Оқулық «Мәдениеттану»



бет12/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   57
Мадениет тану экзамен

Мәдени коммуникация

XX ғасыр мәдениеті (соның ішінде әсіресе батыс еуропалық мәдениет) даму барысында өзіндік тұрақты бағдарларынан айырылып қалып отыр. Бұл күрдеді мәселе төңірегінде талай ғалымдар өз пікірлерін білдіріп келеді. Мысалы, канадалық әлеуметтанушы, мәдениеттанушы М. Маклюэннің айтуы бойынша, мәселенің түп-төркіні ақпарат алмасу құралдарында жатқан кәрінеді.

М. Маклюэн әлеуметтік-мәдени даму процесін тікелей ақпарат алмасу құралдарының өзгерістерімен байланыстырады да, дискреттік идеяға мәдени дамудың континуалды идеясын қарсы қояды. Ол 60-жылдардың басында-ақ адамзат тарихындағы мәдени кезендердің тікелей негізгі ақпарат құралдарының өзгерісіне байланыстылығы туралы мәселені көтерген болатын. Мұндағы негізгі ақпарат құралдары деп отырғанымыз - тіл, баспасөз, ғылым, компьютерлер, телелидар және т.б. «Мәселенің бәрі — ақпарат құралдарында!» — бұл М. Маклюэннің осы аттас еңбегінде айтылған негізгі тезисі. (М. Маклюэн, Квентин Фьоре. Вся суть в срелстве. Лондон, 1967).

М. Маклюэн адамзаттың тарихи даму барысында негізгі қарым-қатынас құралдарының өзгеруіне байланысты үш кезеңді көрсетті. Әрбір тарихи-мәдени сатының өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, бірінші кезең — тас дәуіріндегі жабайылық (варварлық) кезеңі. Адамдардың өз ара қарым-қатынас құралының бірден-бір көзі — ауызекі сөз, тіл болды. Ауызша сөзге негізделген қауымдық өмірде адам тек акустикалық (дыбыстық, естілетін) кеңістікте өмір сүреді. Шетсіз-шексіз, бағыт-бағдарсыз дыбыстық (акустикалық) кеңістік адам баласының алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіне сәйкес келеді. Сананың синкретикалығының (бөлінбегендігінің, жіктедінбегендігінің) нәтижесінде алғашқы қауымдық қоғамдағы адам табиғат пен қауымнан кіндігі ажырамаған, өзінің дербес жан, тіршілік иесі екендігін әлі де түйсіне алмайтын дәрежеле болған. Сол себепті қауым мүшелерінің санасы топтық, ұжымдық сипатта қалыптасты.

Негізгі коммуникация (байланыс) құралы тіл болғандықтан, тілге, ауызекі сөзге негізделген салт-дәстүрлер, мифтер, әдет-ғұрыптар немесе, жалпылама айтсақ, фольклор кеңінен дамыды және ұрпақтар мирасқорлығының негізі де сол болып табылды. Тіл — коммуникация құралы ретінде адамның тікелей қатынасуын (айтуын, естуін) қажет ететін болғандықтан да адамдар ұжымы өз ара ұйымшыл, бөлінбес бірлікте болды.

Жазу-сызудың пайда болуы адамзатты естілетін дыбыстық акустикалық кеңістіктен көзге көрінетін визуалды көрнекі кеңістікке итермеледі. Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ақыл-өсиет, даналық ой, көпжылдық тәжірибе нәтижесі ендігі жерде тікелей ауызекі айтылмай, жазылған және көзбен көріп оқылатын мәтіндерге (текстерге) айналды. «Үйрек қанатынан жасалған қаламсап тіл үстемдігіне шек қойды; ол өмірдегі қасиетті құпияны жоққа шығарды; ол сәулет өнері мен қалаларды, жолдар мен әскерді, бюрократияны дүниеге әкелді. Ол сананы тылсым көлеңкелен жарыққа шығарып, өркениетке бастама болған түбегейлі метафора болды». (А. Кукаркин. Буржуазное общество и культура. Москва, 1970, с. 363).

Әліпбиге дейінгі қауымдық қоғамда адамның өмірге бейімделген негізгі сезім мүшесі құлақ болды. Есту сенумен пара-пар болды. Фонетикалық әліпби құлақтың сиқырлы әлемін жайбарақат бейтарап көз әлеміне алмастырды. Ендігі жерде негізгі сезім мүшесі болып есту мүшесі құлақ емес, көру мүшесі — көз келді.

Коммуникация құралдары күрделене келе, тек адамды қоршаған ортаны ғана өзгертіп қоймайды, сонымен бірге адамның өзінің де ойлау жүйесіне, дүниетанымына, іс-әрекетіне, менталитетіне өзгерістер енгізеді. Бытыраңқы әріптер сияқты, адамдар бірте-бірте о бастағы қауымдастықтан, бірлестіктен алыстай берді. Жазу-сызудың пайда болуынан басталған жатсыну, шеттену процестері Еуропадағы тұңғыш баспа станогының дүниеге келуімен одан ары ұлғая түсті. Христиандық Еуропада XV ғасырдың 2-жартысында Иоганн Гуттенберг өзінің ойлап тапқан баспа станогын іске қосты. М. Маклюэн айтпақшы «Гуттенберг галактикасы» (М. Маклюэн. Галактика Гуттенберга. 1962) — баспа ісі - нағыз ақпараттық төңкеріске кедіп соқты. «Гуттенберг галактикасының» арқасында тұңғыш көпшілік конвейерлік тауар - басылып шыққан кітап дүниеге келді. Ол бұрын болмаған көп мүмкіншіліктерге жол ашты. Жазу-сызуы жоқ уақытта ұрпақтан ұрпаққа ұласқан тәжірибені ру кәсемдерінің зердесі сақтап, адам өмірлік мәні бар қағидаларды тек солардан еститін болса, енді әрбір адам жеке-дара отырып-ақ, кітапты оқу арқылы өткен-кеткен аталар даналығынан, мұрасынан үлгі алатын жағдайға жетті. Жеке адам, дара адам өзінің жеке тұлға екендігін түсіне бастады. Өзінің басқалардан ерекшеленетінін, өзіне ғана тән дауысы, жүріс-тұрысы, білімі, бет пішіні, түр-сипаты, қасиеті бар екендігін ұғынған адамзатта индивидуализм (жеке-даралық тұлға) идеясы пайда болды. Оның ұжымдық сипаты — ұлтшылдық та бой көтере бастады.

М. Маклюэннің айтуы бойынша, қатынас құралдарының өзгерісіне байланысты болатын мәдени кезеңдердің біреуінен екіншісіне өту барысында көптеген үйреншікті мәдени элементтердің жоғалуы және өзінің басты маңызынан айырылуы мүмкін, бірақ оны ешқашан күйреу, дағдарыс нәтижесі деп қарастырмау керек. Ондай құбылыстар орын алғанымен де, жалпы, прогрессивтік идеяны жоққа шығаруға болмайды деп есептейді.

Соңғы үшінші кезең немесе аудио-визуалды кеңістік кезеңі жаңа қарым-қатынас құралдарын - телеграфты, радионы, телефонды, телелидарды, компьютерді және тағы басқа ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін ала келді. Соның нәтижесінде баспа өнімдері және соған негізделген басқа да мәдениет институттары (әдебиет, театр, кітапхана, тағы сол сияқтылар) дағдарысқа ұшырап отыр. Кітапханадан оқушының, театрдан көрерменнің, әдебиеттен ақын-жазушылардың, өмірден эпистолярлық жанрдың - күндедік, хат, өмірбаян жазу ісінің қайтқан кезеңі келді. Көп ойланып, көп толғануды, өзіндік сананың рефлексиясын қажет ететін процестер бірте-бірте ұмыт қалуға айналды. Адамдар менталитеті өзгеріске ұшырады. Электрондық коммуникацияның шапшаңдылығының арқасында тек көз арқылы дүниені танып-білу мүмкін емес болып отыр. Бүгінгі күнге ештеңені қалт жібермей еститін «саққұлақ» пен ештеңені мұлт кетірмей аңғаратын «көреген» қажет. Осы екеуінің симбиозы арқылы ғана біз қар көшкінінің қарқынындай ақпараттық экспансияға төтеп бере аламыз. Біртұтас электрондық байланыс біздің планетаны «үлкен ауылға» айналдырып отыр. Индивидуалистік жекешілдіктің орнын альтруистік «елжандылық», ұлтшылдықтың орнын космополитизм, монологтың орнын диалог алған кезең.

Баспа станогы өзіндік дүниетанымға сүйенген өзіндік көзқарасы бар көрерменді, оқырманды дүниеге әкелсе, электрондық техника бет-бейнесіз жалпы көпшілікті (бұқараны) тудырды. Бұл мәдениеттен таңдаулы зиялылықтың (элиталықтың) кетіп, бұқаралыққа жол ашылғандығы.

Жаңа дәуірден бастап XIX ғасырдың соңына дейін мәдениеттегі тілге көп көңіл бөлінген жоқ. Тіл сананың, ойдың, рухтың құралы ретінде ғана, қосалқы бөлшек есебінде қарастырылып келді. Тек XIX ғасырдың басында ғана философияда, мәдениеттануда тілге деген бетбұрыс байқалды. Соның нәтижесінде тіл адам болмысының ең негізгі тәсілі екендігі айқындалды. Сана әрдайым белгілі тілдік негізде өмір сүреді, ол тілмен бірге дамиды. Тіл дыбыс түрінде де, жазбаша белгі түрінде де тіршілік ететіндігі бәрімізге мәлім. XIX ғасырдың басында пайда болған батыс лингвистикасы (тіл туралы ілімі) дыбыстық тілге көп көңіл бөлді, өйткені жазбаша тілді олар дыбыстық тілдің бейнеленуі деп есептеді. Сөйтіп, о баста лингвистика фонология (дыбыс туралы ілім) жүйесінде дамыды.

XIX ғасырдың 60-жылдарынан бастап тілдің мәніне деген көзқарас күрт өзгерді. Тілдің негізгі және алғашқы түрі - жазу, жазбаша тіл деген түсінік фонологияны ығыстыра бастады. «Адам тілге ие болу үшін, тілде болмыс құру үшін оған бірінші жазу идеясымен таныс болу керек». (Н. Оспанулы. Кочевники и культура! К реконструкции Танири жолы. Алматы, 1994, с. 25). Фоноорталықтық көзқарастарды сынға алған тіл философиясы арқылы мәдениеттанудағы структуралистік бағыт өзінің жаңа биіктеріне көтерілді. Осыған өз үлесін қосқан философтарды атап өтетін болсақ, олар: Мишель Фуко, Роллан Барт, Жак Деррида.

Бұлардың концепциясы бойынша тілдің негізін жазудан немесе таза белгіден іздеу керек. «Жак Дерриданың айтуынша, түсінікті сөз ретінде ауыздан шықпай тұрып-ақ, тіл жазбаша түрде немесе таза белгі, таңба ретінде тіршілік еткен, болмыс құрған». (Б. Нуржанов. Культурология. Алматы, 1994, с. 59). Сонымен фоноцентристер үшін тілдің мәні ауызекі сөйлеуде, айтылуда болатын болса, семиологтар үшін тіл белгілі бір таңба, белгілер жиынтығы болып есептеледі. Семиология дегеніңіз, Барттың айтуы бойынша, таңбалар, белгілер жүйесі туралы ілім болғандықтан, ол лингвистикадан да кең орын алады.

Тіл - тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мәдениетінің көрінісі, өйткені мәдениет таңба, белгіден тысқары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды. Адамды түгелдей дерлік таңбалық әлем қоршаған, өйткені адам болмысының өзі таңбалық, тілдік болмыс. Адам бір мезгілде таңбаны тудырушы да, оны талдаушы да. Міне, қысқаша тоқтала кететін болсақ, қазіргі замандағы тіл, таңба мәселесіне және оның мәдениеттегі орнына деген көзқарастар осындай. Тіл - тек денотативті (белгілі, сигналдық) коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге Коннотативті (белгілі әлеуметтік-мәдени, идеологиялық мәні бар) құрал. Тілде әр халықтың тарихы, оның өмірі, тіршілігі, шаруашылығы мен мәдениеті жатыр.

Структуралистер үшін мәдениеттің негізгі мәні оның тілдік-таңбалық құрылымында жататын болса, соларға жақынырақ тұрған герменевтика бағыты үшін мәдениеттің мәтіндерін түсіну, ұғыну жолы ашылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет