ОмбыдағЫ Әсерлі кездесулер



Дата25.02.2016
өлшемі88.08 Kb.
ОМБЫДАҒЫ ӘСЕРЛІ КЕЗДЕСУЛЕР
Қайран қазақ елім! Қайран қазағым! Сенің паналамаған жерін қалмаған шығар әлемде. Сонау Батыс Еуропа мен Америкаға дейін жеткен қазағым!

Кәмпескелеу мен ашаршылық кезінде мыңдаған-мыңдаған қазақтар туған жерлерін тастап Қытай, Моңғолия, Пәкістан асып, Иран мен Түркия арқылы алыстағы Батысқа жеткен-ді.

Көптеген қазақтар 1931-33 жылдары Сібкрай деп аталған Батыс Сібір аймақтарына көшіп, кейбіреулері сонда қоңыс табып, көпшілігі кейін Қазақстанға қайтып оралды. Ал қаншасы сол Сібкрайда мәңгілікте қалып, аштықтан азаптанып дүние салған...

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясында бір миллионға жуық қазақ ағайындары өмір сүреді. Бұлар өткен ғасырдың қасіретке толы қайғылы оқиғалар салдарынан сол елде қалып қойған қазақтарымыздың ұрпақтары, дегенмен басымы – Қазақстанмен көршілес аймақтардың баяғы жергілікті тұрғындары. Мысалы, қазіргі Алтай өлкесі, Новосібір, Омбы, Түмен облыстарын бабаларымыз сонау XVI ғасырдан мекен етіп келеді. Бұған дәлел халық ауызында сақталған тарихи әңгімелер, жырлар.

XVIII ғасырдан белгілі «Елім-ай» халық жырында былай делінеді

«...Түтас ел бытырамай орнаған бақ

Баласы Орта жүздің Керей-Уақ

Қүт қонып, Қідір дарып ерте кезден

Мекендеп Сібірді олар тұрған ұзақ

Тоғайын Омбы өзенің жұртым қыстап

Баптаған алғыр тазы, бүркіт ұстап

Бес жұз жыл Керей қоныс еткен Сібір

Қорғаған жаудан халқын қару ұстап

Ертіске екі беттеп елім қонған

Төскейге қоймен жылқы, түйе толған...».

Білгеніміз, қазіргі Омбы облысында қазақтардың саны 100 мыңға жуық екен, ал Омбы қаласында 30 мыңнан астам қандастарымыз өмір сүреді. Керей, арғын, қыпшақ, уақ ру-бұтақтарынан тарайтын омбы қазақтары тілдерін, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін сақтап келеді. Бөгде елде тұрып, басқа этностар арасынды өз ділін, дүниетанымын, этникалық ерекшеліктерін сақтап қалу қазіргі ресей қазақтарына, оның ішінде омбы қазақтарына тән қасиет. Басқа жағдайда қазақ қазақ болудан қалады.

Бұның барлығын сөз етіп отырғанымыз бекер емес. Себебі, 20-22 ақпанда Ресейдің Омбы қаласында өткізген күндерімізде жоғарыда айтылғанның барлығын тағы да еске сүріп, қазақтарымыздың Орыс мемлекетінде этникалық қасиеттерін сақтап, қазақилық мінез-құлықпен өмір сүріп жатқанымызға көзіміз жетті.

Құдай жол бұйырып, 20 ақпанның кешінде Қазақтың Шоқан Шыңғысұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Жақып Ақпайұлы, Райымжан Марсекұлы, Асылбек Сейітұлы, Мұратбек Сейітұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Смағұл Садуақасұлы сынды ұлы ғұламалары оқыған, қоғамдық-мәдени, саяси-ағартушылық қызмет атқарған, бүкіл қазақ еліне аты жылы да жақын киелі Омбы қаласына жеттік.

Біздің Керекумен көршілес қалаға баруымыздың себебі: жергілікті «Мөлдір» атты Сібір қазақтарының мәдени орталығының шакыруымен «Омбы қазақтары: тарихы мен қазіргі жай-күйі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысу еді. Бұл үлкен іс-шара «Мөлдірдің» құрылғанына 18 жыл толуына орай ойластырып ұйымдастырылған-ды.

Аталған орталықтың басшысы, қазақтың қайсар қызы Алтынай Қайдоллақызы бізді вокзал басынан жылы ілтипапен қарсы алып, қонақ үйге жеткізіп орналастырды. Келесі үш күнде Алтынай жағынан, оның көмекшілері Амантай, Махаббат, Қуат қазақ жігіттері жағынан қонақжайлық пен шын кеңпейілдікті толығымен сезе бердік. Омбы ағайындарымыз шағын, жабық үлгідегі қонақ үйге конференцияға және «Мөлдірдің» кәмелетке жету тойын өткізуге Қазақстан мен Ресей қалаларынан келген қонақтарды орналастырды.

Бұлар – Қазақтардың Бүкілдүниежүзілік Қауымдастығының өкілі Астана филиалының меңгерушісі Мұрат Түсіпбаев, Алматыдан келген Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Қанат Қанафин, көкшетаулық ғалым, ақын, Қошкенің шөбересі Қайырбек Кемеңгер, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Мәскеудегі филиалының төраға орынбасары ақын әйел Жарқын Өтешова, Новосібірдегі «Отан» атты қазақ ұлттық-мәдени автономияның төрайымы Орынгүл Байтұрсынқызы, Түмен қаласынан келген жергілікті қазақтардың көшбасшысы Қойше Кенесары Қуанышұлы, Самара қазақтары қауымдастығынан Базаргүл Төлегенқызы мен Қарлығаш апай. Өкініштісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің ғалымдары З.Е.Қабылдинов, Ж.А.Ермекбаев, Д.Қамзабекұлы, С.Негімовтың келе алмай қалғаны. Оларға Петропавл мен Омбы арасында боранға түсіп елге оралуға тура келеді.

Сөйтіп, Омбыдағы мазмұнды да, пайдалы да кездесулер мен сұхбаттасулар басталып кетті.

Конференция және басқа да іс-шаралар 21 ақпан күні болып өтті. Таңғы сағат 10.00-де А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапхананың конференц-залында пленарлық мәжіліс басталды. Сол жерде «Мөлдірдің» 18-жылдық тарихын көрсететін стенд ашылды. Әсел атты жас қыз қонақтарды Омбыдағы қазақ орталығының құрылуы мен жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. Содан соң әңгімені аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының жетекшісі Жүнісов Әнуарбек аға жалғастырып кетті.

Конференция орыс және қазақ тілдерінде жүргізілді. Оны басқарған көрнекті омбылық ғалым-этнограф, тарих ғылымдарының докторы, профессор Николай Аркадьевич Томилов және Алтынай Қайдоллақызы Жүнісова. Пленарлық мәжілісте оқылған баяндамалардан Қ.Қанафиннің «История казахской ирреденты в России: постановка проблемы», омбылық ғалым-этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, докторант Шолпан Камалиденқызы Ахметованың «История формирования казахов Омска в XVIII – XX веках», журналист Айгүл Бескемпірованың «Неизданная книга о репрессированных казахах», С.З.Раздыковтың «Сибирское ханство и казахи», Слушаш Раеваның «Состояние преподавания казахского языка в школах Омской области» докладтарын ерекше атап өтуге болады.

Профессор Н.А.Томиловтың келешекте «Ресей қазақтары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып өткізу ұсынысы қатысушылардан кең қолдау тапты. Омбы облысының Мәдениет министрлігінің Ұлттар және діндер жөніндегі Комитеттің жетекші маманы Нұрбол Қабыкенұлы Әлжановтың, омбылық ақын, көптеген айтыс сайыстарының жеңімпазы Аманкелді Жүсіпұлының, Омбы қазақтарының ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, 85 жастағы Солтан Есенболовтың айтылған сөздері отырған қауымның көңілінен шығып, терең ойға бөледі.

Конференцияның пленарлық мәжілісі шеңберінде филология ғылымдарының кандидаты, дарынды ақын Қайырбек Кемеңгердің «Омбыда оқыған қазақтар» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Ал, А.Бескемпірованың 1937-1938 жылдары Омбы облысында қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтар жайлы, Омбының ФСБ мұрағаты материалдары негізінде жазылған, көлемді еңбегі (оның ішінде Қ.Бердалин, Қ.Кемеңгеров, Ғ.Сәтбаев туралы очерктер бар) меценаттардың жоқтығынан жарық көрмей тұр.

Омбы облысының Мәдениет министрлігіндеге түскі астан соң Омбы облысының ең көрнекті жерлерін конференция қонақтары туристік автобуспен аралады. Кәсіби экскурсия жүргізуші ескі қаланың орны, XVIII – XX ғасырдың басында салынған керемет архитектуралық ескерткіштерді сипаттап көрсетті. Үлкен әсер қалдырғаны 1783 жылы салынған екі қабатты тас ғимарат. Бұл сонау Абылай хан заманын еске сүретін ескерткіш.

Соңында, автобусымыз Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайына басын тіреді. Мұнда сағат 18.30-ға дейін ғылыми-тәжірибелік конференция секциялық отырысымен жалғасты.

Оқылған баяндамалар Омбы-Ертіс өңірі қазақтарының тарихы мен мәдениетіне, қазіргі жағдайына арналды. Бір топ баяндамаларда Омбы қаласындағы көне қазақ зираттарын қорғап, сақтап қалу мәселесі көтерілді (И.Е.Бродский, И.В.Толпеко, Ш.К.Ахметова).

Білгеніміз «Қаржас» деп аталған байырғы қазақ ауылының (қазір қала аумағында қалған) зираты қорланып, көп қабатты үйлердің құрылыс алаңына айналайын деп тұрғаны. Ал, баска қабір орындарында енді демалыс бақша орнатпақ. Қалыптасқан жағдайды шешу мақсатымен конференция мүшелері Омбы қаласының әкімшілігіне үндеу қабылдады.

Баяндамалардың келесі бір тобы Омбы қазақтарының мәдени мұрасы мен дәстүрлеріне арналған (Н.Н.Везнер, А.А.Дайрабаева, В.В.Кузнецова, С.Р.Курманова, Е.К.Рахимов). Көкшетаулық жас ізденуші Арна Сарсамбекованың «Образ казахов в средствах массовой информации Омской области» атты баяндамасы тыңдаушылардың көңілінен шығып, үлкен қызығушылық тудырды.

Конференцияда Омбы қазақтарын «диаспора», немесе «ирредента» деп қабылдау мәселесі біршама дау туғызды. Сондай-ақ, омбылықтар Омбы қаласының жергілікті теледидар мен радио жүйесінде қазақ тілінде бір хабар ұйымдастырса деген тілек білдіріп жатты. Негізінен, 1996-2005 жылы Омбы радио желісінен қазақ тілінде хабар берілген еді. Алайда, қаражаттың жоқтығынан жабылып қалды.

Тағы да, бір өзекті мәселе – қазақтар қалың мекендеген ауылдық аудандарда ұлттық мектептер ашу. Өкінішті, 100 мыңдай қазағы бар Омбы облысында бір де бір қазақ ұлттық мектебі жоқ. Ал, қазақ тілі тек факультативті курс ретінде оқытылады. Керекумен көршілес Алтай өлкесін 8 мыңға жуық қазақ мекен етеді. Дегенмен, онда екі қазақ орта мектебі бар (Благовещенка ауданындағы Байғамыт мектебі және Құлынды ауданындағы Керей мектебі).

Сол күннің кешінде 3500 орындық Омбы қалалық Концерттік залында «Мөлдір» ұйымдастырған қазақ музыкасы мен эстрадасының үлкен концерті болып өтті. Зал лық адамға толды. Келгендері өзіміздің қара көздеріміз. Концерт 2,5 сағатқа созылып конференция мен іс-шаралардың салтанатты жабылуына айналды. Омбы қаласының, аудандардан келген қазақтың өнерпаздары керемет мәдени номерлерді көрермендерге ұсынды. Әсіресе, жас бүлдіршіндердің билері мен ән-күйлері көңілден шығып, жылы ілтипатпен қарсы алынды. Концерт барысында «Мөлдірдің» 18-жылдық мерейтойына байланысты көптеген құттықтау сөздері айтылды.

Қуанғанымыз, облысымыздың Ертіс ауданының бір топ өнерпаз әртістері омбылықтарды мерекелерімен құттықтай келе, бірнеше концерттік номер орындап көрермендерді қуантты. Кейін білгеніміз, бұл жерлестеріміздің өз инициативаларымен, өз қаражаттарына Омбыға әдилеп келгені.

Бірақ осымен біздің Омбыдағы күніміз аяқталмады. Енді, біздің омбылық достарымыз қонақтарды, Омбы елінің құрметті азаматтарын «Тамерлан» атты қазақ мейрамханасында күтіп алды. Банкетте бізге де сөз беріліп, Кереку-Баян өңірінен, ПМУ атынан омбылықтарға жылы лебіздерімізді және алғысымызды айтуға мүмкіндігіміз туды. Демек, ғылыми-тәжірибелік конференция, «Мөлдірдің» 18-жылдығына арналған мәдени іс-шаралар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткеніне өзіміз куә болдық.

Бұл жерде мың алғысымызды «Мөлдірдің» төрайымы Алтынай Қайдоллақызына және конференцияның ғылыми ұйымдастырылуын қамтамасыз еткен Шолпан Камалиденқызы Ахметоваға жаудырамыз!

Айтып кету қажет, барлық іс-шараларға, қонақтармен қатар, Омбы қаласындағы Ресейдің ІІМ Академиясында, Жоғары танкі училищесінде оқитын қазақ балалары қатысты.

Келесі, 22 ақпан күні, қонақтармен бірге Омбыдағы қазақ консулдығы жанында орналасқан Ұлы Шоқанның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатыстық. Қызықтысы, ескерткіш орнатылған көше ұлы ағартушының есімімен аталады екен.

Шоқан ескерткіші 2004 жылы Омбы қаласына Қазақстан Республикасының сыйы ретінде орнатылып, ашылуына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысқан-ды.

Бұдан кейін есігін 1826 жылы ашқан Омбы кадет корпусына келдік. Мұнда 1,5 сағаттай болып, мұражайды араладық, қазіргі кадеттердің оқитын орындары мен казармаларын көріп тамашаладық. Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин жас кезінде аяғымен басқан темір паркетті, баспалдақтарды біз де басып, бір жылы сезімге жүрегіміз толғандай болды. Қазіргі кадет корпусында қазақтың 15-16 жастағы балалары да оқиды екен. Кадеттердің өмір салты әскери салтқа сәйкес, үлкен казармада 100 балаға дейін жатады екен.

Сол күннің кешінде Алтынай, Шолпан, облыс губернаторы маңайында жетекші маман болып қызмет ететін Махаббат атты қазақ жігіті бізді автовокзалдан шығарып салды.

«Қош, аман бол Омбы елі! Қош, аман болыңдар ата дәстүрін ұмытпаған Омбы қазақтарымыз!» – деп, біз елімізге жол бастық.

Омбыда өткізген күндер, кездесулер көп әсер қалдырғанын жасырмаймыз. Алайда, омбылық қазақтардың қазіргі жай-күйі терең ойға да бөлейді бізді. Орыс мемлекетінде өмір сүріп жатқан каңдастарымыз Қазақстандағы ағайындарынан, мемлекет тарапынан не болмаса рухани қолдау мен қамқорлыққа мұқтаж. Бұны біз сапар кезінде толығымен сездік, және Ресей жерінде әр уақытта сезіп тұрдық. Тіл, дәстүр, әдет-ғұрып, тіпті көне қазақ зираттарын сақтап қалу мәселесі біздің жағымыздан қолдау тапса екен. Омбылық ғалымдар тарапынан көршілес Ресей аймақтарындағы қазақтардың мәдениетін, тұрмысын зерттеу мақсатында біріккен этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру мәселесі қойылды. Құдайға шүкір, мұндай бірігіп жасаған жұмыстың тәжірибесі бар. Мысалы, 2004 жылы Омбы мен Павлодар этнограф-ғалымдары Алтай өлкесінің қазақ ауылдарын зерттеген еді. Ендігі мәселе Новосібір, Омбы, Түмен облыстарын аралау.

Тағы да, Омбыға біздің университеттің студенттік филармониясы мәдени-концертік бағдарламамен барса, ал ұстаз-оқытушылар қазақ балаларымен кездесіп, біраз болса да қазақ тарихы мен қазақ тілінен дәріс оқыса, ПМУ басшылығы қазақ диаспорасына арнап белгілі бір оқу грантын бөлсе нұр үстіне нұр болары анық! Облыстық мәдениет департаменті де бұл іске белсене атсалысады деген ойдамыз.

Бірден, Ресейдің бір миллион қазағы опырылып Қазақстанға көшіп келеді дегеніне есі дұрыс адам сенбес, әрине. Бұл жерде біздің шетте өмір сүріп жатқан қандастарымызға, отандастарымызға рухани көмек көрсету, қолдау жасау сөз болып тұр ғой.

Мақаламыздың соңында Омбы сапарымыздың мүмкін болуына жағдай жасаған ПМУ ректоры Е.Арын мырзаға, ғылым жөніндегі проректор Р.Ж.Қадысоваға, кафедра меңгерушісі Ж.О.Артықбаевқа алғысымызды білдіреміз.
Сакен Раздықов

С.Торайғыров атындағы

этнология, мәдениеттану және археология

кафедрасының аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ернұр Рахимов

С.Торайғыров атындағы



этнология, мәдениеттану және археология

кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Оқулық Павлодар єож 372. 881. 151. 212. 2(075) бкк 81. 2 Ќаз т 87
transactions -> Экономикалық АҚпараттық ЖҮйелердегі жаңа технологиялар
transactions -> «Есеп және аудит» мамандығы студенттеріне арналған оқу-әдістемелік құрал
transactions -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
transactions -> Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігі
transactions -> К. С. Ислям латын тілінің шығу тарихы мемлекеттік тілде оқитын студенттерге арналған оқулық
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> Д. Айтказина КӘсіби қазақ тілі
transactions -> Лингвистикалық ілім тарихы
transactions -> Сборник задач по банковскому делу учебное пособие для учащихся средних профессиональных учебных заведений экономических специальностей


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет