44
риясын морфологиялық категория ретінде қарау жеткіліксіз. Оның
сөз тұлғасын өзгертуі, сөзді түрлендіруі морфологиялық категорияға
тəн белгісін танытса, сөйлемдегі сөздерді өзара байланысты-
рып, септестіру арқылы белгілі бір қызмет атқаруы синтаксистік
категорияға қатысты екендігін көрсетеді. Бұл белгісі оны сандылық
немесе көптік жəне тəуелдік категорияларынан ерекшелендіреді.
Септік категориясының сөз таптарына қатысына келсек,
К. Аханов септік категориясын əртүрлі тілдерге жəне олардағы есім
сөздерге тəн грамматикалық категория ретінде түсіндіріп, түркі
тілдерінде грамматикалық
септік категориясы, негізінен алғанда, зат
есімдер мен есімдіктерге тəн категория болып танылатындығын ай-
тады.
Түркі тілдеріндегі септіктерді кеңістік қатынасты жəне
грамматикалық қатынасты білдіретін септік жалғаулары деп екі үлкен
топқа бөлу дағдысы бойынша қазақ тіліндегі септік жалғаулары да
грамматикалық жəне кеңістікті білдіретін септік жалғаулары болып
екіге бөлінеді. Септік жалғауларының бұл топтары қызметі жағынан
өзара ерекшеленеді. Бастауышты, нақты айтқанда, субъектінің
тікелей өзін, тəуелділігін жəне нысанын, яғни бастауышқа қатысты
белгіні білдіру грамматикалық септіктердің
негізгі қызметі болса,
қимылды, оның мекенін, мезгілін, нақты өту орнын білдіру кеңістікті
білдіретін септік жалғауларының қызметі ретінде анықталады.
Септік жалғауларын грамматикалық жəне кеңістікті білдіру
сипатына қарай топтастыруда қарама-қайшылықтар кездеседі.
Мəселен, кеңістік қатынасты білдіретін барыс септігі «Қазақ тілінің
грамматикасында» (1967) грамматикалық септіктер қатарында
қарастырылады. Ал «Қазақ грамматикасы» (2002) мен жекеле-
ген еңбектерде барыс септігі кеңістікті білдіретін септік жалғауы
ретінде өзінің грамматикалық мағынасы мен қызметіне сəйкес топта
қарастырылады.
Сонымен,
грамматикалық септіктерге атау, ілік, табыс септіктері,
кеңістікті білдіретін септіктерге барыс, жатыс, шығыс жəне
көмектес септіктері жатады. Септік жалғауларын грамматикалық не-
месе кеңістік қатынасты білдіруіне қарай топтастыруда əрбір септік
жалғауының бастауышқа немесе қимылға қатысты грамматикалық
мағынасы негізге алынады.
Қазақ тіліндегі атау септігі басқа септік жалғауларынан арнайы
грамматикалық қосымшасының болмауымен ерекшеленеді. Атау
септігінің осы ерекшелігі, оның сөздің септік жалғауын қабылдамай
45
тұрғандағы күйі басқа септік жалғауларына негіз болатын атау
тұлғадағы сөз ретінде танылуына себепші болады.
Ғалымдар атау
септігінің басқа септіктермен арақатынасы, септіктер жүйесіндегі
орны мен қызметіне қатысты түрлі тұжырымдар жасайды.
А. Ысқақов атау септігін, бір жағынан, басқа септіктердің форма-
лары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған
негізгі форма, екінші жағынан, тек белгілі бір затты атау үшін ғана
емес, одан əлдеқайда кең грамматикалық қызмет атқаратын, арнайы
талдайтын негізгі форма ретінде қарастырса, С.
Исаев бұған қарама-
қайшы пікір айтады. Ғалымның тұжырымдауынша, атау септігі –
өзіне тəн мағынасы бар, сөйлеу үдерісінде басқа септіктер сияқты
өзге сөздермен синтаксистік байланысқа түсіп, белгілі бір қызмет
атқаратын, нөлдік көрсеткіші бар септіктердің бір түрі. Сонымен,
атау септігі – қимылдың логикалық субьектісі мен нысанын, субстан-
циясын білдіріп, сөйлемде предикатпен грамматикалық байланысқа
түсетін, өз алдына дербес септіктің бір түрі.
Ілік септігі қазақ тілінде меншікті заттың иесін білдірудің
көрсеткіші ретінде зат есімнің тəуелдік
категориясымен тығыз бай-
ланысты болады. Септіктің бұл түрі, негізінен, зат есіммен немесе
оның орнына қолданылатын сөзбен байланысып, меншіктілік, иелік
мағынаны білдіреді. Сөйлемде ілік жалғауымен келген сөз өзі байла-
нысатын тəуелдеулі сөздің грамматикалық мағынасын толықтырып
тұрады. Мысалы,
Достарыңызбен бөлісу: