Өзіңдік жұмыс-15
1) 1930–1933-ші жылдардағы болған Қазақстандағы ашаршылық (кейде жай Ашаршылық) — Қазақ АКСР жеріндегі ашаршылық. Ол кезде Қазақстанда шамамен 1.5 миллион адам қайтыс болып, олардың 1.3 миллионы қазақтар болған. Ашаршылық кесірінен қазақтар саны 38-42%-ға кеміген, 1930-шы жылдардағы Кеңес одақта болған ашаршылықтардың ең үлкен пайызы. Басқа деректер бойынша ашаршылықта 2–2.3 миллион адам қайтыс болған. Ашаршылық 1930-шы жылда, Голодоморға жыл бұрын басталған. Ашаршылық кесірінен қазақтар өз республикасында азшылық болып ұшырап, тек 1990-шы жылда қайта көпшілік болған. Ашаршылық кесірінен қазақтардың бөлігі басқа елдерге, әсіресе Қытайға, Ауғанстанға және Түркияға қаша бастады. Ашаршылықтың басты себебі - ұжымдастыру деп саналады. Кейбір тарихшылар бұл оқиғаны геноцид деп санайды. Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді:«Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім... Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, қазақ халкын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.
2) Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, Кеңес Одағы уақтында 1937 қазақ халқына жасалған үлкен қиянат, яғни оның жол бастаушы көсемдері мен жол көрсетуші зиялыларының басым көпшілігінің қырғынға ұшыратылуы туралы әңгімелемекпіз. Осындай ауыр зардаптан кейін 37 саны халық зердесіне қанды әріптермен жазылып, мәңгі өшпестей орын алды. Сұхбатымыз осы қырғынның қалай басталғаны және салдары жөнінде болмақ.Қазақ халқының ұлт зиялыларын жою науқаны, Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз Пленумында Сталиннің сөйлеген сөзінен кейін басталды. Өйткені сол жиында Сталин “Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкийшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы” баяндама жасаған еді.
Міне, осыдан кейін социалистік жүйеде қала отырып қазақтың көсегесін көгертуге бүкіл күшін салып жүрген саясаткерлерге Кеңестік биліктің қанды шеңгелі іліне бастады. 1937 жылғы “қызыл террор” туралы зерттеулерімен танымал және “Әділет” тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Қойшыбаев мұның қалай іске асырылғанын былай деп баяндайды:“Жаз айларында астанадағы лауазымды азаматтар қамауға алына бастады. Шілдеде республика прокуроры Сүлеймен Есқараев ұсталды. Тамыздың басында ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов, одан сәл кейін Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тұтқынға алынды. Ұзамай егіншілік, қаржы, денсаулық сақтау халық комиссарлары Нығметолла Сырғабеков, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасов, Халкомкеңестің көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов ұсталды. Облыстардағы басшылар да бірінен соң бірі қамалып жатты.Ғалымдар Санжар Асфендиаров, Құдайберген Жұбанов, Қоңырқожа Қожықов абақтыға әкетілді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды кеңесшіл ақын-жазушылар да түрме төрінен орын алды. Саяси репрессияның 30-жылдар басындағы алғашқы толқынында сотталып, жазасын өтеп қайтқан Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев секілді «алашшыл» ғалымдар мен қаламгерлер де бұрындары бір байланған шаладан құтылмай, сол ескі жаламен қайта тұтқындалды.Мәскеу түрмелеріне Ресей халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Бүкілресей Орталық Атқару Комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі Нығмет Нұрмақов, Сауд Арабиясындағы елшілік қызметтен шақырып алынып, КСРО Ұлттар кеңесі жанындағы Тіл және жазу жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері боп жүрген Нәзір Төреқұлов, бұрынғы Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Кеңестік бақылау комитеті уәкілінің Өзбекстандағы орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян, екінші хатшысы Садық Нұрпейісов тоғытылды.”Келтірілген есімдерден де байқалғанындай осы қызыл науқанда тек 1917-1918 жылдары Большевиктерге қарсы күрес жүргізіп, ұлттық мемлекет құруға күш жұмсаған Алашорда қайраткерлері қана емес, сол кездің өзінде Ленинге сенген және Кеңестік биліктің елде орнауына жан тәнімен көмектескен қазақ социалистері де атылып кетті. Өйткені Мәскеуге шынайы коммунисттер емес, өздеріне ойланбастан бағынып, айтқандарын бұлжытпай орындайтын мәнгүрттер керек еді.Ғалымдар қызыл террор кезінде бүкіл Кеңес Одағы бойынша 1 миллион 710 мыңнан астам саясаткердің айыпталып қамалғанын және олардан 725 мыңдай адамның атылғанын келтіреді. Ал олардың ішінде Қазақстаннан 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген.Сталин бір жылдан кейін қызыл науқанның тым шектен шығып кеткенін байқап қалса керек. Ол, 1938 жылы күзде бұл науқанды тоқтатады. 1938 жылы қазан айында НКВД-нің жанындағы Ерекше Кеңестен басқа сотсыз үкім шығаратын органның бәрі таратылды. 25 қазанда НКВД-нің басшысы Ежов орнынан түсіріліп, орнына Берия тағайындалды. Дегенмен мұнымен қазақ қоғам және мемлекет қайраткерлеріне қарсы қуғын-сүргін жазалары тоқтаған жоқ. Ғалымдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне негізделе отырып атап өтуінше, ұлт жанашырларына “халық жаулары” деп жалған айып тағып ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген.Осындай жаппай қуғындап ату жазасынан құтылған бірден бір жетекші Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай болған. Оның Большевиктердің қанды шенгеліне ілікпеуіне ерте уақытта, атап айтқанда 1921 жылы өзге Алаш көсемдерінің нұсқауымен Еуропаға шығып кетуі негіз болған. Сөйтіп ол 1941 жылы 27 желтоқсан күні Берлин қаласында беймәлім жағдайда қайтыс болуына дейін шетелдерде Алаштың идеясын ту қып көтеріп жүрді. Еуропада ағылшын, неміс, поляк және француз сынды тілдердегі басылымдарда мақалалар жариялап, жалпы түркі тілінде “Яш Түркістан” журналын шығарып, қазақтар мен өзге Түркістан халықтарының тәуелсіздігі жөнінде идеялық күрес жүргізді.Шоқай сонымен қатар 1937 жылы үлкен террордың құрбаны болған қазақтың ұлт зиялылары туралы да мақалалар жариялаған. Бұл турасында зерттеу жүргізген Л.Н. Гумилев университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Арайлым Мұсағалиева Мұстафа Шоқай еңбектерінің “үлкен террордың” дерек көзі екенін айтуда.
Ол бұл туралы мақаласында былай дейді: “Қазақстан зиялылары ішінен Мұстафа Шоқай ғана большевиктерге қарсы ұлт - азаттық қозғалысты шетелде жалғастырды. Саясаткердің шығармашылық мол мұрасы бүгінде Кеңес өкіметінің отарлық саясатын ашуға мүмкіндік береді. Оның зерттеулерінде 1920-1940 жылдардағы большевиктердің Түркістандағы, оның ішінде Қазақстандағы басымшылықтары кең түрде талданады.Жалпы алғанда, М. Шоқай мақалалары Қазақстандағы саяси репрессияларды сол кезде - ақ әшкерелеген жұмыстар болып табылады. Сонымен қатар, М. Шоқайдың “1917 жыл естеліктерінен үзінділер” және “Туркестан под властью Советов” атты еңбектерінде большевиктердің “қызыл терроры” мен аграрлық өзгерістер әсерінен болған зардаптар анықталады. Ол сталиндік саясатқа қарсы ашық күреске шыққан – бірден - бір қазақ.”Сонымен қорыта айтар болсақ, сталиндік қызыл террор өткен ғасырда қазақ халқының қаймағын отап сылып алып тастады. Сөйтіп қазақ халқы өзінің ең асыл да, озық азаматтарынан көз жазып қалды. Онымен қоймай Кеңестік билік кезінде олар туралы ләм-мим деп бірдеме айтуға да тыйым салынып, қазақ халқының жадынан да өшіруге күш жұмсалды. Бірақ, бұған Кеңестік биліктің күші де, өмірі де жетпеді. Ол 1991 жылы тарих сахнасынан өшіп тынды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ халқы 1937 жылғы зобалаңда құрбан болған асылдарын рухани түрде қайта тірілтіп құрметтей бастады. Олардың рухани мұрасы болған еңбектері қайта жарияланды. Олар үшін ескерткіштер орнатылып, көшелерге аттары берілді. 1997 жылдан бері 31 мамыр күндері де қуғын-сүргін құрбандары еске алынып келе жатыр. Қазақ халқы елі үшін құрбан болған асыл азаматтарын ешқашан ұмытпақ емес.
Достарыңызбен бөлісу: |