Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.Тіл білімінде дауыссыз дыбыстар жүйесі қалай аталады?
2.Фонетика қандай салалардан тұрады?
3. Тіл білімінің арнаулы бір саласы?
Әдебиеттер:
1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. -А.,1973,1977,1993, 2002
2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.- А.,1962
3.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А., 1989
4. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А.,1975.
5.Жүнісбеков Ә. Акустика-артикуляционного характеристики гласных казахского языка. Фонетика казахского ызыка. І-часть. А., 1969. 160 б.
6.Жунісбеков Ә.Гласные казахского языка. А., 1972. 92 б.
№5 Дәрістің тақырыбы: Буын. Буынның жасалуы, түрлері. Буын және тасымал.
Мақсаты: Фонетика аясында қаралатын буын, буынның жасалуы,буын және тасымал жайлы кеңінен мағлұмат беру. Қазіргі қазақ тіліндегі буындардың дыбыстық құрамы, буынның түрлері туралы жан-жақты мәлімет беру.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
-
Буын және оның түрлері.
-
Буынның жасалуы.
-
Буын және тасымал мәселелері.
Буын болу үшін оның құрамында дауысты дыбыс болуға тиіс және оның саны біреуден артық болмауға тиіс. Сонда сөздің құрамында қанша дауысты фонема болса, сонша буын болады деген сөз.
Буында мағына болмайды. Кейбір сөздердің әрбір буыны лексикалық немесе грамматикалық мағынасы бар бөлшектерге тура келіп қалады.
Тіліміздегі байырғы сөздер бірыңғай не жуан буынды, не жіңішке буынды болып келеді. Мұның өзі тілдің үнемді қызметіне негізделеді. Егер тілімізде аралас буынды сөздер кездесетін болса, ондаолар кірме сөз болғаны.
Тіліміздегі байырғы сөздер, сондай-ақ, буындарда екі дауыссыздан басталмайды. Орыс тілінен енген біраз сөздің біздің тілімізде жазылуы соның айғағы.: бөрене, жеребе, кереует, кінәз, үстел. Сондай-ақ тіліміздегі байырғы сөздердің соңында екіден артық дауыссыз тұра алмайды. Оның өзінде негізінен еліктеуіш сөздер.
Қазақ тілінде басқы буын ғана дауыстыдан басталуы мүмкін, қалған жағдайда буындар дауыстыдан басталмайды.
Қазіргі қазақ тіліндегі буындар дыбыстық құрамы жағынан мынадай болып келеді.
Бір дыбысты: а- та, а- па, і- ні, а- ла, о- қы, а,ә,е,о, о- тыр.Бір дыбысты буындар тек дауысты болады да, жеке сөз түрінде, не сөз басындда ғана кездеседі;
Екі дыбысты: ба- ла, қа- ла- да, та- за -ла;
Үш дыбысты: бас, бет, сөз, көз, өрт;
Төрт дыбысты: қант, төрт, былқ, жалт
Бес дыбысты: пункт, спорт,текст, скетч, старт;
Алты дыбысты: спектр, спринт.
Буынның түрлері:
Ашық буын- жеке дауыстыдан тұратын немесе дауыссыздан басталып дауыстыға бітетін буын.
Тұйық буын – соңы дауыссызға аяқталатын буын.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1.Буынның жалпы сипаттамасы мен өзіндік қасиеттері;
2. Буынның түрлері, олардың қасиеттері мен дыбыстық құрамы;
3.Сөздердің буын құрамы;
4.Тіліміздегі сөздер құрамындағы буынның түрлеріне қарай бөлінуі;
6.Буын құрамының өзгеруі;
Әдебиеттер:
1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- А.,1973,1977,1993, 2002
2.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А. 1989
3. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. –А., 1975.
№6 Дәрістің тақырыбы: Екпін туралы түсінік. Екпіннің түрлері. Бунақ-ритмикалық топ.
Мақсаты: Екпін (акцентуация). Оның басты түрлері: ой екпіні және инверсия, көңіл-күй екпіні, сөз екпіні және олардың бір-бірінен айырмашылығы. Сөз екпіні оның түрлері. қазақтың төл сөздері мен халықаралық сөздердегі негізгі және квантитатив сөз екпіндері.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Екпін (акцентуация).
2.Оның басты түрлері: ой екпіні және инверсия, көңіл-күй екпіні, сөз екпіні және т.б.олардың бір-бірінен айырмашылығы.
3.Екпіннің басқа тілдердегі атқарған орны.
4.Екпінге қатысты Н.А. Басқақов пен А.Н.Коноковтың пікірі.
Сөз ішінде бір буынның күшті айтылуын екпін дейміз. Екпін түскен буын басқа буындардан негізгі үш түрлі тәсіл арқылы ажыратылады.
1) Буынның біреуі басқа буындардан айрықша күшті айтылуы арқылы ажыратылады. Екпіннің мұндай түрі лебізді екпін немесе динамикалық екпін деп аталады.2) Басқа буындардың ішінен бір буын айтылу тонының ырғағы (высота тона) арқылы ерекшеленіп, дауыс шымылдығының дірілінің жиілеуіне негізделеді. Екпіннің бұл түрі тоникалық немесе музыкальды екпін деп аталады. Екпіннің бұл түріне ие тілдер : қытай, корей, дүнген, япон, серб, литва және т.б. тілдер. 3)Басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстың созылыңқы айтылуы арқылы ажыратылады. Бұл квантативті екпін деп аталады.
Екпін арнаулы бір буынға байланбай, ыңғайына қарай әр басқа буынға түсе беретін болса, ондай екпін жылжымалы екпін деп аталады. Мысалы, орыс тіліндегі екпін – жылжымалы екпін.
Кейбір тілдерде, мысалы, түркі тілдерінде, екпін көбінесе арнаулы бір буынға байланып, басқа буындарға жылжи бермейді. Екпін белгілі бір буынға телініп тұрақталса, ондай екпін тұрақты екпін деп аталады. Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, екпін көбінесе сөздің соңғы буынына түседі. Бірде екпін сөздің семантикалық жігін ажыратса, бірде грамматикалық жігін ажыратып тұрады. (Мысалы, орыс тілінде замок (қорған) – замок (құлып), мука (азап) - мука (ұн) деген сөздер мағыналары жағынан бір-бірінен екпіннің қай буынға түсуіне қарай ажыратылады. Тіл-тілде сөз екпінінен басқа фразалық екпін де болады. Кейбір сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің әрқайсысы өз алдына дербес екпінмен дараланбай, айтылу жағынан жігі жымдасып, бір ғана екпінге ие болды. Мұндай сөз тіркестеріндегі екпін фразалық екпін деп аталады. Акцентуациялық жақтан жігі ажырамай, бір ғана екпінмен айтылып, ритмикалық бір бүтін топ құрған сөз тіркесінің құрамындағы екпін түспеген сөз екпінді өз бойына тартқан сөздің алдында тұрса, проклитика деп аталады да, соңында тұрса энклитика деп аталады. Жөн-жосық, кем-кетік, көл-көсір, мал-мүлік тәрізді қос сөздер мен ән салу, қол қою тәрізді сөз тіркестерінің әрқайсысының алдыңғы сыңарлары дербес екпінге ие бола алмай, проклитикаға айналып тұр. Тіл – тілде энклитикаға айналатындар көбінесе көмекші сөздер. Мысалы, сен ғана, үйге дейін, алыс па, жақын ба, айта ғой тәрізді тіркестердің құрамындағы ғана, дейін, па, ба, ғой деген шылау сөздер өз алдына дербес екпінге ие бола алмай, энклитикаға айналған. Түркі тілдерінде күшейткіш үстеулер мен қос сөздердің құрамындағы күшейткіш буындар екпінді өз бойына тартып, өзінен кейінгі сөзді энклитикаға айналдырады. Мысалы, қазақ тілінде өте жақсы, тым биік, аса зор тәрізді сөздердің тіркестеріндегі өте, тым, аса деген күшейткіш үстеулер екпінді өз бойына тартып, өзінен кейінгі сөздерді энклитикаға айналдырып тұр. Логикалық екпін. Сөзде белгілі бір буынның екпін түсіп, ерекшеленіп айтылатыны сияқты, кейде сөйлемде бір сөзге айрықша назар аударылып айтылатыны бар. Сөйлемдегі айрықша назар аударылып айтылған сөзде ой екпіні болады да, ол сөз басқа сөздерге қарағанда, ерекше әуенмен айтылады. Мұндай екпін логикалық екпін деп аталады.Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде, логикалық екпін көбінесе баяндауыштың алдындағы сөзде болады. Мысалы, Болат қаладан кеше келді деген сөйлемде логикалық екпін кеше деген сөзде болса, Болат кеше қаладан келді (басқа жерден емес, қаладан) деген сөйлемде – қаладан деген сөзде.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.Екпін (акцентуация). Оның басты түрлері: ой екпіні және инверсия, көңіл-күй екпіні, сөз екпіні және т.б.олардың бір-бірінен айырмашылығы.
2.Екпіннің басқа тілдердегі атқарған орны.
3.Екпінге қатысты Н.А. Басқақов пен А.Н.Коноковтың пікірі.
4.Сөз екпіні оның түрлері.
Әдебиеттер:
1.Кеңесбаев I., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі (лексика, фонетика).- А., 1962.
2.Мырзабеков С. Қазақ тілінің фонетикасы. -А., 1986,1986,1993.
3.Байтұрсынов А. Тіл тағлымы.- А., 1992.
4.Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. –А.,1999.
№7 Дәрістің тақырыбы: Дыбыстардың алмасуы. Комбинаторлық немесе позициялық өзгерістер мен спонтандық өзгерістер.
Мақсаты:Дыбыс өзгерістерінің басты түрлері:(игерулі, шектік, игерусіз)жайлы айта келіп, олардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталу.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Дыбыс өзгерістерінің басты түрлері: игерулі, шектік, игерусіз.
2. Игерулі өзгерістердің қазақ тілінде жиі кездеспейтін түрлері.
3. Дыбыс өзгерістерінің басты түрлерінің өзіндік ерекшеліктері.
Тілдегі фонетикалық құбылыстар және олардың өзгеруі мен дамуының белгілі бір заңдылықтары болады. Белгілі бір тілдің дамуының әр түрлі кезеңдерінде немесе туыс тілдердің арасында дыбыстардың тұрақты сәйкестілігі фонетикалық заңдар деп аталады. Түркі тілдерінде дауысты дыбыстардың не біркелкі жуан, не жіңішке болып келуі – ертеден бері өмір сүріп келе жатқан және әбден қалыптасқан фонетикалық заң. Комбинаторлық өзгерістер тек қана сөз ішіндегі, сөз аралығындағы, сөздің мағыналы бөлшектерінің арасындағы іргелес тұрған немесе бір-бірінен алшақтап тұрған бір фонеманың екінші фонемаға ілгерінді,кейінді, кейде тоғыса келіп, тигізетін әсерінен болады. Позициялық өзгерістер белгілі бір сөздің шенінде болатын өзгерістер.Оған протеза,эпентеза,элизия т.б. жатады. Ал спонтандық өзгерістер кейбір сөздердің дыбыстық құрамы ешқандай өзгеріске ұшырамай-ақ бірнеше түргі ауысуы мүмкін.Мысалы,мысық-мышық,секер-шекр т.б. Тіл тарихын жете білу үшін фонетикалық сәйкестілікпен бірге сөздердің семантикалық жақтан өзгеру, даму заңдылықтарын да есепке алу қажет. Лингвистикалық зерттеулерде фонетикалық заңдар мен семантикалық заңдарды ұштастыра білу – тіл тарихын, оның даму жолдарын танып білудің кілті. Тілдегі фонетикалық құбылыстар және олардың өзгеруі мен дамуының белгілі бір заңдылықтары болады. Белгілі бір тілдің дамуының әр түрлі кезеңдерінде немесе туыс тілдердің арасында дыбыстардың тұрақты сәйкестілігі фонетикалық заңдар деп аталады. Тілдің фонетикалық жүйесі үшін дыбыстық өзгерістердің ішінде фонемалардың санын өзгерте алатын өзгерістер өте мәнді болып табылады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.Игерулі, шектік, игерусіз өзгерістер туралы түсінік.
2.Игерулі өзгерістердің қазақ тілінде жиі кездеспейтін түрлері.
3. Комбинаторлық немесе позициялық өзгерістер мен спонтандық өзгерістер туралы.
Әдебиеттер:
1.Мырзабеков С. Қазақ тілінің фонетикасы.-А., 2000, 2004.
2.Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер.- А., 1988.
3.Қазақ граматикасы.- А., 2002.
4.Мырзабектен С. Қазақ тілі фонетикасы.-А.,2004.
5.Бейсенбаева К.А. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. -А.,1973.
6. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыстау тіркесі.-А.,2002.
7.Аханов К. Тіл білімінің негіздері.-А., 2002.
№8. Дәрістің тақырыбы: Сингармонизм заңы. Тіл үндестігі. Ерін үндестігі. Аккомодация туралы түсінік.
Мақсаты: Түркологияда ертелі – кеш айтылып келе жатқан ұлы заң сингорманизм мәселесіне ерекше назар аударту, айтылған пікірлерді сипаттап қорытынды шығару, қазақ тіліндегі және өзге тілдердегі сингармонизм заңына шолу жасау. Аккомодация туралы жан-жақты мағлұматтарға сипаттау.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Сингармонизм заңы туралы түсінік.
2. Сингармонизмнің тіл үндестігі мен ерін үндестігі атты түрлері.
3.Өзге тілдердегі сингармонизм заңының өзіндік ерекшеліктері.
4.Аккомодация туралы түсінік.
Сингармонизм (грек. Sun – бірге және harmonia – байланыс, үндесу) – түркі тілдеріне тән аса күшті заң. Осы уақытқа дейін сингармонизм дауысты дыбыстардың үндесуі немесе буын үндестігі делініп келді: «түбірдегі дауысты жуан болуына қарай оған тікелей көршілес қосымшадағы дауысты да тиісінше жуан болуы алдындағы өзімен тетелес қосымшамен байланысты; біртіндеп, сатылып барып бір буын екінші буынды ілестірумен барабар, сөздегі барлық буындарға арқау дауыстысы». Яғни қосымшадағы дауыстының сипаты түбірдегі дауыстыға байланысты, бірімен бірі үндесіп тұрады. Бұл, әрине негізінен дұрыс.
Сингармонизмнің басты фонологиялық қызметі – қазақ (түрік) сөзінің өн бойында біркелкі тембрдің сақталуында. Бұлай болмаған жағдайда сөз құлаққа жағымсыз естіліп, қабылдауды, түсінуді қиындатады.
Сингармонизм түрлері. Түркі тілдеріндегі байырғы сөздерде сингармонизм екі түрде ұшырасады.1) Дауысты дыбыстар тілдің қатысы жағынан және 2) еріннің қатысы жағынан бір бірімен үндесіп айтылады.
Лингвальдық сингармонизм. Тілдің қатысы жағынан сөз ішінде дауыстылар не бір өңкей жуан дауыстылар, не бір өңкей жіңішке дауыстылар болып үндеседі. Сөз құрамында соңғы буындардағы дауыстылар алдыңғы буындағы дауыстының әуеніне қарай ыңғайланып айтылады.Дауыстылардың бұлайша үндесуі лингвальдық сингармонизм деп аталады. Ерін үндестігі немесе лабиальдық сингармонизм. Бастапқы буындағы ерін дауыстының ыңғайына қарай, соңғы буындарда да ерін дауыстылардың келуі дауысты дыбыстардың ерін қатысы жағынан үндесуі нәтижесінде болады. Дауысты дыбыстардың үндесуінің бұл түрін ерін үндестігі немесе лабиальдық сингармонизм дейміз.
Дауыстылардың бір сөз көлемінде еріннің қызметі жағынан ыңғайласып, үйлесіп келуін ерін үндестігі дейді. Қазақ тілінде ерін үндестігі бар ма, бар болса, неше буынға жетеді дейтін мәселе әлі күнге толық шешімін таба алмай келеді.
Қазіргі қазақ тіліндегі ерін үндестігі жайында пікір айтушылар академик
I.Кеңесбаевтың тұжырымын негізге алып жүр.
Аккомодация (лат. accomodatio бейімделу) морфемалар жиігінде қатар келген дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп, бейімделіп айтылуы. Мысалы: ат, ет, от, өт деген сөздерде бір ғана т онемасы дауыстылардың әсерінен төрт түрлі реңге ие болатынын білеміз.
Дауыстылар мен дауыссыздардың және керісінше, дауыссыздардың дауыстылармен көрші тұруында тарихи дамудың нәтижесінде қалыптасқан заңдылық бар. Аккомодация құбылысында қазақ тілінде негізінен дауыстылар дауыссыздарға күштілік жасап, көбіне дауыстың қатысы және айтылуы жағынан өзіне бейімдеп тұрады. Мысалы: тарағы (тарақ-ы), ағешкі (ақ ешкі) дегендерде дауыстылар дауыстың қатысы жағына дауыссыздарды игеріп тұр деп түсіну керек. Ал дауыстылардың артикуляциялық ( айтылуы) жақтан әсері дегенде әсіресе тілдің қалпы жағынан дауыссыздарға ықпалын айту керек. Яғни, қазақ тілінде дауыссыздардың жуан және жіңішке болып айтылуы көбіне дауыстымен байланысты. Сондай-ақ жақтың, еріннің де едәуір ықпалы болады.
Өзін - өзі тексеру сұрақтары:
1.Сингармонизм заңы туралы түсінік.
2. Сингармонизмнің тіл үндестігі мен ерін үндестігі атты түрлері.
3.Өзге тілдердегі сингармонизм заңының өзіндік ерекшеліктері.
4.Аккомодация туралы түсінік.
Әдебиеттер:
1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. - А.,1973,1977,1993, 2002
2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. -А.,1962
3.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А.,1989
4. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А.1975.
№9 Дәрістің тақырыбы: Ықпалдың түрлері. Ассимиляция құбылысы және диссимиляция туралы түсінік.
Мақсаты:Студенттерге дыбыстардың өзара үндесуі және ықпалдың түрлері туралы айта келе, ассимиляция құбылысы және диссимиляция жайлы түсінік беру.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Ықпалдың түрлері.
2.Ассимиляция құбылысы және диссимиляция туралы түсінік.
Әр тілдің фонетикасында өзіне тән заңдылықтары болады. Түркі тілінде (қазақ) ондай заңның ең маңыздысы-үндестік заңы. Морфемалардың бірыңғай жуан не жіңішке буынды болып және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың біріне-бірі акустикалық-артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы дейміз.
Үндестік заңы 2-ге бөлінеді: буын үндестігі, дыбыс үндестігі. Буын үндестігі сөз ішіндегі дауысты дыбыстардың бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке болып келуін айтады. мысалы: Әже, инелік. Ата, инабат, уақыт. Үндестік заңы 2-ге бөлінеді: буын үндестігі, дыбыс үндестігі. Дауыстылардың бір-бірімен өз ара үндесуі сингорманизм деп аталады да, дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп өз ара үндесуі ассимиляция деп аталады. Лингвистикалық кейбір әдебиеттерде сингармонизм де ассимиляцияның бір түрі ретінде қарастырылады.Игеретін дыбыстың орын тәртібіне қарай қазақ тілінде дыбыстардың бір-біріне ықпалы үш түрлі болады.1. Ілгерінді ықпал – алдыңғы дыбыстың кейінгі дыбысты өзіне тәуелді етуі,игеруі.2.Кейінді ықпал-алдыңғы ықпалға қарама-қарсы, кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысты тәуелді етіп, игеруі.Мысалы,тарағы (тарақы) т.б.Тоғыспалы ықпал – көрші дыбыстардың ілгерілі-кейінді әсері.Мысалы,қаңғызыл(қан қызыл)т.б. Диссимиляция – бір сөз ішінде артикуляциялық ұқсастығы жоқ екі немесе одан да көп дыбыстың келуі.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1.Дыбыс үндестігінің түрлері.
2.Дауыстылардың бір-бірімен өз ара үндесуі қалай аталады?
3.Дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп өзара үндесуі.
4. Аккомодация туралы қысқаша анықтама беру.
Әдебиеттер:
1.Мырзабеков С, Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, -А.,2006
2. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы,- А.,1992
3.Бейсенбаева К.А. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. -А.,1973.
4. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыстау тіркесі.-А.,2002.
5. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А.1975.
6.Аханов К. Тіл білімінің негіздері.-А., 2002.
№10 Дәрістің тақырыбы: Қазақ орфоэпиясының жай-күйі.
Мақсаты: Орфоэпиялық дағдылардың қатысымдық әрекетте алатын орнын, маңызын ескере отырып, тіл дамытуда оқушылардың санасында фонетикалық дағдыларды қалыптастыруға, одан әрі дамыту мен жетілдіруге белгілі талаптар қоюды игерту.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Орфоэпиялық дағдылардың тілімізде алатын орны.
2. Дұрыс сөйлеу нормасына қажетті тілдік объектілердің терең меңгерілуі.
Орфоэпиялық дағдылардың қажеттілігі тек сөйлеумен шектелмейді. Егер тыңдаушының дұрыс қалыптасқан фонетикалық дағдылары болмаса, онда ол тыңдағаны мен естігенін дұрыс түсіне алмайды.
Қазіргі фонетика сөздің дыбыстық жағын екіге топтап карастырады. Бірінші топта: 1) дыбыстар, 2) фонетикалық сөз, 3) буын, 4) сөйлем, 5) текст.Екінші жағынан: сөз екпіні, интонация, дауыс ырғақтарының элементтері, оған жататындар: сөздің сазы, сарындылығы (тонның жоғарылығы мен төмендігі), сөздің қаркыны (күштілігі мен әлсіздігі), темпі (жылдам және баяулық), сөздің тембрі (дыбыстық рең, сөздің эмоциональдық реңдері), екпін (буынға түсетін екпін, сөздің екпіні, сөйлемнің екпіні т.б.). Тілде адамдардың қарым-қатынас құралы ретінде бұл екеуі бірлікте қарастырылады.
Дұрыс сөйлеу нормасы негізінен мына сияқты тілдік объектілерді терең меңгеруге байланысты болады: біріншіден, сөздерді дұрыс айтып, дұрыс сөйлеу үшін үндестік заңын, яғни біріккен сөзбен сөз тіркестерінің аралығындағы дыбыстардың бір-біріне тигізетін әсерін, ықпалын терең меңгеру керек. Мысалы, Көпжасар - Көбжасар, ала қарға - алағарға т.б. Екіншіден, дұрыс сөйлеу үшін сөз екпінін, буын түрлері мен тасымал заңдарын білудін маңызы зор. Үшіншіден, жеке сөздер мен сөз тіркестерін және сөйлемдерді берілетін ойына лайықты айту мен оқи білуді игеру қажет. Мысалы, Сәулені кешеден бері асыға күткен Нұрлан далаға жүгіріп шықты деген сөйлем екі түрлі паузамен айтылады. Нұрлан сезінен кейін дауыс кідірісі болады да, шыкты сөзінен кейін дауыс үзілісі болады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1.Орфоэпиялық дағдылардың тілімізде алатын орны.
2. Дұрыс сөйлеу нормасына қажетті тілдік объектілердңі терең меңгерілуі.
Әдебиеттер:
1.Ниеталиев К. Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі. -А., 1977.
2.Мырзабеков С, Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, -А.,2006
3. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы,- А.,1992
4.Бейсенбаева К.А. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. -А.,1973.
5. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыстау тіркесі.-А.,2002.
6.Аханов К. Тіл білімінің негіздері.-А., 2002.
7. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А.1975.
№11Дәрістің тақырыбы: Қазақ жазуы және орфографиясы.
Мақсаты: Орфография туралы түсінік,орфографияның ұстанымдары жайлы айта келіп, ХХ ғ. қазақ жазуы мен орфографиясына қатысты Ахмет Байтұрсыновтың сіңірген еңбегіне жан-жақты тоқталу.
1. Орфография туралы түсінік.
2. Орфографияның ұстанымдары.
3.ХХ ғ. жазуы мен орфографиясына қатысты Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі.
Орфография – жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи қалыптасқан жүйесі.Ол жазба тілдің нормаларын қарастырады.Олар: Күрделі сөз түрлерінің жазылуы; халықаралық сөздердің жазылуы; сызықша арқылы жазылатын түрлері. Орфография жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихы қалыптасқан жүйе, біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын және зерттейтін тіл білімінің саласы.Орфография тілдің белгілі бір даму кезіндегі жазба тілдің нормаларын айқындайтын деуге болады.
Ережелер жүйесі:1. дыбыстарды (фонемаларды) әріптермен беру, сөз және оның мағыналы бөлшектерін жазу, сөздерді бірге , бөлек және дефис арқылы жазу, бас әріпті пайдалану, тасымалдау сияқты мәселелерді қамтиды. (орфография ара-тұра «дұрыс жазу» деген синоним ретінде де қолданылады). Бұлардың әрқайсысы белгілі бір принциптерге негізделген ережелердің жиынтығынан тұрады.
Морфологиялық принцип – сөздің морфологиялық құрамын ескеріп, морфемаларды (сөз және қосымша) құрамында болатын дыбыс алмасуларын елемей, бастапқы құрамын сақтап жазу. Фонетикалық принцип бойынша сөз айтылуындай жазылады, яғни әрбір әріп фонеманы емес, дыбысты білдіреді. Дәстүрлік пинцип - сөздің бір кезде жазылып, қалыптасқан, дәстүрге айналған түрінде сақтап, жазу. Бұған қаза тіліндегі хат, хабар, қаһар, жаһан сияқты сөздерде х, һ әріптерін пайдалануды жатқызуға болады. Дифференциялаушы принцип - дыбыстық құрамы бірдей сөздерді бір-бірімен орфографияның көмегімен айыру. Бұл принцип қазақ тіл білімінде ескерілмейді. Дұрысы, дәстүрлік пинцип бойынша хабар, хал, халық, хат, хан. Хош түрінде жазып жүргендеріміз, о баста тіліміздегі омонимдерді (қабар, қал, қалық, қат, қош) орфографиялық жақтан айырудың нәтижесі деп түсіну қажет.
Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады. Араб графикасын реформалау идеясы бойынша нақты іске кіріскен ұлы ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Ғалым «Жазу тәртібі» деген көлемді мақала етіп «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5 сандарында жариялайды. Қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен оның фонетикалық жүйесін талдап береді. Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. Графика мен оқыту проблемаларын ғылыми-тәжірибелік негізде тұңғыш рет көтерген ұлы ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов болғаны белгілі. Ахмет Байтұрсынов енгізген «Жазу тәртібі» термині «Қазақ жазба дүниесіне қажет алфавит» деген ұғымды береді.
А. Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталды. Сөйтіп, нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Қазақ мәдениеті үлкен таластармен қабылданған латын жазуының да «қызығын» көп көре алмады. Тағы да коммунистік империялық саясаттың тегеурінімен латын жазуы аласталып, кириллица − «орыс жазуы» қабылданды. 1940 жылдың соңынан басталған жаңа «орыс жазуын» қазақ мәдениеті: оқу-ағарту саласы, мерзімді баспасөз, баспалар ісі тегіс пайдалануға кірісті. 1957 жылы (әрине, ұзақ пікірсайыстардан кейін) ғана біршама жинақталып, түзетулер енгізіліп қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің жаңа редакциясы қабылданды. Бұл ережелерге түзетулер мен толықтырулар енгізілген, жаңа редакциясы да 1983 ж. 25-августа Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президумының Указымен бекітілді. Күні бүгінге дейін емле ережелерінің бұл соңғы редакциясы азын-аулақ түзетулермен қолданылып келеді. Осы ережелердің негізінде Қазақ тілінің үлкенді-кішілі бірнеше орфографиялық сөздіктері жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |