Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,
Мұны оқыса, жігіттер аңшы оқысын,
Біле алмасаң, құс алып, дәм татпасаң.
Қазақ топырағында аңшылықтың тұзақ құру, қақпаншылық,
мергеншілік, ит жүгірту және саятшылық сияқты түрлері бар. Қазақ
тілінің сөздік құрамында аңшылық өнерге қатысты лексика өте мол.
Академик Ә.Марғұланның айтуынша, тек саятшылыққа байланысты
туған мың жарымдай сөз (халықтың термині) бар екен [6, 205]. «Құс
салу» тұрақты тіркесі-қазақтар мен ортағасырлық қыпшақтарға ортақ
этнографизм.
Фразеологизмнің бойындағы қат-қабаттарда сақталып қалған тіл
иесінің күнделікті өміріне, рухани және тұрмыстық мәдениетіне, діни
көзқарасына немесе эстетикалық талғамына, дүниетанымына қатысты
болып келетін қандай да бір оқиғаның, нәрсенің, белгінің,
құбылыстың іздері, зерттеуші көбіне көне нанымдар, салттар,
әлеуметтік-тарихи құбылыстар әлемін зерделеуге жетелейді. [7, 245].
Мысалы, Кішігә тегмәсүн көз «кісіге көз тимесін» (Мухаббат-наме,
28в5). Осы сөйлемдегі біреудің «біреудің назары түсіп аыру»
мағынасындағы көз тегмәсүн тұрақты тіркесі қазіргі қазақы ұғым-
түсініктен туындап отыр. Қазақта жас балаға, сұлу қызға, жүйрік атқа
көз тиеді, тіл өтеді деп көзден тасалап ұстау ырымы бар. Мәселен,
Құлагер қуанышпен қосып едім,
Алдыңнан үмітпенен тосып едім,
Жиылып, арғын, найман қарағанда,
Тіл мен көз тиер ме деп, шошып едім. (І.Ж.).
«Көз тию» ұғымы орта ғасырдан жетіп, бүгінгі қазақтардың
санасынан, түсінігінен орын тепкен. Көпшіліктің көз алдындағы
жағдаяттан туған.
Әр ұлт өкілдерінің, әр дәуір адамдарының өздерін қоршаған
ортаға, әдемілікке, сұлулыққа көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін.
Сұлулық, әдемілік сипаттарын бейнелеуде ұлттық-мәдени өмір салты,
қоршаған орта, жер жағдайы, құбылысты қабылдау ерекшеліктері
көрініс беріп отырады [5, 175]. Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің
тақырыбына орай сұлу қызды суреттеуде, неше түрлі айшықты сөз
өрнектері қолданысқа түскен. Мысалы, ай йүзім, йүзі гүл, йүзі күн,
пістә ағыз, толун ай, шәкәр ерін, күн күзгүсү (күн айнасы), күнәш
йүзли (күн жүзді), Юсуф жамалы, он төртинчи түннүң толун айы.
Осы сөз-образдардағы сұлу қызды ай мен күнге теңеу қазақ тілінде де
кең тараған.
- Нітәк келдің бу йәргә әй толун ай «неге келді бұл жерге, әй
толған ай» (Мухаббат-наме, 93в16). Йелиб он төрт күн тиләйк, ол он
төртинчи түннүң толун айы тұрақты тіркестері қазақы таным-
түсінікпен астасып жатыр: Он төртінші айдай боп, Түседі кімнің
көзіне [ҚТФС,417]. Қас сұлулықты қазақ толған айға теңейді. «Ай әр
айдың он төртінші жұлдызында шартабақтай болып, әбден толысады.
Сол себепті де халқымыз осы күнді «он төртінші жұлдыз» демейді,
«айдың бір жаңасы» дейді. Яғни ықылым заманнан бері жаңа туған
айдың алғашқы күні деп есептеліп келген-ді.
Аталмыш фразеологизмдердің өн бойынан ұлттық-мәдени
колорит көрініп тұр. Бұл - этностың әлем, ғалам, сұлулық жайлы
бейнелі түсінігі.
Бір замандарда Дешті-Қыпшақ даласында құйындай желіп
жүрген еркін, жүйрік, азат дала дүлдүлі құлан бейнесі талай сөз
саптауларға негіз болған.
Мысалы, көңлүңни «сенің жабайы жүрегің» (Гулистан би –
турки, 36б9). Қазақ тілінде «құлан» сөзімен келген
фразеологизмдер де семантикалық жағынан әр түрлі.
- Құлан бүлкілге басты – жорта жөнелді, сау желіске салды.
- Құландай ащы дауысты – айбарлы, үнді.
- Құланның қасынуына мылтықтың басуы – істің орайы, сәті
келуі.
- Құлан таза – кіршіксіз, адал.
- Құлан таза арылуы – ауру-сырқаудан мүлде айықты.
Орта ғасырлардағы «құлан» сөзі қазақ тілінде өрісі кеңіп,
ұлттық таным-түсінікпен астасып әр қилы сөз образдар туғызуға негіз
болған.
Жазба жәдігерліктер тіліндегі осындай тұрақты тіркестер, сөз
жоқ ұлттық менталитеттен мәдени ақпарат береді. Бұл ақпараттар
қазақы ой-санамен, таным-түсінікпен, дағды-дәстүрмен астарласып,
сабақтасып тіл мен ұлттың тарих қойнауынан түзілген бірлігін,
тұтастығын аңғартады.
Достарыңызбен бөлісу: |