Ақ боз үй. Смағұл Елубай



Pdf көрінісі
бет6/9
Дата30.04.2024
өлшемі5.43 Mb.
#500203
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Ақ боз үй. Смағұл Елубай

ДҮРБЕЛЕҢ
1
Арттан қуған ызғу жел бар. Бүрсең қақтыра айдап келеді. Нарқамыстан шығып сонау
Хантөрткілге қарай беттеген іркіс-тіркіс атты, түйелі жолаушылар. Теріскейге жота беріп
соқтырта тартады. Топ соңында шабдар бестісін тепеңдетіп Жорға Күрең келеді. Бүгінгі
конференция Жорға Күреңге ұнамады. Калашников тұрып: "Қулақтарды тап ретінде
жоямыз!" деді. Баяғыдан бері жойғандары аздай-ақ. "Көшпелі ауылдарды
отырықшыландыруды бір аптаның ішінде аяқтаймыз! Жаппай коллективке кіреміз. Жеке
шаруаны аластаймыз! Көшпелі ауылды аудан болсақ та, бұл науқанды отырықшы орталық


аудандардан ерте бітіреміз!" деп ұран тастады.
Шəріп сияқтылар ду қол шапалақтап елірді.
— Дұрыс! Дұрыс! Тездету керек!
— Несіне үш жыл күте тұрамыз!— деп шолақ белсенділер қомпаңдасты.
Жорға Күрең тасада отырып мырс күлді. Аузымен орақ орған мына пысықтарға күлді.
Конференцияның аяғында бұларды Апанас шақырып алып "Жаңа жол" серіктігіне
басқарма болып комсомол мүшесі Қаспақов Шеге барады" деп хабарлады. Ол ол ма,
"Алжасқан бала" бұныңмен сол жерде тізе қағыстыра отырып партияға кіретін өтінішін де
жазды. Осының бəрі Аланастың қолдауымен болып жатқанын бұл білді.
Арттан қуған ызғу жел. Аспанда сірескен бұлт. Бақырауық жарбайын майпаң-майпаң
желдіріп тымағының құлағы желпілдеп алда Шəріп барады. Келін, баласы қасында. Көңілі
хош. Əндетеді. Оның дауысы саңқылдап естілген сайын іштей жиырыла түсіп, сырттай
езу, күлкісін жимай жымсия күліп Жорға келеді.
2
Бүкіл ауыл бүгін Шəріптің үйінде. Хансұлудың ең бақытты күні бүгін. Шеге екеуінің
тойы. Тойдан кейін, арадан күн өтіп те үлгерген жоқ, ел тірлігі тағы да бықпырт тигендей
бөрлікті. Ел аралап өкілдер жосыды. Ауылды дүрліктіріп жандайшап белсенділер
жүйткіді. Бəрінің аузында уəделесіп қойғандай бір-екі ауыз сөз.
— Құлақты жою керек!
— Жүз процент коллектив болу керек!
— Сірөгі бір жеті! Жоспар осы!
— Көнсең — сол! Көнбесең — көндіреміз!
Қайсымыз "құлақ" боп кетер екенбіз деп жұрт үрпиді."Жасаған ие!" деп, кемпір-шалдар
Аллаға жалбарынды.
"Жаңа жолға" қызыл іңір əлетінде дүрсілдеп құла ат мінген батық мұрын, бітік көз гүжбан
қара келіп түсе берді. Қыстың қара дауылындай екпінді. Атының шылауына жармасып
бəйек қағып ауылнай Күрең жүр. Өкіл — баяғы Бұқабай. Əншейінде ат белінде қалбиып
отырып қалғып келе жататын Бұқабай бұл жолы шапшаң. Бұйрығы шалт. Өңі өрт
сөндіргендей...
— Давай, ауылнай жолдас, елді жина! Сходу, Тез! — деп дігір салды.
Жорға Күрең:
— Ау, Бүке-ау, алдымен үйге кіріп дегеңдей... дəм татып дегендей... — деп дағдылы
мəймөңкесіне баса берген-ді.
— Кəкой дəм?! — деп арс етті Бұқабай бұқа көзін алартып. — Давай елді жина! Уақыт
жоқ балтай-шалтайға!
"Бұқаның" томырылған мына түрінен қатты шошыған Жорға Күрең:
— Дүрыс... Сіздікі дүрыс! — деп, үйіне қарай тұра жүгірді. — Ждақай! Шық далаға!
Маңдайында "Асан Айтжанов атындағы мектеп" деген жазуы бар кірпіш үйдің алдына
жұрт жиналып жатыр,
Төрде қызыл мата жабылған столды құшақтап томырылып Бұқабай отыр. Ұбап-шұбап
мектепке кіріп жатқан халықка қабағының астынан түнеріп қарайды. "Жинал!" дегенде
жинала қоймайтын осынау тəртіпсіз надан елге жыны қозып жарылғалы отыр. Өйткені,
Бұқабай шаршаулы еді. Екі күн болды жарғақ құлағы жастыққа тимей шабуылмен жүр.
Соны бүл ел түсіне ме? Түсіну қайда. Түсінбек тұрмақ үстіңнен арыз жазады... "Арақ
ішті", "Қызымызды оятты" деп. "Ау, ішпейтін болсам, жемейтін болсам, күн-түн демей
шапқылап менікі не? Ау, "қыз оятсам" жаспын, жас кезінде қыз оятпаған қазақ бар ма
екен?" Бұқабай осылай ойлайды.
Мектепке ел лықа толды. Алабажыр көп жұрттың ішінен Бұқабайдың көзі бір тал
шыбықтай бұралған сұлу келіншекке түсіп отыр. Бетінің ұшы албырап, қызарып, кірпігін
көтергенде, алыстан бейне бір түн жүлдызы шүғыла бергендей. Хансұлу екен атақты.
Баяғы Нарқызды да танып отыр. Сол уақиға еске түскен сайын бір түрлі жəбірленіп, жер
болып қалады. Қазір де түсі қабарып "Жиналысты аш давай" деп, Жорға Күреңді
тақымдап дігір салды. Сол түні тұмсығына Нарқыздың ауыр жұдырығы сарт ете түскені
өлсе есінен кетер ме? Бұқабай Игенсартов өмірінде бұндай қорлықты көрді ме екен...
— Жолдастар! Тынышталыңдар! "Жаңа жол" ауылының жалпы жиналысын ашылсын
деймін! Ал, ағайын, енді жиылысымыздың төрағасын, басқарушысын сайлайық! — деді,
Жорға Күрең жұртқа жымсиып күле қарап.
Алдыңғы қатарда отырған Ждақай орнынан қарғып тұрды.
— Үсынысым бар!
— Айт!
— Жиналыстың төрағасы болып ауылнай жолдастың өзі сайлансын. Қалған екі мүшесіне
серіктік бастығы Қаспақов
Шеге мен белсенді кедейіміздің бірі Қауқашты ұсынамын, — деді Ждақай.
— Ал, Қауқаш! Төрле! Заман сенікі!
— Дүрілдет жиналысты! — деген дабырлар естілді.
— Əйелдерді де көтерейік! Бір əйел сайлансын прездөмге!— деп куңк етті өкіл.
— Жолдастар! Ұсыныс бар! Біз бір мəселені үмытып барады екенбіз. Ол — əйел мəселесі.
Біз əйел жолдастарды да ұмытпауымыз керек! Шеге тұра тұрсын, одан да оның орнына бір
əйел сайлансын!


— Ендеше, оның орнына Хансұлу сайлансын! — деп, Ждақай тағы атып тұрды орнынан.
— Е, несі бар, болсын!
— Көтек, жас емес пе? — деп қалды бір кемпір.
— Қайта, сол жасты көтеру керек! Саясат солай!
— Ал енді осы жолдастар сайлансын дегендерің қолдарынды көтеріңдер!
Жұрт жапа-тармағай қолдарын көтерді. Жалғыз ғана Торқа кемпір қолын көтермей
тымырайып түйіліп қалды. Бұқабай Торқа кемпірді иегімен нұсқап Жорға Күреңге:
— Əне бір кісі қолын көтермеді... — деді.
— Жеңеше! Сіз неғып бүйректен сирақ шығарып отырсыз?! Оу, жеңеше!— деп, дауысын
əндете созып жымысқы күлді Күрең. Бір адамның бұра тартканына іші қуанып тұрған еді.
Торқа кемпір шолтаң етіп түрегелді. Жұрттың гу-гуі сап тыйылып, бəрі шүйкедей сары
кемпірге қадалды.
— Адыра қалсын, қарсымын! Ал түге... — деді Торқа кемпір қолын шолтаң еткізіп.
— Ойбай, жеңешекеу!.. — деп, қиқылдап біраз күлді Жорға Күрең. — Соны енді... ашып
айтпайсың ба?..
— ... Не айтатыны бар, жаңағы төрге отыратынның бірі Хансұлу ма?
— Ие, Хансұлу.
— Сəбетски бласт бар ма осы елде, əлде жок па?
— Ойбай, бар!.. "Жоқ" деп кім айтты?
— Əй, сен күлме өйтіп! Сəбетски бласт бар болса, бай-құлақтың қызын жиылыстың төріне
шығар деген заң бар ма, сен соны айт! О несі кеп ыржалақтағаны...
Осы жерде Бұқабай манаурап басын көтерді.
— Кім ол Хансұлу деген жолдас? Көрінсін! — деді əдейі танымағансып, танауынан
сөйлеп.
Жұрт жапа-тармағай бұрылып кейін қарады. Қыз-келіншектердің ден ортасынца бой
жасырып отырган Хансұлу ұяттан қысылып бетінің оты шықты. — Тұр келін! Көрін
жұртқа! — деп қалды Шырылдауық Шəріп, астына су шыққандай қыбыжықтап.
Хансұлу ұяла созаландап орнынан түрегелді. Өңінде ұят оты мен кейіс оты қоса
шарпысқандай.
Бұқабай жас келіншекке назар ірікті де, жанындағы Жорға Күреңге еңкейді. Жорға Күрең
елге қарап:
— Кəне, жаңағы аты аталған жолдастар төрге шығыңдар!
Келін бала, сен де шық! Біз жеке адамдардың емес, көпшіліктің пікіріне құлаймыз! Тəртіп
солай! — деді дауысын əдейі саңқылдатып.
Торқа кемпірді жеңіп шыққанына Хансұлу іштей қуанып-ақ кетті. Рұқсат өтінгендей ата-
енесіне жəутеңдеп еді, Шəріп елп етіп:
— Бар, қарағым, бар! Көптің қалауы ғой, — деді, Жайбасқан да бас изеп жатыр. Шолпысы
күлдіреп-сылдырап Хансұлу төрге қарай ұяла басып келеді. Əсіресе, кілбиіп қараған
Бұқабай өкілдің жабысқақ назарынан қашып құтыла алмай келеді. Содан аулағырақ
отырайын деп еді, Жорға Күрең қақпакылдап əкеліп дəл соның қасына отырғызды. Қасына
сылдырап-күлдіреп келіп кербез сұлу жас келіншек отырғанда ап-ауыр Бұқабай қопаңдап
кетті. Дəл, сол бүйіріне сəн-салтанатымен, бүлбүл бағымен келіп үжмақ қонғандай жүрегі
лүп-лүп соқты. Жас сұлудың хош жұпары танауына ұрып таза мас болуға айналды. Бір
сəтке мына дабыра науқан, жиылып отырған елді ұмытып, ойын Хансұлу билеп алды.
— Сөз өкіл жолдас Игенсартовқа беріледі, — дегенде ғана үстіне мұздай су құйып
жібергендей тітіркеніп, есін жиды. Түрегелді. Түсіне ызғар жинап, толған жұртқа кілбиіп
əукесі салбырап сүзіле қарады.
— Так-так... — деді кібіртіктеп. — Жолдастар, так, кешегі өткен конференциядан сіздер
хабардарсыздар. Онда болған əңгіменің шет-жағасын мына ауылнай жолдас, сонсын анау
серіктік бастығы Қаспақов Шеге жолдас сіздерге жеткізген шығар. Сондықтан мен
сіздерге мəселенің тоқ етерін айтамын. Та-ак, былай. Бұл наукан серьезный науқан.
Политический значениесі өте күшті. Бүгін біз атам заманнан еңбекші халықтың қанын
сүлікше сорып келген боржойлардың тамырына балта шабамыз. Құлақ контралардың
көзін құртамыз. Оларға біз "Давай қомшаңды көтер!" "Тайып тұр, арамыздан. Тəртіп
солай!" дейміз. Сөйтіп, ел ішін бай- құлақтан жым-жылас тазартамыз. Түсіндіндер ме?
— Түсіндік! Түсіндік!
— Ол кім сонда боржайымыз?
— Əй, Алла-ай, өзің сақтай гөр! — деген дауыстар естілді.
— Ə, от, мəселе қайда жатыр. "Боржойымыз кім" дедік пе? Бəсе, со боржой кім? — деп
ежірейді аңдаған жұртқа қарап Бұқабай. — Оны сіз бен біз табуымыз керек. Тауып
тамырына балта шабуымыз керек! От так! Тəртіп солай!
Сол үшін жиналып отырмыз, жолдастар!
— Астапыралла! Құдай зекет!
— Тағы не таптық, Жаратқан!
— Сақтай гөр, Жасаған ием! — деген дауыстар молайып, жұрт тіксініп шоши бастады.
Абыр-сабыр, гу-гу.
— Оу, бір боржойды өткен жылы құртқан жоқ па едік?— деп, ұзынтұра Уəп дыбыс берді,
екі ұрты бүлкілдеп.
— Бұ қайсың, тұрып сөйле! — деді Жорға Күрең жақтырмай.


— Өкіл жолдастан сұрайын дегенім ғой, — деп намаздігердің көлеңкесіндей созылып
түрегелді Уəп. — Оу, өткен жылы Мажан байды кəмпеске еттік. Боржойдың көзін құрттық
дедік. Сонда қалай, ол өзі боржой дегеніміз жыл сайын балалап тұратын нəрсе ме?
— Мынауың кім еді? — деді Бұқабай жиіркенгеңдей Уəпты танауымен нұсқап. Күрең шыр
ете түсті.
— Əй, сен... Уə-ке! Шатпа тілдің керегі не осы?! Одан да жөнге көш!
— Жоқ, менікі қалжың емес! — деп, көзі текенің көзіндей ежірейтіп, ышқынып кетті Уəп.
— Оу, менің білгім келсе несі айып? Өкілді осы, біздей наданның көзін ашсын деп
жіберетін болар аудан. Ал, енді нақа үн шығарма десендер, қойдық...
— Бұл жолдастың пəмилесі кім? — деді өкіл.
— Жартыбасов.
— Жолдас Жартыбасов! Та-ак, осы ауылда қанша түтін бар?
— Түтін бе? Түтін қырықтан асады.
— Соның нешеуі серіктікке кірмей отыр?
— Бес үй ғой. Жұртқа мəлім.
— Так... так... Жартыбасов, тоқта енді! — деді Бұқабай саусағын шошаңдатып. — Соның
бірі ана отырған Пахраддин. Так, солай ғой, табарыш?!
Алыстау көпшіліктің тасасында отырған Пахраддин қозғалақтап қалды. Жұрт назары
солай ауды.
— Пахраддин Николай заманында би болды — раз! Ірі демесек те кəдімгідей дəулетті
болды — два! Есігінде жалшы ұстады — три! Өтірік деңізші! Өкілдің сұрауына ешкім
дыбыс шығармады.
— Пахраддин кеңес тілегіндегі кісі болса баяғыда-ақ серіктікке жазылар еді. Так? Əлде не
так?!
— Өкіл жолдас! — деп артқы қатардан Пахраддин бой көтерді. Басында құндыз бөрік,
үстінде кең елтірі ішік.
— Өкіл жолдас! Сіз, асасы, өйтіп партия саясатына қайшы келмеңіз!.. Партия саясаты
бұлай болмауға керек!
— Так... так, неге олай дедіңіз! — Бұқабай сүзіле қарап қамауға түскен қабандай
тықыршып кетті. Кілбік көзі жылтырап тұр.
— Кəллективке кірмесек те кəзит оқитынымыз бар, өкіл мырза! Кəллективке кіру, кірмеу
кісінің өз еркі деп Сталин айтқан. Мен серіктікке кірмегенім үшін, асасы, кінəлі бола
алмаспын!
— Зəкүншілін өзінің... пəдумаеш... — деп танауының астынан күңк етті Бұқабай түнеріп,
ашуға тығылып. — Жарайды, Пахраддин жолдас, сен серіктікке кірмегенің үшін кінəлі
емессің дейік, ал, сенің кəмпескеге дейін үш жүзден аса майда малыңның, жүзден аса ірі
қараңның болғаны жəне жалшы үстағаның өтірік пе?
— "Жалшы" деп түрғаның малшы болуға керек,
асасы...— деді Пахраддин дауысы саңқылдап. — Ал, малшы деп түрғаның, сірə, Қозбағар
болуға керек. Түн жамылып отырмыз. Мен ешкімді "малымды бақ" деп зорлағаным жоқ.
Өтірік десе мына Уəп пен Торқаның көзі отыр, айтсын! Кешегі 21-дің аштығында жуан
жіңішкеріп, жіңішке үзілді. Бала-шағасын жетектеп осы Уəп пен Торқа қанғуға айналды.
"Өле жегенше бөле жейік" дедік, асасы. Ауылдан бір адамды шашау шығармадық. Жаяуға
көлік, жалаңашқа тон, ашқа ас бергіздік. Шүкір Алла, соның арқасында түндігі жабылып,
түтіні өшкен үй болған жоқ аулымызда.
— Рас.
— Рас. Би ағаның осы айтқанының бəрі рас, — деп жатты халайық тұс-тұстан.
— Ал, енді малымды үш-төрт жыл Қозбағар баққан шығар. Бақса сол ішкен-жегенінің
өтемі болар, асасы. Оған мен неге айыптымын? Ағайын, тəңірдің тал түсіңде қиянатқа
қиятындай менен не жамандық көріп едіңдер? Əділет болуға керек! — деп, əрең іркілді
Пахраддин.
— Əб... бəрекелді! Сөз-ақ! — деп, елден бүрын сұңқ етті Шəріп.
— Рас!
— Дұрыс, Би ағанікі!
— Тынышталыңдар! Дабырламаңдар! — деп безек қақты жиылыс басқарушы Жорға
Күрең.
Көпшіліктің назары енді Бұқабайга ауды. Бұқабай бар ашуын жанындағы ауылнайдан
алып жатқан сияқты. Танауы делдиіп кетіпті. Пахраддинге шақшырайды.
— Сен... сен Пахраддин жолдас! Сен... не істеп отырғаныңды білесің бе?— деп сұқ
саусағын шошайтты. — Сен іске мешайт жасап отырсың! Жиылысқа іріткі салдың! Бұл —
сабатаж! Бұл — боржойлардың ісі. Сен боржой болмасаң бүйтіп жиылысты бұзбас едің.
Көрдіңдер ме, от так, жолдастар! Бұл науқанның ең гəлеуный значениесі — ішіміздегі
осындай іріткі салғыш боржайларды аластау. Олар жаңа өмірдің іргесін қалауға мешайт
жасайды. Сондықтан бай-құлақ, қожа-молда тəрізді шорт-морттарды түгел аластауымыз
керек! Тəртіп солай! От так, жолдастар!
Жұрт тықыршып қобалжып қалды.
— От так! Калашников жолдас бастаған аудан қызметкерлері үстеме міндет алды. "Артта
қалған шалғай аудан болсақ та, құлақты аластау науқанын біз бір жетіде бітіреміз, жаппай
коллекгив болу жоспарын үш жылда емес, үш айда орындаймыз" деп. Бұл жолдастар,


үлкен төңкеріс! Ауыл өмірін түп-тамырымен өзгертеміз. Үш ай ішінде жаппай
отырықшылыққа көшіп, түгел коллектив болып жаңа өмірге жаппай бет аламыз. Ескі
өмірдің тамырына сөйтіп, біржолата балта шабамыз. От так, жолдастар!
Осы арада Ждақай едірендеп ыршып тұрып шарт-шұрт қол соқты. Оған біреулер ілесті.
— Əй, жарадың! Бас! Аяма! — деп Шəріп те шырқай созып үн қосып жіберді.
— От так, жолдастар! Социализм алға отарбамен зымырап барады, сəулетті өмірге қарай.
Біз, тездетпесек, оған түйемен салпақтап жете алмаймыз!
— Жете алмаймыз! Зымырау керек бізге де! Зымырау керек! — деп жұдырығын көтере
сілтеп айқай салды Ждақай.
— Ал, давай, мен болдым, енді кедей-батырақтарға сөз берейік, — деп Бұқабай орнына
отырды.
Ждақай сөйледі. Көзінен де, сөзінен де ұшқын ата, от шаша сөйледі. - Өкіл жолдастың
айтқанының бəрі рас. Патша құлап
Кеңес өкіметінің орныққанына аттай он екі жыл болды.
Дүниенің бəрі өзгеріп жатыр. Қалалар, зауыттар, темір жолдар салынып жатыр. Ал, осы
біз неге қасқайып өзгермейміз?Бітіргеніміз қалқитып бір мектеп салдық. Жертөле қаздық.
Адамның күлкісін келтіріп. Өкілдің айтқаны ып-ырас. Атасы нəлет, үш жылда емес,
боламыз үш айда коллектив! Несі бар! Болғысы келмейтіндерді болдырамыз!
— Жолдас! Тоқтай түр! Так, саған бір сұрақ! — деді Бұқабай. — Бұрыннан бар ақпарға
сүйене отырып мен бұл ауылдан екі-үш құлақтың тізбесін жасадым. Оның бірінші
орнында — анау Хантөрткілде отырған Құлатай, үшінші орнында Жұмаш тұр.
Жұрт тағы да гуілдеп толқып кетті. Арт жақта отырған Жұмаш деген кісі, баяғы
Нарқыздың əкесі шырылдап ұшып түрегелді.
— Əй, інім... "Жұмаш құлақ" дедің бе? Сен шатасып тұрған жоқсың ба, осы?!
— Пəмилең Қойбасов па?
— Қойбасов болса несі бар?! Орташа десең бір жөн. Бұның қып-қызыл жала, інім!
Сенбесең əне, қорада тұр, малымды сана! Ау, бұ не бұл?!
— Так, сенің қорандағы малың 30 қой, 6 ешкі, тайлағымен қосқаңда 3 түйе, 1 ат. Так? —
деді Бұқабай Жұмашқа сүзіле қарап.
— Ешкінің біреуін жақында сойып жедік. Қалғаны бесеу,— деп безектеді Жұмаш.
— Так, тоқта! Доңызтаудағы қарындасыңның малына қосып қойған боталы інгенің бар.
Так! — деді Бұқабай, Жұмаш бебеу қаққан сайын жаны кіре түсіп.
— Қосып қойғаным емес, сүтсіз отырғасын басыбайлы берген малым! — деп күйіп-пісті
Жұмаш байғұс.
— Ол өтірігіңе біз сенбедік, табарыш! Қорандағы малға сол боталы інгенді қосып
есептедік. Сонда сіз орташадан өтіп, "құлақ" дəрежесіне жеттіңіз!
— Бұныңыз əділет емес! Жала! Ол інгенді менің атыма жазғаныңыз — жала
жапқаныңыз!... Жұрттың ағайын-туысқа берген малын түгендей беретін болсаңыз, онда,
осы отырғанның бəрін зерттеңіз!.. — деді əлжуаз арық Жүмаш қолын сермеп шырқырап.
— Жұмеке, ойбай, жұртта неңіз бар?!
— Өзгені іліктірмей сөйлеңіз! — десіп, көпшілік шу-шу етті. Бейшара Жұмаш қапелімде
жүнделген тауықтай болды.
Жанындағы Нарқыздың өңі шүберекгей қуарып, ішінен өкіл "Бұқаға" лағынет айтып отыр
еді.
Сөз алуға ешкімнің дəті бармады. Осы арада Жорға Күрең Бұқабайға ақыл қосты. Əрі елге
естірте дауысын мипаздап созып:
— Осы ортамызда жаңадан бастық болған Шеге бар емес пе? Соның бүгін дауысы неге
шықпайды? Бұндай қызу науқан үстінде бастық болғасын сөйлеуі керек! — деп, жымсия
күлді.
— Е, тыңдайық, сөйлесін! — десті көпшілік. Жорғаның жымсиған күлкісінің астарын
сезген Шəріптің ызадан қаны қайнап кетті. "Əй, арам! Əй, əзəзіл! Сайқалдануын...
Аңдығаның мен ғой сенің!"
Шеге орнынан тұрғанда ине шаншар жер жоқ, кісіге лықа толы мектеп іші сілтідей тынды.
Хансұлудың жан дүниесі аласұрды. Қазір бүлінеді. Бұ дүние ойран болады. Шыға
қашқысы келді, мына бірін-бірі талап жатқан жиыннан. Кісінің қоры болып əкесі отыр.
Шеге тұр, екі оттың ортасыңда. Шеге! Хансұлу еңдігі калған жалғыз сенімі, тірегі Шегеге
қарады.
— Өкіл жолдас айтқандай, бұ науқанның саяси маңызы үлкен екені рас... — деді Шеге
ширығып, өткір көзі оттай жанып. — Құлақтарды тап ретінде жою саясатын қолдаймыз!
Мен де қолдаймын!
Жорға Күрең мəз болып отыр.
— Шеге, сен мынаны айтшы! — деп, алға итініп, жымсия күлді. — Сен мынаны айтшы!
Пахраддин құлақ па, жоқ па? Соны айтшы?
Жорға Күрең жымсиып күліп, насаттанып шалқайып отырды.
Хансұлудың беті ду жанды. Шеге Жорға Күреңге жалт қарап, ашулы жанарымен атып
жіберердей:
— Құлақ! Ал, құлақ! Сол ма еді естімегіңіз? — деп ышқынып қалды.
Ары қарай дүние жыңылдап бара жатты. Тыныш отырған жиылыс жел соққандай
теңселіп, шайқалғандай. Біреу-біреуге ұмтылып ілінісе кеткендей. Хансұлу көзін жұмды,


— Əй, əй, Жорға!.. Сен... сен өйтіп арандатпа! Арандатпа!— деп шырқырап, төрге қарай
айқайлап ұмтылып Шəріп барады. Біреудің аяғын басып, біреудің бөркін ұшырып,
отырғандарды қыран жапқандай шулатып барады. Президиумның алдына ышқынып тұра
қалып, өзінен үлкен тымағын жерге былғап ұрды. Жер шаңы бұрқ етті.Бұқабай селк етті.
Жорғаның да түсі күреңітіп кетті. Шəріпке де керегі сол еді.
— Сен... сенің істеп отырғаның қастандық! Жаулық!
Сен... сен науқанды арқаға таңып, кедей-кембағалдың қанын соруға кірістің! Орташаны
құлақ қылып жатсың!
Сенің таптық пердеңді ашайын, ендеше! Сен... Сен тап жауымыз Мажан байдың базарға
мал айдайтын саудагерісің! Ал! Ал, саған шындық керек болса! — деп жалаң бас,
шекетамыры шоттиып кеткен Шəріп Жорға Күреңге қарап шақ-шақ етті.
— Дұрыс! Дұрыс айтады.
— Міне, сөздің турасы!
— Ауылнайда əділет жоқ!
— Жолдас Қаспақов! Сіз жиылысты бұздыңыз! Сіз іріткі салдыңыз! — деп столын
тоқпақтады өкіл.
Жұрт шулап кетті.
— Əділет емес!
— Құтырғанын қойсын ауылнай! Қойсын!
— Атасының көрін! Қан боламыз, қоймайды екен! — деп білек сыбанып Қиқымбай тəрізді
қисықтар едіреңдеп төбелес тілеп атып-атып тұрды.
— Қаспақов! Бұның барып тұрған сабатаж! Сабатаж!! — деп бурадай бұрқыраған
Бұқабайдың иегінің астына Шəріп ызғып жетіп барды. Өзі шынашақтай болғанмен,
Шəріптің айбаты жаман еді. Қадалған жерінен қан алар шақар еді. Шеке тамыры шоттиып,
қып-қызыл боп сасық күзенше шақ-шақ етті. - Тұт-ақ! Өй, жаман Игенсарттың баласы!
Сен бе, мені қорқытатын? Əукең салбырап андығаның қыз-келіншек, ішкенің арақ, сөйтіп
жүріп сен бе маған зəкүн үйрететін?!
Мына қаптаған кедейді ізіңе салмай тұрғанда жөнінді тап, шатпай! От солай! Ойының
келген екен сенің Шəріппен!
— Шəкеңдікі дұрыс!
— Өкімет кедейдікі!
— Қайтпа, кедей! — деп, əзіл-шыны аралас жұрт дүрлігіп қиқу салды.
— Е, енді, белсенді кедей айтпағанда кім айтады?
Жердегі тымағын алып қағып-сілкіп, басына милықтата киді де, Шəріп енді басын тіп-тік
ұстап есікке беттеді.
— Оу, Шəке, отырыңыз! Жиылыс біткен жоқ! — деген Жорға Күреңнің мəймөңкесінен
кейін Шəріптің тіптен дəрежесі көтеріліп кетті.
Күреңге пысқырып та қарамай қолды бір-ақ сілтеді. Есікті сарт жауып шығып жүре берді.
— Е, бəсе... — десті жүрт.
— Сиязыңды көрген адам қорықсын ба жиылысыңнан?!
Шəріп кеткесін көп үзамай Пахраддин мен Құлатайды құлақ қып, Жүмашты
орташалығында қаддырып, жиылыс тарқады.
3
Сырт тас қараңғы, түн желкем. Көкесінің əлгінде жиылыстан сусып шығып кеткенін
байқап қалған Хансұлу ауыл шетіне қарай сүріне аттап келеді. Бүкіл ойы — əкесі. Ел
көзінде жер болған əкесінің, қор болған əкесінің тезірек қасына жетуге асығады. Ызғырық
аязды қатқыл жел бетті қарып ішік шалғайын кеулеп суық далаға қарай итереді. "Құлақ!
Құлақ!" деді-ау Шеге. Бар сенгені, бар тірегі — Шеге! Ол сөйдеді. Өзге жұрт не демесін.
Хансұлу мен көкесінің жылт еткен жалғыз үміті Шеге еді. Ол сөнді. Жалғыз тірегі Шеге
еді. Ол сынды. Опырылып үстінен аспан құлағандай. Жер жылжығандай... Дүние не боп
барады? Не боп барады? Төңіректегі иттің үргені, желдің ысылы емес естіп келе жатқаны.
Естіп келе жатқаны "бүлінді", "ойран болды" деген өз үні, аласапыран өз ойы.
Ауылдан шеткері жалғыз үйдің ашық түндігінен от сəулесі байқалады. Хансұлу кеудесінен
итерген есірік желмен алыса жүріп сипалап есікті ашты. Ішке аттады.Үй іші жарық.
Ортада гүрлеп жанған от. Отқа мандайын беріп төрде бүк түсіп əкесі отыр. Оң жақта
шешесі отыр. Айтылар сөз айтылып, енді екеуара тоңторыс бір үнсіз хал орнағандай.
Сырға бəйбіше де, Пахраддин де бейуақта жалғыз кеп есік ашқан қызына шошына,
серпіле қарады.
Ақ бөкебайы мойнына лықсып, жалаң бас тұр Хансұлу. Көзінде үрей. Əкесіне бір,
шешесіне бір қарайды. Гүрілдеп жанған от. Үйдің туырлығын сабалап, сыртта ұлыған жел.
Аңтарылып бір-біріне қараған үшеу. Қорқынышты ертектен кейін тылсым түнге құлақ
түріп үрейлене қалған балалардай. Əлден уақытта шешесі көсеуді алып от шоғын ысыра
беріп:
— Сұлужан! Былай шық!.. — деп тіл қатты.
Əкесі еңсесі түсіп отқа үңілген түйық қалпына түсті.
Хансұлу ұмтылып кеп шешесін құшақтай алды. Құшақтай алды да, солқ-солқ жылады.
Пахраддин қабағын шытынды. Бірақ қыбыр етпеді. Үндемеді.
Сырға бəйбіше көсеу ұстаған оң қолымен оттың шоғын қағыстыра отырып, сол қолымен
қызын басынан сипады. Хансұлу қашан өксігін басқанша не əкесі, не шешесі тіс жармады.


Есік тықырлап, іле ашылып үйге тағы біреу кірді. Құтжолдың үрмеуіне қарағанда ауыл-
үйдің кісісі сияқты. Үйдегілер үрпиісіп бастарын көтерді. Шеге екен. Кірді де есік
алдында состиып тұрып қалды. Назары — Хансұлуда. Хансұлудың көзі домбығып, ісіп
кеткен. Ашулы. Отты.
Шеге не дерін білмей дағдарып аяқ үстінде теңселді.
— Сені... іздеп жүрсем... — деп күмілжіді.
— Іздемей-ақ қой! — деді Хансұлу көзі жарқ етіп. Оған қарауға Шегенің дəті шыдамады.
Танау астынан түсініксіздеу міңгірлеп тенселе түрып, есікке бұрылды. Ауыр киіз есікті
серпіп ашып шығып кетті. Үй ішінде тағы зілдей тыныштық орнады.
Отқа қарап көкірегін қорғасындай ой басып мүлгіген Пахраддин. Қасын керіп сабырлы
сыр бүккен Сырға бəйбіше. Шегенің ту сыртынан сүзіле қарап қалған Хансұлу. Тысырлап
зулап жанған от. Туырлықты ұрғылап сыртта азынаған жел. Қабағы түйіліп келе жатқан
бір жаманат хабаршысындай ұлып, сарнап дүниені құлазытады. Береке қашырады.
— Сұлужан! Қой! Үйіңе бар! — деп ысырылып орнынан тұрды бір мезгідде Сырға
бəйбіше. Болыскей кереуетке төсек салуға кірісті. — Бармаймын. Барғым да келмейді, —
деп Хансұлу тағы да торсаң етті.
Пахраддин жұмулы көзін ашты. Еңсесін көтерді. Аларып кеп карады қызына. Іш
толқынын əрең іріккен ашу бар назарында. Хансұлу əке жүзіне тіке қарауға бата алмай
жасқанып, ығысып қалды. Тағы да шешесі килікті.
— Қой, өйдеме! — деді ақылгөй үнмен қызына. —
Сіздерді ешкім зорлап қосқан жоқ. Біз үшін ұрыспай-ақ қойыңдар! Шегеде не кінə бар
дейсің! Заманнан шығар. Бар! Үйіңе бар!
Хансұлу назарымен жер шүқып үндемей отыра берді. Көпті көрген сабырлы Сырға
бəйбіше келіп қызының басынан сипап, арқасынан қағып біршама жібітіп алды да, содан
кейін үйіне шығарып салды.
Хансұлу отауына кірсе, Шеге теріс қарап жатып калыпты. Ошақтағы тезектің шоғы сөнуге
жақын. Өлімсіреп жылтырайды. Бөлек жатуға төсек жоқ. Лажсыз, Шегенің от жағын ала
төсекке кіріп теріс қарап қисайды. Шеге ұйықтамапты. Күрсіне береді. Хансұлу да қалың
ойға шомды. Көз алдынан бүгінгі оқиға тізбектеліп өтті. Бəрін кешіруге болар еді. Бірақ
көкесін, бүкіл ел ағасы көкесін Шегенің "құлақ!" деп айқайлағанын қалай кешірер? Ызасы
қалай келмесін. Бұны оңашада "күйдім-сүйдім" деп үздігіп, енді іске келгенде, қимылға
келгенде турашыл комсомол бола қалуын... Жақтап бір ауыз сөз айта алмауын... Жақтай
алмағанымен тұрмай, "құлақ!" деп айқайлауын, шаршы топтың көзінше.
Хансұлу Шегені осы сəт жаудан жаман жек көріп жатты.
Шеге күрсініп шалқасынан аударылып жатты. Көзін ашып алды. Үй іші тас қараңғы. Сырт
жел. Азынап тұр. Ойы да сол тұлдырсыз түнгі медиен кезген ызғырықтай жүйткиді.
Кеудесін қысқан бір ыза. Сол қордаланған ызаны кімге төгерін білмейді. Турасын айтқаны
үшін бұл неге кінəлі болды? Əлде, "құлақтың" қызын алған өзі ме кінəлі? Əлде бұны
қақпақылдап отқа итерген Жорға ма кінəлі? Əлде, дəулетті болғаны үшін Пахраддин бе
кінəлі? Əлде, шындықтың емес, əкесінің жағына шығып алған Хансұлу ма кінəлі? Кім
кінəлі осы сорға? Кім кінəлі осы топалаңға? Кім кінəлі?
4
Апта бойы Үстірт үстіндегі қалың ел дүрлігумен болды. Күндіз-түні жиылыс. Ат белінен
түспей оңды-солды шапқылаған өкілдер.
«Жаңа жолдан» шығып бел асып сырдаң жазықпен Нарқамысқа тартатын жалғыз аяқ
жолменен бүлкекетеп жаяу желіп Пахраддин келеді.Соңында атты мелиса – Сұржекей.
Күн ашық.Сəске түс.Үп еткен жел жоқ.Алыс-жақынның бəрі алақанға салғандай жадырап
айқын көрінеді.
Таңғы шайын ішіп бола бергені еді. Аспаннан түскені де белгісіз, жерден шыққаны да
белгісіз Сұржекей кіріп келді. Түсі өрт сөндіргендей. "Ауданға жүресің!" деді, сəлем жоқ,
сауқат жоқ. Сырғаның зəресі ұшып кеткен. Бұл ажырайып қарады мелисаға. "Бол, тез!"
деді Сұржекей дорба аузы томпайып. "Ау, інім, жайша ма?" "Барғасын көресің! Алға түс!"
Сөзі осы болды.
Пахраддин үн-түнсіз, шапанын жүре киіп есікке беттеді. Сырға əлдене деп жатты.
"Көлігімді əкелейін!" деп еді. "Жоқ! — деп ақырды мелиса,— жаяу жүресің!"
Міне содан бүлкілдеумен келеді. Сəл аянга басса "марш!" деп, көкжелкеден ақырады
Сұржекей. Қолында қамшы. Ұруы да мүмкін ғой. Мелисаның аты мелиса. 18-ші жылы
мына Ойыл жақта ірі байларды далада атып та тастады ғой. Терлеп келеді Пахраддин.
Борша-борша терлеп келеді. Иығында — қоржын. Қоржыны ауыр емес. Сырға байғүс
асығыс-үсігіс, орамалға орап нан ба, бұның іш киімі ме, қоржынға бір нəрселерді тығып
жатқан. Ырс-ырс етіп желіп келеді Пахраддин.
Ат үстіндегі Сұржекейде үн жоқ. Пахраддин ырсылдап деміккен сайын, қиналған сайын
жаны рақаттанып келеді. "Мен жетім кезімде Есенейдің қойын жалаң аяқ баққанмын.
Күнде өстіп жүгіріп жүріп баққанмын. Көзімнен жасым тамшылап жүріп баққанмын.
Сонда сендер шалқайып ат үстінде бара жатушы едіңдер. Қой шетінде көз жасын жұтып
тұрған қаршадай балаға көз қиықтарыңды да салмаушы едіндер. Еңді еңкілдендер сол
жетім Жекейдің алдында. Сұржекей Пахраддиннің шып-шып тер шыққан желкесіне қарап
келе жатып жыны қозып кетті.
Атты тебініп қалды, Пахраддинді омыраулатып. Ат ыршып кеткенде, жақын келе жатқан


Пахраддинді омырауымен қағып өтті. Пахраддин етпетінен құлады.
Ыршып текіректеп алға шыққан атының басын тартып Сұржекей бұрылып, құлап түскен
Пахраддинге қарады.
Пахраддин екі қолымен жер тіреп '"тфə, тфə" деп, аузына кіріп кеткен топырақты түкіріп,
жеңімен бетінің шаңын сүрткіштеп түрегеле берген екен.
Сұржекей атының басын тартып көлденеңдеп тұр. Көзі де, құлағы да Пахраддинде. Не дер
екен дейді.
Қоржынын жерге қойып Пахраддин қалкиып түрегелді. Үсті-басын сілкіштеді. Əлі бір
туралап қараған жоқ Сұржекейдің бетіне.
Сұржекей қанын ішіне тартып сұрланып алған. Үндемейді. Көзін оқтай қадайды.
— Інім! — деді, бір кезде Пахраддин. үсті-басын реттеп болғаннан кейін тіктеліп. —
Асасы, осы мені қинап қайтесің? Сірə, түбі бір өлім гой. Бүйтіп ит қорлық көріп ертең
сасық түрмеде өлгенше, мен осы кең даламда-ақ жатайын да! Тілегім сол өзіңнен! Ат та,
мені осы жерге тастап кет, қарағым!
Сұржекей тырс етіп дыбыс шығармады. Үн-түнсіз атынан түсті. Атын тұсады. Наганды
қолына алды. Асықпай аударып-төңкеріп қарап шүріппесін қайтарды.
— Дұрыс, сөйт, інім! Ағаңның бір тілегін орында! — деп Пахраддин бес-алты қадам жерге
барып, сабаны қалың ұйысқан алақандай алаңға өтіп, Сұржекейге бір қырын беріп тұрды.
Сұржекей дорба аузын томпайтып, қоңыз мұрты жыбыр етіп бір кезде наган ұстаған қолын
көтерді. Пахраддиннің құлақ шекесін нысанаға алды.
Бір сəтке жым-жырт тыныштық орнады.
Мелисаның атына шейін құлағын тікірейтіп одырайып қарап қалған.
Пахраддиннің көкірегіне түк қорқыныш кірген жоқ. "Қорлықпен өткен өмірден, көсіліп
жатар көр артық" деп Абай айтпақшы, бүйткен өмірден шынында да "көсіліп жатар көр
артық" еді. Назары сонау алыста, жайпақ далада қарауытып көлденең көсіліп бұлдыраган
Қаражон кезінде. Соның арғы жағында қалған ауылды, Сырға байғүс бен қызын ойлап тұр.
Əсіресе, көз алдында Сырға. Соның шырқырап жылаған дауысы құлағына жеткендей.
Байғұс Сырғасы, Құдай косқан жалғыз қосағы, сол сорлайтын болды ғой. Бұның түгі де
кетпес, өлер де кетер.
Əлдекайдан аспан тұстан молдаторғай құйқылжиды. Жусан арасынан шегірткенің
шырылы естіліп тұр. Əне "тарс" етер, міне "тарс" етер деп, сіресіп күтумен тұр
Пахраддин. Мылтық атылмағаннан кейін жауына бұрылып қараса, əлдеқашан бұны
ұмытып ауызы томпайып махорка орауға кірісіп кетіпті. Наганын кабурге салып қойған.
Бұнда ісі жоқ. Жайбарақат.
Құлағының шыңылдап, жүрегі аласүрып тұрғанын сонда сезді Пахраддин. Сіресіп,
ширыққан буын-буыны тарқатылған жіптей босап болбырап қоя берді. Сылқ түсіп отыра
кетті. Дəл құмырсқаның жолағының жанына отырыпты. Ерсілі-қарсылы жүйткіген
құмырскалар, е, Жасаған Ие, дəл сол баяғы қалпымен өмірде түк болмағандай
сапырылысып жатыр. Мына қозғалыс, мына күйбің тіршілік Пахраддин əлгінде өліп
кеткенде де түк бүлк етпей, сол баяғы ескі арнасымен жылжи береді екен де, асасы. О,
опасыз жалғаншы!
5
Құдай оңдап Нарқамыстың көшесінде кездейсоқ Апанастың көзіне түспегенде,
Пахраддиннің осы тұңғиыққа кеткені кеткен екен. "Арыстыбайлардың" арасында балшық
илеп, кірпіш құйып жатқан Пахраддинді көшеден өте берген Апанас көріп қалады. Тани
кетеді. Кабинетіне барады да, дереу Сүржекейге тапсырма беріп, түс қайта Пахраддинді
РИК-ке шақыртады.
Балшыққа түсіп кірпіш құйып, түрмеде жатып екі күннің ішінде əпшері қашып жадап-
жүдеп қалған Пахраддин, РИК кеңсесіне мелиса бұны неге алып келе жатқанын түсінбеді.
Тек есікті ашып төрде столды "құшақтап" отырған шүңкиген арық Апанасты көргеңде
ғана, көзі жарқ еткендей болды. Шүңкиген арық мосқал Апанасты Пахраддин құшақтап
көрісті. Көзіне жас айналды. Патша қысымымен оныншы жылдары Темірге аударылып
келіп мүғалімдікпен айналысқан Апанас қазақ арасын жақсы білетін. Енді ісіне Апанас
араласқаннан кейін жағдайы оңғарылатынын сезді.
Пахраддинді тындап болып Апанас бөлме ішін кезіп біраз теңселіп жүріп алды. Айтқаны
мынау болды:
— Е, достым Пахраддин... Мəселе тек Бұқабай, Сұржекейлерге ғана тіреліп тұрса...
жарасы жеңіл ғой. Мəселе оларда болмай тұр ғой...
Орындыққа отырған Пахраддин ошарыла бұрылып Апанастың аузына қарады. Апанас
сөзін жалғады.
— Төңірек толған жау. Мемлекетте күш жок. Күш болуы үшін завод керек. Техника керек.
Оны салу үшін нан керек, ет керек жүмысшыға. Ет пен нан кулакта. Кулактан сатып алуға
мемлекетте ақша жоқ. Не істеу керек? Кулакты тап ретінде жойып, соның астығын, малын
алу керек.
— Ау, сонда бəрін жиып-теріп өкіметке беріп кулак
аштан өле ма?
— Во... во... Совет өкіметі де аштан өлгісі келмейді. Ешкімнің де аштан өлгісі келмейді...
Бұл Пахрадцин үшін тосын жаңалық еді. Зəресі үшып, түсі бұзылып сұлық отыр.
Апанас бөлме ішін кезіп əлі теңселіп жүр.


— Ащы да болса ақиқат осы... Пахраддин достым...Өкіметке астық керек, ет керек... Бүл
ситуация шамалы уақытта өзгереді деп айта алмаймын. "Аша түяқ қалмасын,
Голощекин заңына қарсы тұру болмасын" деген тақпақтың шығуы бекер емес. Басы артық
астық пен малды өкімет алады. Кім болмасын, қазір қолында малы, азығы бар шаруаның
үстінен бұлт арыла қоймас... — деп, Апанас
дағдарып ойланып тұрды.
— Қолымнан келер жақсылығым — қалаған жағыңа жер аударуға рұқсат қағаз берейін...
Қолымнан келері сол ғана... — деді Апанас күрсініп.
...Сол қағазды алып Пахраддин босап "Жаңа жолға" келді. Қағаздағы Апанастың қолын
көріп, Жорға желкесін қасыды. Коллективке түсіп кеткен Шойынқараны Жорға бəрібір
қайтармады. Оның есесіне қоғамдық малдан екі жуас түйе берді көшуге. Дұшпанына бас
игісі келмей Пахраддин де көп қажап сұрай алмады Шойынқараны. Сөйтіп, қарашаның
29-ы күні сəске түсте жесір əйелдің көшіндей қиқиып Пахраддиннің шолақ көші ауылдан
шеттеп шыға берді. Пахраддинмен бірге көшкен Бұлыштың шешесі Дəу апа ғана болды.
— Сізге рұқсат жоқ көшуге, Дəу апа! Ол үшін қағаз керек ауданнан! Қағаз! — деп еді
Жорға Күрең.
— Əй, Күрең! — деді Дəу апа, зор ашық дауысы
саңқылдап. — Қағаз керек болса саған керек шығар... Маған керегі жоқ ондайыңның! Осы
жасыма шейін қағазсыз-ақ күнелткем!.. Енді, ешкінің жасындай жасым қалғанда... алатын
Құдай мені сол қағазсыз-ақ алар!..
Сүйекті, ірі, ер пішінді қара кемпірдің осылай дерін білген Жорға Күрең. Біле тұра əдейі
айтқан жұрт естісін деп. Кеңес ағасы ретіндегі міндетінен құтылды ғой. Жорға Күреңге
керегі сол-ақ еді.
Ауыл-үйдің бас көтергені қазір сыртта. Пахраддин көшінің маңында. Би ағаны сыйлайтын
жұртшылық қоштасып қалуға шыққан. Жүк артқан түйелері орындарынан тұра
бастағанда, əйелдер жағы жапырылысып қоштасып, жылап-сықтауға кірісті. Дəу апаны
кемпірлер алма-кезек құшақтап "Қандай-қандай күн болады, көре алмай кетсек бақыл
бол!" десіп, аңырап, əндетіп жұрттың топсасын босатты. Жаулық ұшымен көзін
сүрткіштеп тұрған
Торқа кемпір шойнандап келіп "Тұз-дəміңді талай татып ек, тілім тисе кеше гөр!" деп
сұңқылдап кеп Пахраддинді құшақтағанда кəрілер жағы кемсеңдеп:
— Ой-хой, дүние-ай! Көзі қимайды да... Бірге өскеннің аты бір өскен ғой, — десті.
Көш іркіліп түр. Қара күз аспаны бұлыңғыр. Қара сұр дала қыбыр ете алмай құлақ түреді
зарлы үндерге. Хансұлу "Апалап" жас балаша еңкілдеді, шешесін құшақтап. Сырға
бəйбіше екі иығы бүлкілдеп үнсіз жас төкті.
Пахраддин буынып-тартынып қалың киініп алған. Үн жоқ. Ел қалып барады. Жер қалып
барады. Қазығын айналып балпаң-балпаң басқан Шойынқара қалып барады. Іші ит
жыртқандай. Мұрты қырауланып, қабағы түйіліп тұр. Алыс жол, жат жұрт, қатал
тағдырмен беттесуге ширығып бекінген түрі байқалады. Кешелі-бүгін ата қоныстан ірге
бөлеріне анық көзі жеткелі бері жанының ескі жарасы қайта сыздаған. Жалғыздығын
ойлаған. Осындай басына іс түскеңде ізіне ерер ұл болмай, құйрық-жалсыз сымпиғаннан
жаман нəрсе жоқ екен. Соған көзі жетті. Баяғы шешектен кеткен титтей қарашықтары Əли,
Қалилары тірі болғанда ғой, бүгінде бүйтіп жалғыздық көріп жабықпас еді. Төңірегі толып
тұрар еді. Сұм тағдыр-ай...
Қызы келіп "көкелеп" ботадай боздап құшақтағаңда Пахраддиннің кең иығы дір-дір етті.
Шəріп:
— Ай! Ай! Қойындар! Қарақалпақ деген мына тұрған жер емес пе?! Бұларың не, түгел
боздап?! Пай, пай, біздің ауылдың қатындары-ай!.. — деп қатындарға басу айтып жортақ
қағып дызаттап жүр.
Пахраддин көшімен "Жаңа жол" осылай қоштасты.
Боз қыраулы жүдеу созылған бос алап. Сұлық түсіп көлденең көсілген жондар. Қызуы
жоқ, сонау қиян шет көкжиектен жадау сығалаған Күн.
Солай қарай бір шолақ көш барады. Қылтиып бүлыңғыр көкжиекке сіңіп барады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет