Қр жоғАРҒы сотында ат Қ арыл Ғ ан іс бар, айтар мәселе де көп



жүктеу 115.41 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі115.41 Kb.

ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫНДА



АтҚарылҒан іс бар, айтар мәселе де көп
Бектас БЕКНАЗАРОВ,

Атырау облыстық сотының төрағасы


Еліміздің саяси өмірінде де, әлеуметтік өмірінде де үлкен маңызы болған 2004 жыл Атырау облысы соттарында да біршама жетістіктерімен өз ізін қалдырып өтті. Әңгімеміздің негізгі тақырыбы жыл бойы атқарылған жұмыстарымызды қорытындылау болғандықтан, осы ілгерілеу мен жетістіктеріміз туралы қысқаша ғана баяндап өту орынды болар деп ойлаймын.

Қылмыстық істер бойынша. 2004 жылы облыс көлемінде барлығы 2035 адамға қатысты 1861 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, сотқа түскен қылмыстық істер саны өткен жылғыдан 149 адамға азайып отыр (яғни 6,8 пайызға азайған).

Жасаған қылмысы сотта дәлелденіп, аудандық (қалалық) соттарда айыптау үкімі шыққан 1435 адамның ішінен 652 адам бас бостандығынан айырылуға сотталды, бұл жалпы сотталғандардың 45,4 пайызын құрайды.

Солардың ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған 318 адамның 290-ы бас бостандығынан айырылуға сотталғаны, бұл көрсеткіш 91,2 пайызды құрайтыны ескерілсе, жазаның бұл ең қатаң түрі негізінен қылмыстың ауыр түрін жасағандарға қолданылып отырғанын байқалады. Қылмыскерлерге жаза тағайындауда солқылдақтыққа жол берілмей келе жатқанын айтқанда, сонымен қатар, өткен жылы облыс соттарында бірде-бір заңсыз соттау фактісі орын алмағанын да айта кету керек.

Облыстық сот өткен жылы 24 адамға айыптау үкімін қабылдап, олардың барлығы дерлік Жоғарғы Сотта апелляциялық тексеруден өтті. Бұл үкімдердің ешқайсысының күші жойылған жоқ.

Аудандық (қалалық) соттар бойынша қылмыстық істерді қарағанда қабылданған шешімдердің сапасы мынандай деректерден көрініс табады: 2002 жылы барлығы (апелляция және қадағалау тәртібін бірге есептегенде) 47 адамға қатысты үкім күші жойылып, бұл көрсеткіш 1,9 пайызды құраған; 2003 жылы барлығы 19 адамға қатысты үкім күші жойылды, яғни 1,2 пайыз; ал 2004 жылы барлығы тек 9 адамға қатысты үкім күші жойылып, бұл көрсеткіш 0,5 пайызды құрады.

Өзгертілген үкімдердің саны да төмендеп отыр. Бұл көрсеткіш 2003 жылы – 133 адамға қатысты болса (8,7 пайыз), ал 2004 жылы – 117 адамға (яғни 8,0 пайыз) дейін төмендеді. Сөйтіп, қателік жіберілген үкімдердің саны соңғы үш жылда (2002 жылы - 177 адамға қатысты шығарылған үкім өзгертілген еді) бұрынғы көрсеткіштің 1/3 бөлігін ғана құрайтын болды.

Қылмыстық істердің сотта қаралу мерзімі де әлдеқайда қысқарды. Заңда көзделген мерзімі сақталмай 2002 жылы соттарда 19 қылмыстық іс қаралған болса, 2003 жылы мұндай 5 іс, ал 2004 жылы облыс бойынша тек 4 іс қана болды.

Азаматтық істер бойынша. Аудандық (қалалық) соттарда қаралған азаматтық істердің шешілуі сапасы да елеулі түрде жақсарып отыр. Егер 2002 жылы шешім қабылдаумен аяқталған 5489 азаматтық істен барлығын есептегенде 237 шешімнің күші жойылған болса (4,3 пайыз), 2003 жылы осындай 5406 істен 171 шешімнің күші жойылды (3,1 пайыз), ал 2004 жылы шешіммен аяқталған 4875 істен жалпы алғанда (апелляция мен қадағалау тәртібін бірге алғанда) тек 95 шешімнің ғана күші жойылды (яғни 1,9 пайыз).

Сөйтіп, соңғы үш жылда азаматтық істер бойынша заңсыз қабылданған сот шешімдерінің саны 2/3 есеге дейін азайып отыр.

Азаматтық істердің сотта шешілу мерзімі де әлдеқайда жақсарып келеді. Егер 2003 жылы заңда көзделген мерзімі сақталмай қаралған істер саны 85 болып, олардың ішінен 11 азаматтық іс сотта 3 айдан астам қаралса, өткен жылы облыс бойынша мұндай тек 1 ғана іс болды.

Әкімшілік істер бойынша. Қоғам өмірінде әкімшілік істердің дұрыс шешілуінің үлкен маңызы бар екендігін өмірдің өзі көрсетті. ҚР Президентінің жарлығымен республика бойынша 29 арнайы мамандандырылған әкімшілік соттары құрылып, жалпы сот жүйесінен олар да өз орнын алғандығы осының дәлелі.

Осындай арнайы әкімшілік сот Атырау қаласында да құрылып, қазір оның жұмысын ұйымдастыруға бағытталған шаралар толығымен аяқталды. Әкімшілік соттың төрағасы, құрамындағы судьялары тағайындалған күннен бастап, бұл сот та бізде өз жұмысын бастап кете алады.

Әкімшілік істердің негізгі бөлігі заңда көрсетілген мерзімде қаралып, олармен заңды қаулылар қабылданып жатыр деп айтуға толық негіз бар.

2004 жылы облыс бойынша барлығы 13694 адамға қатысты 13508 әкімшілік істер қаралды. Олардың ішінен тек 3 іс бойынша ғана оларды қараудың заңда көзделген мерзімі бұзылды, ал 2003 жылы мұндай 21 іс болған еді.

Егер 2003 жылы әкімшілік істермен қабылданған барлығы 63 қаулының күші жойылса, ал өткен жылы 43 қаулының күші жойылды, яғни заңсыз дейтін қаулы бұрынғы көрсеткіштің 1/3 бөлігіне азайып отыр.

Осы жайларды алға тарта келе, облысымызда сот актілерінің сапасын көтеруге және олардың мерзімді уақытта қабылдануына бағытталған шаралар алдағы уақытта көрсеткіштерімізді тағы да біраз жақсартады деп ді сеніммен айта аламыз.

Енді жұмысымызда орын алып отырған кемшіліктеріміз жөнінде.

Өткен жылы облыстық сот 1-ші сатыда 55 азаматтық істі өндіріспен аяқтап, олардың ішінен 32 іспен шешім қабылданды. Қадағалау тәртібімен күші жойылған шешім жоқ, бірақ Жоғарғы Сот 3 шешімнің күшін апелляциялық тәртіппен жойып, олардың 2-і бойынша жаңа шешім, ал 1-ін тараптардың іс Жоғарғы Сот алқасында бітімгершілік келісімге келісуіне байланысты қысқартты. Бұл шешімдердің күші жойылуы себебі бізде жан-жақты талқыланып, алдағы уақытта қателіктер жібермеуге біршама шара алынды.

Солай бола тұрғанымен осы шешімдердің бір-екеуіне тоқтала кетпекпін.

Мәселен, облыстық сот өткен жылы Атырау облыстық салық комитетінің шетелдік “Вестернджико Оверсиз Инк” компаниясына 322 500 392 теңгеге мемлететімізге салық міндеттемесін орындау жөніндегі хабарламасын заңды деп танып, осыған сәйкес шешім қабылдады. Мөлшері 1\3 миллиардты құрайтын салық туралы даудың қаншалықты күрделі екендігі айтпаса да түсінікті. Ал осы іс апелляциялық тәртіппен Жоғарғы сотта қаралғанда, Қаржы министрлігі мен аталған компания бітімгершілік келісімге келіп, сот шешімінің күші жойылып, бұл келісім бекітілді.

Екінші мысал. Атырау облыстық соты табиғат қорғау прокуратурасының талабын қанағаттандырып, “Интергаз Орталық Азия” жабық акционерлік қоғамынан табиғатқа келтірген залалы үшін 158 477 826 теңге өндіруге шешім қабылдады. Ал осы іс Жоғарғы сотта апелляциялық тәртіппен қаралған кезде прокуратураның өзі аталған ЖАҚ-на қойған талабынан бас тартты, осы себепті Жоғарғы сот облыстық сот шешімінің күшін жойып, істі өндірістен қысқартты.

Жоғарғы соттың бұл екі қаулыларының ешқайсысында сот шешімі қате немесе заңсыз деген тұжырым жоқ, алайда бұл жағдай сот жұмысының сапасын төмен көрсетуге ықпал етіп отыр. Сонда бұл сот шешімдерінің күші жойылуына облыстық соттың, немесе бұл істерді қараған судьялардың қандай кінәсі бар? Кім ол судьяларды сауатсыз шешім қабылдады деп айта алады? Мен мұндай мысалдарды басқа да азаматтық, қылмыстық істер бойынша келтіре аламын.

Неліктен біз сот үкімдері мен шешімдерінің күші жойылып немесе өзгеруінің барлығын бірдей сот жұмысынының кемшілігі деп бағалаймыз?

Қолданыста жүрген қазіргі статистикалық формалардың біразы сот жұмысының сапасын дұрыс көрсете алмайды, олар тек жалаң есептік сандарды ғана қамтиды. Осының салдарынан қазір сот қараған істердің сапасы туралы деректер біржақты болып, бұл жай жұмыс сапасын тек төмен деңгейде көрсетуге ықпал етіп отыр. Бұл кімге керек?

Жақында ғана “Хабар” телеарнасындағы “Бетпе-бет” бағдарламасында Жоғары сот кеңесінің төрағасы М.С.Нәрік-баевқа көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарды барлығымыз естідік. Жұртшылық судьялардың жұмысының сапасы туралы мәселеге үлкен маңыз беріп қарап отыр. Олай болса, біз неге өз жұмысымызды шын мәніндегі деңгейінде көрсетуге тырыспаймыз? Қашанғы “қатып қалған” ескі нұсқаулардың құрсауында жүреміз?

Меніңше, сот актілеріне енгізілген әрбір өзгеріске терең талдау жасап, тек соттардың заң талаптарын өрескел бұзғандығынан туындайтын қателіктерді ғана кемшіліктер қатарына есептеу қажет. Бұл туралы бұрын да айтқан ойымды тағы да қайталауды жөн көріп отырмын.

Әділет біліктілік алқасына Комитет төрағасы З.Мақашевтың айтқан сынымен мен де келісемін. Расында да Атырау облысына судьялық қызметке жаңадан тағайындалған судьялардың кейбіреулері қызметіне біраз уақытқа кешігіп кірісті. Өйткені Елбасы Жарлығын алған соң біз қызметке тағайындалған судьяның мекен-жайы мен жұмыс орны туралы деректі не Әділет біліктілік алқасынан, не Сот әкімшілігі комитетінен, немесе Жоғарғы соттан дер кезінде ала алмаймыз. Бір-екі апта өткен соң әлгі кісіні іздеп тапсақ, өзі туралы жарлықты ол өзі де естімеген болып шығады. Осының барлығы бұл кісілердің судьялық қызметіне кешігіп кірісуіне әсер етеді. Сондықтан судьяларды қызметке тағайындау және босату туралы Елбасы Жарлығы тез арада “Заң”, “Юридическая газета” газеттеріне жарияланса дұрыс болар еді деп есептеймін.

Елдің экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңаруына бағытталған Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы Атырау облысы жұртшылығында, олардың ішінде судьялар арасында да үлкен талқылауда болып, шынайы қолдау тауып жатыр. Жолдауда айтылған сот жүйесін жетілдіруге байланысты бірер ұсыныс білдірмекпін.

Жолдауда Президент судьялардың тәуелсіздігі және әділеттілігі жөніндегі мәселеге арнайы назар аударған.

Мен өзім Қазақстандағы қазіргі сот жүйесін әлемдегі ең зайырлы деп саналатын біраз мемлекеттердің сот жүйесімен қатар деңгейде деп есептеймін. Бұл сала маған әбден таныс, өзім аудандық соттың хатшысынан бастап Жоғарғы Соттың судьясына дейінгі барлық сот қызметі сатыларынан өттім. Сонымен қатар осы қызметтерде жүріп бірнеше мемлекеттердің сот жүйесін оқып зерттедім, солардың ішінде Ресей Федерациясы мен АҚШ сот жүйелерін өз көзіммен көріп, таныстым.

Біз кейде әртүрлі саяси ағымдар мен партиялардың жетекшілерінен, кейбір ақпарат құралдарынан судьяларды ел Президентінің тағайындау тәртібі дұрыс емес, оларды халықтың өзі сайлауы қажет деген пікірлерді естіп жүрміз. Бірақ, сырттан қарағанда салмақты көрінетін осы пікір заңға енгізілсе, онда судьялардың нағыз тәуелсіздігі жолында бүгінгі күнге дейін жеткен биіктерімізден кері кетіп, қайтадан жалтақ судьяның жағдайына келетінімізді әсіресе судьялар қауымдастығы жақсы түсінер.

Басқаның жайы басқа, ал судьяны сайлау өткізушілерге немесе өзге де мүдделі топтар мен партияларға, саяси ағымдарға тәуелді етіп қоюдан қоғам ештеңе ұта алмас. Қазіргі конституциялық заңымызда бірнеше жылдар бойы жинақталған тәжірибенің ең саналы, әділ және демократиялық жолдары таңдалынып, судьяларды тағайындау осы жолмен өтуі бекітілген. Сондықтан, бойында әділдік, тазалық, батылдық, мейірімділік сияқты жақсы адами қасиеттер қалыптасқан сауатты судья бүгін ең алдымен – Президенттің қорғауында екендігі, бұл оның тәуелсіздігінің бұлжытпас кепілдігінің бірі екендігін айту қажет.

Ал енді тура жолдан тайып, берген антынан айнып, жауапты лауазымын жеке басының күйкі қамына пайдаланып жүрген парақорлар болса, немесе алдына келген жаннан өзін жоғары қойып, мұңдының мұқтажын, жәбірлінің жанайғайын түсінгісі келмей, кереғарлық пен дөрекілік көрсетіп жүргендер болса, конституциялық заң Президенттің алдына ондай судьядан арылу мәселесін қалай қою керектігін де көрсеткен.

Біздің облыста соңғы үш жылда осындай жеті судьяның жауапкершілігін қарап, оларды қызметтен босату қажеттігі туралы шешімді облыстық соттың тәртіптік алқасы қабылдады. Басқа жерлерде де судьяларға қатаң сұраныс қойылып отырғанын білеміз. Бұл фактілер судьялар бір-бірінің жауапкершілігін қараған кезде корпоративтік құрсауда болады деген пікірдің жаңсақтығын көрсетеді.

Өкінішке орай, бірлі-жарым болса да судьялар арасында парақорлық, өзге де сот этикасына қайшы қылықтар кездесіп қалып жүр. Бұл келеңсіздіктерге ең бірінші кезекте облыстық сот төрағалары жауап береді. Бірақ, мұндай жайлардың алдын алуға біздің қолымызда заңдастырылған дәйекті механизмдер жеткіліксіз. Бұл мәселе туралы мен бұрын да өз пікірімді айтқан едім, тағы да қайталағым келеді. Қазір құқықтық саладағы мемлекеттік органдарда ішкі қауіпсіздік жүйесі құрылған, соның көмегімен көптеген жағдайларда мемлекеттік қызметкерлер тарапынан орын алуы мүмкін заң бұзушылық, сыбайлас жемқорлыққа бейімділік фактілерінің алдын алған шаралар дер кезінде қолданылып жатады. Меніңше, осындай ішкі қауіпсіздік құрылымын қазір сот жүйесінде де құру қажет. Егер мұндай құрылым өзімізде дәйекті жұмыс жүргізетін болса, онда сот жүйесінде де орын алуы мүмкін біраз келеңсіз жайларға алдын ала шара қолданып отыруға мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар, ішкі қауіпсіздік құрылымы судьялардың жеке қауіпсіздігі туралы, оларға қарсы ұйымдастырылуы мүмкін әртүрлі арандатушылық акцияларын болдырмауға да үлкен үлес қосар еді.

Елбасының халыққа Жолдауында қылмыстық сот жүргізу мен сот шешімдері шеңберінде адвокаттардың ролін арттыруды қамтамасыз ету талабы қойылған. Бұл талап бұрын да көтерілген, бірақ оның орындалмауына процессуалдық заңдар ықпал етіп келеді. Біз қылмыстық істе де, азаматтық істе де тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығын жүзеге асырып жүрміз деп қанша айтқанмен, шын мәнінде адвокатты прокурормен процессуалдық сатыда тең бәсекелесе алады деп айтуға болмайды. Өйткені заңды күшіне енген сот үкімдері мен шешімдеріне прокурор келтірген наразылық міндетті түрде жоғары тұрған сотпен қаралатыны көзделсе, ал адвокаттар келтірген шағымдардың сотпен процессуалдық сатыда міндетті түрде қаралуы заңда көзделмеген. Меніңше облыстық соттың қадағалау алқасында барлық қадағалау шағымдар мен наразылықтарды қарап, процессуалдық шешім алуға қазір мүмкіндіктер толық бар.

Барлық қадағалау шағымдардың процессуалдық талаппен қаралуы Жолдауда көрсетілген азаматтардың құқығына берілген кепілдіктерді күшейту жөніндегі талабына да сәйкес келеді.

Егер процессуалдық заңдарға мұндай өзгерістер енгізілер болса, онда қадағалау алқасында тексерілген онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстық істерді, біршама санаттағы азаматтық істерді облыстық сот деңгейінде түпкілікті аяқтауға да мүмкіндік туар еді, мұндай жағдай Елбасының Жолдауындағы сот өндірісін оңайлату туралы талапқа да сәйкес келер еді деп есептеймін.

Тәуелсіз, күшті және әділетті сот жүйесін қалыптастыруда қылмыстық сот жүргізу тәжірибесіне алқа билер соты институтын енгізу де кезек күттірмейтін мәселе, бұл бізде облыстық соттың барлық судьяларының пікірі. Алқа билерінің енгізілуі, меніңше, қылмыстық іс қарауда маңызы зор үлкен екі мәселені шешеді:

- біріншіден, сотталушының қылмыстық әрекетін ҚК жеңілірек баптарына ауыстырып дәрежелеу қажеттілігі туындағанда, немесе ақтау үкімін қабылдау туралы мәселені шешкенде, бұл жай судьяларды жалтақ болудан, судьяны іске мүдделі өзге мемлекеттік органдардың қысымынан қорғайды, сөйтіп әділ үкімнің қабылдануына әсер етеді;

- екіншіден, қылмыстық қудалау органдарын қарамағындағы іске өте мұқияттықпен қарауды, дәлелдемелер жинақтауға үлкен жауапкершілікпен кірісуді, сөйтіп тергеу сапасын жақсартуға мәжбүр етеді.

Мұның екеуі де, айналып келгенде, азаматтардың заңды құқы мен бостандығының бұлжытпай орындалуына, сотта әділдіктің сақталуына тікелей әсер етеді.



Атап айтарлық жәйт - елімізде сотқа қазір көп қамқорлық жасалып отыр. Мемлекеттік биліктің бір тармағы болатын сот билігінің мұңы мен мұқтажы, материалдық жағдайы осыдан 3-4 қана жыл бұрын шешуі не арыда жоқ, не беріде жоқ, атқарушы билікті мезі еткен, соттардан басқа ешкімнің жанына бата қоймаған мәселелер еді. Енді жағдай мүлде басқаша. Қазір мемлекет тарапынан соттарға мінсіз жұмыс істеуге барлық жағдай да, мүмкіндіктер де жасалған. Соңғы жылдары Жоғарғы Сот тарапынан жергілікті соттардың алып жатқан көмегі орасан зор. Біздегі міндет қазір біреу-ақ – ол мемлекеттің осы қамқорлығына тек адал, таза, қажырлы еңбекпен жауап беріп, әрқашан халықтың сенімінде болу.

Атырау облысының судьялары осы міндетін алдағы уақытта да абыроймен атқара беретін болады.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет