«Генрих ІV» драмасы
Хроникалар жанрының ең биік шыңы саналатын «Генрих ІV» тарихи драмасы екі бөлімнен құралып, біріншісі 1598 жылы, екіншісі 1600 жылы баспадан шыққан. Драма тұтас бір идеяны баяндауға қызмет ететін екі дербес көрініске жоспарланған пьеса. Шығармадағы негізгі тартыс (конфликт) орталықтанған ұлттық мемлекет орнатуға ұмтылған король мен оған қарсы шыққан феодалдар арасындағы күреске құрылған. Тартыс әсерлі реалистік бояулармен ашылады. Шексіз билікті орнатушы Генрих ІV кіршіксіз, әділ билеуші бола алмайды. Өйткені ол Ричард ІІ-ні өлтіріп, оның тағына отырады. Ол жан азабын, ар азабын тартады. Таққа отыруға жәрдемдескен феодалдар Вустер, Нортемберланд және басқалар Генрихқа көптеген талап қойып, оның тәуелсіз саясат жүргізуіне кедергі болады. Бірақ Генрих ІV оларды өзіне бағындыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Бұған қарсы олар Генрихтың бұрынғы дұшпандары – Ричард ІІ тағының мұрагері Мортимер, Шотландия азаттығы үшін Англияға қарсы күрескен Дуглас және жауыз феодал Глендаурмен одақ құрады.
Хрониканың бірінші бөлімінде Генрих ІV көтерілісші феодалдарға қарсы белсенді күрес алып барған болса, екінші бөлімде оның өмірінде едәуір өзгерістер болады, ауруға шалдығады, сол себепті енді ол мемлекет істеріне араласа алмай қалады.
Хроникада бейнеленген әр екі дұшпан топтың өз ішінде де қайшылықтар мол. Бұл кемшіліктер драмада жанды образдар арқылы ашылады. Мәселен, Глендаур мен Хотспер, король Генрих ІV мен шахзада Генрих V, Фальстаф пен шахзада ортасында күрделі наразылықтар бар. Жас Генрих өз ортасынан қашады, сарай және мемлекет қызметін ұнатпайды, ескіше өмірден бас
тартып, маскүнемдікке салынған сері Фальстаф сияқты адамдармен араласады. Олармен ойын-сауық құрады, кешке қарай жол торып, олжа табуға ұмтылады. Бірақ шахзада Генрих мұндай жағдайда ұзақ уақыт қалып қоймайды. Өзінің жеке және қоғамдық борышын аңғарады. Әкесі ауырып, мемлекетті басқара алмай, қауіп төнген сәтте жас Генрих ойын-күлкіні тыйып, ашық шайқасқа шығады, дұшпаны Хотсперді жеңеді. Әкесі қайтыс болған соң таққа отырған (ІІ-бөлім) жас король туралы хабар сері Фальстафты шексіз қуанышқа бөлейді. Ол енді бақытты өмір сүруге мол мүмкіндік туды деп ойлайды. Бірақ король Генрих өзін құттықтауға келген ескі досын суық жүзбен қарсы алады. Оның әзіл аралас сөздеріне дөрекі жауап қайтарады. Өйткені онымен бірге өткізген жылдар жастық шақтың бейғам сәттері екендігін түсінеді. Жас Генрих тез өзгереді. Енді мемлекетті басқару сияқты маңызды борыштың өз мойнына түскендігін сезеді. Қарт корольдің «өзімнен соң мемлекетте тәртіп болмайды-ау» деген күдігі орынсыз болып шығады. Генрих әміршілерге тән қимылға көшіп, мемлекетте қатал тәртіп орнатады. Шекспир өткенді суреттегенде әрдайым өз заманын назарда ұстайды, феодалдық қоғамның індеттерін әшкерелеумен бірге, туып келе жатқан буржуазиялық биліктің келеңсіз жақтарын да
айқын көрсетеді.
Генрих ІV-нің феодалдарды жеңу себебі, оның күшті тұлға екендігінде емес, ал дербес ұлттық мемлекет орнату үшін жанкешті күрес алып барғандығында.
Шекспир «Генрих ІV» хроникасында саяси оқиғаларды, өзара қырғын соғыстарды суреттеумен шектеліп қалмай, әлеуметтік мәселелерге де ерекше көңіл бөледі. Джон Фальстафтың өмірінде, іс-қимылына қатысты көріністерде жазушының бұл образды тұлғаландырудағы реалистік шеберлігі айқын көрінеді.
Күрделі және күлкілі элементтерді өзара байланыстыру, сарай тұрмысын масқаралап, қарапайым адамдар өміріне аянышпен қарау
- драманың негізгі ерекшеліктерінің бірі. Жазушы Фальстафтың дөрекі әзілдері арқылы Қайта өрлеу дәуірінің көтеріңкі рухын бейнелейді. Фальстаф жаңа қоғамдық қатынастар әсерінде ескі феодалдық тәртіптерден, атақ-даңққа ұмтылатын серілік қағидалардан бас тартады. Шайқасқа кіруге тура келгенде оның жалғыз тілегі, қалай да аман қалу болады. Сондықтан оның әрбір әрекеті көрерменге еріксіз езу тартқызады. «Епті қонақ тойдың
басына, жігерсіз әскер шайқастың соңына асығады», - дейді Фальстаф.
Достарыңызбен бөлісу: |