Негізгі кәсібі
Еңбек құралдары және археологиялық ескерткіштер.
Тасты өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары негізінен, нуклеуістен (тастан) жасалды. Пышақ, қару ретінде үшкір тас, ағаш, тері өңдеу үшін қырғыш тас пайдаланылды. Археологиялық ескерткіштер Оңтүстік Қазақстандағы Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан табылған заттар: үшкір тас, қырғыш т.б.
Кейінгі ашель мен мустье уақытында тас құралдарын жасау технологиясында және ежелгі адамның өмір сүру бейнесінде түбегейлі өзгерістер болып өтті. Бұлар неандертальдық аталатын адамның жаңа, жоғарғы дәрежедегі эволюциясы салдарынан өзгерген еді. Жалпылама түрде палеоантроптар аталатын ашель-мустье дәуірінің адамдары, Жер шарының кейбір бөліктерін мұздық басқан, климаттың біршама суытқан жағдайында өмір сүрді. Төменгі палеолиттің бұл ақырғы кезеңінде қазіргі адамдар түрінің ата-бабаларының сыртқы кескін ерекшеліктері түпкілікті орнықты. Маңдайы көлбеу, қасының үсті доға тәрізді, бас сүйегінің аласа болуы, бет сүйегінің шомбалдылығы, тістері өте ірі, иек сүйегінің болмауы немесе нашар дамуы неандертальдықтардың басты өзгешелік белгісі болып табылады. Омыртқасындағы онша байқалмайтын бүгіліс пен аяғындағы тізесінің әлсіз түзулігі неандертальдықтардың жүрісі ебедейсіз болғандығын көрсетеді. Олар аласа бойлы (150-160 см) болды, енді бірақ та ми қауашағының көлемі 1300-1400 см кубқа жетті.
Мустье дәуірінде тас құралдардың түрі көбейді, олардың жергілікті ерекшеліктері пайда болды. Мустье дәуіріне тән деп есептелетін тас құралдар Қаратаудағы Қосқорғаннан және Шыңғыстау тұрақтарынан табылған. Жалпы, мустье дәуіріне тән құралдар — әр түрлі үшкіртастар. Оларды тасты өңдеу арқылы жасаған, кейде ұштарын ретушь әдісімен екінші рет өңдеп өткірлеген. "Ретушь" әдісі дегеніміз — тас құралдың жүзіне ұсақ кертіктер (ара жүзі сияқты) жасау арқылы өткірлеу. Мустье дәуірінде тағы бір көп пайдаланылған құрал — түрлі қырғыштар. Олардың сыртқы пішіні сопақша, үшбүрышты, ұзынша төртбүрышты. Қырғыштардың да жүзін ретушь әдісімен өңдейді. Сонымен қатар мустье дәуірінде де дөңгелек нуклеустер, екі жақ бүйірі қырналған атпатас құралдар кездеседі. Әсіресе Орталық Қазақстан ескерткіштерінде көбірек кездесетін атпатас құралы Орталық Азияның көп жеріне тән.
Достарыңызбен бөлісу: |