«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев


Генерал Есболовтың батасы



бет15/24
Дата25.02.2016
өлшемі1.38 Mb.
#20422
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   24

Генерал Есболовтың батасы
1979 жылы наурыз айында Сәлім Қажыболұлын Жітіқарадағы еңбекпен түзеу мекемесінің бастығы етіп тағайындау туралы сол кездегі облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал Бәкіровтың ұсынысы болды, оны облыстық партия комитеті де қолдады. Білімі бар, істе сыналған, талай жыл осы мекемеде бастықтың бірінші орынбасары болды. Тәртіп бойынша еңбекпен түзеу мекемесінің бастығын Қазақ КСР Ішкі істер министрінің өзі бекітеді. Және Жітіқарадағы колония еліміздегі ең бір үлкен осындай мекемелердің бірі. Онда жазасын өтеп жатқан жандар да ала-құла. Қайыровтың 31-ге жаңа толған кезі еді. Қазақ КСР ІІМ кадрлар бас басқармасының бастығы полковник Сұлтанғалиев майор Қайыровты министрге ертіп барды.

Министр Мақан Есболатов бірден жылы сөйледі:

– Шырағым, тіпті жап-жас жігіт екенсің. Түзету мекемесінің бастығы болу оңай іс емес. Ондағы адамдардың тағдыры да әрқилы. Қызмет істейтін жандардың да мұң-мұқтажы аз емес. Білімің бар екен, енді тәжірибе мен тиянақтылық, жауапкершілік керек. Жазасын өтеп жатқан жандардың бәрін “біткен”, “түзелуден кеткен” деп қарауға мүлдем болмайды. Орыстар “жизнь прожить – не поле перейти” дейді, қазақшаласақ “өмір сүру – өзеннен өту емес”. Адамгершіліктен аттама, қолымда билік бар екен деп белінен баспа, қарағым. Мұның бәрін сен жас болған соң айтып жатырмын. Біздің жасымызға келгенде оны өзің де түсінесің...

Генерал отбасы, туған елі туралы да сұрап жатыр. Қоштасарда:

– Жітіқарада болғанмын. Жақсы қала. Бірақ ол Алматы емес. Сенің қызметіңдегі адамдар Алматыға шақырмаса келе де алмайды, сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, бірер күн қыдыр. Тауға шық, Көктөбеге бар, театрларды арала, – деді.

– Біреу-міреу неге кешіктің десе, министрдің бұйрығын орындадым деп айтарсың, – деп күлді.

Бірақ Қайыровтың қалтасында ұшаққа билет жатқан, министрдің батасын алып, елге тартты ол.

Полковник Қайыровтың есінде қалған тағы бір қызық сәт бар. Ол оның 1986 жылы Орал облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалуына байланысты. Мұндай лауазымға Москва бекітеді. Сол кездегі Одақтық Ішкі істер министрінің кадрлар жөніндегі орынбасары генерал-полковник Аникеев алдына келген жап-жас жігітке таңдана қарап:

– Бұл қазақтың әкесі дөкей болды ғой шамасы, – деп күледі. Өйткені мұндай қызметке елуге келмеген адамдардың ілінуі ол кезде некен-саяқ болатын. Қайыровты таныстырып тұрған генерал:

– Жоқ, жолдас генерал-полковник, әкесі де, шешесі де қарапайым жандар. Бірақ подполковник Қайыров осы қызметке лайық, оны оның бүкіл өмірі дәлелдейді, – деп түсінік береді.

– Несі бар, заман жастардікі, жолың болсын, жігітім, – деп мұның қолын қысады генерал.
Ананың ақ тілеуі
Сәлімнің ата-анасы шаруа күйттеген қарапайым жандар еді. Меңдіқара ауданындағы Алакөлдің жағасындағы Қызыл балықшы ауылында еңбек етті. Бертін келе жастары ұлғайған ата-анасы осы баласы Сәлім мен келіні Сәбирамен 1977 жылдан бастап бірге тұрды. Әке 1986 жылы, ана 1999 жылы дүниеден озды. Бала мен келін оларды алақанға салып, аялап, күтті. Қажыбол ақсақал да, Зейнел ана да өле-өлгенше баласы мен келінінің, олардан туған немерелерінің тілеуін тілеумен өтті.

Құдайға шүкір, ұрпағы ата-ана өсиетіне адал, олардың атына кір келтірген жоқ. Қостанай облыстық ішкі істер Бас басқармасы бастығының орынбасары болып сегіз жыл абыройлы қызмет етті. Сәлім 2001 жылы зейнеткерлікке шықты, дегенмен жастайынан еңбекке төселген ол бүгіндер де қарап отырған жоқ. “Казмұнайгаз” ұлттық компаниясы “Семсер” акционерлік қоғамы Қостанай филиалының директоры. Облыс өңірінде тартылған газ құбырларын күзету, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету осы “Семсердің” мойнында. Сәлімнің жұбайы – Сәбира Бірмағанбетқызы болса ұлағатты ұстаз, Қостанайдағы дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың директоры. Қыздары Айгүл әке жолын қуды, ішкі істер органында жұмыс істейді, майор, ұлдары Асқар облыстық салық комитетінде жетекші маман. Кішкене жиен немерелері Айбота да өсіп келеді.

Полковник Қайыровтың ұстаздары да көп құрметіне бөленген генералдар, олар Самат Бәкіров, Владимир Шумов, Анатолий Федоров, Қайрат Дүйсенбин, Николай Кильмашкин және басқалары. Дос-жолдастары да көп.

Бүгіндер алпыс атты арғымақ жастың жалынан ұстаған полковник Қайыров өмірінің кейбір беттері осындай.

Триптих

Тіршіліктің тірегі
1. Ана
Қадес Молдахметқызы – жеті баланың анасы, ағайын-туғанның қамқоры, оқымаса да тоқығаны, көргені мен көңілге түйгені мол ерекше жан еді. Он алты жасында келін болып түскен Байғазы әулетінің шырайын шығарған, құдай қосқан қосағы Мұхтармен өмір бойы сыйласып, сырласып өткен, нағыз қазақ қызына тән асыл қасиеттерді бойына жинаған кейуана еді жеңгеміз. Жетпіс бес жасында дүниеден өткенде өзінен туған алты ұл мен бір қыздың, олардан өсіп-өнген 17 немере мен 5 шөберенің қиналғанын, ағайын-туғанның қабырғасының қайысқанын көрсеңіз.

Меңдіқара ауданы Құмтөбе ауылында туған ол жас кезінен зерек, алғыр болды. Сұрапыл соғыс жылдары майданнан келіп жатқан үшбұрышты хаттарды қаршадай қыз Қадес оқитын. Майданнан өлеңмен жазылған сол хаттарды Қадес жеңгеміз өмір бойы зердесінде сақтап өтті. Көрші-көлем, дос-жаран, ағайын-туған жиналғанда сол хаттарды жатқа оқитын, кейде бір зарлы мақамға салып та айтатын.

Рақымжан аталарының:

"Құлындарым, Қайнеш, Бибіш,Фазылжан,

Қапылыста қалғандайсың қасымнан.

Қылықтарың елестейді көзіме,

Асыр салып, иығыма асылған", – деп бастап, сол боздақтың майдан тынысын көзге елестетіп баянын безілдететін еді-ау...

Өзі де өлең жазатын. Алакөлдің жағасында тұрып, ұл-қыз өсірген ана әрбір баласына жыр арнап, еркелерінің мінез-құлқын да өлеңмен әдемі кестелей қоятын.

Ауылдан береке кетіп, қолайлы қоныс іздеп, бауыр басқан белден көшерде:

Алакөл балалардың өскен жері,

Кір жуып, кіндіктерін кескен жері.

Ер жетіп, ақыл-ойлы азамат боп,

Ұядан қанат қомдап ұшқан жері.
Алакөл, бойыңда көп қасиетің,

Көрген жан саған қарап, бас иетін,

Қамысың, балыққа бай суың қандай,

Ішкен жан мейірі қанып, тамсанатын, – деп тебіренгені ауылдастар есінде.

Спандияр Көбеев атамыздың 115 жылдық мерейтойында:

Тойларың құтты болсын, қымбатты елім,

Шашу қып, жыр әкелген мен бір келін,

Сарқытын ішкен едік атамыздың,

Бас иіп, аруағыңа сәлем бердім! – деп тағзым жасағанын сонда болған көпшілік әлі ұмытқан жоқ.

Мұхтар мен Қадестің балаларының үлкендері сол Спандияр аталарының көзін көрді, ақыл-кеңесін тыңдады. Ата-ана сол ұрпағына келісті тәрбие берді, бәрі де тең-құрбыларының алды, ауылының, елінің мақтаныштары. Үлкендері Аманкелді полиция полковнигі. Аға өнегесі кейінгі інілері мен қарындасына да өнеге болды. Баязид те офицер еді, әттең дүниеден ерте өтті. Самат та офицер, майор, Асқар, Жомарт, Мараттар болса, қазіргі заман үрдісіне сай кәсіпкерлікпен айналысады, шаруасы оңға басқан ұсынықты жандар, алты ұлдың жалғыз қарындасы Бағыткүл Қостанай заң институтында қызмет істейді.

Қадес Молдахметқызы 17 немере, бес шөбере көрді. Оның ішінде алты немересі тәртіп сақтау қызметінде, офицерлер.

Ана өз ұрпағының азамат болғанын, өркен жайғанын көрді. Науқасқа шалдығып, емделіп жүргенде жазған бір өлеңі сол балаларына арнаған өсиеті сияқты еді:

Дәрігер айтты, ауырат деп жүрегім,

Сендерсің ғой, қуанышым, тірегім.

Аман болып, сендер артта қалсаңдар,

Тілейтұғын бір Алладан тілегім.


Бағытгүлім кішісі еді баланың,

Еркелеткен "боташым" деп ағаңның.

Бағытгүлім жүдеп-жадап жүрмесін,

Сендерге айтып, ескерткені ананың...


2. Бала
"Қостанай таңының" бір санында Қадес Байғазыкелінінің "Баурыңда өсті ұл-қызың" атты өлеңі жарияланды. Қадес жеңгеміз осы Аманкелдінің анасы. Аманкелді тұла бойы тұңғышы, алты ұл, бір қыздың үлкені: жеңгеміз жөн-жоба білетін, сөзге ұста, реті келгенде бірер шумақты шығарып тастап, оны өзіндік мақаммен айтып беретін, кескін-келбегі де, ішкі жан-дүниесі де ерекше сұлу жан. Атасы Байғазы марқұм да ерекше өнегелі кісі еді. Шебер болатын. Есік-терезе, қайық, арба-шана, ағаш бөшке, сандық сияқты дүниелерді сүмірейтіп жасайтын. Мәсі мен етік те тігетін. Әйнегі сынған үйлерді аралап жүріп, терезесін шынылап беретін. Осы Қадестің жолдасы Аманкелдінің әкесі Мұхтарға да әкенің өнері дарыған-тын. Мұхаң мен Қадес жеңгеміз алты ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді. Бәрі де айтулы азаматтар болды.

Аманкелдіге де ананың ақындық, әншілік өнері дарыған. Ол ішкі істер басқармасы шеңберінде өткен талай ақындар айтысына, көркемөнерпаздар байқауына қатысып, жүлделі орындар алды. Жиын-тойларда халық Аманкелдіге қолқа салады, ал ол бәлденіп жатпайды, домбырасын қағып-қағып жіберіп, ашық та асқақ дауысымен шырқай жөнеледі.

Аманкелдінің негізгі мамандығы – ұстаз. Петропавл педагогика институтын бітірген. Жітіқарада мектеп директоры болды. Бірақ өмір оны ішкі істер органына алып келді. Алдымен аудандық ішкі істер басқармасы бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. Кейіннен өзінің үлгі алар ағасы Сәлім Қайыров бітірген ішкі істер академиясында оқып, оны ойдағыдай тәмамдады. Бүгіндер Қостанай заң институтында факультет бастығы, полковник. Қанат, Талғат атты екі ұлы да әке жолын қуды, ішкі істер органында жұмыс істейді.

– Бір үйде үш офицерміз, – дейді Аманкелді Мұхтарұлы. – Бірақ бәріміз де мына Күнсұлу келініңіз бен кішкене қызымызға бағынамыз. Күнсұлу да ұстаз. Облыстық білім қызметкерлерінін біліктілігін жетілдіру институтында бас маман.

Жалпы погон таққан адамның мінезі де қатал болады деген түсінік бар. Ол, бәлкім, әскери тәртіптің шеңберіне байланысты қалыптасқан ұғым шығар. Өмірде көріп жүргеніміздей жұлдызы көбейген сайын жүріс-тұрысы өзгеріп, кеудесіне нан пісе қалатын жандар аз емес. Ай Аманкелдіге мұның ешбір қатысы жоқ. Сол бауырмал, сол кішіпейіл калпы, ішкі мәдениеті жоғары, өктемдік, өзім білем деушілік жоқ. Үнемі сабырлы, салқынқанды. Өзінің ісіне мығым. Дауыс көтеріп, "қырам-жоям" демей-ақ шаруаны дөңгелентіп жібереді. Айтты ма – істейді, уәде берді ме – орындайды. Ұзын арқан, кең тұсауға салу жоқ. Нағыз істің, әрекеттің адамы. Сол үшін де сыйлы.

Кейде менің Сәлім Қайыров, Аманкелді Меңдібаев інілеріме әзілдейтінім бар:

– Бірің Сәлім, екіншің Меңдібаевсыңдар. Ал мен болсам жалғыз өзім Сәлім Меңдібаевпын. Яғни екі полковник менің жалғыз өзіммін, – деймін.

Полковник Сәлім мырс етіп күледі, полковник Аманкелді:

– Оның дұрыс, аға, – дейді.

Бәлкім, онысы әркімнің өз орны, өз жолы бар дегендік шығар. Әрине, әңгіме шенде, шекпенде емес, әңгіме өмірден өз орныңды тауып, оның бір кірпіші болып қалануда шығар...


3. Келін
Мен Қостанай заң институтының факультет бастығы, полковник Аманкелді Меңдібаевты көптен танимын. Алдында қызмет бабында танысып, кейіннен ағалы-інілі жандар болып кеттік. Қашан көрсең де салмақты, жайдары. Той-жиынның гүлі әнші, домбырашы. Кезінде облыстық ішкі істер органдары қызметкерлері арасындағы ақындар айтысына қатысып, талай рет жүлдегер атанған өнерпаз жігіт.

Ол Меңдіқарадағы әйгілі Алакөл көлінің жағасында туып, өсіп, осында келін түсіріп, осы өңірден үлкен өмірге қадам басқан отбасындағы жеті баланың үлкені. Оның бес бірдей інісі мен жалғыз қарындасы да бүгіндер әрқайсы өз түтінін түтеткен. Мұхтар аға бұдан үш-төрт жыл бұрын дүние салды, ал аналары – Қадес апа осы Қостанайда Асқар атты ұлымен бірге тұрады. "Алты ұл туған ананы ханым десе болады" деп қазақ атамыз айтпақшы, ерекше биязы, парасатты, жөн-жобадан аттамайтын нағыз ханым – осы Қадес бәйбіше. Өзі өнерпаз, өлең жазады, ән де айтады. Төңірегіне нұр шашып, алты бірдей келінімен қыздары сияқты сырласады. Солардың ішінен осы тұла бойы тұңғышы – Аманкелдінің келіншегі Күнсұлуға жан теңгермейді. "Қолымды ұзартқан, шырайымды шығарған, ақылшым да, сырласым да – Күнсұлуым" деп отырады. Басқа келіндері де ана өнегесімен үлкен абысын Күнсұлудың алдынан өтпейді.

Ал Күнсұлу болса, сол құрметке, марапатқа лайық жан. Аманкелдімен студент күнінде танысып, отбасын құрған талай жылдар бойы ене мен келін, абысын-ажын, қайны-қайнаға арасына сызат түсіп көрмеген шығар. Әркімнің ішіндегісін біліп, алдына түсіп, ағынан жарылып, аңқылдап жүретін осы бір қараторының әдемісі, сұлу да салмақты келінге бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туған тәнті десек те жарасар.

Ішкі істер органында жұмыс істейтін жолдасы Аманкелді Мұхтарұлының сексенінші жылдардың аяғында сол кездегі Одақ астанасы – Москвада ішкі істер академиясында оқығаны бар. Онда отбасында тетелес үш бала – екі ұл, бір қыз өсіп келе жатқан. Күнсұлу да Москваның қақ ортасындағы бір мектепке мұғалім болып орналасып, екі ұлын Москва мектебіне, кішкене қызын бала бақшасына беріп, бір жағынан москвалық балаларға географиядан сабақ беріп, екінші жағынан өз ұл-қыздарын үлкен қала тіршілігімен таныстырып, үшіншіден, Аманкелдіге қамқорлық жасап, бір ерлік жасағаны бар. Академияны ойдағыдай аяқтаған Аманкелді Мұхтарұлы бұл күндері Қостанай заң институтында факультет басқарады, болашақ заңгерлер тәрбиелеуге өзінің білімі мен тәжірибесін сарқа жұмсап жүрген тәжірибелі офицерлердің бірі. Ал әке жолын қуған оның екі ұлы – Қанаты мен Талғаты да осы институт түлектері, бүгіндер облыстық ішкі істер басқармасында істейді, болашағынан көп үміт күтетін офицерлер.

– Полковник те, лейтенант та, аға лейтенант та – біздің үйде. Бірақ бәріміздің генералымыз – Күнсұлу, – деп әзілдейді Аманкелді.

Күнсұлу Қапарқызы бүгіндер облыстық білім қызметкерлері біліктілігін жетілдіру институтында әдіскер болып еңбек етеді. Өзінің бай тәжірибесін кейінгі жас ұстаздарға үйретуден жалықпайтын, жаңалыққа, жақсылыққа жаны құмар жан. Сөзге шешен, әзілге ұста. Бұрын көбіне-көп орысша сөйлеп, орысша жазып келген ол бүгіндер қазақшаны жетік меңгерген, отбасында тек қана ана тілінде сөйлеп, бала-келіндерін де соған машықтандырады, кішкене қызы – Фатима да мектепте қазақша оқыды. Үйдегі әдеби кітаптың дені де – қазақ ақын-жазушыларының шығармалары.

Достыққа, жолдастыққа берік отбасының үйінен қонақ үзілмейді. Бала күнгі достар келіп, кішкене немерелері Дариғаны еркелетіп кетеді. Кезінде Әлекеңе күйеу жолдас болған Мырзатай Асқаров осы үйдің үлкен ұлы Талғат үйленгенде келінді алып келуге жер алыс, жол шалғай демей өзі тартып кеткені бар.

Сыйластық пен жарастық осылай жалғасып жатыр.


Қыз Жібек пен Төлеген

немесе өмір-дарияда қол ұстасып, бірге жүзген

біздің заманның ғашықтары туралы хикая
1. Әлқисса
Иә, Қыз Жібек пен Төлеген Қостанайда тұрады. Менің көршілерім. Көрші болғанда да үй арасында үй жоқ, зәулім үйдің бір подъезінде, бір қабатында, пәтеріміз бір-біріне қарама-қарсы. Және сол алаңшада екі-ақ пәтер, Төкеңдікі және біздің қоныс. Аяқ-табағымыз араласып жатады, той-томалақтарда да қатарласа қаламыз, ағайын-туған, жекжат та бірімізді көре қалса, екіншіміздің амандық-саулығын сұрай бастайды.

Төкең мен Жібектің бауырмалдығы мен жанашырлығына тәнтімін. Өмір болған соң өкініш те болады. Сондай бір қиын-қыстау сәттерде қасымнан табылып, көмек қолын созып, арқамнан қаққанын, көңіл жадыратар жылы сөздер айтып, жігерлендіргенін қалай ұмытарсың.

Ұзақ жылдар бойы аралас-құралас күн кешкен, одан кейін он бес жылдан астам құдайы көрші болған Төлеген мен Жібектің бүкіл туған-туыстарын да жақсы білемін. Бауыржаны мен Сәулесінің өзімнің іні-қарындасымдай болып кеткені де рас. Көзінің ағы мен қарасындай ұл-қыздары бұл күндері айтулы азаматтар, ұл ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицері, қыз облыс орталығындағы іргелі бір банктің менеджері.

Бауыржаны үйленіп, той жасағанда, құдалық рәсімінде төрде отырып, тәубе дескен жандардың бірі де өзіміз. Олай дейтінім, ініміз қазіргі үрдіске сай үйленуге асықпады, отыздың бел ортасына келгенде ғана ата-анасын қуанышқа бөледі. Жалғыз ұлдың жүріп алғаны әке мен шешені мазаландыра берді. Келін түсіріп, немере сүюді қай қазақ армандамайды дейсің. Баласының машинасын сылап, сипап жатқанын көрген сайын Төкең "Темірден басқаны білмейтін түбің түскірге не істеу-ге болады" деп күйінгенін де талай естідік. Ондайда "Төке, бұл заманның жастары бәрін алдын ала кесіп, пішіп алып, әрекет етеді. Біздер сияқты алдымен үйленіп алып, сосын үй іздеп жүрмейді. Бәрі де ойдағыдай, қолмен қойғандай болалды", – деймін. Ақыры, сол айтқаным келді. Күндердің күнінде Төкең мен Жібекті Әсия атты әдемі қызға құда түсу үшін Қамыстыға шығарып салдық. Сол құт қоныста дәрігер болып істейтін Еламан мен Жұмагүл Досқалиевтардың үш қызының бірі Әсия Шолановтар әулетіне келін болып түсіп, тіл-аузым тасқа, құт қондырды. Бүгіндер ата мен әже Жанел, Айлана, Нағашыбай атты тетелес өсіп келе жатқан үш немересін аялап, аспанға көтеріп жүр. Бауыржанының қызметі де өсті, үй де алды, Әсия да екі жоғары білімі бар адам, кішкентайларын балабақшаға беріп, қызметке шықты.

Сол балалар үйленіп, той тарқаған соң қаладағы үлкен мейрамханадан үйге бірге қайтып, таң атқанша тост айтамыз деп этикеттің шектеулі шеңберінен шығып, шалқыған сәт те ұмытылмайды. Мыңжылдық құдаларын қонаққа шақырғанда подъездегі алаңшаға түкті кілемді төсеп тастап, Еламан мен Жұмагүлді тік тұрып қарсы алып, шашу шашу рәсіміне де ерекше бір қуанышпен қатысқан кез естен кеткен жоқ.

Иә, сөйтіп Қыз Жібек пен Төлегеннің талай қуанышына ортақтастық.


2. Махаббат, қызық мол жылдар
Төлеген де, Жібек те Сарыкөл өңірінің тумасы. Жастайынан пысық, өмірге икемді Төлеген көрші-көлем, ағайын-туғанға да жұғымды болды. Мектепте де жақсы оқыды. Кейін ол өзінің "Ұяда не көрсең..." атты естелік кітабында былай деп жазды: "1954 жылы мен 13 жастамын, біздің ауылдан 6 шақырым жерде орналасқан Қарашілік жетіжылдық қазақ мектебінде 5 класта 17 бала жекжаттардың үйінде пәтерде тұрып, жаяулап, жалпылап жүріп оқимыз.

Біз сол кездегі Сарыкөл ауданының Қарашілік жетіжылдық мектебінің оқушылары бақытты екенбіз. Директорымыз – Ахметқазы Чутаев. Ол өте мәдениетті кісі болатын, киген киімі, жүріс-тұрысы өзіне сай, білімі қандай: орыс тілі маманы, суретші, қолөнерші, мүсінші, фотограф, шахматшы, не керек, сегіз қырлы, бір сырлы еді...".

Төкеңнің өзінің ұстазын ерекше құрмет тұтқаны оның осы жолдарынан-ақ анық аңғарылады. Бүкіл ғұмыр бойы ол сол ұстаздарына еліктеді, оқысам, білсем, көңілге түйсем деді. Үнемі ізденіс, үнемі тебіреніс үстінде болды.

Әрине, сол елуінші жылдар ел үшін оңай кез емес еді. Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс халықты титықтатқан тұс еді ғой. Сондықтан да болар бала Төлеген тезірек ер жетіп, ат жалын тартып мініп, үй-ішіне қолғабыс тигізер күнді күтті. Сөйтіп ол ең алдымен алты айлық автомашина жүргізушілер курсын аяқтап, темір тұлпарды ерттеп мініп, Сарыкөлдің сайын даласында құйғытты. Ең алдымен өзі жан теңгермейтін, осы уақытқа дейін жүрегі елжірей еске алатын Шекер әжесінің үйіне зулатып жеткені бар. Жасөспірімнің машина рулін алғаш ұстаған күні еді ол. Есік алдына шаңдата келіп тоқтаған машинаның ішінен немересінің түсіп жатқанын көрген әжесі "Құлыным -ау, сен де азамат болдың, тәубе!" деп шашу шашқаны бар.

Менің көршім сол Шекер әжесін де, өзі көзін көрмеген атасы Мұхамедия қажыны да жиі еске ала отырады. Олар туралы ұл-қыздары мен немерелеріне де айтудан жалықпайды. Өзінен он жас үлкен осы Қостанайда тұратын ағасы Көкенді, оның ұл-қыздарын да көкке көтереді. Жеңгесі марқұм Зиядаға да жан теңгермейтін-ді. Ал ауылдағы апалары дегенде шығарға жаны жоқ еді. Жетпіске келіп қалған інілерін олар да бала сияқты еркелетті. Келіп, кетіп жатқан жандардан үнемі Төлеген мен Жібекке деп сәлемдемелерін үзбеді. Төкең үйінде дастарқан жайыла қалса, алдымен апалары жіберген сары май мен жент қойылады. Бұл ауылдан келген асқа Төкең төгілтіп тұрып жарнама жасайды. "Апам үйінің майынан алыңыз, апам үйінің жентінен жеңіз" деген сөз дастарқан басында жиі қайталанады. Бұл оның өзіне жан теңгермейтін Мұхтарима мен Әнзия апаларына деген шынайы құрметі.

Машина айдап жүріп Төлеген Меңдіқара педагогика училищесіне сырттай оқуға түсті. Енді ол педагогикалық жұмысқа ден қойып, Қарашілік жетіжылдық мектебінде мұғалім болады. Осы мектепте еңбек жолын бастаған Жібекпен де осында танысып, сырласады.

Жібектің әкесі Қажығали Ыбыраев Ұлы Отан соғысының ардагері, бастауыш мектеп меңгерушілігінен аудандық оқу бөлімінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген елге сыйлы, ұстамды және парасатты азамат екен. Оның қалдырған ізі де күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Қажекеңнің мыңдаған оқушыларымен бірге күйеу баласы Төкең де сол аяулы да абзал жанды үнемі шынайы құрметпен еске алып отырады.

Төлеген Шоланов кейін былай деп жазды: "1964 жылдың қараша айында әскерге шақырылдым, сонда ауылда қалған, сөз байласқан Жібекке хат жазып тұрдым. Жібектің айтуынша, бір чемодан хат жазыппын, сақтап жүреді екен, кейін көшіп-қонып жүргенде жоғалтыпты, қазір әттең дейміз, әйтпесе бүгін сол хаттарды саралап, жастық шақты еске түсірер едік.

Әскерден қысқа мерзімді демалысқа келгенде Жібекке жеткенше жүрек шіркіннің көкірекке сыймай, лүпіл қаққаны әлі есте. Ол кезде Жібек аудан орталығында дүкенде істейтін еді. Таң атқанша сырласқан, болашаққа жоспар құрған қимас сәттер өмірімнің ең бір мәнді де жанымды жадыратар тұсы. Әскерден келген соң 1967 жылы үйлендік. Содан бері өмір-дарияда қол ұстасып, бірге жүзіп келеміз".
3. Өмір соқпақтары
Әскер қатарынан коммунист болып оралған Төкеңе аудандық комсомол комитеті құда түсіп, оны совхоз комсомол комитетінің хатшылығына сайлайды. Кейін жас та жігерлі жігіт сол аудандық комсомол комитетінің хатшысы болады. Істі дөңгелентіп алып кеткен қызметкерді енді аудандық партия комитеті қалайды. Кейін Төлеген Жанжігітұлы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне жоғарлатылады. Төкең сол кезде обкомда істейтін бес-алты қазақ азаматтарының бірі еді. Және аудандық партия комитетінің нұсқаушылығынан жоғарлаған жалғыз жігіт еді. Соған орай төңірегіндегілердің "Төкеңнің бір тірегі бар ғой" дегенін де естігеніміз бар. Бірақ әкесі Жанжігіт, анасы Салиха өз күндерін өздері көрген, шаруа баққан жандар еді, қол ұшын берер ағайын-туған да жоқ-ты. Бәрі Төкеңнің өзінің іскерлігі, алғырлығы, өршіл мінезі мен білім-біліктілігіне байланысты еді.

Ол кезде облыстық партия комитетіне қызметке екінің бірі, егіздің сыңарын ала бермейтін, істе әбден сыналған, халықпен жұмыс істей білетін, білікті де білімді жандарды екшейтін. Өмірбаянын мұқият зерделейтін. Бұл жағынан келгенде Төкеңде еш мін жоқ-ты. Мектеп, әскер қатарындағы қызмет, автомобиль жүргізушісі, комсомол жұмысы, сырттай оқып, жоғары білім алуы, аудандық партия комитетінің күнделікті қазанында қайнап, пісіп, жетілуі.

Төлеген Жанжігітұлын жақсы біліп, жақын араласа бастаған кез де оның облыста жұмыс істей бастаған тұсы еді. Алғыр, сөзі мірдің оғындай, кемшілік көрсе төзбейтін, ойындағысын тура айтып, тіліп түсетін осынау жігітке сырттай қызыға қарайтынбыз. Той-жиында Жібегін қолтықтап ортаға шыға келгенде аңыздағы Қыз жібек пен Төлегенің де осы жастар сияқты-ақ шығар деп топшылайтын едік.

Содан бері талай жылдар өтіп, қоғам да, өмір де, ұстаным мен құндылықтар да өзгеріп жатқанымен Төкең мен Жібек сол қалпы. Уақыт бетке әжім салғанмен мінез бен пейілге өзгеріс енгізе алмаған. Жайдары да жаймашуақ қалпы, тәубе мен тәртіптің, қанағат пен қайырымдылықтың адамдары.

Төкең облыстық партия комитетінде еңбек еткен жылдары өзіне ерекше бір ілтипатпен қарап, жанашырлық танытқан жандарды да үнемі ризашылық сезіммен айта жүреді. Оның ішінде комсомолда, кейін облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған Петр Чернышке деген көзқарасы өзгеше. Петр Максимович те Төкеңді қызмет бабында да, жолдастық рәуіште де қолдаған, күні бүгінге дейін тілектестік, сыйластық ахуалдан танбаған азамат. Кейіпкерім өзінің естелік кітабында Үмітқан Ғалиев, Николай Корольков, Валерий Вишниченко, Күлтай Демесінова, Анатолий Демин, Анатолий Тарасенко, Николай Моргун, Сағындық Орынтаев, Баймұрат Қошанов және басқа да азаматтар есімдерін ілтипатпен еске алады. Олардың ішінде Төкеңнің Анатолий Тарасенкомен достығы үлгі тұтардық. Кезінде Қостанай педагогика институтында сырттай бірге оқыған достар күні бүгінге дейін сол студенттік күнгі жарасымды қарым-қатынасты отбасыларымен бірге жалғастырып келеді.

Төкең Ұзынкөлде хатшы болып тұрғанда аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Сапар Талдыбаев марқұммен достығы да шынайы еді, Сәкең өмірден тым ерте өтті, бірақ оның отбасымен қарым-қатынас күні бүгінге дейін жалғасуда. Сапардың кенжесі Қанат үйленгенде Төлеген мен Жібек тойдың төрінде отырды, Төкеңнің немересі Жанел бір жасқа келгенде сол Сапардың қызы Ләззат сәбидің тұсауын кесті.

Облыстық партия комитетінен кейін Ұзынкөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеп, сол өңірде өз ізін қалдырды. Сол төңіректің абыз ақсақалдары Садық Ағайдаров, Хамит Жақыпбаев, Мұхаметқали Арыстанбаев, Сабыр Рүстемов, Қапар Тоқбаев, Төлетай Шайхетдинов, Қажи Маманов, Нұған Сағадиев және басқалары Төлеген Жанжігітұлын ерекше сыйлап, ішке тартты.

Ауданда төрт-бес жыл қызмет атқарған Төкең енді облыстық "Білім" қоғамының тізгінін ұстады. Мұнда да ол өзін нағыз идеолог, қайраткер тұлға ретінде көрсетіп, насихат жұмысын жаңа бір белеске көтерді. Лекция оқуға жергілікті оқымыстыларымен қатар сырттан да адамдар тартты. Менің есімде ерекше қалғаны Ұлы Отан соғысының ардагері, фашистік концлагерьден ретін тауып жаудың әскери ұшағымен қашып шығып, өз әскеріне қосылған Кеңес Одағының Батыры Михаил Девятаевтың келіп, әңгіме өткізуі еді. Қас батырдың әңгімесін селт етпей тыңдап, оның көзсіз ерлігіне, жалпы адам баласының небір қиямет қайымнан жол тауып кететін қасиетіне қайран қалып едік сонда. Сол әсерден әлі де арылған жоқпыз. Сондай тамаша кездесуді ұйымдастырған да осы Шоланов еді.

Облыста мәслихаттарға депутат сайланып, жаңа құрылым дүниеге келгенде Сарыкөл өңірінің азаматтары өз жерлестерін сол мәслихатқа депутат қылып сайлап еді. Содан Төкең сол алғашқы сайланған мәслихаттың алты жыл бойы тексеру комиссиясының төрағасы болды. Кейін еңбек жолын облыстық экономика департаментінде жалғастырып, осы жерден Пайғамбар жасына келіп, зейнеткерлікке шықты. Бірақ, бала жастан қоғамдық жұмыстарға жегілген жан үйде қарап отыра алмады. Оның іскерлігі мен біліктілігін баяғыдан білетін басшылар облыстық ардагерлер кеңесіне қызметке жіберді. Бүгіндер ол осынау қарттарымызға қалқан болған мекемеде Кенжебек Үкіұлы ағасына көмекші болып, көп істі бірлесіп атқарып жатыр.

Ал Қыз Жібек болса, ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көріп, немерелерінің алтын әжесі атанып, отағасысының жағдайын жасап, ұл-қызының тілекшісі, ағайын-туғанның нағыз қамқор панасы болып, бақытты да қуанышты күй кешіп, тағдырдың бергеніне шүкіршілік айтып, бейқуат жүріп жатыр.

Тек сол үрдіс жалғаса бергей, Қыз Жібек пен Төлеген!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет