Қай әдіс жақсы?
Жалғыз әліпби үйретудің өзінде толып жатқан әдіс бар. Сол
әдістерді әр әдісқой өзінше қолданған түрлерін сөз қылсақ, әдіс түрлерін
айтып түгесе алмас едік. Бүтін Жаурыпа әдісқойларының тұтынған
әдістерін түгендемек түгіл, жалғыз орыстың ғана әдісқойларын алып сөз
қылар болсақ, оның өзі әлденеше сан журнал бетін аларлық сөз болар еді,
сөз созылып ұзаруынан қашып, орыс әдісқойларының бірін де өткен
сандарда сөз қылмай өтіп кеттік.
Бұған дейін сөз болған әліп үйрету жүзіндегі әдістердің негізгі
түрлерін алып, солардың қайсысы жақсы деп сауал қояр болсақ, оған
ешкім мынасы жақсы, мынасы жаман деп кесіп айтып, тура жауап бере
алмайды.
Орыс данасы Лев Толстой: (бала оқытып тәжірибе жасаған адам)
«Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір
ғана әдісті болу; шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу; керек орында жоқ
әдісті табу да қолынан келу. Мұғалім әдісті көп білуге тырысу керек;
оларды өзіне сүйеніш қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек» дейді. (Лев
Толстой «Үйрету әдістері туралы»).
Толстой олай десе, өзгелердің де тәжірибе жасағаннан кейін келген
қарары онан алыс емес. Әдіс турасындағы басқалардың да пікірлерін
қорытып қысқасынан айтқанда, әр әдіс өз орнында жақсы деген пікір
болып шығады.
Бұл не деген сөз болады?
Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы
жұмсалатын орнының керек қылуына қарай. Мәселен, сауаттау әдісін
алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да
сауаттау ісіне қолайлы боларға тиіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің
заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс
екіншісіне де қолайлы болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің
немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау
әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды.
Кей жұрттар жазу үшін әріп алмаған, таңба алған. Кей жұрттар жазу
үшін әріп алғанмен, әріптері тілі өзгергендіктен бұл күнде тіліндегі
дыбыстарына сәйкес келмейтін болған. Кей жұрттардың әуелде
дыбыстарына әріп арнауында шатақтық бар болғандықтан, сөздерінің
жазылуы мен айтылуы екі басқа, кей жұрттардың тілінің шартына қарай
дыбысына сәйкестеп әріп белгілеуге болмайды. Сондықтан оның да
сөзінің жазылуы мен айтылуы арасында басқалық болады. Кейбір
жұрттардың тіліндегі дыбыстары мен әріптері екеуінің арасында сәйкестік
241
күшті болғандықтан, сөзінің жазылуы мен айтылуы арасында да сәйкестік
күшті болады.
Жазу үшін әріп алмай, таңба алған жұрттың бірі, мәселен, қытай.
Мұның жазуы біздің таңбамыз түрлі. Бізде οο (арғын), // (қыпшақ), Ψ
(төре). Қытайда = (ауыз) מ (ит). Ауыз таңбасы мен ит таңбасы қатар тұрса,
мәселен, былай = מ «үреді» деген сөз болады. Біздің жазуымыз әріпше
болмай таңбаша болса, біз де арғын таңбасы мен төре таңбасын қатар
қойып /ооΨ/ «арғын төресі» деп оқыр едік; қыпшақ таңбасы мен төре
таңбасын қатар қойып / //Ψ / «қыпшақ төресі» деп оқыр едік.
Қытай жазу жүйесінің мысалы осы. Бұл жазуша сауаттағанда,
мұғалімнің дыбыспен де, әріппен де жұмысы жоқ. Әр сөзге арналған
таңбаны танытса, сол таңбаларды қойдыра білсе, қытайша оқуды да,
жазуды [да] біліп сауаттанғаны.
«Ауыз» деген, «ит» деген, «үреді» деген – үшеуінің жазуын оп-оңай
үйреніп алдық. Қытайша хат білу (сауаттану) қиын дейтіні қайда? Қиын
жазу ұшыраған кезде, «қытай жазуы» деп мазақтайтындары қайда?
Жоғарыда мысалға келтірген 2-3 сөздің таңбасын тану да, таңбасын қою
да оп-оңай емес пе? Қиындығы қайда?
Мұның оңай болып тұрғаны – алған сөздің аздығынан. Қытай
тіліндегі сөздің саны 10, 20, 30 болса, хатта 100 болса да, қытайша
сауаттану оңай болар еді. Ондай болса, сөз саны 10 мың, 20 мың, 30 мың
болса, ондай көп сөздің әрқайсысына арналған таңбасын тануға көп уақыт
керек. Ондай көп таңбаны ұмытпай баста сақтау үшін, басты көп әурелеу
керек. Қытай тілінде 50 мың таңбасын жатқа білгенде ғана қытайша кәміл
сауатты адам болмақ. Ойы жаттау [дың] оңай-жеңілін «Жаңа мектеп»
журналының оқушылары шамалай жатар, басқа жүйелі жазулардың
әңгімесіне көшейік.
Жазу үшін әріп алғанмен, ол әріптері тіліндегі дыбыстарына сәйкес
келмейтін ағылшын, американ сияқты жұрттар. Бұлардың сөздерінің
жазылуы мен айтылуы айрылып, алыс кеткендігі сонша, «ит деп жазып,
шошқа деп оқиды» деген мақал болған жазу жүйесі нақ осылардікі.
Олардікінен гөрі тәуірлеу жазу жүйесі француздікі. Бірақ тәуірлеу
дегенмен, мұның да оңған жері жоқ. Мұның әуелінде дыбыстарына әріп
арнауында шатақтық көп. Французда әріп басына жасалған толып жатқан
ереже бар; толып жатқан қосымша белгілер бар. 26 әріптің 100 шамалы
ережесі бар. Ол ережелері бойынша бір әріп түрлі орында түрлі
айтылмақшы. Кей әріптер тұрған орнына, қарай жазылғанмен, тіпті
оқылмай да қалмақшы. Кей әріптер басқа дыбыстармен қатар келген
жерде, тіпті дыбысынан айрылып қалмақшы. Анықтық үшін азырақ мысал
келтіріп көрсетелік.
242
«Бе ау» (веаu) деп жазады, оны «бо» деп окиды.
«Орейлле» (огеіllе) деп жазады «орей» деп оқиды.
«Мой» (mоі) деп жазады, «мува» деп оқиды.
«Коин» (коіn) деп жазады «кувек» деп окиды.
«Айгүйлле» (аіguіllе) деп жазады, «егуй» деп оқиды.
Тәуірлеу деген жазу жүйесі мынау болса, мұнан жаманның жазылуы
мен айтылуы арасындағы сәйкестігі қандай болмақ.
Бұл сияқты жүйелі жазумен сөздің ішіндегі дыбыстарын айырып,
дыбыстарына қарап жазуға болмайды. Олай болса, сөздің дыбыстарын
айыра білудің қажеті жоқ. Мәселен, «егуй» деген сөзді «айгүйлле» деп
жазатын болса, «мува» деген сөзді «мой» деп жазатын болса, ол сөздердің
дыбыстарын айырудың керегі не?
Сондықтан ағылшын, америка, прантсуз (француз) жазуларының
жүйесі әріпті болғанмен, мағанасы таңба жүйелі жазуға жақын. Мұнда да
сөзді дыбыстарына қарай әріптерін қойып жазбайды, тек әріптерден құрап
сөздің таңбасын салады. Мұндай жазулар мен қытай жазуының
арасындағы айырмасы тек таңба суретін құрауында ғана: қытайлар сөз
таңбасын әріп деп ат қойылмаған сызықтардан құрайды, ағылшын,
американ, француздар сөз таңбасын әріп деп ат қойылған сызықтардан
құрайды.
Тілінің шартына қарай дыбысына сәйкестеп әріп арнауға
болмағандықтан, сөзінің жазылуы мен айтылуы бөлектенген жұрттың
мысалы — орыс халқы. Орыс тіліндегі дыбыстарға сәйкестеп әріптер
белгілеу мүмкін емес: «сақал» орысша «барада» (борода), «сақалдар»
дегенде «бороды» (бороды) дейді, «тырма» орысша «барана» (борона),
«тырманы» дегенде «борыну» (борону) дейді.
Бізде көпше жалғау, немесе басқа жалғау қосылғанда, тек жалғау
қосылғаны болмаса, сөздің басқа тұлғасы мен тұрпаты өзгермейді.
Орыстікінде ондай емес: тек жалғау қосылып қана қоймайды, бүтін тұлға-
тұрпаттарында өзгеріс кіреді. «О» дыбысы «а» дыбысына, «а» дыбысы
«ы» дыбысына орыста айналып кете береді.
Сөздің дыбыстары сондай өзгергіш болған соң, орыс тіліндегі
сөздердің дыбыстарына сәйкестеп әріп алуға болмайды. Дыбысқа
сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала
алмайды.
Мұндай жазуы бар жұрттың кей сөздерін дыбыстарына қарай жазуға
болады, кей сөздерін дыбыстарына қарамай, тек жатталған түрінде ғана
жазуға болады. Мәселен, орыстың бір сөзін дыбыстарына қарай жазсаң,
он сөзін жатталған түрінде жазасың. Солай болған соң орыс жазуы сияқты
243
жазуларға сөздің дыбысын айыра білудің керектік жағынан керексіздік
жағы басым болып шығады.
Дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан,
сөзінің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті. Жазудың
мысалы біздің қазақтікі мен қырғыздікі. Бұлардың тіліндегі дыбыс басына
арналып әріп алынған, әріп таңылған дыбыстан қайда тұрса да
айрылмайды. Сөздері жазылғанда көбінесе-ақ сөзінің ішінде естілетін
дыбысына қарай жазылады. Орыста бір сөз дыбысына қарай жазылып, он
сөз дыбысына карамай жазылатын болса, қазақта он сөз дыбысына
жазылып, бір сөз ғана дыбысына қарамай жазылады.
Солай болған соң бізде сөздің ішіндегі дыбыстарын айыра білу өте
керек. Сөздің дыбыстарын дұрыс айыра біліп, оларға арналған әріптерді
қоя білудің өзімен де үйренуші емлеміздің аз болса 60-70%-ін біліп
қалады.
Біздің жазу жүйемізбен ағылшын, америка, француз жазу жүйесінің
арасы алыс. Олардікі қытайдың таңба жүйелі жазуына жақын. Он сөзінен
бір сөзінде де болса сәйкестік бар, бізге біртабан жақын жүйелі жазу
орыстікі. Онан да гөрі бізге жақын жүйелі жазу италиянікі дейді (оның да
сөзінің жазылуы мен айтылуы арасында сәйкестік көп деп айтылады).
Сүйтіп, жоғарыда айтылған сөзден мынадай нәрсе байқалады: Әуелі,
жазу екі негізді екендігі: 1) Таңба негізді. 2) Әріп негізді. Екінші, әріп
негізді жазулардың емле жүйелері түрлі-түрлі болатындығы. Үшінші,
емле жүйелеріне қарай, әріп негізді жазулардың таңба негізді жазуға
жақыны да, алысы да бар екендігі.
Осы күнгі қолданып отырған емлелердің бәрі төрт жүйеге бөлінеді:
1) Таңбаша жүйе. 2) Дағдыша (тарихша) жүйе. 3) Туысша жүйе.
4) Дыбысша жүйе.
Таңбаша емле – таңба негізді жазумен тәртіптес, негіздес емле,
мәселен, қытайдікі.
Дағдыша емле – баяғыдан бері жазып келе жатқан қалыпты
қолданып отырған емле, мәселен, ағылшынша.
Туысша емле – сөздің тек басына қарамай, басқа түбірлес, туыстас
сөздердің де айтылуына қарайтын емле, мәселен, орысша.
Дыбысша емле – сөз дыбыстарының естілуінше жазу жолын
қолданатын емле, мәселен, италиянша, немісше, қазақша.
Бұл айтылған емле жүйелерінің бәрі де әріп негізді жазулардың емле
жүйелері. Бұлардың біреулері таңба жүйелі жазуға жақын болатыны
көрініп тұр. Сөздің айтылуы мен жазылуының арасы алыстаған сайын
емле тәртібі таңба негізінен жақындамақшы. Сөздің айтылуы мен
244
жазылуының арасындағы сәйкестік күшейген сайын емле тәртібі таңба
негізінен алыстай бермекші.
Емле тәртібінің жүзіндегі жақындық, алыстық сауаттау әдісінің
жүзінде де болмасқа мүмкін емес.
«Ауыз» деген сөзді мынадай (=) таңбамен жазатын қытай дыбысты
әдіспен үйретер ме?
Ондай таңба салмағанмен, «ит деп жазып, шошқа деп оқыған»
сияқты «мой» деп жазып «мува» деп оқитын емле тәртібі бар. Ағылшын,
американ, француз сынды жұрттарға дыбысты әдісті қолдану қолайлы
бола ма?
Олар түгіл, «борода» деп жазып «барада» деп оқитын емле тәртібі
бар орыс сияқты жұрттарға да дыбысты әдісті қолдану қолайсыз болатын
орындары көрініп тұр.
Солай болған соң бұлардың бәрі де сөзді таңбаша жазып отырған
соң, немесе таңбаша жазуға жақын түрде жазып отырған соң, таңбаша
үйрету әдісін қолданып отыр, «Тұтас сөз» әдісі деген сол «таңбаша
үйрету» әдісі болады: бұл әдісше әріппен жазылған сөз таңба мағанасында
көрсетіліп, таңба есебінде үйретіледі.
«Сақал» деп жазып, «сақал» деп оқитын, «тырма» деп жазып,
«тырма» деп оқитын дыбысша емлесі бар қазақ, қырғыз сияқты жұрттарға
дыбысты әдісті қолдану тиістігіне дау болмасқа керек еді, үйткені – басқа
да дыбысша емлесі бар жұрттар дыбысты әдісті қолданып отыр. Мәселен,
италиян жұрты.
«Тұтас сөз» әдісін не мәніспен қолданып отырғандарына назар
салмай, тек басқалар қолданып жатқанда, бізге де қолдану керек деушілер
бар. Рас, «тұтас сөз» әдісін бізге қолдануға болады. Бірақ біз ағылшын,
американ, француздарша шарасыздықтан, ең болмағанда орыс қадары
мұқтаж болғандықтан, оны қолданбаймыз, дыбысты әдіспен үйретуден
«тұтас сөз» әдісімен үйрету қолайлырақ. Оңайырақ болса, қолданамыз.
Олай болса, әуелі қайсысы қолайлы деген сауал қойып, соған берілген
жауапқа қарай қайсысын қолдану тиісті болатындығын айту жөн.
Сауаттауға қайсысын қолайлы десек те қолайлылығын сипаттайтын
тиісті дәлелдері боларға керек.
Сауаттауға әдістерін тексеру үшін, әуелі, сауаттылық дегеннің не
нәрсе екенін, оның негіздік жағы қайсы, негіздік емес жағы қайсы,
онысын ашып алу керек.
Сауатты адам деп қандай адамды айтамыз? – Оқи да, жаза да білетін
адамды айтамыз.
245
Сауаттылық негізі оқу ма, жазу ма – мұны ашсақ, сауаттау әдісі
қайсысынікі болатынын да ашамыз; үйткені – сауаттылықтың негізі не
нәрсе болса, сауаттау әдісі де соныкі болу керек.
Оқи біліп, жаза білмейтін адам бола ма? – болады. Ескіше
үйренгендердін көбі-ақ оқи біліп, жаза білмейтін. Ондай адамдарды толық
сауатты деуге бола ма? – Болмайды. Ондайлар шала сауатты адамдар.
Жаза біліп, оқи білмейтін адам бола ма? – Жоқ. Жаза білетіндер оқи
да біледі. Олай болса сауаттылық негізі оқу бола ма, жазу бола ма? –
Әрине, жазу болады.
Сауаттылық негізі жазу екендігін сауаттылықтың шыққан жолы да
көрсетеді. Сауаттылықты оқу мұқтаждығы тудырмаған, жазу мұқтажы
тудырған. Мұқтаждық жазуды тудырған, оқу жаза білумен бірге қосыла
біліп кететін қосалқы күйдегі асылы жазу болып, оқу соның бетіндегі
нәрсе болып шығады.
Осы айтылғандардың бәрі сауаттылық негізі оқу емес, жазу екендігін
сипаттайтын дәлелдер.
Сауаттылық асылы оқу болмай, жазу болса, сауаттау әдісінің де
асылы оқудікі болмай, жазудікі болу керек.
Ол не деген сөз болады? Ол – сауаттау әдістерін сынағанда, оларға
оқу үйрететін әдіс деп қарамай, жазу үйрететін әдіс деп қарау керек деген
болады, жаза білдіруге қолайлы әдіс – оқи білдіруге де қолайлы болады,
үйткені негіздік нәрсе, – жазу, оқу жаза білумен бірге қосыла біліп кететін
қосалқы күйдегі нәрсе.
Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға
арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек.
Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек.
Әріптердің бәрін шапшаң жазуға жарағанда, жазған әріптерін атауға
жарағанда, екінші түрде айтқанда – шапшаң жаза білген де, шапшаң оқи
білгенде, сауаты ашылды, сауатты адам болды дейміз.
Сауаттау әдісі дегеніміз – соны білдіруге жұмсалатын түрлі
әдістердің шумағы болады.
Жазу – әріптердің сүгіретін сала тізу; Оқу – әріптердің дыбыстарын
айта тізу.
Әдісін алғанша қай істе болса қиын болады. Әдісін алған соң,
қайсысы да болса оңайланады. Істің шапшаң істелу күйге жетуі, қайта-
қайта істеліп, дағдыға айналған кезде болады.
Сауаттану жас балалардың жүруге үйренгені мысалды: Бастапқы
кезде балалар аяғын бір басып, бір тұрады, онан соң апыл-тапыл басып
жүруге жарайды. Онан кейін ақырын да болса кәдімгідей жүретін болады.
246
Онан әрі жүгіруге жарайды, жүгіруге жарағаннан әрі жарысқа түсіп,
жүрісті өнер есебінде қолдану даражаға жетеді.
Балалар түгіл үлкендерді алсақ, олардың да бір нәрсемен жүруге
үйрету жолы нақ әлгідей. Ши-аяқпен (Коньки) сырғанақ тебуге
үйренгенде, үрелікпен (Ролик) немесе белетсепетпен (Велосипед)
(Құраст.) жүруге үйренгенде, бірден сырғытып кете алмайды. Бастапқы
кезде жүру әдісін алғанша, олар да балалар секілді өз денесін өзі билей
алмай, мүшелері өзіне көнбеген сияқты, өзі жұмсаған жағына жүрмеген
сияқты болып, әр ісін бөлек-бөлек аңдап, әр қозғалысын бөлек-бөлек
алып, санап істеген сияқты болады. Әдісін алғаннан кейін батылырақ
қимылдайтын болады, онан әрі батылырақ жүретін болады, онан соң
қалай болса, солай жүретін болып әбден төселеді, төселгеннен әрман
(қарай) басқалармен жарысып өнер салыстырарлық даражаға жетеді.
Сол сияқты сауаттанарда балаларға болсын, үлкендерге болсын
әдісін алғанша сөздің ішіндегі дыбыстарын танып, айырып шығару да
қиын, бөлек-бөлек дыбыстарды құрап-қосып, сөз қылып айту да қиын.
Әдісін алғаннан кейін айырудың да, қосудың да қиындығы
жоғалады. Онан өрі тек жаттығу, төселу ғана қалады. Жаттығу, төселу
үшін істің қайта-қайта істелуі ғана шарт.
Жазу да, оқу да бір істеліп қана қойылатын іс емес, мектепте күнде
керек болып, күнде істеліп отыратын іс.
Сондықтан мектептен шыққанша жазу мен оқуға балалар төселмек
түгіл, әрі барған сайын қайсысын да болса өнер түрге айналдырып,
әдемілеп жазу, безендіріп оқу қолынан келетін болады.
Сауаттау әдісінің қызметі жазу мен оқу әдісін алғанша бастапқы
кезде болатын қиындықты кеміту, не жоғалту үшін, жүруге үйренгенде
балаларға беретін сүйеніш арба сияқты, ши-аяқ тебуге үйренгендерге
беретін сүйеніш шана сияқты көмек беру.
Енді үйрету табиғи жөнімен жүріп, үйрену әдісінің жолымен жүріп
отырып, дыбысты әдіс пен тұтас сөзді әдістің жолдарына келейік.
Дыбысты әдіспен үйрету жолы – әлгі айтылған үйренушіге сүйеніш
арба, сүйеніш шана беріп үйрету жолы. Мұнымен үйренетіндер жүру
әдісін алмай тұрғанда, бойын билей алмағандықтан арбамен, шанаға
сүйеніп қозғалған сияқты жылжиды. Соларға сүйеніп жүріп бойын
үйретіп, мүшелерін жаттықтырып әдісін алу сияқты болады. Бірақ аяғын
бір басып, екі басып, ақырын жылжыса да, өздігінен өз мүшелерін
жұмсаса, өз денесінің қуатымен жылжиды. Бұлай жылжыған уақыт әр
қимылды мүшелері өзі істеп, өз басынан кешіріп сезіп, түйіп
отырғандықтан, қимыл тетігін тез аңдап, әдісін тез алады.
247
Дыбысты әдіспен үйрету жолы – мысалмен түсіндіріп суреттегенде,
осы болып шығады.
Тұтас сөзді әдіспен үйрету жолына келсек, ол – арбаны өзіне беріп,
соған сүйендіріп, өзін қозғалтып, өзін жүргізіп үйрету емес, арбаға тіркеп,
біреу сырғытып жүргізіп, жіберіп отырып үйрету сияқты. Немесе шанаға
тіркеп, біреу сырғанатып жіберіп отырып үйрету сияқты. Өз күшімен
жылжымай, басқаның күшімен бара жатқан соң, сырттан карағанда жүре
білмейтін баланың жүрісі жүре білетін баланың жүрісі сияқты көрінеді.
Ши-аяқ тебе білмейтін адамның сырғанағаны тебе білетін адамның
сырғанағанындай болып көрінеді. Бірақ жүргізіп жүрген қуат біткен
жеріне дейін барады да, одан өрі жылжымай тұрып алады, жылжу үшін
әрдайым біреудің күшін керек қылады.Үйткені, әрбір жүріп келген жеріне
өз денесінің қуатымен жүріп келмейді, біреудің жүргізген қуатымен
келеді. Мұнда дайым біреу жүргізіп, басқаның қуатымен қозғалып
отырған соң, өз санасының ісімен жұмысы өз денесінің қуаты аз
қатысқандықтан, қимыл тетігін тез аңдап, әдісін тез ала алмайды.
Тұтас сөзді әдіспен үйрету жолы – мысалмен түсіндіргенде осы
болады. Осындай мысалға келтірген жүруге, сырғанақ тебуге үйрету
әдісінің екі жолын сауаттау әдістерінің мысалына алмай, жас баланы
жүруге, үлкенді ши-аяқ тебуге үйретудің әдісі болған нақ өз қалпында
алып сынға салсақ, жүрумен сырғанақ тебуді үйретуге жоғарғы екі әдістің
қайсысы жақсы дер едік? Әрине, алдыңғысы жақсы екендігіне дау жоқ.
Солай болған соң алдыңғы әдіске ұқсас дыбысты әдісті, соңғы әдіске
ұқсас тұтас сөзді әдісті екеуін де ешбір тілге, емлемен әліп-би жүйелеріне
матастырмастан өз алдына оңаша тұрған күйлерінде алып тек қана
асылын тиісінше тексеріп қарасақ, дыбысты әдіспен үйрету жолының
артықтығы да даусыз нәрсе болып шығады.
Егерде тұтас сөзді әдісті дыбысты әдіспен төмен бола тұрса да, керек
қылатын болсақ, онда басқа жұрттардікіндей тіліміздің, емлеміздің,
әліпбиіміздің жағдайына қарай, шарасыз керек қылатын орнымыз боларға
керек.
Ондай шарасыз керек қылатын орнымыздың бар-жоғы қазақша
сауаттау әдісін көрсеткен кезде білінбекші.
Келесі әңгімелеріміз қазақша сауаттау әдісі туралы болмақшы.
Басқарма. Жазушының дыбыс әдісі мен тұтас сөз әдісін сынаған
ойларына, көзқарасына басқарма қосылмайды. Ол ойларын бір жақты
жаңылысы бар деп біледі. Мұндай мәселе әлі қазақ оқытушыларына соны
болғандықтан, бұл мақала пікір алысу ретінде басылып отыр. Әдіс
жұмысымен таныс адамдар, педагогтар бұл туралы пікірін жазуын
өтінеміз. Басқарма соңғы нөмірлердің бірінде өз ойын да жазбақшы.
248
Достарыңызбен бөлісу: |