Оқулық Алматы, 012 ƏОЖ



Pdf көрінісі
бет104/140
Дата11.01.2023
өлшемі3.28 Mb.
#468309
түріОқулық
1   ...   100   101   102   103   104   105   106   107   ...   140
Әбдиманұлы-Ө.-ХХ-ғасыр-басынд.-қазақ-әдебиеті-Оқулық-2012ж (1)

11.2 Көркем проза шебері
Ж. Аймауытов өзін əдебиетте шағын əңгіме жанрындағы ше-
бер лігімен таныта білді. Оның оқырман жүрегіне жол тапқан 
“Елес”, “Жол үстінде”, “Əнші”, “Жапырақтар”, “Қара бақсы” жəне 
т.б. əңгімелері бар. Жазушының алғашқы күрделі шығармасы – 
“Қартқожа” романы. 
Роман 1926 жылы басылып шықты. Бұл – кеңестік дəуірдегі 
алғашқы қазақ романы болуымен бірге, ХХ ғасыр басындағы осы 


310
тұрғыдағы талпыныстардың жалғасы ретінде, роман жазуға деген 
жаңа бір серпіліс əкелген шығарма.
“Қартқожа” романы – автор қиялынан емес, болған оқиғаның 
негізінде жазылған дүние. Ж. Аймауытов өмір шындығынан 
алынған оқиғалар жүйесін көркемдік қиялмен ұштастыра отырып, 
дəуір келбетін ашатын көлемді туынды жасай білген.
Романның бас кейіпкерінің түп тұлғасы – өмірде болған, 
ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етіп, кейін репрессияға ұшыраған 
Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев деген ардақты азамат.
Жазушы ХІХ ғасырдың соңында дүниеге келіп, ХХ ғасыр ба-
сында еңбекке араласып, кеңестік дəуірдің алғашқы кезеңінде жаңа 
құрылысқа белсене араласқан қарапайым адамның қоғамдағы ор-
нына айрықша назар аударады. Мақсат – қоғамдағы өзгерістерді 
қарапайым адамның көзқарасы, таным-білігі, қабылдауы арқылы 
көрсету.
“Қартқожа” – реалистік шығарма. Онда жоқтан бар жасау жоқ. 
Оқиғаның өрісі өмір шындығынан нəр алып жатады. Бір кезде мол-
да алдында отырған бұйығы қара бала өсе келе, сол кездегі қазақ 
қоғамында болған тарихи оқиғаларға араласып, ерекше көзге 
түспесе де, көрген-білгенінен өзінше ой түйеді. Бұл оның азамат 
ретінде қалыптасуына əсер етеді.
Бала күндегі жетімдік, мəнсіз молда оқуы, 1916 жылғы көтеріліске 
қатысу, солдатқа алыну, жаңа оқудың есігін ашып, ұстаз болу, міне, 
Қартқожа өткен өмір жолы осы. Оның əрбір кезеңінде ешбір алып-
жұлып бара жатқан ерекшелігімен көзге түспейтін кейіпкерін автор 
бір ғана жылт еткен іс-əрекет, мінез-құлық құбылысы арқылы дара-
лап отырады. Сол арқылы оның өзіне ғана тəн болмысы танылып-ақ 
қалады. 
Мəселен, молда алдынан сабақ алып жүрген көп шуылдақ ара-
сында Қартқожа еш ерекшеленбейді, қайта солардың көбінен төмен 
сияқты, бірақ оны сүйкімді ететін момын баланың оқуға деген 
құштарлығы. Өзгелерді елең қылмай, сабаққа беріліп отыратын 
шыдамдылығы. 
Қартқожаны жуассынып, басынып балалар үстінен түспейтін. 
Шайнап-шайнап домалақтаған қағазбен атып, əйтпесе: “Мынаны 
қарашы” – деп мұрнынан түртіп қалып, болмаса маңдайын өлшеп, 
мазақтай беретін. Қартқожа оларды артық елең қылмайтын, ең 
ашуланғанда ғана: “Қой деймін, жындымысың өзің” деп сабағын 
оқи беретін. Өзге бала алақтап, ойнап, сабақ оқыған болып, өтірік 


311 
ыңылдап, болса бірдеңемен алданып, сарылып отырғанда, Қартқожа 
жалықпай, қағазын шұқылап, “Құл ағузіден” шығып, “Бірінəлнасқа” 
түсіп, екі-үш күнде “Уəсуаəс əл ханастарға” да барып, қалатын. 
...Осылайша жазы-қысы оқып, баспа түркі жазба танып, хат жаза-
тын болды».
Жəбір көріп өскен момақанның көзін ашқан еңбек екенін жа-
зушы осылайша қарапайым ғана суреттей отырып жеткізеді. Ке-
лешектен үміт үзбейтін, қоғамдағы өз орнын табуға талаптанған 
талапкердің өмір жолы қиын болғанымен, сол қиындықтарды 
жеңуге ұмтылдыратын да, жеңдіретін де ішкі тінінің мықтылығы 
мен жан дүниедегі бұйығы жатқан бұла күштің қуаты.
Жазушы Қартқожаның тек сабақ жаттап ғана жүрген жас 
еместігін, болашақ тағдыр талқысына түскен тұста өзінің таным-
түйсігі арқылы тура жолды таба алған кейіпкерін “оятқан” оқу 
екендігін, оны əрқилы жағдайға қатысты өзіндік ой қортындыларын 
көрсету арқылы бейнелей отырып береді. Автор суреттеуіндегі 
бас кейіпкердің “Телміріп терең ойдың соңынан ерер” сəттері 
осының нақты белгісі. “Қайсыбірін айтарсың қорлық-зорлығы то-
лып жатыр. Осының бəрі Қартқожаны ойландырды, жанын кейітті: 
“Əттең менің кедейлігім-ау! Əйтпесе солардың менен ақылы артық 
па? Зейіні артық па? Артық болса, малы артық. Дүние шіркін-ай! 
Кегімді алатын да күн болар ма екен!..” деп, ішінен зығыры қайнап 
жүрді. Ол онымен тұрсын. Жалғыз өз басы ма? Күштілер əкесіне де 
зорлық етпеді ме? Мақымет бай үйлерінің бір құнан өгізін қарызға 
алып, неше сұраса да ол бермей қойды. Мақымет болыспен құда: 
оған шамасы қалай келсін? Оның үстінен кімге шақсын. ... Болыс, 
тілмаш, ауылнай, шабарман дегендерді, тағы түрлі “адам” болған 
“атқа мінерлерді” Қартқожа зорлықшыл, жалмауыз, жан алғыш деп 
ұғушы еді.” 
Біз бұдан көргенін көңіліне тоқып, одан ой қорыта бастаған балаң 
жігітті танимыз. Туындыгер болашақ саралы оқиғалар тұсында са-
налы əрекеттер жасайтын Қартқожа сынды кейіпкерін азаматтыққа 
осылайша сатылай отырып жеткізеді. 
Қартқожа 1916 жылғы оқиғалар кезінде өсіп-жетіліп адами, 
адамгершілік қасиеттерімен ерекшелене түседі. Оқуға деген ар-
манын үзген осынау зұлмат оқиғаның тұсында ол өмірдің қат-
қабат құбылысын терең таниды. Мұның ішіндегі ең бастысы, 
таптық қайшылықтың, əділетсіздіктің қайдан шығарын түйсінуі 
болатын.


312
Ал солдатқа алыну, əскер өмірі балаң бозбаланы ширата түседі. 
Бұл – Қартқожаның ой-санасының өсуінің бір белесі. Ол енді ақ-
қараны айырар дəрежеге жетеді. Елге келіп, сол баяғы күй тағы ал-
дынан шыққанда, əділетсіздікке қарсы күресуге əрекет жасайды. Біз 
бұдан əділдік жолындағы күреске дайын азаматты көреміз.
Оның ендігі түйгені – əділеттің жеңісін əкелер майданда ең 
мықты қару білім екендігі. Мұны автор кейіпкерінің ішкі толғанысы 
арқылы береді: “Кедейден береке шықпасын білген соң, Қартқожа 
енді басқа шара іздеді. Ойлаған сайын Андрейдің сөздері есіне 
түседі.
“- Рас-ақ, Андрей оқу оқы деп еді-ау! Оқысаң ақыңды ешкім 
жей алмайды деп еді-ау! Оқуға бұрыннан құмар едім ғой... Енді 
даланың, қаланың жайын əбден біліп алдым. Мен сияқты оқыған 
жігіттер қала-қалада көрінеді. Енді оқуға кетсем қайтер екен? Үйде 
мал тауып шаруа істеп отырғам жоқ. Күнді босқа өткізіп отырмыз 
ғой. Қой мен оқиын!
...Үйіне жеткенше ойлағаны осы болды?”.
Қартқожа ұзақ толғаныстан соң, осындай нақты шешімге келеді. 
Бұл жаңа жолға бет бұрудың басы еді. Қаншама қиындықтарды ба-
сынан кешірсе де, ол алған бетінен қайтпай, ақыры білігі мен білімі 
бар азаматқа айналады. Аңсаған білімге қол жеткізу – алғашқы, 
жеңіс биігі болатын.
Білім нұрынан көкірек көзі ашылған Қартқожа енді күрес 
жолына шығады. Əлді мен əлсіздің, бай мен кедейдің тартысы 
тұсында екінші жақтың жақтасына айналады. Оның алған білім 
арқылы өмірден түйген, таныған шындығы осы. Бір кездегі момын 
Қартқожаны таптық күреске араластырған өмір тəжірибесі мен 
білім сəулесі. 
Автордың өз кейіпкерін осынау жолға ұзақ дайындықпен əкелуі, 
əрі нанымды, əрі дəлелді. Қартқожа секілді қарапайым адамның 
бірте-бірте үлкен азаматтық істерге араласуының сенімді шығуы, 
жазушының өз кейіпкерін жан-жақты аша білуінде.
“Қартқожа” сынды реалистік туындының өмір шындығынан 
ойып алынған көркемдік шындығы аса нанымды. Шағын көлемді 
шығармада замана шындығы, уақыт бедері менмұндалап, айқын та-
нылып тұр. Өйткені қаламгер өз тақырыбын өте жетік біледі. 
Уақыт пен кезеңнің уысында сығылған кер заманның болмы-
сы Ж. Аймауытов санасында сурет болып жатталып, көкірегінде 
көркем дүние болып піскен-ді. Өйткені шығармадағы Қартқожа 


313 
өткен өмір жолын жазушы Жүсіпбекте шиырлаған-ды. Сондықтанда 
шығарманың бас кейіпкері Қартқожа бейнесі – түптұлға Қарт-
қожаның ғана бейнесі емес, уақыт ұстынындағы “қартқожалар” мен 
“жүсіпбектердің” өмірінен алынған оқиғалар мен мінез-құлық си-
паттарды бойына жинақтаған типтік бейне. 
Бұл туралы жазушының өзі былай дейді: “Қартқожада” підия 
алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның əке-шешесін 
көрсек, ол – өз əке-шешем”. Яғни жазушы көз көрген, бастан 
өткерген оқиғаларды екшей-елей отыра, кейіпкер өмірін сөз өнерінің 
шарттарына сай көркем қиял арқылы қиюластырып əкетеді. Сөйтіп 
көркемдік шындығы көңілге күдік ұялатпас туынды жасап шығады. 
Шығарманың шынайы шыншылдығының мəні де осында жатыр. 
Романдағы Қартқожа ғана емес, оны қоршаған кейіпкерлер де 
өз орнын тауып тұр. Əкесі Жұман, ағасы Тұңғышбай Қартқожаның 
өзіне тəн мінез-құлқын ашуда, адами қасиетін танып білуде белгілі 
қызмет атқарады. 
Қартқожаның оқуға деген құштарлығын арттыруда, азамат бо-
лып қалыптасуында оқыған жас Жүністің елеулі орны бар. Сол-
датта жүріп дос болған Андрейдің де оның саяси көзқарасының 
қалыптасуындағы еңбегі аз емес. 
Жалпы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романы – 
революцияның алды-арты тұсындағы қазақ қоғамындағы өзгерістер 
келбетін келісті суреттеп, дəуір шындығын бас кейіпкердің өмір 
жолы арқылы жан-жақты бейнелеген роман. Ахмет Байтұрсынұлы 
баламасы бойынша ұлы əңгіме деп танылатын “Қартқожа” рома-
ны – Жүсіпбек Аймауытовтың осы кең көлемді жанрдағы алғашқы 
тəжірибесі, соған қарамастан жазушы өз туындысын жанрға 
қойылар талап деңгейінен шығара алған. 
Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ прозасын үлкен бір белеске 
көтерген күрделі шығармасы – «Ақбілек» романы. Бұл романдағы 
жазушы мақсаты “Қартқожадан” мүлде бөлек. Автор қазақ қызына 
киліккен қасіретті көрсету арқылы аласапыран тұстың озбырлық 
бейнесін ашады. Оны сол нəубеттен, тағдыр талқысынан құтқарған 
жаңа өмір салты екендігі романда айрықша сипатталған.
“Ақбілек” романынан ілкі көзге шалынатын Жүсіпбек Айма-
уытов қаламына тəн бір белгі ақынжандылықпен кұбылта жазар 
қалам жүйріктігі. Бұл стиль оның кейінгі жазушылық шеберлігінің 
айқындауышына айналды десек те болады. Қаламгер ырғақты ұйқас 
үлгісімен төгіліп түскен жолдар арқылы оқырманды еріксіз баулайды. 
21–853


314
Роман 
былай 
басталады: “Өскеменнің 
аржағында, 
Бұқтырманың оң жағында əлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың 
күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, 
күз күзеткен Қүршім бар. 
Алтай, Күршім не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтай 
мен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал. Күні жылт етсе, төрт 
түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясын-
да, бал татыған айна сулы марқакөлі, Марқакөлді алқалаған – ақ ау-
ылды Алтай елі. Алтай елі – Алтай жазы тау еркесі – киік болып, 
өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің шатқалында сайран етіп 
жатқаны”.
Шығарма төгіліп түскен шұрайлы тіл өрнектеген Алтай 
табиғатының таңғажайып сұлу суретіне еліткен оқырманды осы-
лайша тамсандыра түседі. Жазушы тебірене жазған сұлу Алтай, 
сол Алтайды мекен қылған сұлу арулар тағдыры кімді болса да 
қызықтырып, шытырманды оқиғалар иіріміне, тылсым сырлы 
сезімдер тереңіне тарта жөнеледі. 
Шығарма басты-басты төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім 
Ақбілектің ақтар қолына түсіп, одан құтылып шығуын баяндаса, 
келесі бөлімде Ақбілектің айттырған жігіті Бекболаттың жарала-
ну жайы, емделуі, болашақта Ақбілектің жолы түсетін қала жайы 
сөз болады. Одан кейінгі бөлімде Ақбілек елге оралғаннан соңғы 
ауыл күйі, күйеу жігітімен тағдыр қосуы, Бекболаттың суыну 
жайы, əкесінің төсек жаңғыртуы, Қарамұрттан жүкті болып қалған 
Ақбілектің психологиялық қиналысы суреттеледі.
Романның құрылымдық жүйесі Ж. Аймауытов шеберлігінің 
бір ерекшелігі ретінде танылады. Автор бірде баяндай отырып 
кейіпкерін сөйлетіп, шешуі қиын жұмбақтың сырын тарқатса, енді 
бірде тыңнан қосылған жаңа сарынды сюжет дамуының жаңа бір 
белесіне айналдырып жібереді. Оның бəрі бас кейіпкер Ақбілектің 
тартысты тағдырының үш кезеңімен жымдасып кеткен бүтіндік 
табады. Сондықтан шығарманың жалпы даму желісінде бірде-бір 
оқшау оқиға, қисынын таппай тұрған тосын сюжеттер жоқ.
Жалпы Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романында өз заманының 
ең бір құбылмалы тұсында сынға түскен қазақ қызының жігер-
қайраты мен ақыл-парасаты арқасында өз ортасынан озып шығып, 
биік қоғамдық сатыға көтерілуі көркем бейнеленген. Осындай 
тақырыпта роман жазу идеясы Ж. Аймауытовқа “Қартқожа” ро-
манын жазу үстінде түскен болуы керек. Алғашқы романның “Бет 


315 
түзелді” тарауы: «Ақтың əскері басқан жерге шегіртке жайлағандай, 
бүйе тигендей болды. Шауып кеткен, басып кеткен, атып кеткен 
көзден шоласыз. Желтау маңында бір ауылды қалпымен қырып 
кетіпті. Жарылқаптау ішіне босып кеткен бір қора қатын-қыздардың 
үстінен түсіп, ойына келгенін істепті. Қаржаста пəленше байдың 
далаға тыққан жасау-мүлкін өртеп кетіпті», – деп басталмай ма?.. 
Бұл Қартқожа да, Жүсіпбектің өзі де куə болған жайттар. 
Романның бас кейіпкері Ақбілек – əке-шешесінің көзінің 
ағы мен қарасындай ерке өскен, ажарына ақылы сай елге сый-
лы ару. Жазушының Ақбілек портретін сомдауы да сонша сырлы: 
“Мамырбайдың Ақбілегі, Ақбілегі – жас түлегі, айы-күні – сұлу 
қызы, алтын сырға, күміс шолпы сылдырлатып, былдырлатып, 
ақ көйлегін көлеңдетіп...”. Ал енді жазушы кейіпкер портретін 
шығарманың өн бойындағы салмақ-сапасына, оқиғалар желісін 
дамытуға орай түрлендіріп отырады.
Орыс ортасынан оралғаннан кейінгі Ақбілектің мінезделуін 
жазушы Бекболаттың көзқарасы арқылы танытады: “... алғаш ба-
рып көргендегі оның түрі қандай еді! Маңдайы қасқиып, мой-
ны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп ауызға салғандай 
жұтынып, сүйріктей еді-ау! Тал бойында бір міні жоқ, жаңа шығып 
келе жатқан сүйріктей еді! Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түре 
келгені, тізесімен ақ көйлегін серпе тастап, аяңшыл бедеудей кербез-
дене аяқ басқаны, тысқарыда жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, 
дауысы күмістей сыңғырлап, тəп-тəтті күлгені; əнтек жылмиып 
келіп, шай жасап, өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының ұшымен 
шын-аяқ əпергені, салалы қою кірпігін салмақпен қағып, анда-сан-
да көз астымен бір қарап қалғаны;... “Қош болыңыз” дегенде, көзін 
жалт еткізіп, басын əнтек изеп, артынан қарап қалғаны, – бəрі-бəрі 
сондағыдай сайрап көз алдыңа келеді”.
Міне бұл бір кездегі бақыттың бесігінде тербелген Ақбілектің 
сүйген жігіт көзімен бедерленген сұлу суреті. Автор бұдан кейінгі 
оқиғалар дамуында Ақбілектің портретіне біртіндеп жаңа қажетті 
сипаттарды қосып отырады. Сол арқылы біз Ақбілектің мінездеме 
суреттерімен толығырақ таныса түсеміз. Сондықтан да біз Ақбілекті 
қашан да болса, қандай бір жағдайда болмасын соншалықты бір 
жылылықпен қабылдаймыз. Ол романдағы қат-қабат оқиғалар 
тұсында əр кезде-ақ сезіліп тұрады.
Кейіпкердің жан-дүниесі өз басынан өткерген қиындығы мен 
қияметі жетерлік оқиғалар үстінде ашылады. Ақбілек қасіреті 


316
жалғыз оның ғана емес, зобалаңды заманда бастарына қара бұлт 
үйірілген, тағдыр талқысына түскен қазақ қыз-келіншектерінің 
ортақ қасіреті болатын. 
Уақыт куəгері Жүсіпбектің жүрегіне ақ əскерінің осындай 
айуандық қылықтары жазылмас жара салған-ды. Уақыт өте келе, 
көрген мен түйгеннің пісіп-жетілген көркемдік болмысы суреткер 
қолына қалам алдырған-ды. Осы тұста “Қартқожа” романына тағы 
бір қайырылған орынды. Жазушы романның “Құлақ естігенді көз 
көрді тарауында” қай-қайсыда қазақ ауылын аямаған азамат соғысы 
жылдарындағы ақ-қызылдың айуандығын былайша сипаттайды: 
“Бұл ауылды да əскер қамап жатыр екен. Айғай-ұйғай жүгіріс. Ат, 
арба, қазақ, желке, мылтық дүмі, ыңқыл, ойбай. Құшақта – киіз-
кілем, жасау – қолдарда. Сақина, шашбау, орысшалау, күлкі... Ана 
үй жақтан мылтық тарс етті. Қартқожа қалбаң-құлбаң, қамыт, доға, 
“қорадан қора”, шошақ үйде үш солдат, ортасында, жабу үстінде 
жас қатын... зəресі ұшты. 
Қартқожаны лаушы қылып алып жүрді. Мұнда келген əскердің 
сілемі екен, көбі алда, артына көз жеткізсіз. Өңкей жүкті арба, 
зеңбірек, пулемет, азық, жасау, қару артып, тізіліп, салтатылары ша-
буылдап, жер қайыстырып кетіп барады. Қартқожаны көп əскерге 
қоса тастап, 15 шақты солдат тағы да шауып кетті. Үрей ұшты... 
Иығында шені, сымбатты əпесер солқылдақ арбада қазақтың сұлу 
қызын құшақтап қос боз атпен Қартқожаның қасынан өте шықты. 
Қартқожаға түскен қыздың көзі жыпылықтап кетті. 
Қаракүшке құрбан болған сорлы! Заманың əлде не болады? 
Екінші ауылға жеткенде Қартқожаны босатты. Құлақ естігенді 
көз көрді...”. 
Мінеки, Жүсіпбектей жазушының көз көргеннен көркем туынды 
жасауға деген ұмтылысы сол кезде басталған. Бұл шығарма – жа-
зушы көкірегінде ұзақ піскен, қайнауы əбден қаныққан ізденістің 
жемісі. Автор Ақбілек қасіреті арқылы зұлмат жылдар халық басы-
на төндірген қасіретті ашуға ұмтылады. Ары тапталған ардақтаған 
ару тағдыры – құлдықтың құрдымына бет алған ұлт тағдырының 
символы іспетті. 
Ұлтымыздың 
тəрбиелік, 
салт-дəстүрлік 
ұғым-танымы 
тұрғысынан алғанда, Ақбілек тап болған жайт адам төзгісіз қасірет.
Бірақ айуан мінездес қаракүштің дүлей соққысына қарсы тəні 
таза, жаны пəк, ары аппақ сүттей нəзік қыз қалай күреспек, не 
айла етпек?!.. Жазушы қолға түскеннен соңғы есін жиған тұста 


317 
Ақбілек алдына осындай сұрақ тартады. Сол сəттегі Ақбілек жан-
дүниесіндегі қиналысты, жүйкеге ауыр салмақ артқан күйзелісті 
кейіпкердің ішкі əлемінің астарын аша отырып бейнелі жеткізеді: 
«Өңі-түсі екенін біле алмай, көзі алас ұрып, қостың ішін сипай сүзіп 
шықты да, түндегі оқиға есіне түскенде, қайнап шыққан бұлақтың 
көзіндей, жасы мөлтілдеп, жылап ағып қоя берді. Саңғал киізден 
сығалап, аңғал шуақ Ақбілектің бетіне түсіп, жайраңдаса да, теле-
гей аққан жасын құрғатуға септігі болған жоқ; жанын жанышқан 
қараңғылық жарық дүниені аңсатты, əйтседе жарық сəуледен көзін 
біржола жұмбады, құтылмасына көзі жеткен соң, тым болмаса мына 
саусылдаған сары қолдың ішінен бір сытылып, даланы бір көргісі 
келді.
... Төрт құбыладан бірдей үстіне төніп тұрған ақар-шақар тауларға 
да, тауға біткен үйірім-үйірім сабалақ жүнді орманға да, тау басын-
да қалықтап жүрген бүркітке де, тауға тырмыса жайылып жатқан 
құмырысқадай жылқыға да, қостан аулағырақ өзен құлай шыққан 
шоқ-шоқ бұтаға да Ақбілектің көзі тоқтап тұра алмай, сырғанап 
келіп, жерошақ басындағы қазақтың қара құманына, қара астауға, 
шырық шөмішіне тоқтады. Орыстың қолына түскен əлдекімнің 
шөміші екен? Сорлы шөміш! Мен де сенің сыңарың ғой дегендей, 
мұңдасқандай, көзіне тағы жас алды».
Жазушы адам жан дүниесінің қыр-сырына қалай бойлайды 
десеңізші! Кеше ғана “Мамырбайдың Ақбілегі” атанып “ақ көйлегін 
көлеңдетіп” жүрген күндер де, көз жанарын ұрлайтын көріністер 
де енді оған жат, сұрықсыз, керісінше, жайда көңіл тоқтамайтын 
қарапайым ғана заттар қандай ыстық көрінеді Ақбілекке! Өйткені 
жансыз болса да олар – туған жұрттың көзіндей жəдігерлер. 
Ақбілекпен олардың тағдыры бір іспетті. Олардың өзіндей һарамның 
қолжаулығына айналған мұңдастардай көзіне оттай басылуының 
сыры осында. Жазушы осыны қалт жібермей, тасқа басқан маржан-
дай мөлдіретіп жеткізеді. 
Ақтардың қолына түсіп, орыс əскерлерінің қорлығына ұшырап, 
ауылына оралу – күнəсіз де пəк қыз үшін өте ауыр масқара іс. 
Міне, осы сəттегі Ақбілектің іштен тынуын, өзімен-өзі арпалысу-
ын, шешімге келуін автор психологиялық талдау арқылы таныта-
ды. «Ақбілек əкесінің оңашада бір ауыз тіл қатпағанына қапа бол-
ды. Ол түгілі əкесі Ақбілектен оңаша қалудан қашатын тəрізді. 
Əкесі мен екеуінің арасын қара мысық кесіп өткендей, бір өткелдің 
түскенін Ақбілектің жүрегі сезеді. Əкесінің қабағы қашан жадырар 


318
екен, қашан жылы қарар екен, қашан тіл қатар екен?.. деп сарылып, 
сарғайып күтеді; əкесінің көзі түсер ме екен деп, жансыз аңдып та 
отырады. Бір қараса қайғысы жеңілдейтіндей, бақытты болатындай 
көреді. Сонда да əкесі көз салмайды. Енді Ақбілекке шешесінің 
өлімінен мынау қатты батты. “Жан деген де жалғыз əкем мені жек 
көрсе, енді мен кімге сиямын? деп қайғырды. Міне, Ақбілекті ендігі 
ауыр күрсіндіретін қайғы осы еді”. 
Жазушы əке мен бала арасындағы қатынас арқылы Ақбілек 
тағдырының қиынды қырларының сан салалы қыртыстарын ашады. 
Жаны нəзік, болмысы берік қыз бен ойы бұзық жұрттың арасындағы 
ой алшақтықтың адам аспас асуының биігін осылай алады. 
Ақбілек қарапайым қазақ қызы болғанымен, оның ең басты 
ерекше қасиеті – сезімталдығы. Оны көп қиындықтан құтқарған 
да осы сезімталдық. Ол ең алдымен, Қарамұрт офицермен қарым-
қатынасы кезінде анық сезіледі. Алғаш көргеннен – қоштасқанға 
дейінгі аралықтағы іс-əрекет, ішкі құбылыстан біз осы қасиетті 
анық танимыз. 
Жазушы жаны жаралы, көңілі қаралы қыздың өмір мен өлім 
күресі сəтінде ішкі түйсікті арпалысын терең тебіреніспен жеткізеді. 
“Алды-арты тұйық, қараңғылық, не болары белгісіз... Сонда да 
Ақбілек тірі, Ақбілек сұлу... Ол елден асты: қазақ тұрсын, атағын 
орыс естіп, іздеп келіп, алып қашты... Орыс біткен бұған бола 
қырқысты. Кім біледі, тірі болса үмітсіз сайтан. Өз еркімен келіп 
отырған жоқ, қара күшке тағдырға не шара? Жамандығынан мұндай 
болған жоқ... Ақбілекті кім жазғыра алады? Малына, жанына ие бо-
лып отырған қай қазақ бар? Азар болса, жазықсыз құрбан болып 
жатқан көп қорғансыздың, көп сорлының бірі шығар.
Ойдан ой қуып, басы даң боп, шапанының етігіндегі май тамғанға 
қарап отырғанында, тым-тырыс күте қалған қарамұрттың ыстық 
қолы қолына келіп тиді. Ақбілек қабағын ауыр бір қағып, “менде 
не ерік бар?..” дегендей, терең қасіретпен оның бетіне қарады. Қара 
мұрт тілмəшіне иек қағып шығарып жіберді де, Ақбілектің қолын 
өзіне тартып, ерніне апарды. Ақбілек қасарысқан жоқ”. 
Жауыздық пен қатігездік шегіне жетіп тұрған ортаға түскен 
«тағы» қыздың тағдырына арашашы болған қарамұрт қан жылаған 
жүректің түнегін түрген сезімнің ақ сəуле шуағы еді. Ол тағдыр 
тəлкегіне ұшыраған кыздың соңғы үміті, жантүршігерлік ортадағы 
қорқыныш пен үрейді сезімге жеңдірген тірегі де.
Екіншіден, барша қиындыққа төзе білген Ақбілек – батыл да 


319 
шешімшіл қыз. Оны атып кетуге бекінген Қарамұрттың оғынан 
құтқарған да осы батылдық. “Алтыатарын алып, Ақбілекке кезе-
не бергенде, Ақбілек шаңқ етіп, безілдеп кезеулі мылтыққа қарсы 
жүгірді. Қарамұрттың кезенген қолы сылқ етті. Алты атары жерге 
түсіп кетті”.
Қорлық атты қаратүнектің құрсауынан ерікті билеген ерке сезім 
құтқарған қыздың ажалға қарсы шабуы, осынау шын махаббаттың 
құдіретіне сенгендік еді. Жүрегінде қатігездіктен қуат алған 
қанішерлік пен пəк сезімнің тылсым күші қатар арбасқан қату 
қабақ, қанды қол орыс офицері қыз жанарынан осыны ұқты, ұқты 
да аз уақыт болса да алданышына ғана емес, шынайы махаббатына 
айналған аруды өлімге қия алмады.
Ақбілек табиғатындағы бұл қасиеттің психологиялық дəлелін 
жазушы оның қараңғы түндегі қамаған қасқырмен арпалысынан 
да аңғартады. Кейіпкердің қорқынышын ақылға жеңдірген де осы 
батылдық болатын. Өмір мен өлім арпалысқан осы бір сəтте жазу-
шы кейіпкер психологиясына терең бойлап, ол тұрғыдағы оқырман 
танымын бекіте түседі.
Мұндағы автор қолданған əдістің бірі, шығармашылығының 
ерекшелігін айқындайтын көрсеткіш көзі – монологтар. Ж. 
Аймауытұлы өз ойын кейіпкер сырымен астастыруда осы бір əдістің 
небір түрін шебер қолданады. Ж. Аймауытұлы монологтары ойлау, 
армандау, еске түсіру, диалог іспетті құбылып келе береді. Олар 
көбіне кейіпкердің ішкі əлемін, мінез құлық сипатын терең ашуға 
қызмет етеді. 
Ақбілек тағдырының тауқыметі мұнымен бітпейді. Оны алда ет-
жақындарының, тілі бір тілдесінің, діні бір діндестерінің қорлығы 
күтіп тұр еді. Төсек жаңғыртқан əкесі Мамырбайдың қатал мінезі, 
өгей шеше Өріктің өсек-аяңы, айттырған жігіті Бекболаттың суы-
нуы – Ақбілек алдынан тосқан “тағдыр сыйы”, өмір сыны. Ақбілек 
жүрегіне қосымша жүк артқан сол күндердің қасірет күйін жазушы 
кейіпкер ойы арқылы былай береді: “Бір қайғының үстіне бір қайғы 
жамылып, Ақбілек ең соңғы алданышынан айырылғандай, ойын 
қара тұман басты. Кешегі “өлгенім жақсы еді”, деген ой тағы келді. 
Өзін бұл дүниеге керексіз, артық адамдай, жұртта қалған бұралқы, 
жұрым күшіктей көріп, табан тірерлік, сүйенерлік, аяқ астында 
алақандай жер қалмаған адамша жаны түршігіп, жүрегі ауызына 
тығылып, көзінің жасы көл болып аға берді, аға берді...”. 
Осынау қорлық пен мазаққа Ақбілекті шыдатқан қандай күш?! 


320
Ол – Ақбілек бойындағы үшінші қасиет – төзімділік. Жаны нəзік қыз 
болғанымен, Ақбілек керемет қайсар. Бұл оның өзі сезінбегенмен, 
туа біткен табиғатында бар қасиет. Автор Ақбілек бойындағы 
мұндай ерекше қасиетті əрбір қажетті сəтінде, керек кезінде ашып 
отырады. Мəселен Орынбордағы оқу кезіндегі қиындықтарды жеңе 
білу де оның осы төзімділігінің арқасы. “Бес жүзге тарта бала бар. 
Үй тар. Отын кем. Жұмасына бір жаға ма, жақпай ма. Үйдің іші 
былғаныш, сасық. Көп бала сасытпай тұра ма? Тесікті ашсаң, азынап 
суық кіреді – ауырып қаласың. Ашпасаң тұншығып кете жаздайсың. 
Оның үстіне тамақ та жайсыз. Ашаршылық жылы ғой. Таласып тар-
масып, күніне жарты қадақ нан, бұлдыры жоқ картоп салған сорпа 
ішесің. Кешке бір қайнаған су. Оқу оқып жетілгеннен бұрын, аштан 
өле жаздадық. Талай бала ауырып шығып кетті. Өлгендері де болды. 
Қыстың аяғына жете алмай, мен де жүдеу басқа айналдым”.
Жазушы кейіпкерін жиі сын тезіне салып, сын сағатындағы 
мінез-құлық иірімдерін, ішкі жан дүниесін тап басып танытады.
Ақбілектің оқу іздеп шығуы да дəлелді. Ақтар арасында болғанда 
Ақбілектің тəніне ғана емес, жанына да өзгеріс енген еді. Өзі 
түсінбегенмен, оның жанына өзге бір əлем, өзге бір қарым-қатынас 
дəнін еккен Қарамұрт болатын. Ол ауылдан бекер кеткен жоқ, сана-
сына жарық түсірген болымсыз сəуленің шырағын іздеп кеткен-ді. 
Арада бес жыл өткеннен кейінгі Ақбілек – енді мүлде бөлек жан! 
Көкірек көзі ашылып, санасы жетілген, білікті де білімді адамды 
көреміз. Балташтай өзіне тең серігін тапқан Ақбілек – тағдырмен 
күрестің жеңісін көріп, жемісін татқан бақытты əйел. Оның жан 
жарасын жазған көзі ашық, көңілі ояу, қадірін білер Балташты 
кездестіруі немесе ұлы Ескендірмен табысуы ғана емес, сонымен 
қатар санасына нұр шашқан оқу-білім қуаты.
“Ақбілек” романында самсаған кейіпкер, шытырман оқиға көп 
емес. Роман ықшам күйде, жинақы құрылған. Əрбір кейіпкер естен 
кетпестей етіліп сомдалған. Мұның сыры жазушының əр кейіпкердің 
сырты мен ішін бірлестіре айқындауында жатыр. 
Тіпті бір көрініп жоқ болатын Іскендір диуана сынды кейіпкердің 
өзі есіңнен кетпестей сақталып қалады: “Тани кетті Ақбілек: етегін 
кірмен зерлеген, төбесін үкі сəндеген, басында найза ақ тақия; 
қолында шəңгіші асасы: асасының өн бойы шығыршық кепшік 
сылдырмақ, ұшы қозы жауырын, мойнында құсыр тасбысы, та-
науы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншігі 
сыйдиған, саусақтары сыпсиған, үркек малша оқшиған, бес тал 


321 
сақалы шоқшиған, шыңжау етті, шың бетті, жағына пышақ жани-
тын, бір көргеннен танитын Іскендір екен кəдімгі”.
Бұл диуананың сырт пішіні, сырт бейнесі. Ал оның ішкі 
қасиеттерін автордың мына толғауынан танимыз: “Іскендір өтірік 
айтуды, кісі алдауды білмейді, адам баласына жамандық ойламай-
ды. Үлкенді “əке”, “аға” деп тұрады. Мейлі жас түскен келіншек 
болсын, қатын біткенді “шеше” дейді. Еркек əйел деп айырмайды, 
бала біткенді “балақайым” дейді, кісіге өмірі қатты сөз айтпайды. 
Өзін ренжіткен адамға түк демейді, тек басын шайқайды. 
... Іскендірдің қабақ шытқанын жан көрген емес, қашан көрсең 
де жайраңдап жымиып отырғаны. Іскендірдің неғып мұндай боп 
жаралғанын, кеудесінде неғылған жүрек, тамырында қандай қан, 
бойында неткен қайрат барлығын ойлайтын бір адам жоқ. Ел тек 
оны: “диуана, диуана” дейді, “бір алуан адам” дейді. Іскендірдің 
өмірі жұмбақ. Қалай да Іскендір – адам. Бұл неткен адам?..”. 
Біздіңше, Іскендір – тəні жараланып, ары тапталған Ақбілектің 
жан тазаруының жолында жазушы тапқан туған табиғаттың тұнба 
тұнықтығындай періште пəктік пен мейірімділіктің “иесі” іспетті 
бейне.
Роман Ақбілекке арналып, соның тағдырына құрылғанымен, кей-
де шығарма соңына дейін бірге жүретін, кейде белгілі бір сюжеттік 
желінің тірегі іспетті Қарамұрт, Бекболат, Мұқаш, Жылтыр, Ұрқия, 
Өрік, Балташ, Ақбала, Мамырбай тəрізді сұрыпталған, орнын тау-
ып, орнықты сомдалған тұлғалар бар. Бұлардың əрқайсысына тəн 
айнытпай ажыратылатын кескіні, сөз саптасы, қимыл-қозғалысы, 
өзіне ғана тəн мінез-құлқы бар. 
Қарамұрт-офицердің екі сипаты бір-бірімен тайталас келіп 
жатқандай. “Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол 
астына қарағанына қазақ тəуба қылу керек қой. Анығында қазақ 
мемлекетке не пайда келтіріп отыр? Түндік басы жылына төрт 
сом алым төлегені болмаса, əскерге ылау, азық бергені болмаса, 
бұларда не шығын бар?... патша қазақты қара жұмысқа алам де-
генде, қандай қорқып, абыржып, қиратылып қалды. Қазақ солдат-
тан өлгенше қорқады... тегінде қазақтың солдаттықтан қорыққаны 
бізге теріс емес. Кім біледі, қолына қару берсе орыс жұртына жау 
боп кетпесіне кімнің көзі жетеді? Онда Ұлы Ресей кемиді, жері, елі 
азайып қалады. Қазақтың малы, өлі бұйымы басқа елдің пайдасына 
кетіп қалуы мүмкін. Əйтеуір қазақ өз алдына ие болып жатқан жоқ, 
ендеше орысқа бағынуы керек”. 


322
Бұл офицердің ішкі монологы арқылы ашылған, отаршылдықты 
көксеген империялық саясаттың құлына айналған адамның жан 
сыры. Бірақ Ақбілек тағдырына араласқан сəттен бастап оның көп 
тобырдан ойы биік, сертке берік азаматтықтан арыла қоймаған, 
қатал тəртіп иесі екендігін аңғарамыз. 
Ақбілекке тағдыр қоспаған, Бекболаттың бейнесін жазушы бы-
лайша таныстырады. “ Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, 
түлкі мұрт, шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне 
шығып тұр... басында барқытпен тысталған қара елтірі жекей тымақ, 
үстімде орысшалау пенжек шалбар. Сұр шапан, сары сафиянға 
қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным 
бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қынды мүйіз 
сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын 
қайыс шеттігім – менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар”. 
Ал енді, Ж. Аймауытұлының от тұтандырып жүретін Мұқашы 
өзі жайында былай дейді: “Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ 
құлақтау, жарбақтау, кірпі шаш, қарыс маңдай, қара сұр жігітпін. 
Жасым отыз бесте, əкем Тойбазар өзім Мұқаш болғалы аузым 
асқа, ауым атқа жарыған емес. Ес білгелі есікте жүрдім”. Роман 
оқиғасының бел ортасында жүретін Мұқаш өзінде береке, ісінде 
тиянақ жоқ, жүрісі сұйық, мінезі бұзық адам. 
Ал Жылтыр онан да асқан. Автор баяндауында оның болмыс 
бітімі мынадай: “Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ол əуелде 
Матайдың Əбеніне тілмаш болған, Əбенімен бірігіп ел қанаған, 
Əбенге шəкірт болған, ол қазынаның ақшасын жеген... абақтыға 
жүз түсіп жүз шыққан. ...оның өтірігіне найза бойламайды. ...қашан 
көрсең де көзі ойнақтап, пұшықтау мұрынының танауы делдиіп, 
маңдайы жылтырап, шұнақ құнанша атырлып тұрғаны, өзі де 
орта бойлы, арам еті жоқ, қагілез сайтан секілді ұшып тұр. Жүріс 
тұрысына, бет құбылысына, қол сермесіне көз ілеспейді. Бір минут-
та жүз құбылады”.
Бұндай адам, əрине, өзінің бар болмысымен Мұқаштың айнымас 
сыңары болады да шығады. Жалпы автор романның əр қиырынан 
оқиға дамуының үдеуіне қатысы бар Мұқаш, Əбен, Жылтыр сынды 
бейнелерді өзіндік сипаттамалармен жанама түрде суреттегенімен, 
олардың қоғамдық ортадағы кесірлі істерін ашып көрсетеді. 
Ақбілектің жеңгесі Ұрқия жаны таза, мейірімді жан. Ақбілек 
тозақтың отынан шыққандай болып, еліне қайта оралған кезде, оның 
туған аулындағы жанын түсінген жанашыры да, мұңының сырын 


323 
ұққан сырласы да Ұрқия еді. Ол романда адамға тек жақсылық тілеуді 
ғана білетін, өзі істеген жақсылығының шапағатына сүйсінетін, 
көпшілікке өзінің адалдығымен жағып, адамгершілігімен сүйкімді 
болған, қысылған сəтте жөн таба алатын шалымды мінез, тапқыр 
ақыл иесі ретінде есте қалатын кейіпкер болып тұлғаланады. Автор 
оны “бар айыбы пұшпағы қанаған жоқ, əйтпесе жібі түзу əйел” деп, 
сондай бір жылылықпен бар қасиетін ашып кетеді.
Ұрқияға қарама-қарсы бейне – Өрік. Автор оның сүйкімсіз 
кейпін “үйге жылан кіріп келгендей...” деп бейнелейді. Автор өз 
шығармасында Өрік бейнесін үшінші жақтан берген. Ол Өрікті: 
“көзі тікшиген, жұқа қабақ, қаймақ ерін, таңқы мұрын. Тымырайған, 
тымпиған, қайқаңдау қарасұр адам екен. Үйге жылан кіріп келген-
дей, Ақбілектің жүрегі су ете түсті. Сара Ақбілекке қарай тығылып, 
көзі бажырайып, үріккен тайлақша ажырая қалды”, – деп суреттейді. 
Өрік сипатын ол көпшіліктің диалогы арқылы да айқындап 
береді:
“– Кəпірдің тікірейген көзі жаман екен: оңдырмас, деп; енді бірі:
– Ерні қаймыжықтай екен: сөзге сойқан шығар, – деп; 
Тағы бірі:
Қабағы қаймақтай боп, танауы делдиіп тұр екен: дəу де болса, 
долы шығар... – десті”.
Бұл жерде Өріктің сыртқы көрінісінен гөрі, сол көрініс арқылы 
адамның мінез-құлқының болмысы ашылып, оның болашақ іс-
əрекетінің белгілері танылғандай. 
Ақбілектің жаңа өмірі басталған сəттен бастап, оған өздерінің 
сезімін ашқан Балташ пен Ақбала жаңа заманның адамдары ретінде 
көрінеді. Жаңа өмірдің салтына қадам басқан Ақбілек өмір белесіне 
қол ұстасып, қатар қадам басар серік іздеген сəтте өмір-тағдыр қос 
таңдауды алға тосады. Ақбілек тағдырдың талқысына түскен өмір 
атты қиын да қызықты құбылыстың қилы қиындықтарынан өткен 
жан ретінде, адалдық пен адамдыққа бас ұрады. Сөйтіп, көрсеқызар 
Ақбаладан гөрі, азаматтығы адамдығымен астасқан Балташты 
таңдайды. 
Автор қыз əкесі Мамырбай ақсақалдың жан əлемін, ой сезімін 
өз сипаттауы арқылы бере білген. Мəселен, Ақбілек орыс ортасы-
нан оралғаннан кейінгі əке көңіліндегі сағыныш пен мейірім мүлде 
басқа сипатқа ауысып кетеді: “Енді Ақбілек əкесіне масыл болды. 
Бала ұстаған емес, маймыл ұстап отырған кісі тəрізденді. Ақбілектің 
қырсығынан ақсақал өзі масқара болып, абыройынан айрылғандай 


324
көреді. ...Қызғаныш. жиреніш, өкініш. Аяныш, ыза, қорлық – бəрі 
ұласып, оның тірі қалып, көзге күйік болғанына бармағын шайнап, 
зығырданар еді. ...У жеген қасқырдай, алау-жалау боп, өртеніп, 
шықпаған сүлдесін сүйретіп жүреді. Кейде ақсақал оңаша отырып 
терең ойға батар еді: “О пақырда не жазық бар еді?” деп, баласын бір 
уақ аяр еді. “Оны да құса қылмайын, деп бір ойысып келсе де, оның 
басынан өткен күндері еске түскенде, Ақбілекті кеудесінен итеріп 
тұрғандай, бірдеңе оның маңына жолатпас еді. Біруақ: “Тезірек 
құтылсам қайтер еді?” деп ойлар еді”.
Екі өрттің, екі дүлей сезімнің тартысында қалған əкенің ішкі 
дүниесіндегі əлемтапырық жайды автор осындай психологиялық 
талдау арқылы жайып салады. 
“Ақбілек” романы – қазақ халқының ұлы өзгерістер тұсындағы 
қасірет-тауқыметін, жаңа өмірге бет бұрысын қарапайым қазақ 
қызының тағдыр-талайы, талғам-танымы арқылы кең көлемде 
көрсеткен толымды туынды.
Ж. Аймауытовтың көркем прозадағы соңғы көлемді əрі табысты 
туындысының бірі – “Күнікейдің жазығы” повесі. Бұл революция-
дан бұрынғы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін көркем суреттеген, 
этнографиялық реңкі бар шығарма. 
Повестің тақырыбы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жазылған 
шығармалардың көбіне ортақ əйел теңсіздігі.
Өз бас бостандығын алуға ұмтылған ерке қыз туралы туынды 
Жүсіпбек стиліндегі ырғақты сөз, бейнелі образ, бір-бірімен астасқан 
ақ өлеңдей құйылып түскен керемет суреттеулерден басталады. 
“Жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен шым 
қора, бейнеуі жоқ сұм қора. Шым қорада – жер үйде, желпіндірмес 
көр үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай 
жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан 
қай аруақ?
Əлсін-əлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, 
алма ерні кезеріп, Бетпақ кезіп кеткендей, кимешегі қолқылдап, 
қуыршаққа тіккендей, сатпақ-сатпақ жастығы жастық емес, кетпен-
дей, сары төсек боп сарғайып – бұ жатқаның қай əйел?
Білмесеңіз, айтайын – Күнікей ғой бұл жатқан.
Күзден жатқан Күнікей – жазға жетті ілініп: күдері ғой жан 
шіркін, үзілмейтін созылып.
Көктем күні күледі, күліп еді – жер түледі, Түлегені емес пе, ақ 
қебінін сыпырып, көк торғынға бөленді. Қызыл-жасыл, ақ-көкшіл, 


325 
бейне кілем түріндей, гүлдер гүл-гүл жанады, күлкілдеген гүл-
жапырақ, сағымданған күнім бел терезеден көз салса, Күнікейдің 
көңіліне жазылмас жара салады. Ах, дариға, дариға! Күнікей сау 
боп жүрер ме еді, қырдан тезек терер ме еді! Қырдан қия кезер ме 
еді! Шырқап əнге салар ма еді! Əнге салса, əл бітіп, қапқа қары та-
лар ма еді!..” 
Повестің басты кейіпкері Күнікей – еркіндікті ерте сезінген қыз. 
Ол кедейдің қызы болса да, бойындағы барын ардақтай білген, аду-
ынды шешенің тəрбиесі негізінде еркін өскен мінезді қыз. Шешесі 
Шекер мінезіндегі өжеттік бұған да сіңгендей. Анасының аялауы-
нан өзіне ерекше нəр алатын Күнікей, ерте бастан ақыл тоқтатып, 
əрі құдай берген көркі, əрі алымды ақыл-парасатының арқасында 
өзін ешкімнен төмен санамай өседі. Бай қызы, құрбысы Шəмшінің 
ұзату тойындағы өзін-өзі ұстауы осының куəсі: “Əлі беті ашылмаған 
нəуетек Күнікейге добалдай Байманның “жеңге” дегені əрі ерсі, əрі 
қызық, əрі жаңа жат көрініп, Күнікей бойжетіп қалғандығына көзі 
жеткендей дардиып қалды. Байманмен əзілдесу, күлісу, еркелей 
қылымсу жанына жағымды тиді”.
Осылай өскен, осылай тəрбиеленген Күнікейдің өзіне тең жар 
іздеуі жасырын болса да, жүрек түкпірінде пісіп-жетілгені анық. 
Ақыры ол жүрек аңсауын табады. Ол – сегіз қырлы, бір сырлы 
жігіттің сұлтаны Байман. Етікші Тұяққа телінген тағдырына қарсы 
шыққан Күнікей алғашқы түнгі махаббаттың асыл сезімін сүйгені 
Байманға сыйлайды. 
Күнікейдің тағдыр талқысына қарсы шығу жолы оңай емес. Оған 
дейін қаншама зорлықты көреді. Жеңіл жүріске салмақ болған жеңге 
мазағы, зорлықшыл Қасым əрекеті, шешесінің етікті болу үшін 
қызын теңі емес Тұяққа қоспақ болуы, міне, осының бəрі – Күнікей 
тағдырына кесе-көлденең тұрған кесепаттар. Бірақ Күнікей соның 
бəрін өз қайсарлығы мен өжеттілігі, табиғатындағы еркіндікке де-
ген құштарлығы арқасында жеңіп шығады. Осы жайлардан іштей 
ширығу нəтижесінде барып Күнікей характері қалыптасады. 
Күнікейдің айттырған күйеуі жаман Тұяққа жар болар түні өз 
адалдығын сақтап, Байманмен кездесуі, бал шырын сəтті Байман-
мен өткізуі тағдырына лағнет, заманына қарғыс айтқан табанды 
қыз табиғатындағы əлсіз де болса ұшқын шашқан қайсарлықтың 
көрінісі.
Бірақ осы күрестің нəтижесі қандай?.. Жеңісі бар ма?.. Міне, 
оқырманды ойландыратын мəселе осы. Сөзі мен ісі бір, адалдығы 


326
мен азаматтығы астасқандай Байманның соңына дейін солай 
болмауының себебі не?... Жігерсіздігі жазықсыз қызды жазықты 
еткенін ол сезінді ме?!. Жоқ па?!.
Повесть басында қараңғы үйде зарланып жататын Күнікейді бұл 
күйге ұшыратқан қандай құдірет? Тағдырын қолына ұстатқан адал 
жар қайда?... Автор өмір түйткілін осы тұстан іздейді. Жастық ала-
уы мəңгілік емес, өмір өткелі сан тарау. Оның бəрінен оп-оңай өтіп 
кету – əйел баласы үшін өте қиын. Алдамшы өмірдің ащы дəмін 
татқан əйел тағдыры аса аянышты. Теңіне қосылуға ұмтылған қызды 
талқыға салар тағдырдың тартуы аз емес... Күнікейдің жазығы – 
жүрек əмірін орындағандығы. 
Повестегі өзге кейіпкерлер, негізінен Күнікейге қатысты көрініп 
отырады. Мұндағы өзгелерден оқшау бір кейіпкер – Байман. Байман 
образы Күнікеймен өрістес дамиды. Алғашқы танысудан бастап, 
барлық оқиға ортақтаса өтеді. Байман – Күнікейге сай тұлға. Бірақ 
ол – қоршаған ортадан қара үзіп кете алмаған, замананың жетегіне 
ерген сырты – бүтін, іші – түтін əлсіз жан. 
Қорыта келе айтарымыз, Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы” 
повесі – қазақ тұрмысынан алынып, ұлттық болмыстың бар қасиетін 
аша отырып, уақыт шындығын танытқан шығарма.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   100   101   102   103   104   105   106   107   ...   140




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет