Ақ боз үй. Смағұл Елубай



Pdf көрінісі
бет2/9
Дата30.04.2024
өлшемі5.43 Mb.
#500203
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Ақ боз үй. Смағұл Елубай

ҮСТІРТ ҮСТІНДЕГІ КӨШ
1
Түнімен қар жауды. Сонау Самдағы жылы қора-қыстауларына енді бір екі жұма өткізіп
көшерміз деп отырған шаруа ауыл қатты дүрлікті. Ерте жауған қар көші-қонды қиындатты.
Хансұлудың көзі ілінер емес. Жылы төсекте бүрісе түсіп, көзін жұмады. Ұйқы шақырады.
Шарасыз, тұрлаусыз ағындаған ойдан дөңбекши береді. Суық желді түн əлемімен бетпе-
бет қалғандай. Əлемді жапқан түн мəңгі серпілмейтіндей...
Таң ата талықсып ұйықтап кеткен екен. Үй ортасында дүрілдеп жанған оттың қызуынан


оянды. Ашық түндіктен бозарып аспан көрінеді. Шешесі, жанында көмекші əйелдер бар,
мықшыңцап үйдегі көрпе-төсек, киім-кешек, кілем-сырмақтарды тендеп буып жатыр.
— Сұлутай, тұра ғой! Ауыл көшкелі жатыр, — дейді,
шешесі бұның қыс киетін жылы тиін ішік, жарғақ шалбар,
түлкі тымағын алып беріп жатып, өздері де буынып-
тартынып киініп алыпты.
Тысқа шықса, дүние ақжабын аппақ. Түгел қар басып салған. Желіде жатқан қалың
түйелердің мойыңдары сорайып қарауытады. Қотандағы қойлардың қылтиып бастары
əрең шалынады.
Ас үй алдында көкесі бар, Əзберген ағасы, Бұлыш, шырылдауық Шəріп бар, төрт-бес кісі
бір семіз биенің буын бұрқыратып, қарнын жалтыратып сойып тастапты.
— Ойхой, жануардың семізі-ай! Қазысы бес елі! Бес елі! Пах! Пах! — деп айқайлап жүр
Шəріп.
Көрші-қолаңның қатын-қалаштары да сол төңіректе. Шарт киініп алған. Қимылдары
шұғыл. Əзберген білекті түріп жіберіп балтамен етті боршалап шауып, табақтарға бөліп
сылқ-сылқ тастап жатыр.
— Алыңдар — деп қояды əкесі, дауысы таңғы ауада саңқылдап. — Алыңдар! Садақаның
еті!
Ас үйде асулы тай қазан. Астында лаулаған от. Əкесі жылқының қалған етін түгел сол
қазанға салдыртты. Ет піскенше ауыл азаматтары үйлерді жығуға кірісті. Жүктерді тайлап,
теңдеп түйеге артуға ыңғайлап, буып тастап жатыр. Ауылдың бүкіл қора-ағашын жинап,
біріктіріп байлап жатқан Бұлыш пен Қозбағардың тірлігі тосындау. Жұрт сонда үймеледі.
Пахраддин шолақ бұйрык етіп үйден білектей кендір арқан алдыртты. Бұлышқа "Нарды
əкеле бер!" — деді. Ортада кебежедей дүңкиіп бума ағаш жатыр.
— Екі арқанды екі шетіне орап байла! — деді Пахраддин.
Бұлыш балпаң-башаң бастырып Шойынкараны əкелді. Жардай қара үлек тұмсығы
шуылдап жұртқа төбеден қарайды. Жүндес қабағы астынан суық шегір көзі жалт-жүлт
етеді. Бұлыш кестапаңдай Шойынқараны бума ағаштың алдына əкеп шөгерді.
Нар тісін қайрайды. Үстіне ашамай салып, екі жігіт екі жақтан тепкілеп айылын тартты.
Бума ағашқа таңылған арқанның ұшын əкеп ашамайдың екі жағына тас қып байлап
тастады.
— Кəні, тұрғызшы енді! Шу, Ойсыл-қара!
Шойынқара алпамсадай арбиып орнынан түрегелді.
Бұлыш жетектеп жүр. Түйе тізесінен келетін қар бар
еді. Ірі қара болмаса, майда мал жүре алмас күртік.
— Ал айда! Көрелік! Шығыр тартып машыққан Шойынқара əлгі кебежедей бума ағашты
жұлқа тартты. Бума ағаш оппа қарды қарс айырып барады. Соңында, кеңдігі құлаш
жарымдай жол ашылды. Шəріп шақалақтап мəз болды.
— Пах! Пах! Садағаң кетейін, жануарым-ай!
Боз ала таңнан ию-қию қимылдаған жұрт бұ кезде жүктерін түйіп, түйелерін жазылап
үдере көтерілуге дайын болып қалған еді
Мезгіл сəске түс. Күн көзі бұлыңғыр. Бозамық, самсоз аспан ақ қар шымқанған сұлқ
даламен ұзай барып астасып жатыр. Бірыңғай ақжабын əлемнің ортасында қазір алажабыр
иірілген көш. Жүріп кете алмай тұр.
Бума ағашты сүйретіп көш бастайды деген Шойынқара қиқаңдап жетекке жүрер емес.
Жұрт назары сонда. Бұлыш қиқар нарды қара саннан қамшымен тартты. Бірақ Шойынқара
басын шайқап сілкіді де қасарысып тұра берді.
— Ұрма! Ұсылын табуға керек! — деп Пахраддин
желдірмелетіп Шойынқараны қапталдай берді.
— Бұл патшағарға бірнəрсе көрінулі, — деп Бұлыш аң-таң.
Қойдың шуынан дүние азан-қазан. Қарға омбылап қарға адым жер жүре алмай, маңырай
береді. Қойшы байғүстар ешкі, серкелерді алға қуып əлек. Сонау қырдың басында Мажан
бай ауылы да пері көшкендей ығы-жығы. Үйлерін жығып, жүктерін артып жатыр.
Қарды ашып жол салады деген нар жүре түседі де тісін қайрап, кейін қарап өңкиіп тұрып
алады. Жұрт қатты дағдарды. Түйенің қомында бастары қылқиып отырған кемпір-
сампырлар Шойынқараны қарғайды. Əйелдер, қыз-келіншектер көш қапталында бір топ
атты боп ошарылып тұр. Кер құнан мінген Хансұлу да солардың арасында. Басында түлкі
тымақ, қара пүліш тысты тиін ішіктің белін жалпақ күміс белдікпен шарт буған.
Пахраддиннің даурыққан үні шықты.
— Түу, пəдеріңе нəлет! Мына кəрі қыртыңның пиғылын ұқтым! — деп екі иығы селкілдеп
күлді. — Уай, жігіттер! Анау келені алға шығарындар! Барлық гəп сонда!
Жігіттер көш соңында иірілген үйір түйені сүргітіп қуып, көш алдына шығарды.
Қабақ жүні салбыраған Шойынқара түксиіп сидаң-сидаң желген ши борбай аруана, інген,
мая, құнаншаларға сүзіле қарайды. Бұл Шойынқараның үйірі еді. Сарыжазықты бойлап
ұлан жаз шиырып айдап жүретін өз үйірі. Танауына жұмсақ үйіріліп күлімсі аруана иісі
келді. Алпауыт нардың үйдей көкірек түкпірінде шым-шымдап бір зор гүркіл бас көтерді.
Шыңғыртып азу қайрады. Ашулы бүркіт көзі бір жарқыл ұшқын шашып күпшек санын
құйрығымен қамшылады. Бүл — іште булыққан өмірпаз тұма күштің, көп ұзамай
жанартаудай сыртқа тебер жігердің дүмпуі еді. Шойынқара жауар бұлттай түнеріп келенің


соңынан жардай құлап ұмтылды. Шөккен түйедей дүңкиген бума ағашты бұйым құрлы
көрмей сүйрей жөнелді. Қалың оппа қардың таңы айырылып қос қапталға жарыла құлап
жатыр. Ұйлыққан қалың көштің маңдай алдынан ұзынша көшеленіп жол шықты. Жұрт у-
шу. Күлкі.
— Құдай тас төбеңнен ұрсын, Шойынқара!
— Шойынқара! Шойынқараның ойын қара!
— Ұялсайшы, қартайғанда! — деп əйелдер жағы беттерін сызды.
Көш тізіліп шұбырып Шойынқараның ізіне түсті. Көш соңынан үйір-үйір жылқы, одан
кейін ай мүйізді, қоңыраулы серкелер бастаған қора-қора қой шулап-маңырап ілесті. Өстіп
жарты айлық жолы бар, сонау ит арқасы қияндағы жылы жақ, сексеуілді, түлейлі құм —
Ұлы Самға мыңғырған малды ауыл ырғалып-жырғалып қатар түзеп қозғалды.
Бүткіл тіршілігін ақ кебіндей сіреу астына жасырып, салқын томсарған ұшан-теңіз қарлы
дала айдынында сүйретілген ала жіптей жіңішке шүбатылып коңыраулатып іркіс-тіркіс
көш барады. Қыстауға бет алған малды ауыл.
2
Сүйменшот, күрек, кетпендерін бөктерген бір топ салт атты сар желіп, көштен сəске түсте-
ақ озып кеткен. Қазір түс ауған. Аттарын қара тер етіп əлі сол екпінмен салдыртып келеді.
Торы шолағы зірк-зірк желіп, ызғытқан топқа əрең ілесіп Шеге келеді. Əңгіме-қалжынды
судай сапырып даурыға желген топтан көңіл күйі де бөлек. Қабағы жабық. Үні шықпайды.
Көңге ұлы бесін шамасында жетті. Жайпақ дала төсіңде бұлтиып тұрған домалақ төбенің
түстік ықтасын жағы атам заманнан алыс қыстауға көшкен ел түнеп өтіп жүрген көң еді.
Қазір қар астында жатыр. Жігіттер аттарынан сатыр-сүтыр түсе қалып іске қауырт кірісті.
Жұмыстың ең ауыры — тоң ою. Үй тігетін, ірі қара байланатын жерлердің тоңын оюға
Бұлыш, Əзберген сияқты жеті-сегіз қарулы сақа жігіттер кірісіп, қой жататын көңнің
қарын аршуға Шеге, Қозбағар тəрізді бозбалалар қалды. Содан бұлар ақ тер, қара терлері
шығып, күн батқанша тынбастан сілтеді.
Күн ұясына қона теріскей қабақтан шұбатылып қоңыраулатқан көш көрінді. Көш алдында
— шоқтығы қарауытқан Шойынқара. Жалпақ елге жол ашып келеді.
Екі кештің арасында дүниені азан-қазан шуға толтырып ауылдың алды келіп көңге
түйелерін шөгере бастады. Меңіреу жатқан суық өлке қапелімде жанданып сала берді.
Қары аршылған көңнің нақ ортасында буы бұрқырап алшайып Шойынқара тұр. Беліндегі
арқанды жігіттер алас-қапас шешіп жатыр. Танауы шуылдап теңірекке биікген көз тастап
алпамсадай алшайып түрған нар үлектің омырау, шабы ақкөбік тер. Сүйретілген шуда
ішінен де тер сорғалайды.
Жұрт батар күнмен таласып жүріп тоңы аршылған орындарға қамашаулап жаппаларын
тікті. Малдарын байлап, сауын сауды. Түйеге артып келген тезек, отындарын жағып қазан
көтерді. Керегенің басын жауып қалқайткан жаппа күркелерінде тығылысып отырып
ысымақ ішті.
Шайдан кейін мандайының қырыс-тырысы жазылып көңілі жошыған Шəріп кеудесіне
кішкентай қызын отырғызып, тар күркенің төрінде шалжиып жатып əу деп те жіберді. Бір
кезде селқос отырған Шегеге көзі түсіп кетіп,
жатқан жерінен басын көтеріп алды. Сирек жирен мұрты тікірейіп:
— Ау! — деді. — Ау, сақалды байтөбет! Бері қара! Саған айтып отырмын!
Шəріптің күрке толы қыздары сықылықтасып күлді. Шеге мойнын бұрды. Бірақ үн жоқ.
Кішкентай өткір көзіңде бір ызғар бар.
— Ау, заңғардың баласы! Ау, салың суға неғып кетіп жүр сенің? Ал айт! Не көрінді?
— Ештеңе көрінген жоқ, — деді Шеге беті бүлк етпестен.
— Түу, бəдбақ! Бізді алдағысы келеді. Сөйле, тындайық!
— Əй, жайыңа отыршы! Нең бар қарап отырған балада?—деп жалт қарады қазан-ошақ
жақта күйбеңдеп жатқан Жайбасқан.
— Қарап отырмаймын! Ау, бұны жұрт бір үйдің сойталдай азаматы дейді. Тыңдайық
арызын! Неге кілтиеді екен?
Сол арада кішкентай Гүлжан жұлып алғандай:
— Сен жамансың! — деді сұқ саусағын шошайтып
əкесіне.— Хансұлуды неге бересің Қозбағарға! Шеге ағам Хансұлуды жақсы көреді...
білдің бе?
Шақырлатып қазан қырып жатқан Жайбасқанның қолынан қырғышы түсіп кетті. Шəріптің
де шапыраш көзі алақандай болды. Шай құйып отырған Балжан үркіп, тартынып қалды.
— Жап аузыңды!! — деп Шеге қарындасына ақырды. Гүлжан кішкентай алақанымен
аузын жаба қойды.
Шəріп ешкі құйрық сақалын тұтамдап, əйеліне қарап басын біраз изеңдетті. "Көріп
отырсың ба?" дегендей. Əлден соң Шегеге бұрылып:
— Пəтшағар... Білдік кеселіңнің төркінін... — деді сол басын изендеткен күйі.
Шегенің осы жерде шыдамы бітті. Талағы тарс айрылды.
— Не білдің! Түк те білген жоқсың! Біреуді біреуге зорлап қосып, заңға қарсы қылмыс
жасап отырсың! Сол сенің білгенің! — деп Шеге ыршып тұрды.
— Əй, шошқа асыраған иттің төлі! Отыр, əкірендемей!— деді, Шəріп те ашу шақырып.
Бірақ дауысы бəсең шықты.
Шеге əлі шақшиып тұр. Жігіт болып қалыпты-ау өзі.


— Отырмаймын! Кетемін! Керегі жоқ бүйткен... — деп, булығып есікке ұмтылып еді,
шешесі алдын кес-кестеді.
— Əй, отыр! Бұрқырамай! Көрмей жүрген əкең емес қой!
Аязды, сіреу қарды шиқылдатып басып көш келеді. Сықай жүк тиелген шойтабан нарлар
үскірік, ызғырық сияқты қыс кияпаттарын қаперге де ілер емес. Алшаң-алшаң басады.
Киіз қоршау ішінде ақ жаулықтары ағараңдап түйе ырғағына итендей түсіп, кəрі шешелер
келеді. Жылы киініп, жарау аттар мінген жігіттер, келіншекгер жағында əзіл-қалжың, ду-
дабыр. Кешелі бері тістеріне талшық тимей шұбырумен келе жатқан қой-ешкінің шуылы
бүгін үдей түскен.
Көш алдында майда бүлкілмен желістеген бір топ түйе. Ізін ала бума ағашты сүйретіп
шоқыдай айдыны шыққан — Шойынқара. Тоңдай қатқан сіреу қарды сендей бұзып екі
айырып дүйім көшке жол ашып келеді. Томар аяқ, күпшек сан алып тұлға Шойынқараның
аш белі қаншырдай қатса да танауы шуылдап, суық жанары от шашады. Қар күміс
шаңдатып, бауырында бұрқ-бұрқ етеді. Жігіттер жол-жөнекей қарды аршып баялыш,
жусан шауып əкеп нардың аузына тосады. Аш үлек орып асайды.
Тағы, арада үш түнеп, төртінші күні көш Көлтабан арқылы Үстіртке көтерілді. Аш, арық-
тұрық талай қой-ешкі бұратылып жолда қалды. Үстірттің тақтай жазығымен салдыртып
отырып, көш араға апта салып Өкім-Қиықтың сорына құлап, екінші апта Самның құмына
да түяқ іліктірді. Құмның қары жұқа, шөбі қалың еді.
Көзі қарауытқан мал қалқиған бұта көрінсе ұлардай шулап, қасқырша қаптайды.
Ауыл сексеуілді қалың түлейге ішкерілей кіріп жыл сайынғы қыстап жүрген көңді
ықтасынды жылы қорасына қонды.
Хансұлу үшін қыстың көңілсіз, сұрқай күндері басталды. Маңдайынан кісі шертіп
көрмеген ерке қыз басына түскен жайды сазарып үнсіз көтерді. Əкесіне "Неге өйттің?" деп
тіс жармады. "Көке" деп еркелеуін доғарды. "Бұның не?" деген əкесі де болған жоқ.
Əкесінің басы қатып жүргені басқа нəрсе. Кеш болса, Əзберген екеуі оңашаланып алып
керілдеседі де отырады. Ауғанстан, Иран дегендерді жиі айтады. Шешесінде үн жоқ.
Қыстауға қонысымен бұның жасауын дайындауға кірісті. Ертелі-кеш қол мəшинесін зыр-
зыр бұрап тігін тігеді де отырады.
Қыс кеші бүгін де ерте түсті. Əлі шам жағылмаған бейуақ еді. Үй іші ала көлеңке. Ортада
үш бұт темір ошаққа асылған қазан. Иісі бұркырап бүлкіп қайнаған соғымның еті. Қазан
астында қоздаған шоқ. Сол оттан көзін айырмай, Хансұлу тыңқылдатып домбыра шертіп
отырған. Бір түпсіз ой тұңғиығына бойлаған. Баяу қоңырлаған бейбақ домбыра, қаяулы
қыз жанының жалғыз мұңшысындай күрсіне өксіп кейуана гөй-гөйлейді.
Сырға бəйбіше тігін мəшинесінің құлағын бұрауын доғарып жайлап түрегеп босаға
жақтағы шамды жақты. Сұлу тұлғалы биязы мінез шешесі көлеңкедей жылжып тысырсыз
қозғалады. Мына кешкі бейуақта домбырамен оңаша сырласқан қызының көңіл шырқын
бұзғысы келмейді. Үй ішіндегі зілмауыр тыныштықты ауылдың арғы шетінен естілген
шаң-шұң айқай бұзды. Сырға бəйбіше селт етіп сыртқа құлақ түрді. Хансұлу шапшаң
қозғалып, сыртқа шықса ауыл ортасында лаулап жанған отқа көзі түсті. Жұрт төбе етіп
үйілген қардың жел жағына сексеуіл өртеп, шыршыр /қар ерітіп ауыз су алу/ жасап жатыр
екен. Əріректе жайдақ тайға мініп екпіндеген Ждақай. Даурығып, қырға қарай жүгірген
Шəріпті айнала шабады. Əлгі айқай сөнікі екен. Жұрт шыршырды тастай сап ауыл
артындағы қырға ұмтылды. Хансұлу да жүгірді. Ең алдымен көргені Мажанның қыстауы
тұсынан жүгіріп келе жатқан əйел. Оны өкшелей қуып қамшының астына алып сабаған
түлкі тымақты кісі. Əйелдің — Балқия екені, еркектің — Мажан екені əбзаматта қыр
үстіндегі жұртқа аян болды. Балқияның шашы жайылып кеткен. Ішігінің етегі далақтап
қарға сүріне аттап келеді. Екі қолымен басын қорғалайды. Қамшыдан басын, бетін
қорғашгай береді. Мажан ұрып келеді.
— Өй, өлтіреме-ей, қайтеді!
— Жын қаққан шығар мына шалды!
— Еркелігін көтермейді екен, уыздай жасты алып несі бар? — десіп, қыр үстіндегі жұрт
гуілдесіп кетті.
Сөйткешпе, жүгіріп келе жатқан келіншек ат қағып омақаса құлады. Балқияны арашалауға
ұмтылған жұрттың алдында тайымен жалбақтап шапқан Ждақай, одан кейін қатты
ұмтылып жаяу Бұлыш мерген барады. Жүгіріп кеп Балқияньщ қолтығынан сүйей берген
Бұлышқа да қамшы сілтеді Мажан.
— Жə, жетулі! — деп түгігіп кеткен Бұлыш созыла түсіп, шалдың қолынан қамшысын
жұлып алды да, сабын қақ бөліп, лақтырып жіберді. Мажанның бетіндегі қара қалға
шыққан жалғыз қыл да тікірейіп кеткен екен. Токалына соңғы рет ақырып:
—Ал баратын өкіметіңе бар! Əй, бұзылған, атаңа нəлет!— деді де сары жорғасының басын
кейін шапшаң бұрып, тайпалта жөнелді.
Екі ауыл арасын шұбарлап өрістен қайтқан мал келе жатыр еді. Малдың соңындағы
қойшы, түйешілер де екі кештің арасында болған мына уақиғаға елеңдесіп шауып келеді.
Аяғын əрең басып солықтаған орта бойлы дембелше Балқияны Бұлыш қолтығынан сүйеп
келеді. Хансұлу топ ішінен бөлініп келіншектің екінші қолтығынан демеді.
Балқияның əдемі ақсары жүзіне екі жерден қамшының ізі түсіпті. Төмен қарап көз жасын
үнсіз шұбыртып, Бұлыштың қолтығына сүйене түсіп келеді. Өжет, сұлу Балқия жас
Хансұлудың көзіне өр мінезді, еркін тұлғадай көрінетін. Енді міне, сол тəкаппар еркін


сылқым Балқия, кісінің қоры боп келе жатыр. Өксігін баса алмай солқ-солқ етеді.
Балқияны аяғаннан Хансұлудың да көзіне жас айналды. Мажанға, сол сияқты топас
жандарға деген ашу-ыза қысты көкірегін.
Бұлыштың үйіне жақындай бергенде, Дəу апаның ашық зор үні естілді. Қапсағай қара
кемпір қолында таяғы, жұлым үйінің алдында сорайып тұр екен.
— Əй, балам! — деді, дауысы өктем де қатқыл. — Өз сорым өзіме жетеді, менің түге!
Дауды шешетін өкіметіңнің үйі анау ар жағында! Сонда алып бар, түге! Əкелме бұнда!
Бұлыш бебеу қағып:
— Апа-ау... — дей беріп еді, қара кемпір "жə!" деп
таяғымен жасқап тастады.
— Жə! Сөзді доғар! Көмейің белгілі! Айтқанды істе! — деді, əңгімені шорт кесіп.
— Бұлыш! — деді, сол арада Балқия енді есін жина-
ғандай.— Өкіметтің де, өзгенің де керегі жоқ. Маған еліме жететін көлік тауып бер!
— Түн болды ғой... Балым! — деп, көмірқара Бұлыш шарасы таусылып жан-жағына
қарады. Хансұлу Бұлышты аяп кетті. Бұлыштың бұрынғы өлген əйелі Хансұлуларға
жамағайын болып келетін. Содан бұл Бұлышты "жезде" деп ойнайтын.
Ымырт үйіріліп қалған шақ еді. Қой келіп, ит үріп ауыл үсті азан-қазан. Қой қоралап, түйе
байлап жұрт сапырылысып сыртта жүрген.
— Жезде! — деді Хансұлу Бұлыштың алдына тұра қалып.
— Біздің үйге-ақ жүрсін! Біздің үйде-ақ түнеп шықсын!
Əкесі үйде жоқ еді, "Барақ ата" басына мінəжат етуге кеткен.
Балқияны Пахраддин үйіне дейін шығарып салып тұрып Бұлыш есік алдында əлдене деп
күбір етті. Балқия үнсіз бас изеді. Хансұлу бұлардың не айтқанын ұқпай қалды.
Көп ұзамай бытпылдық құмдардың ар жағынан толықсып Ай туды. Сексеуілді қалың
түлейдің басын қозғап уілдеп арқадан жел есті. Қора қорып маңқылдаған жүндес төбеттер
дауыстары өшіп, ықтасынды жылы қуыстарға бөксе тығып, бүрісіп үйқыға кетті. Алыстан
ауылды торып қасқырлар жортты. Аязды түнгі ауыл ұйқыға толық енген шақ. Қыстаудың
алды жағы түйе жасырғандай ұйысқан ну сексеуіл. Соның кіре беріс тасасында Бұлыш
тұрғалы бірсыпыра уақыт. Ай жылжып шекеге келді. Əлден уақытта үлкен ақ боз үйдің
есігі болар-болмас қозғалып ысырылып бір көлеңке бөлінді. Көлеңке сексеуіл арасына
қарай жылжыды. Бұлыш тынысы үзіліп, бұта арасынан сығалады. Ішік жамылып баяу
басып келе жатқан жас əйелдің шағын сұлбасы. Басында ақ шарқаты, ішіктің жағасын қос
қолымен қымтай ұстап келе жатқан Балқия.
Бұлыш сексеуіл тасасынан шықты. Балқия Ай сəулесі түсіп тұрған ақшаңқан қарлы
алаңмен келеді. Жымиып күліп келеді. Өзінің кəдуілгі мол сəулелі əсем миық күлкісі.
Байпақ етік, малақай, қалың күпілі Бұлыш, еркелеп кеп кеудесіне маңдайын сүйеген
келіншекті ебедейсіз құшақтап жьп-жылы шарқатынан иіскеп, самайынан сүйді.
— Əрірек кетейікші!.. — деп сыбыр етті Балқия. Аспан таза. Толық Айдың ақшаңқан
сəулесі қарлы төңіректі сүт жарық етіп тұр. Аяқ басқан сайын қар сықырлайды. Аттам жер
сайын ербиген сексеуіл. Шашын төгіп, ақ білектерін Айға созған түн сұлуларындай.
Немесе бұралып үнсіз билеген ақ балтыр қыздардай. Сексеуіл арасында үп еткен леп жоқ.
Ықтасын. Бұта түптерінде ұйыған қалың көлеңке. Ай сəулесі үнсіз құйылған шағын
алаңдар. Жан-жағы сексеуіл, алақандай оңаша жазыққа келіп іркілді екеуі.
— Кəні, көрсетші! — деп Бұлыш келіншектің бетін Айға бұрып үңілді. Балқия көзін
жұмып жас жуған дөңгелек жүзін Айға тосты. Бірі — кең ақ маңдайының ортасынан
қиғаштап құлап сол жақ бетін сызып, екіншісі — əдемі шолақ мұрны үстінен оймақ
аузының оң жақ құйрығын баса түскен қамшы ізі.
— Тілмепті, тек сызып қана өтулі... Бұйым емес. Жазылып кетеді, — деп Бұлыш
келіншектің жас жуған көзінен, қамшы тиген бетінен асығыс құшырланып сүйді. Балқия
көзін сол ашпаған күйі:
— Арысым... — деп, ыстық тынысы бетін жалындай шарпып, ұмтылып кеп жабысты.
Жігіттің қарын қысқан уысы бүркіт шеңгеліндей. Мытып барады. Құшақтары табысып,
жалғыз тұлғаға айналып Ай астында ұзақ тұрды.
Шытқыл аяз. Мүлгіген мол сексеуілді түлей. Аяқ астында сықырлаған қар. Соның бəрі
сезілмей, ыстық аптапты жазға айналып кеткендей.
— Не деулі? Неге ұрды?
— Құрысыншы... соны айтпашы... — деп жалбарынды Балқия.
— Талақпын демеді ме?
— Оны қайтпексің? Үйлене қояйын деп пе едің? Табалдырығыңды аттатуға шамаң келмей
тұрып...
Бұлыш сөзден ұтылып, тосылды.
— Балым, — деді əлден уақытта. — Мені сөге бермеші! Мен қайтсем де сені қор
қылмаулы... Жаным бірге өзіңмен...
— Өйтіп бірге болмай-ақ қойсын! — деп Балқия жігіттің құшақтай берген қолын серпіп
тастады.
— Не істе дейсің маған? Шешемді көрдің ғой. Бетін
қайтаруға Құдайдан қорқулымын. Төрт баласын жерге
берген. Жетімдіктің, жесірліктің тақсыретін одан көп шегулі пенде жоқ. Сөйтіп жүріп мені
өсірулі.


— Қырсық кемпір... — Балқия көз жасын сілкіп тастады.— Менің жазығым не?..
— Балым! Дұрысы, бұндайда сабыр етулі...
— ... Сен... сен сабыр етерсің-ау!.. Мен бейбақ... Бүкіл елге... — Балқия қыстығып көзінің
жасын төкті. Бүгіле берген Балқияны Бұлыштың қарулы қолы көтеріп алды қос
қолтықтан. Сөйтті де жігіт келіншектің шарасына жас толған тостағандай сұлу көзінен
сүйді. Сол-ақ екен:
— Бұлышым! — деп өксік атқан көкірегі қаяулы Балқия ышқынып кеп Бұлыштың
мойнына асылды да, қарға шалқасынан тастады өзін. Оппа қардың үстіне екеуі ұмар-
жұмар құлады. Бір-біріне ұмтылған қос жалындай шарпысып суық дүниені ыстық
сезімдерімен күйдіріп, жандырып, буы бұрқырап жатты екеуінің...
3
Хансұлу көзі ілініп кеткен екен. Əлден уақытта, бір бүйірі мұздап оянып кетсе, қасында
жатқан Балқия жоқ. Орны бос жатыр. Ұйқысы шайдай ашылып, жүрегі дүрсілдеп қоя
берді. Мана кешкісін Бұлыш есік алдыңда Балқияға əлдене дегені есіне түсті. Кең дүние,
кенет, тарылып бір уыс болды. Хансұлу Бұлыш жездесін пайғамбардай сыйлайтын. От
тілді өсек Балқия мен Бұлышты бір-біріне таңып небір пəле-мəтерлерді суша сапырып
жататын. Ондайда Бұлышқа іші салқын тарта қалатын. Бірақ, былай шыға бере, тазысын
ертіп қаннен-қаперсіз аңға кетіп бара жатқан Бұлышты көргенде əлгі есіткеңдерінің бəрін
ұмытып, жездесінің батыр тұлғасына сырттай таңдана қарайтын. Сол сəт Бұлыш бүның
көзіне қара қасқа атты Қамбардай елестейтін.
Есік сыбдырсыз ақырын ашылып ішке Балқия кірді. Шолпысы сылдыр етіп, майда басып
төсекке жакындады. Қаранғы үйде тынысы ғана сезіліп, сырт киімін шешіп жатты.
Хансұлу қыбыр етпей ұйықтаған боп жатыр. Балқия жылы көрпеге сырттың суығын ала
кірді. Хансұлу Балқияның тынысынан қарлы түннің, сексеуілдің жəне Бұлыштың иісін
сезгендей болды. Балқия жастыққа басы тиісімен маужырап, есінеп, кең тыныс алды.
Таңертең Бұлыш үйінің дастарқаны жиылмай жатып, есігін томпиған бір қара кісі ашты.
Жұмсақ дауыспен жымиып күліп сəлем берді. Мажанның Жорға Күреңі екен. Бұлыш
орнынан ұшып тұрып жасы үлкен кісінің қолын алды. Қонақ төрге озды. Бүл кісінің аты
Күрең, Мажанға жамағайын болады. Мажанның оң қолы. Аздап сауаты бар, қала көрген,
көзі қарақты. Мажанға ақылшы, кеңесші тəрізді жан. Қала шыққанда байдың сауда-
саттығын жасайтын да осы кісі. Соның арқасында қожалығы күйлі. Досқа да, дүшпанға да
бірдей майда тіліне, үнемі жымсиып жүретін езу күлкісіне бола "Жорға Күрең" деген
лақапқа ие болған кісі. Төрге шығып томпиып отырып Дəу апаға қарап сазды дауысын
сырнайдай созып:
— Ие, жеңешетай! Ауыл іргелес десек те айда, жылда бір көреміз, күйлі қуаттысыз ба?
Мал-жан аман ба?! — деді.
Қолында ожауы, қазандағы сүтті сапырып тұрған қара кемпір:
— Шүкір ғой, — дей салды. Емексіген Жорғаға оң
пейіл бермеді. Жорға Күрең езу күлкісін жимастан енді Бұлышқа бұрылды.
— Ие, Бұлышжан! Ие, биыл құмда киік көп, атқаның тиіп, қуғаныңа жетіп жатыр деп
есітеміз...
Əрбір сөзді майпаздап сөйлейтін осы Жорғамен бетпе-бет келгенде қараптан-қарап
отырып құты қашатын əдеті Бұлыштың. Соны сезген Дəу апа:
— Əй, Жорға, əңгімеңді білтелемей, келген шаруанды айт, түге! — деп қойып қалды.
— Түу, жеңеше-ай, кісінің көңіліне келеді деп те ойламайсыз-ау! Уа, келген шаруам
былай, ендеше, жеңешетай! Кеше осында Мəжекем үйіндегі ерке жеңгем ат басын тіреген
екен...
— Немене, бұл не сонда, түге, жұрттың қашқан-пысқан қатындары тұрақтайтын үй болып
па?
— Ойбай, жеңешетай, қойдым. Қойдым!
Кеше Жорға бас боп, ауылдың бүкіл бас көтергендері, «балаңнан да кіші уыздай жас
тоқалды, ізіне ерген азғантай сөз көтермейтін болсаң, неге алдың?» деп Мажанды
қыспаққа алған-ды. Шынын айтқанда байғұс шал Балқиядан айрылғысы жоқ еді.
Балаларының қот-қоттауымен сұлу тоқалын ауылдан қуарын қуып шықса да, іші удай
ашып отырған. Тоқалды қайтарып əкеліп беріңдер деуге намысы құрғыр жібермей
отырған. Жорға Күрең "Балқияны қайтаруды мен мойныма алайын" дегенде қуанып кетті.
Тоқалының мінезі тіктеу еді, бір жібітсе енді тек осы Жорғаның тілі жібітер деп ойлады.
Ойлағандай-ақ, сəске түсте Жорға Күрең Балкияны алып, екі ауыл арасындағы құмсақ
шағылдан бері асып келе жатты.
5
Хансұлудың ұзатылу тойының қамына əке-шешесі шындап кірісе бастады. Шешесі қыз
жасауын дайындаумен, қат-қат көрпе-төсек, ондаған пар киім-кешек тігумен ұзақ күнді
кеш қылса, əкесі қыс ортасы ауа сонау Ойдағы Бесқалаға /қарақалпақ қалалары/ базар
шығатын болды. Тойдың керек-жарағын алуға базарға жарты үйір түйе, жылқы айдамақ.
Хансұлуға тігетін отауды да сол қарақалпақ елінен əкелмек.
Базаршылар Бесқалаға кеткенде бұл ауылда тағы бір оқиға болды. Таң сыз бере
Шырылдауық Шəріп жез құманын алып, дəрет алуға тысқа шыққан. Қараса Пахраддиннің
ас үйіне жапсарлас отырған Əзберген үйінің орны жым-жылас. Дөңгеленіп жұрты жатыр.
Кеште бар еді, бүгін таңда зым-зия жоқ. Көшіп кеткен. Қашып кеткен. Осы ауыл үшін


өкімет алдында жауап беретін Шырылдауық Шəріп өз көзіне өзі сенбей сілейді де қалды.
Қолындағы су толы жез құманы жерге түсіп кеткенде барып селк етті.
— Əй, кіспүрыш! Əй, контра! Əй, қылдың-ау қылықты! Əй, тұра тұр! — деп ащы дауысы
шығып дедектеп қыр басына жүгірді. Жан-жаққа қарады. Таң қараңғысында алыс, жақын
сексеуілдің бəрі Əзбергеннің көшіндей елестеді. Бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызып,
Шəріп торы атқа міне шапты. Жайдақ міне шауып еді, бел аспай құйрығын алдырып атын
жетектеп кейін қайтты. Ұйықтап жатқан Шегені жұлмалап оятып Көксеңгірдегі болыстың
кеңес ағасына шаптырды. Содан, қылышын салаңдатып түс қайта Бұқабай мелиса келді.
Ол да ауылды айналып олай бір шауып, бұлай бір шауып: "Өздеріңе со керек, өткен жолы
көзін құрта салу керек еді, енді міне, бандит боп кетті" деп, қабағын шытты.
Содан көп ұзамай түстіктен қызыл жел соғып, күн жылып, қар шұрқ тесілді. Құралайдың
салқыны өте қойлар төгіп коздай бастады. Шаруа ауыл үшін сүріне аттап жүгіретін төлдің
ең бір қауырт, қарбалас айы басталды. Мал нобайлап туып, қозы аяқтана бастасымен,
Самды қыстаған қалың ел козғалып ақырын жылжып сонау ит аркасы қиян теріскейдегі
жаз жайлауы — Жем бойына қарай лықсыды. Жұрт қыс басындағыдай тізіле шұбырып
емес, ендеп қанатын кең жайып, жапа-тармағай көшіп келеді. Қыстағыдай итініп
асықпайды да. Қой-қозыларын ысырып айдап жайып, жылқы, түйелерін қарақұрым
өрістете қаптатып асықпай көшеді. Қозылы қойдың маңырағаны шопан салған əнге
ұласып, жасыл алқапта алабажақ қозғалған көштің сəнін келтіреді. Жүк тиелген балпаң
басқан нарлар. Түйе ырғағына бір қалып сыңғырлаған жез қоңырау үндері. Нар үстіндегі
кемшр, бала-шағалар, көш жетектеген атты келіншектер, қапталдаса жортқан атты
бозбала, бойжеткендер — түгел көңілді. Жүздерінде кең жайлау жазды сағынған, ойын-
тойлы, дырдулы өмірге асыққан, құлшынған іңкəр рай. Алдарында — көшпелі елдің
арқасын кеңге салып сайраңдайтын ұзынсонар жаз. Тойлы, ойын-күлкілі, əсем айлы түңді,
ыстық сезімге толы думанды, қызық жаз.
Сол жазға, өміріндегі тұңғыш зобалаң жазға асықпай келе жатқан — жалғыз Хансұлу.
Анау жылқы қуып даурыққан Қозбағардың күлкісін естіген сайын қабағы шытыла түседі.
Қозбағар байғүс бүгінде Пахраддиннің шаруасы дегенде төбесімен жорғалауға бар. Бірақ
Хансұлудың көңілі одан сайын жылымақ тұрмақ, түршігіп мұздай түседі. Қозбағарға
өлсем тимеспін деп Хансұлу іштей серт жасап, тастай бекінген.
Сынуға бар, бірақ иілуге жоқ, тік мінез қыз іштей солай қасарысқан.
Артқа бір апта салып көшкен ел Балғаның жазығына құлады. Сіркіреген селдір ақ жаңбыр
таң атқалы үзбей себездеп тұрған. Жаңбыр шайған жусанды, бұйырғынды тегіс дала
тазарып, жасарып, бояуы ашылған жасыл кілемдей құлпырады. Тынысты кеңейіп райыс
лебі еседі... Қой-ешкісі маңырап, қозы-лағы дүркіреп шауып, бота-тайлағы қоңыраулатып
ойнақ салған бұл көңідді көш дүрмектің ішінде көңілсіз тағы бір жан келеді. Ол — Шеге.
Екі жағы суалып, сылынып арықтаған сылыңғыр арық қара Шеге еді. Əкесі мен екеуі
үйдің 30— 40 ұсақ жандығын айдап көш соңыңда ілбиді.
Конып-көшіп, малдарын жайып айдап, қоңыраулатып көш келеді. Ойын-сауығы, қайғы-
мұңы, əзіл-қалжыңы аралас. Жол ұзақ. Атам заманнан үйренген тірлік. Үйренген жол. Жер
от. Аяқ басқан сайын көлкіген су. Су төңіректеп отырған ала қаз, үйрек. Көкке ауызы
іліккен мал да қунақ. Шаруаға да керегі сол. Жұрт райы ашық.
Ырду-дырду көш артқа жөне екі апта салып, ауылдың жаз жайлауы Түгіскен көлінің түстік
жағына жетіп іркілді. Айға жуық ауыл-аймақ, бота-тайлағымен кона жастанып көшкен ел
бейне бір думанды саяхаггы бастан кешкендей бір сілкініп түлеп еді.
Жан-жағы тегіс ортада айнадай жалтырап жатқан көлдің түстік жағалауы — қалың изені
мен жусаны, күйреуігі мен көдесі көлкіген жасьл жон. Ауыл сонда қонып жатыр. Бесінде
жүктерін түсіріп керегелерін қалқитқан ауыл, кешкі күн сонау Хантөрткіл төбеден əрі
асып ұясына шөккенде қатар-қатар тізілтіп үйлерін тігіп те тастаған еді. Сол қатардың
ортасында кеседей төңкерілген ақшаңқан үлкен ақ боз үй тұр. Ол — Пахраддиннің өз үйі,
оң жағындағы ақ отау — Хансұлуға арнап тіккен, кыста Бесқаладан əкелген жаңа отау.
Үйлердің алдында жер ошақтар қазылып жылт-жылт оттар жанады.
Түс əлеті еді. Ждақай мен Шеге көлдің құсын дүрліктіріп жыңғылды жағалауда үйрек
атып жүрген. Ел жайлауға қонғалы бергі екі достың оңаша кездескені осы. Ə дегенде
Ждақайдың оң қабағындағы көкталақ ісікті көріп Шеге шошып кетті.
— Қызталақ... Мажанның балаларының істегені, — деп иығын қиқаң еткізді Ждақай.
Аудан келгелі жатқаны рас па? Байларды тұқымымен құртады деген рас па?
— "Аудан келмейді". Аудан құрылады, — деп, Ждақайдың қатесін түзетті Шеге. —
Бұрынғы уезді байларға əлі келмейтін болғасын таратып, аудан жасайтын болыпты. Аудан
шатақ дейді. Байларға: "Жетеді осы он жыл еркелеткеніміз,
енді табандарыңызды жалтыратыңыздар!" дейтін көрінеді.
— Е, бəсе, сөйтсе екен, қасқа! "Қашан келеді жаңа өмір?" деп-ақ мойынымызды соза-соза
өлетін болдық қой...
— Бізде ғана ғой. Əйтпесе қайда! Басқа жақта жаңа өмірді баяғыда бастаған,— деп, Шеге
көп білетін кісіше маңғазданды.
— Шеге, əкең өкімет қой, есіттің бе, айырплан, мəшине қашан келеді біздің жаққа? — деп
Ждақай Шегеге қарай итіне түсті. Шеге бір танауынан күле түсіп:
— Сен де айтасың-ау! Айырплан тұрмақ шайтанарбаны көріп алсақ болмай ма, алдымен!
— деді.


— Əттең, мен өкімет болсам!!! — деп, Ждақай өкініштен көкірегі қарс айрылып шалқалап
жата кетті. Шеге күліп жіберді.
— Ие, не істер ең сен өкімет болсаң? — деді, кекеп.
— Қалжыңы жоқ, мен өкімет болсам, біздің байларды "тарс-тұрс" еткізер ем. Əкесінің...
Аудан келгенше оларды бүйтіп алшандатып қоймас ем...
Ждақай мен Шеге құс атуды ұмытып əңгіменің қызығына түсіп кеткен. Ауыл жақтан
Қаракер атын сылаңдатып келе жатқан Хансұлуды байқаған да жоқ.
Көз қиығының қайқылау құйыршығына жас іркіліп Хансұлу жалғыз келе жатты. Əлгінде,
үйіне ауылдың бас көтергендері жиналған. Ішінде Шырылдауық Шəріп, ұзынтұра Уəп,
Дəу апа, Бұлыш бар. Ақ түйесін желпілдете желдіріп Жылыбұлақтан Лабақ ахун да келді.
Пахраддиннің қонақ үйі кісіге лық толды. Шешесі бұны ыммен сыртқа шақырып алып:
— Сұлутай, сен басқа үйге бара тұр! — деді. Қабағында кейіс. Қыз жүрегі бір жаманатты
сезді. Желіде тықыршып тұрған Қаракеріне мініп, басының ауған жағына тартып отырды.
Сөйткенше, ауылдан жирен қасқа мінген бір бала шауып шықты. Көл жанынан сыдыртып
өте берді.
— Əй, зəнталақ, тоқта! — деп, су жағасында жатқан
жерінен бақырды Ждақай, — бері кел!
— Не? — деп желпініп алған бала атының басын əрең
іркіп, көлге қарай бұрды. Жирен қасқаның танауы делдиген.
— Өй, қасқа бала, қайда шаптың, əлем-жəлемің шығып?
— Тойға шақыруға. Келесі сəрсенбінің сəтіне той, Пахраддин қызын ұзатады, — деп бала
анадайдан айқайлап атына қайтадан қамшы басты.
— Мəссаған, қасқалдақ! — деді Ждақай көзі атыздай боп, атын суарып тұрған Хансұлуға
бір, өңі сұрланып кеткен Шегеге бір жалтақтап. Шеге өңі түтігіп төмен қарады.
— Шеге, ал қасқа бала, енді не істейміз? Шынымен
Қозбағарға кеткені ме Хансұлудың! Алып қашайық, əкесінің көрін! Көне ме өзі? Сүйеме
өзі сені? — деп Ждақай едірендеп тұрып кетті орнынан.
Шегеде үн жоқ. Тістеніп алған. Назарымен жер шұқып, көзіне жас айналып отыр.
Жирен атты шабарман арқаға қарай жусанды, бетегелі тегіс даламен жұлдызша сызылып
ағып, ұзап бара жатты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет