Омарова раушангүл сәрсенқызы білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында



бет1/5
Дата13.06.2016
өлшемі354.5 Kb.
#134037
түріАвтореферат
  1   2   3   4   5
ӘОЖ 373.1.013:37.036.5 Қолжазба құқығында

ОМАРОВА РАУШАНГҮЛ СӘРСЕНҚЫЗЫ

Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында

оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың дидактикалық негіздері

13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы,

этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Түркістан, 2008

Жұмыс Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде

орындалған
Ғылыми кеңесшісі: педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Әбілқасымова А.Е.
Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Әлсатов Т.М.

педагогика ғылымдарының докторы, профессор



Дүйсембінова Р.Қ.

педагогика ғылымдарының докторы



Жанабаева Р.А.
Жетекші ұйым: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
Қорғау 2008жылы «____» ____________сағат _________Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.61.35 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді. Мекен жайы: 161200, Түркістан қаласы, Университет қалашығы, Мәдениет орталығы, кіші мәжіліс залы.

Диссертациямен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен-жайы: 161200, Түркістан қаласы, Университет қалашығы, Мәдениет орталығы.

Автореферат 2008 жылы «____»_____________таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы: Беркімбаев К.М.
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар – адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі мектептерде оқыту процесінің мазмұндық болмысын жаңа әдіснамалық тұрғыдан негіздеуді талап етеді. Мұндай жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту процесін түбегейлі өзгертудің қажеттігін көрсетіп, оқытудың шығармашылық қызметін дамытып, білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіруді қарастырады.

Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі – оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады.

Еліміздің әлемдік білім кеңістігіне бағдар алуының басты өзегі – 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі көкейкесті тақырыпқа айналуда. Жаңа білім парадигмасы балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды және жан-жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыруды көздейді.

Білім беру процесін жаңаша ұйымдастыру оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Бүгінгі философтар мен педагог - ғалымдар білім беру саласында жаңа оқыту технологиялары мен әдістерін енгізумен ғана шектелмей, білім берудегі дүниетанымдық ұстанымдарды қайта қарау, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасау қажеттігін дәлелдеуде.

Білім беру саласындағы инновациялық процестердің күрделілігі мен қайшылықтары жаңа құбылыстармен әрекеттесу және жалпы орта білімді ізгілендірудің сапалы кезеңінде оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың мәселесін өзекті етуде.

Соңғы жылдары оқу-тәрбие процесіндегі жеке тұлғаны дамытуға бағытталған оқытуға үлкен мән берудің өзі еліміздегі өзгерістердің маңыздылығын көрсетеді.

Қазіргі кезеңдегі білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық бағыттылығын қалыптастыру - оқушының оқу-танымдық іс-әрекеттегі шығармашылық қызығушылығына тікелей байланысты. Шығармашылық қызығушылық – тұлғаның ізденімпаздық қабілет сапасын дамытудың негізгі өзегі болып табылады. Себебі өмірдегі құндылықтардың барлығы да жаңашылдық бағыттар арқылы ғана іс-әрекетке тұрақты шығармашылық қызығушылық нәтижесінде танылып, болашақта өміршең дамуына мүмкіндік алады. Сондықтан шығармашылық қызығушылықты жеке тұлғаның дамуына, оның рухани жетілуінде мәні терең, мотивациялық, білімділік бағдар құндылығы ретінде танылуының маңызы зор.

Көтеріліп отырған мәселенің өзектілігі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, ҚР стратегиялық дамуының «Қазақстан - 2030» бағдарламасында, ҚР білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, ҚР «Білім» бағдарламасында мемлекеттік саясаттың басты принциптері ретінде жеке адамның шығармашылық әлеуетін дамыту, білім берудің дамытушы сипатын арттыру мәселелерінде басты міндеттер қатарында қойылған.

Демек, болашақ жастарымыздың кәсіби құзырлы, шығармашыл болуын қамтамасыз ететін оқытудың жаңа парадигмасы оқытудың субъектін және оқушының әлеуетіне тікелей әсері мол шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық, әдіснамалық, дидактикалық тұғырларын айқындау міндеттерін алдыңғы қатарға шығарады.

Жеке тұлға бойындағы ашылмаған, сыры мол мүмкіндіктерді дамытудың бастау көзі – шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру мәселесі өзінің тамырын адамзат дамуы тарихының тереңінен алады.

Адамзат баласының алға қарай сатылап өркениетке жетуі әр адамның іс-әрекеттегі жаңашылдығына, жаңаны ойлап табуына, шығармашылық болмысына байланысты. Ал шығармашылық іс-әрекет, жаңашылдыққа бағыттылық тек қана шығармашылық қызығушылықтан бастау алады.

Адамзаттың ұлт ретінде қалыптасуы, ұлттың шығармашылық әлеуеті де әр жеке тұлғаның шығармашылық деңгейімен анықталады. Сондықтан зерттеушілер өркениетке жетудің жолын әр адамның шығармашылық қызығушылық деңгейімен, жаңашылдық болмысымен байланыстырады.

Ежелгі дәуір философтары (Аристотель, Демокрит, Платон, Сократ, шығыстың көрнекті ойшылдары Әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ибн-Сина, Қ.А.Иассауи), жаңару кезеңінің ағартушылары (Я.А.Коменский, Дж.Локк, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоцци, А.Дистервег т.б.), орыс педагогтары (К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский т.б.), қазақтың ағартушылары (Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов т.б.) еңбектерінде адамның дара мүмкіндіктерін ашу, ішкі рухани күштерін дамыту мәселелеріне ерекше мән берілгені анықталды. Мысалы, Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби “Бақытқа жол сілтеу” атты трактатында адамның бақытқа жетудегі бірден бір жолы – адамның ой белсенділігі, интеллектінің дамуы, логикалық жаттығулар мен сабақтар нәтижесіндегі шығармашылық ізденістері деген тұжырымдары зерттеліп отырған мәселенің әрқашанда, әр заман талабына сай туындап отыратындығы және оның өміршең, үздіксіз процесс екендігінің дәлелі. Демек, шығармашылық – үздіксіз және адамзат баласын прогрессивті түрде ілгері қарай жетелейтін үрдіс.

Өз заманында сан алуан ғылым салаларын меңгерген ғұлама ақын Жүсіп Баласағұн өзінің “Құтты білік” атты дастанында жан-жақты дамыған адамды сипаттауда “толық пішінді” ұғымын қолданып, оған жетудің бірден-бір жолы ғылым, білім екенін айтады. Ал ғылым, білімге жету ұзақ еңбек, ізденіс қажет және адамның ақыл-парасаты жаңаны ойлап тауып, жансызды жандандыруға қабілетті екендігіне тоқталады.

Зерттеу барысында зерделенген маңызды мәселелер: оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың өзекті бағыттары (А.Е.Әбілқасымова, Р.А.Жанабаева, С.С.Смаилов, М.Н.Сарыбеков, О.С.Сәлімбаев, Е.Омар, Қ.А.Аймағамбетов, Л.К.Керимов т.б.), болашақ мамандарды дайындаудың теориясы мен практикасы (Б.К.Момынбаев, А.А.Саипов, М.Ә.Құдайқұлов, Қ.Қ.Жанпейісова, А.А.Бейсенбаева, А.А.Жолдасбеков, О.С.Сыздықов, Б.А.Тойлыбаев, А.Ғ.Қазмағамбетов, Т.М.Әлсатов, Л.Байсерке, В.А.Ким т.б.), мұғалімдердің біліктілігін көтерудің жаңашылдығы (Ш.Таубаева, Б.А.Тұрғынбаева, Б.А.Әлмұхамбетов, Е.Қозыбаев, Ә.К.Қағазбаева т.б.), қазақ этнопедагогикасының негізінде жеке тұлғаның жан-жақты дамуы теориялық-әдіснамалық тұрғыдан қарастырылуы (Қ.Б.Бөлеев, Ж.Асанов, С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, Р.Қ.Дүйсенбінова, Қ.Б.Жарықбаев Х.Шалғынбаева, Ә.Табылдиев т.б.), жеке тұлғаның креативтілік қабілетін дамыту және көркем өнер шығармашылығын жетілдірудің бағыттары (Б.Оспанова, Қ.Ералин, І.С.Сманов т.б.), зерттеулерінің маңыздылығы жоғары.

Тұлғаның шығармашыл болуына ықпал етудің түрлі аспектілері бойынша ТМД елдерінде психология мен педагогика саласында жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесіне елеулі үлес қосқан ғалымдар бар. Олардың еңбектерінде бұл мәселенің: шығармашылық-танымдық іс-әрекет нәтижесі ретінде (М.И.Махмутов, А.М.Матюшкин, П.И.Пидкасистый, С.Т.Шацкий, Т.И.Шамова т.б.), шығармашылықтың психологиялық табиғатын талдау (С.Л.Рубинштейн, А.В.Морозова, Б.М.Теплов, И.А.Зимняя т.б.), шығармашылық қажеттілікті дамыту (В.С.Шубинский, В.И.Андреев, Л.С.Выготский, В.А.Якунин т.б.) бағыттарын қарастырады.

Еліміздің ХХІ ғасыр баспалдағын жаңашылдықпен қарыштап басып, өркениетке бағдар алуы әр адамның шығармашылық болмысының нәтижесі деп бағалауға болады. Ұлттың шығармашылық әлеуеті де әр жеке тұлғаның шығармашылық деңгейімен анықталады. Өзекті мәселені көре білетін, ой ұшқырлығы мен ізденімпаздық іс-әрекеті қалыптасқан білімі мен біліктерін өмірдің өзгермелі жағдайына қарай оңтайлы пайдалана алатын, танымдық дербестігі жоғары деңгейдегі шығармашыл тұлға қазіргі білім беру стратегиясының мақсат-мұраты.

Дегенмен, жалпы орта білім беру жүйесінде оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қатысты іргелі және қолданбалы зерттеулердің болғандығына және бұл мәселенің маңыздылығына қарамастан, оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруды нәтижелі етуде әлі де шешілмеген мәселелер бар екендігі анық. Олар: қазіргі білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдыққа бетбұрыс жеке тұлғаның шығармашыл болуын талап етіп отырғанымен, оқу процесінде бұл мәселені қазіргі талап, қоғамдық сұраныс тұрғысынан шешудің ғылыми – теориялық негізі жүйеленбеуі; білімді меңгеруде оқушылардың шығармашылық қызығушылықты қалыптастыруға бағытталған арнайы дайындықтың ұйымдастырылмауы; бұл бағыттағы оқу-тәрбие процесінің мүмкіндіктерінің толық пайдаланылмауы; мұғалімдердің бұл мәселеде біліктілігінің толымсыздығы, мектеп бітірушілердің төмен көрсеткіштері, қазіргі кезде жалпы оқушы жастардың білім алуға деген ынта-ықыластарының азаюы, тұлғаға бағытталған білім берудегі арнайы әдістемелердің тапшылығы т.б.

Соңғы уақытта оқу-тәрбие процесін гуманизациялау, оның практикалық бағытын күшейту, дамытушылық қызметін арттыру мақсатындағы шаралар қолданылғанымен, оқу процесінде уақыттың басым бөлігі репродуктивті әдіске жұмсалып отыр, сондықтан оның нәтижесі мардымсыз сипат алуда.

Сонымен, ғылыми зерттеулер мен философиялық, психологиялық-педагогикалық еңбектерді және мектептегі оқу-тәрбие тәжірибесін талдау барысында төмендегідей қарама-қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік алдық:

шығармашылыққа деген әлеуметтік қажеттілік пен оқушының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың ғылыми-теориялық негізделуінің жеткіліксіздігі арасындағы; оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктері мен оны дамытудың жүйелі ұйымдастырылмауы арасындағы; білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру талаптары мен бұл мәселені іске асыруда оған негіз болатын жаңаша оқу мазмұнын меңгертудің технологияларын қажеттілігі арасындағы қайшылықтар зерттеу проблемасын анықтап, тақырыпты: “Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың дидактикалық негіздері” деп таңдауымызға себеп болды.



Зерттеудің нысаны – жалпы білім беретін мектептердегі оқу процесі.

Зерттеу пәні – білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру.

Зерттеудің мақсаты – білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруды теориялық-әдіснамалық тұрғыда негіздеп, ғылыми-әдістемесін жасау.

Зерттеу міндеттері:

1. Білім берудің жаңа парадигмасы мен жалпы орта білім беру жүйесін дамыту тенденциялары аясында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау.

2. Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың мәні мен мазмұнын анықтап, “білім берудің жаңа парадигмасы”, “шығармашылық қызығушылық”, “креативтілік”, “инновациялық креативті білім беру”, “шығармашылық рефлексия” ұғымдарына анықтама беру, жүйелеу.

3. Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделін жасап, өлшемдері мен көрсеткіштерін, деңгейлерін негіздеу.

4. Оқу процесінде жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың дидактикалық тұғырларын анықтау.

5. Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруда жаңа оқыту технологияларының мүмкіндіктерін көрсетіп, оны оңтайлы пайдаланудың мазмұндық сипатын көрсету.

6. Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың әдістемесін жасап, оның тиімділігін педагогикалық тәжірибе жүзінде тексеру және ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасау.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, Қазақстан Республикасындағы елеулі жаңашылдық өзгерістерге байланысты жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру жеке тұлғаның сапалық қасиеті, құндылық бағдары ретінде мәні мен мазмұны ашылса және теориялық, әдіснамалық негіздері айқындалса; оқушылардың субъект ретіндегі дербес шығармашылық мүмкіндіктері жүйелі түрде танымдық қызығушылығына сай ұйымдастырылса және дидактикалық тұғырлары анықталса; шығармашылық қызығушылық жеке тұлғаның субъектілік және қоғамдық мәнін арттыратын өзегі ретінде танылса, онда бүгінгі қоғам талаптарына сай өзекті мәселені шешудің нәтижелілігі артып, білім беру саласындағы жаңашылдық бағдар іске асып, инновациялық процесс қамтамасыз етіледі.

Зерттеудің жетекші идеясы: Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негізі инновациялық-дидактикалық әрекеттің құндылық бағдары, өзегі ретінде танылуы – оқушылардың шығармашылық іс-әрекет мәнін терең ұғынып, танымдық қызығушылықтарына сай, рухани, интеллектуалдық жетілуі іске асып, жан-жақты дамыған шығармашыл жеке тұлғасының қалыптасуына мүмкіндік туындайды.

Зерттеу әдістері: зерттеу міндеттеріне сәйкес, мәселені шешуде философиялық, психологиялық-педагогикалық еңбектерге теориялық талдау жасау, салыстыру, нақтылау және жинақтау, мемлекеттік ресми және нормативтік құжаттарды талдау, жалпы білім беретін мектептердің озат тәжірибелерін зерделеу, ұзақ мерзімді тәжірибелік-эксперименттік жұмыс жасау, тестілеу, әңгімелесу, сауалнама жүргізу, сараптау, нәтижелерді жүйелеу, графикалық бейнелеу әдістері арқылы қамтамасыз етілді.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері:

Шығармашылықтың мәні туралы философиялық ілім, диалектикалық таным теориясы, жеке тұлғаның дамуы мен әрекет теориясы, жеке тұлғаны дамытудағы шығармашылық-әрекеттік, жеке тұлғалық қатынас туралы философиялық қағидалар, дидактикалық тұжырымдамалар, жеке тұлғаны дамытудың тұлғалық-бағдарлық теориясы, оқушылардың белсенді оқу әрекетін ұйымдастыру теориясы, құндылық теориясы, ғылым мен практиканы ықпалдастыру теориясы.



Зерттеу көздері: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан - 2030» стратегиялық даму бағдарламасы, «Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», Мемлекеттік «Білім» бағдарламасы, «12 жылдық білім беру тұжырымдамасы», басқа да білім беру саласына қатысты мемлекеттік құжаттар, зерттеліп отырған мәселеге байланысты Отандық және шетел ғалымдарының педагогикалық еңбектері, жаңашылдық тәжірибелер, озат ғылыми зерттеулер, диссертанттың педагогикалық-зерттеушілік тәжірибесі.

Зерттеу кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2002-2004 ж.ж.) қазіргі қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, инновациялық-педагогикалық, мәдени өзгерістерге байланысты жалпы орта білім беру жүйесінің даму тенденциялары қарастырылып, зерттеу тақырыбының өзектілігі айқындалды. Отандық, шетелдік ғалымдардың ғылыми-теориялық, әдістемелік еңбектеріне және педагогика ғылымындағы іргелі ғылыми зерттеулерді талдау және мектептегі оқыту тәжірибесінің жай-күйін, жетістіктері мен қайшылықтарды саралау барысындағы зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негіздері және ғылыми аппараты анықталып, педагогикалық тәжірибе бағдарламасы әзірленіп, оқу процесіне енгізілді.

Екінші кезеңде (2004-2006 ж.ж.) зерттеудің ғылыми болжамы мен міндеттеріне сәйкес, жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалды, шығармашылық қызығушылықты қалыптастырудың дидактикалық тұғырлары нақтыланып, педагогикалық шарттары анықталды, зерттеу базаларындағы тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелері кезең-кезеңмен жүйеленіп, ғылыми-әдістемелік тұрғыда сараланды.

Үшінші кезеңде (2006-2008 ж.ж.) зерттеу барысында жинақталған нәтижелермен тәжірибелік жұмыстардың соңғы кезеңіндегі қорытындыларды көрсететін және оларды жалпылауда алынған дидактикалық мәліметтерді қамтыған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды баспадан шығару жүзеге асырылды, “Мектеп оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру” арнайы курс бағдарламасы бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар даярланды. Жалпы зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер өңделіп, диссертацияның мазмұнына енгізілді.

Зерттеу базасы: ҚР БҒМ «12 жылдық білім беру проблемалары» Республикалық ғылыми- практикалық орталығы; «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы; Ақтөбе кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты; Ақтөбе қалалық №3,37 орта мектептер және №32,51 мектеп-гимназиялары; Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жем бекеті, №7 орта мектеп.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңызы:

1.Жеке тұлғаны қалыптастырушы білім парадигмаларының даму тенденциялары педагогика ғылымы мен білім берудің қалыптасушы жаңа әдіснамасы аясында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздерін анықтайтын бағдар ретіндегі мәні ашып көрсетілді.

2. Қазіргі кезеңде жалпы орта білім беруді дамытуда «білім берудің жаңа парадигмасы», «шығармашылық қызығушылық», «креативтілік», «инновациялық креативті білім беру», «шығармашылық рефлексия» ұғымдарының мәні анықталып, оларға ғылыми анықтама берілді.

3. Оқытудың қазіргі жаңашылдық сипаты жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалынып, компоненттері мен өлшемдері, көрсеткіштері анықталды.

4. Оқушылардың шығармашылық қызығушылығының мазмұны мен оны қалыптастырудың әдістемесін жетілдірудегі маңызды дидактикалық тұғырлары, әдіснамалық негіздері анықталды.

5. Мектепте оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың технологиясы жасалды.

6. Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруды қамтамасыз ететін ғылыми-әдістемелік кешен әзірленіп, тәжірибелік-эксперимент жағдайында тиімділігі дәйектелді.

7. Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың болашақтағы даму бағыттары анықталып, оны жетілдіруде ғылыми-әдістемелік ұсыныстар берілді.



Зерттеудің практикалық мәнділігі:

▪ Білім берудің жаңашылдық сипатына сәйкес, жеке тұлғаны қалыптастыруда маңызды теориялық-әдіснамалық материалдар жалпы орта білім беруді реформалау аясындағы көкейкесті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

▪ Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалынып, ғылыми-әдістемелік материалдардың берілуі оқытудың дидактикалық мүмкіндіктерін жетілдіруде маңызды.

▪ Зерттеу нәтижелері жалпы орта білім беру жүйесінде, ғылыми-практикалық орталықтарда, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары қызметінде пайдалану тиімді.



Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

- Білім берудің жаңа парадигмасының педагогикалық мәні мұғалім мен оқушы оқыту процесінің субъектілері және инновациялық-дидактикалық іс-әрекетті іске асырушы ретінде сипатталады.

- Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың өлшемдері, көрсеткіштері, деңгейлері теориялық модельдің негізгі сипаттамасымен айқындалады.

- Қазіргі кезеңде білім берудің жаңашылдық сипатына байланысты оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру теориялық-әдіснамалық тұрғыдан қарастырылып, жүйеленген сипаттамасы – оның дидактикалық негізін құрайды.

- Оқушылардың шығармашылық қызығушылығының қалыптасу деңгейлері олардың оқу-танымдық іс-әрекетке қойылатын дидактикалық талаптар жиынтығын жүзеге асыру мүмкіндіктері арқылы анықталады.

- Мұғалім мен оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеттерінің нәтижелілігі шығармашылық оқытуды ұйымдастыру технологиясы арқылы нақтыланады.

- Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру – тұтас педагогикалық процесті ұйымдастыру шарттарын, білім берудің жаңа парадигмасын, жалпы орта білім беру жүйесінің даму тенденцияларын есепке алады.

- Мектеп оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру - теориялық-әдіснамалық негізде анықталған ғылыми-әдістемелік жүйе арқылы жүзеге асады.

Зерттеу нәтижелерінің дәйектілігі мен сенімділігі: зерттеу тақырыбына сай теориялық қағидаларды әдіснамалық тұрғыда негіздеумен, зерттеу пәніне сәйкес, кешенді әдіс-тәсілдерді қолданумен, зерттеу қорытындыларының жалпы әдіснамалық негізде дәлелденуімен, нақты бірін-бірі толықтырушы ғылыми-эксперименттік әдістердің кешенді түрде қолдануымен, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижесінде алынған мәліметтердің тиімділігі дәлелденуімен қамтамасыз етілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру.

Зерттеудің негізгі қағидалары ғылыми баяндама түрінде халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Орынбор, 2005; Ақтөбе, 2005; Алматы, 2006; Ақтөбе, 2006; Түркістан, 2006; Астана, 2007; Котлас (Ресей), 2007; Саратов (Ресей), 2007; Алматы, 2007; Ақтөбе, 2007; Қызылорда, 2007; Архангельск (Ресей), 2007); республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда (Астана, 2003; Тараз, 2005; Орал, 2006; Алматы, 2007; Ақтөбе 2006-2007), облыстық және аймақтық ғылыми конференцияларда (Ақтөбе 2006-2007), білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде (Ақтөбе 2004-2007; Тараз 2008) және ҚР БҒМ Республикалық «12 жылдық білім беру проблемалары» ғылыми-практикалық орталығы мен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми-әдістемелік кеңестері және олардың республикалық, аймақтық, облыстық деңгейде өткізген ғылыми семинарларында, 12 жылдық білім беру эксперименті мен оқулықтарын даярлаудағы сараптамалық жұмыс топтарында, сонымен қатар Ақтөбе облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында лекциялар түрінде, мектептің педагогикалық және әдістемелік кеңестерінде, республикалық басылымдарда ғылыми мақалалар, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар, ақпараттық-сараптамалық материалдар, оқу-әдістемелік және мұғалімдерге арналған көмекші құралдар, монография түрінде жарық көрумен жүзеге асты.



Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, 4 бөлімнен, тұжырымдардан, қорытындылардан, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі негізделеді, жұмыстың мақсаты, нысаны, пәні анықталады, зерттеу міндеттері мен болжамы, құрылымы, әдіснамалық негізі, басты идеясы, ғылыми жаңалығы, практикалық мәнділігі, зерттеу әдістері көрсетіледі, қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеулер нәтижелерінің дәйектілігі баяндалады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет