Мақсат, міндеттері. Мақала авторларының алдына қойған басты мақсаты, халықтың ауызша
тарих айту дәстүріне негізге ала отырып, қазақ тарихының кейбір мәселелерін, ауызша тарих айту
дәстүрінің басты көрсеткіші – шежіре арқылы ашуға болатынын көрсету болып табылады.
Осы мақсаттан шыға отырып, алдыға қойылған кейбір міндеттерді шешуді көздейді. Атап
айтсақ, біріншіден шежіреге қатысты талдауға түсіп отырған еңбек авторларының көзқарасын тарихи
тұрғыдан көрсету. Екіншіден, мақалада берілген еңбектердегі шежіренің сыныпталу мәселесін
көрсетіп, талдап өту. Үшіншіден, әр тарихи кезеңдерде жазылған еңбектерді өзара салыстыру арқылы
өзіне тән ерекшеліктерін көрсету және шежіренің - ұлттық тарихтың басты дерегі ретінде
маңыздылығын ашу.
Методологиялық бөлім және дереккөздер. Бұл мақалада біз тарихи зерттеулерде көп қолданы-
латын – салыстырмалы - тарихи әдісті, уақыт бойынша жүйелейтін –мерзімдік әдісті және жалпы
қоры-тынды шығаруға көмектесетін логикалық және жүйелілік әдістерді қолданамыз. Сонымен қатар,
осы уақытқа дейінгі шыққан еңбектерге сараптама жасай отырып, талдау әдісін де пайдаланамыз.
Мақаланың деректік қорларына, осы уақытқа дейін шыққан қарастырылып отырған мәселе бойынша
отандық және көршілес мемлекеттерде жарық көрген жазбаша шежіре нұсқалары мен ауызша шежіре
жинақтары жатады.
Талқылау. Қазақ шежірелерінің жазбаша нұсқалары ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында жарық көре
бастады. Ол шежірелердің авторлары сол кезеңнің білімді азаматтары – Қ. Халид, Ш. Құдайбердіұлы,
М.Ж. Көпейұлы, т.б. 1910-1911 жылдары Қ. Халид пен Ш. Құдайбердіұлының еңбектері жарыққа
шықса, бұдан ертеректе 1903 және 1907 жылдары Н. Наушабайдың және М.Ж. Көпейдің еңбектері
баспадан шыққан болатын. Бұл еңбектің әрқайсысының өзіндік құндылығы, өзіндік ерекшелігі бар.
Бұл еңбектерде тек қана қазақтардың дәстүрлі тарих айту салты ғана емес, оған араласа мұсылман –
араб дүниесінің де сарқыншақтары кездеседі. Әр еңбекте әртүрлі көзқарастар келтіріледі, әр еңбекте
қазақтар түркі, мұсылман әлемінен жеке қарастырылмайды және әр автордың деректері әртүрлі
бағытта беріледі. Мысалға, кезінде Қ. Халид көбінесе шығыс авторларының мәліметтеріне сүйенсе, Ш.
Құдайбердіұлы шығыс пен батыс деректерін қатар алып жүрсе, ал Мәшћүр Жүсіп көбінесе дәстүрлі
шежіреші қариялардың деректеріне сүйенген болатын [1; 15 б.]. Н. Наушабайұлы қазақ шежіресін
жазуда өзіндік ерекшелігі бар ақын. Н. Наушабайұлының еңбектеріне қарай отырып, жырмен өрілген
шежіренің қасиетін көре аламыз. Бұл жерде, тек өлеңдік ұйқастық қана емес, тарихи фактілердің
оңтайлы келтірілуі автор еңбегінің маңыздылығын көрстетіп тұрғандай [2; 17-19 бб.].