Көркем туындыны талдау үшін мәтінді оқудың мынандай түрлері бар:
Мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу дегеніміз, мәтіннің мағынасын түсініп алған соң, сол мағынаны тиісті көңіл күй, ой-сезіммен жеткізіп, дұрыс, анық, дауыстап оқу.
Логикалық оқу. Мәтіннің бөліктерінде, әр бөліктің ішіндегі сөйлемдерде негізгі ойды білдіретін сөздерді, сөз тіркестерін анықтайды. Оларды екпін түсетіндей етіп оқиды. Ой арасын дауыс үзілісімен білдіреді. Бұл – логикалық үзіліс.
Көңіл күймен оқу. Мәтіннің мазмұнын дұрыс оқу үшін оның ішіндегі қуаныш – қайғыны, реніш-шаттықты, жеңіл сүйсіне күлу мен ащы мысқылды, т.б. сезіммен, көңіл-күймен оқу шарт. Ол үшін міндетті түрде, мәтін мағынасын алдын ала түсініп алу қажет.
Талдап оқу. Мәтінді талдап оқысақ, оны жақсы түсініп, еске ұзақ сақтаймыз. Талдап оқудың тәсілдері жоспар жасаудан, тезистен және дәлелдемелерден тұрады. Мәтіннің негізгі ойларын анықтап, оларды рет-ретімен тізімдеп жазып, жоспар құрып аламыз. Сөйтіп, негізгі ойларды, оларды баяндай ретімен меңгереміз.
Көркем туындыны оқытып, сауатты талдауға қол жеткізу үшін автордың мақсат-мұратын, ойын білдіретін әрбір деталь, көркемдік тәсілді дәл танып, жазушы шеберлігін оқушыға дұрыс таныта білу керек.
Автор ізімен талдау немесе тұтастай талдау. Мұндай талдаудың негізінде шығарманың сюжеті жатады, ал оның нақты бөлімдері – сахналық көріністер, тараулар, эпизодтарды талдауда ерекше мән берер бірнеше құндылықтары болады. Оқу үрдісінде талдаудың табиғи тәртібі, күрделі шығарма мәтінін қайталап оқудың негізінде автордың өрбітіп келе жатқан ойына ілесуден, әсерленуден туған сыныптың назары, көңіл-күйі шығарманы түр мен мазмұнның бірлігінде қарастыруға байланысты болмақ.
Оқушылардың көз алдында әдеби шығарма оқиғасы бөлім-бөлім болып тізбектеліп өтеді. Олар сюжеттің дамуын бақылап, негізгі көріністерді бөліп, қаһармандар іс-әрекетінің сенімділігіне, шығарманың тіл көркемдігіне назар аударады.
Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады.
Көркем туындының құрылысы әртарапты көптеген компоненттердің бірлігінен тұрады. Олар көркем шығарма тілінің заңдылығына бағынады және тілдік жүйе түзеді. Осы жүйені жасайтын жазушының өзі. Осыдан «автор бейнесі» мәселесі туындайды». «Автор бейнесі»-көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі болып табылады. Автор өзі жазып отырған шығарманың өн бойында ойы мен идеясын, көзқарасын, психологиясын танытып отырады, яғни әрбір көркем шығарманы оқығанда автор бейнесін де байқауға болады. Көркем мәтінде жазушы өз идеясын, көзқарасын жеткізуде оқырман қажетіне жарайтындай, түсініп оқитындай тілдік бірліктерді қолданады.
Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады.
Көркем шығармаларды оқыту мен есте сақтауда орындалатын жұмыстың маңыздыларының бірі – оқи отырып жоспар құру.
Достарыңызбен бөлісу: |