Оларды да ұмытпайық…



жүктеу 471.12 Kb.
бет2/2
Дата09.06.2016
өлшемі471.12 Kb.
1   2

ІІІ

Сол аралықта қазақ ұлтын жаппай жазалауға қарсы білдірілген қарсылықтың нышанын аңғарғандай біраз шаралардың басы қайырылып, қоғамдық пікір қалыптастырылып, деректер жиналыстырылып, праволық комиссияның іс – жоспары да нақтыланды. Енді тұжырымдалған пікірлерді жинақтап, тиісті ресми мекемелерге жолдау, батыл әрекетке кірісу міндеті қалды. Сонда ғана барып мәжілісхатты жүргізу мүмкін деп шештік. Оның себебін оқырман түсінер деп ойлаймын. Бұл ашық түрде қимылдаудың белгісі еді. Енді жасырып әрекеттенудің қажеттігі жоқ болатын. Пікірім шашыранды шықпас үшін 1987 – 1989 жылдардың арасында жүргізілген жұмыстарды бағыт – бағдары бойынша жүйелеп айта кетейін:



Бірінші: жаппай жазалау саясаты, ұлттық белгісіне қарап тергеу жүргізу, Қызметтен қудалау, басшыларды ұлттық тегіне қарай қою, жалпы құқықтық негіздердің бұзылуы жазушылардың атына келіп түскен жекелеген арыздарды тексеріп, қортындыларын баспасөз бетінде жариялап отыруды мақсат тұттық. Бұл ретте марқұм Қанапия Бекетов көп еңбек сіңірді. Әсіресе, жазықсыз сотталғандар мен әкімшілік қысым көргендер туралы бес – алты мақала жариялап, жоғары соттың үкімін қайта қаратқан «Күрті ісі» мен көп балалы аналар туралы мақаласы нақты нәтижелер берді. Бұдан кейін құқықтық комиссияға келушілердің саны көбейді. Оларға тиісті көмек көрсетілді. Олжас Сүлейменов өзінің атынан түрлі баспалдақтағы мекемелерге хат жазуға пұрсат берді. Комиссияның жұмыстары мен арыздардың нәтижесі туралы хаттамалардың жұмыстағы сейфтен жоғалып кетуіне байланысты нақты деректерді келтіре алмай отырмын. Оның ішінде Мұхтар Әуезовтің сотталуы мен қудалануына қатысты құжаттар да бар еді. Тек «құпия дәптердегі» мына адамдардың атын атай аламын. Олар: Күртіден Шектібаев Кәрімбек, Тілеубай Үсенбаев, Келісбек Нүрпейісов, Боранбаев Бейсахметтер. Қанапия Бекетаев марқұм бұл істі ақтауда үлкен еңбек сіңірді. Марқұм Тоғызақовтың мұрагерлік мәселесі шешілді. Алпыс жылдық өмірінің отыз жылын түрмеде өткізген Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің классигі Қажықұмар Шабданұлының тағдыры туралы хат ҚХР – дың мемлекет басшысы Жаңзы – минге, жазушылар одағына келген өкілдерге, Қазақстанның орталық комитетіне, Горбачев пен ССРО жоғары кеңесіне жолданды. Өкінішке орай ресми мекемелер қолдамады. Бірақта Шабданұлының тағдыры мен шығармалары туралы мағлұматты қазақстандықтар білді. Кейіннен шығармалары ішінара жарияланды. Асанбай Асқаровтың тергеу ісінің мән – жайы қазір көпшілікке мәлім. Бұл тек қана Асқаровқа, Арғынбаевқа, Ақмырзаевқа, Алтунинге, Бекжановқа, Көмекбаевқа қарсы қозғалған жазалау әрекеті емес, сол арқылы бүкіл қазақ халқына қолданылатын қорлаудың басы болуға тиісті еді. Егерде бұл топтың «қылмысы әшкереленсе», онда келесі кезекте Дінмұхамед Ахметұлының тұрғаны анық, «екінші Рашидов» боп шыға келері анық еді. Сол ретте Жамбыл облысының Мерке ауылындағы Есенин көшесі, № 2 үйде тұратын Байдәулет Дауылбаев бастатқан Қойлыбай Қабатаев, Қайсарбай Ыдырысов, Әліпбай Беріков іспетті ардагерлер комиссияға келді. Әкім Таразидің бөлмесінде шағын кеңес құрып, топ мүшелерін белгіледік. К. Табеевті сот ісіне қатысуға, оның есебін жариялап тұруға міндеттедік. Калинишенко, Клепцов, Романцев іспетті тергеушілердің арандату, ұрып – соғу, камераға қанішер қылмыстыларды жіберу сияқты әрекеттеріне тиым салу жөніндегі хатты Қырғызстанның жоғары сотының атына жолдадық. Ақыры әлгі ардагерлердің «Әділет» тобы түпкі мақсатына жетті. Қазақ баспасөздерінде соттан есептер жариялана бастады. Талдықорған облысы Панфилов ауданындағы «Ашарал» колхозынан жолдаған Құлбаев Ақбаланың арызын жазушы Қойшығара Салғарин тексеріп, партия ұйымының хатшысы Қожақанов Жұмағалидан шағымға орай, ол кісіні бухгалтерияға қайтадан орналастыру туралы уәде берген жатудың реті жоқ. Жазушылар бұл тұста барынша азаматтық белсенділік танытты.

Екінші: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов туралы тиянақты тұжырымдар дайындалып, орталық комитетке ұсынылды. Олар мұны қолдап, арнайы комиссия құрды. Ал жоғары соттың төрағасы Тамас Аймұханбетов пен коллегия мүшесі Қазыхан Кенжебаев бұл мәселенің заңдық ақталуын шешуге дайын тұрған еді. Бір айға жетер – жетпес уақыттың ішінде ақтау туралы үкімнің әзірленіп бітуі де соны байқатады. Керісінше, сарашы ғалымдар бұл қортындыға келі үшін екі – үш ай уақыт жұмсады.



Үшінші; желтоқсан оқиғасына қатысты нақты деректер жинақталып, пікір қорытуға негіз қалады. Барлық мәліметтер анықталды. Түрмеде жатқандардың тізімі жасалды. Зардап шеккендерден куәліктер алынды. Бір қынжыларлығы, жалған дақпырттың көптігі мен оқиғаға қатысушылардың және қиянат көргендердің ата – аналарының жалтақтығы талай істі тығырыққа тіреді. Баласының не жолдастарының нақты аты – жөнін айтуға бас тартқандар да жиі кездесті. Ресми түрде мына адамдардан хат пен хабар келді: Алматы облысы Қаскелең ауданы Құрылысшы полселкасындағы Котовский көшесі, № 29 үйде тұратын Зылиха Қауқаева баласы Таубаев Бақтығали Артықбайұлының 1987 жылы 28 ақпанда сотталып, Карлагқа жөнелтілгенін, онда түрмедегі офицерлердің азабына шыдамай аштық жариялағанын, ерегескен олар Бақтығалиды тағы да екі жылға соттағанын, кейін Павлодарға ауыстырыланын мәлімдеді. Хасен Қожахметовтен хат келді. Ойнабеков Аманкелді, Болат Жұбатыров, Мүлікбаев Өткірхан Қошқарұлы, Жұмабаева Күлімхан, Үмбетов Абай, Қабылов Рүстем, Иманбаев Қайыхан, Қилыбаев Расул, Нұрлан Нұрғазин, Тайманов Нұрлан, Әлімжан Исабаев, Әшімова Гүлнар, Аманғазы Кәріпжанов, Сыздықова Сәуле, Құрманғазы Рахметов іспетті азаматтар түсінік берді немесе олар туралы нақты тартылғандардың тізімі тізілді. Соның ішінде Ақтөбе облысы Алға қаласында желтоқсан күндері Алматындағы оқиғаға үн қосқан Телеуов Болаттың, Арынғазиев Болаттың, Тайбөкенов Беріктің ісі назарға ілікті. Бұлар спорт мектебінің мұғалімдері екен. Трофимовтың баяндамасында «лжеучителей» - «жалған ұстаздар» деп қараланып, бас еріктерінен айырылды. Олжас Сүлейменовтің депутаттық сұрауына ие боп, ақталуға не түрмеден босатылуға келісілген болатын. Бұл азаматтар туралы 1996 жылғы желтоқсан айының ішінде «Қазақ елі» газетіне берген Телеуов Болаттың сұхбатындағы түсінікте айтылған: «Он жыл бойы темір тордың ішінде аңдасып, арпалысып жүріп іштей түлеген желтоқсандық батырлар 1996 жылы қарашаның 25 – де ҚР Жоғарғы сотында Мақсұт Нәрікбаевтың төрағалық етуімен азаттық алды» - деген сөзді түсінбей қалдым. Сонда олар он жыл бойы түрмеде отырған ба? Әлде стильдік селкеулік пе? Бұл үш жігіт «азаттық» емес, азаматтық ақталу алған шығар. Міне, осындай жұмыстар жанданған кезде Сафуан Шаймерденов ағамыз Әбу Сәрсенбаевтың, Фариза Оңғарсынованың , Рахманқұл Бердібаевтің, Әбдуәли Хайдаровтың, Әбдіжамал Нүрпейісовтің, Мекемтас Мырзахметовтің қолдары қойылған үндеу хатты тапсырды. Біз оның алдында әрбір істің өзінше құпиялылығын сақтау үшін екі – үш адамнан шағын топ құрған едік. Әр топ өзге топтың не істеп жатқанынан хабарсыз болатын. Өйткені, бұл өзі өте шамшыл және намысты мәселеніқамтитын. Сондықтанда зорланған қыздардың абыройын сақтап, олардың келешегін ойлап жарияетпеудің амалын ойластырдық. Әрі оларды куәлік беруден сескендіретін, имендіретін. Сол топтың бірін Сафуан ағамыз басқарды. Смағұл Елубаев пенКоммунар Табеев, Қажытай Ілиясов белсенді кірісті. Кейде түңіліп те жүрді. Облыстарға жеке адамдарды астыртын жіберіп, боспалай жүріп деректер жинады. Соның нәтижесінде КГБ кейін ресми түрде жариялаған Ербол Сыпатаевтан басқа Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхаметжанованың есімдерін анықтадық. Жазушы Асқар Алпысбаев «Жұлдыз» журналының командировкасын пайдаланып Өскеменге барып, Сәбираның тағдырын, қалай құрбандыққа ұшырағанын анықтап келді. Қарқалпақстаннан келген екі бала құрбан болды деген Әзиза Нұрмаханованың және Жамбылдың Мерке селосында баласын жоқтап жылап, Тұрсынбек Кәкішев пен Адам Мекебаевқа шағынған әйелдің деректері расталмады. Мен өзім Маңғыстау, Гурьев, Ақтөбе облыстарын аралап, нақты куәлердің растауы бойынша ізге түскен бір қыз баланың өлімі туралы мәліметті анықтай алмадым. Оралдан да іздестірілді. Әйтеуір, батыс облысының қызы екені анық. Туған пәтеріндегі киімдері мен қағаздары жоқ. Пәтер иесі орыс кемпірі «кетіп қалған» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Зады, Астрахань не Орынбордан келген адам болуы да ықтимал. Әрине, тірі болса – қуаныш. Ал құрбандыққа ұшырап, әке – шешесі жасырып жүрсе – тексіздік. Аса үлкен мөлшерде ақша беріп, басқа қаладан, аудан орталығынан үй алып беріп, дымын шығармаған жайлар орын да алған сияқты. Бұл іспетті күдікті сондай сапардан оралған әр жазушы айтты. Оны мәскеулік үндестер жүзеге асыруы мүмкін. Қолтаңбасы соны аңғартады. Жоғары Каменка, Қалқаман, Дмитриевка, Бірінші май поселкаларының шетіндегі жарлауыттарға машинамен апарып, зорлап, қорлап кеткен солдаттар мен офицерлердің азабы мен мазағы жөніндегі деректер расталды. Қылмыс орындары анықталды. Солардың ішінде алаңға тәртәп сақтау үшін барған жасақтар да бар екен. Олар да растап берді. Комсомолдың орталық комитетіндегі ауыл шаруашылық бөлімінде істейтін бір жас жігіт сондай күйге түсіпті. Бұл деректі Ғалым Доскенов дәйектеді.

Үлкен қиыншылық тудырған жіне осы уақытқа дейін тиянақталмаған бір жайт – сол оқиға тұсында психологиялық қысымға шыдамай не тергеу мен ұрып – соғудың нәтижесінде түрлі жаратқат алып, кемтар болып қалғандардың алаң мен түрмеден тыс жерде кейіндеу өлген адамдардың тағдыры. Мысалы, тура сол желтоқсан оқиғасы тұсында жүректен қайтқан халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің кенеттен қайтыс болуына психологиялық қысымның әсері болды деп есептеймін. Жерлеуі де ың – шыңсыз өтті. Милиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан Молдабаевтің өлімінің мотиві де жұмбақ еді. Мұны түбейгейлеп тексеруге біздің мүмкіндігіміз жетпеді. Мысалы, желтоқсанның 31 күні қайтыс болған делінген. Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Маханбетова Бақыт та сонда қысымның құрбаны. Көкшетау облысының Көкшетау ауданның Ортақ селосында жерленген Бақыттың ата – анасықандай да бір түсінік беруден бас тартты. Өздері кейін басқа ауданға көшіп кеткен. Мұндай оқиғалар әр жерде кездесті. Бірақ қолхат беруден де, аты жөнін жариялаудан да бас тартты. Тіпті, «бала өзіміздікі, сендердің не шаруаларың бар» - деген сөздер айтылып қалды. Әрине, бұған істер қандай лажың бар? Зады, осы бір жайтқа ерекше назар аударып, тиісті деректер жинастырған лазым. Сонда жазалау саясатының барлық зардабы толық ашыла түсер еді.



Екі жылдың ішінде саяси пікір қалыптастырып, мемлекеттің алдына мәселе етіп қоятындай деректер мен құжаттар жиналды. Оның үстіне Олжас Сүлейменовтің депутаттық сұрауымен елуге тарта іс қайта қаралып, кешірім жасалуға бет алды. Сол кезде Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің президиумына, ССРО жоғарғы кеңесінің президиумына праволық комиссияның атынан мәлімдеме жолданды. ССРО жоғары кеңесінің депутаты ретінде Олжас Сүлейменов Кремльдегі мәжілісте арнайы сөйлесуге тиіс болды. Тиісті құжаттар мен деректер жеткілікті болатын. Бұған Олжастың тікелей өзі анықталған жайлар да қосылды. Ол жеделхаттар мен құжаттар көмекшісі Сүният Бекеновте әлі де сақтаулы жатқан болу керек. Қысқасы, Бүкілодақтық деңгейде адам құқы жөнінде мәселе көтеретіндей тұжырым дайын болды. Сол мәлімдемелердің ішіндегі:

«Қазақстан жазушылар одағының жанындағы қоғамдық негізде құрылған праволық комиссия 1986 жылғы Алматы қаласындағы желтоқсан оқиғасының себептерін анықтау және жазаға тартылғандардың тағдырына араша түсу мақсатымен арнайы шұғылданды… Оқиғаның барысымен толықтай танысып, тиянақты тұжырым жасау үшін республиканың жауапты мекелеріндегі тергеу, сот істерімен танысуға, кино, фото, видео құжаттарды көруге, түрмедегі адамдармен сөйлесуге рұхсат берулеріңізді сұрайды… Праволық комиссия қазірдің өзінде де бұл оқиғаның саяси мәні мен себептері, қозғаушы күші, және тергеу барысында жіберілген түрлі заңсыздықтар туралы тұжырымды мәләмдеме жасауға әзір, оған негіз қалайтындай куә - деректер бар» - деген сөзді айту үшін қаншама тер төкті десеңізші!

Осындай салмақты мәләмдемені Олжас Мәскеуге алып кетті. Ол қалайда сөйлеуге тиісті болды және мәселені бір жақты етіп келуге барын салатыны анық еді. Сол кезде Алматы облысының Кеген ауданынан сайлауға түскен Мұхтар Шаханов та кешігіп барып депутаттыққа өтті. Ол кісі Мәскеуге жүрер алдында жаңағы Олжасқа берілген тұжырымдаманы сұрады. Біз түсінік бердік. Кім болса да, әйтеуір, желтоқсан оқиғасының шындығын және оған берілуге тиісті саяси бағаны жұртшылыққа жеткізсе – мақсатымыздың орындалғаны деп түсіндік. 1989 жылғы көктемгі сессияда Мұхтар Шаханов сөз алып, дүние жүзіне жария етті. Біздің комиссия мүшелері бір – бірін құттықтап, арқаларынан үлкен жүк түскендей күй кешті. Расында да олар ұлтының алдындағы жазушылық парызын орындаған нағыз азаматтар еді. Сол істері үшін де оларға мың да бір рахмет. Бұдан кейінгі оқиға барысы өзгеше сыпат алды да, комиссия мүшелерінің біразы Мұхтар Шахановтың тобына қосылды. Тек Қазақстан өкіметі жағынан желтоқсан оқиғасы жөнінде арнайы комиссия құрылғанда наразылық білдіріп хат жолдадық. Өйткені, өкімет комиссиясының мүшелерінің ішіндегі Дмитрий Снегиннен басқаларының барлығы да ресми лауазымы бар адамдар еді және олардың өздерінің жеке мүддесі комиссия мүддесімен тоғыспайтыны анық болатын. Олар іскерлік бағытын басқа арнаға бұрып жіберді. Сол кездегі бағыттан аса алмаған желтоқсан оқиғасы туралы әрекеттердің барлығы түрмеге түскендерді ақтаумен ғана шұғылданды. Ол он жыл өткен соң да тәмамдалған жоқ. Мәселені саяси тұрғыдан қойғанда мүлдем өзгеше арнаға бет алар еді. Сонда осы күнге дейін жазықсыз сотталдым. Оқиғаға кездейсоқ қатысып едім. Үйім жоқ, күйім жоқ. «Көмектесіңдер» - деген сықылды жеке – жеке адамдардың ғана арызы айтылмай, ұлттық қозғалыс ретінде дамып, бәрәмәзге ортақ Отандық – патриоттық партия ретінде қимылдауға мүмкіндік туған болар еді. Мүмкін, сол партияны Елбасының өзі де басқаруы мүмкін еді. Ал ол үшін үлкен саяси бағдар мен ұлттық қозғалыс керек еді. Өкінішке орай, мүдделер бөлініп кетті. Мүмкіндік қолдан шықты. Негізгі іскерлік бағыт әшкерелеу мен бет тырнауға, дақпырт пен даңққа, жеке бастың мүддесіне қарай ауысып, қарама – қарсы күштердің ырғасуына алып келді. Тіпті желтоқсан оқиғасына қатысушылардың өзі екіге бөлінді, «Алаш», «Азат», «Желтоқсан», ақыры «Азамат» болып бұтарланып тынды. Бұл, менің ойымша, қазақтың ұлттық рухани қозғалысына үлкен зиянын тигізді. Тәуелсіздіккке емес, саяси тәуелсіздікке бет бұрғызды. Керісінше, бұрынғы «орыс еместер» немесе «орыс тілділер» қозғалысы нығайып, мемлекеттік саясатқа ықпалын тікелей жүргізуге қол жеткізді. Ал мүдде мен билік бөлінген жерде ортақ ұлттық қимыл ешқашанда болмайды. Бұл да сол империялық іріткі салушы арандату әрекеттерінің кесірі. Бұған «бас – басына би болғысы келген өңкей қиқымдардың» (Абай) зардабы қатты тиді. Қоғамның ішіндегі қозғаушы күш ыдырап, ақыры айғай мен даурығуға ұласты. Ойлы жұрт одан бас тартты. Сөйтіп, ұлт ретінде ортақ нысанаға келген қазақ елі желтоқсан оқиғасынан кейін бес жылдан соң баяғы қалпына қайтып оралды. Тұлғалар тұлданып, жеке қалды. Қозғалыстың мәйектері іріген соң ол өз - өзінен ыдырап кетті.

Сол күндері қазақ ұлты үшін де, менің жерлестерім мен мен үшінде өмірлік мәні бар үлкен оқиға болып өтті. 1989 жылы ақпан айының 14 және 17 күні Дегелеңдегі сынақ полигонында қатарынан екі рет сынақ өтті. Мен тура сол мезгілде жазушы, сыншы Төкен Ибрагимовтың 50 жасқа толу мүшелтойына қатысу үшін Семейге, одан Қаруылға бардым. Тойға барған басым көңіл айтудан қолым босамады. 1988 жылдың мамыр айында болған сынақтан кейін улы газ ауаға тарап, жас балалардың өкпесін күйдіріп, үлкен қатер төндіргенінің куәсі болып едім. Колбиннің өзі жедел ұшып барып, істің мәнісін түсінген соң: «тұмау тарапты» - деп Алматыға асыға қайтып кеткен болатын. Бұл жолы жүрегі әлсіз қарияларды жусатып салыпты. Елдің де жүйкесі тозып, шыдамы шегіне жетіпті. Құмға құсалы күйге түстім. Алматыға келісімен бірден одаққа тарттым. Барлық мән – жайды Олжасқа түсіндіріп, депутат ретінде бір қайрат көрсетуін тіледім. Мамырдағы оқиғадан хабардар Олжекең: «Сволочи! Жетті! Енді шабуылға шығу керек. Сен барға (шарапханаға) бара бер. Мен де барамын» - деп шығарып салды да телефонға жармасты. Хатшылар Сайын Мұратбековті, Әкім Таразиді, Леонид Кривощековті, Геннадий Толмачевті шақырып алды. Іле қарбалас басталды. Бір сағат өткен соң: «Сенің айтқаның рас екен. Мәскеудегі қорғаныс министріндегі сенімді адам растады. Сен парызыңнан құтылдың. Ендігісін маған қалдыр» - деді. Үшінші күні, жұма күні келгенімде Қадыр Мырзалиевтің, Дмитрий Снегиннің, Сайын Мұратбековтің, өзінің депутаттық қолы қойылған наразылық мәләмдемесін көрсетті. Кешінде теледидар арқылы барша жұртқа жайды. Жексенбі күні Жазушылар одағында ресми емес митингі өтті. Сөйтіп, «Семей - Невада» қозғалысы дүниеге келді. Бұл – Колбиннің есін тандырған алғашқы соққы еді. Оның мекіренген аяр күлкісі сол күні тиылып, өзінің туының жығылғанын сезді. Енді Қазақстанда оған орын жоқ болатын. Мен дәл осы бір септестігім үшін азамат ретіннде кәдімгідей көңіліме мақтаныш пен жұбаныш ұялатамын. Еңбек пен ерлік – Олжастыкі. Дегенменде, жерлестерімнің алдында бетім жарық сияқты көрінеді. Бұл да желтоқсанның рухы еді.

Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтын тітіркендіріп, шамырқандырып, рухани серпілтіп, қуатты қоғамдық қозғалысқа түсірді. Қазақ елінің дәл осы кездегідей жұмыла белсенді болған кезі сирек. «Желтоқсан», «Семей - Невада» қозғалысы, «Арал» қозғалысы сол тұста дүниеге келді. Егерде осы үш қозғалыстың басын біріктіріп, ұлттық мүддеге орайластырып, саяси орталық құрылғанда ұлтымыздың мерейі үстем, өзара түсіністігі мығым, ұлттық тұтастықты мұрат еткен ұлттық рухани майдан қалыптасары сөзсіз болатын. Бұған зиялы қауымның ынтасымен дүниеге келген «Қазақ тілі» қоғамы идеологиялық негізді қалай алатындай мүмкіндігі бар еді. Мұнда саясат та, экономика да, мәдениет те, ұлттық даму бағыты да қамтылды. «Азат» қозғалысының төралқасы құрылған сәтте – ақ оның жіктеліп танатынын өз басым білдім және бұл ойымды Сәбитқазы Ақатаев ағамызға айттым да. Бұл – көсемсігендік емес, ондағы қалыптасқан шындықтың өзі солай бет алып тұрған. Соңынан қос жарылды, ақыры байбаламның байрағын көтерді. Әлі де ауызбірлікке жеткен жоқ. Бір адамды қаралап, бір ғана бағытты ұстап, жұдырыққа жүгінген қозғалыс ешқашанда абырой әперген емес. Қазір сол қозғалыстың кейбір «көсемсымақтары» «Азаматқа» ауысты. Ал бұл «Азаматтың» бағытына мүлдем қарама – қарсы ниеттегі қозғалыс. Түптің түбінде олар өздерін өздері әшкерелеп тынатыны сөзсіз. Өйткені, мұнда ешқандай мемлекеттік ұлттық, рухани тұғыр жоқ. Массондық мақсат қана бар. Әттең, осы бес қозғалыстың мүддесі мен қимылы («Желтоқсан қозғалысы», «Семей - Невада», «Арал», «Азат», «Қазақ тілі») өзара үйлескенде бүгінгі берекесіздікке жол берілмейтін еді. Дәл осы қозғалыстардың бойына демократиялық, конституциялық, ұлттық, патриоттық, конгрестік, ассамблеялық идеялардың бәрін де ұйытуға алғы шарттар жасалынып, дайын тұрған. Бұл ниет жүзеге аса қалған жағдайда қазіргідей әкімшілік жіктелуге жол берілмей, ұлттық мемлекет қайраткерлері іріктеліп шығар еді. Иә, өкінішке орай, бәрі де «еді» дегенімен аяқталды. Бүгінгі күнгі саяси - әкімшілік жіктелуге алып келдік. Егерде, әрбір қазақтың көксегені Тәуелсіздік екені рас болса, онда біздің өзара тіл табыспайтындай себебіміз жоқ болатын. Ұлтымыздың өз ішінде бірін бірі жек көретіндей өшпенділік сезімі оянбаған еді, әлі де төзімі таусылған жоқ, соны біріктіретін қуатты сезім керек. Ол үшін ұлттық тұтастық идеясын оятып, қанымыз бен жанымызға сіңіре білуіміз қажет, тым құрымағанда келер ұрпақтың бойына сіңіріп кету – перзенттік парызымыз.

Екіншіден, желтоқсан оқиғасы ұлттық көсем немесе тұлғаларды іріктеп шығара алатындай мүмкіндігімізді анықтап берді. 1986 – 1989 жылдардың арасында қайраткерлер мен зиялыларымыз өте жауапты сынақтан өтті. Осы үш жылдың ішінде өзімен - өзі жұмыс істеп, қатты шыныққан саясаткердің қатарына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаеыта жатады. Меніңше оның өмірі, нағыз саясаткерлік тұлғасы, мемлекеттік қайраткер ретіндегі болмыс – қимылы осы үш жылда қалыптасып, сақа саясаткерге айналды. Мұны өзі де мойындайтын шығар. Қыл үстінде тұрған қайраткерлерден тәуелсіз елдің президентіне дейінгі аралықтағы уақытта адам ретінде жанкешті сезімдерді басынан кешті. Соның өзінде де жол тапты. Ең бастысы ұлттық намыс деген идея жүрегіне ұялады. Биліктің өз философиясы бар. Соны қапысыз меңгерпгендігін көрсетті. Өзге қайраткерлеріміз өзін - өзі жеңе алмады. Идеологиялық жылымда қалып қойды.

Екінші тұлға – Олжас Сүлейменов. Ол өзіне табиғат сыйлаған қасиеттердің барлығын сыртына шығара білді және азаматтық адалдығы мен өжеттігін, күрескерлік қасиетін көрсетті. Жұртты соңынан ертті және адастырған жоқ. Саясатта да ақын бола алды, яғни, саясаттан поэзия жасай білді.

Үшінші адам – Мұхтар Шаханов. Ол желтоқсан оқиғасына құлшына кірісіп, жанын салды. Аралды да арашалағысы келді. Ақыры елшіліктен орынын тапты. Олжас пен Мұхтардың елшілігінің салмағы бірлей емес. Мұхтар Шаханов әрбір істі ақындық шабытпен қызу бастады да тура ақындар сияқты тез суынып кетті. Соның нәтижесінде Аралдың да, желтоқсанның да мәселесі толық шешілмей, тез жинақталды. Ол үнемі ұшып жүргісі келді, бірақ, саясаткерлдіктің инемен құдық қазатын мамандық екендігіне мойынсынғысы келмеді, табандап кірісуге мойны жар бермеді. Ал, жүрегінің тазалығында мін жоқ. Ұлттың сенімінге ие болды. Сол сенім оны халық жазушысы етті.

Мемлекеттік басқару тәжірибесі бар Михаил Есенәлиев пен саяси күрес жолынан өткен ойлы да саналы Сәбетқазы Ақатаев халықты соңына ертті. Неге екені белгісіз ортақ тіл табыса алмады. Арадағы желбуаз не әсіре айқайшылардың мысын баса алмады. Жасарал Қуанышәлі ғана өз бетін айқындады. Ал Ормантаев мықты ғалым, шикі саясаткер дәрежесінде қалып қойды. «Желтоқсанның» жетекшісі Хасен Қожахметтің тұлғасы бұлардың бәрінен де тосын және шешілмеген жұмбақ, әрекет – қимылы толық ашылмаған күйінде ықылас аударып келеді. Ол өжет те шешімді, батылдығы мен табандылығы бар, саясаттың қитұрқы тәсәлдерін біледі, ешкімнің ықпалына көнбейді. Оны мойындайтындар да, мойындамайтындар да, тіпті, менсінбейтіндер де бар. Тек басқару тәжірибесі жоқ. Ол өзін - өзі көндіріп, мемлекеттік мекеменің қызметіне жегіліп, ысылса – он жылдың ішінде елдік тұлға дәрежесіне көтерілуі кәміл. Оппозиция – мақсат емес, қазақ елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттігі – басты мақсат. Ал бұл жолда ұлттық тұтастыққа ұмтылу – парыз. Шіркін, ондай түсіністікке жетсек, қазақ елі өркениетті елдердің алдыңғы қатарына таяу арада шығарына еш күмән келтірмейтін. Сәбетқазы бұл жолға мойын бұрғандығын аңғартты. Бірақ жуастық та, жасықтық та, негылайындық та ұлттық ой иесінің таңдайтын, бой үйрететін жолы емес. Қазір қаражатқа сүйенген қайраткерлер шығып келеді. Солардың арасынан Серік Әбдірахмановтың еңсесін басатындай тұлғаның сұлбасы көрінбейді. Экономикалық саясат пен қаратжаттың қапысын тапқандары дұрыс, бірақ, рухани ішімайың болмаса, ұлттың ықыласын өзіңе қарата алмайсың.

Ұлттық тұлғалар туралы қазбаламасам да болар еді. Бірақ ел – жұртқа «Желтоқсан оқиғасы» тұсындағы ұлттық бірліктің кейіннен неге кеткендігіне көз бен көңіл сұғын қадау арқылы ел – жұртқа ой салғым келді. Өйткені, аталған тұлғалардың бұл мәселеге тікелей қатысы барлығын бәрәңіз де білесіздер. Осылардың арасында бәрінің де мүддесін жалғастырып, мемлекеттік тұтқаны ұстаған Әбіш Кекілбаевтың жөні басқа. Ол өзінің басты ұлттық мүддесін табандылықпен және сондай көмпістікпен жүзеге асыра білді. Ауыр да азапты әрі жауапты күрес жолынан өтті. Тіпті кей – кезде басынғандарды да кешіре білді, бірақ өзі оларды қорламады. Мемлекеттің екінші тұлғасы болуы арқылы басқару билігіне ойлы парасат әкелді. Мемлекетіміздің ойлы ел болуға бет алғанының нышанын аңғартты. Лайым ойлы мемлекеттің азаматы болуға жазған сіз бен бізді. Ондай құқыққа ие болуға қазақ ұлты толық еңбек сіңірді. Оған еліміздің жүріп өткен жолы, күрес тәжірбиесі, рухани қуат – күші дәлел.



IV



Міне, желтоқсан оқиғасының онжылдығына байланысты жарияланған мақалаларды оқып шыққаннан кейінгі ойға оралған жайлар осылар еді. Соның ішінде 1986 –1989 жылдардың аралығында ұлттық мойынсынбау қозғалысына тәуекелмен ат салысқан жазушы ағайындардың рухант ерлігін еске сала кетуді басты парызым деп есептедім. Шындығында да, қаламгерлердің қайраткерлігі болмаса, біздің еліміздің көңілі сәл – сәл пәс күйінде қалары сөзсіз еді. Тәуелсіздікке дайындалмай келіп, дағдарып қалуымыз да ықтимал болатын. Айта кетейін, сол кезде Шерхан Мұртаза ағамыз басқарған «Қазақ әдебиеті» газеті ұлттық қозғалыстың үні болды. Әбіш Кекілбаевтің декабристер туралы мақаласы, Несіпбек Айтов аударған Науайдың «Ескендірнамасындағы» жаппай жазалау туралы тараудың жариялануы емеуірінмен танытылған ескерту еді. Өзге басылымдар 1989 жылдың ортасынан бастап еркін ой білдіруге көшті. Мұны да ескерген лазым. Хасен Қожахметовтің тобы Алматыдағы Дзержинскийдің ескерткішін құлатқан күнімен желтоқсан оқиғасының соңғы күрес қимылы аяқталып, тарихтың еншісіне кеткендей әсер етті маған.. Ендігі саяси әрекеттің жөні мүлдем басқа еді. Әттең, сотталғандарды ақтаудан әрі аса алмадық. Ал басты мақсат ол емес еді ғой. Түбі қайырлы болып, тәуекелсіздіктің туын көтердік. Бұл – желтоқсанның жебеуі, ұлттық қозғалыстың өтеуі, үш ғасырға созылған арманның орындалуы болатын. Ал ол арманның орындалуына жазушылар өлшеусіз үлес қосты. Азаттық рухын өшірмеді. Одақтың бүгінгі қиналысы қабырғамызға батады. Бірақ қалайда шыдап бағып, қара шаңырағымызды ортасына түсірмей ұстап қалу – жазушылардың да, тәуелсіз мемлекеттің де парызы. Ойымды қорта келіп, сөз арасына ілігіп кеткен «мен» деген сөз үшін кешірім сұраймын. Мұндағы «менді» менің «менім» емес, куәгердің «мені» деп түсінерсіздер деп ойлаймын. Тіпті болмаса, «өз сөзім - өзімдікі» (Абай) ғой. Пікір білдіруге қақым бар деген байламмен ойымды тұжымдаймын.
1   2


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет