Қожа мұхтар баһадырұлы ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде



бет3/6
Дата23.02.2016
өлшемі498 Kb.
#10878
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6

3 «Ерте ортағасырлық Отырар» деп аталатын тарауда Отырар-Фараб иелігінің ІV-V ғғ. бастап VІІІ ғ. дейінгі тарихы қарастырылады. 3.1 «Аймақтың ерте ортағасырдағы саяси тарихы» деп аталатын бөлімінде 555 ж. түркілердің Жетісуды, Орталық Қазақстанды және Хорезмді бағындырғаны, Отырар өңірі Қаңғу Тарбан деген атпен түркі жазбаларында аталатыны, Түркі қағанаты кезінде Шаш, Испиджаб, Отырар, Тараз өлкелері Тарбанд атты бір иелікті құрағаны, оның саяси-әскери астанасы Тарбанд-Отырар қаласы болған деген пікірлер келтіріледі [21, с.28].

3.2 «Отырартөбенің ІV ғ. - VІІІ ғ. бірінші жартысының қабаттары» деп аталатын бөлімде аталған ғғ. жататын археологиялық қабаттар сипатталады. Археология мәліметтері ерте ортағасырдың басында Отырардың шамамен 15-20 га аумақты алып жатқанын көрсетеді [6, 186-б.]. Стратиграфиялық шурфтағы 14-шы құрылыс деңгейі, 20-шы еден ІV-VІ ғғ. жатады [5, с. 80]. VІІ ғ.- VІІІ ғ. орта кезеңінің қабаты. Отырартөбенің стратиграфиялық шурфында VІІ-VІІІ ғғ. қабатына 10, 11, 12, 13 құрылыс деңгейлері, 14, 15, 16, 17, 18, 19 едендер жатады (Х-ХVІ ярустарда). Қабат қалыңдығы 3,5 м. Құрылыс қабырғалары 42 - 45 х 22 - 25 х 10 см күймеген кірпіштен көтерілген. Қазба барысында кездескен қабырға қалындығы 1,65 м, 1,35 м, 1,1 м, 0,9 м. Кейбір қабырғалар беттері сыланған, кейбір еден беттері сыланған. Бөлме іштерінде ошақтар табылған. Қабаттың мерзімін керамика үлгілері және бір бетінде арыстан бейнесі, бір бетінде «І Х» таңбасы бар теңге және бір бетінде арыстан бейнесі, бір бетінде «(□» таңбасы бар теңге көрсетеді [22, с. 65]. Осы қабаттың бір жаңалығы кен - «кан» үлгідегі жылыту жүйесінің алғаш қолдануымен ерекшеленеді. 1999 ж. біз Отырартөбедегі Бердібек сарайын зерттеу барысында осы аймақтан І мыңжылдықтың бірінші жартысына жататын жаңа материалдарға тап болдық. ХІV ғ. жататын сарайдың 7 бөлмесінің еденінен шурф қазып, 1 м терең түскенде жаңа еденге тап болдық. Осы еден бетінен ит бейнелі қақпақ тұтқасының бөлігі, қазан астына қоятын тұғыр бөлігі мен тұтқасының бір ұшы ернеуіне, екінші ұшы бүйіріне бекітілген құмыра бөлігі табылды. Еден бетінен шыққан керамика үлгілері ІV-VІ ғғ. тән. 1969 ж. кесіндіде ІV-VІ ғғ. қабаттары төбе деңгейінен 9-10 м тереңдіктен шықса, 1999 ж. қазбадағы ІV-VІ ғғ. қабаты 4,5 м тереңдіктен шығып отыр. Бердібек сарайы аумағындағы кейінгі ортағасырлық шұңқырларды тазалау барысында мәдени қабаттар астында тор іспетті қабырғалардан тұратын стилобад бары байқалды. Осыған қарап ІV-VІ ғғ. Отырар цитаделі төбенің оңтүстік-шығыс бұрышында деп болжам айтуға негіз бар.

3.3 «Егіншілік пен ирригация» деп аталатын бөлімде негізінен ғылыми әдебиетте жинақталған материалдар сараланады. 2007 ж. ОҚКАЭ-сы бір топ жаңа каналдар тапты. ІІІ-ІV және VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Тостаған каналдары Тостаған мен Айкөл ескерткіштеріне су апарған. VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Көкмардан каналдарының саны 5. Біреуі Көкмардан қалашығы қасына тура барады. VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Пұшық-Мардан каналы Сейтмантөбе, Қостөбелер мен Пұшықмардан ескерткіштерінің қасындағы ескі арналарға су апарған. VІ-VІІІ ғғ. жатқызылған Дүртөбе каналы Дүртөбе, Қойлыбай, Айкөл елді мекендеріне және солардың айналасындағыларға су жеткізген [6, 343-346, 355-357, 365-367-бб.]. Шұбара 3 каналы VІІ-VІІІ ғғ. жатқызылған. Ол Сырдариядан тартылып, оның сол жағасын Баусексеуіл елді мекенінен төмен Сарыкөлге дейін барған. Әрбір 250-300 м сайын арықтар шығарылып отырған [6, 370-371- бб.].

3.4 «Қолөнері» деп аталатын бөлімде Отырар керамикасының жаңа үлгілері- Қаракөншек айналасынан жинақталған керамика баяндалып отыр, олардың арасында бүтін ритон, үш аяқты миска бар. Отырар алқабында қазіргі кезде қазылған ең әуелгі пеш VІІ-VІІІ ғғ. жатады. Ол Қайнартөбе ескерткішінің рабадында қазылды. Ол екі камералы, үстіңгі камера еденінде жалын жүретін кендері бар [6, 127-б.]. Осымен қатар көне түркілердің күміс ыдыстарының жалпы пошымын, ою-өрнегін қайталайтын керамикалық ыдыстар Отырарда VІІ-VІІІ ғғ. тарады. Бұл кұмыралар мен саптыаяқтар қоңыр, шие түсті, сұр-қызыл түсті ангобпен көмкерілген, тұтқалары жұлдызша етіп жасалынған, ыдыс сырты қисық тор көзді өрнекпен, геометриялық сызықшалармен, толқынды сызықшалармен нақышталған [4, с. 189-190]. К.М. Байпақов темір, сүйек, тас өндеу, құрылыс өнері болғанын айтады [12, с. 89-90]. Керамика өндірісімен қатар темір, мыс өңдеу, зергерлік өнер де дамыды [23, с. 60-61, 152].

3.5 «Сауда, ақша айналымы» деп аталатын бөлімде Отырар арқылы өткен ертедегі сауда жолдары баяндалудан басталады. Сауда жолдарымен келген шетелдік заттар баяндалады. ІІІ-V ғғ. жататын Көкмардан мазаратындағы қазбаларымыздан янтарь моншақтар табылды. Янтарь негізінен Балт жағалауынан немесе Карпат-Днепрлік өңірде өндірілген. Археологиялық зерттеулер янтарьдың сауда жолдары Әмудария мен Сырдария өзендері бойымен жүргенін көрсетеді. Орта Азияда янтарь саудасы біздің заманымыздан бұрын бірінші мыңжылдықтың ортасынан бастап б.з. V ғ. дейін кең өріс алған, ал Қытай еліне янтарь бұдан едәуір кейін, тек б.з. ІІІ ғ. бастап қана белгілі болған. Кейбір үш тұғырлы ыдыстардың түрлері Қытайдағы ыдыстарға жақын. Бұл да байланыстардың бағытын көрсетеді.

Отырар өңірінде табылған оймышты геммалар ирандық бағыттағы байланыстарды көрсетіп тұр. Мұндай тастар Жетіасар ескерткіштерінде кездескен. Олар ІІІ-V ғғ. жатады. Отырар ауданының Маяқұм ауылында тұратын Күләш Орынбаева сақтап келген гемманы Отырар қорық-музейіне тапсырды. Әже бұл тасты ақық деп атады, минерологияда мұндай тастар халцедон деп аталады. Оны Қызылқұм ішінен тауып алған екен. Тас бетіне үлкен тарам-тарам мүйізді бұғы бейнеленген. Қоңыртөбе мазаратынан бір топ сасанилік геммалар табылып отыр [24, с. 163-171]. Сыртқы сауда байланыстарының бағыттарын Отырар қазбаларынан табылған VІІ ғ. Соғды ихшидтерінің, Ферғананың түркі билеушілерінің, Қытайдың Тан әулеті мен бұқараның «гитрифи» үлгісіндегі теңгелері, Шаштың VІІ ғ. аяғы - VІІІ ғ. басындағы көне түркі теңгелері айғақтап тұр. Бұлар қала аралық, ел аралық сауда байланыстарының көрінісі еді. Жергілікті сауда-саттықтың дамуының айқын көрінісі деп жергілікті түркі билеушілері соқтырған бір бетінде арыстан бейнелі, екінші жағында таңбалары бар теңгелерді айтуға болады. Осы теңгелер Отырартөбе, Құйрықтөбе, Қоңыртөбе қалашықтарын қазу барысында табылған. Р.З. Бурнашеваның анықтауынша, олар VІІ-VІІІ ғғ. жатады және Отырардың төл теңгелері иеліктің қала мен ауыл-аймақ, отырықшы мен көшпелілер арасындағы сауданы қамтамасыз еткен.



3.6 «Наным-сенімдер мен діндері» деп аталатын бөлімде аталған тақырыпқа қатысты баяндалатын мәліметтер негізінен Көкмардан мазаратындағы (ІІІ-V ғғ.) қазба барысында алынды. Жалпы Көкмардан мазаратында, Қоңыртөбеде және оның мазаратында тұмар іспетті болған қола киік бейнелер шыққанына ерекше назар аудару қажет деп санаймыз. Балаларды суға түсірмей аман алып қалған, екі балаға пана қылып, киікті ана етіп берген Ғайыперен Қаншайымды дарға асқанда «...келіп, дардың арқанын үш мәрте үзген» Хазірет Әлі, Ғайып ерен қырық шілтен. Шөгірлінің тауына аң аулай келген Шаншархан басы алтын, арты күміс киікке кезігіп, оны тірідей ұстап алмаққа әрекеттенеді. Киік ханның басынан секіріп қашып, аңда жүрген Зарлыққа жетеді. Киікті Зарлық та қуады. Бір жартасқа секіріп шығып, ақ сақалды шал бейнесіне енген киік Зарлыққа: «Әкең Шаншархан келе жатыр, сонымен табыс», – дейді. Киік бейнесінде, әкелі-балалы екеуін табыстырғалы жүрген Ғайыперен қырық шілтеннің бірі екен. Осымен қатар әлемдік діндердің де Отырарда тарағаны жөнінде мәліметтер бар. «Насаб-нама» шежірелерінде арабтарға қатты қарсылық көрсеткендер қатарында «тарса» мен «мүгтар» аталады. «Тарса» деп христиан дініндегілерді, «мүг» деп отқа табынушыларды атаса керек. Құйрықтөбеден табылған ағаш тақталар бетіндегі бейнелерді талдау түркілік манихейлік те Отырарда тараған деп санауға негіз береді.

3.7 «Жазба мәдениетінің куәлары» деп аталатын бөлімде Отырар-Фараб иелігі аймағында тұңғыш табылып отырған жазу ескерткіштері баяндалады. 1999 ж. Қаракөншек ескерткішінен оңтүстік-шығысқа қарай 200 м қашықтықта Арыс өзені жағасынан екі бүтін құмыра табылды. Оның бірінің биіктігі 20,5 см, табанының диаметрі 11,5 см, бүйірінің диаметрі 18 см тұтқалы саптыаяқ бетіне сызып түсірілген жазу бар. Құмыраның иығында 6 таңба, тұтқаның үстіңгі бөлігінде 1 қиғаш таңба сызып түсірілген. Құмыра иығындағы тұтқадан солға қарай жазылған жазу басындағы әріп басқалармен салыстырғанда ірі болып келеді. Одан кейін солға қарай орналасқандардың көлемі кішірейе түседі. Осыған қарап бұл жазу оң жақтан солға қарай жазылған деп болжам айтуға болады. Оның кесегіне шамот араластырылған. Ыдыс қолдан жасалған, ыдыс беті тегіс емес, ақшыл-сұр түсті ангобпен көмкерілген. Ангоб үстіне коңыр-қара дақтар жағылған. Осыған ұқсас кружкалар Ақтөбе 2 материалдарына және Отырар алқабының әуелгі керамика үлгілеріне жақын. Осыған қарағанда аталған ыдыс бірінші мыңжылдықтың бірінші жартысына жатады.

Шардара елді мекені қасында бүйірінде жазуы бар тағы бір құмыра табылды. Ыдыс алмұрт пішінді, қысқа мойынды, жиегі сыртқа қайырылған, иығы дөңгелене түскен. Саптыаяқ қолмен пішінделген, сазы жақсы араластырылмаған, құрамында дресва ұнтақтары көп. Ыдыс күйдірілмей жатып оның иығына 11 таңба түсіріліпті. Өкінішке орай, осы жазу көшірмелерінің шетелдік ғалымдарға да жіберілгеніне қарамастан олардың сыры әлі де ашылған жоқ.



4. «VІІІ ғ. ортасы- ХІІІ ғ. басы аралығындағы Отырар» атты тарауда араб әскерлерінің Фараб-Отырар иелігін басып алудан бастап ХІІІ ғ. басында дербестігінен айырылып Хорезмшах мемлекетіне бағынуы арасындағы тарих баяндалды. 4.1 «Мұсылман әскерлерінің Тарбанд-Отырар иелігін басып алуы» деп аталатын бөлімде негізінен қожалардың шежіресі мен археологиялық деректер негізінде қарастырылады. «Насаб–нама» нұсқаларында Шаш пен оларға көршілес аймақтарға ислам дінін кіргізу мақсатында жорыққа шығу мәселесімен һижраның 150 ж. / 766-767 ж. [25], немесе һижраның 100 ж./ 718-719 ж. мәжіліс өткені туралы хабарлар бар [26]. Соғысқа дайындық пен ұзақ жол барын ескерсек, соңғы мезгіл шамамен Г. Гоибовтың Сырдария бағытында арабтардың жорығының уақытына – 737 ж. және 739 ж. жақындайды [27, с. 52]. Сондықтан біз соғыс жөніндегі мәжіліс һижраның 100 ж. өтті деген хабарды шындыққа жақындау деп санаймыз. Шаш иелігін басып алған соң Абд ар-Рахим бастаған араб әскерлерінің бір бөлігі Сырдария бойы жүріп отырып, Сүткент пен Зарнұқты басып алады. Сүткент тұсында Сырдариядан өтіп Отырарды басып алады. Отырар ауданында 1994 ж. «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты басылым бойынша 49 қалашық пен елді мекен бар. Олардың 16-нда тіршілік VIII ғ. тоқтапты. Қазба жүргізілген ескерткіштердегі VIII ғ. өрт қабаттары бірнешесінде байқалады. Күйікмардан қалашығының цитаделі орнындағы қазбалар VІІ- VІІІ ғғ. жататын 2-құрылыс қабаты бетінде күшті өрт іздері барын көрсетті [23, с. 71]. Өрт қабатында алма, қоймада бидаймен қоса шиті ажыратылмаған мақтаның болғанына қарағанда өртке себеп болған соғыс Отырарда күз айында болған.

Құйрықтөбе цитаделіндегі өрт қай мезгілде болды деген сұраққа бірнеше пікір бар. К.М. Байпақов Құйрықтөбе цитаделіндегі өртті ІХ ғ. бірінші жартысында Отырарға Фадл ибн Сахляның жазалау жорығымен немесе ІХ ғ. екінші жартысында болған саманилік І Наср ибн Ахмедтің Шауғарға жасаған жорығымен байланыстырады. Алайда өрт шалған Құйрықтөбе цитаделінде табылған керамика мен тиындар VI–VIII ғғ. жатады [12, с. 56-58]. Сондықтан біз осы мәселеде Е.А. Смағұловтың пікіріне [28, с. 109] келісе отырып, Құйрықтөбе цитаделіндегі сарай VIII ғ. аяғы - IХ ғ. бірінші жартысы болса онда түргеш немесе омеядтық немесе саманилік тыйындар табылуы керек еді деп санаймыз. Ал өрт қабатынан тек жергілікті арыстан бейнелі қола теңгелердің ғана табылуы оның уақыты VІІІ ғ. бірінші жартысы екенін айғақтап тұр. Стратиграфиялық қазба Қайнартөбе ескерткішінің де үстіңгі қабаты VІІІ ғ. тіршілік тоқтағанын көрсетіп тұр [6, 124]. Сонымен Отырар елді мекендерінің 1/3 араб әскерлерінің келуінен зардап шекті.Енді астаналық дәрежеде болған Отырартөбедегі VІІІ ғ. мәдени қабатына назар салайық. Отырартөбенің стратиграфиялық кесіндісінде Х-ХІ ғғ. қабаты мен VІІ-VІІІ ғғ. қабаттары анықталып жеке-дара суреттеледі. Олардың ортасындағы ІХ ғ. жоқ болып шығады. Нақтырақ айтсақ, керамика бойынша Х-ХІ ғғ. жатқызылған мәдени қабатқа ІХ құрылыс қабаты, 13 еден жатады. Тыйындар мен керамика бойынша VІІ-VІІІ ғғ. Х, ХІ, ХІІ, ХІІІ құрылыс қабатттары, 14-19 едендер жатқызылды. 13 және 14 едендер арасы аса борпылдақ 30-40 см лесс топырығымен толтырылған. Бұған қоса 14 еденмен байланысты үйлердің қабырғаларынан бұзылу барысында пайда болған таза топырақтар байқалады [4, с. 73]. Осы белгілер төменгі қабат үйлердің біраз уақыт бос иесіз тұрғанын көрсетеді. Х-ХІ ғғ. жатқызылған мәдени қабат үйлері мен VІІ-VІІІ ғғ. қабат үйлері арасында бір-бірінің жоспарларын қайталау немесе басқаша айтқанда сабақтастық байқалмайды, қам кесектің форматы да ерекше. Х-ХІ ғғ. жатқызылған мәдени қабаттың 13-еденіне байланысты 3-бөлмесінің батыс қабырғасында бір жерге жинала салынған 18 адамның бас сүйегі мен ұзын сүйектері табылды. Осы сүйектер арасында адам мүшелерінің сүйектері жоқ, басқа жоғарыда аталған сүйектерден тыс тек жалғыз жақ, 3 жанбас сүйек қана бар. Адамның бас сүйектерінде қару пайдаланудан қалған іздер байқалады. Қазба жүргізушілердің пікірінше, бұл сүйектер жақын жерде қөмусіз қалып шіріген мәйіттерден жинап алынған болса керек. 13- еденге жатқызылған 3- бөлме ішін тазалау барысында садақ оғының темір ұшы – «трехлепестковый черешковый наконечник стрелы» табылса, көрші 1 бөлмеден ұзындығы 31 см ірі темір семсер бөлігі табылды. Сонымен Отырартөбенің осы шағын шеткі бөлігіндегі қазбаға іліккен үйлердің бос, иесіз қалып қаңырап қалуы, 18 адамның сүйектерінің бөлшектеніп, бір жерге жинала салуы, онда қару-жарақтың табылуы үлкен жойқын соғыс болғанының айғағы деп тануымыз керек. Оның мезгілін астыңғы құрылыс қабаты көрсете алады. Керамика және теңге негізінде қабаттың үстіңгі бөлігі VІІІ ғ. шектелген болатын. ХІ құрылыс қабатына жататын 15-еденнен табылған тыйын бастапқыда VІІІ ғ. Түргеш - соғды теңгелері деп анықталған болатын [4, с. 75-76]. Кейін бұл теңгелерді Р.З. Бурнашеваның зерттеулерінің негізінде жергілікті Отырар билеушілерінің VІІ-VІІІ ғғ. ортасына дейін соққан теңгелері деп санауға болады деген пікір айтты. Сондықтан осы қабаттың жоғары шекарасы VІІІ ғ. ортасы деп айтуға толық негіз бар. Бұл қабаттан мезгілі кейіндеу, шын мәніндегі түргештік теңгелер табылмаған. Ал VІІІ ғ. ортасында арабтардың Оңтүстік Қазақстан аумағын жаулап алу соғыстары жүріп жатқаны белгілі болғандықтан және олардың әскері Отырарды басып алды деген хабар бар болғандықтан біз археологиялық материалдарда көрініс тапқан соғысты осы арабтар әскерінің жорығымен байланыстырамыз.

4.2 «ІХ ғ. - ХІІІ ғ. басы аралығындағы Отырар» деп аталатын бөлімде аталған мезгілдегі саяси тарих, қала жағдайы баян етіледі. Х ғ. басында бұл өңірді саманиліктер басып алады. Барабта 922-923 жж. әмір Насыр ІІ ибн Ахмад атынан соғылған мыс теңгелерге қарағанда саманилік әулеттің өкілімен қатар Барабта Әлі (Али) атты кісі әкім болған [29]. Теңге соғу қаланың экономикалық тұрғыдан өсіп-көркеюінің бір айғағы.

Х ғ. аяғында қарлықтар арасынан шыққан қарахан әулеті саманиліктерді талқандап, Орта Азияны өзіне бағындырады. Отырар қарахандар билік жүргізген жеке иелікке айналды. Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-намасында» қарахандықтардың Отырарда болған билеушілерінің тізімі беріледі: «Қылыч Арслан хан Отрарда келіб 40 йыл падшаһлық қылды. Анық оғлы Ысмайыл хан. Анық оғлы - Йлйас хан. Анық оғлы Ахмад хан. Анық оғлы – Санжар хан. Анық оғлы - Хасан хан. Анық оғлы- Мұхаммад хан, лақабы Білге хан ерді. Анық оғлы- Дадбек хан. Анық оғлы - Абд ал Халық хан. Жұмласы Отрарда турур ерділар» [25, 26-б.]. Б.Д. Кочневтің пікірінше, Отырардағы соңғы қарахандықтың аты Шамс ад-Дүнйа ва д-Дин (немесе Тадж ад-Дин) Кутлук Билга-хакан Хасан б. Абд ал-Халик болды. Ол һижра бойынша 590-600 жж. билікке келіп, 1210-11 жж. биліктен айырылды. Оның алдында әкесі Абд ал-Халик Отырарда билік жүргізді [30, с. 109-120].

Қарахандықтар дәуірінде түркілер арасында ислам діні тарады. Түркі сопыларының басында Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы Арыстанбаб тұрды. Кейін де Отырар түркі сопыларының орталығы болды. Сафи ад-дин Орын Қойлақы [25, 29-б.] шежіресінде бұл жөнінде мынадай мағлұмат бар: «... Ахмад Йасауи Суфи Мухаммад Данышмандга ижазат берді: «Суфи Мухаммад Данышманд Отырарда 40 йыл суфра тутди..Мазары Отрарда суфиханада турур. Суфихананың йер суйны 300 қызыл алтунға еліден сатқұн алды. Суфи Мухаммад Данышманд ханакаға уақыф қылды».

ХІІ ғ. 30-40 жылдары қарақытайлар (кидандар) барлық дерлік қарахандық иеліктерді өздеріне қаратты. Жатжұрттықтардан қысым көрген Отырардың ең соңғы қарахандық билеушісі ал-Хакан ал-Әділ Шамс ад-Дуниа ва-д-Дин Кутлуг Білге хақан (лақап аты Тадж ад-Дин Білге хан) діні бір ғой деп хорезмшах Мұхаммедты қоштады. Фараб қаласы Испиджаб, Тараз, Субаникет, Сауран қалаларымен қатар хорезмшах Мұхаммедтің Кучлукпен болған соғысы барысында 1211–1215 жж. қиратылған деген хабар бар [31, с. 86].



4.3 «Қолөнер» деп аталатын бөлімде мата өндірісі, етікшілік өнері, шыны өндірісі жөніндегі жаңа материалдар баяндалады. Қолөнерді зерттеуде Отырардың солтүстік-батыс рабадындағы 1992 ж. қазба барысында табылған материалдармен таныса отырып, мата өндірісіне байланысты бұйымдардың барына назар аудардық. Бұлар ең алдымен керамикалық ұршықбастар. Осылармен қатар диаметрі 14 cм, ені 14 мм керамикалық қалыптың табылуы назар аударарлық. Қалыптың сыртында, орта бөлігінде биіктігі 4,5 см тұтқа орналасқан. Тұтқа іргесінде диаметрі 4,5 см, үстіңгі бөлігіндегі диаметрі 3 с. Қалыптың беті тереңдетіліп ойылған. Оның бетіндегі өрнек екі дөңгелектен: ортасынан бір шеті 2 см, екінші шеті 1,5 см жолақ өрнек түсірілген. Оның іші үш бұрышты өрнектермен толтырылған. Мата шеберханасының орны сипатталады оның Пенджикенттегі мата өндірісі орнымен салыстырылады. Махмуд Қашқаридің түсіндіруінше қалыппен өрнектелген түрлі-түсті мата -шыт деп аталыпты. Ал-Макдиси Исфиджаб қалалары тізімінде Отырар-Барабты атайды. Исфиджаб қаласының сипаттамасында «мата базары» бөлек аталады [31, с. 80]. Деректерде «түркістандық» маталардың аталуы назар аударарлық. Орта Азия мата өндірісінің тарихын зерттеуші С.М. Махкамованың болжамы бойынша бұлар мақтадан тоқылған мата және олар Түркістан уалаятының қалаларында жасалған. Ал аталған аймақтың орталығы Отырар болғаны белгілі.

Қолөнер тарауында етікшілер құралдары сипатталады. Автор Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында етік үлгісіндегі ұшы қайқы керамикалық затқа (шифры КП 3576) назар аударады. «Етіктің» биіктігі 9 см , табанының ұзындығы 5,8 см, ені 2 см. Заттағы шифрге қарағанда ол Отырартөбедегі он үшінші қазба орнынан 1978 ж. табылған. Екінші мұндай зат Құйрықтөбеден табылған. Ол пимаға ұқсайды, биіктігі 11 см, табанының ұзындығы 8,5 см, ені 2,5см. Керамикалық пиманың қонышы жұмырлана аяқталады, диаметрі 5,5 см. Салмағы 250 г. Етікте диаметрі 5 мм тесік бар. Осындай керамикалық заттардың тағы үш бөлігі бар. Олардың етік пішіндес болып келуіне орай етікші құралы деуге болады. Нақтылап қарағанда олардың барлығының қажалған және көшкен орындары бір жерде орналасқан. Дәл осы жұмыр бөлігімен олар басқа бір затпен үйкеліске, соққыға жиі ұшыраған деуге болады. Осы байқаулар негізінде бұл құрал пайдалану барысында қоншысымен төмен, аяқ ұшы жағымен жоғары қолданылған етікші құралы деуге негіз бар. Кейінгі қазақ етікшілерінің құрал-саймандарына өте ұқсас. Шыны өндірісіне байланысты автор қазба жүргізген Қоңыртөбе маңындағы шиша жасаушылардың пештері сипатталады.

Қала тіршілігінің маңызды жақтары 4.4 «Сауда, ақша айналымы және керуен жолдар» деп аталатын бөлімінде баяндалған. Отырардың сыртқы сауда байланыстарын Шыңғысхан керуеніне байланысты жазылған деректерден аңғаруға болады. Шыңғысханға келген және оның атынан Хорезмшахқа жіберілген саудагерлер арасында Жүсіп (Юсуф) Канка Отрари есімді саудагер кездеседі. Монғолдарға барып қайтқан керуен саудагерлері қатарында Шихаб ад-Дин Мухаммад ан-Насавидің «Сират ас-султан Джалал ад-Дин Манкубирти» атты еңбегінде Йусуф Канка ал-Отрари аталады. «Түркі керуенімен» әкелінген қазба байлықтарымен қатар балық тісі, мускус салынған қапшықтар, яшма тастары, тарку деп аталатын ақ түйе жүнінен тоқылған киім аталады. Отырарға 1218 ж. Шыңғысханнан келген керуенде Омар Қожа ал-Отрари аталады. Осы мәліметтерге қарағанда отырарлық саудагерлер Монғолия, Шығыс Түркістан бағытында ірі сауда-саттықпен айналысқан. Отырар қаласының ХІІ – ХІІІ ғ. қабатынан және аймағынан қола келілер табылды. Оларды әдетте Хорасанда, не Оңтүстік Маураннахрда жасаған деп санайды. Солардың бірін Ресей Эрмитажының шығыс бөлімі меңгерушісі А.А. Ивановқа көрсетіп, оның ХІІ – ХІІІ ғғ. жататынын және жиегінде иесіне жақсы тілек білдіретін сөздер жазылғанын аныктады.

Ең атақты араб географы Мухаммед ибн Ахмед әл-Макдисидің (немесе Мукаддаси) шамамен 985 ж. жазылған «Ахсан ат-такасим фи-марифат ал-акалим» атты шығармасында Фараб ірі қала, ол қажетті жағдайда 70 мыңдай әскер қоя алады, шахристанда жұма мешіті, негізгі базарлары рабадта, қалалық қорған ішінде кейбір дүкендер бар болып сипатталады.



4.5 «Егіншілік пен ирригация» деп аталатын бөлімде ІХ-ХІІ ғғ. Қала аймағындағы диқаншылық баян етіледі. Қазба барысында тары, бидай дәндері, жүзім, өрік дәнектері табылған. В.А. Грошев Х-ХІІІ ғғ. қызмет жасаған канал Алтынарық болғанын көрсетті. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық–музейінің сақтаулы тұрған Қожа Ахмет Йасауидің «Дивани хикметінің» қолжазбасында Арыстанбаб кесенесі «Қабұғ Йарық» қасында деп көрсетіледі. В.А. Грошевтың Алтынарық деп жүрген арығының байырғы аты «Қабұғ Йарық» болса керек. Алтынарық жүйесі Құйрықтөбе, Отырартөбе, Алтынтөбе, Күйікмардан аймақтарын қамтыған. Осымен қатар Сырдарияның сол жағалауында Аққұм елді мекені айналасынан басталып, Маяқұм ауылы қасындағы Рабатқа дейін жайылып жатқан суару жүйесі Бозарық болған.

Басы Сырдарияның оң жағалауында орналасқан Шұбара 1 каналы ІХ-ХІІ ғғ. жатады. Бұл каналды біз карталарға қарап Сырдария суын Арысқа апарады деп санадық. Алайда К.М. Байпақов, Д.А. Воякин басқарған ОҚКАЭ тобы сол жерде зерттеулер жүргізіп, жағдайдың өзгеше екенін көрсетті. Шұбара 1 каналы 20 км дейін екі каналдан тұратыны, кейін қосылатыны көрсетілді. Және каналдан Өліктөбеге қарай бір арық шығарылғаны анықталды. Канал аяғына таман кішірейіп барып Арысқа қосылады. Шұбара 2 каналы ІХ-ХІІ ғғ. жатады. Оның басы Шұбара 1 каналынан 4 км төменде орналасқан Баусексеуіл елді мекені қасынан Сырдариядан шығарылған. Сақталған ұзындығы 14 км. Сырдарияның сол жағалауында, Маяқұм айналасында орналасқан Тектұрмас каналы Х ғ. жатқызылған. Каналдың ұзындығы 16,5 км [6, 362-370-бб.].



4.6 «Мәдениет пен дін» деп аталатын бөлімде аталған мәселелер баяндалған. Бұл жөнінде тың мағлұматтар, әсіресе, таяу арада ғылыми айналымға енгізген Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-намасында» жарияланған. Соңғы уақытта Отырарда Х-ХІ ғғ. Мұхаммед пайғамбардың бір сахабасы тұрғаны жөнінде мәлімет табылып отыр. Оны шығыстанушы Ә.К. Момынов Надж ад–Дин Умар ибн Мұхаммед ибн Ахмад ан–Насафидің «Ал–Канд фи зикр улама Самаркан» атты шығармасынан кездестіріп, ғылыми айналымға енгізді [32, 116–б.]. Надж ад-Дин Умар ибн Мұхаммед ибн Ахмад ан–Насафидің Отырарда пайғамбардың сахабасы тұрады деген хабары аңыздағы Арыстанбабты пайғамбардың сахабасы деп айтуымен үндесіп-ақ тұр. Бірақ осы деректі ғылыми айналымға енгізген Ә.К. Момынов Мұхаммед пайғамбардың сахабалары жөніндегі әдебиетте Абу Джафар Мұхаммед ибн Настур ар–Румидің есімін кездестірмегенін көрсетеді.

Лашынбаб пен Қарғабаб. Молла Мұхаммед Садық Сапабекұлының жазған «Түркістандағы тарихи зийарат» атты қолжазбасында Арыстанбаб мазаратындағы әулиелер туралы құнды мәліметтер келтіріледі: «Отырар деген жер – Арыстан Бабтың күмбезі тұрған жер. Сыр суының күн шығыс жақ жағасында – мұнда отыз әулиенің шаһарі болған ...Малик-и Балқийа дейтін түркістандық Абд ал–Халимнің зийараты Арслан Бабтың күмбезінің оңтүстігінде. ... Абд ал-Халиқ ханның зийараты да сонда, «Отырарда отыз баб» атанған... Арслан Баб күмбезіне торғай ұқсас екі кішкене құс келіп жүреді. Сәрі уақта бір қарға, бір лашын келіп кетіп жүреді. Қарға Баб, Лашын Баб деген екі халифасы бар» [33, 125 б.].

Осы хабар бізге Арыстанбаб кесенесі ішінде жатқан шағын қабірлер туралы назар аударарлық мағлұмат беріп отыр. Арыстанбаб күмбезіне қарға мен лашынның ұшып келуі, оларды Арыстанбабтың шәкірттері деп түсіну байырғы наным–сенімдерге жетелейді. Көне түркілерде осы екі құс - қарға мен лашын киелі болып саналған. Түркі халқының шығу тегі жайлы көне аңыздарда Ашина елін жау шауып кеткенде жалғыз бала аман қалып, оны қасқыр емізіп, аспан әлемінің емшісі саналатын қарға ет әкеліп береді [34, 19-б.]. Үйсін – «у–сунь» иероглифы - «Қарға тұқымы» дегенді білдіреді екен. 647 ж. ашина руынан шыққан батыс түркі қағаны қытай императорына өз белгісін - «Алтын құсты» сыйға тартады. Оның ағаштан ойылып, алтынмен қапталған қарға бейнесінде болғанын қытай деректері арқылы білеміз. Қарғаны ертедегі Қытайда түркі құсы деп санапты [35, с. 23-26]. Оғұздардың бегдили тайпасының пір тұтатын жануары ретінде қарға аталады. Қазақ тілінде қарға сөзімен байланысты мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер оның қасиетті құс болғанын аңғартады. Мысалы, «біздің де қолымызға қарға тышар», «қарға тамырлы қазақ» делінеді, ал «қарғам–ау» деген сөз «қарағым», «қалқам» деген ұғымда қолданылады. Қырандар түркі тайпаларының тотемдері болған. Лашын құсы сұңқар тектестер ішіндегі ең қыраны, атақтысы болып саналған.

Жоғарыда келтірілген Қожа Ахмет Йасауидің «Дивани хикметіндегі» Лашынбаб пен Қарғабабтардың қабірлері аталады. Арыстанбаб дүние салған соң түркі тайпаларының қасиетті құстарының ұшып келуі және оларды Арыстанбабтың шәкірттері деп тану ХІІ ғ. ислам діні мен жергілікті түркі тайпаларының байырғы сенім–нанымдарының қабысуының белгісі деп түсінген жөн. Арыстанбаб қабірінің Отырарда жатқаны, оның қасында қарахандықтар әулетінің бір өкілінің жерленгенін «Насаб–наманың» Арыс нұсқасынан кездестіреміз: «Абд ар–Рахман - Қылыш Арслан хан ұлы Шах Қасым, лақабы Санжар хан, оның ұлы Шах Абдаллах, лақабы Арслан хан, 50 жыл патшалық қылды. Таласта Ғайып Ата атанды. Оның ұлы Мұхаммад хан, лақабы Татика хан, қабірі Отырарда, Арслан–баб аяғында...» [9, 59-б.].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет