- Андроновшылар қоныстары дала өзендері мен оның жағаларына егін, бау-бақша салып қоныстанған. Тары ботқасы күйген құмыралар табылды. Қоныстардың бәрінен табылған ортақ олжалар: дәнүккіштер, келсаптар, орақтар мен тас кетпендер.
- Мал өсіру маңызды роль атқарды. Негізгі тамағы сүт болды, сүзбе, ірімшік жасаған. Ет өте аз болған, оны мейрамдарда ғана, құдай жолына құрбандық жасағанда ғана пайдаланған. Негізгі мал қой, сиыр, жылқы. Жылқының үш тұқымы болды: биіктігі 128-136 см., басы үлкен, қалың жалды жатаған жылқы. Қазіргі моңғол жылқысына ұқсас. 2). Шоқтығы орташа не биік 136-152 см-ге дейін салмағы 350 килоға дейін жететін жылқылар. 3). Асыл тұқымды биіктігі 152-160 см., аяқтары жіңішке, сымбатты, қой мойынды жылқылар. Олар соғыс арбасына жегілетін болған. Андроновшылар мал бағудың қыр-сырын жетік меңгергендер болды. Олар дүние жүзінде алғаш рет малды қолда ұстауды енгізді. Қыста төлді жылы жерде ұстаған, ол үшін үйдің бір жағын қоршап бөліп тастаған. Тұрғын үйлерге жалғаса мал қора салды. Андроновшылар қос өркешті бактриан түйелерін өсірді.
- Олар үлкен үйде отбасылық қауым болып өмір сүрді. Ағайын-туыстар шаруаны бірге атқарды. Обалар, қабырлар қазу ісінде өзгешеліктер болған. Бұл андронов қоғамының біртекті болмағандығын көрсетеді. Байлар, текті адамдар өлгенде олар ерекше құлпытас орнатылған мазарларға жерленді. Жауынгерлер, патшалар абыздар тәрізді әлеуметтік жік болған.
- Қола дәуірі тұрғындарының діни көзқарастары қарапайм болды. Олар өлген адамдарын белгілі бір рәсімдермен жерледі. Мүрдені "жер-ананың" қойнына анасының құрсағында жатқан қалыпта қоюға тырысқан. Андрондықтардың түсінігінше өлген соң да "о дүниеде" тіршілік жалғасады. Сондықтан олар өлікпен бірге киім-кешегін , қару-жарағын, ыдыс-аяғын, тамағын қоса көмген. Андрондықтар күнге, отқа мінәжат еткен. Сонымен қатар олардың өмірінде бұрыннан келе жатқан тотемизм (шығу тегін жануармен байланыстыру), фетишизм (жансыз дүниеге сеніп, соның қасиетіне табыну), анимизм (жанға, рухқа сену) сияқты ғұрыптар да орын алды. Діни наным-сенімдері бойынша күнге, отқа, қасиетті жануарларға табынған. Олардың бейнелері көзенің сыртындағы өрнектерде, тастағы суреттерде, сынтастарда, әшекей бұйымдарда көптеп кездеседі. Бұл мәдениет кезіндегі тайпалардың тұрмыс-салты, кәсібі, қолөнері қазақ халқының тіршілігінде көп сақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |