Ормандар мен жасыл өсімдіктер
Қазақстанда өсімдік дүниесінің 303 түрі Қызыл кітапқа енген және оның сақталуына мемлекеттік қорықтар қамқорлық жасайды. Өйткені шөп қоры мал жайылымы есебінде бағалы, ал орман өндіріс үшін керекті материал болып саналады.
Қазақстан дүние жүзі бойынша орманы аз елдердің қатарына жатады. Бүкіл аумағының 11,4 млн гектар жерін (4,2%) ғана ормандар алып жатыр. Ол табиғатты тазартуда, топырақты эрозийдан сақтап, оның тамырын бекітуде, егіндік-шабындық жерлерді қорғау мен құм көшкіндерін бөгеуде аса маңызды рөл атқарады. Ауаны шаң-тозаңнан тазартып, аңызақ желден, құрғақшылықтан сақтауда да ормандар мен жасыл өсімдіктер пайдалы.
Қазақстандағы қазіргі өсімдіктер түрлері
Қазақстандағы қазіргі өсімдіктер түрлері қылқанжапырақты ормандар, ұсақ жапырақты орман-тоғайлар, бұталы тоғайлар, даланың бұталы өсімдіктері, сексеуіл, шөлдің бұталы өсімдіктері, дала өсімдіктері, субтропиктік өсімдіктер, шалғындар, тақырлар, шөлдің бір жылдық өсімдіктері болып бөлінеді. Оларға геоботаникалық жағынан Еуразияның қылқан жапырақты орманы (Оңтүстік Алтай), Еуропа, Сібірдің орманды даласы (Солтүстік Қазақстан), Еуразия даласы ( Еділ- Жайық, Мұғалжар-Торғай, Есіл-Нұра, Қарағанды, Ұлытау- Сарысу, Жайсан бойы), Азияның шөлді аудандары (Тұран ойпаты, Солтүстік Тянь-Шань, Қаратау) кіреді.
Жануарлар дүниесі
Толық мақаласы: Қазақстан құстары
Жануарлар дүниесінің дамуы
Байқоңырдағы қоян.
Жануарлар дүниесінің дамуы жағынан Қазақстан палеоарктикалық-зоогеографиялық облысқа кіреді. Ондағы жануарлар дүниесінің пайда болуы мен қалыптасуы өсімдік жамылғысының даму тарихымен ұқсас. Палеоген дәуірінде Қазақстанды тропиктік және субтропиктік жануарлар мекендеген. Олар Үндістан және Африка жануарларының түрлерімен ұқсас болған. Ал мұз басу дәуірінде жылы климатқа бейім жануарлардың кей түрлері қырылып, біразы жылы жаққа қоныс аударған. Олардың кейбір түрлері Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақта (Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, Ұзынқара (Кетпен) жотасы) сақталып қалып, мұз басу дәуірінен кейін қайтадан дамып өскен. Қарақұйрық, жолбарыс, қабан, марал, бұғы, аққұтан, қызылқұтан сияқты жануарлар түрлері осы топқа жатады.
Мұз басу дәуірінде Қазақстанға материктің солтүстігінен суыққа төзімді жануарлар ауысқан. Олардың кейбір түрлері таулы аудандарда әлі де сақталған. Оларға тундра кекілігі, жапалақ, т.б. жатады. Мұз дәуірінен кейін Қазақстанға Орталық Азия жануарлары мен құстары өткен. Оларға құр, тоқылдақ, самыр- құс, ор қоян жатады. Кейін олар дала және шөл зоналарына ауысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |