Зерттеу нәтижелері. ХХ ғ. қарсаңындағы ірі ғалым, қоғам қайраткерінің бірі М.Ж. Көпейұлының
шығармасы ауызша тарих айту дәстүрін жинақтап, қағазға түсіруде ірі бір еңбек болып табылады.
Ақын, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы М.Ж. Көпейұлы В.В. Радловпен кездескеннен кейін
қазақтың ауыз әдебиеті мұраларын жинап, жүйелеп бастыру ісімен шұғылданды. Қазақтардың ауыз
әдебиеті мұралары – дастандар, тарихи жырлар, айтыстар, шежірелер жинап, «Көрұғлы», «Ер Көкше»,
«Ер Сайын» дастандарын хатқа түсірді. Бұқар жырау, Үмбетей, Шернияз, Көтеш, Шөже ақындардың
өлеңдерін, жыр-толғауларын ел аузынан жазып алып, фольклористер мен тарихшыларға мол
материалдар қалдырды. Автор даланың әр түкпірінде болып, әртүрлі ақын, жырау, ертегішілер,
шежіреші қариялар, ақсақалдармен жолыға отырып, солардан естіген әртүрлі шежіре нұсқаларын
жазып, шығыс елінің ірі ғылыми, мәдени - ағарту орталықтары – Бұқара, Ташкент, Қоқан,
Самарқандта болған болатын. Автор еңбегінің басты ерекшелігі, түпдерек ретінде тек, халық ауыз
әдебиетінің бір саласы – шежірені пайдалануы. Ол шығыс пен батыстың мәдениетінен хабардар болса
да, жергілікті шежірені дерек ретінде кеңінен пайдаланған [3; 11-16 бб.]. М.Ж. Көпейұлының
еңбегінде жергілікті жердегі уақыт санау, ұрпақ саны, т.б. категориялар және жергілікті халықтың –
«тыңдау, есте сақтау, ұрпағына жеткізу» тәсілі арқылы жеткен ауыз әдебиеті үлгілері кеңінен
қолданылған. Ол естіген мағлұматтарын өзгертпей, сол күйінде ұсынған. Ондағы басты мақсаты,
шамасы жеткенше әртүрлі шежіре нұсқаларын, тарихи оқиғалардың әр түрін ортақтастырып, солардан
сараптау арқылы ұлттық тарихты жазып шығу болса керек. Сонымен қатар, өз еңбегінде мәліметтерді
нақты тарихи уақыт бойынша емес, халықтың санасында маңызды орын алатындығына қарай отырып
сипаттаған. Ол жерде, негізінен ұлы тұлғалар мен тарихи оқиғалар баяндалғанда, нақты жыл, ай,
күннің көрсетілуі өте аз. Бір сөзбен айтқанда М.Ж. Көпейұлының еңбегінде
мұсылмандық жыл санау, не христиандық күнтізбе бойынша баяндалған уақыт жүйесін
кездестірмейміз [3; 15-16 бб.]. Ол кісінің еңбегінде, 12 - жылдық дәстүрлі жыл санау уақыты немесе
ұрпақ саны бойынша есептелетін жыл санау жүйесі (5 - атада, 3 - ұрпақта, т.б.) кеңінен
пайдаланған. Шежірелік-жылнамалық сипаттама жазылған бұл шығармада атақты билеушілердің іс-
әрекеті қысқаша, тартыла баяндалып, шежірешінің өз пікірлері де беріледі. Ал, тарихи дерегі аз,
тарихта белгісіз хандардың тек есімі ғана аталып өтеді. Қазақ хандығының негізін салған әз Жәнібек
ханның шежіресі туралы М.Ж. Көпейұлы еңбектерінде әр түрлі деректер орын алған. Мұның өзі
автордың мағлұматтарды жинастыруда бір ғана мағлұматпен шектелмей, барынша жан-жақты
нұсқаларды қамтуға тырысқаны байқатады [3; 21-22 бб.]. Сонымен қатар, Көпейұлының шежіресінде
Абылай хан, Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Қабанбай, Бөгенбай, шанышқылы Бердіқожа, Ұлбике,
Шернияз сияқты тарихи тұлғалар жан-жақты сөз болады Бұндай деректер Қ. Халид еңбегінде де
көптеп кездеседі.
Қ.Халидтің «Тауарих хамса» (бес тарих) атты кітабы негізінен шағатай тілінен жазылған. 1910
жылы Қазан қаласындағы баспадан шыққан. Қ. Халид қазақтың көптеген қалалары мен ауылдарын
аралап, тарихи-этнографиялық материалдар жинап Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы қалаларында татар-
башқұрт ақын-жазушылармен, ғұлама ғалымдармен, баспа қызметкерлерімен танысады. Алғашқы
еңбектерінің бірі 1889 жылы Қазанда басылып шыққан «Тарих-и жәредә-и жәдидә» еңбегі. 1897 жылы
қажылық сапарға шығып, жолшыбай көптеген Еуропа мемлекеттерінде, Түркияда, бірнеше араб
елдерінде болып, тарихи шығармалармен танысады. 1910 жылы жинаған мәліметтері негізінде, Қазан
қаласында «Тауарих-и хамса-и шарқи» (Шығыстағы бес елдің тарихы) атты еңбегі жарық көрді. Автор
өз еңбегінде, жүрген жерінде естіген, жинаған, жазған материалдарымен шектеліп қана қоймай, өзінен
бұрынғы ғалымдар жазған отызға жуық әртүрлі ғылыми еңбектерді де молынан пайдаланған. Оның
ішінде, ат-Табари (ІХ ғ.), Ж. Баласағұн (ХІ ғ.), ибн-Халдун (ХІҮ ғ.), Мирхонд (ХҮ ғ.), Әбілғазы (ХҮІІ
ғ.) секілді ортағасырлық озық ойлы ғалымдардың еңбектері мен өзінің замандастары - В.В. Радлов,
А.Вамбери, Н.Катанов, т.б. шығыстанушылардың еңбектері бар. Еңбектің басты құндылығы,
Қазақстан және Орта Азия жерін мекендеген тайпалар мен рулардың көне және ортағасыр заманының
тарихына үңілтеді. Соның ішінде Қараханид, Алтын Орда, т.б. ел тарихында талдау жасалған және бір
көңіл аударарлық мәселе - Батыс Қытай, Шығыс Түркістан елінің қалыптасу кезеңі жөнінде
мәліметтер толығырақ берілген. Қ.Халидтің еңбегінің тағы бір маңыздылығы, қазақ халқының тұрмыс
– тіршілігін, этнографиясын жан-жақты талдай-ды. Әсіресе, қазақтың өзімен бірге жасап келе жатқан
ауыз әдебиеті мен мәдениетіне ерекше көңіл ауда-рады. Қазақ руларының шежіресіне талдау жасап,
үрім-бұтақтарын таратады [1; 22-26 бб.]. Автор еңбегін-де жыл санау өзіндік ата жасымен жүзеге
асады. Қазақ сөзінің шығу төркінін баяндағанда басты назар-ды – тәжік, түркі атауларын өзі
түсінбегендіктен басқалармен таласуы ағаттық, өзгелер біздің қазақ тілін өз ордасынан да артық білем
деп таласуына болмайтынына аудару керек екенін атап өтеді [1; 23-24 бб.].
Кезінде Абай атамыздың ауыл ақсақалдарымен тарих қойнауында жатқан тарихи аңыз-әңгімелер
жайлы сөйлесіп, тарих туралы сырласуы, сол заманның көзі ашық азаматтарының халық ауыз
әдебиетінің маңыздылығын түсіне білгеннің көрінісі болса керек. Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі
қайдан шыққаны туралы» атта жазбасында (әзір біз оны тарихи мақала санатына қосып жүрміз) қазақ
халқының арасында тараған шежіре, аңыз-әңгіме атаулының қазақтың арғы шыққан тегін ислам діннің
ыңғайына бұрып, араб сахабаларынан шығару сарынына қарсы, сол жалған танымға тойтарыс беру
мақсатымен жазылғанын көреміз. Бұның басты себебі, біріншіден әкесі қажы бола тұрғанымен
Абайдың қазақ шежірелеріндегі сарынның негізгі әуезін терең түсіне білгендігінде. Екіншіден, Ресей
империясы-ның Шығыстағы отар елдерінің шекарасын айқындағаннан кейін, қарапайым халық
арасында діни-миссионерлік саясат мемлекеттік деңгейде жүргізіле бастады.
Абайды көріп, үлгі тұтып өскен немере інісі – Шәкәрімнің осы салаға қалам тартуына түрткі
болған жағдайлар осы болуы да мүмкін. 1911 жылы Орынборда басылым көрген «Түрік, қырғыз-қазақ
ћәм хандар шежіресі» деген іргелі еңбегі Абай дәстүрінің жалғасы ретінде болды. Қазақ ақыны,
ойшыл - аудармашысы Шәкәрім орыс, араб, парсы,түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс
әдебиетін оқыды. Алғашында өлең жазудан бастаған ол, есейе келе қазақ поэзиясының философиясын
дамытты. Абайдың жанында болуы, оның өмірге деген көзқарасын, тарихи танымын дамытты. 1905
жылы қажылыққа барған Шәкәрім Стамбұл, Париж кітапханаларынан қазақ халқының тарихына
байланысты материалдарды жинап, тарихи еңбегін жазып, көптеген Батыс әдебиетінің үлгілерін
қазақшаға аударды. Ал, Шәкәрім шежіресі алғаш рет 1911 жылы Орынбор қаласында Кәрімов пен
Құсайыновтың біріккен баспасында жарық көрді [4; 15-25 бб.]. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін,
тоталитарлық, геноцидтік саясаттың өршіп кетуінен, халыққа Шәкәрімнің атын айтуға, шежіресін
пайдалануға тыйым салынды. Шәкәрім шежіресі-нің халықпен қайта жүздесуі 1991 жылы болды.
«Жұлдыз» журналында Шәкәрімнің шежіресінің қазақша нұсқасы берілді. Шәкәрім қажының еңбегі
жанрлық сипаты жағынан - тарихи шежірелер тобына кіреді. Бұлай айтуымыздың басты себебі, автор
өз еңбегінде батыстық тарихнамалық баяндау жүйесін көбірек пайдаланған. Батыс пен шығыс
авторларының еңбектерін салыстыра отырып баяндау, кез-келген еңбекті сынау, күмән келтіру, кез-
келген ауызша деректің басқа деректермен (жазбаша) дәлелденуі қажеттілігі, т.б. Шәкәрімнің еңбегін
басқа еңбектерден ерекшелеп тұратыны айқын. Шығыс, батыс авторларын қолдана отырып, жергілікті
ауызша тарих айту дәстүрін жаңаша бағытта зерттеуге жол ашқан ғұламаның еңбегінде дәстүрлі жыл
санау (мүшелдік), ата жасы арқылы санау (ұрпақ жасы – 20-30 жыл) кеңінен қолданды [4; 24-25 бб.].
Шәкәрімнің еңбегінің тағы бір ерекшелігі, оқиғалар бей берекетсіз емес, өткеннен болашаққа, атадан –
ұрпаққа қарай жүру бағытында баяндалып, рет-ретімен келтіруі мен таңбалар мен ұрандарды қатар
қойып, салыстырып, оларға баға беруінде жатыр. Шәкәрімнің шежіресінен біз – кеңістік, оқиға, тұлға,
уақыт айырмашылығы мен олардың баяндалуының өзіндік ерекшелігін көре аламыз.Шәкәрім бұл
еңбегіне қатысты мағлұматтарды ХІХ ғ. аяғынан бастап жинастырып, ХХ ғ. басында бір жүйеге
келтіріп, баспадан шығарған болатын. Шәкәрім шежіресінің негізгі ерекшелігі сонда, ол бірінші рет
жүйелі түрде жинақталған қазақ шежіресін баспадан шығарған болатын. Оған дейінгі белгілі
Әбілғазының «Түрік шежіресі» (кейде «Түркімен шежіресі») көбіне төрелердің, хан-сұлтандардың
шежіресімен шектелсе, Шоқанның қазақ шежіресі жайлы зерттеулері аяқсыз қалды, ал ел ішінде ірілі-
ұсақты, жақсылы-жаманды ауызша немесе қағазға түсірілген жүйеленбеген шежірелер көптеп
кездесті. Шәкәрімнің еңбегінің басты маңыздылығы, қазақтардың дәстүрлі шежіре тарқату негізінде,
жалпы түркі елдерінің ата-тегін, түп-төркінін таратуға ұмтылыс жасауында жатыр. Шәкәрім
шежіресіне дейін, 1910 жылы баспадан шыққан, қазақ шежіресіне қатысы бар Қ. Халидтің еңбегі
шағатай тілінде жазылған. Ал ол еңбек тек 1992 жылы қазақ тіліне аударылып, баспадан шықты.
Сондықтан да, Шәкәрімнің шежіресін қазақ тілінде жазылған алғашқы еңбек ретінде айта аламыз.
Қазақ шежіресінің қазақ тарихындағы, қазақ қоғамындағы орнын анықтаған ғалым, саяхатшы-
этнограф, географ Ш.Уәлихановтың еңбегі болатын. Қазақ шежіретануының осы бір аяулы азаматтың
есімімен байланысты болуы бір ерекше жайт. ХІХ ғасырда Патша өкіметінің Қазақстан жағрафиясына
кеңінен назар аударуының нәтижесінде, қазақ жеріне аттандырылған көптеген әскери-стратегиялық,
зерттеу экспедицияларының қорытынды материалдарымен танысқан Шоқанның туған өлкенің
этнографиясына, жағрафиясына деген қызығушылығы арта түсті. Оның үстіне, өзіне жақын деген
адамдар санатына кірген, белгілі зерттеушілер Г.Н. Потанин, Н.Ф. Аннинский, Н.Ф. Костылецкий,
И.Н. Березин, т.б. көзқарастары мен ұстанымдары туған өлкенің бай жағрафиялық, тарихи-
этнографиялық мұрасына деген құмарлығын арттыра түсті [7; 28-36 бб.]. Н.Ф. Костылецкий бірнеше
жылдар бойы қазақтың халық эпосын зерттеумен шұғылданып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»
поэмасының ежелгі нұсқасын орыс тіліне аударды. И.Н. Березиннің арқасында, Шоқан ертедегі жазба
ескерткіштерді зерттеуге құлшыныс танытты. Г.Н. Потанинмен бірігіп жүргізілген этнографиялық
зерттеулер де өз жемісін берген болатын. ХҮІІІ ғасырда жасалған ұлы шежірелердің бірі туралы сөз
еткен Ш. Уәлиханов Шал ақын Құлекеұлының еңбегіне өзіндік баға береді. Шоқанның айтуынша, ол
ақын Абылайдың замандасы. Шал ақын өз еңбегінде тарихи аңыздарды жинап, қазақтың түп-төркінін
Алаша ханнан бастап, өз атасы Құдайбердіге дейін таратқан [8]. Шежіре арқылы, ғалым туыстық
жағынан біріккен жақын рулар бас сауғалап, жаңа жерге келіп, сол жерге өздерінің рулық-тайпалық
әдет-ғұрпын ала келіп, халықтар мидай араласып, әлсіздерді әлді рулар қосып алып, ірі-ірі жүз, ірі-ірі
одақтар құрылғанын, халықтың әуелгі шыққан тегін ғылыми тұрғыдан дәлдікпен анықтаудың мүмкін
еместігін,
бірақ
олардың
аңыз-әңгімелеріндегі
оқиғалардың
нақтылы
ақиқаттығымен
таңдандыратынын айта келе, «дала жыр-дастандары өзінің қарапайым, ұғымды шынайылығымен –
нақтылы өмірден алшақтамайтындығымен құнды. Онда, ертегідегі сенімсіз сиқырлы қимыл-әрекет
кездеспейді... аңыз-дастандардағы тарихи оқиғалар, тегі қазаққа жақын Әбілғазы жазған «Түрік
шежіресі» атты және сондай-ақ, әсіресе (Ждами, ат-таварих) шежіредегі деректерден
алшақтамайды» деп жалпы шежіре мен ертегі, аңыз бен тарихи жырлар арасындағы айырмашылықты
көрсетеді [7; 25-27 бб.].
Ғалым Ә.Н. Бөкейханов “Орта жүз. Қазақ рулары” деген атауымен жасаған 18 этникалық кестесі
арқылы қазақ руларының қоныстануын көрсеткен. Ә.Н Бөкейхановтың бұл шежіре-кестесінің
деректері 1898-1899 жылдары жиналып, 1905 жылы Санкт-Петербургте жарияланған “Каргалинский
уезд” кітабында (Ф.А. Щербина экспедициясының VI томында толық нұсқасы бар) жарық көрді.
Әзіргі шежірелердің біразы ата таратуды Нұқ пайғамбардан бастаса, екіншілері қазақ нәсілін араб
жұртынан туғызады, үшіншілері бүкіл Орта Азия халықтарын бір-ақ кісіден тартады, яғни ата
таратуда әлі күнге дейін қалыптасқан бірізді жүйе жоқ. Осының бәрі онсыз да ұмыт болып, әрі әрбір
ру-ата бойынша ауызекі айтылатын, ел жадында сақталған түрліше шежіре нұсқаларын бұрыңғыдан
да шатастырып, ата-тегін білгісі келген жас ұрпақ өзінің этникалық тарихы, танымы жайында нақтылы
деректер ала алмай келеді. Бөкейханов кестесі де ХХ ғасырдың басында, нақ осындай олқылықты –
шежіре таратудағы кереғарлықты біршама жүйеге бұрып нақтылау үшін, бұрын орын алып келген
қате таратуларды түзету мақсатымен ұсынылған болу керек. Ә. Бөкейханов бұл деректерді Д.
Сатыбалдин есімді көмекшісі екеуі 1898-1899 жылдарда қағазға түсірген. Кейбір ескертулеріне
қарағанда, қазақ қауымы білетін барлық жазба шежірелерден әлденеше жыл бұрын қағазға түскен. Сол
себепті бұл кестелердің нақтылығы ғылыми дәлдігі ерекше құнды. Екіншіден, Әлихан сынды шынайы
ғалым адам өзі анық білмейтін жайтты қағазға түртіп, әрі оны жария етпесе керек-ті. Үшінші
Ә.Бөкейханов Қарқаралы уезінің тумасы, демек ол өзі туып-өскен, ерекше жақсы білетін құндылығын
көркейте түспек [14].
А.Байтұрсынов өз кезегінде әзірде шешімін таппай жатқан шежіренің ғылыми анықтамасы
мәселесінің шешілуіне өзіндік әсерін тигізген болатын [9; 15-17 бб.]. Сондықтан, автордың осы
мәселеге арналған мақаласын сол қалпында беруге шешім қабылдадық. Автор әдеби жанрлардың
түрлеріне тоқтала отырып, әуезелерді «1) шежіре, 2) заман хат, 3) өмірбаян, 4) мінездеме, 5) тарих, 6)
тарихи әңгіме және т.б. деп бөледі. Оның ішінде, Шежірені талдай келе, өткеннен дерек беретін сөздің
бір түрі ретінде көрсетеді. Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің түс, туысы көп айтылады. Сондықтан
шежіре уақиға сарынымен емес, уақыт, туыс сарынымен айтылатын әуезе табына жатады. Шежіре
болған уақиға жайынан сөйлесе, себебін, мәнісін айтпай, тек болғанын айтады да қояды» дей келе,
тарих сөзіне анықтама береді [9; 125 б.]. «Шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме - бәрі де тарихтың
жемі есебіндегі нәрселер. Тарих олардың айтқанының бәрін ала бермейді. Аударып, түрлі жағынан
қарап, түрлі мағлұматтармен салыстырып, сипатталған мағлұматтарды ғана алады. Тарихшылардың
мақсаты уақиға-ның уақытын ғана көрсету, не түрде болған тысқы сиқын ғана көрсету емес, ол
уақиғаның болуына нендей нәрселер, нендей уақиғалар себеп болғанын көрсетіп, ішкі мәнісімен де
таныстыру» екенін атап өтеді [9; 125-127 бб.].
Қазақ зиялылары қазақ шежіресін зерттей отырып өзіндік тұжырымдамаларын берген. Мысалға,
М.Дулатов – «Қазақ...ар жағында көп заман бұрын өзінің хандары болып, өзін-өзі билеген, ежелден
қазақ атанған түркі жұртының бір тарауы...бұны шежіре дәлелдесе керек... Қара халықтың ұғымынша,
“атамыз Адам пайғамбар...” деп, бәрі де жаттап алған құрғақ шежірені саулата берумен, қазақ пен
қырғыздың тегін еріксіз “пәлен әулие, түген сахабаға” апарып телумен нағыз тарих...оқымысты,
білімді азаматтарға аян» деген ойын білдірген. Ал, Х.Досмұхамедұлы – «... халық ауыз әдебиетінің –
шежіре (родословная) аталатын бір бөліміне кіріспе қызметін атқара алады... осындай хандар шежіресі
де бар. өлеңмен жазылған, поэма түріндегі шежірелер де ұшырасады ... Шежіренің мынандай түрлері
бар: а) жеке адам, ә) тайпа, б) рулар, в) ата, г) хан» десе, А.Байтұрсынұлы – «1. Шежіре жазушылар
естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді...Тарихшылар құр істегенімен қанағаттанбай, рас,
өтірігін тексеріп, расын алады...Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі
есебіндегі нәрселер. Тарих олардың айтқанының бәрі ала бермейді. Аударып, ақтарып, түрлі жағынан
қарап, түрлі мағлұматтармен салыстырып...сипатталған мағлұматтарды ғана алады» деген
тұжырымдама жасаған [9; 125 б.]. А.Байтұрсынов осы айтқандарында, тарих пен шежіренің
айырмашылығын көрсете отырып, оны ғылыми түрде ажыратып көрсетеді. Бұл жерде келтірілген
анықтамалардың өзін терең талдаудың қажеттілігі шамалы. Себебі, автор бәрін қазақ тілінде,
түсіндіруге және түсінуге оңай тілмен жазған. Ахмет ағамыздың серіктесі М.Дулатовта өз кезегінде
осы мәселеден шет қалмаған [9; 45-47 бб.]. Х.Досмұхамбетұлы ХХ ғ. басында халық шежіреші
қариялардың аузынан жазып алынған шежірелерді баяндап қана қоймай, оған сын көзбен қарайды
[16]. Сондай бір шежіренің 1920 жылы, білгір шежіреші молда, иман ақсақал Шонтаевтың аузынан
алынғаны жайлы айта келе, автор ондағы мәліметтерді тарихи деректермен қатар қойып салыстырады.
Мысалға, Жалаңтөстің түп-тұқиянын түгелдей келе, ондағы айтылған мәліметтердің жалпы көрінісін
Вамбери, Левшин, Тынышбаев еңбектеріндегі фактілермен салыстыра аламыз [11,12,13]. Ол кезеңде
(ХҮІ-ХҮІІ ғғ.) саны көп,ықпалды рулардың рубасылары саяси аренада үлкен салмаққа ие болғанын,
оны Шейбаниліктерде, аштрахандықтарда түсінгенін, сол арқылы, жергілікті билікті ұйымдастыруға
тырысқанын айта келе, автор кейбір аңыздарды мысал ретінде береді [10; 111-117 бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |