Рамазан айының жақсылықтары
Рамазан айында жұмақтың қақпасы ашылады, тозақтың қақпасы жабылады. Шайтандар шынжырланады.
Рамазан айында ораза тұту – Аллаһтың құлының өткендегі бүкіл күнәларының кешірілуіне себепші болады.
Шексіз Ұлық Аллаһ, Оған Мадақ, ораза тұтушының, егер ол оразасын бұзбаса, дұға-тілектерін қайтармайды.
Рамазан айында бір өзінде мың айда құлшылық еткендей қасиет дарыған Қадір түні бар.
Сәресі ішудің артықшылығы
Сәресіге тұрып, тамақ жеу мүстәхаб. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында берекет бар» – деген. Сәресі тамағы ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыттардың бірі – сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып дұға етіп, Аллаһ Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрау керек.
Сәресін ішіп болғаннан кейін аузын шайқап осы дұғаны оқып, ниет етсе болады.
«Алла Тағала үшін мүбарак Рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім».
Ауыз ашар дұғасы
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ораза ұстаған адамға екі қуаныш бар: бірі – ауыз ашқан уақытта, екіншісі Аллаһпен қауышқан уақытта».
Кешке жақын оразаны ашқанда оқылатын дұға:
«Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Иә кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәләрімді кешіре гөр!»
Оразаның қағидалары мен әдептері
Күн ұясына қонған бойда ауыз ашуға (ифтар) асығу;
Ауызды жаңа піскен немесе кептірілген құрмамен немесе сумен ашу. Ауыз ашқанда желінетін құрманың немесе суды жұтудың тақ саннан болуына көңіл аударылғаны дұрыс.
Ауыз ашқанда Аллаһ Тағалаға дұға ету; Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аузын ашқанда былай деп дұға жасаған: «Иә, Аллаһ! Сен үшін ораза ұстадым, берген несібеңе ауыз аштым! Қабыл ете гөр оны бізден! Расында, Сен Бәрін Естуші және Бәрін Көрушісің!».
Түннің соңғы бөлігінде, таң бозарып атар алдында ораза тұту ниетімен сәресі ішуді ұстану;
Сәресі ішуді түннің соңғы бөлігінде доғару;
Аллаһтың үкімдерін әркезде бұлжытпай орындауға күш салу;
Кешірімді болу, өзін ренжіткендерге кең пейілді болу. Егер біреу ұрыс-керіске шақырып, тілдейтін болса, «Менің аузым берік», «Менің аузым берік» – деп айту;
Басқа ораза тұтушыларға қамқорлық танытып, олардың ауыз ашуларына жағдай жасау.
Достарыңызбен бөлісу: |