Қазіргі жануарлар дүниесі
Қазақстанның жануарлар дүниесі казір сүтқоректілердің 178, кұстардың 489, балықтың 104 және омыртқасыздардың 50 мыңнан астам түрлерінен тұрады. Таралуы жағынан олардың мекендері бірнеше зоогеографиялық аудандарға бөлінеді. Оларға дала және орманды дала (Солтүстік Қазақстан, Ертіс өзені бойы), шөлейт және шөл (Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалары, Жайық бойы, Торғай, Қызылкұм, Балқаш пен Зайсан көлінің жағасы, Бетпақдала, Сарысу, Сырдария жағалауы, Үстірт), таулы аудандар (Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань, Қаратау, Ұлытау, Қалба, Сарыарқа) жатады.
Дала жануарлары
Дала жануарлары табиғаттың ерекшеліктеріне икемделіп, түсі де дала бояуына қарай өзгере дамыған. Ондай қасиеттер тышқандар мен сарышұнақтардың көптеген түрлеріне тән. Даланы тышқан, алақоржын, қасқыр, түлкі, борсыққой мекендейді. Киік жиі ұшырасады. Дала құстарынан дуадақ, тырна, торғайдың әр түрі (қараторғай, бозторғай, шымшық) кездеседі.
Орманды дала жануарлары
Орманды даланың сүтқоректілері қатарына қоян, ақкіс, елік кіреді. Қасқыр мен түлкі мұнда да жиі кездеседі. Құстардан құр, шіл кең тараған, қайыңды ормандарды бөктергі, ителгі сияқты жыртқыш кұстар мекендейді. Ашық алаңдарда қарғаның түрлері, былдырық бар. Орман ішінде жылан аз кездеседі, кесірткенің біраз түрлері ұшырасады.
Шөл даланың жануарлары
Шөл даланың жануарлары ыстыққа, шөлге шыдамды болуға бейімделген. Олардың біразы күндіз терең қазылған інде жатып, түнде жемін аулауға шығады. Күндіз жүретін аңдар тым ерте және кешкі мезгілде ғана далада болады. Күндіз көлеңкеде, бұта түбінде жатады. Шөл хайуандары жүйрік келеді, алыс жерлерден су ішіп қайтады, құстары да қонбай, алысқа самғап ұша алады. Көбі шөлге шыдамды келеді. Олар (суыр, құм тышқандары, торғайдың кей тцрлері) ылғалы мол өсімдіктермен қоректенеді, соны қанағат тұтады. Көктемде, жаздың басында жерде ылғал бар кезде өмір сүріп, жазғы ыстықта ұйықтайтын да жануарлар бар. Сарышұнақ осылай тіршілік етеді. Олар маусым айынан бастап жазғы ұйқыға кетеді. Дала тасбақасы ұйқыны одан да ертерек бастайды.
Шөлдің де түрлері көп. Олар құмды, ұсақ тасты, тақырлы-сорлы болып келеді. Жануарлар да сол жерлердің табиғи ерекшеліктеріне қарай бейімделе дамыған. Құмды шөл далаларда әр түрлі бұталы өсімдіктердің, сексеуілдің, ақ гүлді қарағанның өсуіне байланысты, соларды қорек ететін хайуандар мекендейді. Ала жертесер, сарышұнақтың, құм тышқандарының кей түрлері, кірпі, құм қояны, кұстардан сексеуіл жорға торғайы кездеседі. Жылан, кесіртке сиякты жорғалаушылар шөлді далаларда көп. Құстар сексеуіл бұтақтарына ұя салады, олардың ішінде дала бүркіті, бөктергі, аққұйрық сауысқан бар.
Даланың аңдары бір зонадан бір зонаға ауысып, кейде сол жерлерді мекендеп қалады. Жайық өзені бойы мен Каспий маңы ойпатында Еуропадан ауысқан орман сусары, тоғай барысы, Үстіртте оңтүстік және батыс облыстарға тән үстірт қойы (үстірт муфлоны), сілеусін және т.б. жануар түрлері ұшырасады.
Достарыңызбен бөлісу: |