Ішкі құлақтың немесе шытырманның (лабиринт) құрылысы күрделі болып келеді. Оның ішкі
жағында орналасқан жарғақты түтікшелердің ішінде эндолимфа сұйықтығы болады, оны кейде
жарғақты шытырман деп те атайды. Оның сыртын сүйекті шытырман қоршап тұрады. Жарғақты
шытырман мен сүйекті шытырманның арасын перилимфа сұйықтығы толтырып жатады.
Сүйекті шытырман үш бөліктен (кіреберіс, ұлулы дене және үш жарты иірім өзекшелер) тұрады.
Кіреберіс бөлік екі тесік арқылы ортаңғы құлақтағы дабыл қуысымен байланысып тұрады. Ондағы
жоғарғы сопақша тесікті үзеңгі сүйегі жауып тұрады. Ал, төменгі дөңгелек тесікті жұқа жарғақ керіп
тұрады. Ішкі құлақтағы үш жарты иірім өзекшелер де кіреберіс бөлікке келіп ашылады. Ішкі құлақтағы
сүйекті ұлулы дененің пішіні конус тәрізді. Ондағы орамды өзекше 2,5 иірім жасап орналасқан.
Кіреберіс пен үш жарты иірім өзекшелерді қосып вестибулярлық аппарат деп те атайды.
Вестибулярлық аппарат пен ұлулы дене бір-бірімен өте тығыз байланысты. Бұлармен мидан тарайтын
VIII жұп есту жүйкесі байланысады. Есту анализаторының орталығы ми қыртысының самай бөлігінде
орналасқан.
Дыбыс талдағышының жас ерекшелігі. Жаңа туған сәбидің сыртқы құлақ түтігі тар, оның
терісінде түктер көп болады. 1 жасқа дейін құлақ түтігі өсіп, ұзарып кеңейеді. Сәбидің ортаңғы құлағы
сұйыққа толы болады да, біртіндеп барып ауаға толады. 1 жастағы балада Евстахи түтігі қысқа, кең, түзу
болады.
Жаңа туған сәбидің дыбыс нерві әлі миелинденіп болмаған, төрт төмпешіктің және басқа
аймақтарының нейрондары дифференцияланбаған. 1 жаста дыбыс жүйкесі жылдам дамып жетіледі де, 4-
6 жаста ересек кісінің дыбыс жүйкесімен бірдей болады.
Баланың дыбыс есту қабілеті алғашқы жылдың ішінде тез жетіліп, қарапайым дыбыстарды есту
қабілеті болады. Тіпті 1 жастан аса музыкалық қарапайым әуенді аздап ажырата алады. Дегенмен ми
қыртысындағы дыбыс орталығы алғашқы жылы нашар жетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |