ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
Отан тарихы №1 (97) 2022
8
балалары үшін мектеп ашу керек, онда олар тек татарша ғана емес, орысша сауаттылықты да
үйренетін болады. Мұны орыс тілін білу қажет екенін түсінген, молдаларға тек мұқтаждық жолында
ғана мойын бұратын қырғыздардың (қазақтардың) көпшілігі қатты қалап отыр», - деп түсіндіреді
(Ильминский, 1891-Б: 136).
Генерал-губернатор В. Григорьевтің ұсынысына құптайды. Губернатордан қолдау тапқан ол
Троицкіде мектеп ашуға қызу кіріседі. 1861 жылдың 1 қыркүйегінде Троицкі орыс-қазақ мектебі
ашылып, өз жұмысын бастайды. Троицк мектебінің мұғалімі болып Н. Мұнсызбаев, ал дін сабағын
оқытушысы ретінде Қазыбай Орынбаев бекітіледі.
Мектептің ашылуына қазақ даласында іссапармен жүрген В. Григорьев арнайы келіп қатысады.
Айтулы оқиғаға орай мектеп ашылған күні ат жарыс-бәйге ұйымдастырылып (Васильев, 1896: 72),
15 қыркүйек күні қазақтардың сыйлы кісілеріне (24 кісі) салтанатты дастархан жайылады
(Веселовский, 1887: 196).
Троицк мектебі туралы В. Григорьев сол жылдың 29-қазанында
Санк-Петербургте шығатын
«Северная пчела» газетінің №241 санында «Троицкий житель» деген бүркеншік есіммен «Открытие
киргизской школы в Троицке» деген мақала жариялайды (Троицкий житель, 1861: № 241).
Троицк қаласы - 1884 жылға, яғни Николаевск уезінің орталығы болып Қостанай қаласына
көшірілгенге дейін Шығыс Орда өңірінің орталығы болып келді. Қалада Шекаралық комиссияның
атынан қарым-қатынас жасайтын тұрақты өкілі (попечитель) қызмет атқарады және өңірді
басқару, сондай-ақ қазынашылық-қаржылық мекемелер жұмыс жасады. Мысалы, 1865 жылы №26
дистанцияның басшысы Сүйінішғали Янбуринге өмірбойлық пенсия тағайындалады, ал оны алу
жолы ретінде Троицк қаласының қазынашылық мекемесі белгіленеді (ГАОО, 7901: 1-2).
Троицк мектебінен кейін 1864 жылдың 8 қаңтарында Торғай, сол жылдың 25 қазанында Ырғыз
бекіністерінде бастауыш орыс мектептері салтанатты түрде ашылады (Васильев, 1896: 65). Оларды
ашудың бірнеше жылдарға созылуының басты себебі мектепке лайық ғимараттардың дайын
болмауына байланысты болады. Ал №1 форт пен Перовск бекінісіндегі
мектептер жайындағы
деректер, А. Васильевтің пікірінше, Орынбор архивінде сақталмаған. Бір белгілісі, 1863 жылы №1
фортқа Ж. Байжанов, Перовскіге Х. Құнанов бекітіледі. 1864 жылы Ж. Байжановты Момын Байдосов
алмастырады (Васильев, 1896: 68).
А. Васильев патшалық Торғай облысына орысша білімді таратудың «Екінші кезеңін» 1869-1891
жылдар аралығы деп көрсетіп, кезеңді үш тарауғаға бөліп талдайды. Тараулардың атауы мынадай:
1. Торғай облысындағы бастауыш қазақ-орыс және орыс мектептері;
2. Қазақ мұғалімдер мектебі (Ор қаласында жұмыс істеп тұрған кезеңі);
3. Торғай облысы қазақтарының балалары үшін оқу орындарында тағайындалған стипендиялар.
Облыс көлеміндегі орыс-қазақ және орыс мектептерінің ашылу тарихы, жай-күйі, қызмет
атқарған мұғалімдері туралы мәлімет берілетін бірінші тарауда 1868 жылдың 21
қазанында
бекітілген Далалық облыстарды басқарудың уақытша Ережесінен кейінгі білім саласында орын
алған өзгерістердің нәтижесі негізінде жүргізілген жұмыстар сипаты баяндалады. Аталмыш Ереже
бойынша, әрбір далалық облыстарға халық ағарту ісі үшін жыл сайын бюджеттен 8 мың руб.
қарастырылу көзделеді.
1870 жылы облыстың әскери губернаторы Орынбор аймағының басшысы Крыжановскийге
облыстағы халық мектептерін дамытудың, халық мұғалімдерін (народный учитель) дайындау
жобасын ұсынады (Васильев, 1896; 79). Орынбор генерал-губернаторы аталмыш мәселелерді
шешу үшін жасақталған арнайы комиссияның отырысында
Торғай облысының басшысына
мұғалімдер дайындайтын семинария мен облыс көлемінде жаңадан ашылатын мектептердің
құрылыс жұмыстарының сметасын жасауды және ауылдарда шығыны аз, оқушының ата-анасы
жанынан айырмайтын, көшпелі тұрмысқа ыңғайлы мектептер жобасын дайындауды тапсырады
(Васильев, 1896: 79).
А. Васильев «Екінші кезеңде» уезд орталықтарындағы бастауыш мектептерді екі сыныптық
үлгіге ауыстыру, болыстардан (волость) бастауыш мектептер ашу жұмысы және қазақ мектептеріне
оқытушылар дайындайтын Мұғалімдер мектебін ашу жұмыстары жүзеге асқанын жазады.
Торғай
облысында мектептар ашу ісіне инспектор Ы.Алтынсарин көп үлес қосқанын ерекше атап өтеді.
Аталмыш кезеңде, Торғай, Ырғыз, Троицкідегі бастауыш мектептер мәртебесі екі сыныптық
дәрежеге өтіп, бастауыш мектептер болыстардан ашыла бастайды. 1887-1891 жылдар аралығанда
7 болыстық мектеп, атап айтқанда, Қарабұтақ, Бөрте, Обаған, Жетіқара-Шұбар, Қаратоғай,
Әулиекөл, Меңдіқара болыстарында бастауыш мектептер өз жұмыстарын бастайды. 1883 жылы
Торғайда Ы. Алтынсаринның бастамасымен Яковлев атындағы кәсіптік мектеп салтанатты түрде
ашылады. Сонымен қатар облыс әкімшілігі қыз балалар үшін 1887
жылы Ырғызда орыс мектебін,
1891 жылы Торғайда орыс-қазақ, Қостанайда орыс мектебінің жұмысын жолға қояды. Ырғыздағы
орыс ұлтының қыздары үшін ашылған орыс мектебі жанынан қазақ қыздары үшін 20 орындық
интернат жұмыс жасаса, Торғайдағы мектепте алғашқыда 12 қазақ қызы, 10 орыс қызы білім алады.
Облыс әкімшілігінің назарынан оңтүстіктегі уездер ғана емес, солтүстіктегі уездер де