаттары менің ұғымымда 1991 жылға жетпей тұрып-ақ қалыптаса бастағанды”-дейді Нұрсұлтан Әбішұлы “Ғасырлар тоғысында” [126, 128 б.]. Дегенмен, ол кезде Елбасы Қазақстанды жеке дербес мемлекет ретінде емес, егемен мемлекеттер федарациясының құрамында болады деп ойлаған және соған дайындалған. Өйткені бәріде соған қарай келе жатқандай еді. Бірақ, 1991 жылғы тамыз оқиғасы бәрін де күрт өзгертті. Түбірімен өзгеше жаңа жағдай қалыптасты. Енді бұрынғы одақтас республикалар алдында, оның ішінде Қазақстанның да, өздерінің ұлттық мемлекеттігін қалыптасыру қажеттілігі тұрды.

Тарихшы Көшім Есмағамбетұлы Н.Ә. Назарбаевтың ұлттық мемлекеттігіміздің теориялық негіздерін жасаудағы рөлін: “Н.Ә. Назарбаев – мемлекеттік егемендігімізді қамтамасыз етудің қайнар күші, даму жолдары және Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі мемлекетаралық қарым-қатнаста алатын орнын анықтауға арналған бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы. КСРО жаңартылған отаршылдықтың негізін қалаған, ұлттар теңдігін сөз жүзінде ғана мойындап, ал шын мәнінде, қазақ, өзбек, қырғыз т. б. халықтарды түрлі жолдармен ұлтсыздандыру, олардың этникалық бірлігін жою және орыстандыру саясатын жүргізген империя болғаны мәлім. Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның кеңес дәуіріндегі осы даму ерекшеліктеріне жан-жақты талдау жасады және отандық қоғамтанушы ғалымдар арасында ең алғашқылардың бірі болып теориялық-методологиялық пайымдауларын алға тартты”-деп, жоғары бағалады [108].

Н. Назарбаев өз еңбектерінде, ең алдымен, тәуелсіздікке ие болған бұрынғы одақтас республикалар халықтарының өз мемлекеттілігін құру ісіндегі негізгі ерекшеліктерін атап көрсетті. Оның айтуынша: біріншіден, “Бұрынғы КСРО республикаларының өз мемлекеттілігін құру процесі құралақан жерден басталған жоқ. Халықтар кеңес жылдарында да ондай үміттен күдер үзген жоқ. Қуғын-сүргінге қарамастан, өз мемлекеттілігін жаңғырту жолындағы күрес мысалдарын кеңес халықтары тарихынан көптеп табуға болады” [126, 128-129 бб.]. Иә, ондай мысалдарды қазақ халқының тарихынан да көптеп келтіруге болады. Алдымен патша үкіметінің, кейіннен кеңес өкіметінің тарапынан жүргізілген үздіксіз қуғын-сүргінге қарамастан қазақтар, бір кезде әр түрлі себептермен айырылып қалған, өзінің ұлттық мемлекеттілігін қайта қалпына келтіру жолында жүргізген күресін еш уақытта да тоқтатқан жоқ. ХІХ ғасырдағы Кенесары - Махамбеттің, ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының ұлттық мемлекет үшін күресі 1986 жылы “Желтоқсанға” ұласқандығы тарихи шындық.

Кітапта айтылғандай: “Ұзақ уақыт насихатталған “адамдардың тарихи жаңа қауымдастығы – кеңес халқы” дейтін тұжырымдама тарихи тұрғыдан тереңнен қалыптасқан, объективті тұрғыдан өспесе, өше қоймайтын ұлттық мемлекетті жаңғырту идеясын жоққа шығару мақсатын көздейтінді” [126, 131 б.]. Бірақ, ол да жұртшылық санасынан “ұлттық мемлекетті жаңғырту идеясын” өшіре алған жоқ.

Екіншіден, Н. Назарбаев: “Жер шарының басқа бөліктеріндегідей емес, КСРО-ның ыдырауы тарихи негізі жоқ атымен жаңа мемлекеттердің пайда болуына емес, тарихи тамыры тереңде жатқан, кейін күшпен жойыла жаздаған мемлекеттіліктердің қайтадан қалпына келтірілуіне ұласты. Біз тек КСРО-ның ыдырауының ғана емес, мемлекеттіліктердің жаңадан жандандырылуы және заңдандырылуының жан-жақты күрделі процестеріне ұласты деп айтқан болар едік”-дейді [126, 131 б.]. Бұл да толығымен тарихи шындыққа сай келеді. Арғы сақ, ғұн, түркі дәуірлерін айтпағанның өзінде ХҮ ғасырдың ортасынан бастап қазақтардың өз мемлекеті болғандығын ешкімде жоққа шығара алмайды.Демек, 1991 жылдың соңынан бастап біз де өз мемлекеттілігімізді қайта қалпына келтіру ісімен айналыса бастадық.

Үшіншіден, Н. Назарбаев: “Ұлттық жаңғыру, мемлекеттілікті қалпына келтіру әрдайым оп-оңай жүзеге аса бермейді”-дей келе [126, 132 б.], сондай қиындықтардың бірі - империяның күйреп, саяси үрдістер алмасып жататын әлеуметтік өліара кезеңдерде ерекше күшейетін бағыт – этнопопулизм екендігін айтады. Оның айтуынша: “Популистер саяси ұпай жинау үшін ештеңеден тайынбайды. Ең бір қасиетті ұғымдарды да саудаға салады. Олар адмадардың үлкен уәделерге, даңғаза ұрандарға оңай иланатындықтарын да жақсы біледі. Қоғамның небір күрделі мәселелерін оп-оңай шешіп тастауға серт береді... этнопопулизм – демократиялық қоғамның денесіне шыққан “безеу” емес. Ол – вирус. Онымен ұдайы күреспей болмайды”-дейді [126, 133 б.].

Бұрынғы КСРО халықтарының да, қазіргі тәуелсіз елдердің тұрғындарының да популистердің талай тұрлерін көргендері де, олардың сөзіне сенеміз деп талай опық жегендері де рас. Оның “тамаша” мысалы большевиктер партиясының “шаруаларға жер”, “жұмысшыларға завод пен фабрика”, “халыққа бейбітшілік” беріп, елде “коммунизм орнатамыз” деген жалған уәделеріне сеніп оңбай алданған орыс халқы.Оның зардабын басқа ұлттармен бірге қазақ халқы да аз тартқан жоқ. Жалған уәде берушілер бүгін де жеткілікті. Сондықтан оған қарсы күрес үнемі жүргізілуі керек. Олардың өміршеңдігі және олармен қалай күресу керектігі туралы: “Қоғамды одан әрі жетілдіргенімізде де қыр соңымыздан қалмайды. Мұндай кесапатпен әкімгершілік жолмен де, идеологиялық жолмен де күресіп, көп ештеңе бітіре алмайсың. Онымен күрстің жалғыз жолы – адам материалының сапасын ұдайы жақсартуға күш салу”- дейді, Н. Назарбаев [126, 133 б.].

Сонымен қатар, Н. Назарбаев өзінің “Ғасырлар тоғысында” атты еңбегінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін іс жүзінде қалыптастырудың жолдары мен өзіндік ерекшеліктері туралы да айтты. Ол КСРО-ның, ойын картасынан тұрғызылған үй сияқты, көз алдымызда қирап қалуына байланысты туындаған қысылтаяң жағдайда ескі, әбден сынға ұшыраған мемлекттік аппраттың нәтижелі жұмыс істей алатындығын айта келе: “Қазақстан билік құрылымдарын революциялық жолмен күйрете салуға бой ұрған жоқ. Реформаның сипатына және даму барысына орай бірте-бірте өзгертіліп, жаңа сапаға көтерілді.

Әсіресе мемлекеттілігімізді қалпына келтіруіміздің эволюциялық сипаты басым болғанын ең үлкен табысымыз деп білемін”-дейді [126, 134 б.].

Демек, Қазақстан бір жүйеден екінші жүйеге көшуде революциялық емес, эволюциялық жолды таңдаған. Тарих Қазақстанның бірден-бір дұрыс жолды таңдай білгендігін толығымен дәлелдеп отыр.Түбегейлі қоғамдық өзгерістерге революциялық жолмен тезірек жетпек болудың халыққа не беретіндігі тағы да біздің өз тарихымыздан жақсы белгілі. Большевиктер партиясының сөзіне сеніп үш бірдей революция жасаған, сөйтіп қоғамды өзгертпек болған Ресей халқының жағдайы соның айқын дәлелі.

Эволюциялық жолды таңдаудың Қазақстанға не бергендігі туралы: Н. Назарбаев өз еңбегінде: “Біз қоғам мен экономикны басқарудың әкімгершілік жүйесін алмастыратындай жаңа жүйе табылғанша, оны жоққа шығару мен күйретуге үзілді-кесілді кірісе қойған жоқпыз. Бұл, бәлкім, Қазақстанның саяси-экономиклалық орнықтылығының ең басты себептерінің бірі болуы ықтимал”-дейді [126, 134 б.]. Өтпелі кезеңде, ескі мемлекеттік машина әлсіреп мүшкіл хәлге түскенде: “ескі үрдісті қирата салу бөліне жарылушылықтың, аймақшылдықтың, діни және ұлттық өшпенділіктің, қылмыстың қаулап өсуіне қолайлы жағдай туғызатындығына тарихтан талай мысал тауып беруге болыды. Мұндай жағдайда мемлекеттік аппарат орнықтылықтың бірден-бір кепілі болып табылады”-дейді, Н. Назарбаев [126, 135 б.].

Иә, бізде “бөліне жарылушылықтың, аймақшылдықтың” әсіресе “діни және ұлттық өшпенділіктің” болмағаны да, бұл жерде тозығы жеткен мемлекеттік аппарттың өз ролін атқарғандығы да рас. Дегенмен,бізде де капитализмнің бастапқы кезеңіне тән, К. Маркстің кезінде тамаша суреттеген “жабайы капитализімінің”- жанталаса баю жолына түсу / мемлекет мүлкін талан-таражға салу арқылы көбірек қарпып қалу - С. С./, бопсалау, жаппай жұмыссыздық, шектен шыққан инфляция т.т. көрініс бергендігі де рас. Осыларды ауыздықтауда да, біртіндеп саябырсытуда да сол ескі мемлекеттік аппарат аз роль атқарған жоқ. Демек, қалыптасқан жаңа жағдайда ескі мемлекеттік машинаны дұрыс пайдалана білу тактикасы бізде өзін толық ақтады деп айтуымызға болады. Бірақ мұндай жағдайдың ұзақ сақталуы мүмкін емес еді. Уақыт жаңа жағдайда жаңа міндеттер қойып, жаңа шешімдер қабылдауды талап ететіндігі белгілі.

Осындай,біздегі жаңа жағдайға сай жаңа мемлекет қалыптастыру ісінде пайда болған міндеттердің бірі туралы Н. Назарбаев: “Егемендікті нығайта келе, алдымыздан басқа бір мәселе – мемекеттігіміздің сипатын анықтау міндеті шықты. Қазіргі бар құрылымның ғұмыры ұзақ емес екендігі белгілі еді. 1990- 1991 жылдары бір жүйеден екінші жүйеге көшер кезде кездесетін екі ұдай ахуал орын алды: президенттік билік компартия және кеңестер билігімен қатар өмір сүрді. Экономикада да дәл осындай көрші қону орын алды”-дейді [126, 135 б.]. Бұл ұлттық мемлекеттікті қалыптастырудың біздегі өзіндік ерекшеліктерінің бірі еді.

Еліміздің бір жүйеден екінші жүйеге көшу кезінде атқарылуға тиісті міндеттердің күрделілігі және оларды шешудегі Н. Назарбаевтың рөлі туралы “Азия асқарларында”: “Ел алдында үш қабатты транзит міндеті, яғни бір мезгілде үш өлшем бойынша: жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға; бір партиялық әкімшіл, әміршіл жүйеден демократиялық жүйеге, дәстүрлі санадан либералдық құндылықтарға өту міндеті қойылды. Мұның өзі бүкіл мемлекеттік құрылым мен экономикалық жүйені түбірінен бұзу ғана емес, ондаған жылдар бойы қалыптасқан қасаң ұғымдарды, адамдардың ойлау жүйесі мен өмір сүру салтын батыл еңсеруді талап етті.

Осындай жағдайда Назарбаевтың алдына күрделі таңдау қойылды: бірте-бірте қимылдау, сөйтіп реформаның қарқынынан айырылу немесе әлеуметтік қарсыластық туғызу қаупі болатынын біле тұра батыл да қатаң іс- әрекеттерге бару”-деп жазылған [102, 44 б.]. Бұл, Н. Назарбаевтың өз еңбегінде айтқан ойларының өмір шындығынан туындағандығын дәлелдейді.

Егер, Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында”, осылай, ұлттық мемлекет құрудың теориялық негіздерін жасап, оның жолдары мен ерекшеліктерін көрсетсе, жаңа сипаттағы ұлттық мемлекет құрудың алғышарттары мен оны нығайту жолдары туралы ойларын “Тарих толқынында” атты кітабында одан әрі жалғатсырған. Ұлттық мемлекет құру сияқты істің, сол мемлекет құрушы ұлттың тарихымен, бүгінімен және болашағымен тығыз байланысты аса күрделі іс екендігін осы кітабында нақты деректерге сүйене отырып негіздеген.

Ол, “Тарих толқынында”: “Егер сыртқы әсер-ықпалды былай қоя тұрып, мәселені нақтылай түсетін болсақ, онда ұлттық әрекеттің аясы үш түрлі фактормен анықталмақ”-деп [131, 20 б.], мемлекет құрудың ұлт әрекетіне қатысты ішкі факторларын, яғни алғышарттарын көрсеткен. Оның айтуынша: “Мұның ең алғашқысы – ұлттық бірігу (интеграция) мен ыдыраудың (дезинтеграция) тетіктері” [131, 20-21 бб.]. Осы ең басты факторлардың бірі - ыдыраудың салдары мен мемлекеттіліке тигізген әсері туралы: “Қазақстардың өз ішінде ыдырауы ұдайы дерлік Тәңірдің жазасындай болып, қазақ мемлекеттілігінің мүмкіндігін қатты тежеп отырған”- дейді [131, 20-21 бб.].Сондықтан ыдыратқыш үрдістермен күрес ұлттық әрекеттің ең мәнді бағыты болып отырғандығын айтқан. Н. Назарбаев: “ Қазақтың өз ішіндегі бірігулердің тетіктерін, иниститутарын, құндылықтарын жетілдірудің мән-маңызы әскери құрлыстан немесе сыртқы саясат иниституттарын жасақтаудан бір де олқы емес”-деп, қазақтардың өзара ауызбірлігінің маңызын жоғары бағалаған [131, 21 б.].

Екіншіден, Н. Назарбаев әрі қарай қазақтың ұлттық тұтастануы үшін табан тірейтін негізгі идеялық тұғыр біршама айқын дей келе: “Бұл – дербес мемлектетті сақтау және дамыту. Бұл – мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамыту және нақтылы әрекетке ұластыру. Бұл – Қазақстанның аумақтық тұтастығы”-дейді [131, 21 б.]. Осылай, ұлт алдында тұрған, ұлтты біріктірер нақты міндеттерді атап көрсете отырып, ол міндеттердің аса күрделі және ұзақ уақытты, көп еңбекті қажет ететін міндеттер екндігін әрбір қазақтың білуі керектігі туралы: “Азаттыққа, Қазақстан аумағының тұтастығына, нақтылы экономикалық, әскери, ақпараттық дербестікке қол жеткізу дегеніміз мейлінше күрделі және ұзақ уақытқа созылатын, сондай-ақ ұлттың ерекше қажыр-қайратын қажет ететін үрдіс екенін сезіну әрбір қазақ үшін әліппелік ақиқат болуға тиіс”-дейді [131, 21 б.].

Үшіншіден, ұлттық рухты қайта түлетудегі және дамытудаға қазақ зиялыларының ерекше рөлі туралы айта келе Н. Назарбаев: “Ұлттық мүддеге қызмет етудің тарихи ұлы үлгілерін шын мәнінде көрсетіп берген әйгілі тарихи қайраткерлердің, мемлекет басқарушыларының тұтас легі біздің көз алдымызда. Олар қазақ мемлекеттігін дамытудың нысанасын жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ көрсетіп берген болатын...Біз асқақ сезімге бөлене отырып, ұлттық әрекетшілдігімізге қатысты ғасыр басында Алаш қайраткерлері бастап берген жолнұсқалар ғасыр соңында жалғасын тапты деп айта аламыз”-деп, біздің төл тарихымызда ұлттық мүддеге қызмет атудің тамаша үлгілерін көрсете білген зиялыларымыздың болғандығын, солардың үлкен бір тобын Алаш ардагерлерінің құрағандығын және біздің ең жаңа тарихымызда құра бастаған мемлекеттігіміздің солар бастаған істің тікелей жалғасы екендігін айтқан [131, 22 б.].

Сонымен қатар, Н. Назарбаев “Тарих толқынында” қазақ халқы үшін өзінің ұлттық мемлекетін құру ісінің КСРО-ның күйреу салдарында аяқ астынан пайда бола қалған іс еместігін, КСРО-ның күйреуі қазақтардың ғасырлар бойы армандаған мақсатына қол жеткізуге тек мүмкіндік қана бергендігін айтқан. Ол аталарымыздың осы мақсатқа жету жолында қандай қиыншылықтарға болса да төзе білгендігі туралы: “Жатжұрттық басқыншылармен болған соғыстарда ауыр қырғынға ұшыраған, 30-жылдардағы этноциттің қаһарына қасқайып қарсы тұрған, тоталитарлы ғасырды бастан кешсе де мойымаған ата-бабаларымыз іс жүзінде қазақ ұлтының мүддесін қорғауға тиісті мемелекет құру мүмкіндігін ғасырлар бойы дайындады”-дей келе [131, 51 б.], ендігі жерде сол мүмкіндікті пайдалана білудің қаншалықты маңызды екендігі туралы: “Енді, бүгінгі таңда қазақ халқы келісті ғұмыр кеше алатын мемлекет құру жолында өз ішіндегі ара-дара келіспеушіліктің салдарынан қарқынын тоқыратып алса, мұны еш нәрсемен ақтауға болмайды”-дейді [131, 51 б.].

Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құру ісінің аса жауапты да күрделі іс екендігі туралы: “Мемлекеттік құрылыс та немкетті қарауды мүлде көтермейді.Бұл – ұлттың өзін-өзі тануы жолындағы өте ауқымды әрі ұзақ мерзімді қамтитын аса күрделі жұмыс”-дейді [131, 54 б.]. Әсіресе, Н. Назарбаевтың бұл істегі сол мемлекеттің іргесін қалаушы негізгі ұлттың жауапкершілігіне ерекше назар аударғандығын айтуымыз керек. Ол: “Мемлекеттікке негіз салып берген халық ел ішіндегі ахуалдың бүгіні мен болашағы жолындағы жауапкершілікті арқалауға да дайын болуы керек.

Егер біздің халқымыз бүгінгі таңда басымыздан кешіп отырғандай жаңа мемлекеттің орнығар дәуірінде ұдайы болып тұратын қиындықтар мен мұқтаждықтарға және сонымен үндес тарихтағы терең өзгерістерге төтеп бере алмаса, онда берік мемлекеттік туралы үмітіміздің күйреу қаупі алдымыздан шығады. Сонымен бірге ұлтымыздың да өзін-өзі ара-дара етіп, қожырап тынуы мүмкін”-дейді [131, 54-55 бб.].

Демек, атап айтсақ, екі ғасыр тоғысында құра бастаған ұлттық мемлекетіміздің тағдыры “мемлекетке негіз салып берген халықтың”, яғни қазақ халқының қолында, өз кезегінде қазақ халқының тағдыры сол мемлекеттің беріктігімен тікелей байланысты. Сондықтан, қазақ халқы, мүмкін соңғы рет, тарихтың берген өз мемлекеттілігін қайта қалыптастырып, басқалармен терезесі тең ұлт ретінде өмір сүру мүмкіндігінен айырлып қалмауы тиіс. Олай болса, Н. Назарбаевтың сөзімен айтсақ қазақ үшін: “Бүгінгі таңда, ұлттық тұтастығымызға тұғыр болатын азат мемлекеттігіміздің құрлысын беріктей түсуден мәнді мақсат та, міндет те жоқ” [131, 56 б.].

Сонымен, қорыта айтсақ, ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында мүмкін болған тәуелсіз мемлекеттігімізді қайта қалпына келтіру сияқты аса күрделі де қиын, маңызды да жауапты, тарихи да тағдырлы істің басында тұрған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның мемлекет құру барысында, осы істің теориялық негіздерін қалап, оның жолдары мен ерекшеліктерін, негізгі кезеңдері мен алғышарттарын ғылыми дәйектілікпен көрсете білгендігін дәлелдейді.

Біріншіден, жаңа мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы көксеген ұлттық мемлекет құру туралы армандарының орындалуы болса, екіншіден, бұл тарихи тамыры тереңде жатқан бұрынғы мемлекеттеріміздің жаңадан жаңғыру еді. Үшіншіден, Қазақстан бір жүйеден екінші жүйеге өтуде революциялық емес, эволюциялық жолды таңдаған. Төртіншіден, жаңа жағдайға сәйкес жаңа мемлекет қалыптастыра білуде ескі мемлекеттік машинаны дұрыс пайдалана білу тактикасы өзін толық ақтаған. Бесіншіден, ең бастысы, жаңа қалыптаса бастаған ұлттық мемлекеттің тағдыры, сол мемлекеттің негізін қалаушы қазақ халқының қолында екендігін, өз кезегінде қазақ халқының тағдыры, сол мемлекеттің беріктігімен тікелей байланысты екендігін дәлелдеген.

Н.Ә. Назарбаевтың жасаған тұжырымдарының айқын дәлелі өмірдің өзі. Қазақстан халқының, қазақ ұлтының өз мемлекеттілігін құру ісіндегі бүгінгі күні қол жеткізген табыстары. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихының келешек зерттеушілері ескеруге тиіс маңызды фактор.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет