Өкпедегі газ алмасу
Адам құрамында 21% оттек, 79% азот, 0.03% көмірқышқыл газы бар атмосфералық ауамен тыныс алады. Дем шығарғандағы ауада 16% оттек, 4.0% көмірқышқыл газы және 79% азот болады. Дем алғандағы және дем шығарғандағы ауа құрамындағы оттек пен көмірқышқыл газының айырмашылығы - өкпедегі газ алмасу нәтижесі болып табылады. Өкпеде газ алмасу диффузия жолымен жүреді. Өкпе капиллярына түскен вена қанында оттек аз, көмірқышқыл газы көп. Сондықтан альвеола ауасындағы оттек қанға араласады, ал көмірқышқыл газы қаннан өкпе альвеоласына түседі. Өкпедегі газ алмасуды сыртқы тыныс алу дейді. Қандағы оттек эритроциттерге өтеді де, гемоглобинмен берік емес байланысып, оксигемоглобин түзеді. Вена қаны артерия қанына айналады да, өкпе венасы арқылы жүрекке, одан қанайналымның үлкен шеңберінің тамырларына түседі. Көмірқышқыл газы альвеоладан ауа тасымалдайтын жол арқылы сыртқа шығарылады.
Өкпе қатерлі ісігі, өкпе рагы – адам өкпесіне түскен қатерлі ісік; созылмалы ауру. Өкпе қатерлі ісігінің пайда болуына сыртқы және ішкі себептер әсер етеді. Сыртқы себептерге: тыныс алу жолдары мен өкпеге физикалық, химиялық, канцерогендік заттармен ластанған ауаның, зиянды заттардың (шаң-тозаң, асбесвт, хром, т.б.) енуі, темекіні жиі тарту; ал ішкі себептерге: өкпедегі әр түрлі созылмалы қабынулар, иммундық жүйке қызметінің төмендеуі жатады. Өкпе қатерлі ісігіне әйелдерге қарағанда 45 – 60 жас аралығындағы ер адамдар жиі шалдығады. Бұл дерт анатоммя тұрғыдан төрт топқа (жалпақ клеткалы, бездік, бронхоальвеолярлық, пісіп жетілмеген) жіктеледі. Ісік клеткаларының пісіп-жетілуі неғұрлым төмен болса, соғұрлым оны болжау қиынға түседі, ісік тез өсіп, ауру асқынады, яғни бөгелме ісіктер пайда болады. Өкпе қатерлі ісігінің клиникалық белгілері оның орналасқан жеріне, кеңірдек қуысының ісікпен бітелу дәрежесіне, бөгелме ісіктердің болу, болмауына тікелей байланысты. Дерт алғашқыда кеуденің шаншып ауруымен (әсіресе дем алған кезде) басталады. Бұл кезде науқас құрғақ жөтеледі, сонан соң жабысқақ қақырық пайда болып, оған қан араласады. Адам ентігіп, демігеді, дене қызуы көтеріліп, қатты жүдейді. Ауру асқынғанда қатерлі ісік клеткалары қан мен лимфаға араласып, бүкіл организмге таралуы мүмкін. Мұндай жағдайда ешқандай ем қолдануға мүмкіндік болмайды. Ауруды анықтау үшін: жалпы клиника (анамнез, сипау, кеудені тыңдау, т.б.); параклиника (рентген, компьютерлік томография, ультрадыбыс арқылы, т.б.); бронхоскопия, бронхография, т.б. әдістер қолданылады. Диагноз қою қиындағанда диагностик. және емдік торакотомия (кеуде қуысын ашу) жасалынады. Емі: ісікке қарсы дәріні кешенді және араластыра беру, хирургиялық операция жасау, сәулемен емдеу, химиялық терапия әдістерін қолдану.
Достарыңызбен бөлісу: |