Отан тарихы №1 (97) 2022
ISSN 1814 - 6961 E-ISSN: 2788-9718
7
Кіріспе. Торғай халық мектептерінің инспекторы (1889-1895 жж.) лауазымын атқарған Александр
Васильевич Васильев қызметтен кеткеннен кейін 1896 жылы Торғай облысына орыс білімінің
таралу тарихын баяндаған «Исторический очерк русского образования в Тургайской области»
деп аталатын анықтамалық-деректік мазмұндағы тарихи зерттеу еңбегін жариялайды.
Очерктің
аты айтып тұрғандай, бұл зерттеу - патша заманында Орынборға қараған Торғай облысында орыс
тілді мектептердің тарихы мен дамуын баяндаған еңбек. Автор өз зерттеуіне қазақ даласына орыс
білімін таратудың идеологтары В. Григорьев, Н. Ильминский сынды тұлғалардың еңбектерін, орыс
әкімшілігі тарапынан шыққан құжаттарды, архивтік материалдарды пайдаланып, Торғай облысында
білім жүйесінің қалыптасуы туралы статистикалық мәліметтерге сүйенген мол деректер келтірген.
А. Васильевтің еңбегі Торғай облысының білім беру жүйесін зерттеген алғашқы жүйелі
зерттеулердің бірі. Осы ерекшелігімен очерктің тарихи және деректік
мән-мазмұны өте бағалы әрі
құнды.
Мақаланың мақсаты – А. Васильевтің аталмыш тарихи еңбегін түпнұсқадан талдай отырып,
оның тарихи деректік жән танымдық мән-маңызын талдау. Сонымен қатар тарихи очерктің
анықтамалық сипаттағы деректері арқылы қазақ даласында орыс білімі жүйесін қалыптастыруға
атқарған лауазымдық қызметтері тұрғысынан септігін тигізген шенеуніктердің, ағартушылық салада
қызмет
еткен мұғалімдердің, білім қуған шәкірттердің қатарын анықтау, оны өлкетанушылық
мағлұматтармен толықтыру да мақаланың басты мақсаттарының бірі.
Материалдар мен қолданылған ғылыми әдіснамалар. Мақалға А. Васильевтің 1896 жылы
Орынбор қаласында басылып шыққан «Исторический очерк русского
образования в Тургайской
области» деп аталатын кітабының түпнұсқасы, Қазан университеті, Орынбор облыстық архивтерінің
мұрағаттары, сондай-ақ патшалық Ресей тұсында баспадан шыққан қазіргі таңда өте сирек
кездесетін тарихи еңбектер мен мерзімді басылымдардағы жазбалар пайдаланылды. Зерттеу
әдіснамасына гуманитарлық ғылымдар саласында қолданылатын салыстыру,
аналитикалық
сараптау, жинақтау әдіс-тәсілдері пайдаланылды.
Нәтижелер. Патша үкіметінің отаршылық саясатына қарсы қару алып күрескен Кенесары
ханның қозғалысын ауыздықтау мақсатында қазақ даласының ішкі өңірлеріне Орынбор (Торғай),
Орал (Ырғыз), Райым, Н. Перовск сынды әскери бекіністер салады. А. Васильевтің пікірінше, әскери
бекіністерде мектеп ашудың нақты бастамасы Орынбор және Самара губернияларының генерал-
губернаторы Катениннің 1858 жылы Торғай бекінісіне жасаған сапары барысында қолға алынды.
Сол сапарда губернатор №53 дистанцияның басшысы, сұлтан Жәңгіровке (Джангеровке) жергілікті
халықтан бекіністе орыс мектебі ашылса, балаларын оқуға беруге ықыласты бола ма, болмай ма
деген мәліметті жинауды тапсырады. Жергілікті тұрғындар генерал-губернатордың сауалын
құптайды. Халықтың қолдауынан хабардар болысымен Орынбор әкімшілігі іске кіріседі. 1859 жылы
генерал-губернатордың міндетін атқарушы Балкашин Шекаралық комиссияға мектептің жұмысын
жолға қою туралы ұсыныстар дайындауды тапсырады. Бұған
Шекаралық комиссия төрағасы,
білім мен ғылымға жаны жақын В.В. Григорьев құлшына кіріседі. Ол мектептердің қай бекіністерде
ашылатынын айқындап, мектептердің жұмысын жолға қоятын жалпы Ережені дайындайды,
ал гарнизон инженері, поручик Алексеев мектеп ғимаратының
сызбалық жобасын жасайды
(Васильев, 1896: 59-63).
Достарыңызбен бөлісу: