Орындаған: Дауренқызы Құралай Тобы: мкя-301 Тексерген



бет1/2
Дата19.04.2024
өлшемі35.62 Kb.
#499328
  1   2
sro(20234638-2647) (1)


«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ
МОБӨЖ


Тақырыбы: Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиеттанудағы өзекті мәселелерге сіңірген еңбегі.
Орындаған: Дауренқызы Құралай
Тобы: МКЯ-301
Тексерген: Тоқсамбаева А.О.


Семей
2024 жыл
Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиеттанудағы өзекті мәселелерге сіңірген еңбегі.
Жоспар:

  1. Кіріспе.

  • М.Әуезов және қазақ әдебиеттану ғылымы.

  1. Негізгі бөлім.

  • М. Әуезовтің қазақ халқының ауыз әдебиеті туындыларын жинап, жариялауға қосқан үлесі. Қазақ фольклоры жайлы ой-пікірлері. 

  • Қазақ ертегілері туралы зерттеулерінің ғылыми мәні. Эпостық жырларды зерттеп танудағы еңбектері. Қазақтың айтыс өнері туралы ой-толғамдары.

  • "Әдебиет тарихы" кітабының қазақ әдебиеттану ғылымында алатын орны.

  • Әдебиет тарихын дәуірлеу тәжірибесі. Көшпелі дәуір әдебиеті мен зар заман ақындары жайлы ой-пікірлері. Жыраулар поэзиясы мен оның басты өкілдері туралы ой-пікірлері.

  • Туысқан халықтардың фольклоры туралы еңбектері. "Манас" эпосын зерттеп танудағы қосқан үлесі.

  1. Қорытынды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

ХХ ғасыр басында қазақ өміріне енген жаңа кезең жаңа кейіпкерлер мен оқырмандарды қалыптастырды, жаңа заман оқиғасына құрылған тарихи шығармалар, ондағы жаңа дүниетаным, философиялық, адамгершілік көзқарастар, қарым-қатынастар әдеби жанрлардың жаңа түрлерін байытты, олардың мазмұны мен құндылығына өз өрнектерін, таңбаларын түсірді. Сауаты ашылған санаулы оқығандар енді өткеніне қарап, тарихын тануға талпынды, кешегі тұлғаларының тағдыры мен ерлігін жырлауға, оларды насихаттауға, ел арасындағы әдеби мұраларды жинауға, жариялауға, зерттеуге тырысты. Бұл бағыттар әдебиетті байытты.


Мұхтар Әуезовтің феноменін жаңаша зерделеу міндеті де осы бағытта көп ізденуді талап етеді. Әдебиетшінің шығармашылық өміріндегі ең шешуші әрі жемісті жылдары болып саналатын 20-30-шы жылдары алдыңғы кезекте әдебиет тарихы, сыны, теориясы және әдеби мұраларды жинау, ғылыми және әдеби тіл мәселелері туралы маңызды ойларды теориялық тұрғыдан қалыптастырды. Осы мақсатта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазып, ұлттық білім беру жүйесін жақсартуға, жетілдіруге талпыныстар жасады. М.Әуезовтің әдебиет тарихына деген ғылыми көзқарастар жүйесі сол ХХ ғасыр басында қалыптасты. Ол өз заманындағы рухани құбылыстардың көшбасында жүріп, өзінің кәсіби біліктілігін, дүниетанымын дамытқан дара дарын иесі. Әрбір тарихи кезеңде «жаңа мен ескінің күресі» болатыны белгілі, осы реттегі ой мен пікір қақтығыстарында М.Әуезовтің ғылыми ойлары мен әдеби еңбектері өте маңызды рөл атқарды. Тақыр жерде ештеңе болмайтынын жақсы білетін ғалым көнеден келе жатқан халықтың рухани құндылықтарынан қол үзбей жаңамен жаңғыртып жалғастыруды өзінің міндеті санады. Ұлттық мүдде ХХ ғасыр басында үстемдік алған соцреализм әдісіне көз жұмып берілуге мүмкіндік бермеді. Сол үшін талай саяси соққыға да жығылып, теперіш көрді. Алайда, Октябрь революциясы әкелген коғамдық саяси өзгерістер әдебиетті де түбірімен өзгертті, соған орай кейіпкер, оқырман өзгерді, олар өздерінің ішкі тізгінін, эстетикалық еркіндіктегі табиғатын өзгертіп, идеологиялық, таптық өлшемдерге лайықтануға мәжбүр болды. Еркін ойлы дүниелерге тыйым салынып, Алаш зиялыларының, жалпы қазақ оқығандарының тәуелсіз ойлары тұсауланып, саяси репрессияға ұшырады. Олар «буржуазиялық, байшыл, ұлтшыл» деген жалған жаламен жиі-жиі жазаланып отырды. Енді еңбекші халықтың, кедей жұмысшылардың өмірін жазу, психикасын зерттеу, санасындағы өзгерістер мен құбылыстарды суреттеу, коммунистік қоғамды құрушыларды мадақтау, насихаттау, дәріптеу, олардың көзқарастарын қалыптастыру мәселелері алғы шепке шықты. Советтік соцреализм әдісіне сай келмейтін, ұстанымына бағынбайтын шығармашылық тұлғалардың тағдыры тым аянышты болды. Мұхтар Әуезовтің жеке өмірі ғана емес ғылыми жолы да ауыр әдебиетші болғандығы да белгілі.
Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының көшбастаушысы болған М.О.Әуезов бүкіл ғылыми, әдеби, т.б жұмыстарын және өзінің өнегелі өмірін ұлт әдебиеті мен ғылымының қалыптасып, дамуына арнады. Ғұламаның ғибратты ғұмыры мен ғылыми еңбектерін зерттеу мемлекетіміздің маңызды мәселелердің бірі ретінде көтеріліп, әдебиетші ғалымдардың назарын аударуының себебі де осында. Өйткені, «Қай заманда туса да, асыл ой өлген емес, поэзия өлген емес. Сөзге өлім жоқ. Сөз арқылы туған ойға өлім жоқ» (Ғабит Мүсрепов). Ал, Мұхтар Әуезовтің әдеби, ғылыми, сын мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін адамның өзі емес, оның сөзі екендігі мәлім.
М.Әуезовтің ұлттық ғылымға, әдебиеттану ғылымына сіңірген осынау ұлан-ғайыр еңбектерін жан-жақты әрі тереңдей зерттеу мәселесі әлі әзірге дейін кенже қалып келе жатқаны да өтірік емес. Осы мәселеге орай, М.Әуезовтің ғұламалығы мен оның қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынның қалыптасуы мен дамуындағы рөлі, ғылыми өмірбаянының зерттелуі заңды да. Бұл тақырып аясында бұрындары зерттелмеген ұлы суреткердің республикалық және одақтық аренадағы әр түрлі жиындарда сөйлеген сөздері, ондағы ғылыми құнды пікірлері, әлемдік рухани өмірдегі ғұлама білімдарлығы, ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуына қосқан қыруар еңбектері, жалпы ғылыми өмірбаяны арнайы мәселе ретінде қарастырылып, жүйеленіп, зерттелуі уақыт талабы.
М.Әуезовтің Ресей архивтері мен республикамыздағы қолжазба қорлары мен КСРО Жазушылар одағы мұрағатының «КСРО халықтары әдебиеті жөніндегі комиссия» қорынан табылған қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен декадасы, өзге де шараларда, т.б сөйлеген сөздері, ғылыми баяндамалары, стенограммалардағы сөздері, 1952 жылғы Фрунзеде өткен ғылыми конференцияда «Манасты» қорғауда сөйлеген сөзінен соң басталған саяси қудалау қазақ қаламгерлерінің да қолдауымен өршіп, өз елінен кетуге мәжбүр болуы себепті екі жылдай Мәскеу университетінде оқыған дәрістері мен ғылыми еңбектерінің қолжазба нұсқалары мен тезистері, сан түрлі тақырыптағы жазба пікірлері, эпистолярлық мұралары, түрлі мінбелерден сөйлеген сөздері бүгінде қолжетімді. Атап айтар болсақ, «М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық академиялық толық басылымының (Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2010.-420 бет) 44-49 томына дейінгі жинақтарда бұрындары беймәлім болған көптеген ғылыми зерттеулері мен жазбалары, ғылыми баяндамалары берілген. М.Әуезовтің КСРО-ның мемлекеттік және түрлі әдеби мәжілістерінде сөйлеген бұл сөздері біздің ұлттық рухани қорымызға қосылған қымбат әрі қыруар қазына байлықтар. Көп жағдайда арнайы монографиялық зерттеу еңбектер болмағандықтан мұндай шағын мәтіндерге назар сала бермейтініміз болады. Ал, ақиқатында Мұхтар Әуезов секілді алып ой иесінің әрбір сөз, әрбір мәтіндерінің өзінде қаншама тың мәліметтер, соны ойлар, жаңа пайымдаулар, құнды қазыналар бар екендігін ескере бермейтініміз өкінішті. Көрнекті зерттеуші М.Әуезовтің елу томдық академиялық жинағында тұңғыш рет жарияланған тың мұраларды, әдеби пікірлерді ғылыми айналымға енгізіп, кәсіби мамандар назарына ұсыну бүгінгі күннің рухани қажеттілігі. Өйткені, бүгінгі ұрпақ жаңалықты орнату үшін ескіні білуі, болғанды білуі міндетті. Өткенді білмей қазіргіні түсіну мүмкін емес. Ал, қазіргі тұрмыс – болашақтың негізі. Ұлы тұлғалардың өмірбаяны мен қызметі, ұланғайыр мұрасы, ойы мен сөзі бүкіл адамзаттың мұрасы. Ғасырдан ғасырға жалғасар ғұламалардың ғибратты ғұмыры ерекше рухани құбылыс ретінде ұрпаққа ұлағат. Ұлы адамдардың мұрасын меңгеру, тану мен таныту үшін олардың өз сөзі мен ойы маңызды.
Осы көп томдықта жарияланған жазушының жеке мұрағатында және тәуелсіздік жылдары ғана алуға мүмкіндік болған Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағаттарында сақталған, бұрындары не әдеби, не ғылыми айналымға енбеген одақтық көлемдегі (мысалы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының мәжілістерінде, М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтындағы ғылыми кеңестерде, т.б) әдебиет пен ғылымның алуан түрлі тақырыптардағы жиналыстарда қазақ әдебиетінің тарихы, ұлттық әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері бойынша сөйлеген сөздеріне, ғылыми баяндамаларына, пікірталастарда ортаға салған ең маңызды әрі үздік ойларына тоқтала отырып, сол кезеңдегі әдеби үрдіске назар салуды мақсаттап отырмыз. Әрине, М.Әуезовтің мұхитқа бергісіз әдеби мұрасы мен әр кезде айтқан құнды пікірлерін тізіп жаза берсек молынан табылары сөзсіз. Бірақ қазақ әдебиеті, тарихы, ұлттық әдебиетттану ғылымы, әдебиет теориясы, көркем сыны жөніндегі пікірлері қандай, ол ойлар айтылған жерде қалып қойған жоқ па, бар болса ол неге ғылыми айналымда жоқ деген сауалдар төңірегінде талдау жасауға тырысамыз. Өркениетті ел ұлы тұлғаларының бір сөзін, қолтаңбасын тапса әлемге жар салып дүниені дүрліктіріп жатады емес пе? Біз де жазушының елу томдық толық шығармалар жинағының бес томына (44-49 томдар) енген ұлының ұлан-асыр сөздерін, арнасынан асып төгілген ойларын бір тақырып, яғни, қазақ әдебиеттану ғылымының әр алуан мәселелері төңірегіндегі бұрындары бір ізге түсіп, жүйеленбеген ғылыми теориялық тұжырымдарына тоқталуды жөн көрдік. Өйткені, «теңіздің дәмі тамшыдан танылады» дегендей дара дарынның даналық ойлары, ғылыми теориялық пікірлері жинала келе қазіргі қазақ әдебиеттануында жете көңіл бөлінбей, бұрындары еленбей жүрген, біздің назарымызға ілінбей келген қаншама құнды тұжырымдарды тарту етері күмәнсіз.
Олай болса, ұлы ойшылдың үзік-үзік ойларын шашыратпай тек қазақ әдебиетінің тарихы, ұлттық әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелеріне қатысты құнды ойларын ойып алып, ұқыптап, ұғуға, жүйелеп жинауға назар аударалық. Ұлы тұлғалар туралы ғылыми ізденістердің ғылымдық, монументальдық, фундаментальдық зерттеулер туу қажеттілігі бүгінгі уақыт талабы. Біздің мақаламызда осы іргелі зерттеулерге бағыт-бағдар, жөн сілтер, өзегі болар түрлі жазбалар, сөздер, баяндамалар, дәйектер белгілі дәрежеде қарастырылады. Мұхтар Әуезовтің өміріне байланысты әрбір дерек қазақ әдебиеті тарихы мен мұхтартану саласы үшін өте қымбат.
М.Әуезовтің 44-ші томда жарияланған «Речь Ауэзова Мухтара на пленуме Союза советских писателей СССР» деген сөзінде көркем әдебиеттегі сын, көркем туындыны қалай сынап, қазіргі әдебиеттегі сынды қалай дамыту керек, оның өткірлігі мен ұшқырлығын дамыту үшін қандай шаралар мен талаптар қолдану керек деген көкейкесті мәселе төңірегінде ой толғайды. Сөз өнеріне деген өліп-өшкен сүйіспеншілік қана сын мен әдебиетті өсіре алатынын жақсы білетін әдебиетші ғалым қандай нашар шығарманың ішінде де көңіл аударар бір жақсылық барын, қандай жақсының өзінде бір осалдығы барын тағы да тани отырып, өзі талдаған туындыларға барынша әділ. Әрбір жазушының өзіне тән шеберлік өрнегін өсіре айтуды, кемістігі болса жасырмай жеткізуді міндеті санаған баяндамашы М.Әуезов сөз өнеріне ең керегі көркемдік, шеберлік, шындық екендігін ұстаным еткен.
Осы ретте С.Сәдуақасұлының: «Сын – мидың жануы. Сын ойларды қосып, адамның пікірін қайрап отырады. Сынсыз жазылған сөз қайралмаған пышақ сықылды. Сондықтан, бізге сын керек» деген сөзі оралады.
М.Әуезовтің мәтінінде жылы мен күні көрсетілмегендіктен кеңестік кезеңде Мәскеуде жиі өтетін одақтық пленумнің бірінде болу керек, алайда бізге оның мерзімінен гөрі онда айтылған ойлар маңызды. Бұл мәжілістің маңыздылығын М.Әуезов: «...Например, впервые на общесоюзной арене наш отряд казахской советской литературы отчитывается перед своими собратьями по перу, при ближайшем, деловом и глубоко заинтересованном участии в обсуждениях секретариата и правления Союза советских писателей СССР...»,- деп атап көрсетеді. М.Әуезовтің сөзінен өзінің әуені, жазушы стилі мен ойлау жүйесі аңғарылады. Расында да тұңғыш рет 15 одақтас республиканың бетке ұстар көрнекті жазушылары мен әдебиетшілері, сыншылары және Мәскеудегі мүйізі қарағайдай қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер, әлемге танымал ірі оқымыстылар алдында бүкіл бір ұлттың осы аз ғана уақытта жеткен жетістіктері мен мұқтаждықтары жөнінде сөз сөйлеу үлкен жауапкершілік екендігі белгілі. Орыс тілінде төл тіліндей еркін сөйлейтін қаламгер шағын сөзінде соцреализм әдісін пайдалана отырып дамитын қазіргі әдебиетте ұлттық дәстүрді, ұлттық форманы қалай сақтап, қалай дамытуға болады деген даулы сауалдар қояды. Әлемдік және орыс әдебиетіндегі озық үлгілерді үйрене отырып, ұлттық характер, ұлттық салт-сана, болмыс-бітімді бейнелеуде қандай жетістіктер бар деген мәселелерді Мәскеудегі ірі пленумда көтеру ол кездері өте сирек болатын құбылыс. Жалғыз қазақ әдебиеті емес, бүкіл түркі тілдес туысқан ұлт әдебиетінің туын көтеріп шыққан М.Әуезов ортақ ұлы мұратты жүрексінбей еркін жеткізеді: «...Ведь и изустное творчество у наших народов теперь далеко не прежнее. Какова природа и сущность социалистического реализма, воплощенного в самом советском устном песне творчестве? Каково качество и наличие традиций фольклора, естественно проникающего в новые жанры, ранее неведомые для него, скажем, в наших романах, повестях, драмах?...». Кеңестік кезеңде күрделі көркем прозаға бет алған ұлт әдебиетіндегі жаңа ізденістер, соцреализм әдісін игерудегі жетістіктері, әлем және орыс әдебиетіндегі классикалық шығармалардан үйрену нәтижесінде одақтық аренаға шығуға қол жеткізетінін, алайда әр ұлт өзінің әдеби мұраларынан ажырап кете алмайтынын, соның тамырынан нәр алып өсетіндігін әдебиеттанушы ғалым ретінде ғылыми теориялық тұрғыдан түсіндіріп, талдап береді. Ұлттық тарих, ұлттық мінез, болмыс-бітім болмай ұлттық ерекшелік болмайтынын, тамырынан үзілген әдебиетте ешқандай көркемдік те, идеялық та сапа болмайтынын ерекше атап өтеді. Туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тағдыры жөнінде әңгіме болған сәттерде өзінің энциклопедиялық біліміне сенген Әуезов нағыз жауға шапқан батырдай қайраттанып, қайсарлықпен қайраткерлік көрсетіп, қорғаушы болатын қасиетін осы одақтық мінберлерде сөйлеген сөздерінен байқаймыз. Біз оған осы мақалада талданған баяндамалары мен сөздерін оқып, куә боламыз. Кеңестік кезеңдегі саяси идеологиялық нұсқау бойынша орыс мәдениеті мен әдебиетінен үйрену, үлгі алу басты қағида, тапжылмас талап болғанымен оның да өзіндік әдісі, ғылыми тұжырымы, тәжірибелік тағлымы бар екенін әдебиетші ғалым былайша түсіндіреді: «...при этом я бы подчеркнул две стороны вопроса. Во-первых, изучать критически степень плодотворности, культурности данной конкретной учебы. Во-вторых, на положительных фактах глубоко продуманной истинно творческой учебы писателей. Но задачу учебы некоторые критики и литературоведы сами понимают недостаточно ясно и правильно. Часто они смешивают понятия метода и темы. Зачастую по сходству тем или иных признаков, порою даже чисто внешних признаков, находят учебу у Горького или у Маяковского примерной, плодотворной у данного национального автора...»,- деп олардан үйреніп емес, жалаң еліктеген жазушылардың шығармаларындағы кемшіліктерге тоқталады.
Шын мәніндегі реалистік өнердің күші өмірдегі жағдайлардың ықпалымен өзгеріп, қайта қалыптанып отыратын адам жанының диалектикасын, оның ойларын, көңіл-күйін, толғаныстарын, сезім кешулерін суреттеуінде. Сондықтан, қай ұлттың суреткері де өз туындысында өзінің ұлттық табиғатына тән характер болмысын, психологиясын, іс-әрекетін бірін-бірі толықтырып әрі жалғастырып, кейде қарама-қайшы қақтығысқа құрып диалектикалық даму үстінде жазса ғана жалғандыққа ұрынбайды. Пролетарлық әдебиеттің классиктері саналған екі шығармашылық тұлғаның туындыларынан тек қазақ емес, өзге ұлт әдебиетінің өкілдері де пір тұтып жүргенін, бірақ «үйрен де жирен» дегендей еліктеудің де жөні барлығын, жадағай, жалпылама көшірме емес көркемдік, шеберлік шыңдау, сапа жағынан өсуге мән беру керектігін М.Әуезов: «...Я признаю и оцениваю искренность стремлений указанных авторов учиться у Горького. Хотят этого и авторы, как хотят и их читатели. Но хотеть и мочь – это две разные дистанции. Досадно, но факт, что зачастую «хочется, да не можется» деп өткір сынға алады. Осы пленумдағы сөздерінде С.Мұқановтың «Сырдария» атты роман жазғандығын, алайда, оның роман деп қойған жанрдың көркемдік шарты мен талабына сай келмейтінін, көлемін көбейтіп күрделі шығармаға жетудің жөнсіздігін кәсіби сыншылдық талғаммен талдап береді. Романдағы көңіл толтырарлық тақырыптық, идеялық жетістіктеріне қоса кемшіліктер де орын алғанын: «...Да, в романе есть недостатки. На них правильно указывалось на страницах «Литературной газеты» и еще более правильно и разносторонне убедительно сказал т.Горбатов. Герой Муканова изображаются часто внешне, без внутренней мотивировки их поступков. В данном романе еще есть недоделки, в части композиционной, герои недостаточно показаны в самом трудовом процессе, где бы их формирование и становление было раскрыто полнее и убедительнее» деп, көркем шығармаға қойылар талап ең бірінші көркемдік, шеберлік екендігін, ал кейіпкер - адамның табиғатына тән ішкі ой-толғаныстары, сезімдік эмоциялық процестері мен жанды тіршілік иесі екендігін танытуы жөнінде ғылыми талдаулар жасайды. М.Әуезов өз сөзінде қазақ көркем прозасының кемелденуіне көмек берер әдеби сынының кәсібилігі, теориялық жағынан төмендігі, ойлы, орнықты сындардың жоқтығы осындай олқылықтарға алып келетініне көңіл бөледі. Қазақ өмірінің қалың оқиғаларын қамтитын бұл роман жөнінде сан түрлі көзқарастар мен пікірлер салмақтанғаны белгілі. «Сынның аты – шындықта, заты – сүйіспеншілік, айтылған достық сын жек көруден емес, сүйіспеншіліктен туады. Сын және өзара сын қоғамдық ой-сананың қозғаушы күші» екендігін кезінде Томас Манн айтқан. М.Әуезов осы ойды ұстанғаны мәлім.
Қазақ поэзиясындағы жетістіктер қатарында Орманов, Аманжолов, Саин, Бекхожин және әдебиетке жаңа келген жастардың орыстың классикалық шығармаларынан үйрену мектебінен өтіп жүргенін, оларда олқылықтардың орын алып отырғанын, осы ретте көрнекті орыс сыншыларының кәсіби талдауларының қажеттілігі, соцреализмнің ұлттық түрмен байланысы, әдеби үйрену мектебінің тәжірибелері турасындағы бағыт-бағдары, кәсіби кеңестері керектігін де құлаққағыс етеді. Өйткені, енді ғана жазба әдебиеттері дамып, көптеген жаңа жанрларда жазып жүрген жазушылардың көбінің кәсіби тәжірибелерінің таяздығы, әдеби білімдерінің жетімсіздігі осындай олқылықтарға орын бергенін орынды атап өтеді.
Ерекше дарынды ұлы данышпандарды қадірлей білген жұрт олардың өмірінің әр сәтін, әр күнін, әрбір сөзін зерттей отырып, сол заманның тарихын, рухани кеңістігін аңдайтыны ақиқат. Ғасыр туралы түсінік-таным да осы ұлы тұлға болмысын, табиғатын, жан-дүниесін, ғылыми және көркемдік ойлау жүйесін, парасатты пікірлері мен ойға толы сөздерін терең танып, білу арқылы да қалыптасып, жалғасатындығын ескерсек, Әуезовтің әдебиет туралы әрбір сөзі сол кезеңнің әдеби үрдісінен үлкен ақпарат беретінін ұмытпаған жөн. Әуезов айтқан сөз кеңестік кезеңдегі руханиятты шежірелеп, келер ұрпаққа қалған әдеби мұра. Өз кезеңі мен келешек алдындағы жауапкершілік, мұқияттылық, замандастарымен қарым-қатынасы, олар туралы тірі кезінде айту мен жазу, әрине қиынның қиыны, бұл аса бір біліктілікті, терең зерделілікті, замана құбылыстарын терең, ғылыми түсінуді, мұқият дайындықты, аса шеберлікті, өзге де адами, кісілік қасиеттерді, тағы басқа шарттар мен талаптарды талап етері хақ. Сондықтан да, ұлының сөзі ұрпағы үшін қымбат.
Қазақ әдебиетінің балалық күйінен асып, есеюге бет қойған кеңестік кезеңде таланттарды табатын да, танитын да, оларды тәрбиелейтін де таза сын, әділ пікір, жанашырлық ой екендігін ескерткен ғұлама ғалым, әдебиеттанушы М.Әуезов ең бастысы, әдеби шығарманың көркемдігін, оның авторының таланты мен суреткерлік шеберлігін тап басып, дәл диагноз қоятын сыншының кәсіби кемелденуі күн талабындағы көкейкесті мәселе дегенге жете көңіл бөледі.Сын туралы сөз негізінде әдебиет, әдебиеттану ғылымы туралы сөз екені және сынның дәрежесі жалпы әдебиеттік білім-бітімнің дәрежесін көрсететінін жақсы білетін ғалым сынның кәсіби деңгейі көтерілмей әдебиеттану ғылымының да көсегесі көтерілмейтінін әрдайым еске салып отырады. Қай кезде де әдебиеттің тарихы мен әдебиеттану ғылымының барлық ғылыми жүйесімен жете таныс кәсіби дайындығы жоғары әрі шығарманың көркемдік құндылығын терең тани алатын көркемдік эстетикалық талғамы биік маман ғана өзінің асқан білгірлігі мен талғампаздығы, әділдігі, әдебиет алдындағы ар тазалығы, жауапкершілігі нәтижесінде сыншы болуға толық моралдық құқығы бар екендігін дәлелдей алмақ. Осы ретте В.Белинский бастаған орыс әдебиетіндегі кәсіби сын мектебінен тағлым алар ұлт әдебиеттерінің өкілдеріне орыс тіліндегі басылымдарда кеңінен орын беріліп, кәсіби сыншы, білгір әдебиетшілер жаңа туындыларды, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін талдап, әділ бағалап отырса деген тілек, талабын да жасырмайды: «...Почему бы и товарищам Заславскому, Ермилову, Кирпотину, Тарасенкову, Ковальчик и многим другим критикам, к голосам которых с огромным вниманием прислушиваются в национальных республиках, не высказываться по поводу наших поэм, драм, романов, повестей и т.д.?... Ұлт республикаларынан Айни, С.Мұқанов, Айбек, Кербабаевтарды атай келіп: «...скажем, «Нового мира», «Октября», «Звезды», «Знамени» следовало бы помещать разносторонне характеризущие их творчества солидные статьи, критические исследования. Есть национальные авторы с известными для всего Союза именами, о которых пора бы уже иметь и монографические труды на русском языке...» деп ұлт әдебиетін насихаттап, олардың да жетістіктерін танытатын танымды зерттеулер, кәсіби кеңестер, ғылыми теориялық талдауларды талап етуі М.Әуезовтің әдебиеттану ғылымының, көркем әдеби сынының одақтық көлемде танылып зерттелуіне, насихатталуына ықпал еткенін көрсетеді. Мұхтар Әуезовтің қазақ әдеби сыны ғана емес, өзге ұлт әдебиеттеріндегі кәсіби сынды көркейтуге, олардың ғылыми дәрежесін, аналитикалық талдау тәсілдерінің сапасын өсіруге осындай ойлар қосып, одақтық дәрежеде қазақ әдебиеттануы мен сынының кәсіби деңгейі мен сапасының өсуіне үлкен үлес қосуы деп түсінген жөн. Осы жиында сөйлеген сөзінде келешекте де ұлт әдебиетінің өсіп-өркендеуі үшін осындай әдеби ортаның отырыстары кеңейіп, пленум, декадалармен ғана шектелмей әдеби байланыстардың түрлі формадағы жиындары, пікір алмасулары, жаңа туындыларды талдап, насихатталуы жүйелі түрде жүргізілуін де талап етеді. Ұлт әдебиетіндегі жаңалықтар мен жетістіктерге, кейде кемшін түсіп жатқан тұстарды да орыс тіліндегі басылымдарда жазып, сыни көзқарастарын білдіріп жүретін жалғыз Скосыревтің жазғандары жеткіліксіз екендігін, Орта Азия халықтарының әдебиетін зерттеушілер, кәсіби ой айтатын сыншылардың санын көбейту мәселесі де М.Әуезовтің дау туғызбайтын даналық сөздерінде өте мәдениетті мәнермен жеткізіледі. Ұлт әдебиеті өкілдерінің өз шеңберінде қалмай одақтық деңгейдегі рухани кеңістікке шығуы керектігін де өте ұнамды сөздермен ұтымды жеткізеді: «...Пора бы от представительства по национальным литературам, от представительства, несущего непосильные, необъятные функции, перейти к широкому, непосредственному знакомству с теми или иными произведениями, авторами и литературами многим ведущим писателям и ведущим критикам Союза»,-деп әдебиетшілер мен сыншылардың міндет-мақсатын да айқындап береді. Әрине, Одақ қана емес, Орта Азия халықтарының бетке ұстар абыройы мен даңқты ұлы, әлем таныған Әуезовтің үлкен мінбеден айтқан сөзі талай жылдар тоң болып жатқан сеңді бұзып, осы пленумнан кейін ұлт әдебиетінің өкілдерінің туындыларына деген шовинистік көзқарастың шеті сөгіліп, көңіл бөліне бастағаны белгілі. Соның бір куәсі – бес жылдан соң орыс әдебиеттанушысы, көрнекті сыншы Зоя Кедринаның «Мухтар Ауэзов» деген алғашқы орыс тіліндегі монографиясының жарық көруі дер едік. Алайда, ол қуаныш ұзаққа бармай монография саяси репрессияға ұшыраса да тарихта қалғанымен біз үшін бағалы зерттеу болды.
Кеңестік кезеңдегі жаңа өмірді бейнелеу тек орыс әдебиетіндегі пролетариат жазушылардың шығармаларының үлгісінде жазу деген жеңіл ойлы жазушыларды өткір сынмен шенеп жазуы, әділ пікірді көзге айтуы М.Әуезовтің әдебиетке деген адалдығын, шынайы жанашырлығын көрсетеді. Оның осы бағыттағы бағалы пікірлеріне шығармашылық, тұлғалық түсінікпен қараған Смағұл Сәдуақасұлы: «Мұхтардың, Жүсіпбектің де жазғандарына өмір тану, тұрмысты ұғыну ретінен қарағанда оларға рахмет айтпасақ, лағынет оқитын орнымыз жоқ» деп орынды атап көрсетеді.
М.Әуезовтің қазақ әдебиеті мен тарихындағы алар орнын оның әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбектерінсіз, атап айтқанда талант қыры жан-жақты ғалымның әдеби сын, теориялық тұжырымдарға толы ғылыми зерттеу еңбектерінсіз толық күйде сипаттап, талдап шығу мүмкін емес. Ол – қазақ әдебиеттану, фольклортану ғылымының негізін салушы ғалымдардың бірі. Әдебиетші ғалымның фольклор, әдебиет тарихы, әдебиеттер байланысы, абайтану мәселелері бойынша жазған еңбектері бір ғана қазақ әдебиеттану ғылымында емес, кешегі кеңес одағы көлемінде де аса жоғары бағаланып отырғаны тарихтан мәлім.
Ғалымның әдебиет тарихы, оның басталуы мен дамуы жайлы айтқан пікірлері мен ойлары өте маңызды. Өкінішке орай қазақтың қоғамдық өмірінің дамуы жағдайларына сүйеніп айтылған бұл ойлар кеңінен өріс ала алмады, керісінше ғалымның ұлтшыл ретінде айыпталуына (1929-1932) байланысты тоқталып қалды. М.Әуезовтің бұл саладағы алғашқы күрделі еңбегі «Әдебиет тарихы» (1927, Қызылорда) пайдаланылудан алынып тасталып, тіпті идеялық жағынан зиянды кітаптардың қатарына қосылды, осылайша халық игілігіне пайдаланудан тыс қалды. Бұл кітап Қазақстан өзінің ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігіне қолы жеткеннен кейін ғана «ұлтшылдық ағым» ақталып, соған қатысты тиым салынған әдебиеттер ішіндегі М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (Алматы,1991) да толық күйінде қайта басылып шықты, сөйтіп рухани байлығымыздың алтын қорын толықтыра түсті.
Қазақ халқының тарихи өткен жолын шолу мен оған баға беруде, әдебиет туындыларын солармен байланыста қарастыруда М.Әуезов тұжырымдары алғашқы ғылыми ойлардың басы деп те айтуға әбден болады. Жазба әдебиет тарихын ғалым Әуезов әйгілі Абылай ханның заманынан, күміс көмей жырау Бұқар жырау дәуірінен бастайды. Бұл айтылған пікірлер кейінгі кезеңдегі Қажым Жұмалиев еңбектерінде («Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері»,1968) дамытылып, көп уақыт ғылымда осы жоба үстемдік етіп келді. Одан арғы заманның деректері ол ғалымдардың қолына түсе қойған жоқ еді. Қазақтың ұлттық әдебиетінің тарихи жолы қазақ хандарының тұсынан (ХҮ-ХҮІ-ғасырлар) басталып, жыраулар поэзиясы үлгісінде дамығаны, олардың ар жағында жалпы түріктік ортақ мұралардың жазба әдебиетке бастау болғаны кейінгі жылдары зерттеліп, ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Соған қарамастан әдебиет зерттеушісі Әуезовтің жобасы әдебиет тарихының алғашқы сүрлеуі есебінде аса бағалы.
Абылай заманынан басталатын әдебиетті Мұхтар Әуезов «Зар заман әдебиеті» деп (Шортанбай өлеңінің атын алған) атайды. Оның пікінше, зар заман ақындарын сол дәуірдің тарихи жағдайлары туғызған. «Ақтабан-шұбырындыдан басталған қазақ қайғысы кейін орыс патшалығына бағынуға ұласып», «ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақытымен» жалғасады. «Абылай заманынан бастап, -дейді Мұхтар, -жоғарыда саналған екі-үш тарихи өлеңдерді туғызған оқиғаларға шейін өткен мезгілді алсақ бұл дәуір жүз жылдай уақытқа созылады. Осы жүз жылдық дәуір қазақ өмірінің барлық суретін өзгертіп, бар өмірін екінші салаға түсіріп жібереді... Бұрын жаман-жақсы болса да өзінің ханы билеп, өз бетімен өмір сүрген ел, бері келгенде әуелі ханынан айрылды. Бұрынғы хан елдің өзгеден бөлек бір тіршілігінің белгісі сияқты болса, бері келген уақытта орыс үкіметінің көз, құлағы сияқты, болымсыз ғана төрешігі болып қалды. Соңғы уақыттың хандары қазақтың қасы, патша үкіметінің тыңшысы болды. Шенге, шекпенге сатылған сатымсақ ханның маңайынан өлекседен тараған сасық иістей толып жатқан ұсақ төрешік, ұсақ би, ру жуандары шықты. Мұның бәрі патша өкіметінің жорға құлы болды. Ел тіршілігінің өзгеріп, азуға айналғанының бір белгісі осы еді». Бұлардың қатарына автор патша үкіметінің қазақ жеріне иелік жасауын, қалалар мен бекіністер салып орыстың жерсіз шаруаларын қоныстандыруын қосады. Бірінен соң бірі шыққан «закондар» ел шаруасын қыса бастайды. Осы мезгіл қазақ қауымының ішінен ел мұңын, ел тілегін жоқтайтын екі алуан адамды шығарады, біреулері – заман халін қайғырып, елдің мұң-зарын жалынды сөзбен суреттеген кемеңгер ақылшы қария, толғаушыл жырау, сезімді ақындар, яғни ой батырлары болса, екіншісі –елдің ескі күйін қайтармақ болған қол батырлар (Сырым, Кенесары, Исатай, Махамбет сияқты).
Зар заман ақындарының шығуын М.Әуезов ХІХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысынан кейінгі кезеңге жатқызады. Бұл кезеңмен Абылай заманының арасындағы тарихи байланыстарға лайық әдебиеттегі Кенесары жорығының артынан шыққан зар заман ақындарымен Абылай дәуіріндегі ақындардың арасынан сондайлық үзілмейтін жалғастық табады. Ол Абылай дәуіріндегі зар заман ақынын екі топқа бөледі: бірі – келер күннің жұмбағын шешіп беріп, елге өсиет айтатын қария, екіншісі – толғау айтқан жырау. Екеуінің де көпке айтар сөздері өлең күйінде айтылып, тақпақ, толғау болып келеді. Олар – елдің ақылшы кемеңгері, заман сыншысы, елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі. Қауым тіршілігінде саяси салмағы зор ақындардың аузынан шыққан сөзі де қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр өтімді болған.
Зар заман әдебиетіне М.Әуезов ХІХ ғасырда болған ақындардың бәрін де қосады. Махамбетті оның басы санап, аяғын Ы.Алтынсаринге тірейді. Аралықта нағыз зар заман әдебиеті ақындары ретінде мойындалған Шортанбай, Мұрат, екі ғасыр шекарасында өмір кешкен Нарманбет шығармаларына талдау береді. Айтыс ақындарынан осы топқа Шернияз, Досқожа, Күдеріқожа, тарихи жыр айтушылардан Нысанбай мен Ығылманды қоса қарастырады. Махамбеттің көтеріліс жалауын көтеріп, тар заманда елді күреске үгіттеген өлеңдерін талдау тұсында ғалым онда алдан күткен үміт, тілек барын, соған жетем деген екпін, жалын барын атайды.
Кітаптағы Шортанбай, Мұрат, Нарманбет шығармашылығына берілген баға – қазақ әдебиеттану ғылымындағы бұл ақындар жайлы алғашқы пікір. Олардың өлеңдерін Мұхтар Әуезов заман шындығымен салыстыра отырып байсалды талдаған. Шортанбай, Мұрат өлеңдеріндегі заманның бұзылу суреттерімен заман адамының кейпі, Мұрат көбірек жырлаған қазақтың жерінің алынуы, қоныс пен өрістің тарылу идеяларының көрінісі сөз болады. Ақындардың шындықты айта білу ерекшеліктеріне көңіл бөлінеді. Нарманбетті автор зар заманның ақырғы ақыны санайды. «Ол бұрынғы зарлы мұңның бәріне ақырғы күмбезді тұрғызып, әдебиеттің бір ғасырлық дәуірін осы жоқтаумен тындырады» дейді.
М.Әуезовтің бұл кітабы ұлттық әдебиеттің даму жолы туралы алғашқы сүрлеу болғандықтан, ол кітапта әдебиет тарихына қатысты көптеген деректер, жеке ақындар еңбектері өзінің толық бағасын ала қойған жоқ. Оның негізгі себебі сол кезеңдегі аталған ақындардың шығармаларының түгелдей жиналып басылмауы басты себеп болған. Жалпы түйіндеп келгенде Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» кітабы қазақ әдебиеті тарихын жүйелеуде, оның тарихи сүрлеуін салуда аса маңызды, тұңғыш еңбек болып табылады. Оның негізгі қағидалары қазақ халқының сыртқы басқыншылық пен отаршылдыққа қарсы күресі тұсында туған әдебиет материалдарына сүйеніп жасалды. Автордың позициясында ел тағдыры, ұлт мүддесі жайында ойлану жағы басым келеді.
Мұхтар Әуезов сол кездің өзінде әдебиет тарихы «Қазақ мектебінде ана тілінің іргесін нығайтып толық білім беру үшін» қажет екенін жете түсінген. «Әдебиет мектеп ішіндегі ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптап жетілуден басқа оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгіндегі пішінін танытуға керек» дейді ғалым.
Әдебиетші ғалым Әуезовтің осы саладағы еңбектерін сөз еткенде ең алдымен тоқталып өтетін үлкен бір сала, жемісі мол арна бар, ол - абайтану саласы. Осы ретте академик Зәки Ахметовтің «Абай және Әуезов» деген еңбегіне аз кем тоқталып өтсек. «Абай және Әуезов» деген тақырыпты сөз еткенде Мұхтар Әуезовтің Абайдың өмірі мен өнерпаздық жолын танып-білуге қосқан үлесі көбірек айтылады. Мұның өзі екі үлкен сала. Бірі - Әуезовтің Абайтануға, яғни Абайдың өмірі мен творчествосын, оларға қатысты мәселелерді баяндайтын ғылыми еңбектерін, зерттеулері мен мақалаларын талдап бағалау. Екіншісі - Әуезовтің көркем шығармаларында Абай бейнесін суреттеуі...». Әрине, бұл екі сала бір-бірімен тығыз байланысты екені түсінікті, алайда мұның бәрін кеңінен қозғап талдап шығуға біздің мүмкіндігіміз жоқ және алдымызға мақсат етіп қоймаймыз да. Біздің мақсат ұлы Әуезовтің Абайтану ғылымына қосқан үлесі, алар орны жайында ғана болмақ. 
М.Әуезовтің ұзақ жылдар бойы жүргізген ізденіс үстінде туған ой-пікірлері түгелге жуық «Әр жылдар ойлары» деген атпен басылым көрген монографиялық еңбегінде жарияланды. Еңбектегі назар аударарлық ерекшелік – Абайдың әдеби мұрасының тұтас қамтылып, ақындық мәдениеті мен көркемдік шеберлігінің даму жолдары, дүниетанымы мен рухани өсуінің эволюциясын хронологиялық желіге сүйене отырып әрі ақын творчествосындағы өзгерістер мен бетбұрыстардың себебін сол дәуірдің тарихи шындығымен сабақтастыра қарап, сырын ашып саралауында жатыр.
Елуінші жылдар ішіндегі зерттеулерінде М.Әуезов Абай мұрасы жайында кейбір талас тудырған күрделі мәселелерге көңіл аудара бастады. Әсіресе, Абайдың әдеби мектебі, немесе Абайдың ақын шәкірттері туралы қолдан қоздырылған, бірақ ғылыми ойдан тыс, саяси-идеологиялық мақсат көздеген теріс бағыттағы ой-танымдарымен пікір таластырып, өз көзқарасын қорғау жолында күреске түсті. Ұтыстар да, ұтылыстар да болып жатты. Бұл саладағы күресте ақыры шындық жеңді.
Түйіндей келгенде Абайтанудың негізін салған әрі ол мұраны ғылыми тұрғыдан меңгеру жолында тарихи еңбек атқарған М.Әуезов артына ұлан-ғайыр көркем туындыларын, әсіресе, атақты «Абай жолы» эпопеясы мен ұзақ жылдарғы ізденуден туған ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырды.
М.Әуезовтің әдебиеттану саласындағы еңбектері де сан алуан. Соның бір шоғыры ауыз әдебиеті мұраларына қатысты жазған ғылыми-зерттеу еңбектері. Ең алдымен фольклор ғылымының қыр-сырына жетік М.Әуезов қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұраларын ыждағаттылықпен жинап, баспасөз беттерінде жариялап, ғылыми тұрғыдан зерттеу саласында өлшеусіз еңбек етті. Осындай тұрғыдағы ұдайы ізденістер, ғұмыр бойғы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі ұзтаздық қызметтер, сабақ жүргізулер ғалымға ауыз әдебиетінің көптеген жанрлары туралы іргелі ғылыми жұмыстар жазуына, жүргізуіне мол мүмкіндер беріп отырды. Ауыз әдебиетін зерттеуді М.Әуезов шығармашылық өмірінің барлық кезеңінде жазушылық жұмысымен қатар алып жүрді десе де болғандай. Ғалымның 20-30 жылдардағы көптеген зерттеу мақалалары газет, журнал беттерінде үнемі жарияланып отырды. 1939 жылы Л.Соболевпен бірлесе отырып жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген көлемді еңбегі – ғалымның есімін Одақ көлеміне кеңінен мәшһүр етті. Бұл аталған еңбекте қазақ фольклорының барша жанрына ғылыми тұрғыдан сипаттама берілді.
М.Әуезовтің аса бағалы еңбектерінің бірі – қырғыз халқының атақты эпосы «Манас» жөніндегі монографиясы. Ғалым «Манас» жайындағы зерттеулерін де үздіксіз жүргізді, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бастау алған ізденіс нәтижесінде ол елімізге ең танымал манастанушылардың қатарынан берік орын алды. Манастанушы маман жырдың шығу тегі, тақырыптары, көркемдік ерекшеліктері және жырды орындаушылар жайында терең де тиянақты ойлар айтты, яғни манастану ғылымын жаңа сатыға көтерді. Әйгілі жырдың халыққа танымал нұсқаларын талдап, танып, олардың тарихи-мәдени, көркемдік мәнін түсіндіруде М.Әуезов жасаған тұжырымдар манастану ғылымындағы шешуші роль атқарғаны тарихи шындық, болған ақиқат.
Әдебиетші ғалым қазақ халқының ғажайып ертегілерінің жанрлық сипатын кең түрде анықтап, оның ішкі түрлерін (қиял-ғажайып, хайуанаттар туралы, тұрмыс-салт ертегілері) жүйелеп талдады, бұл талдаулар әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Ол ертегінің қаншама ғасырлар бойғы ауызша айту дәстүрінің қазіргі таңдағы жазба прозаға да тигізетін әсері, игілікті ықпалы жайында бағалы пікірлер айтты. Соның бірін ғалым былайша сабақтайды: «Көркем поэзияға ауызша поэзия қаншалық бөгетсіз, сатысыз көп қор құйған болса, бүгінгі көркем прозаға да халықтың ауызша әңгімесі сондайлық жатық жолмен көп араласып, қабысып жатыр».
Мұхтар Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы - драматургтің, оның қаламгерлік қарымының, ой-арманы мен мақсат-мұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық. Әдебиетші-ғалымның өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық қызметте де, өмірде де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет