Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


Шекспирдің реалистік әдісі



Pdf көрінісі
бет73/119
Дата06.12.2023
өлшемі2.71 Mb.
#485691
түріОқулық
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   119
koblanov-shetel-ad-tar

Шекспирдің реалистік әдісі
Шекспирдің әдеби қызметі жиырма екі жылға жалғасқан болса, 
соның он екі жылы (1595-1607жылдар) ең жемісті кезең саналады. 
Осы уақыт ішінде ол көркемдік тұрғыдан ең жоғары трагедияларын 
жазады. Тақырыбының байлығы, идеялық бағытының айқындығы 
және тұрмыстық оқиғалардың терең реалистік көрінісі Шекспир 
трагедияларын биік сатыға көтерді. Сол себепті оның драмалық 
шығармашылығы дүние жүзі театрларының сахнасында берік 
орнығып, бүгінгі күнге дейін көрермендерді толғандырып келеді. 
Өмірді жан-жақты үйреніп, адам мінезінің құпия сырларын ашу, 
оның көп қырлы жақтарын шынайы бейнелеу, адам талпыныстарының 
негізгі себептерін көрсету Шекспирдің жазушылық шеберлігін 
танытса керек. Драматург, кейбір қаламгерлер сияқты көрерменге 
құрғақ насихат айтуды мақсат тұтпайды, керісінше оны жағдайды 
терең түсінуге, болып жатқан оқиғалардан тиісті қорытындылар 
шығаруға мәжбүр қылады.
Шекспир трагедияларындағы көптеген ұнамсыз бейнелер мал-
дүниеге құмар, атақсүйгіш, алаяқ, залым тұлғалар. Олар алғашқы 


268
байлық топтау дәуірінің өкілдері Ричард ІІІ, Клавдий, Яго мен 
Макбеттер. Бұл адамдар өздерінің жеке мүдделері жолында қанды 
қылмыстардан да қайтпайды. Оларға Шекспир биік адамгершілік 
қасиеттерді өз бойларына жинақтаған Ромео, Гамлет, Отелло, Эдгар 
образдарын қарсы қояды.
Шекспир туғызған образдар - жанды адамдар. Оларда жақсы 
қасиеттермен бірге үлкен кемшіліктер де бар. Мәселен, Отелло өте 
қайырымды адам, бірақ оның осал жағы оқиғаларға сын көзбен 
қарай алмауында, сенгіштігінде. Лир де жақсы мен жаманды тез 
айыра алмауының себебінен қайғыға душар болады. Яго, Ричард 
ІІІ, Макбет, Клавдийлер қылмыс дүниесінің өкілдері, бірақ 
олар ақылсыз, надан жандар емес. Өз мақсатына жету жолында 
табанды күресуші және ауыр жағдайға кездескенде екіленбейді, өз 
қылмыстарын ақтауға яки жасыруға ұмтылатын сезімтал жандар.
Шекспир образдарында адамның табиғи мінезі, арман-
тілегі, ғашықтық сезімдері айқын көрінеді. Әсіресе, әйелдердің 
парасаттылығы орта ғасыр заңдарына және жауыз әке зұлымдығына 
батыл қарсы шығуымен көзге түседі. Гермия («Жаз түніндегі түс»), 
Джульетта, Дездемоналардың адалдығы, ерлігі және табандылығы 
көрерменді тамсандырады. Карделия («Король Лир») – адалдық 
жолында жанын қиюға дайын қыз. Шекспир туындыларындағы 
әйелдер ақылы жағынан да, адамгершілігі жағынан да ер адамдармен 
қатар тұрады.
Шекспир драматургияны жаңа, жоғары даму сатысына көтерді. 
Оның тақырыбын байытып, оқиғаларды типтік және шынайы 
бейнелеу принципін жетілдірді. Шекспир өз шығармалары үшін 
түрлі тарихи және әдеби деректерден (антик мәдениет, Англия 
тарихы, Италиядағы Қайта өрлеу дәуірі әдебиеті) кең пайдаланды. 
Бұл оның дүниетанымын байытты, ағылшын халық театры 
дәстүрлерін жалғастырып, тұрмыс диалектикасын аңғаруына (күлкі 
мен қайғыны бірге суреттеу, өнерді шектеп қоятын антик әдебиетке 
тән үш бірлік заңына бағынбау) жәрдем береді.
Шекспирдің реалистік әдісінің өзіне тән ерекшелігі сонда, ол 
характерлерді типтік жағдайда дараландырып суреттейді.
Бұл қаһармандардың әрдайым дамып отыруында айқын 
көрінеді. Характердің мүддесіне, қоғамның жиіркенішті ағымына 
қайшы келгенінде гуманист Гамлет сөзді қойып, қолына қылыш 
алады, батыр қолбасшы Гамлет даңққұмарлыққа салынып, залым 


269
қылмыскерге айналады.
Шекспир драматургиясында халық өкілдері – кедей студент 
Горацио («Гамлет»), сайқымазақ («Король Лир»), Флавий 
(«Афиналық Тимон») және басқалар ерекше сүйіспеншілікпен 
бейнеленеді. Олар ақыл-парасатымен, пәк жүрегімен, адалдығымен 
назарға лайық. Сайқымазақтың астарлы, өткір сөздерінде халық 
даналығы жатыр. Шекспир типтік характерлерді дараландыру 
арқылы жарқын образдар жасады. Бұл нәрсе оның трагедияларын 
жоғары даму сатысына көтерді. Шекспир тудырған характерлердің 
табиғилығы мен жан-жақтылығын Пушкин өте жоғары бағалайды. 
Оны ХVІІ ғасырдағы француз классицизмінің ірі өкілі Мольермен 
салыстырып, олардың арасындағы айырмашылықтарды ашып 
көрсетеді. 
«Шекспир жаратқан образдар, - деп жазған болатын Пушкин, - 
Мольердегі сияқты бірер кемшілік, бірер жауыздықты бейнелеуші 
типтер ғана емес, ал бір талай сезімдер мен көптеген қылмыстарды 
өз бойына жинақтаған тірі жандар сипатында көрінеді. Белгілі 
жағдайлар олардың әрқилы характерлерін көрерменнің көз алдында 
дамытып отырады. Мольердегі сараң – тек ғана сараң, Шекспирдегі 
Шейлок – сараң, зерек, кекшіл, перзент сүйгіш, шешен адам», 
Пушкин Шекспирдің «Характерлерді еркін және кең көлемде» 
суреттейтіндігі туралы айта келіп, «Борис Годунов» образын 
жасағанында оның осы тәсілдерінен кең пайдаланғандығын 
жасырмайды [111.412].
Шекспирдің реалистік өнер туралы көзқарастары Гамлеттің 
актерлермен сұқбатында анық бейнеленген. Бұл - Қайта өрлеу 
дәуіріндегі реалистік әдебиеттің өзіне сай манифесі. Мұнда басы 
артық айқай-сүрең көтермеу, бойкүйездікке салынбау, «сөзге сай 
әрекет» қылу, «әрекетке сай» сөйлеу және «оның табиғилық шегінен 
шығып кетпеуі шарт» екендігі жайлы айтылады. 
Отелло үшін сүйіктісінің тәні – «қардан да ақ», «мәрмәр тастан 
да сұлу», ұйқыдағы Дездемона – ашылып тұрған қызғалдақ, оның 
өлімі – күн мен айдың тұтылуына тең. Ягоның тіліндегі образдылық, 
оның мінезіне сай келеді. Ол өз ортасын «хайуанатханаға» ұқсатады. 
Яго лейтенант Кассионы кемсітеді; адал қызметшісін – «есекке», 
адамдарды «қарғаларға» теңейді. Ягоның сөздері дөрекі, Отеллоның 
сөздері нәзік, жағымды және терең мағыналы.
Шекспир пьесаларында қайғылы және күлкілі жағдайлардың 


270
тұтасып кететіндігі персонаждар сұқбатындағы жедел өзгерістерде 
анық байқалады, яғни көтеріңкі, көңілді монологтар ащы, улы 
кекесіндермен ауысып отырады. Мәселен, Джульетта тойы азаға 
айналғанда, сайқымазақтар өнер көрсетеді. Офелияның қабірін 
қазып жатқан адамдар күлкілі әңгімелер айтады. Соғыс жүріп 
жатқанда сері Джон Фальстаф шарапханаға кіріп алып, мастық 
құрады.
Шекспир өмірдегі қайғылы және күлкілі, қарапайым және күрделі 
оқиғаларды жоғары көркемдік формада, терең философиялық 
пікірлермен диалектикалық бірлікте беруге өте шебер.
Шекспирдің жазушылық шеберлігі Пушкиннің 1825 жылы Н. 
Н. Раевскийге жазған хатында өте дұрыс көрсетілген: «Оқиғаның
шынайылығы және диалогтың сенімділігі – міне трагедияның нағыз 
заңы... (Мен Кальдеронды да, Веганы да оқыған емеспін), бірақ 
Шекспир, қандай құдіретті қаламгер десеңізші! Алған әсерлерімнен 
әлі де айыға алмай отырмын! Байрон – трагедияшы ретінде онымен 
мүлде йық теңестіре алмайды!..» [12.420].
Қорыта айтқанда, Қайта өрлеу дәуірінің ұлы драмашысы 
Шекспирдің гуманистік туындылары дүниежүзілік әдебиеттің 
алтын қорына қосылған ең ғажайып шығармалар болды.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Шекспир шығармашылығының бірінші кезеңінде қандай 
шығармалары жазылды?
2. Шекспир шығармашылығының екінші кезеңінде жазылған 
трагедияларында қандай өзекті мәселелер көтерілді?
3. Трагедияларындағы кейіпкердің өзіндік айқындалуы, 
сюжеттік байланыстардың, эпилогтық аяқтаулардың ерекшелігі 
қалай шешілді?
4. Шекспир шығармашылығының үшінші кезеңінде жазылған 
туындыларының өзіндік ерекшеліктері қандай?
5. Шекспир мұраларының жаңа дәуір мәдениетіндегі маңызы 
қандай?


271
5-тарау. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   119




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет