Асқорыту мүшелерінде астың қорытылуы мен сіңуі Ауыз
қуысында астың өзгеруі. Ауыз қуысына түскен тағам шайналып
ұсақталып, сілекеймен шыланады. Сілекей тағамның бөлшектерін
жібітіп, оңай жұтылатын түйіртпектерге айналдырады. Сілекейдің
құрамындағы ферменті тек сілтілі ортада көмірсуларға әсер етіп, тағам
химиялық өзгерістерге ұшырайды. Ауыз қуысындағы тағам тіл мен
жұтқыншақтың бұлшықеттерінің жиырылуы арқылы жұтылады. Тамақ
жұтылған соң алдымен жұтқыншаққа, одан өңеш арқылы асқазанға
өтеді. Жұту кезінде көмекей қақпағы жабылады. Тамақ жеп, не ішіп
отырған кезде адам сөйлейтін болса, тамақ түйірлері көмекейге түсуі
мүмкін. Тамақ түйірлері көмекейге түссе, адам шашалады, кейде
тұншығады. Сондықтан да, тамақ ішіп отырғанда сөйлеуге
болмайтынын естеріңнен шығармаңдар!
Асқазанда астың қорытылуы. Ересек адамдардың асқазанының
сыйымдылығы 1,5–2 литр. Асқазанның пішіні мен мөлшері астың түсуіне
байланысты үнемі өзгеріп тұрады. Ұсақ бездерден бөлінетін қарын
сөлінің құрамында су, тұз қышқылы, ферменттер және т.б. заттар
болады.
Асқазанда тағам 3–6 сағаттай уақыт қорытылады да, жартылай
қоймалжың сұйық жентекке айналады. Жартылай сұйық жентек белгілі
бір мөлшерде оқтын-оқтын аш ішекке өтіп тұрады.
Ішекте астың қорытылуы және сіңуі. Асқазанда жартылай
қорытылған ас алдымен ұлтабарға түседі. Ұлтабарға бауырдан келетін
өт қабының және ұйқы безінің өзегі ашылады. Бауырдан келетін өттің
әсерінен майлы тағамдар ыдырай бастайды. Ұлтабарда негізінен
барлық тағамдық заттар қорытылады. Нәруыздар – амин
қышқылдарына, крахмал – қантқа, майлар – май қышқылдары мен
глицеринге дейін ыдырайды. Ұлтабардан ас белгілі мөлшерде оқтын-
оқтын аш ішектің келесі бөліміне өтеді. Мұнда тағамдық заттар ішек
сөлінің әсерінен толық қорытылып, еріген қосылыстарға айналады.
Астың сіңуі. Аш ішектің ішкі кілегейлі қабықшасында өте ұсақ
тұйық өскіндер – бүрлер болатыны сендерге таныс. Бүрлердің сырты бір
қабатты эпителий жасушаларынан түзіледі. Бүрлердің ішкі жағын
көптеген қан және лимфа тамырлары торлап жатады. Бүрлер ішектің
ішкі кілегейлі қабықшасында өте көп болады. Бүрлер арқылы әбден
қорытылған амин қышқылдары мен қант (глюкоза) қанға өтеді.
Глицерин мен май қышқылдары лимфа тамырларына өтеді де, тері
астындағы шел қабатқа жиналады. Амин қышқылдары мен қант
бауырға барып, қайта өзгерістерге ұшырап, бүкіл денеге таралады. Бұл
арада, сендер, қоректік заттардың қанға тек еріген күйінде ғана
өтетінін есте сақтаңдар!
Достарыңызбен бөлісу: |