Ортағасырлық қала Ұтырлы (Үтіртөбе)



бет1/3
Дата07.02.2024
өлшемі26.54 Kb.
#491021
  1   2   3
Үтіртөбе қаласы


Ортағасырлық қала Ұтырлы (Үтіртөбе)

«Академик «Ә.Қуатбеков атындағы


Халықтар достығы университеті»,
Студент: Қалдарбек Ерасыл, OGB161-23 тобы
Жетекшісі: Жарменова Бибінұр Елубайқызы

Еліміздегі орта ғасырлық қалалардың бірі – Мырзашөл өңіріндегі Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы. Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста , «Үтірлі» ауылынан солтүстікте 11 шақырым қашықтықта, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 шақырым қашықтықта, Сырдарияға құятын Сорөзек саласының жағалауында орналасқан .


Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласын Қазақстан археологтары зерттемеген. Оның басты себебі Мырзашөл өңірі, оның үлкен бір бөлігі - Мақтарал ауданы 1963-1971 жылдары Өзбекстан Республикасына қараған. Сондықтан да бұл аймақ өткен ғасырдың 60 жылдары жүргізілген Шардара археологиялық экспедициясының зерттеу аясынан тыс қалған. Үтіртөбені алғаш зерттегендер Өзбекстан археологтары. Қала туралы алғашқы деректі 1971 жылы Ю.Ф. Буряков пен О.М.Ростовцев жазған . Ю.Ф.Буряков «Историческая топография Ташкенского оазиса» - деген монографиясында Чиначкент (Шыназ) қаласынан 30 шақырым жерде Сырдарияның сол жағалауындағы «Ұтырлы» қаласын атап өтеді. Жазушы М.Жақып «Мырзашөлім-мырза елім» (Алматы,1998) деген еңбегінде бұл қала жөнінде шағын түсініктеме береді. Сонымен, Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы туралы мағлұматтар Қазақстан археология ғылымы үшін тым мардымсыз, белгісіз болып отыр. Осы бір бай ортағасырлық қаланы және Мырзашөл өңірінің өзге де ескерткіштерін зерттеу барысында Қазақстан тарихына қатысты ортағасырлық елді мекендер мен қалалар жайлы жаңа деректер алуға болады. Сондықтан да бұл тарихи-мәдени аудандарда зерттеу жүргізу еліміздің археологиясындағы өзекті тақырып болып табылады.Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2004 жылы 5-20 тамыз аралығында Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті өз қаржысымен «тарих» мамандығының студенттерінен құралған археологиялық практика ұйымдастырып, қазба жұмыстарын жүргізді. Ұтырлы ( Үтіртөбе ) қаласына жүргізілген осы алғашқы археологиялық зерттеудің өзі-ақ, бұл қаланың орта ғасырларда осы өңірдегі ірі экономикалық орталық болғанын көрсетеді және өңір тарихын байытып,одан біршама мағлұматтар береді. Қаланың ежелгі аты белгісіз. Жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды.Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін. «Ұтырлы»-қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір белгісіне» ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атаған дейді.
Шынында да қаланың географиялық орналасуы қолайлы, жол торабында орналасқан. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп, Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы - Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп, Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан - жаққа (Яссы-Сауран-Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал,қаладан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан , Бұхараға жол тартқан.
Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы нақты қай уақытта өмір сүрген және ол қай елге, тайпаға тиесілі деген мәселеге келсек, алғашқы археологиялық зерттеулер бұл қаланың ҮІІІ-ХІІ ғасырларда, оғыздар дәуірінде өмір сүрген қала екенін көрсетеді. Әсілі, бұл оғыздардың қаласы болуы керек. Олай дейтін себебіміз, біріншіден, Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының Сырдың орта ағысы бойындағы ондаған қалалармен өте ұқсастығы, олардың жобасы мен құрылыс технологиясы, тіпті табылған заттарына дейін ұқсастығы бұл қалаларды бір кезде бір халық салғандығын көрсетеді. Оғыз дәуірі кезінде Сырдың бойындағы қала мәдениеті даму сатысының жоғары деңгейінде болды. Махмұд Қашқари өзінің еңбегінде оларға сипаттама береді . Екіншіден, сол дәуірдегі тайпалар мен мемлекеттердің геосаяси орналасуы да біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. «Мауереннахр шекарасының өн бойында, - деп хабарлайды Әл-Истархи, - соғыс шайқастары болып жатады. Хорезмнен Испиджаб төңірегіне дейін оғыз-түріктермен, Испиджабтан Ферғананың ең шалғай жерлеріне дейін қарлұқ-түріктермен шайқас болып тұрады». Бұдан біз Испиджабтың оғыздар мен қарлұқтар арасындағы шекара болғанын көреміз. СоныменбіргеКелесдаласында «Оғыздарқонысы» (Дех и гузз) болған. Шашаймағында оғыздар мен қарлұқтардың исламды қабылдаған тайпалары жиылып қоныстанған. Демек, Испиджаб пен Шаштың батыс аймақтары, оның ішінде Ұтырлы да оғыздардың жеріне кірген.
Үтіртөбе қаласының қазіргі жобасы шынында да үтірге ұқсап жатыр. Қаланың сыртқы көлемін су шайып кеткен. Сондықтан оның бұрынғы пішіні белгісіз. Қазіргі сақталған көлемі шығыстан батысқа қарай 388 метр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 180 метрге созылып жатыр. Батыс жағынан ені 40 метрге дейін жіңішкеріп барып біткен Қаланың сыртын 10-30 метрге дейін су шайып, 1-2 метрге дейін жететін тік жар қабақ жасаған. Оңтүстік-шығыс жағын 1 метрге дейін су шайған. Бұл тұстан қаланың бекініс қамалы 1,5 метр биіктікке дейін жақсы байқалады. Қаланың басқа шеттеріндегі бекініс қамалдарын су шайып кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасырдың 60- жылдары салынған Шардара су қоймасының суының көтерілуінен қаланы су баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жыңғыл басып кеткен.Су жылда қаланың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін шайып, қаланың көлемі жылдан-жылға кішіреюде. Егер су осылай шая берсе, 10-15 жылдан кейін қала тегіс жойылады. Қала апаттық жағдайда.Қаланы су басқаннан соң қираған ба, жоқ әлде жау шапқыншылығынан соң қираған ба белгісіз. Оны келешектегі зерттеулер анықтайды. Археологиялық қазба барысында көптеген бұйымдар: қыштан жасалған түрлі құмыралар, күбілер, дастархандар, түбек, қазан, қақпақтар, кеселер т.б. бөліктері , темірден жасалған найза ұшы, жебе ұшы, қылыш сынығы және көгілдір хрустальдан, көк тастан, қызыл түсті сердоликтен, қара пастадан, теңіз ұлу қабыршағынан, мөлдір тастан, сүйектен жасалған түрлі моншақтар, сондай-ақ, өркениеттіктің басты белгілерінің бірі - қыш ыдысқа жазылған жазу табылды . Бір қызығы, екі табақ сынығынан табылған бұл екі жазу да төрт таңбалы альфавиттен тұрады және олар үш рет қайталанып басылған. Қазіргі кезеңде жазудың мәтіні анықталған жоқ. Ол қалыппен басып салынғандақтан әлі көптеп кездесуі мүмкін. Қорыта келгенде, ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері біздің кең-байтақ Отанымыздың бір пұшпағы болып табылатын – Мырзашөлдің тарихы кешегі мақта шаруашылығына қатысты орман-арықтардан ғана басталмайтынын, оның тарихы тым ертеден бастау алатынын және қалалық мәдениет гүлденіп дамыған өңір болғанын көретеді. Ғылыми ізденістер болашақ жас мамандар үшін тарихи жәдігерлерді өз қолымен ұстап, ғылымға деген қызығушылыған арттыруға, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, өлкенің тарихымен тереңірек танысып, Отанға деген сүйіспеншіліктерінің арта түсуіне мол мүмкіндік берері сөзсіз».




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет