Өмірбаяны садуақас қазіретінің отбасы


Смағұл Садуақасовтың Ф.И.Голощекиннің «Кіші қазан» идеясына қарсылығы



бет3/5
Дата16.06.2016
өлшемі395.5 Kb.
#139351
1   2   3   4   5

2.2. Смағұл Садуақасовтың Ф.И.Голощекиннің «Кіші қазан» идеясына қарсылығы

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы ұлттық сананың оянуы халықтың саяси әлеуметтік ұйымдасуына, өмір тәжірибесіне, жаңа дәуір өзгерістерін қабылдау қабілеттеріне де елеулі әсер етті. Қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасу барысын бүгінгі күннің тұрғысынан қарасақ, ең негізгі қозғаушы күш ұлттық зиялылар тобы екенін көреміз. Олар қоғамдағы жүріп жатқан процестерді терең отырып, әлеуметті өзгерістер кезеңінде белсенділік танытты. Қазақтың озық ойлы азаматтарын ойландырған маңызды үш мәселе: жер мәселесі, оқу-ағарту мәселесі, патшалық. Отарлаушылық саясаттың қыспағы салдарынан өзін-өзі билеуден қалған елді өркениет жолына шығарып, азаттық әперу еді.

Патшалық Ресей тұсында отарлау саясатына қарсы шығып, азаттық, дербестік үшін, ұлттық бірлік үшін күрескен ұлт зиялылары «сепаратистер», «Пантюркистер» ретінде қуғындалса, қазан төңкерісінде жеңіске жеткен большевиктердің басқыншылығы боса көктеген шақта Қазақстанды Одақтан бөліп әкетуді көздеген «буржуазиялық ұлтшылдар» атанды. Кеңестік мекемелерде қызметте болған Ж.Мыңбаев, С.Садуақасов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды ұлт зиялыларының жаңа толқынында да «Буржуазиялық ұлтшылдар» ізбасарлары, «жікшілдер», «ұлтшылдар» деген сияқты негізсіз айыптаулар тағылды, осы саясатты нәтижелі жүргізу үшін ұлттық ерекшелік, ұлттық дербестік туралы түсініктерден біржола безіндіру мақсатында шүбәлі болса да, шындықтың өзі деп көрсеткен нақты шаралар атқарылды. Кеңестік тоталитарлық жүйе ұлт басындағы халық мүддесі үшін күрескен ұлттарды «жіктердің көсемдері» етіп, соның негізінде түрлі «шылықтарды» ойлап шығарды. Солардың бірі – Сәдуақасовшылдық. «Сәдуақасовшылдық» - қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов (1900-1933) ұстанған ұлттық позицияға байланысты «партиға қарсы» деп танылған. Қазақстандағы большевиктік шолақ белсенділердің ойлап шығарған ағымы. Басшы қызметте өзіндік пікірі бар, ерекше талантымен ерекшеленген адамдарды жала жауып қуғындап, өзінің жеке дара билігін орнату мақсатында Ф.И.Голощекин осы «Сәдуақасовшылдыққа» және тағы басқа «шылдықтарға» саяси астар беріп, өз пайдасына шебер пайдалана білді. Ұзақ уақыт бойы С.Садуақасов есіміне алашорда ұлшылдары тобына жақын оңшыл оппортунистік идеяны уағыздаушы, Коммунистік партия ішіндегі буржуазия тыңшысы, жеке меншік пен байдың мүддесін көздеуші, партияның жерге орналастыру, байларды тәркілеу, ұжымдастыру мен индустрияландыруларына қарсы болды деген негізсіз айыптаулар тақты.

Шын мәнінде, С.Садуақасов осыдан 74 жыл бұрын қазіргі күні де маңызды болып отырған саяси және әлеуметтік- экономикалық мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, Коммунистік партияның өңін өзгерткен отарлық саясатына қарсы тұрды. Тәуелсіздік, экономикалық еркіндік идеясын ұсынды. Қалыптасып келе жатқан әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы демократиялық ой-пікірлерін батыл баяндады.

Келесі қазақ ұлтының көрнекті қайраткері Сұлтанбек Қожановқа «Қожановшылдық» атауы берілді. С.Қожанов 1925 жылы республикамыздың ұлттық-территориялық жағынан межеленгенге дейін де бірқатар жауапты қызметтер атқарып, Түркістан республикасының ішкі істер халық комиссары, Ағарту Халық комиссары, «Ақжол» газетінің редакторы қызметінде болды. Түркістан Кеңестері мен Түркістан Коммунистік партиясының барлық съезідеріне, РК(б)П-ның Х және ХІІ съездеріне делегат болып, қай мінберден де ойлы ұсыныстарымен, қай істе де ұйымдастырушылық қабілетімен көрінді. Астананы Ақмешітке көшіруде үлкен еңбек сіңірді.

Соған қарамастан оларды кез-келген уақытта қуғын-сүргінге ұшырату үшін «бұлтартпас» дәлел іздестірілді. Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы болып келген Ф.Голощекиннің жергілікті ұлт кадрларына «жанашырлығы» өлкелік Комитетінің екінші хатшысы С.Қожановты қызметтен қууынан көрінді.

Сөйтіп идеология саласында – тоталитаризмді орнықтыру, басқаруды жаппай әміршіл-әкімшілдік жүйеге көшіру, кезінде ұлтшыл жіктерді, «құпия зиянкестік ұйымдарды» әшкерелеу сияқтыжелеулермен ұлттық идеологияның тамырына балта шабу, халықтың еркіндігін басып-жаншу саясаты жүргізіп жатты. 1920 жылдардағы ірі саяси тұлғалардың бірі Сейтқали Меңдешев те осындай негізсіз айыптау құрбанына айналды. 1920-1925 жылдары Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы болған оның есімі Ф.Голощекин билігі тұсынан бері «меңдешевшілдік» деген «жікпен» байланысты айыпталып келді. Ф.Голощекин оны «солшылдардың көсемі» деп санады. Сондықтан да 1929 жылға дейін «меңдешевшілдікті» айыптау белсенді көріне қоймады. 1925-1928 жылдары партия ішіндегі басты қауіп «оңшыл» ағым деп орталықта Бухаринге, Қазақстанда С.Садуақасов пен С.Қожановқа Ж.Мыңбаевқа қарсы науқан қызу жүрген болатын.

Ф.Голощекин өзі айтып отырғандай, Меңдешевтің партия ішінде арнайы жік жасағанына дәлел болатын бағдарламасы немесе басқа құжаттар жоқ. Сондықтан да, «меңдешевшілдік» деген жік болған емес деп анық айту қажет. С.Меңдешев шекара белгілеу, Астрахань, Сібір төңкеріс комитеті қол астындағы жерлерді қайтару, автономия жариялау сияқты маңызды мәселелерді шешуде игілікті істер атқарды. Алайда, ел басқару қызметінде жүрген С.Меңдешев, таптық көзқарасты бірінші орынға қойды. Сталин және оның Қазақстандағы қолшоқпары Голощекин сияқты партия функционерлерінің ұстанған саясаты нәтижесінде қалыптасып келе жатқан бірпартиялық әміршіл жүйе қазақ халқын үлкен апатқа әкелетінін О.Исаев, Ғ.Тоғжанов, І.Құмамысов, Е.Ерназаров және тағы басқа қайраткерлер тәрізді С.Меңдешев те алдын-ала болжай алмады.

«Шылықтарға» айыптау науқаны өрши түсті. Қазан төңкерісі қазақ даласына бақыт, әділетті тұрмыс әкеледі деп сенген шығармаларында Ленинді, большевиктік партияны мадақтаған Сәкен Сейфуллин де осы қателесу құрбандарының бірі болды.

С.Сейфуллин Қазақстанда Коммунистік партияның алдында тұрған басты ұлтшылдық емес, мақсатқорлық пен отаршылдықты жою керек деген принцип ұстанды.

Ол кеңес өкіметі қарапайым халыққа теңдік, бірдейлік әпереді деп сенді, ел өміріне енгізіліп жатқан жаңалықтар халыққа сор болады деп есептемеді. Сондықтан да ол өзі де кеңестік қызметте белсенділік көрсетті. Шығармаларында кеңестік билікті мақтап жырға қосты. Қоғамдық сананың мәнді бөлігі өнер мен әдебиет идеологияның сойылын соғуға тиісті болғандықтан шығармаларында социализм идеясы айтылды. Алайда, оның бәрі еленбей ұлтым, елім деген пікірлері сынға ілікті. Бұл пікірлер кейіннен «сейфуллиншілдік» деп айыптауға негіз болды.

Коммунистік партияның бұл саясатына демократиялық бағыттағы ұлт зиялылары наразылық білдірді. Қазақстанда социалистік құрылысты «өркендетуге» арнайы жіберілген Ф.И.Голощекиннің іс-қимылдарын С.Садуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сынды қазақ коммунистері болып сынға алды. Алайда, «Сенің саясатың бірден-бір дұрыс саясат» деп Сталиннің өзі дем беріп отырған Қазақстандық «көсемнің» асыра сілтеу саясатын әшкерелеу оңай болмады.

1925 жылы Республика партия ұйымының басшылығына Ф.И.Голощекиннің келуі қазақ зиялыларын әртүрлі топтарға бөлумен ерекшеленді. Кейіннен бұл «топтар» қуғындауға ұшырады. Тарих бетінен 1925-1930 жылдары «оңшыл», «солшыл» деген толып жатқан атаулардан кездестіреміз.

Қазақ зиялыларының жарқын тұлғалары «Қожановшыл», «Сейфуллиншіл», «Меңдешевшіл», «Сәдуақасовшыл» атанып, интеллигентция арасында араздық туды. Сонымен қатар, басшы өзінің айтқанына көнетін командасын да құрып үлгерді. Голощекиннің идеясымен келіспеген ұлтымыздың азаматтары кейіннен қызметтен алынып, Республикадан аластатылуға дейін барды.



Ф.Голощекин өзімен бірге «Кіші қазан» идеясын ала келді. Яғни онда қазақ жерінде қазан төңкерісі болмаған, ауылдар сол бұрынғысынша күн кешуде деп тұжырымдаған ол, сондықтан ауылды оятып, социализмге бет бұру үшін «Кіші қазан» төңкерісін жасауды ұсынады. Әрине, ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігімен және ерекшеліктерімен мүлде таныс емес келімсек Ф.Голощекин партиялық тұрғыдағы үрдажық саясаткер еді. Оның осы ұсынысы қазақ халқын зобаланға алып келуі әбден мүмкін болатын. Осындай болатынын күн ілгері түсіне білген қазақтың кейбір зиялы бөлігі оның бұл саясатына ашықтан-ашық қарсы болды. Әсіресе «оңшыл» бағыт ұстанғандар деп аталғандар белсенділік көрсетті. Оның өзі С.Садуақасов пен Ж.Мыңбаевты басты саяси жауларға айналдырды. Алайда С.Садуақасовтың беделі жаңа қалыптасып келе жатқан большевиктік қазақ интеллигенциясы арасында жоғары еді. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасының 1925 жылы 5-19 сәуір аралығында өткен V съезі С.Садуақасовты халық ағарту комиссары етіп бекітті.

Қазақстандағы идеологияның тұтқасын ұстау 25 жасар жас жігіт С.Садуақасовқа тапсырылған еді. Жас болса да халықтың сауатын ашуда біршама табысты істер жасап үлгерген С.Садуақасов Голощекиннің саясатына қарсы бағыт ұстанды. Бұл жерде оның ұстанған бағыты саяси бәсекелестік немесе қызметке таласушылық емес еді. Керісінше өз ұлтының тағдырына жаны ашыған, қызыл империяның әділетсіз үстемдік саясатына наразылық болатын бұл. Николай патшаның жанұясын түгелімен атып бедел жинаған партияның мақтанышы саналған Голощеикнге ешкім қарсы келмеуі тиіс деп саналатын. Әрине мұндай озбырлыққа барған қаныпезер кісіге қазақ ауылында азамат соғысын қйымдастыру түкке тұрмайтын. Ж.мыңбаев, С.Садуақасов мынды азаматтар бірінші кезекке ұлттық мүддені қойып, осы үшін күресті. Қызмет мәселесі бұларда ұлттық мүддеден жоғары тұрған емес. Қазақ зиялыларының арасында қыңыр жақтығымен көзге түскен Ф.И.Голощекин С.Садуақасов жөнінде «Мен ауылда «Кіші қазан» жасау керек деймін, ал ол кез-келген «Қазанға» қарсы. Мен ауыл төңкерісі өзгеше тәсіл тілейді деп тұжырым жасасам, жолдас Сәдуақасов мұны жоққа шығарады. Біз ауылдағы азамат соғысына қарсы емеспіз, жолдас Сәдуақасов мұндай азамат соғысына түбегейлі қарсы. Біздің өзара келісе алмауымыздың мәні осы», - деп жазды. С.Садуақасовқа енді Қазақстандағы оқу-ағарту мәселелерін, Голощекиннің «Кіші қазан» идеясын жұртқа таныстыру және оның дұрыс емес екенін дәлелдеу үшін өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналы қолайлы тірек болды. Алайда, 1925 жылы РК(б)П Орталық Комитеті қазақ баспасөзін екі рет ранайы қарады. Ондағы саясат баспасөз партиялық болуға тиіс. Бұл саясаттан газет-журналдардың сол уақыттағы саяси ахуал игі әсерін тигізе алмады. Белгілі ғалымдар М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтың «Тарих тағылымы не дейді?» атты еңбектерінде, 1925 жылы 2 наурызда РК(б)П Орталық Комитетінің секретариаты «қырғыз баспасөзінің жағдайы және оны жетілдіру шаралары туралы» қарар қабылдады. Мұның нәтижесінде: «біріншіден, Ә.Бөкейханов бастаған бір топ алаштық интеллигенция осы жылы-ақ баспа орындарындағы қызметтерінен босатылды, екіншіден, сынға ұшыраған мерзімді баспасөздің біразы жабылды, үшіншіден, барлық мерзімді басылымдар, кітап шығару ісі үстінен қуатты партиялық бақылау орнады» - деген пікірлерін ескерсек, қайраткер С.садуақасов және т.б. алаш азаматтарының цензуралық басылымдық тар шеңберінде ұлт мүддесі үшін күресуге мәжбүр болғанынкөреміз. Бір сөзбен айтқанда бұқаралық құралдар енді партиялық тұрғыдан біржақты сөйлейтін болды. Сондықтан да олардағы «оңшыл ағымға қарсы» күрес, айыптаулар кеңес дәуіріндегі тарихи әдебиеттерде арнайы тоқталып кететін «елеулі мәселенің» бірі болып келді. Пратия ішіндегі таластары Одақтың басшылығында болып келген Сталин, Троцкий, Зоновьев, Каменев, Рыков, Бухарин сияқты ірі қайраткерлерді де қамтыды. Оларды қолдайтын кейінгі сатыдағы адамдар аз болған жоқ. Кімнің қай басшыны қолдайтынына байланысты «оңшыл», «солшыл» бағыттар пайда болды. «Оңшыл» бағыттың дем берушісі атанғандар ауыл шаруашылығының өндіруші күштерін дамыту, сол арқылы индустриялық дамудың қорын нығайту негізінде өнеркәсіпті өркендетуге бірте-бірте көшуі жағында болды. Ал «солшыл» бағыт социализм құруды жүргізу, осы жолда ауыл шаруашылығын колхоздастыру, қарапайым серіктестікпен ұйымдастырудың күрделі ұжымдық түріне өту және колхоздастыруды неғұрлым тездету үшін шаруаларға қысым көрсету шараларынан тайынбау керек деген пікірді ұстанды. Бұл үшін әлді, ауқатты шаруаларды тәркілеу, оларды шетке жер аударып, жалпы шаруалар бұқарасынан аластау қажет деп саналды. Баспасөз бетінде, жұртшылық алдындағы саяси насихатта бұл бағытты қолдаушылар бірін-бірі «оңшыл», «солшыл» деп айыптайтын болды. Төменгі сатыдағы коммунистердің және қарапайым халықтың бұл бағыттардың айырмашылғы жөніндегі түсінігі тіптен төмен еді. Солардың бір-бірінен қандай өзгешелігі бар? – деген сұрақ саяси білімі жоқ халық бұқарасына бұлыңғыр еді. Халық арасында осы бағыттарды объективті дұрыс түсіндіруге кеңестік жүйе мән бермеді. «Оңшылдар» оңға, «солшылдар» солға тартады, ал партия тура жолды таңдап отыр деген біржақты, саяси менмендік пікір үстемдік алды. Өкіметтің дәйексіз саясатынан шет қалған халық бұқарасы кеңестерге деген сенімнен қол үзе бастады. Сөйтіп «заманымыздың ақыл-ойы» саналған большевиктік партия жарлы жалқыбайларды жолда «батпаққа батырып», ұлт арасынан шыққан саналыларды өкіметті қолдамағаны үшін әртүрлі айла-шарғымен «пантюркист», «панисламист», «халық жауы» деп қудалауға ұшыратты. Ұлт мүддесін қорғайтын алаш интеллигенциясын 20-шы жылдар басында-ақ биліктен ығыстырған большевиктерге Қазақстандағы «оңшылдықты» қысқа мерзімде күйрету қиынға түскен жоқ, тіптен ол орталықтағы Бухарин тобынан бұрын талқандалды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, айыпталған қазақ қайраткерлерінің өздері ешқашан да өздерін «оңшыл ағымға» жатқызған емес. Бұл орталықтағы И.Сталин мен Қазақстандағы Ф.Голощекиннің қолдан жасаған саяси «аңызы» еді. Ф.Голощекин ауылдық жерлердегі «кіші қазан» идеясын іске асыруды 1926-27 жылдары қолға ала бастады. Бұл шараның жүргізілу себептері тарихи әдебиеттерде Қазан төңкерісінен кейін шабындықтың, егістіктің және жайылымдардың үлкен бөлігінің байларының қолдарында қалуымен» түсіндіріліп келді. Большевиктік саясаттың түп төркіні рулық қауымдастықтың принциптері негізінде елеулі алауыздықтарға бармай, ағайыншылдық аясында отырған қазақ ауылының шырқын бұзу, адамдар арасында таптық негізде от тастап, кедейді байға айдап салу, сөйтіп жарлы-жақыбайдың «қолымен от көсеп» ауқаттыларды ауылдағы биліктен ығыстыру еді. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық үрдістерін, атап айтқанда жайылымдар мен жайлауларды рулық қауым болып иемденетін қазақ қауымында әлі де малға жекеменшік берік орныққанын жақсы біле тұра ауылдың шырқын тұзып, оны таптық қозғалысқа келтіру елдегі ауқаттыларды жоюды көздегендіктен азамат соғысының бастамасы еді. Қалыптасқан шаруашылықты бұзу кеңес өкіметіне аса қажет болды. «Кіші қазанның» идеялық авторы Голощекин тұсында жарық көрген ресми құжаттардан мынаны оқуға болады: «Қазақ ауылында жерді пайдалану жайылымдық жерлерді иемдену үшін жекелеген шаруашылық топтарының күресі нәтижесінде тарихи қатынасты 1926-27 жылдарға дейін ауылдағы жерді пайдалануға шаруашылық топтары арасында жерді тең бөлмеу де сондай-ақ осы топтар ішінде таңдаулы шабындық және жайылымдық жерлерді байлардың басып алуы да негіз болды. Мысалы: бұрынғы Сырдария губерниясына тиесілі болыстың №17 ауылында жалпы саны 150 десятина жердің таңдаулы 100 десятина жері шын мәнінде бір бай қожалығында болды».

1925 жылы сәуірде болып өткен Жалпы қазақтық V кеңестер съезінде осы мәселелер көтерілген еді. Осы мәселеге сәйкес Қазақстан өкіметі 1926 жылы 26 тамызда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдады. Оған сол кездегі Қазақстанның халық комиссарлар кеңесінің төрағасы әрі Орталық Атқару Комитетінің төрағасы міндетін уақытша атқарушы Н.Нұрмақов қол қойған.

1927 жылы 3 ақпанда бұл заңға толықтыру енгізілді. Толықтыруға Н.Нұрмақовпен бірге Республика Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев қол қойған. Заңда мұндай бөлудің «кедей және экономикалық жағынан әлсіз халықтың шаруашылық қызметіне қолайсыз жағдай» туғызуға байланысты орын алып отырғаны атап көрсетілді. Ал шабындықты бөлу жан басы бойынша жүргізілетін болды. Қиын жаңдайда және бұлай бөлу мүмкін болмағанда ауылдық кеңестердің қаулылары бойынша шабындықты үй бойынша бөлуге жол берілді. Шабындықты және егістік жерлерді бөлгенде кедейлерге ең сапалы және қыстауларына жақын жерлерді талап ету артықшылығы берілді. Бұл жұмыстарға бақылау жасау Қазақстанның егіншілік халық комиссариатына тапсырылды. Ол кезде бұл саланы Ж.Сұлтанбеков басқаратын. Сонымег қатар бұл жұмыстарды жандандыру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел үштіктер құрылды. 1927 жылы 2 ақпанда болып өткен БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің бюро мәжілісінде арнайы осы мәселелер қаралды. Онда Халық Комиссарлары Кеңесі мен Орталық Атқару Комитетінің біріккен қаулысына сәйкес жергілікті жерлерде жүргізілетін шараларға осы үштіктер тікелей жауапты болды және олардың құрамдары сол атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. «Үштіктердің» міндеттері мен құқықтары қаулыда атап көрсетілді.

Қаулыдан көріп отырғанымыздай қалыптасып келе жатқан кеңес тоталитарлық жүйесінің «үштіктері» Қазақстанда осы жылы алғаш рет кең көлемде сыннан өткізілді. Бұл туралы тарихшы-ғалым Т.Омарбеков Голощекин «Кіші қазанын» зерттеу барысында әділ тарихи баға да берді. Саяси тұрғыдан аталмыш «үштіктер» «Сәдуақасовшылдықты» әшкерелеуге белсене кірісті. Саяси қызметкерлер де жүріп, әсіресе 1926-27 жылдары әкімшіл-әміршіл жүйенің тұрпайы сынымен толассыз және ымырасыз күрескен С.Садуақасов пен Ж.мыңбаев «оңшыл оппортунистер» болып шыға келді. Ф.И.Голощекин 1925-26 жылдары қазақ саясаткерлерін жан-жақты талдап, кімнің-кім екенін жете зерттеп алған соң, олардың арасындағы партияның мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоятындарын биліктен біртіндеп шеттетуге амалдар жасап бақты.



Голощекиннен қаймықпаған, оны аяусыз одақтық деңгейдегі баспасөзде өткір сынға алған С.садуақасовтың «О национальностях и националах» деген еңбегі сол кездегі әкімшіл-әміршіл сталиндік жүйені дүр сілкіндірді. Мұндай қайраткер ешкімнен тайсалмастан мемлекеттік қоғамдық құрылымдардың ұлт аймақтарындағы берекесіздігін, өкіметтің өндірісті дамытуға, жер мәселесін реттеуге, басқару аппаратын жергіліктендіруге, орталықтың бюрократиялық басқаруын шектеуге мүдделі болмай отырғанын әшкерелеп, ұлттар жағдайын бұрмалап түсіндірген, олардың зәрудеріне атүсті қараған зеленский, Рыков, Нодель, Митрофанов, Смирнов, Калинин тәрізді коммунист жетекшілерге орынды сын айтады. Бұл мақаласында ол «орталықтағы басқару органдары өз жұмысында ұлт мәселесінің маңызын ескеріп-елемей келеді» - деп нақты жағдайды жасырмай, боямасыз ашып көрсетті.

1926 жылдар Голощекин мен С.Садуақасов бастаған «оңшыл» топтар арасындағы айтыс-тартыстармен ерекшеленді. Голощекин бұл топқа біресе С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев, С.Қожановты жатқыза, кейде бұған бастапқы екеуімен бірге Мұстамбаевты да енгізді. Бұл аттары аталған төрт қайраткерде шын мәнінде Голощекинге ұнамады. Олардың саясатта ұстанған бағыты мемлекетті дамыту, жер мәселесін жергілікті ұлт мүддесіне сәйкес реттеу басқару аппаратын жергіліктендіру, Мәскеудегі орталық тараптарынан әміршіл-әкімшіл билеп-төстеуге шек қою және ұлттық тіліміздің еркін өмір сүруін бірінші кезекке қою еді. Таптық және интернационалдық көзқараста берік тұрған Голощекинге мұндай пиғылдың ұнай қоюы екіталай еді. Голощекиннің қарсыластары шын мәнінде ұлттық қайраткерлер еді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ партиялық қызмет атқарып, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласқан Ж.мыңбаев 1920 жылдардың екінші жартысында партияның идеологиялық концепциясын жүргізіп отырған әртүрлі әлеуметтік-экономикалық шараларын қолдай қоймады. Оның себебі кеңес өкіметінің жергіліктендіру (коренизация) және қазақыландыру саясаты көп жылдар көлемінде біржақты дәріптеле бастады. Лениндік ұлт саясатының көрінісі – сөз бен істің қайшылығы еді. Ж.мыңбаев 1926 жылы 22-23 қыркүйек айында болып өткен Қазақ АССР Өлкелік Партия Комитетінің бюро мәжілісінде мемлекеттік аппаратты жергіліктендіру жөнінде біршама ұсыныстар айтты. Онда ол жергіліктендіру шараларын ұйымдастыруда партия ұйымдары өте сылбырлық танытып отырғанын сынады. Ол бірінші кезекте төменгі жергілікті басқарудан бастап, жоғарғы мемлекеттік билік мекемелеріне дейін қазақыландыруды жолға қоюды ұсынды. Мемлекеттік тілмен қатар ұлттық тілді де жанашырлық аясында ұстаудың қажеттігін атап көрсетумен болды. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, мынаны көреміз: Кеңес өкіметінің алғашқы тіл туралы қадамдары «Қазақ АССР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» атты 1920 жылы 19 қазанда Орынборда қабылданған ресми құжаттан көрінеді. Барлығы 8 баптан тұратын оның 7 бабында Қазақстанға кірген ұлттардың «бейбіт және туыстық негізде бірге тұруын» қамтамасыз ету үшін «әрбір өзінің ана тілін бірдей пайдалану құқын» мойындау және еркін ұлттық дамуға толық мүмкіндіктер беру қажеттігі атап көрсетілді. Сондай-ақ осы Орыбордағы кеңестердің І Бүкілқырғыздық съезінде қабылданған Декреттің негізінде «ҚАССР халық комиссарлары кеңесінің қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік мәселелерде қолдану тәртібі туралы» мәселені қараған өзінің 1921 жылдың 8 наурызында өткен мәжілісінде халық комиссарларына және барлық Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің мүшелеріне қазақ тілін үйренуге жедел кірісуді ұсынды. Ағарту халық комиссариатына қазақ тілін үйренушілерді қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ете отырып оқып – үйренуді ұйымдастыру және жеделдету тапсырылды. Алайда бұл аталған өкімет қаулыларында жергілікті ұлтқа жанашырлық көрсету сөз жүзінде қолға алынып, іс жүзінде басқаша өрбіді. Ж.Мыңбаев Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырғанда осы ұлттық тіліміздің қазіргі өткір проблемасын сол тұста-ақ жолға қоюға тырысты. Қаулының іске асуын қадағалаған ол оны дамытуға да күш салды. Оған дәлел 1926 жылғы қарашада шыққан «Советская степь» газетінде Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің 1926-27 жылдарға арнап мемлекеттік аппаратты қазақыландырып, европалықтарға ұлттық тілді үйретуге арналған жоспары жасалынған. Онда барлық қызметкерлер қазақ тілін еркін меңгеріп, сонымен бірге іс-қағаздарын осы ұлттық тілде жүргізулері тиістігі атап көрсетілді. Бұл жоспардың бірінші кезеңі деп есептелініп, оның орындалуы қысқа уақытқа осы жылдың қарашасының аяғына дейінгі кезеңге белгіленді. Ж.Мыңбаев жазу машинкаларын қазақшаға дайындатуға өзгертуді міндеттеді. Европалықтарға қазақ тілін үйренуге байланысты оқулықтар шығару ісін, қысқаша курстар ашуды қолға алуды халық ағарту комиссариатына тапсырды. Мұның да орындалу мерзімі нақты көрсетіліп, 1927 жылдың қаңтар айына дейінгі кезең көрсетілген. Сонымен қатар Ж.Мыңбаев мемлекеттік тілді сақтау ережесін бұзғандарды заңмен жазалауды да есте ұстады. Көріп отырғанымыздай, қазақтың көрнекті азаматы Ж.Мыңбаев ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеруді осыдан жетпіс жыл бұрын қолға алған және оған қысқа уақытта жетуге тырысты. Әрине, бұл жоспар Голощекин бастаған кейбір партия қызметкерлеріне ұнамады. Қазақ тілін үйрену ісіне үлкен бетбұрыс жасау европалықтарды қуанта қойған жоқ. Ол кезде әкімшіл-әміршіл жүйе үшін лауазымды қызметкерлерді іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізбегені үшін соттап жіберу де түкке тұрмайтын еді. Бірақ ресми құжаттарда шындығына келсек, қазақ тілінде сөйлемегені немесе қазақ тілінде жазбағаны үшін билік басында отырғандардың жоғарыдағы заң бойынша жазаланғандары туралы нақты деректер жоқ. Бұның себептері түсінікті. Қазақстандағы келімсек орыс тілді большевиктердің жергілкті ұлттық тілге мойынсыңғылары келмеді. Оның үстіне Мәскеудегі басқарылған орталық билік ұлт аймақтарда «Лениндік ұлт саясатын» біржақты дәріптеумен ғана шектелді. Ал мұны көре білген ұлттық қайраткер Ж.Мыңбаев сол замандағы екі жүзді сталиндік саясатқа сәйкес «ұлтшыл» болып есептелінді. Бұл жердегі Ж.Мыңбаевтың ерлігі мынада: қалыптасып келе жатқан әкімшіл-әміршіл жүйенің саясатына қарсы шығу өлімге бас тігумен пара-пар еді. Асқан қатыгездікпен бір халықтың тағдырын тәкекке салып келген Ф.Голощекинге қарауындағы қазақ басшыларының қарсылық көрсете алмауының өзіндік себептері бар. КСРО-да әкімшіл-әміршіл жүйенің біртіндеп мемлекеттік авторитарлық басқаруға көшуі, сондай-ақ біртіндеп басқарудың жеке дара деспоттық билікке ұласуы қоғамдық сананы да соы бағытта бүлдіруге, адамдардың психологиялық көңіл-күйін өзгертуге алып келеді. Мұның ақыры өз еркінен тыс партия бағытын қаласа да, қаламаса да қолдайтын көпшілікті тәрбиелеуге жеткізді. Мұндайда жергілікті басшыларды Мәскеуден берілген нұсқауды қалтқысыз қабылдап, оны бұлжытпай орындауға дағдаландырды. И.Сталин, Ф.Голощекиннің және олардың төңірегіндегілердің тоериялық тұжырымдамаларымен іштей келіспесе де, өз пікірлерін ашық айта алмай бұға беру, өз жүрегіңнің әмірінен тыс, өзіңнің көзқарасыңа сай келмейтін ұштары саяси пікірлерді қызмет бабына сай амал жоқ ашық насихаттау, жұртты осыған сенуге үгіттеу – міне, бұл осы кезеңнің аса үлкен қасіреті, екіжүзділігі болып табылады. Мұндайда талайлардың үні көмескіленіп қана естілді. Бұл жағынан келсек, бірінші басшының төңірегіндегілерді тырп еткізбей ұстауы уақыт заңдылығы. Оған қарамастан республикалық деңгейде жауапты қызметте жүріп Голощекиннің «Кіші қазан» саясатына, жекелеп айтқанда қазақ жерінде өзге ұлттарды қоныстандыру жолымен отарлау бағытына, қазақ шаруаларын күштеп меншігінен айыруға және ұжымдастыруға негізінен ашық қарсы шыққан азаматтар да болды. Олар Қазақстан большевиктерінің алғашқы «оппозициялық тобын» құрайтын С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, А.Кенжин, С.Қожанов, Ы.Мұстамбаев, Ж.Сұлтанбеков және т.б. еді.

Бұл кісілер Қазақстандағыголощекиндік саясаттың қателігіне алғаш республиканың бірінші басшысының көзін, содан кейін Орталықтағы И.Сталиннің көзін жеткізуге әртүрлі жолдар мен әрекет жасағандар екені де белгілі. Голощекин саясатына қарсы шыққандарды «ұлтшыл» деген негізсіз айыптаулар тағып, оның ақыры 20 жылдардың екінші жартысындағы бітіскен партия төңірегіндегі айтыс-тартыстарға алып келді. Голощекин бұл кезде саяси билікті қолына шоғырландырып, республика басшылары арасынан өзінің қарсыластарын да анықтап үлгерді. Ең белсенді азаматтық позициясы бар ұлттық қайраткерлер – Ж.Мыңбаев, С.Садуақасов, С.Қожанов «августік блогын» құрушылар деп аталды. Голощекиннің жорамалы бойынша бұл топтың артында алаштың ұлтшыл интеллигенциясы тұрды. Оған оның мына сөзі куә: «С.Қожанов оппозицияда болды, оған Семейден К.Тоқтыбаев қосылды, айтпақшы оппозицияда Бөкейханов та бар көрінеді».

Осылайша саяси жорамалдар жасаған Голощекин қазақ халқын социализм жолына алып шығу әрекетін алдымен осы топты ығыстырудан бастау керек деген негізсіз тұжырым жасады.

Қазақстанда кеңес билігі орнағаннан кейін, бірінші кезекте шешімін табуға тиіс бірнеше мәселелер тұрды. Қазақ бұқарасының тұрмыс жағдайының түбегейлі өзгеруі осы мәселелердің тура шешілуіне тікелей тәуелді болды. Олар – жерді пайдаланудағы бұрынғы әділетсіздікті жою, жергілікті халыққа жақын, түсінікті және оған қызмет ететін мемлекеттік аппаратты құру, жаңа қоғамды құрудың әдістері мен жолдары (экспроприация, ұжымдастыру индустрияландыру, мәдени революция т.б.) сияқты мәселелер еді. Бұл міндеттерді шешуде «ұлтшыл және ауытқушылар», «ұсақ буржуазиялық-оңшылдар» деп аталынғандар бірінші кезекте шешілуге тиіс таптық принципті емес, жалпы ұлттық демократиялық принциптерді қойды. «Оңшыл» «ұлтшыл-ауытқушыларға» жатқызған С.Садуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев және т.б. Ф.Голощекиннен ұлт, жер мәселелеріне, қазақ ауылдарын социалистік негізде қайта құру, мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру, отырықшылыққа көшу сияқты маңызды мәселелерде келіспей өз ойларын басып айта алды. Олардың ұлттық мүддені қорғауға бағытталған табиғи әрекеттері сондықтан да Ф.Голощекин тарапынан «ұлтшылдық» есебінде сипатталды. С.Қожанов Өлкелік Комитеттің бұрынғы хатшысы В.Нанейшвилидің кезінде Халық арасында үлкен беделге ие болған кісі еді. Сол тұста екінші басшы атанған С.Қожанов жас та болса В.И.Ленинмен, В.В.Куйбышевпен, С.М.Кировпен жүздесіп, қазақ халқының аяулы ұлдары Т.Рысқұловпен, Н.Төреқұловпен т.б. пікірлескен еді. Кейін В.Нанейшвили КСРО Халық Сауда Комиссриатына қызмет ауыстырғаннан кейін, кешегі атағы жер жарған С.Қожановқа ешбір жөнді қызмет ұсынылмады. Өйткені ол Голощекинмен саяси-әлеуметтік мәселелерде ымыраға келе қоймады. Голощекиннің Қазақстанға жіберілуі де кездейсоқ емес-ті. Оның бірінші басшылыққа кандидатурасы бірқатар факторлармен ерекшеленді.

И.Сталин Поволжье, Орал, Батыс сібір, Орта Азия региондарын маңызды геосаяси қатынастарды жасауға бағыттады. Мұны Орталықтың адамына ғана сеніп тапсыруға болатын. Екінші Ф.Голощекинге өлкенің әлеуметтік-экономикалық кеңестік құрылымын жандандырып, қазақтарды экономикалық, саяси, мәдени жағынан Ресеймен байланыстыру міндетін орындау тапсырылды. 1925 жылы 12 қыркүйекте Қазақстанның жаңа басшысын күтіп алуға Қызылорда темір жол вокзалына БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің мүшелері жиналды. Келген сағаттан бастап бірінші басшы әріптестеріне қазақ ауылдарында «Қазан төңкерісін» жасайтындығын мәлімдеді. Осылайша Ф.Голощекиннің жаңа идеясының Мәскеудегі жоғары Орталық Комитеттен арнайы пысықталып тапсырылған идея екендігі көрініп тұрды. Ф.Голощекин келгеннен кейін үш ай өткесін 1-7 желтоқсанда V Бүкілқазақтық партконференция ауылдағы таптық күреске бетбұрыс жасап, ауылды кеңестендіру ұранын көтерді.

Қазақстандағы партиялық ұйымдар республикада жаңа идеялық-саяси төңкерістер бағыт алды. Лениндік жаңа экономикалық саясат идеясы жойылды. Конференцияға қатысушылардың көпшілігі 1918-1920 жылдары азамат соғысы уақытында партияға өткендіктен, әскери белсенділік танытып, Ф.Голощекинге қолдау көрсетіп, президиумға төмендегідей ұсыныстар жасады:



  • рулық бөлінушілікті болдырмау;

  • жалпы кедейлердің құқықтарын белгілеуді жүзеге асыру;

  • революциялық заңдылықтарды қатаң сақтау;

  • жұмысшы милициясы мен соттардың құрамын қайта қарау;

  • жұмысшы, шаруалардан шыққан жаңа қызметкерлерді партия ұйымдарына тарту;

Ресейде болып жатқан өзгерістерді Қазақстанда сол қалпында қайталаудың, әрине, ақылға симайтыны белгілі. Екі елдің діні, тілі, әдеп-ғұрпы, тарихи жолы екі бөлек нәрсе. Қазақстанда автогонистік негіздегі тап күресі бола да қоймаған. Осыларға қарамастан, енді бұлар аздай бағынбағандарға қолданылатын жаза да белгіленді. Жалпы қабылданған бағыттар республикадағы ұлттық мүддеге адал кеңес қайраткерлерінің қарсылығын тудырды. Реформалар барысында ұлттық көзқарастардың көрініс беруіне, мұндай әртүрлі топтардың шығуына орталықтың өзі кінәлі, халықты, ұлтты қорғау үшін көзқарастары жөнінен осылай бірігуден басқа амалдары қалмады. Мұндай ахуалды түсінбеген Ф.Голощекин және оның төңірегіндегілер Ж.мыңбаевқа, С.Садуақасовқа, С.Қожановқа «ұлттық топ», «бай элементтерді қолдаушылар» деген жалаларды жапты. 1919-1920 жылдары Орта Азияда жұмыс тәжірибесі бар Ф.Голощекин, И.Сталиннің ақылымен қазақ коммунистерін алдайтын саясат жүргізді. Орталық Комитет алдына үш түйіні шешілмеген сұрақтар қойды. Олар – ұлтаралық қатынастар, топтар және рулық тартыстар, ұлттық интеллигенция позициялары.

БК (б)П Өлкелік Комитеті 1926 жылы 2 мамырда «Қазақстан партия ұйымдағы партия ішіндегі топтар және ұлтаралық қатынастар туралы» директивалық хат қабылдады. Хатта бұрынғы ұлттық интеллигенцияның, дәлірек айтқанда Алашорданың кеңестерге қарсы ұстанған бағытына, кеңес өкіметінің ұлттық саясатының көзқарасы қазіргі республикадағы ұлттық қатынастардың қалай дамуы туралы сөз болды. Жарияланған хат 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 10 жылдық мерекесіне арналды. Тарихтан белгілі ұлт-азаттық көтеріліс жылдарында қазақтарға рухани ықпал етуші ұлттық интеллигенция партия қатарына кеш өтті. Алашордашылар қарулы күреске қарсы, болып, Уақытша үкіметпен бейбіт қатар өмір сүрді. Қазақ коммунистері Ресей большевиктері тәрізді большевиктік партияға ол құрылған уақыттан бастап енген жоқ. Азамат соғысы жылдарында болашаққа үмітпен қараған, кеңестер билігінен жақсылық күткендіктен оны қабылдады. Олардың өзіндік екершеліктерін ескермегені үшін мұндайда Қазақстанның большевиктерін кінәлаудан қажеті жоқ. Алашордашыларға қайта оралсақ, олар кеңес өкіметінің алғашқы жылдары олармен қоян-қолтық қызметтес болуға тырысты. Қазақ ұлтының түпкі мүдделері үшін Алаш қозғалысына қатысушылар кеңестік билікпен келісімге келу керектігін түсінді. Алайда большевиктік партия ішкі саясатында Қазан төңкерісінен кейін мұсылмандарға берілген дін бостандығы, шариғат соттары, тіл, жер тұтастығы, әдеп-ғұрып бәрі сақталатыны жөніндегі уәделермен әбден сенімге кіргеннен кейін, бар күшті ішкі «жауларға» жұмсап, оларды құртуға кірісті. Жасырын бүгілген жіміскі қаскүнем ойлар 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетіп, алашордашылар мен «ұлттық топтар» мүшелері түгелдей дерлік атылды. Осындай жаппай жазалаудың ішінде қазақтың біраз көрнекті ұлттық интеллигенция өкілдері де кетті, кеңестік өкіметке олардың көзқарастары, әрине, керек те емес еді. 1920 жылдардан бастап қазақ интеллигенттерінен большевик қазақтарды «сыпайы» түрде ажырату белең алды.

Ф.Голощекиннің ойынша «С.Қожанов, С.Сдауқасов, Ж.Мыңбаев тобы партияға қарсы ең қауіпті топ» болып саналды. Осыған орай 1925 жылы С.Қожанов Мәскеудегі БК(б)П Орталық Комитетінің аппаратына Ұлтреспубликалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушы ретінде жаңа қызметке жіберілді, яғни оны әдейі Қазақстаннан алып кетті.

Әрине, Ф.Голощекин істің түйіні Қожановты «қуып жіберумен» бітпейтінін түсінді. Қазақ республикасының басшылығында отырған Ж.Мыңбаев пен С.Садуақасовтың да қызмет мәселелерін шешіп алу да оның жоспарында тұрды.

1926 жылдың 25-30 қарашасында БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумы өткізілді. Онда бірқатар мәселелер қаралды. Оның ең негізгісі БК(б)П «Өлкелік Комитетінің бюросындағы жағдай туралы» Ф.Голощекин жасаған баяндама еді. Басқаша айтқанда «Қазақстандағы партия төңірегіндегі айтыс-тартыстар» мәселесі көтерілді. Негізінен баяндаманың мазмұны басқа европалықтар мен жергілікті қазақтардың өзара қарым-қатынастарынан басталып, Ж.Мыңбаев пен С.Садуақасовты сынауға жалғасты. Ф.Голощекиннің Өлкелік Партия Комитетінің V конференциясының ІІ пленумында екі Қайраткермен пікірлері бір жерден шықпай, оларды өзінің төңірегіне топтастыра алмағаны рас. Ал енді келесі ІІІ пленумында ол Ж.Мыңбаев пен С.Садуақасовтың мәселелеріне соңғы нүктені қоюға тырысты.

Ф.Голощекин Ж.Мыңбаев, С.Садуақасовтарға ескертулерін жаңа қоғамға сәйкес бейімделіп, «принципсіздік көзқарастардан арылу» қажет деген ақылмен бастады. Бұл жерде «кіші қазан» идеясымен келіспеушілік жөнінде сөз қозғалып отырғаны белгілі. Бұл идеясыз қазақ елінің өркендеуі мүмкін еместігін Голощекин айтудан жалыққан емес. Алайда екінші ескертуі мынаған тірелді: Ф.Голощекин Ж.мыңбаевтың және С.Садуақасовтың өзіне дұрыс көзқараспен қарауын талап етті. «Олардың ойынша мен пролетарлық тиктатура емес, буржуазиялық демократияның өкіметін орнатуға келіппін», -деп ол қинала сөйледі. Ұлттық қайраткерлерде ұлтшылдық болған емес, кезінде В.Нанейшвилиге ешқандай «ұлтшыл» көзқарас Ж.Мыңбаевтың да, С.Садуақасовтың да тарапынан болған жоқ. Сондықтан да Нанейшвили бұл екі қайраткерді осы үлкен посттарға тағайындады. Аз уақыт болса да сыйласа отырып қызмет етті. Ал Ф.Голощекин мүлде басқаша жұмыс әдісін орнықтырды. Ол өзінікін ғана дұрыс деуден бір танбайтын, орталықтың адамы еді. Барлық мәселені жалғыз өзі және жеке шешуді жөн көрді.

Қазақ Өлкелік Комитеті монополиялық ролінің шектен тыс күшейе түсуіне алғашқылардың бірі болып Ж.мыңбаев қарсылық көрсетті. Ол 1926 жылы қыркүйектегі бюро мәділісінде Ф.Голощекиннің жеке билігін сынға алып былай деді: «Соңғы уақытта Мыңбаев Қазақстан Орталық Атқару Комитетінде отырып көп жұмыс тындырып жатыр деген пікір бар. Мүмкін молай да шығар. Бірақ біз Голощекин жолдастың келісімін алмай ешқандай да мәселені ешекен емеспіз. Егер ол сыртта болса, бізтелеграф арқылы рұқсатын сұрадық, ал жауап келмесе онда оның қайтып келуін күттік. Ол сонымен бірге Голощекиннің қазақ коммунистеріне сенімдікпен қарап, ал кадр мәселесін Өлкелік Комитетте, бюродағы кеңес арқылы емес, керек адамдарды жеке шақырып алып сөйлесу арқылы шеше бастағанын айта келе: «Сонда қалай, бізден еңбекші бұқараға көрсетіп қою үшін қажет қуыршақ жасағыңыз келе ме?» - деген өткір сауал қойды. Ал Ф.Голощекин болса оған қарсы пікір айтып, Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Мыңбаев жолдастың жұмыс бөлмесі ұйымдық-орналастыру бөлмесіне айналды, бірқатар жолдастар Өлкелік Комитетке жазуды қойып, Мыңбаев жолдасқа жазатын болды. Сөйтіп ол өзіне Өлкелік Комитетке қарсы қоятынды шығарды, «Қожановпен бірге «августік блок» құрды», - деген жала жауып, Мыңбаевтың сөз арасында «қазақ елін жаңа жолға ерлер алып шығады» деген сөзін әдейі бұрмалап, «қазақ халқын жаңа жолға партия емес, Адайдан, шыққан ерлер алып шықпақ», - деп мысқылдап, күлкі етпек болды. Тіпті Голощекин мұнымен де шектелмей тек өз айтқадарының ғана дұрыс екендігіне үлкен сенімділікпен қарады. Сондықтан да өзінің Мыңбаев сияқты жергілікті коммунист басшыларды үйрету, оқыту құқығына ие екендігін жасырмай және Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасымен мәмлеге келгісі жоқ екенін ашық білдіріп, пленумда: «Мен сізге көп үйреттім, одан ештеңе шығатын емес, әлі де үйретемін, бұл менің міндетім», -деп өзінің бұл жердегі «артықшылығын да» көрсетіп бақты.

1926 жылғы Өлкелік Комитеттің ІІІ пленумында С.Садуақасовқа, С.Қожановқа, Ж.Мыңбаевқа негізсіз жабылған жала – оларды «байлар идеологиһтары», - деп біржақты айыптау голощекиндік аппараттың туған халқын қандай апатқа апара жатқанын дер кезінде сезіне білген жіне оның алдын алу үшін жанталасқан қайраткерлерге халықты қарсы қоюдан туған тұжырым еді.

Голощекиннің мұндай жалақорлығы, тар түсінігі, Ж.Мыңбаевты, С.Садуақасовты танып білуден туған емес-ті. Ол орталыққа өзі Қазақстанда партия саясатының ұлы орындаушысы ретінде танытқасы келді.

Осыған орай жоғарыда аталған Өлкелік Комитеті пленумында былай деді: «Қадірлі Сәдуақасов жолдас! Сізге дабыл қағылды! Егер жолдас Мыңбаев сіздің қолдауыңызға сұйеніп Өлкелік Комитетте күнде «бүлік» жасай берсе, қазақылануға қатысты даму мәселелерін қазір шешпей, Орталық Комитет қойған өмірлік маңызды тапсырмаларды орындай алмаспыз, оның орнына Сырдария губерниясындағы немесе бұрынғы ескі Қырғыз облыстық комитетіндегі таластар мен өзара топтасулардың шылауында быт-шыт болармыз»,-деді. Осылайша ол Ж.мыңбаевты тағы да «бүлікші», оның үстіне С.Садуақасовқа арқа сүйеген бүлікші етіп көрсеткісі келді. Сонымен қатар Голощекин өзі туралы әртүрлі өсек-аяң хабар жинап, С.Садуақасов пен Ж.мыңбаевты әшкерелей түсті. «С.Садуақасов Сталинмен сөйлескеннен кейін, - деді ол, - менің басшылығымды мақтадым десе, Нұрмақов оны жоққа шығарады... Ал Мыңбаев бір кісіде (Молотов) болды, онда өзі туралы жақсы сөздер айтып, маған келгенде өрескел, бізге жұмыс істетпейді», - деуге дейін барған. Міне осылайша Голощекиннің баяндамасындағы қайраткерлерге нақты берілген бағалардан ар арқылы, адами тұрғыдан сараптауларды емес ойлау деңгейі шектеулі, төменгі қалыптағы пайымдауларды көреміз. Кімнің өзі туралы не айтқанын қозғау бірінші басшыға да, демократияға да жараспайтын нәрсе. Ф.Голощекин С.Қожановты қазақ жерінен аластатып жібергеннен кейін, оның неге қуғанын шегелей түсу үшін, осы мәселеге өзінің сөздерінде айналып соғып отырды. Оның бір жағынан «Мен өзіме қарсы келгендерді аямаймын, кімде-кім тәртіпке көнбесе, тура Қожановтың кебін киеді», - деп ашық қыр көрсеткені де белгілі.

Ал енді бұрынғы Өлкелік Комитеттің хатшысы Қожанов Мәскеуде Сталинмен кездескенде: «Білесіз бе жаңа өкімет орнаған кезінде елдің оқыған, зиялы азаматтардың әртүрлі деңгейде, дәрежеде ойлап, өзара пікір сайысына түсуі заңдылық. Оның болашақ үшін ешқандай да зияны болмауға тиіс. Ащы айтыста нағыз шындық дүниеге келеді. Өз басым ондай «щиналардан» үрікпеймін де, қорықпаймын да. Олар өзінше партиялар іспетті», - дегені бар. Міне, нағыз жоғары өрелі пайымдау осылай болса керек. Сталин мен Голощекин өздері ойлап шығарған «Сәдуақасовшылдықты», «Меңдешевшілдікті», «Қожановшылдықты» өздерінше сипаттады. Олардың ойынша бұл ру таласы, болмаса билік таласы еді. Орталық Комитет қолында билігі бар әкімшіл-әміршіл жүйені орнықтырды. Сондықтан билік иелері қалай келіссе де, қалай жоспарласа да алға қойған мақсаттарына жетіп отырды. Осының нақты мысалы Өлкелік Комитеттің ІІІ пленум қабылдаған қаулы. Онда мынадай жолдар бар: «Өлкелік Комитеттің бюросындағы жағдай туралы баяндаманы талқылай келіп, оның кейбір мүшелерінің әкімшілік күреске қатысу фактісіне байланысты БК(б)П Өлкелік Комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумы қаулы етеді:

1) V конференциядан бергі жерде көрініп отырғанындай, Өлкелік Комитеттің бүкіл бағыты тұтасымен және толық V конференцияның және ІІ пленумның бағытын бейнелейді және өзінің партиялық ұстамдылығы мен практикалық жетістіктері жөнінен шынайы партиялық көзқарастағы адамдардың бәріне алауыздыққа және өлкелік комитет бюросының басшылығын кінәлауға сылтау болмауға тиіс еді және бола да алмады.

2) Бюро мүшелері Мыңбаев пен Сәдуақасовтың бюро басшылығының бағытына қарсы көтерген науқаны тек топшылдық ниетінен туған.

3) Біріккен пленум былай деп есептейді: Қожанов, сәдуақасов және мыңбаев бастаған топ өзінің және бағыттары, әдістері жөнінде Қазақстанға мәлім болған ескі жікшілдік қалдықтарын (принципсіздік және жеке бастың бақастығы) сақтай отырып, сонымен бірге ауылдағы дәлетті топтардың партия және совет өкіметіне жасамақ ықпалын білдіретін идеялық ауытқушылықты көрсетеді.

4) Бұл ауытқу мынадан көрінеді:

а) Мыңбаев пен Садуақасов ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды өзгертудің революциялық әдістер туралы мәселе жөнінде ІІ пленумның бағытымен өздерінің келіспейтіндіктерін талай рет айтты; олар ауылдағы қазіргі бар, төңкеріске дейінгі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды өзгетпей-ақ еңбекшілер кеңестерін құруға және ауылды социалистік құрылыс арнасына кешіруге мүмкін болады деп санайды.

ә) Мыңбаев пен Сәдуақасов жергіліктендіру саласындағы Өлкелік Комитет айыптаған ауытқушылықты қорғайды, бұл ауытқудың мәні – жергіліктендіру мәселесін дұрыс түсінбеуде және оны жергіліктендірудің аппаратын қазақ бұқарасына жақындату мен сол бұқараны совет құрылысына тарту міндеттерге қаншалықты сай келетінін есіне алмай, қалай болса солай жүзеге асыруда; олар өздерінің талаптарына, бір жағынан, партия аппараты мен кеңес аппаратын халықтың ұлттық құрамының пропорциясына қарай қазақтандыруға дейін барды, екінші жағынан, нақты кандидатураларды және партиялық басшылықты қамтамасыз етуді есепке алудың орнына, басшы назарды партияның жоғарғы буынының басшыларын қазақтандыруға аударды; сөйтіп мәселенің функциялық тұрғыдан жергіліктендіру қажеттігі жөніндегі бірауыздан қабылданған шешімнің, өлкелік комитеттің аппараты шын мәнінде қабылдаған шешімінен назарды басқа жаққа аударады.

б) революциялық зыңдылық бағытын жүргізу әлсіреді.

5) Біріккен пленум кеңес органдарында жалпы орын алып отырған және партиялық басшылықтан қол үзу мен шектеу сияқты әрекеттердің өте қауіпті белгілерін атап көрсетті.

6) Біріккен пленум Қожанов, Мыңбаев және Садуақасов басқарған топтың мінез-құлқы мен жұмысын және позициясын айыптайды және өлкелік комитетінің тарапынан оларға ұйымшылдық пен тойтарыс берілгенін мақұлдайды.

Біріккен пленум топ құрушылықтың қайталануы бұл жөнінде Қазақстанның бүкіл партия ұйымының пікірін сұрауға мәжбүр ететінін ескертеді.

7) Пленум «солшыл» жалауды жамылған қарама-қарсы топтардың әрекеттерін де дәл осылай батыл айыптайды.

8) Біріккен пленум ескі топтардан қол үзіп, тура партиялық бағытқа сай бағдар ұстаған салауатты қазақ қызметкерлері белсенділелірінің өсіп келе жатқандығын қанағаттандырлықпен атап көрсетеді.

9) Біріккен пленум қазақ жетекші баспасөзінің партиялық бағытының дұрысталып келе жатқанын атап көрсетеді және жалпы алғанда қазақ ұйымдағы партиялық бағытты идеологиялық және ұйымдық тұрғыдан бұрмалаушылықтарға қарсы батыл күрес жүргізу қажет деп есептейді. Атап айтқанда, алашорда идеологиясына, қазақ коммунистер арасындағы ұлтшылдық «оңшыл» және «солшыл» ауытқушылықтарға қарсы идеялық күресті күшейту қажет.

10) Садуақасов пен Мыңбаевтың жікшілдік күреспен жұмысты тоқтатамыз деген мәлімдемесін ескере отырып, біріккен пленум партия ұйымы Садуақасов пен Мыңбаевтың мәлімдемесін олардың практикалық жұмыстарында тексеріп көреді және топ құрушылықтан бас тарту шынында да алдағы уақытта қалыпты жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлар жасайды деп есептейді.

Қаулыдан көріп отырғанымыздай, Ж.мыңбаев пен С.Садуақасов жаңа партия қатарына қабылданған жас мүшелерге «жаулар» ретінде көрсетілген. Оларға қарсы өшпенділік ой тудыру байқалады. Сонымен қатар Голощекин осы пленум алдында, өзінің саясатының дұрыстығын дәлелдеп бақты. Өзінің атқарған жұмыстарын, ұстанған саясаттарын тәптіштеп тізіп шықты, бәрінен бұрын «топшылдығы» бар, жоғын анықтап және халықтың бұған көзін жеткізу саясатынан бастады. Егер пленум жоққа шығарса, пленумға бағынатын тәртібін де айтпай кетпеді: Ф.Голощекиннің партия қызметкерлері алдында ақталу үшін қойған сұрақтары төмендегідей:

Бірінші сұрақ: «Менің баяндамама байланыс, Қожанов, Садуақасов және Мыңбаевтар топшылдық құрамда болды ма? «Иә» не «жоқ» деп жауап беріңіздер. Екі куәгерді аламыз. Мен өлкелік Комитет пен Өлкелік бақылау комиссиясы алдында жолдас Жандосовтан жауап беруді талап етемін. Болды ма?

Жандосов: Мен айттым. Топтық идеялық құрылуынан бимәліммін.

Голощекин: Жолдас Әлібекос. Болды ма?

Әлібеков: Болғаны рас.

Голощекин: Жолдас Әлібеков әділ жауап берді. Жандосов – жоқ.

Сіз өзіңіз келдіңіз, маған айттыңыз: «Топ бар, мен оны қаламаймын, маған Өлкелік Комитеттің хатшысына қосылатын», -деп. Мен былай жауап бердім: «Бұл өте маңызды нәрсе емес, өзіңіздің жолыңызбен жүріңіз, топтың жолымен емес» - деп. Бұлай болмайды Жандосов жолдас, біз партияның, Өлкелік Комитеттің, Өлкелік бақылау комиссиясының алдында тұрмыз. Голощекин осылайша тоқмейілсіді және партияның сара жолына сыңай танытты, мұны қазақты қазаққа айдап салу саясатымен ұштастырды. Ал қазақ коммунистерінің ішінде де Голощекинге адал берілгендері аз болған жоқ. Голощекин бастаған республика партия ұйымының орталық комитеті Мәскеуге «оңшылдарға» қарсы аянбай күресеміз деп ант берді және партия ұйымдарындағы «солшылдықтың», «оңшылдықтың» одақтастарын ресми сынады. Голощекиннің есепті баяндамасы жергілікті ұйымдарға жасалған ұсыныстарда «оңшыл» ағымның мәнін «аша» және оңшылдар деген кімдер екенін анықтай түсті. Иә, Қазақстан басшылары сол кезде осылай ұрандады. Ал енді жоғарыдағы партия, Өлкелік Комитет алдында тұрмыз деп ағынан жарылған Голощекинді 1941 жылы сол партия жер жастандырды. Тағдыр тәлкегі деген осы...

Голощекиннің аталған пленумдағы екінші сұрағы мынаған тірелді: «Қыркүйек, қазан айларында бюро қазақыландыру бағытын дұрыс жүргізбеуде деп кінәлады, «мені диктатор» деп айып тақты», -дегенге тірелді. Айта берсек сөз көп. Қазақ коммунистер арасында «қу жақ» аталған Голощекин әр жиналыстарда «топшылдық пиғылдағы» Ж.мыңбаев пен С.Садуақасовты жамандауға арнайы уақыт бөліп отырған. Ж.мыңбаев Голощекиннің демократиялық заңдарымызды сақтауды аяқасты етіп отырғанын ескертті, оның диктаторлық әрекеттерін беріне басып көрсетті. Ж.Мыңбаев Қазақ Өлкелік Комитеті демократияны аяқасты етіп, нашар жүргізіп отырғанын дәлелдеп берді. Оған қарсы Голощекин Конституцияны еске салып, оны тілге тиек етті. Голощекиннің жауабында Ж.мыңбаевты сынаған мынадай жолдар бар:» Конституция осы, жолдас Мыңбаев. Әрине кеңестік конституция дүние жүзіндегі ең демократиялық конституция, сонымен бірге жазылмаған конституция, былайша айтқанда, БК(б)П үстемдік партиясы пролетариатты мемлекетті қазақыландырудан қорғайды». Алайда ешбір елде жазылмаған конституция жоғы белгілі. Кешегі әміршіл-әкімшіл жүйеде, конституция сөзі басқа, істелетін әрекет бөтен еді. Ф.Голощекиннің айтып тұрғаны да деомкратиядан гөрі осыған саяды, Партияның демократияны белден басуы, «пролетариат» деген ат беріп еңбекші халықты алдап қоюы бүгінде әшкереленген шындық.

Ж.Мыңбаев өзінің сөзінде аппаратты қазақыландырудың әлі де жылжуы мардымсыздығын дәлелдесе, оған Ф.Голощекин былай жауап қайтарды: «Иә жергілікті халықты тарту әлі мардымсыз, хатшылықтың құрамы туралы. Бізде уком хатшыларында қазақтар – 21, орыстар – 13, қалалық комитет хатшыларында қазақтар – 2, орыстар – 4. Петропавловскіде олардың 74%-і орыстар, төраға мен хатшылар – қазақтар».

1920-30 жылдардағы қазақ интеллигенциясының өресі, рухани дамуы, білімі Ресей және тағы басқа елдерден кем емес еді. Ал енді осындай білімі бар адамдарды басшы қызметке тарту орнына, Ресейден орыстар көптеп жіберілу орын алды. Бұл да «интернационализм», «халықтар достығ» деген желеумен қазақ жерін орыстандыру саясаты еді. Патша үкіметі қазақтың ашық жерін тартып алса, большевиктер біртіндеп сенімге кіріп, отарлады. М.Шоқай Парижде эмиграцияда, Т.Жүргенов Тәжікстанда, Өзбекстанда халық комиссары, алашордашылар о бастан-ақ қызметтен қуылды. Ал оданда басқа бір орыстай басқаратын қазақ қайраткерлер бар. Орыстар бұл қайраткерлерге сенбейді ме, әлде өзге ұлттармен барынша раластырып бір-бірін аңдытып қойды ма? Кім біледі. Алашорда демекші, олар туралы Голощекин мен «оңшыл топ» арасында әңгіме өрбіген.

Голощекин пікірінше алашордашылар екіге бөлінді, ескі алашордашылар және жаңа буын. Екіуінің арасында үлкен айырмашылықтар бар. Бұрынғы алашордалықтар буржуазиялық төңкеріс жақтаушылары, ал жас алашордада ондай қасите жоқ. Олар кеңес өкіметі арқасында өсіп жетілген».

Мыңбаевтың «жастар жоқ, жастардың бәрі партияда», - дегеніне қарамастан бұл жерде Голощекиннің түпкі ойы түсінікті, бұрыңғы алашордашыларға Ә.Бөкейхановты, М.Дулатовты, Ж.Аймауытовты т.б. айтып тұрса, ал жас алаштықтарға негізінен Ж.мыңбаевты, С.Садуақасовты жатқызады. Бұдан шығатын қорытынды –екі топтың да ұстаған бағыттары ұлтшылдық. Сонымен қатар Голощекин идеологиямен айналысу үшін 1-2 адамды арнайы бөліп, олардың баспасөз т.б. арқылы жұмыс істеуі керектігін да баса көрсетті. Ондағы мақсаты «ұлтшылдар» кеңес идеологиясын аяқасты етіп өздеріне қаратып алмасын деген қауіптен туындайды. Осыған дәлел – оның Өлкелік Комитеттің ІІІ пленумындағы сөзі: «жаңа фактіні хабарлауға рұқсат етіңіздер, - дейді онда Голощекин. –Ж.Мыңбаев Бөкейхановтың Қазақстанға келуіне рұқсат беріпті, Өлкелік Комитет пен бюро оған келіспейді». Ф.Голощекиннің Алашордадан қорқу себебі түсінікті. Ал енді ол Ж.мыңбаевты алаштықтармен негізсіз теңеп, әдейі жақындастырып отыр. Себебі Орталық Комитет, Кеңестік тоталитарлық мемлекет үшін алашордашылар мүлде жат құбылыс. Ал егер кеңес партия қайраткерлерінің бірі олармен ауыз жаласса, бұл жалпы кеңестік қайраткерге төнген қауіп. Голощекин осындай қауіпті Мыңбаевқа да тілеп отыр. Кейінгі тарих көрсеткендей Ж.Мыңбаев тәрізді ұлттық қайраткерлердің аты сондықтан да тарихтан өшіріліп, партиялық тұрғыдан біржақты қараланып аталды. «Қазақстан коммунистік партиясы тарихының очеркілері» атты кітапта тарихжөніндегі білімнің – ақиқаттың бәрі жоққа шығарылып, Ж.Мыңбаев елдің санасынан, әдейі ығыстырылды. Онда мынадай жолдар бар: «...Садуақасов, Қожанов, Мыңбаев және басқаларының тобы шын мәнінде және күрес әдісі бойынша ауылдағы ауқатты топтардың ықпалын бейнелейтін әрекеттегі топтар екенін атап көрсетті...».

«...20-жылдардың басынан бастап республикада басшы қызметте болған С.Қожановтың тобы да осындай ұлтшылдық позицияда болды. Бұл топ қазақ ауылындағы революциялық өзгерістерге және қанаушы элементтерге шабуыл жасауға қарсы шығып, республиканың халқы арасында ұлтараздығын қоздырды. Қожановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасты, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жариялады.

Халық үшін мерт болған азаматтарға, бұрмаланған, принципсіз түсінік кейінгі тарихымызда осылай қалыптасты.

1927 жылы қарашада БК(б)П Өлкелік VІ партия конференциясында БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы А.Андреев: «Менің ойымша, жолдас Голощекин баяндаған партия басшылығы айтарлықтай мықты, өктемшіл, қысымшыл емес», - деген қорытынды жасады. Сөйтіп, мәскеу тағы да Қазақстанда берік орнығып келе жатқан әкімшіл-әміршіл жүйеге дем беріп, регионалдық көсемшілдікке жағдай жасады. Орталықтан мықты тіреу тапқан Голощекин «оңшыл» ағыммен күресте қарсылысының түбіне жетуді көздеген, сағат бойы жасаған баяндамасында «Зиновьевтің маған не дегенін сіздер білесіздер ме: «Қазақстан Голощекиннің жеке еншісіне басыбайды берілген». Ал бұл болса Мыңбаевтың сөзі. Мұнымен қоса «жолдастар айтыңыздаршы қашан, қай жылдары, Қазақстанның партия ұйымы осындай қанатын кең жайып, өсіп еркендеп еді? Өлкелік Комитет соңғы екі жылдағыдай беделге бұрын-соңды бөленіп көріп пе еді?» Осылайша Ж.Мыңбаевты ашық сынау біртіндеп ашық қоқан-лоққа көрсетуге ұласты. «Қандай да болмасын топтың көсемдері», - деді Голощекин одан әрі, - Өлкелік Комитетке қарсы шығып көрсін, олардың бәрі бір аптаның ішінде құртылады».

Ф.Голощекин қазақ коммунистерінің бір тобын ешбір тәрбиеге көнбейтін, жауапты жұмысқа пайдалануға жарамайтын ұлтшыл-уклонистер қатарына жатқызды. Екіншісін, жағдайына қарай терісін өзгертіп отыратын хамелеонға теңеді. «Олардың үшінші тобын, - деді ол қазақ зиялылары туралы, - орын алған қателіктері үшін барлық жауапкершілікті бір ғана Ф.Голощекинге аударғысы келетіндер».

Оның бірінші пікірінде айтылғандарға кімдерді жатқызып тұрғаны белгілі: «Олар ұлтшыл-уклонистер» Ж.Мыңбаев, С.Садуақасов, С.Қожанов. Сонымен бірге Ф.Голощекин Өлкелік Комитеттің ІІ пленумында тіл жөнінде Ж.Мыңбаевпен келіспей қалды. Оған себеп Ф.Голощекин: «Партилық сұрақтар мәселесінде партиядан, комитеттерден, хатшылардан емес, партия басшылығында кім тілді біледі, -деп сұраған жөн дейді. – Мен губерния, уезд атқару комитеттері жанындағы комиссиядан сұрадым», -деген еді. Ж.Мыңбаев болса: «бұл мәселе партиялық талап, ХІІ съезд талабы, менікі емес», -деп кесіп айтты.

Ф.Голощекин Ж.Мыңбаевты «нашар ойланасыз» деп айыптады. Ал Мыңбаев оған қарсы: «Үйретпеңіз», -деп қасарысты. «Мен сізді көп нәрсеге үйреттім, бәрібір ештеңе шықпайды», - деді Голощекин. Ж.Мыңбаев: «Тағы үйретіңіз», - деп қасарысты. Ф.Голощекин болса: «Үйрету – менің міндетім, одан жалықпаймын», - деп қасарыса түсті. Жалпы алғанда осындай келіспеушіліктеріне қарасақ Ж.Мыңбаевты жоғарыда айтылған үш пікірдің біріншісіне жатқызып отырғанын аңғарар едік. Ф.Голощекин өзінің осындай көзқарастарында «август тобы» аталған «оңшыл» Қожанов, Садуақасов, Мыңбаевтар қатарына Ыдырыс Мұстамбаевті да қосты. Ол кезде Ыдырыс Мұстамбаев Қазақстанның байланыс халық комисары қызметінде болған еді. Ф.Голощекин бұл топтың ішкі саяси мәнін де ашуға тырысады. Голощекиннің ойынша бұл топ біріншіден европалықтарға қарсы құрылған оның ішінде Орталық Комитет қызметкерлерін отарлаушылар ретінде Нұрмақовтарға да қарсы бағытталып отыр.

«Олардың негізгі бетке ұстар жалауы – қазақыландыру». Қазақыландыру – бұл жергілікті халықтың қызметкерін, кадрларды көптеп жұмысқа тарту, қазақыландыру – ол Ресейді т.б. өзге елді емес қазақтың өз елінің саясаты болатын. Ал шын мәнінде партия халыққа қарсы саясат ұстап отырғанын көрсетті.

Өлкенің сол кездегі басшылығы аса күрделі кезеңдегі оқиғаларға нақты баға беруге, сыни көзқарас танытуға қабілеті жоқ екенін көрсетті. 1926 жылы қарашаның 12-14-терінде Мәскеуде өткен БОАК-інің ұлт өкілдерінен сайланған мүшелерінің дербес кеңесі Ж.Мыңбаевты сынауға тағы бір жол ашады. Бұл БК(б)П Орталық Комитетінің рұқсатымен, Т.Рысқұловтың бастамасымен және жетекшілігімен болған осы кеңеске РСФСР-дың автономиялық республикалары мен облыстарынан сайланған 50-ге жуық БОАК мүшелері қатысады. Айта кеткен жөн, бұл кеңес Л.Троцкийдің «Коммунистическая оппозиция в СССР» атты кітабын жан-жақты баяндалады.

Кеңес М.И.Калинин басшылық еткен БК(б)П Орталық Комитетінің «РСФСР-дың ұлттық республикалардың, облыстардың құрылымы жөніндегі комиссиясына» көмек көрсету мақсатында өткізіліпті. Ал шын мәнінде бұл автономиялық республикалар мен облыстардан сайланған БОАК мүшелерінің ұжымдасқан түрде БК(б)П Орталық Комитетіне қарсы шығуын ұйымдастырмақшы болған ұлтшыл-уклонистер мен жершіл элементтердің пиғылы ретінде бағаланды. Кеңестің тізгінін ұстағандарды – Дағыстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Самурскийді, Қазақстанның бұрынғы жауапты қызметкері С.Қожановты, Қырым АССР-і жоспарлау комитетінің жауапты қызметкері Дерен Айрыпты ұлттық саясатты жүзеге асырудағы кейбір кемшіліктер мен қателіктерді пайдаланып, асыра көрсету арқылы партия мен кеңес үкіметін, орыс емес ұлттардың мүдделерін аяқ асты етіп отыр, ХІІ партия съезінің бұрын езгі көріп келген халықтардың іс жүзінде теңсіздік көріп отырғанын жою туралы шешімдерін орындамады деп кінәлады. Осы жиында сөз алған Асфендияров БОАК пен Шығыстану институтында жұмыс істейтін. Қазақстаннан барған Ж.Мыңбаев, БК(б)П Орталық Комитетінің нұсқаушысы және Марксизм-Ленинизм университетінің тыңдаушысы Қожанов да қазақ еліндегі келеңсіздіктерді тілге тиек етті. Біз Жоғарыда Ж.Мыңбаевтың «саяси көзқарастарында» оған жақынырақ тоқталдық.

Ж.Мыңбаев Мәскеуден келгеннен соң, 1926 жылы 18 желтоқсанда БК(б)П Өлкелік Комитетінде, Бақылау комиссиясында, Халық Комиссарлар Кеңесінде және Орталық Атқару Комитетінің фракциясының бірінші мәжілісінде талқыланады. Енді осы мәжілістің қаулысына назар аударайық: Өлкелік Комитет, Өлкелік бақылау комиссиясы, ҚОАК мен ХКК Мәскеудегі Т.Рысқұловтың басшылығымен өткен ұлтшылдардың мәжілісімен таныса отырып, Орталық Комитетке мәлімдеді.

1. Ұлттық республикалардағы кеңес өкіметі мен партия ұйымдарының өсуі ұлғаюда. Республика партия кеңестерінің пікірлерімен – «ұлтшылдық» пікірлері келіспейді. Осы мәжілісте пікірін білдірген қазақ қызметкерлері Қожанов, Мыңбаев және Асфендияров тезисі Өлкелік Комитет пен ҚАССР үкіметімен бір бағытта емес.

2. Біз бұл мәжілістегі бағыттарды дұрыс емес деп есептейміз. Бұл партияның ұлттық саясатын, жетістіктерін қолдамау. Біз ІV ұлттық кеңес шешімдерін, жетістіктерін практикалық тұрғыдан бағалаймыз.

3. Ұлттық мәселелердің негізгі бағыттары партияның Х және ХІІ съезідерінде ІV ұлттық мәжілісте жеткілікті анықталғанын мойындаймыз. Біз V ұлттық мәжілісті шақыруды талап етеміз.

4. Біз қауіпті уклонды Орталық Комитет пен Орталық бақылау комитеті принципті түрде қарама-қайшылықта екенін дәлелдейміз.

5. Индустрияландыру жоспарын, шаруаның жоспарын тез арада енгізуді, біз ұлттық мәселенің осы сұрағына, яғни индустрияландыруға қарсы емеспіз.

6. Ұлттық кеңестің бағыттарына қарсы біз тұтасымызбен Орталық Комитет пен оның ұлттыұ саясатымен толық келісеміз деп қаулыны Орталық Комитетке жібереді.

Орталық Комитет пен ұлттықреспубликалар арасында алауыздық бар екені даусыз. Кеңес өкіметі нақты мүмкіндікпен санаспай, шалғай аймақтарда индустрияландыруды жедел қолға алуға тырысқаны рас. Республикадағы партияның орталық басқару органдарын ұлы өкілеттің негізінде құруды талап етті. Кейбір сөздерден «орталықтандыру тенденциясына» қарсы ұлттық республикалар бірігіп қимылдады, кей жерде ашықтан-ашық шақыру байқалады.

Жоғарыда аталған осы мәжілістегі сөйлеген «ұлттық көзқарастары» үшін Ж.Мыңбаев айыпталды және оның қаулыдан өзінің атын алып тастау туралы өтініші қанағаттандырылмады. Ал енді Ж.Мыңбаевтың V ұлт кеңесінде сөйлеген сөзіне оралсақ, былайша ойын тұжырымдайды: «Бүгін бұл жерде V ұлт кеңесін шақыру туралы сөз болып отыр. ІV ұлт кеңесі бізге не берді деген сауал менің көкейімде тұр, сіздер неге бұл кеңестің нәтижелерін талап етпейсіздер? Партияның таяу арадағы пленумына мәселе қою үшін, не нәрсенің істелгенін партия білуі үшін біздер ІV ұлт кеңесі қаулылары байынша атқарылған шаралар қорытындысын талап етуіміз керек. Осыдан бері 5 жыл өтті. V ұлт кеңесін шақырғаннан гөрі, мәселені осылайша қою дұрыс болар еді. Партия ІV ұлт кеңесі қаулыларының осы уақытқа дейін жүзеге асырылмағанын білген кезде, бүгін біздер қойып отырған мәселелердің бәрін сол уақытта талқылау қажет.

Әзірше, сіздер партия сапасы бойынша ұлттық республикаларды басқаруға көбірек қатысуға қол жеткізбейінше, бүгін осында қозғалып отырған мәселелердің бәрі де жүзеге асырылмайтынын тағы да қайталап айтамын. Егер біз мұны Орталық Комитеттің алдына қойып талап ете алмасақ, онсыз бірде-бір мәселені шеше алмаймыз. Біздің қойған мәселелеріміз бос сөз болып қалады. Мен мұны неге айтып отырмын. Нәтижесінде ІV ұлт кеңесі бізге не берді? Бергені шамалы, өйткені жергілікті жерлерде кемшіліктер бар, ұлт өкілдері басшылық орындарға тартылған жоқ. Онда толық түрде теңгеру мен әміршілдік әдіс жүргізілуде. Біздер партиялық басшылықты жергілікті жерлерде тиісті дәрежеде ұйымдастырмайынша, алға қарай ілгерілеп қадам баса алмаймыз, артта қалып қоямыз».

Ж.Мыңбаевтың табанды талабы қазақ кадрларын қызметке көптеп тарту екені байқалады. Әр республикаға өз ұлттарының жанашыр болуын қалап, келелі ұсыныстар айтқан. Айтылған ұсыныстар Өлкелік Комитеттің хатшысы Ф.И.Голощекинге және оны төңірегіндегілерге қалай әсер еткені, тартыс мәселесі осында жатса керек.

Көріп отырғанымыздай, Ф.И.Голощекин шенеу билікке сүйене отырып қазақ коммунистерін қаралаудан әсте жалықпаған, Ж.мыңбаевты, С.Садуақасовты, С.Қожановты барлық бас қосылған ірі мәжілістерде, дәлірек айтқанда, Өлкелік Комитеттің ІІ пленумында, ІІІ пленумында V, VІ Бүкілқазақтық партия конференцияларында және т.б. толып жатқан ресми жиналыстарда тоқталып отырған. Ол шындығында Қазақстанда болмаған ұлттық топтар мен блоктарды, жасырын кеңес-қызметтеріне қарсы ұйымдарды ойлап табудың шебері болды. Қазақ коммунистеріне шексіз сенімсіздікпен қарап, өзіне жақпағандарды «ұлтшыл» деп кінәлаумен болды.

Оның ұстанған мақсаты мен өзіндік пікірі «рысқұловшылдық», «меңдешевшілдік», «қожановшылдық», «садуақасовшылдық» тәрізді жалған тпотарды тудырды. Бүгінгі күні архив құжаттарымен таныса отырып, бұл топтардың негізсіз, қолдан жасалғанына көзіміз жетуде. Голощекин мұнымен де тұрмай, қазақ қайраткерлерін бір-біріне айдап салумен де шебер айналысты.

Идеология майданында да қызу айтыс-тартыстар жүрді. 1925-28 жылдары қазақ баспасөз пікір-таластар толастамағанын көреміз. Большевиктік идеология үстемдік құрып тұрған уақытта ұлтымыздың ерекшелігін ескеріп, салт-дәстүрлерін сақтап, мәртебесін көтерген тілді, дінді сақату, бостандықты қорғау тәрізді қадамдардың барлығы ұлтшылдық насихат болып есептелінді.

Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жазған «Жікшілдік туралы» деген мақаласында «Қазақ мемлекет болған алғашқы жылдарда патша заманынан қалған, бас қамын көздеп, мансап қуғандар да партия қатарына кіріп жатыр. Қазақстанның өзгеден гөрі шаруа, мәдениет жағынан көрініп тұрған ерекшеліктері ескертілді, «отаршылдар» күшейді. Мансап қуғандармен алысып, отаршылдықпен күресіп жүрген қазақ коммунистерінің көбі партияның негізгі пікірін ұмытып, бәлкім «ұлтшылдық» ауруына ұшырады», - деп жазды. Бұл әңгімеге арқау болған «ұлтшылдық» емес, қайта большевиктік озбырлық саясатын тежеу, қазақ ұлтының мүддесін қорғау еді.

Екінші бір қайраткеріміз Ғ.Тоғжанов 1927 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жазған «Қазақстан коммунистерінің көпшілігі партия жолында» деген мақаласында «Смағұл, Сұлтанбек бастаған жіктерде, партияға қосылмайтын пікірлер бар», - деп ой түйеді. Автор «бұлар партия жолына өарсы», - дей келіп, ең бірінші тап күресі туралы «олар ІІ пленумда Өлкелік Партия Комитетінің байлар үстемдігін жою керек, қазақ байын ауыздықтау керек, қазақ ауылында төңкеріс исін шығару керек дегенге қарсы шығып, қазақ ауылын қозғамау керек, төңкерістің исін шығармау керек, байды ауыздықтау ауызға алатын сөз емес, қазір ауылға бейбіт еңбек керек» - деген болатын. Автордың ойынша олардың екінші пікірі қазақыландыру жұмыстарынан көрінді. Біріншіден «қазақтар көп қоныстанған аудандарда мекеме басшылары қазақ болсын, екіншіден, қазақыландыру партия комитетінен басталып, Өлкелік бақылау комиссиясы, партия комитетінің бастықтары қазақ болсын» деген ұлтшылдық пиғылдарынан көрінді. С.Садуақасов өзінің Ғ.Тоғжановтың осы мақаласына жауап ретінде жазған пікірінде «партиялық басқару әңгімесін қаржыландыру мәселесіне қосылмаймын деп отырып, негізінде партиялық қазақ басқарушыларына қарсы болып қалмау керек», - деп ескертті.

1927 жылы ақпанда Ташкент қаласында осы мәселе төңірегінде пікір білдірген С.сапарбеков «сәдуақасовшылар» ұлтшылдар пікірін білдіреді, көксейтіні – қазақтан бағынбайтын бөлек әскер қорғаны бар мемлекет құру», - деп ақиқатты көпе-көрнеу бұрмалады.

І.Құрамысовтың «О садуакасовской индустриализации», О.Исаевтың «О национальностях и буржуазных националах» деп аталатын еңбектері де осылай «ұлтшылдарды» қаралауға бағытталды. Қазақ коммунистерін қателестіруге душар еткен жағдай партияның пленумдарында, съездерінде топшылдыққа берілген бағалар еді. Мәселен, Өлкелік Комитеттің V партия конференциясы ұзақ уақыттан бері әртүрлі топтармен шешуші күрестер жүргізіп келеміз деп көрсетті. Одан әрі топшылдық негізінен біріншіден европалықтарға қарсы, отаршыларға қарсы, екіншіден еліміздің партиялық линиясын дұрыс жүргізбей отырған «сатқын» партия қызметкерлеріне қарсы.

Бұдан шығатын қорытынды Ж.Мыңбаев пен С.Садуақасовты «ұлтшыл» ретінде көрсету Голощекин төңірегіндегілерге басты мақсат болды. Орыс тілділердің қазақыландыру, жергіліктендіру саясатын іс жүзіне асырмай тастағаны былай тұрсын, оны жақтаушыларды «ұлтшыл» ретінде халыққа қарсы қойып үлгерді. Жоғары лауазымды қызметтен басқа, жергілікті жерлерде де «ұлтшылдар» ашылып әшкерелене басталды. Сырдария губерниясында, Адай уезінде, Қарақалпақ басшы органдары партияға қарсы бағыттар ұстауда деп ұрандады. 1930 жылы мамыр-маусым айларында Алматыда болып өткен VІІ Бүкілқазақтық партия конференциясында БК(б)П Орталық Комитетінің мүшесі Квиринг сөз сөйлеп «оңшыл уклонның» мәнін айтып берді. Өлкелік Комитет Квирингтің алдында «адал коммунист» болып көрінгісі келген Голощекин: «оңшыл уклон» индустрияландыруға қарсы, пролетариаттық мемлекеттің белсенбіділігіне қарсы совхоз және колхоздарға қарсы, астық дайындауға қарсы», - деп көрсетті. Одан қалыспауға тырысқан. О.Исаев «ұлтшыл оңшылдықты айтсақ, Садуақасов туралы айтамыз, меніңше біз үлкен қателік жасадық, олар алашордашылардан да қауіпті, интеллигенттердің жаңа кадрлары. Олар қалада, жоғары оқу орындарында және ауылдарда өсіп бара жатыр», - деп қара аспанды төндірді. Ал шынында сәдуақасовшылдарға бұдан бірнеше жыл бұрын «соққы» берілген еді. Ал Ж.Мыңбаев болса, өмірден озған болатын. Голощекиншіл Өлкелік Комитет оңшылдармен оларға қоса солшылдармен күресеміз деп ант берді. Бұл ант кейінгі репрессияға алғы шарттарды жасағаннан басқа ешқандай жетістік әкелген жоқ. Шын мәнінде Қазақстанда ол кезде ешқандай «топ» жоқ болатын. Ф.Голощекин бұған дейін-ақ күдіктеген адамдарын саяси орындардан тайдырып үлгерген еді.

Бұдан шығатын қорытын, партиялық тұрғыдан сөйлеп большевиктік мүддені, ұлттық мүддеден жоғары қойған қазақ қайраткерлері «біреулердің қателігін» табамыз деп өздері де қателікке бой алдырды. Осылайша Ф.Голощекиннің ұстаған бағытына ергендер оңбай қателесті. Өкінішке орай, осындай озбырлық салтанат құрған заманда ұлттық қайраткерлер әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандығына айналды.

Ж.Мыңбаев 1927 жылы 28 наурыз – 3 сәуір аралығында болып өткен VІ Бүкілқазақтық съезде қызметінен босатылды. С.Садуақасов Халық ағарту комиссары қызметінен босатылып, Ташкенттегі педагогикалық институтқа директор болып тағайындалды. Қазақстан дамудың келесі сатысына көтерілді. Ж.Мыңбаевты Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып келген Е.Ерназаров ауыстырса, соңғысының орнына О.Жандосов барды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет