Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.) Мазмұны кіріспе


Н. Назарбаев ұлттық қауіпсіздік және мемлекетіміздің сыртқы атрибуттары туралы



бет9/10
Дата16.06.2016
өлшемі1 Mb.
#138837
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

4.2 Н. Назарбаев ұлттық қауіпсіздік және мемлекетіміздің сыртқы атрибуттары туралы

Әрине, басқа да кез келген өз мемлекеті бар халықтар сияқты қазақ халқы үшін де тәуелсіздік жылдарындағы ең басты мақсат – өз мемлекеттілігін сақтап, соның тұрақтылығын, мызғымас беріктігін қамтамасыз ету және жылдан-жылға қорғаныс қаблетін күшейте беру болғандығы түсінікті. Егер, дүние жүзінде кем дегенде үш мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар болса, солардың екі жүзден астамының ғана өз мемлекеті бар. Қазақ халқының солардың бірі екендігі бүгінгі күннің тарихи шындығы. Сондықтан өз мемлекетін орнатқан ұлт ретінде қазақ халқы үшін осы мемлекетті сақтап қалу, оны мүмкіндігінше нығайтып, дамыта беру – оның ұлт ретіндегі басты міндеттерінің бірі. Бұл ұлттық қауіпсіздігіміздің басты факторы.

Ұлттық қауіпсіздіктің, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясындағы, Ұзақ мерзімді басым мақсаттар арасында бірінші болып көрсетілуі, оның ел үшін маңыздылығының айқын дәлелі. Ел Президенті 1998 жылы өзінің “Қазақстан – 2030” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Адамзат дауының бүкіл тарихи тәжірибесі мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылатын қажетті шарттардың бастауында оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекеттілігінің сақталуы тұрғанына куә. Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет... Егер біз өз мемлекеттілігімізден айрылып, егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ” десе [49, 35 б.], “Қазақстан 2030” Даму стратегиясының жарияланғанына сегіз жыл толуына орай, 2005 жылы 11 қазанда жасаған “Бағытымызды бағамдаған бағдарлама” атты баяндамасында: “Бүгін біз мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайдың бәрін жасадық”-деді [73, 32 б.].

Демек, тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап-ақ ұлт алдында тұрған ең қасиетті, ең басты мақсат - ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мақсаты болған. Өз кезегінде қауіпсіздік тарихы, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің сыртқы атрибуттарының пайда болу, қалыптасу және даму тарихымен тікелей байланыста дамыды. Ал, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері болса, сол ұлттық қауіпсіздік және сыртқы атрибуттар тарихының маңызды түпнұсқалық дерек көзі міндетін атқарады. Оларды деректанулық талдаудан өтікізу арқылы пайдалана білмей Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік тарихын да, мемлекетіміздің сыртқы атрибуттары тарихын да терең зерттеп-зерделеу мүмкін емес.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жене сонымен тығыз байланыста қалыптасқан мемлекеттік тәуелсіздігіміздің сыртқы атрибуттары туралы Н.Ә. Назарбаев өзінің “Ғасырлар тоғысында”, “Бейбітшілік кіндігі” атты іргелі еңбектерінде және “Қазақстан – Ресей қатнастары” атты жинақта айтты. Мысалы, 2001 жылы жарық көрген “Бейбітшілік кіндігінде” Н. Назарбаев ұлтымызға төнген ең басты қауіп – қазақ жерінде ядролық қаруды сынауды тоқтату, Семей палигонын жабу және жалпы ядролық қарудан бас тарту сияқты аса үлкен қатерден қалай құтылғандығымыз туралы жазды. Ондағы келтірілген мәліметтердің ғылыми құндылығын ешқандай да өлшемдермен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйтені мәселе қазақ халқының ұлт ретінде сақталып қалуы немесе ядролық апаттың салдарында жер бетінен біржола жойылып кетуі туралы болатын.

Қазақстан тарихының, бірінші кезекте қазақ халқының тарихының басты ерекшелігі , оның ұлт болып өмір сүруіне, тіптен жер бетінен жойылып кетуіне деген басты қауіптің тәуелсіздіктен әлде қайда бұрын, оның өз жерінде пайда болғандығы және оның іс жүзінде өзінің қасіретті ісін ондаған жылдар бойы еш кедергісіз жүргізгендігі. Ол - қазақ жеріне орналастырылып, сынақтан өткізіліп жатқан атом қаруы. Ол - КСРО басшыларының шешімімен Қазақстанның нағыз тажал ордасына айналуы. Н. Назарбаев өз кітабында осының бәрін еш бүкпесіз ашық айтты. Алдымен Республиканың бірінші басшысы ретінде, кейіннен еліміздің тұңғыш Президенті ретінде, демек ұлт тәуелсіздігіне жауапты бірінші адам ретінде Н. Назарбаевтың өз ұлтына қауіптің қай жақтан төнгендігін және оның салдарын жете білгендігі анық. Сондықтан оның өз кітабында келтірген нақты деректері ұлттық қауіпсіздік тарихының маңызды дерек көздерін құрайтындығына еш күмән болмауы керек.

Н. Назарбаев “Бейбітшілік кіндігінде” Қазақстан жеріндегі ядролық қару туралы жан шошырлық небір сұмдық мәліметтер келтірген. Олармен танысу бүгінгі және келешек оқырмандарға қазақ халқының қандай қауіпті жағдайда өмір сүріп, тәуелсіздік арқасында қандай тажалдың құшағынан құтылғандығын жете түсінуге көмектесері даусыз. Әрине, барлық мәліметтерге деректанулық талдау жасау мүмкін емес. Дегенмен, кейбір мәліметтерге жасалған талдаудың өзі де, ол мәліметтердің қаншалықты құнды екендігін, ел басына төнген қауіптің қаншалықты қатерлі екендігін көрсетеді ғой деп ойлаймыз.

Мысалы, Н. Назарбаев тәуелсіздік қарсаңындағы жағдай туралы: “1991 жылдың басына қарай Қазақстан аумағында жаппай қырып-жойатын қарудың орасан арсеналы болды, ол континентаралық баллистикалық зымырандарға арналған 1216 ядролық боеголовкалар мен ауыр бомбылағыштарға арналған ядролық зарядттарды қамтитын. Қазақстан аумағындағы ядролық стратегиялық күшткер кешені жаппай қырып-жойудың ядролық зарядтарды діттеген жеріне жеткізудің алуан түрі, ең заманалық құралдары болды...”деп, олардың Қазақстанның қай аудандарында қаншасы орналастырылғандығын айта келе: “Жалпы алғанда, Қазақстанда жер бетінде орналастырылған континентаралық баллистикалық зымырандарды ұшыратын 148 шахталық қондырғы шоғырландырылды. Осынау шахталарда тұп-тура 104 континентаралық баллистикалық Р-36М УТТХ зымырандары /батыста СС-18 деп аталады/ орналастырылды. Осынау әрбір зымыран онға дейін бөлініп кететін, әрқайсысы бір нысанға ұмтылатын боеголовкалармен жарақталған. СС-18 зымырандары 7,6 тонна салмақ алып ұшып, радиусы 12 мың километрдей жерді тас-талқан ете алатын”-дейді [51, 17-19 бб.].

Қазақстан осындай жан шошырлық жаппай қырып-жойыу қаруының қоймасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол сол қаруларды жасап шығаратын өндіріс базасына да айналды. Ол туралы Н. Назарбаев: “Қазақстан стратегиялық қару-жарақ пен оны жеткізу құралдары орналастырылған жай ғана орын болған жоқ. Біздің елде жайласқан сұмдық әскери-техникалық әлеует қуаты жағынан тұтас бір индустрия, өзіндік бір “мемлекет ішіндегі мемлекет” еді.

Өзінің көлік паркі /қару жеткізудің зымырандық-авияциялық құралдары/, коммуникация құралдары /радиолакациялық станциялар мен армия байланысы жүйелері/, жер асты қалалары /жерде орналастырылатын континентаралық баллистикалық зымырандарға арналған шахталық кешендер/, әкімшілігі /оперативті-командалық пункттер/, өнеркәсібі /уран кеніштері мен бастапқы байыту зауыттары/, зерттеу мекемелері /ядролық полигондар, реакторлар, әскери мақстаттағы ғылыми-зерттеу лабораториялары/ бар “мемлекет ішіндегі мемлекеттің” өз “азаматтары” да – атомдық және термоядорлық боеголовкалары болды”-деп жазды [51, 23 б.]. Бұл, соғыс бола қалған жағдайда, Қазақстан қарсыластардың басты нысанасына ілігіп, “мемлекет ішіндегі мемлекетпен” бірге қасқағым сәтте күлге айналады деген сөз. Бірақ соғыссызда ядролық қарудың қазақтарға әкелген зардабы, кез келген соғыс зардабынан аз болған жоқ. “Біздің жердегі ядролық және зымырандық-ядролық полигондардың санын ескерсек, - деп жазды Н. Назарбаев, - бүкіл Қазақстан “ядролық полигон” болыпты-ау деген ойға амалсыз тірелесің. Сол ядролық сынақ полигондарының бірі – Семей полигоны Кеңес Одағының аса маңызды стратегиялық объектісі болды... Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Семей ядролық полигонының осынау тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды” [51, 24 б.]. Неге дәл Семей жері? Неге дәл Абай, Шәкәрім, Мұхтар ауылы? Бар қазақты ойландырған осы сұрақтар Елбасын да толғандырған. Ол: “Бір кездері ядролық полигон нақ Семей жерінде неге құрылды деген сұрақтың жауабын табуға өзім де тырысып көрген едім”-дей келе: “Бүгінде мен өз халқын өзінен-өзі орны толып отыратын арзан шикізат деп санауға үйренген өкімет үшін жүздеген мың адам өмірі түкке де тұрмағанын түсінемін. 1930 жылдардың жазалау өртінде тап өзінің миллиондаған азаматтарын қырып жіберген өкіметтің бірнеше жүз мың адамның өмірі мен денсаулығын ешқашан күйттеп жатпайтыны айдан анық. Іс жүзінде олар мемлекеттің әскери-саяси мүддесіне бола саналы түрде құрбан етілді”-деп большевиктер билеген Кеңстер өкіметінің адамзатқа қарсы бар мәнін аша келе, Абай елінің сол өкіметтің антигумандық саясатының құрбаны болғандығын айтқан [51, 50 б.].

Н. Назарбаев өз кітабында жетілдіру үстіне жетілдіре түскен атом қаруларының нақты түрлеріне сипаттама бере отырып, олардың адам өміріне қаншалықты қауіпті екендігі туралы нақты дәлелдер де келтірген. Ол: “Қазақ ғалымдарының есебі бойынша, Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық заряттардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Осынау сынақтар Қазақстанның тіршілік өрісі мен халық денсаулығына тигізген сұмдық нұқсаны сипаттау үшін тіл жетпейді”- деп жазды [51, 55 б.].

Егер, әлі онша жетілмеген бір ғана атом бомбасының өзі Хиросима сияқты бір қаланы жойып жіберсе, одан 2,5 мың есе артық атом күшінің қазақ даласына қаншалықты қайғы-қасірет әкелгендігін көзге елестетудің өзі қиын. Ал атом қаруының қуаты артқан үстіне арта түсті. Мысалы, 1989 жылы 12 ақпанда өткізілген кезекті жоспарлы ядролық сынақ туралы Н. Назарбаев: “Үңгірлердің бірінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Соның салдарынан жер бетінде саңлаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивтік газдар шығып жатты. Содан пайда болған радиоактивті бұлт 30 мыңнан астам адам тұратын аумақты бүркеді. Бұл аймақта радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайда сағатына 15-20 микрорентген болатын табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түсті”-деп жазды [51, 56 б.]. Семей полигонынан басқа Қазақстан аумағында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында Азғыр полигоны орналасқан. 1965 жылдан бастап, Батыс Қазақстанда өнеркәсіптік мақстатта 26 жер асты ядролық жарылыстар жасалынған. Н. Назарбаевтың айтуынша Азғыр полигонына жақын маңдағы аудандардың халқына радиациялық қауіптің бар екендігі туралы ескертілмеген де. Полигонға жақын аумақтың халқы арасында рактан қайтыс болғандардың деңгейі жоғарылап кеткен. Демек, ұлттық қауіпсіздік ең алдымен бүткүл Қазақстанды қоршап алған ядролық қарумен байланысты болды. Тәуелсіздік қарсаңында республика билігін өз қолна алған Н.Ә. Назарбаевтың алдында өз халқын сол ажал қаупінен құтқару міндеті тұрды. Өзінің осы бағытта жасаған алғашы қадамы туралы ол былай деп еске алады: “1989 жылы 30 мамыр күні Алматы Іле аумақтық сайлау округінен КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде Кеңес Одағының ең жоғары заң шығарушы органының мінберінен сөйлеуіме тура келді. Айтылатын әңгіме көп, ал регламент қатаң. Съезде төрағалық еткен М.С. Горбачев көзілдірігінің шынысы жалтылдап, мұқият, сақтана қарайды: жариялылық жақсы, бірақ шамаңды біл дегендей. Регламент бар дегендей. Орнымнан тұра беріп, бәрін, әсіресе ең бастысын айтып үлгерем бе деп ойладым...

Мінберден сөйлеп тұрып, “1949 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, жарылыстарды әуелі жер бетінде бастаған Семей ядролық полигоны туралы айтқым келеді. Сол кезден бері төңректегі жұрт саны төрт есе өсті. Бірақ әскерилер бізді сынақтар адам десаулығына тіпті пайдалы-мыс деп сендіргісі келеді. Біз мұның бүгінде мемлекеттік қажеттілік екенін білеміз. Бірақ атом жарылыстарының айналадағы ортаға әсерін шындап терең талдау, бұл туралы жұртқа айтып беру керек қой. Сол жерлерде күн кешетіндердің өмірін жақсартуға жұмсау қажет біршама шығынды айтпағанның өзінде ...” деген сөздерімнен кейін-ақ халық депутаттары арасында, әсіресе залдың төрттен бірін құрайтын әскери киімді депутаттарлың арасында әлдебір қозғалыс басталғанын байқадым. Бірдеңе шамалы өзгергендей еді.

Ненің өзгергенін баяндамадан, сөзден кейін түсіндім. Қатынас өзгерген еді. Елдің ең басты стратегиялық объектісіне қастандық қой! Ырың-жырың басталып жүре берді. Кулуарда естімеген сөзім жоқ. “Үйден қоқыс” шығарыппын /?/, саяси “ұпай” жинаппын, сатылып кетіппін /кімге екенін айта қоймайды/, ақыр аяғында ең ауыр айып – державамыздың қорғаныс қаблетін бүлдіріппін. Марк Твеннің “Мені қалай губернатор сайлады?” деген әңгімесі естеріңізде болар?

Әскерилер жер қойнауындағы ядролық сынақтардың жұртқа зияны жоқтығын дәлелдеумен болды. КСРО-ның ең жоғары генералитетіне сынақтарға тиым салып, Семей полигонын жабу перспективасы анық бір қорқынышты түсте ғана көрінуі мүмкін еді. Қазір мұның бәрін күле отырып еске түсіремін, бірақ сол кезде, шынымды айтсам, күлкі артын қысып кеткен...” [51, 80-81 бб.].

Дегенмен жағдай тез өзгере бастады. 1989 жылдың басынан бастап Қазақстан халқының ажал полигонына қарсы наразылығы күшейді. Стихиялық наразылық біртіндеп ұйымдасқан сипат ала бастады. Алматыдағы Жазушылар үйінде әлемге танымал ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың ұйымдастыруымен қарсылық митингісі өткізілді. Халықаралық антиядролық “Невада-Семей” қозғалысы құрылды. Ол туралы Н. Назарбаев: “Ғалымдарды, жазушыларды, қызметшілерді, жұмысшыларды, әр түрлі жастағы көптеген басқа адамдарды біріктірген қозғалыс Семей ядролық полигонын жабу және әлемнің басқа сынақ полигондарының қызметін тоқтата тұру жолындағы күреске орасан зор үлес қосты”-дей келе, “Антиядролық қозғалыста Олжас Сүлейменовтың жеке өзінің еңбегі орасан зор”-деп, О. Сүлейменовтың еңбегін ерекше атап өтті [51, 82 б.].

1990 жылдың 24 сәуірінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан тарихында тұңғыш Президент болып сайлануы антиядролық қозғалыстың жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндік берді. Н. Назарбаевтың өзінің айтуынша, оның президент ретінде өткізген ірі саяси шараларының бірі 1990 жылы 24 мамырда Алматыда өткізген “Әлем сайлаушылары ядролық қаруға қарсы” атты ауқымды конференция болған. Қозғалыс бүкіл елді қамтыды. Мысалы, ядролық сынақты тоқтатып, Семей полигонын жабу туралы петицияға 130 мың Қарағанды шахтерлері қол қойды. “Бүкіл Қазақстан, бүкіл халық бір ғана көңіл ауанында – ядролық сынақтар жасалмасын, атом қаруы жойылсын деген ауан билігінде болды”-деп жазды Н. Назарбаев [51, 84 б.].

Дегенмен ол кез әлі Мәскеудің дәурені жүріп тұрған кез болатын. Қазақстан Президенті ретінде Н. Назарбаевқа қысым күшейтілді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Әрине қысымның барлық салмағы Қазақстан Президентіне түсетін. Мәскеуге апта сайынғы: бірде әскери-өнеркәсіптік кешенінің кураторы, КОКП Орталық Комитетінің хатшысы О. Баклановқа, екінші жолы үкімет төрағасы Н. Рыжковқа, ақыр аяғында М. Горбачевтың өзіне жасалған сапарларым есімде. Бәрінің де талабы біреу ғана: жұртқа басалқы айт, олар сені тыңдайды дейді. Ал жалпы алғанда, әлде бірдеңені жетілдіру үшін енді бас-аяғы үш, әрі кетсе бес жыл керек дейді. Аймаққа қаржымен көмектесеміз дейді, басқа да бірдеңелерді айтады. Кейбір өркөкіректер тарапынан қоқан-лоққы да естіліп қалады. Алайда М. Горбачевтың арқасында көп нәрсе өзгерген, әрекет өрісі біршама ұлғайған болатын”-дейді [51, 84-85 бб.].

Міне, сол Республика Президентінің КСРО шеңберінде біршама ұлғайған әрекетінің негізінде Н. Назарбаев өз бастамшылығымен Одақ басшылығының келісімін алмай-ақ, парламенттің арнайы сесиясын шақырып ядролық полигонды жабу туралы мәселені талқыға салды. Сол бір тарихи сессияның жұмысы туралы Н. Назарбаев өз кітабында: “Таңертең басталған талқылау кешке дейін созылды. Сөз тимей қалған адам жоқ... Қорытынды сөзімде мен жауапкершілікті өз мойныма алатынымды айтып, өкілеттіктерімді пайдаланып, полигонды Жарлықпен жабатынымды жарияладым. Ядролық тарихтың бір беті және ең оңай емес беті, сөйтіп жабылды...”деп жазды [51, 85-86 бб.]. 1991 жылы 29 тамызда Президент Н.Ә. Назарбаев “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” № 409 Жарлыққа қол қойды.

Сөз жоқ, бұл үлкен тарихи жеңіс еді. Бірақ, ол ұлт басына төнген қауіптен қазақ халқын толық құтқара алған жоқ. Семей полигонын жабу арқылы ұлттық қауіпсіздік үшін күрестің тек бірінші кезеңі ғана аяқталды. Алда әлі талай алынар асулар тұрды. Көп ұзамай-ақ еліміздің өз тәуелсіздігін алуына байланысты ұлттық қауіпсіздік үшін күрестің жаңа кезеңі басталды. Жаңа жағдайда, яғни Қазақстанның дербес мемлекеттілігі жағдайында, жалғасқан ұлттық қауіпсіздік үшін күрес те ең алдымен сол атом қаруына байланысты болды.

Қолына қанжар ұстап дүниеге келген ертегідегі баладай, Қазақстан, тағдырдың тәлкегімен, тәуелсіз мемлекет ретінде дүниеге қолына атом қаруын ұстаған күйі келді. Бірақ бұл фактор ұлтқа төнген қауіпті күшейтпесе, азайтқан жоқ. Дегенмен тағдырдың берген бұл “сыйын” Президент Н. Назарбаев ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында, атом қаруына ие державалардың Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берулеріне мәжбүр етуге шебер пайдалана білді. Бұл, Н. Назарбаевтың, ұлттық қауіпсіздікті сақтау саласындағы да, тәуелсіз елдің Президенті ретінде жүргізген сыртқы саясат саласындағы да, үлкен табысы болды.

Қолында атом қаруы бар жаңа мемлекеттің пайда болуы Батыс елдерін де ойландыра бастады. Ол туралы Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында”: “Тіпті Кеңес Одағы әлі бар кезден бастап “ақыл айту” көбейді.1991 жылдың 16 наурызында Мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер мені АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне шақыртты. Түн ортасы ауа кездестік. Бейкер елдегі жағдайды білгісі келді. Бірақ сол кезде-ақ, Батыс ядролық қару мәселесін шешуге жол іздей бастағаны аңғарылды. Бұл турасында сол жылғы 16 қыркүйектегі Алматы ұшырасуында ашықтан ашық сөз болды”-деп жазды [47, 60-61 бб.].

Алматы кездесуінде Н. Назарбаев Дж. Бейкерге қалыптасқан жағдайда сратегиялық ракеталарды Қазақстанда қалдыра тұруға мәжбүр екендігін, өз мемлекетінің қауіпсіздігіне берік кепілдік берілмей тұрып, оларды басқа жаққа көшіріп жіберуге қақысының жоқ екендігін айтқан. Ол: “Мен Джеймс Бейкердің біздің ядролық қаруды өзімізде сақтаудан басқа амалымыз жоқтығына, ол біздің өз қорғанысымыз бен қауіпсіздігіміз үшін керектігіне көзін жеткізе түсуге тырыстым. Расында да, ол кезде бізде басқа амал жоқ еді. Егер біз шынында да қауіпсіз болатынымызға, ондай берік кепілдік берілетініне көзіміз жетсе, тек сонда ғана ядролық қару мәселесін шеше алмақшымыз. Бұл – менің ол келіссөздегі басты мақсатым болды”-деп жазды [47, 63 б.].

КСРО-ның ыдырауына байланысты осы мәселе бойынша Н. Назарбаев пен Джеймс Бейкер Алматыда тағы кездесті. Дж. Бейкер “Мәмлегерлік саясаты” атты кітабында өзінің 1991 жылғы желтоқсанда өткен Н. Назарбаевпен болған сол кездесуі жайында: “Мен таңғы үште ғана өз бөлмеме оралдым. Сонда Назарбаевпен болған әлгі үш сағаттық жолығысымның бұған дейінгі өткізген жолығыстарымның ішіндегі ең жақсысы болғанын іштей сезіндім. Ол ешбір асыра бағалаусыз-ақ айтарлықтай әсер қалдыратын айтулы лидер екен... Назарбаев керек нәрсені дәл көре алады, түсінікті нәрсені жүзеге асатындай жүйелі жолға қоя алады”-деп жазды [47, 64 б.].

1991 жылғы желтоқсандағы кездесуде мемлекеттік хатшы Н. Назарбаевқа тәуелсіз мемлекеттің Президенті ретінде Президент Д. Буштың АҚШ-қа ресми сапармен келіп қайтуға ресми шақыруын табыс етті. Н. Назарбаев алдағы сапарға дайындық жасай бастады. Өйткені ондағы қаралатын бірден-бір мәселе – Қазақстанның ядролық қаруы екендігі түсінікті болатын. Н. Назарбаевтың алдында ядролық қарудың тағдырын шешу міндеті тұрды. Ол туралы “Азия асқарлары”: “Ядролық қаруға ие болуды, бәлкім, кейбіреулер тағдырдың бізге бере салған ғажайып сыйы сияқты көрген де болар. Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев бұл “сыйдың” біздің жас мемлекетіміздің болашағы үшін қаншалықты ауыр әрі құпия қатері бар екенін жете түсінді. Ядролық қарудың тағдыры туралы мәселені қағидатты түрде шешіп алу ұлттық қауіпсіздігіміздің басты мәселесі болды”-деп жазды [39, 12 б.].

Президент Н.Ә. Назарбаевқа Қазақстанның атом қаруы тағдырына қатысты ұзақ келіссөздер жүргізуіне, әлемнің небір алпауыт елдерінің өкілдерімен және басшыларымен болған кездесулерінде мәселені Қазақстанның мүддесіне сай шешілуін табандылықпен қорғай білуіне тура келді. Мысалы, ол АҚШ-та өткен алғашқы ресми келіссөздер туралы: “Сөйтіп, 1992 жылдың мамырында менің Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапарым басталды. Ойлағанымдай, өз дегенімізге жету оңай болмады. Бізге қол қойуға ұсынылған құжаттардың алғашқы нұсқаларынан сау-тамтыққа ештеңе қалып жарымады. Әр мәселе, әр бап бойынша дауластық. Меніңше, бұл американдықтарға да оңайға түспеді. Тек бір күні таңертең Джеймс Бейкерге менімен төрт рет кездесіп сөйлесуге тура келді. Әр келген сайын ол менен өз президентіне абдыраған күйінде кететін.

Ақыр аяғында қысым көрсетуге көшті. Егер ядролық қарулар туралы құжатқа бүгін қол қоймасақ, ертең қалған мемлекетаралық құжаттардың бәріне де қол қойылмайтыныны мәлімделді. Ал ол құжаттар экономикалық қарым-қатнас мәселелерін қозғағанмен, Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру жөнінде бір ауыз сөз айтпайтын.

Мен де дегенге жетпей тынбау үшін тәуекелге міндім. Ондай жағдайда елге оралуға өзірлене бастайтынымызды айттым. Ақыры американдықтар райларынан қайтты. АҚШ-тың біз сұраған кепілдіктерді беретіндігі туралы құжатқа қол қойылды”-деп жазды [47, 65 б.].

Дегенмен бұл әлі толық жеңіс емес еді. АҚШ 1992 жылы Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атанумен шектелу туралы қайта сөз көтерді. Н. Назарбаевқа тағы да табандылық танытуға тура келді. “Мен тағы пікірімнен тапжылмадым: әуелі ұлы мемлекеттер біздің қауіпсіздігімізге кепілдік берсін, сосын біз өз аумағымыздағы барлық ядролық қарудан бас тартамыз... АҚШ-тың ресми адамдары Қазақстанға ядролық қаруларды таратпау жөніндегі келісімге “ядролық қарусыз мемлекет” ретінде қол қойғызғысы келді. Біз ондай атақтан үзілді-кесілді бас тарттық”-деп жазды Н.Ә. Назарбаев [47, 65-66 бб.].

Өзінің ядролық қарудан тезірек құтылуы керек екенін біле тұра неліктен мұндай қатаң ұстанымда “тапжылмай” тұрғандығын Н. Назарбаев өз кітабында: “Бізге ядролық қарусыз мемлекет атанудан басқа жол жоқ екенін сол кезде-ақ түсінгенмін. Алайда менің алдымда күллі дүние жүзін қамти бастаған аумалы-төкпелі жағдайда, Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сондықтан да, маған бірнеше өткір мәлімдемелер жасауға тура келді. Ол, менің пікірімше, дұрыс боп шықты. Артынан байқағанымдай, ядролық мемлекеттердің Қазақстанның тұтастығы мен егемендігіне кепілдік берулеріне мәжбүр етті”-деп түсіндірді [47, 65-66 бб.].

Н. Назарбаевтың өзі айтқандай “өткір мәлімдемелерін” Американ телевизиясына және “Вашингтон пост” газетіне берген сұхбаттарында жасаған еді. Егер біріншісінде: “Қазақстан өзі мұраланып отырған ядролық қаруды болашақта да сақтап қалуға тиіс болып отыр. Біз өзге республикаларға, тіпті ең күшті, ең ірі республикаларға да өз аумағымызға орналасқан ядролық қаруға бақылау орнатуға жол бермейміз”-десе, екіншісінде, “Неге Англия мен Франция отыз жыл бойына ядролық қару таратпау режиміне қосылмай келді? Неге мұндай қысым тек Қазақстанға ғана жасалады? Бұл әдепке сыя ма?”-деген. “Сол-ақ екен, бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның ислам елдеріне ядролық қару сатып жатқандығы жайында жалған хабарлар қарша борай жөнелді. Бұл бізге қысым жасап бағудың жаңа бір жолы еді. Оған да шыдап бақтық.

Менің алған бетім Батысты абыржыта бастады. Қазақстанға шетелдік меймандар ағыла бастады”-дейді Н. Назарбаев [47, 66-67 бб.]. Демек, Президенттің “өткір мәлімдемелері” терең ойластырылып жасалынған және өзін ақтаған тактикалық қадам болған.

1992 жылдың 22 қаңтарында Алматыға Францияның Мемлекеттік министірі, сыртқы істер министірі Р. Дюма келіп Н. Назарбаевпен келіссөздер жүргізді. “Ғасырлар тоғысында” сол келіссөздерден үзінді келтірілген. Онда Р. Дюманың ядролық қаруға қатысты Қазақстан Президентінің ұстанған саясатына түсіністікпен қарағандылығы айтылған. 1993 жылы Б. Клинтонның АҚШ Президенті болып қызметке кірісуіне байланысты, Алматыға жаңа мемлекеттік хатшы У. Кристоффер келді. Ол бұрынғы келісімді ескермей, Қазақстанды ақысына ештеңе сұрамай, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шартқа қол қойғызуға көндіргісі келді. Н. Назарбаевтың сөзімен айтсақ: “Тәжірибесіз” саясатшының айналасын әккі әдістермен, жарқын әсерлермен арбап алып, қол қойылатын құжаттарды жеріне жете зерттеуге мүмкіндік бермеу көзделді” [47, 69 б.].

Бірақ У. Кристоффор Н. Назарбаевтың үзілді-кесілді қарсылығына тап болып, ақыры Қазақстан Президентінің қойған талартарын орындауға мәжбүр болды. Ол туралы “Нью-Йорк Тайс” газетінде 1993 жылдың 24 қазанында Элейн Сиолино деген автор “Қазақ Американы өз беделін күшейтуге пайдаланды” деген дабырайма тақырыппен кең көлемді мақала жариялады. Онда автор: “Қазақстанның Президенті бүгін Құрама Штаттарман саясат ойнап, ұтып шықты. Президент Назарбаев пен мемлекеттік хатшы Уррен Кристоффер Қазақстанның ядролық қаруды демонтаж жасауға берілетін 85 миллион долларлық Америка көмегін қалай пайдаланатындығы егжей-тегжейлі көрсетілген техникалық келісім-шартқа қол қойып, сол тойланады деп жоспарланып еді.

Алайда бүгін таңертең Кристоффор мырза Назарбаевтың кабинетіне кіргенде, қазақ лидері оған қолындағы қаламды тастай тұруды ұсынды. “Әрине, Қазақстан келісімге қол қойғысы келеді”- деді ол, - “бірақ Клинтонмен көзбе-көз отырып қана…”.

АҚШ пен келіссөздердің одан арғы барсы және олардың нәтижесі туралы Н. Назарбаев: “1993 жылдың желтоқсанында АҚШ вице-президенті А. Гор келді. Ұзақ уақыт бетпе-бет сөйлесе отырып, мен оған ядролық қару мәселесінде неге мұндай бағыт ұстанғанымды егжей-текжейлі түсіндірдім.

Ақыр аяғында, АҚШ-қа барған келесі сапарымда Б. Клинтонмен кездесіп, бар шарттарымызды қабылдаттық.

Тек осындай азапты сайыстардан кейін ғана халықаралық қауымдастық тарапынан шын кепілдік алу туралы нақты келіссөз бастауға мүмкіндік туды. Тек сосын ғана ядролық қарусыз держава атанып, қатерлі қарудан кезең-кезеңімен елден әкеттіріп, құтылуға шешім қабылдадық”-деп жазды [47, 70 б.].

1994 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан үшін шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісім-шарттың депозитарийлері – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер туралы Меморандумға қол қойылды. Кейін оған ҚХР мен Франция да қосылды. Осылай өз Президенті жүргізген табанды саясаты арқасында Қазақстан аталмыш мемлекеттерден қазіргі шекарасының мызғымастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін қадірлейтіндіктерін куәландыра алды.

1995 жылы Қазақстан өз жерін атом қаруынан толық тазартты. Ол туралы Н. Назарбаев: “1995 жылғы 26 мамырда Қазақстан аумағындағы ядролық қару мәселесі тиянақты шешімін түгел тапты. Мен сол күні республиканың барлық азаматтарына соңғы қатерлі оқшантайдың мемлекетіміз аумағынан тасылып әкетілгендігін мәлімдедім”-деді [47, 72 б.].

Жарты ғасырдай уақытқа созылған ұлтқа төнген атом қауіпінен Қазақстан осылай құтылды. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында өзінің ядролық қарудан бас тарту, ядролық қарусыздануды қолдау шешімімен бетбұрысты қадам жасаған Қазақстан ядролық қаруы бар державалардың кепілдігін осылай ала отырып, парасатқа сүйенген бейбітшіл саясат ұстанатындығын күллі әлемге паш етті. Қазақстанның әр бір қадамын жіті қадағалап отырған әлем саясаткерлері Президент Н.Ә. Назарбаевтың осы саладағы еңбегін әділ де, жоғары бағалады.

Мысалы, КСРО-ның бірінші және соңғы президенті М.С. Горбачев 2001 жылғы 29 тамызда өткен “ХХІ ғасыр – ядролық қарудан азат бейбітшілік үшін” атты конференцияда сөйлеген сөзінде: “Президент Назарбаев пен оның пікірлестері ядролық қарудан құтылу және Қазақстанды ядросыз державаға айналдыру туралы шешім қабылдауға қиын-қыстау кезеңде, бұрынғы кеңестік кеңістіктің бәрінде ірі өзгерісті оқиғалар болып жатқан кезде барды. Қазақстан басшылығының сынға ұшырауына, түсінбестікпен күресуіне тура келді. Бірақ халықтың қолдауына арқа сүйеген президент Назарбаев ядролық қарусыздандыру саясатына және таратпау тәртібін нығайту мен әлем қауіпсіздігіне қосқан үлес ретінде бағаланатын қадам жасады. Өзінің іс-әрекеті арқылы ол халықаралық қауіпсіздікке байланысты ірі проблемаларды шешуге келгенде басқа көшбасшыларға үлгі боларлық жауапкершілік пен ерлік көрсетті”-десе [37, 35 б.], ЮНЕСКО-ның бас директоры К. Мацуура 2001 жылдың 25 тамызында: “Ядролық қарудың барлық сұмдығын өз басынан өткерген елдің өкілі ретінде мен Қазақстанның бейбітшіл бастамасын өте жақын қабылдаймын, ал Бас директор ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың ядролық арсеналарды жоюға бағытталған талпынысын құттықтаймын”- дейді [37, 36 б.]. Ал, Ұлыбританияның сыртқы істер министірі Дж. Стро 2004 жылы 5 ақпанда: “Қазақстан және Н. Назарбаевтың жеке өзі бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосты.

Қазақстаннан үлгі алған бірнеше мемлекет ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартты. Менің ойымша, әлем Қазақстанға алғыс айтуға тиіс”-дейді [37, 37 б.].

Осындай, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың батыл да, шешімді қимылына қолдау көрсеткен пікрлерді әр түрлі елдердің басшылары мен қоғам қайраткерлері айтты. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Дегенмен, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуының дұрыстығын дәлелдейтін ең басты аргумент, ол Қазақстан халқының бүгінгі бейбіт өмірі.

Бірақ, өмір көрсетіп отырғандай, ядролық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің бірден бір кепілі емес. Ол тек осы бағытта атқарылған маңызды шаралардың бірі ғана. Басқа да халықтар сияқты біздің де ұлттық қауіпсіздігімзе төнген қатерлер жеткілікті. Бүгінгі күні ешбір мемлекет өзін толық қауіпсізбін деп айта алмайды. Оның айқын дәлелі, лаңкестердің шабуылына ұшыраған, әлемнің ең қуатты алпауыт мемлекеті АҚШ-тың тарихы. Сондықтан барлық мемлекеттер сияқты тәуелсіз Қазақстан да, халықаралық және аумақтық қауіпсіздік аясында, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ядролық қаруды жойудан басқа да, мемлекеттің сыртқы атрибуттарының көрінісі болып табылатын көптеген іс-шаралар атқарды. Олар: шет мемлекеттермен дипламатиялық қарым-қатнастар орнау, көрші мемлекеттермен екі жақты келісімдер арқылы шекараларды анықтау, халықаралық ұйымдарға мұше болу, халықаралық лаңкестікке қарсы бірігіп күресу т.т.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің осы саладағы атқарылған сан алуан істерінің, қол жеткізген үлкен табыстарының қайнар көзінде Президент Н.Ә. Назарбаев тұрды. Ол туралы “Азия асқарлары”: “Қазақстан өзінің өмір сүре бастаған алғашқы күндерінен бастап-ақ халықаралық қауіпсіздік және өркениетаралық үндесу мәселелері бойынша белсенді позиция ұстады. Ядролық арсеналдан бас тарту сол жолдағы алғашқы маңызды қадам ғана болды.

Нұрсұлтан Назарбаев аумақтық қауіпсіздік және ынтымақтастық идеяларын мейлінше табандылықпен және жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан тұлғалардың бірі болды және солай болып қалып та отыр. Ол ТМД аумағындағы және Орталық Азия аумағындағы толып жатқан ықпалдастық жобаларының бастамшысы болды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық қоғамдастық /ЕурАзЭҚ/, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы /ҰҚШҰ/, Шанқай ынтымақтастық ұйымы /ШЫҰ/ сияқты ірі-ірі аймақтық жобалардың басты қатысушылардың біріне айналды”-деп жазды [39, 13 б.].

Н. Назарбаев “аумақтық қауіпсіздік және ынтымақтастық идеяларын мейлінше табандылықпен жүргізіп” қана қойған жоқ, сонымен қатар сол жүргізген істерді өз еңбектерінде ыждақаттылықпен бейнеледі. Демек, Н. Ә. Назарбаев еңбектері Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі тарихымен қатар, мемлекеттік тәуелсіздігінің сыртқы атрибуттары тарихының да маңызды дерек көзі болып табылады. Оларды пайдалана білу Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты тарихын терең талдауға және объективті жазуға көмектесері даусыз.

Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы алғашқы қадамдары туралы Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” айтса, “Қазақстан-Ресей қатнастары”, “Сындарлы он жыл” т.б. еңбектерінде сыртқы саясаттың күрделі мәселелеріне талдау жасаған. Мысалы, ол “Ғасырлар тоғысында” өзі басқарған жас мемлекеттің қандай жағдайда өз бетінше өзге мемлекеттермен бейбіт қатар өмір сүре бастағандығы туралы: “Тоқсаныншы жылдар – халықаралық істердегі бұрынғы қатнастардың түбірімен қопарыла құлау кезеңі, орнықсыздықтың күшейіп, аймақтық және ішкі соғыс, кең ауқымды терроризм сынды жаңа “тажалдардың” асқынған тұсы.

Біз халықаралық байланыстарымызды өрістетіп, кейбір саясатшылар мен ақпарат құралдары туғызған кесапатты кедергілерді бұзып-жарып шығуға мәжбүр болдық. Бірнеше мәселені қатар шешуге тура келді. Біріншіден, біздің мемлекетіміздің шын сипатын танытуымыз керек болды. Екіншіден, Қазақстанды халықаралық дәрежеде мойындатып, оның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуіміз қажет болды. Үшіншіден, әлемдік шаруашылық жүргізу мен экономикалық байланыстарға белсене араласуымыз қажет болды. Біздің сыртқы саясатымыздың қалыптасу кезеңі осындай өрелі міндеттерді жүзеге асырудан басталды”-деп жазды [47, 191-192 бб.].

Ол үшін Қазақстан Республикасына, тәуелсіз мемлекет ретінде, Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен күллі мемлекетаралық байланыстардың келіссөздік негізін қайта жасақтау сияқты аса үлкен және қиын жұмысты атқарып шығуға тура келді. “Біз өзімізді аямадық. Шетелдегі жұмысымыз бүкіл тәулік бойы жалғасып жүрді”-деп жазды Н. Назарбаев [47, 193 б.]. Осындай жанкешті жұмыстың нәтижесінде тәуелсіздіктің алғашқы бес жылы ішінде Қазақстан дипломатиясы түбегейлі жетістіктерге жетті. Қазақстан, тәуелсіз мемлекет ретінде, дүниежүзінің барлық дерлік елдеріне танылды.

Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы қол жеткізген нақты жетістіктері туралы айта келе Н.Ә. Назарбаев президент емес, қарапайым адам ретінде, қатардағы пенде ретінде: “Егер расымды айтсам, тарих үшін тым қысқа мерзімде тынған істерді ойлай отырып, мен адам ретінде де, өз халқымның перзенті ретінде де, Қазақстанның әлемдік қауымдастық мемлекеттерімен шын мәніндегі терезесі тең ықпалдас бола алғанын зор мақтаныш етемін. Тағдырыма, тарихтың осындай ұмытылмас кезеңінде, әлемдік саханада өз елімнің өкілі болу бақытына ие болғаным үшін, шексіз ризамын”-деп, толғана жазды [47, 195 б.].

Дегенмен, ондай бақытқа ие болу үшін алдымен талай тар жол, тайғақ кешулерден өту қажет болды. Н. Назарбаев өз еңбегінде Қазақстан дипломатиясының алғашқы адымдары туралы көптеген мәліметтер келтірген. Мысалы, ол Қазақстанның сыртқы саясат саласының басты ерекшелігі туралы: “Ақылға сыймайтындай ауыр жағдай. Қазақстан сияқты, жоғары дамыған қуатты, мамандандырылған еңбек ресурстары бар, пайдалы кендерге аса бай, өз аумағына ядролық қарулар шоғырландырылған мемлекет халықаралық дәрежедегі бірде-бір келісімге отырып көрмепті”-дейді [47, 197 б.].

Иә, ол рас. Кеңес өкіметі кезінде аты бар заты жоқ Қазақстанның сыртқы істер министірлігі негізінен шет елдік қонақтарды қарсы алу, шығарып салу сияқты дипломатиядан алыс қызметпен шұғылданатын. Барлық маңызды мәселелер, оның ішінде тікелей Қазақстанға қатысты да мәселелер, Мәскеуде шешілетін. Қазақстанның шетте бірде-бір дипломатиялық өкілдігі болған жоқ. Дипломатия сияқты өте нәзік іспен айналысатын мамандары да болған емес. Н. Ә. Назарбаевтың өзі де дипломатия өнері сияқты мамандыққа арнайы оқыған жоқ. Оған оны табиғаттың өзі берді, өмірдің өзі үйретті. Н. Назарбаевтың: “Егер өз сыртқы саясатымызды тездетіп өзіміз қалыптастырмайтын болсақ, біздің мүдделерімізге орасан нұсқан келуі мүмкін екендігі айтпасада түсінікті еді”- деп жазуы соның дәлелі [47, 197 б.].

Қазақстан өзінің сыртқы саясатын екі жақты дипломатиялық қатнастар орнатудан бастады. Өйткені Қазақстан экономиксына қажетті инвестиция тарту үшін, ең алдымен, екі жақты дипломатиялық қатынас орнату, қарым-қатнастардың құқықтық негізін жасау, үкімет аралық шарттарға отыру т.т. қажет еді. Өзінің егемен мемлекет ретіндегі алғашқы екі жақты қатнасын Қазақстан Түрік республикасынан бастады. Ол туралы Н. Назарбаев: “Алғашқы сапарым 1990 жылы Президент Тұрғыт Озалдың шақыруымен Түркияға барудан басталды. Анкарада, Кеңес Одағының әлі ыдырай қоймағанына қарамастан, біздің делегация барша протоколдардың бәрін мүлтіксіз сақтай отырып, қабылданды. Өйткені біз 1990 жылы 25 қарашада Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы мәлімдеме қабылдағанбыз”-деп жазды [47, 198 б.].

Демек, біріншіден, Қазақстан өзінің сыртқы саясат саласындағы алғашқы нақты қадамын Кеңес Одағының өмір сүріп тұрған кезінде-ақ бастаған. Бұл, Қазақстан сыртқы саясатының екінші ерекшелігі еді. “Жыланды жеті кессеңде кесіреткелік әлі бар”-дегендей, көрер күні жақындаған, бірақ әлі күш-қуатынан айырыла қоймаған алып империяның көзі тірісінде ондай қадамға барудың өзі қауіпті еді. Орталық өз өкілеттілігінен бір мысқал да шегінгісі келмеді. Сондықтан оның тарапынан қандай да болмасын қарсы әрекетті күтуге болатын. Екіншіден, Қазақстанға да, Түркияға да екі жақты келісім орнатуға заңды мүмкіндік берген 1990 жылдың 25 қарашасында жарияланған Қазақстанның Егемендігі туралы декларациясы болған.

Декларацияда Қазақстанның өз мүддесіне сай сыртқы саясатын өзі белгілейтіндігі, басқа елдермен дипломатиялық және консульдық өкілдік алмасатындығы, халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысатын халықаралық қатнастардың дербес субъектісі екендігі сияқты егемен елдерге тән сыртқы атрибуттар көрініс тапқан еді. Қазақстанның халықаралық аренаға шығуының заңды негізін қалаған осындай құжаттың өмірге келуі мен маңызы туралы Н. Назарбаев: “Декларация аса күрделі жағдайда әзірленіп, қабылданды. Егемендіктің қарсыластары Мәскеуде де, Қазақстанда да, тіпті Жоғарғы Кеңес депутаттарының арсында да аз емес еді. Талқылау бірнше күнге созылды. Барлық мәжіліс менің қатысуыммен өтті. Қазақстандықтар ол күнді басты ұлттық мейрамымыз – Республика күні есебінде заңды түрде мақтаныш етеді. Ол кез үшін бұл өте батыл қадам еді. Бізді Түркияның әлгіндей қошеметтеп қабылдауына аталмыш құжаттың да көп ықпал еткені рас”-деп жазды [47, 199 б.].

Бұл Н. Назарбаевтың, егемен мемлекет басшысы ретінде, алғаш рет келіссөз жүргізуі еді. Өз еңбегінде Н. Назарбаев Түркия және оның басшылары Тұрғыт Озал мен Сүлеймен Демирель туралы аса үлкен жылылық сезіммен айта келе, президент Т. Озалдың Байкалдан Жерорта теңізі мен Дунайға дейін созылып жатқан түркі әлемінің басын қосатын Ұлы Түркия құру пиғылының болғандығын, оған өзінің үзілді-кесілді қарсы шыққандығын айтқан. Өйткені ол жаңа ғана қол жеткен егемендіктен бас тарту деген сөз еді. Егер, Елбасының өз сөзімен айтсақ: “Бір “үлкен ағаның” орнына екінші “үлкен ағаны” мойынға мінгізу деген сөз” [47, 202 б.].

Түркия басшыларының пантюркизм идеясы негізінде әзірлеп, өздеріне ұсынған мәлімдемеге қол қоюдан бас тартқандығы туралы Н. Назарбаев: “Маған Т. Озалды қатты ренжітуге тура келді. Мен бұл мәлімдемеге қол қоймайтындығымызды айттым. Біз тек экономикалық, гуманитарлық, саяси байланыстарды жақтаймыз дедім. Түбіміздің бір екені рас. Аталастығымыз да рас, мәдениетіміздің ұқсастығы көп екені де шын. Ұзақ уақыт бір-бірімізден қол үзіп қалғандығымыз да белгілі. Мен жаңа ғана қолымыз жетіп отырған тәуелсіздігімізді, әр мемлекеттің егемедігін қатты қадірлей отыра, өркениетіміздің үзіліп қалған сабақтастыған қайта жалғастыруды ұсындым. Бірақ біз басқа халықтармен және мемлекеттермен байланысымызды үзе алмайтынымызды, кіммен болса да, енді қайтып терезесі тең емес қарым-қатнасқа түсе алмайтындығымызды ескерттім”-дейді [47, 202 б.].

Қазақстан Президентінің мұндай дәлелдеріне кемеңгер саясатшы ретінде Т. Озал түсіністікпен қарап, екі ел арасындағы достық қатнастарға қаяу түскен жоқ. Ал, Н. Назарбаев болса дербес мемлекеттің басшысы ретінде алғашқы сыннан сүрінбей өтіп, өз ұстанымы бар басшы екендігін көрсете білді. Ол туралы сол кездегі газеттер жарыса жазып жатты. Қазақ-Түрік қатнасының ірге тасы осылай қаланды. Бір жылдан соң Түркия Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде танитындығын бірінші болып бүткіл әлемге жария етті. Екі ел арасындағы қатынас жылдам қарқынмен дами бастады.

Сөз жоқ, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатында Қытай Халық Республикасының алар орны ерекше. Ең алдымен олар мәңгілік көршілер. Тағдырдың жазуымен бірнеше мыңдаған жылдар бойы олар әр түрлі деңгейде және әр түрлі формада бір бірімен қатнас жасап келеді. Жәнеде одан ары жасай береді. Екіншіден, Қытай әлемдегі халқы ең көп Ұлы мемлекет. Үшіншіден, Қытай соңғы жылдары экономикасы қарқынды дамып келе жатқан қуатты мемлекет. Сондықтан Президент Н. Назарбаев Қытаймен қарым-қатнасқа ерекше көңіл бөлген. Ол: “Біздің ұлттық тарихымыздың ұзына бойына Аспан асты Елімен қарым-қатнас ең басты маңызға ие боп келген. Меніңше, адамзаттың ХХІ ғасырдағы дамуы көбіне-көп Қытаймен байланысты болады. Көптеген елдер Қытаймен арақатынасты өз сыртқы саясатының негізгі өзегі деп түсінеді. Ал Қазақстан үшін осынау болашағы зор, экономикасын қарышты қадаммен дамытып жатқан мемлекетпен ойдағыдай қарым-қатнас орнату айрықша маңызға ие”-деп жазды [47, 205-206 бб.].

Н. Назарбаев қытай-кеңес қатнастарының соңғы 40 жылдық тарихына талдау жасай келе: “Екі жақ та бірін-бірі жау тұтты. Әскери доктриналар екі жақты да бір-бірінің ең басты қарсыласы деп жариялады. Қысқасы, жалпы саясат, жалпы насихат бізді Қытай – бірінші жауымыз дегенге иландырып бақты”-дейді [47, 206 б.]. Екі елдің, екі үлкен көршінің арасындағы ондаған жылдарға созылған ондай қатнас бүгінгі аға ұрпақтың есінде. Оның екі елдің халқына не бергендігі де жақсы белгілі. Әсіресе, тағдырдың жазуымен екі жаққа бөлініп қалған, демек екі жақтан да осындай текетірестің өтінде қалған қазақтар оны жақсы біледі.

Дегенмен заман өзгерді. ХХ ғасыртың соңғы ширегінде Қытайда түбегейлі экономикалық өзгерістер жүргізілді. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, екі ел арасындағы қатынас жаңа сипат ала бастады. Екі жаққа да тиімді экономикалық қарым-қатнас орнатуда Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың еңбегі ерекше. Өзінің Қытайға жасаған алғашқы сапары туралы Н. Назарбаев: “Менің ҚХР-ға бірінші сапарым 1991 жылы болды. ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминьмен, премьер-министр Ли Пэнмен, Пекин, Шанхай шахарбасыларымен кездестім. Шығыс Қытайдағы еркін экономикалық аймақтарды көрдім. Ол сапар бұл ел жайындағы пікірімді түбірімен өзгертті. Қытай-кеңес тайталасынан қалған жаңсақ түсініктерден, “қағаз жолбарыстар” жайындағы ұшқалақ ұғымдардан арылмауға жағдай қалмады. Басшылармен де, қарапайым азаматтармен де болған кездесулерде тұрақтылыққа деген, елдің іші мен сыртындағы тыныштыққа деген құлшыныс айқын байқалды. Ол біздің көзқарасымызбен де сәйкесетін еді”-деп жазды [47, 207 б.].

Н. Назарбаевтың Қытайға сапары көп ұзамай-ақ өз жемісін берді. Ең бастысы шекараның екі жағында қалған ағайын-туысқандар бір-бірімен араласа бастады. Қытайдағы қазақ жастары ата мекендеріне көптеп келіп әр түрлі оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сауда тез қарқынмен дамыты. Ол туралы Н. Назарбаев: “Қазақ-қытай қатнастары өте шапшаң қарқын алды. Бірінші сапардан соң, барлық сауда жолы ашылды. Бір жарым жылда екі ортадағы сауда он есе өсті. Шекара бойы саудасы басталды. Алты асу ашылды”-деп жазды [47, 208 б.].

Қытаймен сауданың осылай тез қарқынмен дамуының көпшілік үшін пайдалы болғандығы шындық, бірақ алғашқы кезде біздің базарларды қытайдың сапасыз тауарларының басып қалғандығы да рас. Бұл мәселе Елбасының екінші сапары кезінде өткен келіссөздерде арнайы қарастырылып, төменгі сапалы импортты азайтуға қол жеткізілді. Осылай, аз уақыт ішінде экономика саласында көп мәселелер шешілді. Мұндай нәтижені өзінің де күтпегендігі туралы Н. Назарбаев: “Шынымды айтсам, бастапқы кезде екі арадағы мәселелердің барлығының шұғыл шешім таба қоюына біраз сақтықпен қарадым. Бұл – елдің басшыларын сүйкімсіз қып суреттеп тастаған көп жылғы насихаттың салқынынан әлі арылып болмағандығымыздан шығар”-деп жазды [47, 208 б.].

Дегенмен, ең басты мәселе – ол Кеңес жылдарында екі ел арасында дау туғызып, шешілмей келе жатқан 1700 шақырым шекаралық жер мәселесі еді. Бұл мәселе де Н. Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен “іш ашысып ұзақ сөйлесу” нәтижесінде шешілді. 1995 жылдың қыркүйегіндегі Елбасының Қытайға барып қайтқан үш күндік сапарында көптеген принципрі мәселелерді, оның ішінде шекара мәселесін де, түпкілікті шешуге қол жеткізді. Ол туралы Н. Назарбаев: “Келіссөздердің нәтижесінде біз Қазақстан мен ҚХР арасындағы достық қарым-қатнасты одан әрі дамыту мен тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияға қол қойдық. Қорғаныс министрліктерінің байланыстары туралы меморандумға, метеорология саласындағы ғылыми-техникалық байланыс туралы келісімге, Қазақстан мен ҚХР-дың арасындағы Қазақстан – Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу протоколына қол қойылды”-деп жазды [47, 210 б.].

Шекара сияқты күрделі мәселені шешуде Қазақстан Президентінің ҚХР төрағасы Цзян Цзэминмен жылы да, сенімді қарым-қатнас орната білуінің де маңызы аз болмаған сияқты. Ол туралы ҚР сыртқы істер министірі Қ.К. Тоқаев: “Н. Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен бір-біріне деген сенімді қатынас орната білгендігін ерекше айтуымыз керек. Бұл фактор, егер шешуші рөл атқармағанымен, екі ел арасындағы күрделі келісімдерге келу барысында үлкен маңызға ие болды. Оған шекара туралы келісімді де жатқызуға болады. Бірде Қытай дипломаттарының бірі маған сенім білдіріп, егер Цзян Цзэмин болмағанда таласты территориялар мәселесі еш уақытта өз шешімін таппас еді деді. Бұл кең көзқарасты және қабылданған шешімдерге үлкен жауапкершілікпен қарайтын адам”-деп жазды [14, 202 б.].

Одан әрі Н. Назарбаев өз кітабында ҚХР-мен экономикалық қатнастардың тиімділігі мен келешегін нақты цифрлар арқылы дәлелдей келе: “Қандай елге барсам да, оның мәдениеті, әдет-ғұрпы, тарихы, діні, адамдарының тұрмысы жөнінде көбірек мағлұмат алуға тырысамын. Қытай құбылысын, Оңтүстік-Шығыс елдерін ойласам, Конфуций философиясын жаңартудың атқарып отырған қызметінің зорая түскендігі жайындағы пікірге илана түсемін. Конфуцийшілдік нақты өмірге көбірек мән береді”-дейді [47, 213 б.].

Қазақстан тәуелсіздігінің сыртқы атрибуттарының қалыптасуында Еуропа елдерінің де өзіндік орындары бар. Демократияның, экономикалық дамудың озық үлгілеріне ие болған өркениетті Еуропа елдерінің Қазақстан тәуелсіздігін мойындап, оған қолдау көрсетулерінің біз үшін маңызы өте үлкен еді. Н. Назарбаев өз еңбегінде осы бағыттағы саясаттың Еуропадығы аса қуатты да ықпалды елдердің бірі – Англия Премьер-Министрі М. Тэтчермен кездесуден басталғандығын айтқан. Ол: “Британия Премьері Маргарет Тэтчер менімен кездескісі кеп, бірнеше ұйымдарды ара ағайын ғып жұмсап отырғаны белгілі болды. Ол бір сапарын Алматыға жол-жөнекей аялдама жасайтындай қып жоспарлапты. Сөйтіп, алғаш рет жолығыстық... Маргарет Тэтчер – барлық жағынан да аса іскер әйел екен. Екеуміздің де ең адал жауап алғымыз келген, бірақ ешкімге жарияламайтын сұрақтарымыз бар еді. Кейін көзім жетті: Тэтчер “джентельмендік” сертінде тұрды... М. Тэтчерден де күткен жауабымды алдым. Егер Қазақстан өз алдына мемлекет болып шықса, Ұлыбритания үкіметі бізді қолдайтын болды. Ол аз десеңіз, М. Тэтчер Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне кепілдік беру керектігіне Европа мемлекеттері басшыларының көздерін жеткізуге уәде берді”-деп жазды [47, 214-215 бб.].

Н. Назарбаевтың М. Тетчермен болған бұл әңгімесі 1991 жылдың қыркүйегінде, тамыз оқиғаларынан кейін, Кеңес Одағының кезінде болған еді. Бұл күндері Мәскеу алаңдарында Ұлы Ресей жайында ұрандар айтыла бастадған болатын. Кейбіреулердің ойынша Солтүстік Қазақстан Ресейдің байрығы жері болып шықты. Осындай жағдайда Қазақстан қауіпсіздігі мен аумақтық мызғымастығына көпжақты кепілдік алудың маңызы үлкен еді. “Сондықтан да мен М. Тетчермен кездесуге үлкен мән бердім. Ол да менің көкейімді бірден ұқты. Бұдан кейін біз онымен Мәскеуде және Лондонда екі рет әңгімелестік”-деп жазды Н. Назарбаев [47, 216 б.].

Еуропаның ірі мемлекеттері ГФР мен Франция да Қазақстанға ерекше қызығушылық танытты. Н. Назарбаев өз кітабында Батыс Германияның Сыртқы істер министірі Ганс Дидрих Геншермен және Франция Президенті Франсуа Миттеранмен болған кездесулері туралы да өте құнды мәліметтер келтірген. Екеуін де мемлекет қайраткерлері ретінде жоғары бағалай отырып, Н. Назарбаев олардан өзінің көп нәрсе үйренгендігін айтады. Мысалы, ол Геншер туралы: “Оның кейбір ойлары мені қатты таңғалдырды. Демократия жайында сөз қозғауымыз мұң екен, біздің ол жайындағы түсінігіміздің соншалықты тайыз екендігін ұқтым...Біз сияқты, тоталитарлық жүйеден жаңа шығып жатқан мемлекеттің басшысы үшін, демократия дегеніміз - өз көзқарастарымызды, басшылық ету стилі мен әдістерін, ойлау жүйемізді түбегейлі өзгерту қажеттігі деген сөз. Ол - өз халқың үшін өзіңді өзің құрбандыққа шалу деген сөз. Ол – адамдардың пікіріне құлақ асу, ойындағысын ашық айтуына, сөйтіп, өзін еркін сезінуіне жағдай жасау, қай адамның да бұл дүниеге терезесі тең боп туғанын мойындау деген сөз...”-деп жазса, Миттеран туралы: “Франсуа Миттеран – нағыз француз. Қашан көрсең де, сыпайы, көңілді, әзілге жүйрік қалпы. Сөйтіп жүріп, ауыр сырқат шекті. Саяси тағдыры да шырғалаңдарға толы болды. Меніңше бұл – француз саясатшыларының ерекше бір қасиеті... Француз президенттерінің арасынан елді он төрт жыл бойына билеген жалғыз адам, осы бір таңғажайып саяси қайраткердің Франция мен әлемнің тағдырына тигізген үлкен ықпалын бағалай келіп, көптеген саясатшылар Франсуа Миттеран ХХ ғасырдағы ұлттық тарихта генерал де Голльден кейінгі екінші орынды иемденеді деп санайды”-деп жазды [47, 217-223 бб.].

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті әлемдегі өз орнын анықтау үшін көп векторлы сыртқы саясат жүргізуге тиіс болды. Н. Назарбаев өз еңбегінде соның бәрін дерлік айтты. Сауд Аравиясына, Иран Ислам Республикасына, Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, АҚШ-қа барған сапарлары туралы, Сингафур Президенті Ли Куан Ю-мен болған бір апталық кездесуі туралы жазбалары Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің сыртқы атрибуттарының қалыптасу тарихының маңызды дерек көзін құрайтындығы күмәнсіз. Ондағы мәліметтерді пайдалана білу еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының тарихын жан-жақты ашып көрсетуге көмектесері анық.

Сонымен, қорыта айтсақ, Н.Ә. Назарбаев еңбектері тәуелсіздік тарихының басқа да қырларымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің ішкі және және сыртқы атрибуттары тарихының да маңызды дерек көзі болып табылады. ХХ ғасырдың соңына қарай әлем картасынан өз орнын алған дербес мемлекеттің өзіне ғана тән басты атрибуттары – ұлттық валюта – “теңге” мен Ел Ордасы – Астана қаласының пайда болуына бастамшылық жасап, бар жұмысын өзінің тікелей басқаруымен атқартқан адам ретінде, ұлттың қауіпсіздігі мен мемлекеттілігін сақтау мақсатында орасан зор жұмыстар атқарып, ел іргесінің беріктігін, ұлттың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында әлем алпуыттарынан кепілдік ала білген адам ретінде Н. Назарбаев еңбектерінің деректік орыны да, ғылыми құндылығы да ерекше екендігі талассыз.

Егер, ұлттық ақшамыз “теңге” тәуелсіздігіміздің экономикалық негізін қаласа, “Астана” Елбасының алысты болжай білер көреген саясатшы екендігін дәлелдеумен қатар, тәуелсіздігіміздің саяси символына айналды. Ал ядролық қарудан өз еркімен бас тарту қазақ халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш ел ретінде басқалармен терезесі тең дәрежеде қарым-қатнастар жасауға жол ашты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет