Сұрақтар мен тапсырмалар:
Август принципаты дәуірінің «алтын ғасыр» аталу себебі неде?
Вергилий шығармашылығының негізгі кезеңдеріне сипаттама беріңіз.
Вергилий «Буколикаларының»Феокрит идиллияларынан ерекшеленетін белгілерін көрсетіңіз.
«Георгикалар» жырын дидактикалық поэма дейтін себебіміз
не?
«Энеида» атты батырлық эпосын Гомердің «Илиада»,
«Одиссея» поэмаларымен салыстырыңыз.
Гораций
Вергилийдің замандасы, әрі досы, Август дәуіріндегі екінші ұлы ақын Квинт Гораций Флакк б.з.б. 65-жылы Италияның оңтүстігіндегі Винузия қалашығынды туды. Оның әкесі құлдықтан азат болып, кейін біраз қаражат жинап, өзінің сауатсыздығына қарамай, ілімнің пайдасын ерте түсініп, ұлының білім алуына ерекше көңіл бөледі. Сол себепті, Гораций алдын Римде, кейін Афинада дәулетті ақсүйектердің ұлдарымен бірге оқиды, бұрынғы өткен дәуірлердегі атақты ақындардың шығармаларын, данышпан философтардың ілімдерін зейінмен игереді және өмірінің соңғы күндеріне дейін грек әдебиеті, грек философиясы, әсіресе Эпикур ілімінің адал қолдаушысы болады. Өзінің айтуына қарағанда, ақын тіпті алғашқы өлеңдерін де грек тілінде жазған.
Юлий Цезарь өлтірілгеннен кейін, оның жендеттері Брут, Кассий және басқа республикашылар Римнен қашып, Афинаға келеді. Бұл жерде олар әскер жинап, Цезарьді қолдаушыларға қарсы соғысқа дайындалады. Италия жастарының көпшілігі республикалық билікке іш тартқандықтан, Брут әскеріне қосылуы күмәнсіз болатын. Солармен бірге Гораций де әскери трибун ретінде республикашылар қатарында шайқасады. Б.з.б. 42-жылы Брут әскерлері жеңіліп, республикалық билік толық күйреген соң, күресті жалғастырудың енді пайдасы жоқтығын аңғарған Гораций, Брут жақтаушыларына жасалған кешірім нәтижесінде Италияға қайтып
келеді. Бұл жерде оны келесі бақытсыздық күтіп тұр еді. Ақынның туып-өскен жұрты, басқа қалалар секілді Цезарь әскерлеріне сыйға тартылған, сондықтан Горацийдің әкесінен қалған кішкене жері де солардың қолына өткен болатын. Гораций әрең дегенде қарапайым бір мекемеге жай қызметкер болып жұмысқа кіреді және өзінің айтуынша, кедейліктен құтылу мақсатында өлең жаза бастайды.
Горацийдің алғашқы өлеңдері көпшілік оқырмандардың, сонымен бірге Вергилийдің де назарына ілігеді. Ұлы ақын әдебиетке енді ғана қадам басып келе жатқан жас қаламгердің ерекше талантын, оның жарқын болашағын байқап, Меценатпен таныстырады. Әдебиеттің атақты демеушісі жас ақынды өз үйірмесіне тартып, құрмет белгісі ретінде Сабин тауының баурайындағы жерін, үйін оған сыйлайды. Гораций мен Меценат орталарында басталған достық қатынас ақынды сарай ақсүйектеріне де жақындастырды. Августің шапағаты, Меценаттың қолдауы арқасында Гораций тез арада мұқтаждық қайғысынан құтылып, жақсы өмір сүре бастайды. Жақында ғана республикашылармен бірге жаңа билікке қарсы шайқасқа түскен ақынның кешегі саяси идеяларының орнын бұдан былай Август салтанатына деген құрмет сезімдері иелейді. Августің ішкі және сыртқы соғыстарды жойғандығы, ескі діни, қаһармандық дәуірлерді қалпына келтіруге бағытталған саясаты, көпшілік замандастары секілді, Горацийге де ұнайтын еді. Бірақ мемлекет қайраткерлеріне тәуелді болу ақынды іштей қатты күйзелтетін. Осындай сәттерде Гораций сарай салтанатынан бой тартып, өзінің Сабиндегі үйіне кетіп қалатын. Кейбір деректерге қарағанда, Гораций тіпті Августің жеке хатшысы қызметінен де түрлі сылтаулармен бас тартқан. Өмірінің соңғы жылдарында ақын
қыстақта жасап, б.з.б.8-жылы дүниеден өткен.
Гораций шығармалары бізге дейін толық жеткен. Олар мыналар:
«Эподтар» деп аталатын 17 жырдан тұратын бір жинақ; «Сатиралар» деп аталатын 18 жырдан құралған бір жинақ; «Мадақ жырлар» деп аталатын 103 өлеңнен тұратын төрт жинақ; «Хаттар» деп аталатын 23 өлеңнен құралған екі жинақ; «Мейрам гимні» деп аталатын жеке бір жыр.
Эподтар жинағы жарияланған уақытта (б.з.б. 30-31 жылдар) ақын 34-35 жас шамасында еді. Сондықтан, бұл жинақта біз әдебиетке жаңа араласа бастаған «жас ақынның» алғашқы талпыныстарын емес, ал тәжірибелі қаламгер шығармашылығының үздік үлгісін
көреміз. Ежелгі дүниеде бір-бірімен ауысып отыратын ұзын және қысқа жолдардан тұратын өлеңді «эпод» деп атаған. Бұл түрдегі лирикалық туындыларды б.з.б. VII ғасырдағы грек ақыны Архилох шығармашылығында жиі кездестіреміз.
Шынымен де, Архилох лирикасының тек өлең өлшемдерін және жүректі шарпып өтетін жойқындығын ғана қабылдап, солар негізінде форма жағынан да, мазмұн жағынан да Горацийдің мүлдем жаңа, жетілген көркем туындылар жазғандығы «Эподтар» жинағындағы өлеңдерде айқын сезіледі.
Жинақтағы өлеңдер ақын заманындағы саяси, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге арналған. Осы тақырыптар арасында соғыс пен бейбітшілік, Рим мемлекетінің ішкі мәселелері ақынды көбірек толғандырады. Мәселен, жетінші эподта автор ашу-ызаға булыға отырып, ішкі соғыстарды қатты сынға алады, азап шегеді. Оның айтуынша, жердің беті мен теңіздерді қанға бояған адамдардың жауыздығын жолбарыстың, қасқырдың жыртқыштығымен салыстыруға болады. Вергилий өзінің 4-эклогосында «алтын дәуірдің» жемістерін аңсағанындай, Гораций де 16-эподты дәл сондай мәселеге арнайды. Бірақ, ақын бақытты өмірді Рим жерінен емес, ал ұзақ жұрттардағы «ғажайып» аралдардан ғана іздеуді ұсынады. Жалпы айтқанда, бақытты өмір туралы әрқандай арманды Гораций мағынасыз қиял деп түсінеді және осындай ойлармен өздерін жұбатқан жандарды әжуалайды. 2-эподта ақын қыстақ табиғатының тамаша сұлу көрінісін, шаруа еңбегінің адалдығын, өмірінің мазмұндылығын дәріптейді. Оқырман көзін қарықтыратын сиқырлы суреттер, шығарма аяғында мәлім болуынша, ақынның ізгі арманы емес, ал, ашқарақ, тойымсыз және сараң өсімқордың тілегі болып шығады. Мұндай мысқыл, кекесіндер жинақтағы көптеген эподтардың маңызды ерекшеліктері. Мәселен, ұзақ сапарға бара жатқан жолаушыларға ақ жол тілеп айтылатын бата сөздерді ақын пародияға айналдырып, өзінің қас дұшпаны болған Мовийге лағнат жаудырады, «кеме апатына кездесіп, сапардан аман оралмаса екен», деп тілейді (10-эпод).
«Сатиралар» деп аталатын екінші жинаққа енген өлеңдер гекзаметр өлшемінде жазылған. Ақынның өзі бұларды «сұқбаттар» деп атайды. Осы өлеңдердің кейбірі шынымен де, ешқандай жоспар мен жүйеге түспеген түрлі тұрмыстық мәселелер туралы жазылған қарапайым әзіл-сұқбатқа ұқсайды. Жинақта римнің
даңқты сатирашысы Луцилий құрметіне айтылған біраз мадақ сөздер бар. Гораций «сатираның негізін салған Луцилий» дейді. Осы ақынды өзіне өнеге қылғанын, оның әдістерін қалпына келтіруге ұмтылғандығын ескертеді. Гораций өзінің өлең жинағын
«Сұқбаттар» деп атағанымен, бұл атаудың астарында сатира жанрын назарда ұстағандығы күман туғызбайды.
Республикалық биліктің күйреуі нәтижесінде шиеленіскен жеке өмір, жеке бақыт мәселелері Гораций заманындағы адамдарды көбірек толғандырған және негізгі тақырып ретінде әдебиетке кіріп келе жатқан ең маңызды мәселеге айналған еді. Әлеуметтік күрестерден шаршаған, дамылсыз ұрыстардан дәрмені құрыған зиялы ақсүйектердің жалғыз тілегі, ендігі жағында тыныш, бейбіт өмір сүру ғана болған. Міне, осындай көңіл күйді Август дәуірі ақындарының ішінде Гораций ғана айқынырақ бейнеледі. Сондықтан, Гораций сатиралары осы жанрға тән өткір сыншыл эпизодтардан емес, ал күнделікті жай өмірдің түрлі мәселелері, тойымсыздық, атаққұмарлық және сол сияқты нұқсандар туралы айтылған үгіт-насихаттар жиынтығынан тұратын шығармалар. Горацийдің пікірінше, «мұндай індеттерге бой алдырған жандарды қылмыскер қатарына қосып, олардан жиіркенуге болмайды. Бұлардың көпшілігі, керісінше, жолдан адасқан, өмір сүрудің негізгі мәнін түсінбеген аңғал пенделер.
Гораций сатираларының тақырыбы әр алуан. Алдын Эпикур, соңынан Стоя философтарының шәкірті болған, осы философиялық ілімдерді қолдаған ақын адам бойындағы ең жарамсыз қылық болған дүние-мүлік жинау, баю тілегіне қарсы күреседі.
Оның айтуынша, «жаман індеттердің анасы саналатын баю талабы, өз кезегінде қанағатсыздық, тойымсыздық, даңққұмарлық пиғылды туғызады, адамның тыныштығын бұзады». Осы айтқандарымызға екінші жинақтың 5-сатирасы дәлел бола алады. Ақын өзінің пікірлері мен түсініктерін бұл сатирада нақты шынайы тұлғалар бейнесінде емес, ал мифологиялық қаһармандар арқылы суреттейді: Троя соғысынан оралған Одиссей мемлекетінің тоналғандығын көріп, қайтадан баю, дәулетін қалпына келтіру мақсатында абыз Тересийден кеңес сұрайды. Қарт абыздың кекесінмен қайтарған жауабында мал-дүние жинаудың ең қолайлы жолы - бірер дәулетті адамға мұрагер болу екендігі ұқтырылады.
«Мұның үшін ақтық сәті жақындаған перзентсіз байларға қошамет
жасау, сот мәжілісінде жалған куәлік беру, ең жақсысы, лажы болғанынша өсиет хатты ұрлап алуға ұмтылуы, тіпті бұл іске әйелін де араластырудан бас тартпауы керек». Бұл сөздерді естіген Одиссей, алдын «Мен Троя батырымын ғой!» деп, ашуланып шығып кетеді. Бірақ ашуы басылған соң ойланады. Итака патшасы Тересийдің
«даналық» кеңестерін орындай ма, жоқ па бұл жағы бізге белгісіз. Гораций өзінің осы сатирасында баю тілегінің сол дәуір адамдары ортасында шамадан тыс өршіп кеткендігін, бұл жолда олардың ешқандай қылмыстан қайтпайтындығын сынға алады.
Бірінші жинақтағы 9-сатира да мазмұн жағынан жоғарыда әңгімеленген туындыға өте жақын. Ақын бұл жолы өзінің басынан өткен кішкене бір көңілсіз оқиғаны хикаялайды. «Гораций бір күні көшеде келе жатқанда бейтаныс ақынға кездесіп қалады. Бұл адам оны әдейі аңдып тұрған болса керек. Амандасқаннан кейін болмашы сөздерді айтып, қасына еріп келеді. Мәлім болуынша, пысықайдың мақсаты - Мецанатпен танысу, оның құрметіне бөлену екен. Горацийдің осы іске жәрдемдесуін өтінеді. Тек таныстырып қойса болғаны, қалған жағы жеңіл. Меценаттың қолына сыйлық ұстатып, бір есіктен қуып шықса, екінші есіктен қайта кіріп, қалай да мақсатына жетпек екен. Горацийдің жақсылықтарын да ұмытпайтынына уәде береді. Гораций мұндай арсыздықтан түңіліп, не істерін білмей тұрғанда, тосын бір оқиға болып, ақын қолайсыз жағдайдан құтылады»[23,57].
Горацийдің екі жинағына енген сатиралардың көпшілігі міне, осы сияқты елеусіз тұрмыстық оқиғалардан алынған шығармалар. Мәселен, бірінші жинақтың 5-сатирасында ақын өзінің Меценатқа жолдас болып, Брундизий шаһарына барғандығы, осы сапарда көрген түрлі оқиғалары туралы әңгімелейді; 7-сатирада екі жалақордың сотқұмарлығын әжуалайды, екінші жинақтың 4-ші және 5-сатираларында дәулетті отбасылардың мол дастарқаны дәріптеледі. Гораций жинақтарында ақынның жеке өмірі, мінезі, тұрмыс жайлы түсініктері, арман тілектеріне арнап жазылған сатиралары да едәуір. Ақын өзінің жастық шағы туралы хикаялағанда, құлдың баласы болғандығын жасырмайды. Ілім мен білім саласында ұлының сауатты болуын ойлап, оны жақсы тәрбиелеуге ұмтылған әкесін үлкен құрметпен, мақтанышпен тілге алады. Егер де ата-ананы таңдау баланың қалауында болса, ойланып отырмастан өзінің осы әкесінің қолынан ұстайтындығын айтады;
бір кездері республикашыларға жақын болғандығын жасырмайды, өзін ақтамайды.
Дүние-мүлік жинау, мансапқа ұмтылу ниеттерінен аулақ болған, үлде мен бүлдеге оранған өмірдің қайғысын ойлауды жаны сүймеген Гораций әрбірадамды тәкаппарсынбай, өзініңәлінеқарап, қарапайым тіршілік етуге шақырады. Эпикур мен Стоя философияларының танымдарына негізделген міне, бұл «алтын сабырлылық» идеясы
- ақынның негізгі өмір принципі. Гораций өмірінің соңына дейін осы адам қалпында қалады және бұлайша өмір сүрудің абзалдығын түрлі мысалдармен жырға қосады. Ақынның жүрегіне жақын келетін нағыз бақытты өмір үлгісін бірінші жинақтағы 6-сатирадан көруімізге болады. Гораций бұл шығармада өзінің меншігіндегі еркін өмірді әр түрлі бояуларда, ерекше шабытпен бейнелейді. Мұндай тұрмысты алаяқтар мен даңққұмарлар жасайтын шаһардан таба алмаймыз. Ақынның суреттеуіне қарағанда, оның қыстақтағы тіршілігі шынымен де бақытты өмір.
Горацийдің жинақтарындағы сатиралардың үшеуі (І-4,10; II-1) әдебиет мәселеріне арналған. Жалпы, сатира мәселесі, негізінен, Горацийдің осы түрдегі өлеңдері туралы көне заманның қаламгерлері ортасында жиі-жиі қызу тартыстар болып тұрған. Олар ақынды «өз замандастарын орынсыз мысқылдап, әжулайды» деп айыптайды.
Гораций шығармашылығында ең маңызды орын алатын шығармалар - «Мадақ жырлар». Төрт бөлімнен тұратын мадақ жырлардың алғашқы үш бөлімін ақын б.з.б.23-жылы, төртінші бөлімін б.з.б.13-жылы жариялайды. Горацийдің өзі төрт жинаққа енген осы шығармаларының барлығын «Өлеңдер», «Жырлар» деп атағанымен, антикалық дүние адамдары ортасында олар
«Мадақ жырлар» атауымен даңққа бөленеді және бұл атау біздің заманымыздан бұрынғы әдеби қолданыста берік орнығып қалады. «Мадақ жыр» жанрына тән кейбір ерекшеліктерді Гораций өлеңдерінде айқын көреміз. Мәселен, ақын өзінің өлеңдерін әр түрлі оқиғаларға, замандас жастарға, әйелдерге, дос-жарандарына, Агриппа, Меценат сияқты ірі мемлекет қайраткерлеріне және Октавиан Августке арнап жазған. Бірақ, Рим ақынының туындыларын жаңа замандағы «мадақ өлеңдер» түсініктерімен шатастыру дұрыс емес. Өйткені, бұл дәуірдің жағымпаздық әрекеттері Гораций жырларының мазмұнына мүлдем жат.
Жинақтағы өлеңдер өзге тұлғаларға арналып жазылғанмен, ақын
оларда өзінің ішкі сезімін, арман-тілегін, өмір жайлы түсініктерін таңғажайып лирикалық көріністер арқылы бейнелейді.
Гораций «Эподтарында» Архилох шығармашылығына,
«Сатираларында» Луцилийге еліктеген болса, «Мадақ жырларда» грек лирикасының ұлы өкілдері Сапфо, Анакреонт, әсіресе Алкейді үлгі етеді. Горацийге дейінгі қаламгерлер де Катулл мен Эолия ақындарының шығармашылықтарынан кең түрде пайдаланған. Бірақ «Мадақ жырларда» Гораций көне грек лирик ақындары жасаған күрделі өлең өлшемдерінен өте шебер пайдалана отырып, жаңа жырлар туғызады. Грек жырларының жетістіктері негізінде Рим поэзиясының формасын байытып, оған жинақы нәзік үн қосады. Мадақ жырлар мазмұн жағынан да, жанрлық тұрғыдан да әр алуан. Поэтикалық шабыты артып, шығармашылығы жетілген сайын, Вергилийдің қазасынан соң, Гораций біртіндеп сарай ақыны дәрежесіне көтеріледі. Сол себепті, «Эподтар» мен «Сатираларына» қарағанда, «Мадақ жырларында» саяси тақырыптардың күшеюі
табиғи жағдай еді.
«Эподтар» мен «Сатиралар» жинағындағы сияқты төрт жинақта да ішкі ұрыс мәселелеріне арналған едәуір жырлары бар. Ел басына қайғы-қасірет алып келген ішкі ұрыстар ақынды қатты толғандырады, жаңа апаттардың алдын алу тілегі, сол жайлы қайта- қайта өлең жазуға үндейді. Бірінші жинақтың он төртінші жырында Гораций Алкей сияқты, Рим мемлекетін үлкен бір кемеге ұқсатады:
«оның ескектері сынған, желкендері жыртылған, жүргізушісінен айырылған, борандардың ермегі, толқындардың ойыншығы болып, теңіздерде қаңғып жүр»; кеменің тағдыры ақын жүрегінде үрей мен қорқыныш сезімін оятады, терең ойға батырады. Сол себепті, Акциум шайқасында Антонийдің жеңіліске ұшырауы және көп ұзамай оның одақтасы болған Мысыр ханымы Клеопатраның қайтыс болуы - Горацийді ерекше қуандырады. Бұл оқиғаларды барша қасіреттің аяқталуы деп түсінген ақын, жауыз дұшпандар үстінен жеңіске жеткен Октавианды отанды құтқарушы, халықтың ұлы қамқоршысы сипатында көкке көтере мадақтайды.
Горацийдің жырларында көбірек айтылатын мәселе - Августің тәрбие және әдептілік саласындағы саясаты болған. Ежелгі қоғамдағы адалдықты, даңқ пен абыройды қалпына келтіру барысында император тарапынан жүргізіліп жатқан істерді ақын шын жүрегімен қолдап, замандастарының баюға болған
ұмтылыстарын аяусыз сынға алады (ІІ,15,18).
Грек поэзиясындағы жетістіктерден шеберлікпен пайдалана отырып, Гораций латын тілінде мүлдем жаңа лирика туғызады. Мадақ жырлардағы пікір тереңдігі, әдіс-тәсілдердің көркемдігі, ықшамдылығы, қарапайым және сұлулығы – ұлы ақын тарапынан Рим поэзиясына енгізілген осы жаңалықтардың жарқын үлгісі. Гораций өзінің ғажайып шығармашылық жетістіктеріне ауыр еңбек, көркем әдебиеттің талаптарына үлкен жауапкершілікпен қарау нәтижесінде қол жеткізеді. Ақынның бір жырында айтылғандай, оның өлең жазуы бейне гүлден гүлге қонып, таңғажайып хош иісті шәрбат түйіршіктерінен бал жинаған аралардың еңбегіне ұқсайды. Гораций «Мадақ жырларының» үшінші бөліміндегі «Ескерткіш» атты атақты, отызыншы өлеңінде рим поэзиясының даму жолындағы өзінің ұлы қызметін, лирик-ақын ретінде мәңгілік өмір сүретіндігін паш етті.
Горацийдің ең соңғы туындысы – «Хаттар». Бұл жинақтың бірінші бөлімі 20 өлеңнен тұрады. Рим әдебиетінде Горацийге дейін де бірнеше қаламгер хат формасында көркем шығармалар жазған болатын. Мұндай туындылардың көпшілігі негізінен қара сөзбен жазылатын. Хаттарды алғаш рет өлең формасына түсіріп, оларға көркемдік мазмұн берген және дербес әдеби жанр дәрежесіне көтерген ақын - Гораций.
Хаттар гекзаметр өлшемінде жазылып, форма және мазмұн жағынан сатираларға көбірек ұқсап кетеді. Бірақ, олардың ортасында күрделі айырмашылықтар да бар. Біріншіден, сатиралардың тек екеуі ғана кейбір тұлғаларға арналып жазылған болса, хаттардың барлығы дерлік белгілі бір тұлғаларға аталып, нағыз хат формасында берілген. Ақын хат әдісінен әрдайым өзінің ойлары мен сезімдерін, толғаныстары мен көңіл-күйін бейнелеу мақсатында пайдаланады. Екіншіден, хаттардың мазмұны едәуір күрделі. «Сатиралардағы»,
«Эподтардағы» және «Мадақ жырлардағы» сияқты ақын жаңа шығармасында өзінің жүрегін өртеген әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер, сондай-ақ, қыстақ өмірінің сұлулығы, жарамсыз қасиеттерден сақтану, рухани тазалыққа ұмтылу, тіршілікті тыныш өткізу және сол сияқты мәселелер туралы хикаялайды. Горацийдің жеке өмірі, ойы мен сезімдері, көңіл-күйі алдыңғы шығармаларының барлығынан гөрі, осы «Хаттар» жинағында айқын көрсетілген. Кәріліктің салдарынан болса керек, сын мен әжуа азайып, олардың
орнын маңызды пікірлер,философиялық толғаныстар иелейді. Өмір толқынында шыныққан, оның ащы-тұщысын мол татқан данышпан ретінде өзінің тәжірибелерін замандастарымен бөлісу, сол арқылы оларды дұрыс жолға бағыттау - ақынның негізгі мақсаты.
Әдебиет тарихы, оның теориялық мәселелері тұрғысынан қарағанда, «Хаттар» жинағындағы екінші бөлімнің маңызы ерекше. Бұл жинаққа тек үш хат ғана кірген. Солардың біріншісі Августке, екіншісі Флорға және үшіншісі Пизондарға арнап жазылған. Пизондарға арналған үшінші хаттың әдебиет теориясы тарихындағы құндылығына қарап, антикалық дүниенің өзінде-ақ оған «Поэзия ілімі» дегенатберілген.«Поэзияілімі»мазмұнжағынанАристотельдің
«Поэтика» шығармасына өте ұқсас. Дегенмен, әдебиеттің теориялық және практикалық мәселелерін талдауға келгенде антикалық дүниенің екі ұлы данышпаны бір-бірінен ерекшеленеді. Аристотель өзінің «Поэтика» еңбегінде философиялық жақтан әдеби түсініктерге ғылыми және теориялық тұрғыда анықтама беруге ұмтылған. Гораций болса, күрделі теориялық мәселелерге тоқталып отырмастан, мәселеге тек тәжірибелік жағынан келіп, әдебиетке енді ғана қадам қойған ағайынды Пизондарға және сол арқылы барша жас қаламгерлерге көркем шығарманы қалай жазу керектігі жайлы біраз нақты кеңестер береді. Горацийдің пікірлері ақынның көп жылдық әдеби қызметінің нәтижесінде жинақталған тәжірибелерге және Август заманындағы әдебиеттің алдына қойған саяси талаптарына негізделген. «Гораций ақынның, жалпы суреткердің шығармашылық қиялына қарсы болмаған, «бірақ құсты жыланға, жолбарысты қойға қосып, қойыртпақтауға» қарсы. Оның суреткерлерді әсіресе қатты сақтандырғаны – «құр сырты жылтыраған жалған бояу»; қолдан ғаламат жасамақ боп, «дельфинді орманға апару, қорқауды теңізге әкелу» [30,58]. Гораций поэзияға құдіретті мазмұн беріп, шығармашылық қызметті жазушының бойындағы талант қуатымен байланыстырады. Ақындық өнер
- өте қиын және күрделі өнер. Бойында «қасиетті құдіреті» жоқ жанның жазушылыққа ұмтылуынан түк те шықпайды. Бірақ, талант қанша өткір болғанымен, тек соның күшіне сену мүлдем дұрыс емес. Әрқандай қабілет, әрқандай талант тек еңбек арқылы ғана толысады. Шығарманың нұқсансыз болуы үшін тынымсыз жұмыс істеу керек. Еңбек барысында талантты үздіксіз ғылым-біліммен байытып отыруды ұмытпаған жөн. Өйткені, «шығарманың негізгі
іргетасы және бірден-бір тірегі - ғылым». Ғылымды, даналықты игермеген жан басқаларға ақыл айта алмайды. Пікір анық болса, оны бейнелеу қиын емес, «керекті сөздердің өзі ағылып келе береді». Шығармашылық мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қараған Гораций, шығармаға атүсті қарайтын, талантсыз жазушыларға қарсы аяусыз күреседі. Горацийдің айтуынша, «поэзия еріккеннің ермегі емес, ол - қоғамдағы адамдарды тәрбиелейтін құдіретті қару. Сондықтан, көркем шығарманың формасы мен мазмұны бір- біріне сай болуы тиіс. Қоғамға пайда келтіруді ойлаған жазушы ең алдымен өмірді айқын және шынайы суреттеуге, тіпті көркем поэтикалық бейнелеулердің де шындыққа жақын болуына ерекше көңіл бөлуі керек».
Гораций әдебиеттің дамуында сынның маңызды орны бар екендігін айтып, осы кәсіп өкілдерінен адалдықты, шынайылықты талап етеді. «Шығарма кемшіліктерін шынайы және тәуелсіз көрсеткен сыншы - автордың нағыз досы. Материалдық жағынан мүдделі болған, жалтақ жандардың шығармаға тәуелсіз қарауы мүмкін емес. Мұндай адамдар қате мен кемшіліктерді көреді, бірақ оларды айтудан қорқып, сын орнына авторды мақтайды, қаламгерлерді алдайды, әдебиетке зиянын тигізеді».
Аристотельдің «Поэтикасында» баяндалған теориялық мәселелерге қосыла отырып, көне дүние әдебиеттану ілімінің негізін қалаған Горацийдің бұл пікірлері бірнеше ғасырлар өтсе де, өзінің құндылығын әлі жойған жоқ.
Гораций де Вергилий секілді көзі тірісінің өзінде-ақ антикалық дүниеде ерекше даңққа бөленді. Рим әдебиетінің ұлы ақыны ретінде танылды. Оның шығармалары поэзия оқулығы ретінде мектептерде оқытылды. Ғалымдар, әдебиеттанушылар оларды талдап, түсініктер жазды. Гораций шығармашылығына қызығушылық кейінгі ғасырларда да толастаған жоқ. Ақын шығармаларында баяндалған тәрбие пен философия тақырыптарына қатысты ой-пікірлер орта ғасыр адамдарының да назарына ілінді. XVII ғасырдағы француз классицизмінің теоретигі Буало Горацийді ұлы ұстаз, данышпан дәрежесіне көтеріп, Аристотельмен қатар қояды. Антикалық дүниеде өткен осы екі ұлы данышпанның эстетика саласындағы ой- пікірлерін поэтикалық шығармашылықтың мәңгілік заң-қағидалары сипатында қабылдап, жаңа заман классикалық әдебиетіне негіз салады.
Барша орыс ақындары арасында Горацийге ерекше ден қойған, әрине Александр Сергеевич Пушкин болды. Ұлы орыс ақыны өзінің шығармашылығын қорытындылап жазған «Ескерткіш» өлеңінде Горацийдің осы аттас өлеңін өзіне үлгі етеді. Пушкин Горацийді
«Август салтанатының жаршысы, оның шебер қошаметгөйі», деп атағанымен, оның мадақ жырларының мазмұндылығын, көркемдігін, сатираларының нәзіктігін, ойнақылығын және сұлулығын мойындайды. Горацийге қатысты осындай мазмұндағы пікірлерді Чернышевский де жазған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |