««Қыз Жібек» жыры» атты екінші бөлім төрт тараудан тұрады. Бұл бөлімде нақты «Қыз Жібек» эпикалық жыры зерттеу нысанына айналған. Бірінші тарау «Жырдың музыкалық және фольклортанушылық аспектіде зерттелуі» деп аталып, эпос синкретті жанр ретінде соңғы жылдары біршама мамандардың назарын аударғаны жайлы баяндалады. Әр жылдары зерттеген Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, А.Қоңыратбаев, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, О.Нұрмағамбетова, М.Есмағанбетов, М.Тұрышев, Б.Ерзакович және т.б. ғалымдардың еңбектері «Қыз Жібек» туындысының зерттелу тарихын құрайды. Мәселен, М.Әуезов эпос ішіндегі көріністерге, әр кейіпкердің бейнесіне, әртүрлі сезім күйлерін суреттейтін монолог, диалог және салт өлең түрлеріне жеке-жеке тоқталып, тереңінен зерттеп, эпостың мазмұнындағы бір қарағанда көзге түсе қоймайтын, бірақ сюжеттің даму жолдарын күрт өзгертетін сәттердің басын ашады. Басқа да мәселелермен қатар, Р.Бердібайдың (ертеректе М.Әуезовтың) еңбектерінде «әмеңгерлік» туралы жазылғанда, оны «Жібек пен Сансызбайдың міндеті емес, Жібектің өз елінің, жерінің болашағын ойлаған ақылды әйел образының көрегелілігі, даналығы» - деп тұжырымдайды. С.Қасқабасовтың әр жылдары жазылған көптеген еңбектерінде «Қыз Жібек» жыры екі бөлімнен тұратын «контаминацияланған» шығарма деп беріледі. Сонымен қатар, жырды зерделеген ғалымдардың еңбектерімен салыстырғанда, тек С.Қасқабасовтың зерттеуінде жыр ішіндегі Төлеген мен Сансызбайдың көмекшілері – Қаршыға мен Шеге деген екі ақынға көңіл бөледі.
Қорытындылай айтқанда, «Қыз Жібек» жыры бүгінгі таңда да ғылыми зерттеулердің нысаны болып, өзектілігін жоғалтпай келеді. Оның үстіне фольклортанушылардың еңбектерінде ғана емес, музыкатанушы ғалымдардың зерттеулерінде елеулі орын алады.
«Эпостағы әуен мен сөздің үйлесімі» деп аталған екінші тарауда эпостық ескерткіштердің топтамасы мен жыр ішіндегі сюжетті-композициялық элементтердің ерекшеліктері анықталды. «Қыз Жібек» жырын талдау барысында жырдың құрылымы, басты кейіпкерлердің негізгі музыкалық мінездемелері (М.Өтебаев орындаған нұсқасы негізінде), қазақ халқының фольклорлық жанрларының эпос ішіндегі қайталанған түрлері айқындалды. Мәселен, «қоштасу» (Төлегеннің анасымен және бауыры Сансызбаймен қоштасуы), «жоқтау» (Жібектің Төлегенді жоқтауы және Сансызбайдың ағасын жоқтауы); «толғау» (кейіпкердің ішкі жан дүниесін суреттейтін Төлегеннің өмірімен қоштасқан кезіндегі монологы); «айтыс» (Бекежан мен Жібектің айтысы), «естірту» (Бекежанның Жібекке Төлегеннің қазасын естіртуі) және «жұбату» (Шегенің Сансызбайды жұбатуы) сияқты фольклорлық жанрлардың қайталануы музыка және поэтикалық мәтін жағынан алынып, «мінездемелік-мотив», «эпостық формула», теңеу, метафора, гипербола, эпитет, литота сияқты сапалық белгілер жеке-жеке талданды. Сонымен қатар, музыка мен мәтін арасындағы «синхрондық» сәйкестік, ырғақтық иірімділік, әуендік басымдылық, буындық негіз (7-8 немесе 11-буынды өлең құрылымы) және т.б. қарастырылды. Келтірілген мысалдарға дәлел ретінде көрнекілік үшін М.Өтебаев орындаған «Қыз Жібек» нұсқасынан бірнеше музыкалық мақам нотаға түсіріліп, музыкалық талдау мен кесте берілді.
Музыка әуеніндегі көркемдеу мәнер-әдістерін талдау үстінде, музыкалық сазы, тональдік қарым-қатынасы, әуеннің қозғалысы, ритмикалық әрі дыбыстық құрылымы қарастырылды.
Славян және түркітілдес халықтардың эпикалық жырларында кездесетін әуенсіз айтылатын таза прозалық «Әлқисса» бөліміне де көңіл бөлінді. «Әлқисса» бөлімінде автордың, яғни, жыршының эпос мазмұнын баяндайтын сөзі ғана емес, әр кейіпкердің ой-толғаныстарымен қатар диалогтар да кездесе береді.
Осы тарау бойынша қазақ жырының музыкалық болмысын талдау барысында міндетті түрде сюжетті-композициялық ерекшеліктерге, эпос ішіндегі фольклорлық жанрлардың қайталануына, жырдағы поэзия тіліне, сонымен қатар, музыка мен поэтикалық мәтін арасындағы сәйкестікке, ырғақтық иірілімдерге тоқталу қажет деген тұжырымдар айқындалды. Ал олар өз алдына: эпос ішіндегі фольклорлық жанрлардың қайталанулары жыр заңдылығына байланысты өзгеріске ұшырайды, бірақ, дегенмен, өзінің көздеген мақсаты мен міндеттерінен алыстамайды; музыка мен поэтикалық мәтін арасындағы сәйкестік кейде қазақ тілінің силлабикалық құрылымына бағынса, кейде, музыка заңдылықтарына байланысты ырғақтық өлшем мен жыршының орындау мәнеріне иланады деген тұжырымдарға әкелді.
«Қыз Жібек» жырының орындалу ерекшеліктері» атты үшінші тарауда М.Өтебаев және Д.Нығыметжановтың орындауларындағы «Қыз Жібек» туындысы мен М.Әуезов атындағы ӘӨИ фономұрағатында сақталған белгісіз жыршы жырлаған «Қисса Қыз Жібек» нұсқасы нотаға түсіріліп, сонымен қатар, ертеде Б.Ерзакович зерттеген нұсқалар нысанға алынды.
Б.Ерзаковичтің еңбектеріндегі орындаушылар туралы материал қарастырылып, диссертацияда Б.Ерзаковичтің зерттемелерінде жоқ қосымша мәліметтер берілді: Рахмет Мәзқожаевтың жыршылық өнерімен қатар сатиралы және айтыскер-ақын екендігі, Шәкір Әбенов «Қыз Жібек» жырын «Қорамжан» күйімен бастағандығы және т.б. баяндалды [6].
Б.Ерзакович нотаға түсірген үлгілерге қосымша талдау жасалып, біраз нәтижелермен қатар қателіктер де көрінді. Олар қазақ тілінің силлабикалық құрылымы мен поэтикалық мәтінінің тирадалық құрылымдарының ескерілмегендігі, тіл білмегендіктен үзінділердің дұрыс жерден басталмауы, зерттеулерде орындаушылар туралы, олардың орындаушылық ерекшеліктері туралы толық мәлімет берілмеуі және т.с.с. Дегенмен, көптеген кемшіліктеріне қарамастан, музыкатану ғылымында қазақ эпикалық өнері туралы тұңғыш еңбектің жарыққа шығуы қазақ музыкатану ғылымының алға басып, бір жүйеге келуінің белгісі.
«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Қалқаман-Мамыр», «Қыз Жібек» және тағы да басқа жыр-дастандарды орындайтын Дүйсенғазы Нығыметжанов жыршы ретінде көпке танымал.
Жыршы орындаған «Қыз Жібек» нұсқасы 1,5 сағатқа созылады. Толық эпикалық жырды орындау барысында жыршы бірнеше мақам қолданады. Олардың барлығы бір кілтте орындалып, ырғақтық бөлшектену, кеңею және орындарының ауысуымен түрлендіріліп, жалпы аталған әдістер жырдың толық материалының беделділігін, қадір-қасиетін кемітпей, жинақтаулық, тұйықтылық және қорытылғандықты білдіреді. Бұл нұсқа кейде жыршының әуенін тура унисонда қайталайтын, кейде мақамдар арасындағы байланыстырушы буын болып келетін домбыраның сүйемелдеуімен орындалады.
«Қыз Жібек» жырының Д.Нығыметжанов орындаған нұсқасы нотаға түсіріліп, жырдың басынан аяғына дейін бірнеше рет қайталанып кездесетін, бірақ бір-бірінен бөлек сегіз музыкалық үлгі талданды. Жыршы 7 буынды өлең жолдарында арнайы үш мақамды қолданса (I, IV, VI), 11 буынды өлең жолдарында басқа үш (II, III, V) мақамды келтіреді. 7 буынды жыр жолдарының І мақамын автор жырдың «кіріспесінде», ІV мақамын – Төлегеннің Жібек көшін іздеуінде, VI мақамды – бірінші бөлімнің соңында, кейін Жібектің Төлегенді кім өлтіргенін білген кезде және дыбыс ырғағы мен ритмикасын өзгертіп, Сансызбайды суреттеу, әкесімен қоштасу, тіпті Жібек пен Сансызбайдың танысу көріністерінде қолданады. Ал 11 буынды мақамдардың ІІ-сін – Төлеген жігіттерден келіп жөн сұрағанда, ІІІ-сін – Төлегеннің Қаршығаға келіп танысуында, V-сін – Бекежанның Жібекке айтқан өлеңінде келтіреді. 7 буынды мақамдарға қайта оралсақ, бірінші мақам жырды айту барысында бірнеше рет кездеседі. Ең алғаш a b c d келбетінде сирек кездесуіне қарамастан, жолдарының орындары алмасып, кейде I, II немесе III жолдар түсіп қалады. Сонымен, нәтижесінде келесі біріккен топтар құрылады: 1)аII:c...:ІІd; 2) II:c… :IId; 3) aвc cd; 4) II:a...:IId; 5) вc1II:с... :ІId;. Басқа төртінші мақам – Төлеген Жібек көшін іздеген көріністе орын алады. Бұл мақам дыбыс ырғағы (интонация) мен стилистика жағынан термеге жақын келеді. Термеге жақындығы репетициялық қайталану, тар ауқымдық, 7-8 буынды өлең және тездетілген (үзіліссіз, тоқтамай алқынып айтады) жылдамдық арқылы байқалады.
Келесі VI мақам ең алғаш эпостың бірінші бөлімінің соңында, кейін Жібектің Төлегенді кім өлтіргенін білген кезде және дыбыс ырғағы мен ритмикасының өзгеруіне қарамастан, Сансызбайды суреттеу, әкесімен қоштасу, тіпті Жібек пен Сансызбайдың танысу көріністерінде кездеседі. Бұл мақам ақсақ, синкопалы ырғағымен көзге түседі (дыбыс екпіні 7 буынды жолдың бірінші емес төртінші бөлшегіне келеді). Мұндай екпін мақамға жылау немесе өкініш интонациясын береді. Біздің ойымызша, бұл, жыршының тыңдаушы қауымға әсерін күшейтетін арнайы психологиялық әдісі. Сол сияқты 11 буынды мақамдар да жыр мәтінінде сан-алуан түрде көрініс алады.
Жоғарыда айтылғандай, бір мақам бірнеше көріністің музыкалық негізі болады. Демек, бір музыкалық мақам диалог, автордың сөзі, тіпті жеке кейіпкердің монологында да қолданыла береді. Бір мақамның әр түрлі кейіпкер, басқа мінезді әрі бөлек көріністерде қолданылуы – жыршының еуропаның музыкалық тілін, музыкалық жүйесін қолданбайтынының дәлелі деп түсінеміз. Яғни, Бекежан мен Жібек, Қаршыға мен Қорен, «Төлегеннің алты қазбен қоштасуы» немесе «Қорен ханның ең алғаш келуі» деген қарама-қарсы кейіпкерлер мен көріністердің бір мақамда құрылуы, жыршының лейтмотивтік жүйені қабылдамағанының нәтижесі. Сонымен қатар, жыршы шумақ пен поэтикалық мәтіннің көлеміне қарай мақамның көлемін де үлкейтеді. Кеңейту әдісі ретінде орындаушы мақамның бір жолын бірнеше рет репетициялық қайталау арқылы береді.
Осы нұсқаның музыкалық негізін талдау барысында жыршының келесі орындаушылық ерекшеліктері байқалды: жырдың мәтіні мен жарыққа шыққан «Қыз Жібек» жыры кітабындағы мәтіннің көп жері сәйкес келеді, бірақ ерекшеліктері де бар; кітаптағы сөздердің орнына синонимдер жиі қолданылады, олар кейде орындары ауысып келеді, тіпті кейде поэтикалық мәтін жолшыбай қысқартылып отырады; музыкалық мақамның соңы мен поэтикалық мәтіннің соңы жиі келіспей қалады (асинхронность); бір мақамның соңында жыршылар әдетте таза домбыраның әуенімен қайталап жіберсе, Д.Нығыметжанов оның орнына келесі мақамның басын түртіп қояды. Демек, орындауы динамикалы, қозғалысы басым болып келеді; бір музыкалы мақам келесі көріністе қайталанады, бірақ аздаған өзгешелігі орын алады; поэтикалық мәтін арасында таза аспапта орындалатын жолдар кездеседі; үшінші және төртінші жолдар бірнеше рет қайталанады; қайталану барысында әуен бірінші емес, үшінші немесе төртінші жолдан басталады; кейде жолдар ығысып, әуен кері қарай дамиды.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фономұрағатында сақталған «Қисса Қыз Жібек» те диссертациялық жұмыстың нысанына айналды. Бұл нұсқаның музыкалық негізі мен орындаушылық ерекшеліктерінен Жетісу өңіріне жататыны байқалады. Қисса көбінесе әңгімеленіп отырып айтылады, сондықтан прозалық «Әлқиссасы» өлең мәтінімен салыстырғанда жалпы жырдың шамамен 70 пайызын құрайды. Басқа нұсқаларда «Әлқисса» ең көбі 15-20 жолдан тұрып, орындаушыға шамалы уақытқа демін алатындай бәсеңдеу деп көрінсе, осы нұсқада «Әңгімелеуге» көп назар аударылады. Негізгі көңіл бөлініп музыкалық әуенге салынып орындалатын жолдар осы нұсқада тек көркемдеу үшін және басты кейіпкерлердің мінез-құлқын тереңірек жеткізу үшін айтылады. Және де, негізгі сюжеттің басын құрайтын мотивтер де әуенмен келтіріледі. Олар, Төлегеннің Қособада Бекежанды кездестіруі, екеуінің шайқасы; Төлегеннің алты қазбен қоштасуы; Бекежанның Қыз Жібекке айтқан өлеңі; Жібектің Бекежанға айтқан қарғысы; Жібектің зары; Шеге мен Сансызбайдың Жібекті іздеп табуы; Жібектің Шегеге айтқан жауабы. Сонымен қатар, жыршының орындау әдісі әр кейіпкердің мінез-құлқын толық жеткізеді. Мысалы, Бекежанның Қыз Жібекке айтқан өлеңінде әні көтеріңкі көңілмен орындалып, өзінің істеген жаман ісін Жібекке мақтанышпен айтып отырғандай естіледі, ал Жібектің әні Бекежанның әніне қарама-қарсы келеді. Дәл осы нұсқадағы «Жібектің әні» басқа жыршылардың орындауымен салыстырсақ ең қайғылы әрі мұңды болып келеді. Синкопалы, әрі әлсіз буынға келетін ырғақ, әннің басынан аяғына дейін сақталып, Жібектің қасіретті күйін жеткізеді. Кейіпкердің мұндай күйін әннің жоғары қарай төмендетілген үшінші сатыға қарай өрбуі күшейте түседі. Ал әрі қарай қайта қайтып натуралды VII саты арқылы өтіп, басқа V сатыдағы минорлы сазға ауытқуы Жібектің басқа ешбір шарасының жоқтығын сездіреді. Ал келесі музыкалық мысал – «Жібектің Бекежанға айтқан қарғысы» жалпы жырдың (нақты осы нұсқаның) шарықтау шегі десе болады. Осы үзіндіде Жібектің бейнесі күрт өзгеріп, басқа тұрғыдан көрінеді. Үзіндінің музыкалық әуені де басқа үлгілерден ерекше көрінеді. Себебі, Жібектің музыкалық мінездемесі әрі қарай дамып, интонация жағынан да, поэтика жағынан да жаңа болып келеді. Демек, Бекежанға айтылған қарғысында, синкопалы, қайғылы-қасіретті күйді суреттейтін ырғақ жойылып, Жібек тұрақты, салмақты әйел бейнесінде көрінеді. Егерде бұл көрініске дейін Жібек нәзік, қорғанышы жоқ жас қыз болып бейнеленсе, енді ол өмірдің зардабын шеккен, арамдық пен зомбылықты көрген үлкен жастағы әйел кейіпінде суреттеледі. Театр сахналарындағы қойылымдарда осы көріністің өзгеруі де тегін емес. Мәселен, жыр жолында Жібек «аузынан» шығатын қарғыс спектакльде жеңгесіне жүктелген. Ал Жібек болса бастапқы, алғашқы бейнесінен айырылмай, сол қалпы жас және нәзік жанды ару болып қала береді. Сондықтан болар, тағдырының сынағына шыдамаған Жібек сахналық қойылымдарда өз өмірін қиюға барады.
Осы нұсқаның тағы да бір ерекшелігі – аспаптық сүйемелдеусіз орындалуы. Әрине, домбыра тілін жақсы білетін жыршыға домбыра көмек әкелсе, оның құлағын бұрап көрмеген адамға керісінше қиындық туғызуы да мүмкін. Сондықтан, осы «Қисса Қыз Жібек» нұсқасының домбырасыз айтылуы да жасы үлкен жыршыға өзінше бір ыңғайлы әдіс деп қарастырылады.
«Қисса Қыз Жібекті» басқа нұсқалармен салыстыратын болсақ, мұнда сюжеттік өзгерістер де көп орын алған. Жырдың мазмұнында бір-екі сөзбен айтылып кеткен көріністер нақты осы нұсқада басқа жағдайлармен қоса, толық суреттеледі және эпос мәтінінде жоқ көріністер де бұл нұсқада орын алады.
Сонымен 1950-1960 жылдардағы фольклорлық экспедиция жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күнге естелік болып жеткен «Қисса Қыз Жібек» Әдебиет және өнер институтының фономұрағатындағы деректердің бірі. Бұл нұсқа сонау заманнан келе жатқан, әрі өз өзектілігін жоғалтпаған құнды фактологиялық дерекнама қатарында тұрған құнды шығарма.
Тұжырымдай келе, «Қисса Қыз Жібекті» орындаған жыршының ерекшеліктеріне: аспаптық сүйемелдеусіз және фольклорлық орындауы, прозалық мәтіннің басымдылығы, мазмұнының басқа нұсқаларға қарағанда кең әрі еркін болуы, әуендік интонация жағына келгенде – қазақ фольклорындағы ғұрыптық музыкаға тән әуен құрылымының заңдылықтарын қолдануы және т.б. жатады.
«Қыз Жібек» жырының М.Өтебаев орындаған нұсқасындағы музыкалық материалдың байлығы мен орындалу деңгейінің жоғары болуы орындаушы автордың кәсіби жыршы екенін көрсетіп, музыкалық мәтінінен кәсіптілік пен жоспарлық, нақтылық пен еуропа музыка тіліндегі жаттығушылық байқалады.
Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртисі М.Өтебаевтың театр актері, қазақ фольклорын жетік білетін дарынды жезтаңдай әнші, ғажап күйші және жыршы, қазақтың халық және кәсіби сал-серілерінің әндерін орындаушы болуы «Қыз Жібек» жырының дәл осы нұсқасының музыкалық негізін құрауында өз ықпалын тигізді. Сонымен қатар, ҰХК оқуын оқып, сол жерден алған тәрбиесі де болашақ актер әрі дарынды жыршының мінезінде белгілі із қалдырды [7].
М.Өтебаев өзі орындаған «Қыз Жібек» жырының нақты нұсқасының музыкалық негізін құраған «авторы» болып табылады. Себебі, драматург-жыршы жыр ішіне әр кейіпкерге арнайы ән қосып, жырдың мазмұнын кейіпкерлердің бейнесі мен мінезіне сай келтіреді. Осы нұсқаның құндылығы – жыр ішінде қазақ халқының фольклоры, тұрмыс-салтына байланысты әндері мен күй өнері көрініс алады.
М.Өтебаевтың авторлық әдістемесі, орындаушылық шеберлігі мен актерлік сезімталдығы тыңдаушы қауымға «Қыз Жібек» жырының музыкалық үйлесімдігі мен көркемдік сұлулығын паш етеді.
М.Өтебаев орындаған нұсқа нотаға толық түсіріліп, жұмыста мазмұны мен мотивтерге сай бірнеше әуен үзінділері келтірілді. Олар: «Кіріспе», «Төлегеннің шешесінің сөзі», «Төлегеннің Қыз Жібек көшін іздеуі», «Қыз Жібектің құрметі», «Қыз Жібектің түсі», «Бекежанның Қыз Жібекке айтқан өлеңі» және «Қыз Жібектің Бекежанға айтқан қарғысы».
М.Өтебаев орындаған «Қыз Жібек» нұсқасын талдау барысында музыкалық негізі мен орындау тәсілдерінен кәсіби әндерге жақындығы байқалады. Біріншіден, әр талдауға алынған жеке кейіпкердің әуені құрылым жағынан шумақ пен қайырмаға келеді. Көбіне ол 11 буынды, сонымен қатар, шумақты сөйлем-сөйлемге бөлсек, кей мақамдар өлеңге жақын келіп, бір сөйлемі қайталанып отырады. Екіншіден, тек М.Өтебаевтың нұсқасында кіріспе бөлімінде АӘФ ең алғаш көрсетіліп, кейін басқа көріністерде жиі қолданылып отырады. Жеке кейіпкердің атынан айтылатын әуен АӘФ басталып, сюжетіне сай, мысалы Төлегеннің өзін-өзі таныстыруы (ғалымдар – «Автопортретность», «лапидарность», «концертность» деп бағалайды) кезінде, қарама-қарсы бағыттағы айналым немесе қайыру жолдарымен секірісті толықтыру жиі кездеседі. Үшіншісі – пентатоникалық негіз. Ол Шығыс Қазақстан жеріндегі фольклорлық әндеріне тән құбылыс. Ол да М.Өтебаев орындаған «Қыз Жібек» жырының нұсқасында жиі кездеседі. Төртіншісі, жырдың басынан аяғына дейін кездесіп, өзгеріссіз қайталанып отыратын төменгі тоникадағы каданстық айналым. Олар «мелодиялық блок» немесе «қайырма жолдары» деп жұмыста бірнеше рет аталып кетті. Және соңғысы, сөз басының үстемділігі. Әрине, кәсіби ақын, сал-серілердің шығармаларында сөз басы үстемді болса, жыр жолдарының поэтикалық негізі мақамның құрылымы мен жалпы эмоционалды сипаттамасында соншалықты шешуші рөл атқарады. Сөз басы мен поэтикалық негіздің үстемділігі әуен-саздың көлеміне, ырғағына және музыкамен баяндалуына ықпалын тигізеді. Бұл айтылып кеткендердің барлығы М.Өтебаев орындаған «Қыз Жібек» жыры нұсқасының сал-серілер шығармашылығына жақындығын көрсетеді. Ал ол жақындық Мұхтар Өтебаевтың кәсіби ақын, әртіс әрі жыршы мамандықтарының өкілі ретінде жоғарғы деңгейде екендігіне дәлел.
Жұмыста талдауға түскен үлгілердің ішінен «Жібектің әні» мен «Төлегеннің толғауын» ерекше айтуға болады.
Жалпы «Қыз Жібек» жырында Жібектің бейнесін суреттейтін 16 көрініс орын алады. Солардың ішінен бір музыкалық мақам басқа қайталанбай, тек Жібектің ғана мінез-құлқы мен көңіл-жайын жеткізеді. Бұл мақамның негізін «Балапан қаз» деген халық әнінен алынған деп айтуға болады. Келесі мысал – өлім аузында жатқан Төлегеннің алты қазбен қоштасқан кезінде айтқан толғауы. Бұл толғаудың да құнды жері – М.Өтебаевтың толғаудың музыкалық негізі ретінде қазақ халқының «Ақсақ құлан» күйін қолдануы. Сол сәттегі Төлегеннің ауыр халін, күйін тематика және музыкалық материалы жағынан «жоқтауға» келетін аталған күймен суреттеуі жыршының көрегейлігі мен тапқырлығының нәтижесі. Және де бұл күйдің өзі де мазмұны бойынша «естірту» болып келіп (Жошы ханға баласының өлімін естірту), сол көңіл-күйге жақын шығарма.
Жыр ішінде музыкалық материалы жағынан тағы да жарқын әрі бай көрініс – «Бекежанның Қыз Жібекке айтқан өлеңі мен Жібектің қайырған жауабы». Мұнда екі жастың қарым-қатынасы анық көрінеді. Айтысты бастаған Бекежанның музыкалық мінездемесі жырда ең алғаш беріліп, жыршы бұл кейіпкердің зұлым да жағымсыз мінездемесін жеткізу үшін екінші сатысы төмендетілген минор сазын қолданады (түркімен интонациясы). Кейінірек бұл интонация Сырлыбай ауылына қалмақтар келгенде Қорен ханның партиясынан естіледі. М.Өтебаев бұл әдісті тек Бекежан мен Қорен ханда қолданып, екі жағымсыз кейіпкерлердің бейнелерін бір-біріне жақындатып қояды. Яғни, тек екеуінің лейттемасы десе болады. Бекежан жай ғана естіртіп қоймай, өзінің батырлығын айтып, мергендігіне мақтанады. Шебер жыршы Бекежанның өлеңін «Ей, Жібек!» деп бастап, өркөкірек мінезін, мақтаншақтығы мен менмендігін өзінше бір жеке интонация, тар ауқым, төмендетілген ІІ сатыдағы репетициялық қайталау, дамусыз речитативті мінездегі әуен және тағы да басқа әдістер арқылы жеткізеді. Төлегеннің өлімін естірте отырып, Бекежан Жібекке жаны ашығандығын көрсеткеннің орнына өз сөздеріне қосымша көңіл бөлсін дегендей соңғы шумақтың басында өтірік жөтеліп қояды. Ал ІІ мен ІV жолдағы бесінші буынды Бекежанның дауысын қаттырақ шығарып әндетіп емес «айғайлап» жеткізуі кейіпкердің бейнесіне жағымсыз мінезін суреттейтін қосымша бояу тағы да қосады.
Жібектің әуені Бекежанның әуеніне қарама-қарсы келеді. Бұл әуен қара өлеңге жақын, сондықтан әр шумағы төрт жолдан а в с в1 тұрады. Кең ауқым, шумақты-қайырмалы құрылым және байсалды ырғақ Жібекті мәртебелі, шыдамды, салмақты әрі сабырлы қылып бейнелейді. Жыршы екі кейіпкерді екі әуен арқылы суреттеп, бір-біріне жат, бірлеспейтін қарама-қарсы бейнелер екендігін дәлелдей түседі.
Тұжырымдай келе, М.Өтебаев сахна әртісі болғандықтан кейбір сал-серілерге, ақындарға сай орындаушылық әдістері, ашып айтқанда шешендік декламация, жігерлік көпшілік алдындағы концерттік бейнесі мен сезім толқынының тасуын ашық көрсетеді. Дарынды жыршы түрлі әдіс қолданып, әр кейіпкердің мінез-құлқын, эмоционалдық толғаныстарын, өкініші мен ренжішін, күйзелісі мен өксігін, тіпті Жібек бейнесінің шарықтау шегін де поэтикалық дайын мәтін арқылы емес, музыка тілімен білгірлікпен жеткізеді.
Жұмыстың соңғы тарауында қазақ музыкасында орны бөлек, ал нысанға алынып отырған «Қыз Жібек» жырының орындалуында аса бір қызмет атқаратын аспаптың, яғни, домбыраның сүйемелдік рөлі қарастырылды.
Халқы сүйіп тыңдайтын жырдың аспаптық сүйемелін орындау барысында, бір кейіпкердің бейнесін суреттеген кезде, немесе өтіп жатқан көріністің мағынасын тереңірек жеткізу мақсатымен жыршы аспаптық сүйемелді орынды қолданады. Тыңдаушы қауым болса жай ғана тыңдап қоймай, жыршыны демеп, рухын көтеріп, жалпылай айтқанда, жырлау барысында орындаушыға ат салысып отырады. Сондықтан тыңдаушылардың назарына, көңіліне, ықыласы және қабылдауына байланысты жыршы жыр жолдары мен аспаптық сүймелдің көлемін кеңейтіп, кішірейтіп, қосып немесе мүлдем алып тастап отырады.
Мұхтар Өтебаевтың орындауындағы «Қыз Жібек» жырындағы домбыра сүйемелі кейде нақты кейіпкердің мінез-құлқын, аттың шабысын суреттеп, поэтикалық мәтін мен мақам-сазда айтылған ойды толықтыра түседі. Бұл жыршының домбыра аспабының қыр-сырларына қолын жеткізгендегісінің нәтижесі. Жыршының орындауындағы «Қыз Жібек» эпосының аспаптық сүйемеліне назар аударсақ, ол, біріншіден, жырлау барысында вокалдық партияны қосарласып қайталап, тек ырғағын шағын ғана ұсақтап, жыршыға көмек беріп сүйемелдеу қызметін атқарады. Бір тирада, кейде тіпті бір музыкалық жолдың соңында домбыра партиясында ұсақ ырғақты интервал орналасады. Ол – жыршы партиясындағы «ферматоға» берілген уақытты толықтырады. Екіншіден, әр мақамның соңында келетін каденциялық материал және екі мақам арасындағы байланыстырушы бөлімдер жеке аспапта орындалады. Жырдың «Әлқиссасынан» кейін жыршының мақамына кіріспе рөлін атқарып бірнеше такт таза аспаптық жолдар кетеді. Жалпы эпикалық туындының таза аспаптық тұсы осы жолдар ғана. «Қыз Жібек» жырының М.Өтебаев орындаған нұсқасында ең көлемді әрі дербесті аспаптық эпизод жырдың кіріспе бөлімінен байқалады. Аталған жыршы репертуарынан «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық» және «Қобыланды батыр» жырларының таза аспапты кіріспе бөлдімдерін нота бетіне түсіріп, талдауға салғанда, бірінші екі жырдың аспапты кіріспелері «тезисті», қысқартылып алынған (конспективный) «төкпе» күйінің композициясының жоспары екені анықталды. Себебі, мұнда «бас буын», «негізгі буын» және жорамалдап алсақ, «саға» бөлімшелері экспозиция түрінде көрсетіліп берілген. Мұхтар Өтебаевтың орындауындағы «Қыз Жібек» жырындағы домбыра сүйемелі кейде нақты кейіпкердің мінез-құлқын, аттың шабысын суреттеп, поэтикалық мәтін мен мақам-сазда айтылған ойды толықтыра түседі.
«Қыз Жібек» жырының басқа орындаушылық нұсқалары мен М.Өтебаев орындаған үш жырдың домбыра партияларын салыстыра келе, М.Өтебаев жырларындағы домбыра тек сүйемел аспап емес, басқа да маңызды қызметтерді атқаратыны байқалады. Кей жерлерде домбыра аспабы басты, жүргізуші роль атқарып, жауапты сәттерге ие болады. Домбыра тіпті жыршының айта алмаған, сөзбен жеткізе қоймаған ойларын жеткізіп, көмекші екінші дауыс сияқты жүреді. Сонымен қатар, М.Өтебаевтың әртістік дарындылығы мен тәжірибелілігінің арқасында көптеген орындаушылық әдістер мен қағыстар, регистрлік аймақтар (регистровые зоны) мен ырғақтық үйлесімдер кеңінен қолданылады. «Төлегеннің алты қазбен қоштасқан» жерінде М.Өтебаев қазақтың халық күйі «Ақсақ құланды» музыкалық негіз тұтып «теріс қағыс» арқылы басты кейіпкердің ауыр халін суреттейді. Жыршының бұл күйді және басқа да қазақ фольклорынан алынған музыкалық материалды жырда қолдануы өз репертуарына, өз «туындыларына» деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің және жыршылық шеберлігінің бағасы.
Қорыта айтқанда, аспаптық сүйемел музыкалық әуенді қосымша әшекейлеу, әуеннің соңын қайыру, сөздердің соңына қосымша буындарды қосу, тек қана күй тудыратын ырғақты қолдану және сол сияқты басқа да әдістерге мүмкіндік береді. Демек, жыршы домбыра арқылы келесі шумаққа дайындалғанша, үзілістерді, кідірістерді толықтырады; музыкалық, саздық кездейсоқ ауытқу болмауының алдын алады; дәл сол шумақта айтылатын көріністі суреттегенде өз мүмкіндігін кеңейтеді; нақты бір шумақтың немесе жалпы жырдың көлемін өзгерте алады.
Жалпы осы тараудың нәтижелерін тұжырымдау барысында бірнеше түйін қалыптасты. Ашып айтқанда, «Қыз Жібек» жыры бүгінгі таңда әдебиеттанушылардың ғана емес музыкатанушы ғалымдардың да зерттеулерінде орын алады; музыка мен поэтикалық мәтін арасындағы сәйкестік бір жағынан қазақ тілінің силлабикалық құрылымына бағынса, екінші жағынан музыка заңдылықтарына байланысты ырғақтық өлшем мен жыршының орындау мәнеріне иланады. Және де эпос ішіндегі фольклорлық жанрлардың қайталанулары жыр заңдылығына байланысты өзгеріске ұшырауына қарамастан өзінің көздеген мақсаты мен міндеттерінен алыстамайды. «Қыз Жібек» жырын орындаған әр жыршының тек өзіне тән ерекшеліктері мен орындаушылық әдіс-тәсілдері болады, сонымен қатар, аспаптық сүйемелдеудің рөлі жырлау барысында орындаушы мен тыңдаушыға өз әсерін тигізіп, жырдың музыкалық болмысын кеңейте түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |