Шекспир тарихи хроникалар деп аталған драмаларына материалды негізінен, XVI ғасырдағы ағылшын тарихшысы
Холиншедтің «Англия, Шотландия және Ирландия хроникаларынан» алды. Көне құжаттарда тарихи оқиғалар ертегі және аңыздармен араласып кеткен болатын. Оларда өзара феодалдық соғыстар және феодалдардың король билігіне қарсы көтерілістері суреттелген еді. Шекспир осы мұраларды үйреніп, тарихи оқиғалардың негізгі тенденцияларын түсініп, оларды баяндау жолдарын табады. Аңыздардан шынайы оқиғалардың мазмұнын ашу үшін пайдаланады.
Монархияны феодалдық анархияға қарсы қойған Шекспир
«мемлекетке күшті және әділетті, халықшыл король басшылық етсін, егер мемлекетті билеуші басшы өте қабілетті болмаса, тез арада тақтан түсірілуі керек» деген пікірді жақтады. «Ричард II» хроникасында қабілетсіз, сотқар, даңққа берілген, залым король көрсетіледі. Ол айналасына арамтамақтарды жинайды, адал жандарды, сонымен бірге жас Болингброкты да қуғындайды. Осындай әділетсіз әрекеттердің себебінен оған қарсы көтеріліс туып, тақтан түсуге мәжбүр болады.
Хроникаларында суреттелген корольдер жазушы ойлағандай жандар емес. Шекспирдің реалистік қаламы оның ойынан біраз ілгері. «Король Жон - қылмыскер, зұлым, Ричард II - атаққұмар, қабілетсіз, Генрих IV - өзімшіл, жауыз. Елді Генрих V сияқты билеушілер басқаруы керек», деп Шекспир оны барша корольдерге үлгі етіп көрсетеді. Алғашқы пьесаларының қатарына жататын
«Генрих VI» мен «Ричард ІІІ»-де мемлекетті апатқа алып келген феодалдық соғыстар айыпталады.
«Ричард III» драмасы
«Ричард III» (1592) драмасының сюжетін Шекспир Холиншедтің
«Англия, Шотландия және Ирландия хроникаларынан» (1577) алып, оны көркемдік тұрғыдан қайта өңдеді. Шығарманың бас қаһарманы даңққұмар Ричард таққа отыру үшін ешнәрседен қайтпай, жолында кездескен тосқауылдардың бәрін жеңеді. Алдын ол науқас король Эдуард IV-нің екі ұлын өлтіреді, соңынан корольдің інісі герцог Георг Кларенстің де көзін жояды. Мұнымен де қанағаттанбаған Ричард III ағасының жас ұлы мен қызын өлтіреді.
Жазушы орта ғасырдағы мистерия дәстүріне сүйене отырып, болған оқиғаларды ізбе-із хикаялайды. Бірақ Шекспир бас қаһарманның бейнесін шығарма идеясына байланыстыра
ашу сияқты жаңа әдісті қолданады. Ричард епшілдігі, өткір ақылы, батылдығы мен қаталдығы арқылы алдын жазылған хроникалардағы қаһармандардан ерекшеленіп тұрады. Табиғатынан жыртқыш, «қатал адам» алдында барша жан әлсіз және қорғансыз еді. Атаққұмар король Эдуард та, жылпос фасадшы Кларенс те, Елизавета ханымның жақын туыстары мешкей, тәкаппар Риверс, Дорсет, Грей, билік сүйгіш Бекингем, надан Хестингс және тағы басқалар да қарсылық көрсете алмай, оның алдында масқара болады. Елизавета ханым, король Генрих VI-ның әйелі Маргарита, Эдуардтың әйелі леди Анналар оны айлакер, қылмыскер, қанішер деп айыптайды. Ақылды, парасатты және батыл Маргарита ғана Ричардпен ашық тартысқа түседі. Бірақ оның қолынан ешнәрсе келмейтін еді, өйткені, уақыт өткен, оның айналасындағылар болса күреске қабілетсіз, жігерсіз, қауқарсыз адамдар болып, оған медет бола алмайтын.
Ричард үшін «жұдырық» ардың орнына, «қылыш» күштің орнына жүреді. Бірақ ол бұл мақсатта қатып қалмайды. Жағдайға карай қимылдайды. Ричард Кларенс және Хестингспен ашық түрде айқасса, Аннаны жылы сөздермен алдайды, Елизавета ханыммен болса дөрекі түрде қатынас жасайды.
Аңғал Аннаның «назарын» өзіне аудару үшін Ричард III оған
«ғашықтығын» білдіреді. Анна көп қиындықтардан соң «жауыз, залым» деп атаған адамының тілегіне көнуге мәжбүр болады. Қорланған, ары тапталған Анна да өлтіріледі...
Ричард соңында жалғыз өзі қалады. Жалғыздық оның өз күшіне сенімін жоғалтады. Өз қателігін түсінеді, бірақ енді оны түзетудің жолы жоқ еді, ол қатты жан азабын шегеді. Сонда да кері шегінгісі келмейді. Бірақ оның дәуірі өткен еді. Ричард шайқаста Ричмондтан жеңіліп, мерт болады.
Ричардтың өзіне тән ерекшелігі сонда, қылмыстарының санын ұмытқан бұл қанішер өлімі алдында «ешкім мені сүймейді, өлгенімнен соң ешкім маған ашынбайды» деп өкінеді.
Шекспир Ричард образы арқылы йорктар әулетінің абыройы үшін күресуші адамның өз мүддесін ойлап, таққа отыру үшін ұмтылған қанішер қылмыскерге айналғандығын, феодалдық қатынастар құлдырап бара жатқан дәуірде өзін халыққа қарсы қойған озбыр билеушінің мерт болуы сөзсіз екендігін көрсетеді.
Драмадағы орталық образ болған Ричардтың барша қасиеттері
толық ашылған. Ричард «күші, жігері» жағынан Кид пен Марло қаһармандарына ұқсағанымен, олардан көп қырлылығымен ерекшеленеді. Ричард ақылды, епті, бірақ қылмыскер, жауыз. Ол орта ғасырлардың аңғал адамдарындай емес, капитал салтанат құра бастаған дәуірде жетілген адам сипатында аяр, әрі айлакер.
«Ричард III» драмасы - Шекспирдің шығармашылық өсу, яғни хроникадан трагедияға өту сатысында жазылған шығарма. Ричард образы монументал Яго, Макбет және басқа образдардың жаратылуындағы алғашқы тәжірибе болды.
Достарыңызбен бөлісу: |